ШИРЕК ҒАСЫРЛЫҚ
КИЕЛІ ҚАУЫМДАСТЫҚ
ЧЕТВЕРТЬВЕКОВАЯ
СВЯТОСТЬ АССОЦИАЦИИ QUARTER-CENTURY SANCTITY ASSOCIATION 24 | ||
главная вернуться | ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 | ||
телеарналардағы сұхбаттар
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы
–
“Тарих
таразысы” бағдарламасы
Редактор және жүргізуші – Жарас Ниязбек
Адам баласы бауыры ауырып, балтыры сыздаса жанына араша түсер дәрігерге
жүгіреді. Бүгінгі біз айтып жүрген медицина ғылымының бастауында Ұлықпан
хакім, Ибн Сина сияқты ғұламалар тұрғаны анық. Ал біздің қазақ
топырағынан солармен шамалас, тіпті, терезесі тең ғұлама дәрігер болды
дегенге біреу сенсе, біреу сенбес. Армысыздар! Бағдарламамыздың осы
санында қазақтан шыққан дәрігер ғалым, отандық ғылымда есімі онша
ескерілмей келе жатқан дарын иесі, артында «Шипагерлік баян» атты
құнды мұра қалдырған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлына тоқталамыз
Халықтық медицинаның
түп қазығы аңыздардан бастау алса, соның ең тұңғыш сенімді өкілі Лұқман
хәкімнен желі тартады. Шипагерлік аса дарынды ғұламасы әрі пірі Лұқман
хәкім екенін сонау ХV
ғасырда өмір
сүрген аса дарынды ғұлама ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыздың өзі
қасиетіне тәу етіп, айтып кеткен. Халқымыздың кез келген ем-домды бастар
алдында «менің қолым емес, Лұқман хакімнің қолы» деп бастауы тегін емес.
Ал Өтейбойдақ бабамыз қазақтың әйгілі шипагер ғалымы, елдің
әлеуметтік-саяси өміріне жүйрік тарихшы, «Шипагерлік баян» атты толымды
емшілік-этнографиялық еңбектің авторы, өз тұсында Жәнібек хан, Жиренше
шешен сияқты тарихи тұлғалармен қатар тұрып, ел қамы, халық тағдырына
қатысты келелі істерді шешуге бел шеше араласқан.
Зиядан Қожалымов, «Қазақстан халық емшілер қауымдастығының» президенті:
– Өзінің еңбектерін әл-Фарабимен, Баласағұнмен салыстыра келіп,
әл-Фарабидің менен ерекшелігі – оның көп тіл білетіндігі, ал
Баласағұнның ерекшелігі – оның ақындығы. Мен сөзге шорқақпын, бірақ
үшеуміздің де мақсатымыз бір, адам денсаулығы деп тұжырымдайды. Бұл кісі
ұрпақ сүймеген, жар сүймеген. Өмірінің барлығын сол емшілік саласына,
емшілікте жай дәстүрлі емес халық медицинасын дәстүрлі медицинаға,
дәстүрлі медицинаны осы күнгі ғылыми медицинаға жеткізген.
Жасан Зекейұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
– Бұның ұстаған жолы – Ұлықпан хәкімнің төл шәкіртімін деп айтады өзі.
Сондықтан бұл еңбектің қазір бізге берері өте көп. Әсіресе, ми
сұйықтықтары мен қан айналым жүйесінің сыртындағы, біз айтып жүрген жан
каналдарын зерттеу, адамдардың сілекей безі арқылы қандай вакциналар
жасауға болады, европаның ғалымдарынан бұрын шешекке арнайы вакцина
ойлап тапқан.
Расында, 1796 жылы ағылшын ғалымы Эдуард Дженнер шешек ауруына қарсы
вакцина ойлап таптым деп жаһанға жар салып, бөркін аспанға атқан. Алайда
одан үш жарым ғасыр бұрын аталған вакцинаны қазақ шипагері Өтейбойдақ
атамыз қолданысқа енгізген екен. Аталған ғылыми жаңалығын Жәнібек ханға
жеткізген хан бүкіл елге вакцина жасауды бұйырады. Сол жылдар халық
шешек ауруынан аман қалған деседі. Ал бүгінгі айтып жүрген қан тазалығы,
жеті атаға дейін қыз алыспау мәселесін де алғаш болып көтерген
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы екен. Бұл ойы да Жәнібек хан тарапынан қолдау
тауып жүзеге асқан. Оны өз еңбегінде де айтып кетеді. Ғалымның 5 ғасыр
бұрын жазылған кітабы араға талай қиын кезеңді салып бүгінгі күнге жетіп
отыр.
Құл-Керім Елемес, ақын:
– Бұл еңбектің құндылығы – біріншіден, өзінің ғылымилығынан. Екінші,
тарихилығынан. Ғылымилығы дегеніміз – Өтейбойдақ бабамыз медицинаны өз
қырынан таныған. Танып ғана қоймай, халықтың бітім-болмысында халық
жасаған медициналық тәжірибелердің өзін жинаған.
Жасан Зекейұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
– Мынау еңбек – бұл бір ғана бөлімі. Осындай еңбектің ол кісіде 10-20
-сы болған деген сөз бар. Сондықтан ҚХР-да революция кезінде шолақ
белсенділердің қолына түсіп, көбісі өртеніп кетті. Ал өртенбей қалған
бір нұсқасы осы. Көшірген автордың қолында қалған.
Зиядан Қожалымов, «Қазақстан халық емшілер қауымдастығының» президенті:
– Бұл еңбекті қиын-қыстау кезеңде, 30-жылдар шамасында арғы жаққа алып
кетеді. Мұрагері қайтқанда баласына қалдырады. Баласынан 1968 жылы Қытай
елі тартып алып, өртейді. Қазіргі бізге жеткені төрттен бірі ғана. Жеті
кітап болған екен энциклопедиялық. Бәрін жинақтай келе сол жақтағы
қандастарымыз 1994 жылы «Шыңжаң» баспасынан шығарады.
Қолжазба Қытай Халық Республикасы Текес ауданының тұрғыны Нұртай
Түменбайұлы есімді азаматтың қолында қалған. Шыңжаңда басылып шыққан
соң, құнды мұраны Қазақстан оқырмандарына да таныстыруды көздеп, Дүкен
Мәсімханұлы мен Керім Елемес екеуі кирилге келтіріп, «Жалын» баспасынан
30000 данамен шығарды. Сол кітап бүгінде көпшілік қолданысындағы еңбекке
айналып кетті деуге ауыз бармайды. Құны бар болғаны 220 теңге. Баспаның
жертөлесінде он мың данасы шаң басып жатыр. Тіпті, отандық тарихшылар
зерттеу нысаны етуге құлықсыз. Себебі еңбекке күмәнмен қарайды,
Өтейбойдақ тұлғасына да сенімсіздік танытуда.
Құл-Керім Елемес, ақын:
– Ең өкінішті жағдай, қазір біз бұны өз деңгейінде таныдық деп айту
түгілі, сол «Шипагерлік баянға» аттап бара алмай отырмыз. «Шипагерлік
баянды» кез келген күмәнмен қарайтын адам алдымен оқу керек. Бірақ,
меніңше, соған сенбейтін адам оның он бетін оқуға шамасы келмейді. Ең
өкінішті жағдай осы. Ол жердегі әңгіме сенімсіздіктен емес,
білімсіздіктен. Білімсіздік – сенімсіздік, сенімсіздік – білімсіздік,
қысқасы.
Зиядан Қожалымов, «Қазақстан халық емшілер қауымдастығының» президенті:
– Көптеген ғалымдарымыз азды-көпті мақалаларын, ойларын тұжырымдап
жазды. Десе де, біраз жыл өткеннен кейін баба жөнінде тыңғылықты
зерттеуді қолға алу, жалғастыру мәселесі біраз тоқтап қалды
Атақты емші, дәрігер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» еңбегін
әз Жәнібек ханның тапсырмасымен жазған. Жиренше шешеннің ұлағатты
сөздері «Шипагерлік баян» еңбегінің жазылуына темірқазық, алтын бастау
болды. Еңбектің желісіне қарағанда, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы мен Жиренше
шешен жақын дос болған сияқты. Оны еңбекте келтірген кей деректер
растайды. Қазіргі тарихшылардың күмән келтіруіне басты себеп аталған
еңбекте өз өмірбаянын толықтырып жазбай кетуі. Алайда ондағы жазылған
деректер мен ем түрлеріне, дәрі шөптер мен толып жатқан ауру атаулары
ойдан шығарылды деуге ауыз бармайды. Тіпті, «Шипагерлік баянда»
көрсетілген ем-домдар қазіргі таңда қолданылып отыр.
Жасан Зекейұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
– Солардың негізінде мен біраз мақалалар жаздым. Біз осының ішіндегі,
әсіресе, зәр, кішкене балалардың кіші дәреті арқылы емделу, адамдардың
сыртқы бейнесіне, өңіне қарап, ішкі өзгерістерін бақылау, одан кейін,
қыздырып емдеу. Мың шөптің басымен ауырған нүктелерді қыздырып емдеу.
Содан кейін уату дейміз, уқалау қазіргі тілмен, солардың барлығы
Өтейбойдақтың еңбегінде көрсетілген жолмен жасалады.
Зиядан Қожалымов, «Қазақстан халық емшілер қауымдастығының» президенті:
-Бір қызығы, бұл кісі дәрілерді өзі ішіп уланған, содан кейін ауруларға
ұсынған. Қысқасы, бұл кісінің жазбаған ауруы қалмаған. Әттеген-ай, өткір
шапқымның болмағаны-ай дейді. Кеңірдекті кесіп, қылтамақты алып тастап,
жазар едім дейді.
Ғалымның әттеген-айы араға бірнеше ғасыр салып, қазіргі заманда ғана
жүзеге асуда. Өз заманында медицина саласында терең зерттеулер жасай
жүріп, аурудың негізі ыстық пен суықтан болады деп тұжырымдайды. Бір
ғажабы, денесін 80 пайыз күйік шалған адамды аман алып қалу қолынан
келген. Ал бүгінгі медицина оған қауқарсыз. Суға кеткен, үсік шалған
бейбақтарды да малма, қалтырама, дірілдеме сияқты түрлі әдістермен
ажалдан арашалап қалған екен. «Шипагерлік баян» еңбегі қазақтың дәстүрлі
медицинасы туралы мейлінше мол мағлұмат беретін құнды шығарма. Себебі
онда мыңнан астам дәрі-дәрмек түрі, 4 мыңнан астам рецепт жазылған.
Жан-жануардан алынатын 455, өсімдіктерден алынатын 854 дәрі атауы бар.
Бүгінгі қала қазағын былай қойғанда, дала қазағының өзі бір жерде өскен
шөп атауларын жиырмаға жеткізе алмай әуреленеді. Ал 15 ғасырда өмір
сүрген Өтейбойдақ бабамыз тау-тасты аралып, мыңдаған өсімдіктікті теріп,
олардан жанға шипа, дертке дауа берер дәрілерді әзірлеген.
5000 жылдық тарихы бар айдаһар елі біздің бабаның мұрасын барынша
пайдаланып отыр. Сондықтан болар олардың дәстүрлі медицинасы қарыштап
даму үстінде. Талай қандасымыз да ауыр науқастан айыға алмаған соң,
қыруар қаржыны қалтаға басып Қытай асып жатады. Қысық көз ағайындарға
біздің Өтейбойдақ атамыз бір тиынға да керек емес. Оларға ғалымның
артында қалған «Шипагерлік баяны» маңызды. Тіпті, аталған еңбекті
зерттейтін екі бірдей ғылыми орталық ашып қойған.
Жасан Зекейұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
– Өтейбойдақтың бұл еңбектері Қытай ғалымдарынан бағасын әлдеқайда алып,
солардың ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша оқу бағдарламасына енгізген
еңбегі болып табылады. Ал біздің елде бұл жағына келгенде, еңбекті
зерттеп, оған арнайы қаржы бөліп, оны ары қарай жалғасты түрде, қазақтың
менталитетіне, ұлттың ұлағаттығына, философиясына байланысты зерттеу әлі
жетіспей жатыр.
Құл-Керім Елемес, ақын:
– Ал Қытайда, қызығы, бізге қарағанда олар алдыға кетті. Себебі
Қытайдағы қазақтардың «Шипагерлік баянға» тілі жақын. Оның тексіне
олардың мүмкіншілігі жақын. Олар оны зерттеді, керек болса ол жерде екі
орталық, медициналық орталық ашылды. Ресми үкімет мойындаған, Қытай
мемлекеті мойындаған екі орталық осыған қызмет етіп жатыр. Бұл қандай
керемет!
Аспан асты елі дәл осы еңбекке арнап 15-тен астам ғылыми конференция
ұйымдастырған. 1997 жылы «Шипагерлік баян» Қытайдың тарихында болмаған
ғылым саласындағы мемлекеттік сыйлықты иеленді. «Мемлекеттің бірінші
кітабы» деген ат берілді. Ал аталған еңбек сол жақтағы қандастарымыздың
мәртебесін де көтеріп кетті. Қытайға еңбек сіңірген ұлттар тізімінде
қазақтар 56 орында тұр еді. «Шипагерлік баян» жарық көрген соң, 7 орынға
биіктеді. Ал қазақ елінде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегін өзіміздікі
деп айтуға батылымыз жетпейді. Өйткені 1996 жылы бастырғанда Қытайдан
арнайы рұқсат сұраған едік. Ал біздің ғалымдар енжарлық танытып отыр.
Десек те, қолда бар материалдардың өзі қазақ дәстүрлі медицинасын әлемге
танытып, біздің топырақтан да ғұлама ғалым, шипагер шығатынын дәлелдеп
отыр
Зиядан Қожалымов, «Қазақстан халық емшілер қауымдастығының» президенті:
Өтейбойдақтың еңбегінің бізге оралуы – мынау кеңес заманында билеуші
ұлттың, басқалардың қазақты ілімсіз, ғылымсыз халық, оның қасиеті
болмаған деген әрекеттеріне аспаннан бомба түскендей әсер етті.
Құл-Керім Елемес, ақын:
– Ылғи да ғылымды басқа ұлт жасау керек сияқты. Біздің ұлтымыздан ғылым
шықпайды деген сияқты, бергі жағымыз айтпаса да, арғы жағымызда жатқан,
соған бек сеніп алған ұлттық ауруымыз бар. Қысқасы, менің көзімнің
жеткені сол болды. Қазақтан ғылым шықпауы керек секілді. Осы тенденция
біздің ғалымдарымызды да бейжай қалдырып отыр.
Бұл кітапты тек медицина ғылымынан сыр шертер мұра деу дұрыс емес. Мұнда
халықтық философия, этнография, астрономия мәселелері, мәдениет,
әдебиет, ұлттың тарихы осы медицинаның айналасына топтасқан. Тек осы
еңбектің жалпы халықтық
қолданысқа айнала алмай отырғаны өкінішті.
Халқымызда сынықтан басқаның бәрі жұғады деген сөз бар. Осыны басшылыққа
алған Өтейбойдақ шипагер ауру түрін жұқпалы және жұқпайтын деп екіге
бөлді. Сол арқылы тазалық, сақтық және ұйымдастыру шараларын жаңа сапаға
көтерді. Сонымен қатар, суық сумен емдеу әдісін орыстың Иванов атты
ғалымынан 3 ғасыр бұрын енгізгені белгілі болып отыр. Шипагер өз
еңбегінде суды көп ішу қанның қызметін жақсартады, ал шай ішсең, денені
босатып, терлетеді және сергітеді деп қазақтың шайқорлығына оң бағасын
беріп кеткен екен. Демек, қазақ жерінде алғаш рет медицина қағидаларын
қалыптастырып, денсаулық сақтау ісінің ережелерін жасаған шипагер ғалым,
ерекше дарын иесі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегі ерен. Ал
«Шипагерлік баян» қазақ үшін айтары көп ғылыми мұра.
Зиядан Қожалымов, «Қазақстан халық емшілер қауымдастығының» президенті:
– «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде атымды әлемге әйгілейтін
артымда «Шипагерлік баяным» қалмақ». Міне, бүгін «Шипагерлік баян» 1997
жылы Қытай мемлекетінің мемлекеттік сыйлығын алған. Олар өздерінше
зерттеп жатыр. Біздің ғалымдар мойындап, «Екінші Ибн Сина» атады.
Енді алда Өтейбойдақ орталығын ашуға жоғары жақтан тосқауылдар көп.
Қоғамдық ұйымның оған шамасы жетпейді.
Құл-Керім Елемес, ақын:
– Бұл мәселеде біз ұлттық көзқарасымызды алдыға алып шығып зерттеуіміз
керек. Біз, қызығы, басқа елдің жұртта қалып қойған, көрінен тауып алған
сүйекті әкеліп музейге қойып, сол туралы пікір айтқышпыз. Одан түк
өнбейді. Ал мынау не? Бұл – кітап. Бұның әр сөзінде ғылым бар. Әр
сөзінде бүтін адам баласына айтатын ой тұр. Медицина қазаққа ғана керек
дейсіз бе? Ол бүкіл адам баласына жақсылық тастап кетті. Соны жарқыратып
көрсете алсақ, әлемге екінші Ибн Синамыз бар деп қуанатындай
жағдайдамыз.
Өзгенің қаңсығын таңсық көруге құмар болып барамыз. Ғалымдардың медицина
саласында жаһанға жар сала ашқан жаңалықтарын бірнеше ғасыр бұрын
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы қолданысқа енгізіп қойғаны қай қазаққа болсын
мақтаныш. Ендеше, «Шипагерлік баянды» жеріне жеткізіп зерттеп,
Өтейбойдақ тұлғасын айқындау ұлтымыз үшін маңызды қадам.
Алматы ТВ, 11.07.2012
ж.
“Қоғам
және әйел” бағдарламасы
Жүргізуші – Жұлдыз Байнолла
Өмір деген өлшеусіз бір дүние екен. Кім қанша ғұмыр кешеді, кім болады
ол жағы белгісіз. Тек бір белгілісі ол не істеді? Артына қандай із
қалдырды? Жүріп өткен жолы мәнді ме мәнсіз бе деген сауалға жауап іздеу
ғана астарлы ақиқатты алдымызға жайып салады. Бұл жерде айтпағымыз бұдан
бес ғасыр бұрын өмір сүрген ғұлама ғалым шипагер Өтейбойдақ
Тілеуқабылұлы бабамыздың жүріп өткен жолдары мен сіңірген еңбектерін
бүгінгі күннің ғалымы профессор Зядан қажы Қожалымов жалғастырды.
Зядан қажы Қожалымов:
Қазақ халқында суды кері ағызатын қасиетті адамдар болған. Бүкіл ғаламды
болжап білген бабалардың қасиетін жазып танытатын бір адам ұлтымыздан
тумады ма деген ғалымдар мен оқырмандардың сөздері маған қатты әсер
етті. Бұл тірілердің сұрауы еді. Бір күні жақында ғана өмірден қайтқан
біздің бір ағамыз келіп: “Ей, Зядан міне, сенің Өтейбойдақ бабаң”
деп түсімде сеңсең бөрікті бабаны көрсетті. Сонда ол кісі: “Жаз,
жаз, тағы да жаз, жаза бер балам”, – деп ғайып болды. Сонда мен
тірілердің сұрауы өлілердің аманаты бойынша “атадан ұл туса игі, ата
жолын қуса игі, өзіне келер ұятын, Өзі біліп тұрса игі... деген Төле би
атамның өсиетін басшылыққа алып бисмилла деп, бірінші «Мәңгілік құпия
шежіресі» кітабын 2001 жылы шығардым. Ол кітап оқырмандарынан жақсы баға
алды. Әлі де іздеп жүріп оқитын еңбек. Содан ары қарата біртіндеп
жалғаса берді.
Жұлдыз Байнолла:
Зядан Қожалымов 1991 жылдың 22 желтоқсанынан бастап өзі құрған
«Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығы» президенті, академик,
профессор, мәдениеттанушы және өтейбойдақтанушы ғалым. Философ,
психолог. Дінтанушы. Шежіреші. Ақын-сазгер. Қазақстан республикасының
президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталған. Халықаралық
рейтинг комитетінің ұсынысымен «Қазақстан данқы» орденімен және
«Сіңірген еңбегі мен жетістіктері үшін» медалімен марапатталған. Алматы
облысы, Райымбек ауданының құрметті азаматы. Халық медицинасы саласы
бойынша халықаралық Ресей және республикалық осы саланың ұйымдарының
мақтау қағаздарымен медальдарымен марапатталған. Әлем емшісі.
Парапсихолог.
Зядан қажы Қожалымов:
Оқулық саласында денсаулықты жақсарту жолдары, рухани емшіліктің құпия
сырлары, биоэнергетика, ән мен күйдің және басқа да әдіс-тәсілдердің
емдік қасиеттері жөнінде оқулықтар шығардым. Тек емшілердің оқитын
кітабы емес, бүгінгі күні қарапайым оқырман халқымыздың да іздеп жүріп
пайдаланатын игілігіне айналды. Бұған мен тәубе деймін.
Жұлдыз Байнолла:
“Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын” – деген. Атақ, мансап, абыройға
өмір бойы үздіксіз ізденіп, үзіліссіз еңбек етуінің арқасында жеткен
Зядан ағамыз биыл 70 жасқа толып отыр. Еңбектен рахат тапқан ұлы
ғалым қоғамға пайдалы ғылыми зерттеулерді жеткізіп, адам денсаулығын
қалпына келтіруге байланысты халық медицинасы бойынша көпшілікке өте
қажетті 25 кітап жазған. 7 ғылыми-монографиялық еңбек және
50 газет пен 10-нан аса журналдарда 500-ден аса
танымдық, тәрбиелік, ғылыми мақалалары жарияланған. Мінеки, орасан зор
тындырымды іс бітірген Зядан ағамызды дүниеге әкелген әрине ана біздің
бүгінгі бағдарламамызға арқау болған да анасы. Ұлы ойшылды да қарапайым
жанды да дүниеге әкелуші ана. Тәлім-тәрбие беруші де ана.
Зядан қажы Қожалымов:
Әр адамның тағдыры болады ғой. Мен өзім 2 жасымда әкемнен жетім қалған
адаммын. Сондықтан да апам марқұм еліне «Ақ апа» атанған сыйлы, діни
сауатты және ақылдылығы басым Өзипа Сыбанбекқызының тәрбиесінде өстім.
Сол кісі көп нәрселерді үйретті. Мен 1969 жылы Алматыдан институтты
бітіріп барғаннан соң, бір жылдан кейін апам өмірден өтті. Сонда ол
кісінің айтқан аманаты мынау еді. Маған: “Сен туа жалғыз емессін,
өле жалғызсын. Сен әкеңнің ұлы болдың енді халқыңның ұлы бол”, –
деді. Сол аманат мәңгі менің жүрегімде сақталды. Күні бүгінге дейін соны
орындау мақсатында жұмыс істеп жатырмыз.
Жұлдыз Байнолла:
Сонымен қатар Зядан Қожалымов 40-ға жуық әннің сөзі мен сазының және
бірнеше толғаулардың авторы. 40-тан аса ғылыми-танымдық еңбектің авторы.
1991 жылдан бүгінге дейін республикалық облыстық және қалалық
телеарналар мен радиотораптарда 200-ден аса сұхбаттар мен әртүрлі
кеңестік тақырыптарда сөз сөйлеп келеді. Зядан қажының әндері мен
толғаулары қазақ радиосының «Алтын қорына» 1997 жылдан бастап сақталған.
Зядан қажы Қожалымов:
Апамның өз келіні бүгінде әйгілі көріпкел, дәрігер емші Түймекүл
Құлмаханқызына: «Жалғызымның жотасы бар, ол күш бермейді, сен
соған ие бол», – деп аманаттап тапсырған еді. Бүгінгі күні менің
23 жылдан бері осы халық емшілерінің қауымдастығын басқаруым, яғни осы
саладағы бақсы, балгер, көріпкел, болжампаздар т.б. бойында тылсым
құпиялары бар адамдарды бір қалыпты басқарып отыруымның негізі де, сол
менің бойымдағы құдіретті күшті апам марқұм сезген болу керек.
Жұлдыз Байнолла:
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты
медициналық-энциклопедиялық еңбегін 1996 жылдан бастап зерттеп,
ҚазҰУ-нің философия және саясаттану кафедрасының ғылыми кеңесінің
бекітуімен «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты
монографиялық еңбегін шығарып оны ғылыми айналымға енгізген. Шипагер
ғұлама жөнінде театрландырылған көріністің сценарийі мен «Шипагер баба»
әнін сөзі және сазымен жазып сахнаға шығарған.
Зядан қажы Қожалымов:
Мен 1996 жылы «Жалын» баспасынан
XV ғасырдың
ғұлама шипагері, бүгінде «Екінші ибн Сина» атанған ғұлама Өтейбойдақ
Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты кітабын зерттей бастадым. Осы
еңбекті зерттеу барысында
көлденең күштер көп болды. Ақыр аяғы қазақ радиосынан 2 жылдай және
телеарналардан да таныстырып шықтым. Бір күні Сәтбаев көшесімен
келе жатсам автобустың ішінен: “Ей, Зядан” – деген дауыс
естідім. Басымды жұлып алсам ешкім жоқ. Алдыма қарасам жүргізушінің арт
жағында кішігірім сахна көрініп, соның сол жағында менің көлеңке
бейнемменен мына жағында атаның бейнесі тұр екен. “Сен
Өтейбойдақты сахнаға алып шығасың” – деді. Осы арман 2009 жылы
Тараз қаласында ғұламаға арналып өткізілген халықаралық форумда
орындалды. Мен сол кісіге арналған кіші ғана сахналық көрініс пен
«Шипагер баба» деген ән шығардым және қойылымы бүгінге дейін қойылып
жатқан жайы бар.
Жұлдыз Байнолла:
Қазақ елінің халық
емшілігін әлем еліне таныту мақсатында 2004-2013 жылдары аралығында
халық медицинасының әр түрлі тақырыптарында халықаралық форумдар
конгрестер мен конференциялар өткізген. Қауымдастықтың жанынан «Халық
емі» және «Шипагерлік баян» газеттері шығарылуда. Әскери мамандығы
бойынша запастағы офицер. Жұбайы Түймекүл Құлмаханқызы екеуі 6 баланың
ата-анасы. Бәрі де жоғары білімді.
Зядан қажы Қожалымов:
Кеңес заманында жазушы жұмысшыны жазу үшін завод фабрикаға барып жұмыс
істеген. Қойшыны жазу үшін қой баққан. Мыңдаған емшілер алдымнан өтіп
жатыр. Біріншіден, солардың жеке өмірбаяндық тарихы сақтаулы. Екіншіден,
көптеген халықаралық сеанстарға қатысып ем жүргізген қасиетім бар.
Үшіншіден, көптеген елдердің мамандарымен араласамын. Біраз тілдерді
жақсы білемін. Әр тілде жазылған еңбектерді пайдаланып, өзіміздің ұлттық
тұрғыда салыстыра отырып танымдық кітап шығарып жатырмыз. Қазір
“Денсаулықты жақсарту жолдары” және “Рухани емшілік ғаламаты” және басқа
кітаптарды «Алтын босаға» газеті мен журналы және “Денсаулықты жақсарту”
деген Шымкент қаласынан шығатын газеттер және «Тамаша» мен «Ақбаян»
газеттері менің еңбектерімді үгіттегелі 10 жылдан асып кетті. Әлі де
халық соны өздерінің емдік жүйесінде пайдаланып жатқан сияқты. Себебі
көбі маған хабарласып рахметін айтады. Өйткені, мәселе мен оны жаздым
демеймін. Ем деген сөздің өзі бірінші сөз терапиясы болса, екінші Алла
тағалаға сенім, өзіне сенім, Алланың сөзіне сенген әрбір адам сенім
арқылы ғана жазылады. Бұл жөнінде әлемдік медицина толық дәлелдеген.
Жұлдыз Байнолла:
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде Зядан Қожалымов сегіз қырлы
бір сырлы кез келген қазақ баласына үлгі боларлықтай тұлға. Сонымен
қатар Қазақстандағы халық медицинасы жаңа дәуірінің көшбасшысы. Мұндай
азаматтың шәкірті болуға құштар жандар аз емес. Олардың бәріне Зядан
қажы мейіріммен қарап дұрыс жол, оң бағыт нұсқап бойдағы бар қасиетті
игеріп пайдаланудың ғылыми нұсқаларын үйретіп келеді.
Бағытыңыз елге жасау асыл іс,
Тоқтамаңыз тау суындай тасыңыз.
Қалың елге бақыт сыйлар емімен,
Зядан қажы ұзақ болсын
жасыңыз, –
деп біз бүгінгі бағдарламамызды тамамдамақпыз.
Зядан
қажы Қожалымов: Армансыз адам бола ма?
Мен сияқты әке тәрбиесін көрмеген, әркімнің өз уағында түрткілеуімен
өскен адамның арманы жақсы жар табу еді. Құдай тағала Түркістанның ысты
руынан Түймекүл Құлмаханқызы деген жақсы жарымды таптым. Үлгілі
жанұялардың бірі болып бүгінге дейін келеміз. Алты перзент көрдім. 4 қыз
екі ұл. Барлығы жанұялы. Барлығынан немерелерім мен шөберелерім бар.
Халқыма сыйлымын. Өткен жылы Түркістанда өтілген форум кезінде ғалымдар:
“Зядан қажы сен жетпіске толасын, 20-дан аса кітап жаздың, ал енді сенің
халық емшілігі саласында жазбаған тақырып қалған жоқ. Сенің еңбегінді
келер жылы ғылыми конференцияда көрейік, кім не дер екен”, – деген сөзге
мен оған үндемедім. Бірақ өздері ұсынып дауысқа салып өздері шешімін
қабылдап еді. Құдай қаласа, биыл ҚР ғылым академиясының «Ғылым
ордасы» ғимаратында 2-3 тамыз күні осы жылы
мәдениеттанушы ғалым, академик Зядан Қожалымовтың еңбектерінің «Халық
медицинасындағы құндылығы мен маңыздылығы» атты халықаралық ғылыми
теориялық-тәжірибелік конференция өтеді. Оған дайындық аяқталды десе
болады.
СТВ телеарнасы
сағат 21:00, 29.06.2014
“Денсаулық және сұлулық” бағдарламасы
Жүргізуші – Жұлдыз Байнолла
Жұлдыз Байнолла:
Ұлыларды ұлықтай жүріп, өзі де ұлы ғұлама ғалымға айналған тылсым сырдың
жұмбақ құпияларын ашып, халықтың денсаулығын халық емі арқылы қалпына
келтіруге орасан зор үлес қосқан, мәдениеттанушы ғалым академик Зядан
Қожалымов биыл 70 жасқа толды. Осыған орай ҚР ғылым
академиясында мәдениеттанушы ғалым, профессор, академик Зядан
Қожалымовтың еңбектерінің «Халық медицинасындағы құндылығы мен
маңыздылығы» атты халықаралық ғылыми теориялық-тәжірибелік конференция
өтті. Конференцияны философия ғылымдарының докторы, ҚазҰУ-нің профессоры
Жақан Молдабеков құттықтау сөз сөйлеп, “Өтейбойдақтанушы
шипагер ғалым” атты арнайы баяндама жасады. Әрі қарай ғалым
профессорлар Амангелді Жақанов, Әнуар Тарақ, Ораз Қауғабай секілді т.б.
танымал ғалымдар мен меймандар Зядан Қожалымовтың еңбектеріне сан
қырынан тоқтап жан-жақты талдады. Осыған байланысты жиналыс басталар
алдында академик З.Қожалымов мырзадан сұхбат алынды.
Зядан Қожалымов
Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті
Алматы қаласы
Осыдан
ширек ғасыр бұрын мен емшілікті бастаған болсам ал, бүгінгі уақытта
осындай дәрежеге жетемін деген ойымда болмаған еді. Осының барлығы бір
Алла тағаланың жақсылығы шығар. Міне, сол ширек ғасырға жуық уақытта 25
кітап 500-ден астам рухани тәрбиелік, ғылыми-танымдық мақалалар және
40-дан астам әннің сөзіменен сазының және толғау-термелер мен
XV ғасырдағы
ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы жөнінде
ғылыми зерттеулермен қатар шипагер жөнінде театрландырылған
спектаклде жазылған екен. Оның сыртында көптеген 10-нан астам
ғалымдардың академик М.Әлиевтен бастаған жеке авторлардың еңбектеріне
пікірлер жазыппын. «Албан шежіресі» мен “Әлмерек баба” кітаптарының
авторларының бірімін.
Түймекүл Қожалымова
Академик, Әлем емшісі
Алматы қаласы
Әрине,
махаббат деген ең биік шынайы сезім. Әр адамның яғни, әр жігіттің әр
қыздың жақсы жар табу арманы десе болады. Мен 22 жасымда тұрмысқа
шықтым. Тұрмыс құрғаныма осы өмірімде көріп жатқан барлық жақсылығыма
өте ризамын. Өзімді ең бір бақытты жандардың қатарына санаймын. Зядан
қажы екуіміздің балаларымыз, немерелеріміз бар. Жеткен жетістіктеріміз
бар. Халқымызға елімізге жасаған азды-көпті еңбектеріміз бар. Мен өзімді
шексіз бақытты адамдардың біреуімін деп санаймын.
Жолдасымның ең бір ерекше қасиеттерінің бірі – отаншылдығы мен ұлтын
және оның діні мен тіліне деген сүйіспеншілігі және де
азаматтығы, еңбекқорлығы, іздемпаздығы, қайтпас қайсарлығы,
туысына да, досына да тіпті жауына да адалдығы мен Алла тағала берген
дарындылығы. Өзінің талабы алдына қойған мақсаттарын міндетті түрде
орындауға тырысады. Өте еңбекқор шама-шарқы жеткенше, туа біткен
болмысына байланысты барлық заттарды ұқыптылықпен орындайды. Мен бір
жағынан оған сенемін, екінші жағынан оның үлкен армандарына жетуіне
тілектеспін. Ол сол армандарына жетіп те жатыр деп ойлаймын. Бүгінге
дейін 25 еңбегі жарыққа шықты. Ол да үлкен еңбек. Ол арнайы оқыған
ғалым, сазгер және ақын-жазушы да емес. Бірақ осының барлығына Алла
тағала берген талантының арқасында жетіп отыр. Мен сол жеткен
жетістіктеріне, асқан асуларына, асқар таудай биікке көтерілгеніне өте
қуанамын. Бір жағынан мақтанамын. Бірақ мен оны ешуақытта көзіне
мақтамаймын. Ол артық дүние деп ойлаймын. Адамның бүкіл жасаған еңбегін,
жасаған тірлігін, өмірін және әр басқан қадамының бағасын халық біледі.
Халық өз бағасын береді. Халық оны түсінеді. Сондықтан барлық нәрсені
байыптылықпен,
ұғымталдылықпен және парасаттылықпен қабылдап, оны солай жүзеге асыру
керек. Мен соған әрине әр уақытта тілектеспін. Ал енді Зәкеңнің
анасына келсем, көп жағдайда анаға бала барлық жағынан ұқсайды.
Шынын айтқанда ол кісі өте көріпкел, бойында Алланың берген қасиеті бар
өте керемет, діни сауатты адам болды. Апам мені келінім, Зәкеңді ұлым
деп екеуімізді бөлген жоқ. Екеуімізді тең көретін. Ол кісінің
тілектерінің барлығы орындалды деп ойлаймын. Себебі,
бізге деген өзінің ықыласы мен ниеті ерекше болды. Сондықтан, мен
ол кісінің бір жағы келіні болғанмен де қызы сияқты болдым. Барлық
жағдайда менімен ақылдасып отыратын. Ол кісі халқына қалаулы, еліне
мақтанулы «Ақ апа» деген атақпенен өмір сүрген өте бір ұлағатты
ана болды. Көзі жұмылып ауырып жатып қалғанша, келген кісілердің
барлығын қабылдап, кішкентай балалардың барлығын сауықтырып, халыққа
адал еңбек істеді деп ойлаймын. Ең соңғы минутына дейін бізбенен жақсы
қарым-қатынаста болды. Ол кісі бізді қалай сыйласа, біз де ол кісіні әр
уақытта төбемізге көтеріп солай сыйладық.
Екі ұлым бар, екі келінім бар. Төрт қызымыз болды. Осылардан Алланың
берген он екі немереміз бар. Ұлдарым, қыздарым, келіндерім, күйеу
балаларым және немерелерім бізді сыйлайды деп ойлаймын. Өйткені, олардың
бізге деген құрметі, көңілі бізге деген ниеті, тілегі орасан зор. Олар
бізбен, біз олармен мақтанамыз. Сондықтан ұрпақтарыма, өзімен бірге
тұрып жатқан балаларыма, келіндеріме, күйеу балаларыма бәріне де
ризамын. Оларға да бақытты қуанышты өмір тілеймін. Алла тағала таза ақ
қадамдарымен оларды біз сияқты биіктерге көтере берсін.
Жұлдыз Байнолла: Ұлы ойшыл Франклиннің “Дәрінің бірталайының сырқатына себі тиетінін білетін дәрігер білгір дәрігер”, – деген сөзі бар. Сондай-ақ, “дәрігер арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болу керек” – деген Гиппократтың сөздері, Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, халықаралық дәрежедегі парапсихолог халық медицинасы академияларының академигі, халық медицинасы және ғарыштыққуат академиясының профессоры Зядан қажы Қожалымовқа арналғандай. Ол тек ғана қайраткерлік келбеті мен емшілік қабілеті жоғары тұлға ғана емес, сондай-ақ адамгершіліктің туын көкке көтере білетін халық азаматы, ардақты аға.
Убайдулла қажы Әбішұлы
Рухани шипагер
Алматы облысы
Біздің
қауымдастығымыз Зядан қажы ағамыздың арқасында қазір құлашын жайып
дүниежүзіне танымал болып бара жатыр. Ол кісінің еңбектері туралы
айтатын болсам, тылсым дүние туралы қанша кітаптар жазып шықты.
Құранда да бар тылсым дүние туралы айтылған. Алла тағаланың
пенделеріне деген тылсым дүниелері өте шексіз. Ислам ғалымдарында ілім
өте шексіз. Осы ілімдердің ішінен өзінің еңбегін, өзінің білімін алға
тарта отырып, Зядан қажы ағамыз көп еңбектер жазып шықты. Осы кітаптарын
оқып көрдік. Иншалла, Құдайға шүкір өте жақсы. Емшілерге және ұрпақтарға
қалдырып отырған пайдалы еңбектері өте көп. Бұл кісінің кітаптарында
адам баласына пайдалы көп кеңестер бар. Сол еңбектерді емшілер
пайдаланып, адамдардың көңілін тауып және
адамдардың денсаулығына пайдалы нәрселерді қолданып жатқан жағдай
бар. Адамның денсаулығын ойлаған осындай кісілерге Алла тағала ұзақ
ғұмыр бергей тілейміз.
Бесембаев Құмарбек қажы
ҚХЕҚ-ның Құлсары қалалық филиалының директоры
Құлсары қаласы
1998
жылдан бері емшілік қасиет қонып, адам қарауға отырдым. 2001 жылдан бері
Қожалымов Зядан қажымен таныспын. Сол кісінің қоғамына келіп қосылдым.
Осы қауымдастықтың Төралқа мүшесінің бірімін. Мен осы кісіге көп
ризашылығымды білдіремін. Халық емшілігін дұрыс түсінбеген адамдарды
дұрыс жолға салып көзімізді ашты. Кітаптарының көбін оқыдым. Әр емшінің
алдында ағамыздың еңбектері өзінің энциклопедиялық дәптері сияқты болып
кеткен. Ағамызға үлкен алғысымды айтамын. Көп қиыншылық көрді. Бірақ
әрбір қиыншылық қияметтің оның рақымы болады дейді. Сол қазір бүгінгі
күні 70 жасқа келіп, осындай дәрежеге жетіп отырғаны, академик болып
отырғаны, профессор атағын алып жатқаны дәлел. Кітаптарын бәрін оқып,
насихаттап шәкірттерімізге үйретіп отырмыз. Біздің жасап жатқанымыз
жалғыз ем емес қой. Адасқан адамдарды дұрыс жолға салу, имандылық жолға
салуға, ажырасқандарды қосу үшін соның бәріне біз ем жасап, халыққа
айтып, тіл көзден дуалардан емдейміз. Мен өзім медицинамен аралас
емдеймін. Бірінші медицинаға жіберіп қаратамын. Емдеп болғаннан кейін
қайтадан медицинаға тексертуге жіберемін. Зядан ағамызға Алла тағала
қуат берсін. Осы 23 жыл болды 23 жыл біздің қоғамымызды басқарып келе
жатыр. Әлі де кітаптарын шығарып бізге жетекші болуға Алла нәсіп етсін.
Ағаммызға Алла тағаланың шапағат нұры жаусын.
Нисамбаева Багиткуль
ҚХЕҚ-ның Қостанай облыстық филиалының директоры
Қостанай қаласы
Биылғы
халықаралық ғылыми конференция ерекше болып отыр. Себебі, Зядан қажының
өмір баяны, өмір бойы жиналған мәліметтерінің қорытындысы, яғни халыққа
берген ғылыми еңбегінің есебі сияқты болып жатыр. Қаншама ғылыми
кітаптар жазды. Мағлұматтар жазылды. Бұлардың бәрі тарихи жұмыстар.
Зядан қажыны осы ғасырдың Нострадаумсы деуге болады. Алдын ала бәрін
болжап, ойластыра білетін адам. Ол кісі философ, академик ең бастысы
жақсы адам. Жүрегі үлкен. Ол кісінің осы 70 жылдығына жақсылық тілеймін.
Бірінші Алла, екінші сол кісі мені осы жолға салып, осы дәрежеге
жеткізген. Бізге осындай кісіні кездестіргеніне Аллаға мың да бір шүкір.
Алла өзіне денсаулық берсін. Отбасына құт береке кіргізсін. Алдымызда
әлі де жүре берсін. Ғылыми еңбектері, туындылары көбейе берсін.
Шәкірттерінің де ғылыми нәтижеге жетулеріңе, дендері сау болып, осылай
елімізге адал қызмет жасауға Алла жар болсын.
Дәуір Шәкіржан
Директор Карагандинского
областного
филиала АНЦК
г. Караганда
Заслуга
нашего президента Зядана кажы заключается в том, что он нашел и
опубликовал многочисленные сведения о том, что наши предки обладали
своей собственной традицией народного целительства. Он исследовал труд
казахского целителя, который в свое время составил огромный труд, целый
католог трав, методик целительства
XV века
Отейбойдака Тлеукабылулы. Труд «Трактат о целительстве» составлял
порядка 5000 страниц. Это было написано еще в 15 веке. И заслуга нашего
президента в том, что он смог восстановить утраченный труд хотя бы
частично и опубликовать. И провел на основании этого значительное
научные изыскания, которые изучались с успехом.
Сералиев Балабек
ҚХЕҚ-ның Манғыстау облыстық
филиалының директоры
Ақтау қаласы
Манғыстаудан
жылда жиналысқа келіп, көп жаңалықтар естіп тұрамыз. Алланың берген
қасиеттерінің арқасында
халық емшілері халыққа танымал болып жатырмыз. Халық емшілерін халық
танып, көзі жетіп жатқан жағдайы бар. Халық медицинасының осы заманғы
ғылыми медицинамен салыстырағанда жасап жатқан әрекеттері, емшілік
қасиеттері жылдан жылға ұлғайып, халыққа шипаларының тиюіне себепші
болып жатқан жағдайы бар. Зядан ағамыздың тылсым құпия туралы жазған
еңбектерін оқыдым. Ата-бабаларымыз ертеректе тылсыммен байланысып, емдік
қасиеттерді ұрпаққа қалдырып, соны дәлелдеп, адамның ағзасындағы барлық
ауру сырқаттарды емдеп жеткізе алған. Егемендік алғалы бірінші Алла
болса, екінші қауымдастық президенті Зядан ағамыз осыны дәлелдеп, қазақ
даласын дүниежүзіне танымал етіп таныстырып жатқан жағдайы бар. Әрбір
қазақ бауырларымыздың емшілердің бойындағы қасиет ата-бабасынан келген
қасиет. Емдік қасиетпен айналысып жатқаныма 9 жыл болды. Бір Алладан
ата-бабадан келген тылсым дүние. Пышақсыз операция дейді. Қанша кісіге
себепші болып аяқтан тұрып кетулеріне себепші болдым. Енді
қауымдастықтың мүшелерінің қуанышты бас қосулары көбейе берсін.
ағамыздың торқалы тойы құтты болып, қауым мен бізге берері мол болсын. | ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 | ||