ШИРЕК ҒАСЫРЛЫҚ КИЕЛІ ҚАУЫМДАСТЫҚ

ЧЕТВЕРТЬВЕКОВАЯ СВЯТОСТЬ АССОЦИАЦИИ

QUARTER-CENTURY SANCTITY ASSOCIATION

23

  главная                                        вернуться  

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15 16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32  33  34  35  36  37  38  39  40  41  42  43  44  45  46

 

ШИПАГЕРЛIК ТЕ ДӘСТҮРЛI ҰЛТТЫҚ

МӘДЕНИЕТТАНУДЫҢ САЛАСЫНА ЖАТАДЫ

 

дейдi Алматы облысы, Райымбек ауданының «Құрметтi азаматы», мәдениеттанушы-ғалым, Өтейбойдақтанушы, философ-психолог, дiнтанушы, ақын-сазгер, «Қазақстан халық емшiлерi қауымдастығы» президентi, Қазақстан Журналистер және Психологтар одағының мүшесi, ҚР Халық медицинасы және космоэнергетика академиясының президент-академигi, Халықаралық дәстүрлi халық медицинасы мамандары психологтар және емшiлер қауымдастығының президентi, қоғамдық Қазақстан халық емшiлерi қорының президентi, Халықаралық экология академиясының академигi, Халықаралық М.Нострадамус атындағы проскопиялық ғылымдар академиясының академигi (Париж), Әлемдiк рухани және халық емшiлерi академиясының академигi Зядан қажы Қожалымов.

– Зядан қажы, Сiз басқарып отырған «Қазақстан халық емшiлерi қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бiрлестiгiнiң алдына қойып отырған басты мiндетi неде? Бiз үшiн әлi де құпиясы толық ашылмаған бұл саланы ғылыми зерттеудiң негiзi толық қалыптасып үлгердi ме?

– Қазақ елiндегi ұлттардың халықтық шипагерлiк өнерi мен оның тарихын зерттеп, ғылыми айналымға енгiзу ел Тәуелсiздiгiнен кейiн ғана мүмкiн болғаны – өмiр шындығы. Мемлекеттiк «Мәдени мұра» бағдарламасының бiр саласына жататын құпиялары әлi толықтай ашылмаған, тылсым күштердiң киелi тектiк шипагерлiк, бақсылық, болжампаздық, жұлдызнамалық, т.б. өнер иелерiнен адамзат тарихының алғашқы қоғамдасуына, мәдениетiнiң қалыптасуына, рухани танымына, iлiмiнiң негiзi қалануына ықпалы болмады деп ешкiм де айта алмайды. Бұл – тарихтың ғылыми шындығы. Сондықтан да халықтық шипагерлiк те дәстүрлi ұлттық мәдениеттанудың саласына жатады деуге ендi толық негiз барлығы тұжырымдалуда. Бүгiнде қазақ мемлекетiнiң әдiл саясаты, Конституциясы мен заңдары халықтық емшiлiк жүйесiне толық зерттеулер мен ғылыми анықтамалық тұжырымдамалар жасауға айқын мүмкiндiктер берiп отыр. ҚазҰУ-дiң философия және психология кафедрасы ғалымдары- ның басшылығында (филос.ғ.д., проф. Ж.Молдабеков, п.ғ.д., проф. Қ.Жарықбаев) және ғылыми Кеңесiнiң шешiмi бойынша, халықтық шипагерлiктiң өткенiне, бүгiнiне және XV ғасырдың ғалым, шипагерi Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлының «Шипагерлiк баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегiне зерттеулер жүргiздiк. Осы жетiстiк бойынша, «Шипагерлiк дәстүрi және философиясы – Целительская традиция и философия» атты ғылыми монографиялық оқулық еңбегiм мен он тоғыз тылсым құпия сырлары жөнiндегi кiтаптарым баспадан шықты. Осындай зерттеудiң нәтижесiнде халықтық шипагерлiк тұңғыш рет ғылыми айналымға ендi. Ғұлама шипагер Ө.Тiлеуқабылұлын ғалымдарымыздың «Екiншi ибн Сина» атауы да осы еңбектердiң нәтижесi. Бұған дейiнгi және кейiнгi қиыншылықтарға қарамастан ұлтымыздың шипа- герлiк саласының өткенi мен бүгiнгi мәдени құндылықтарын жинақтап, зерделеп-зерттеу мен оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырудың негiзiн жасауға ықпал ету – бiздiң басты мiндетiмiз болу керек деп есептеймiн және осы мақсат үшін қызмет етiп жүрмiз.

– Халық емшiлiгi жөнiнде аңыз да, ақиқат та көп қой, ал бүгiнгi заман үшiн ең керегi – ақиқат десек, халық емшiлiгiнiң қазiргi тынысы жөнiнде айтып берсеңiз.

– Халық емшiлерiн XIII ғасырда Өзбек хан тiрiдей жерге көмгiзген, ал орыс патшалығы заманында есi ауысқандар ауруханасына қамағаны белгiлi. Десек те Жаратқан дарытқан ерекше қасиеттi ешкiм жоғалта алған жоқ. Қазiргi танылып жүрген тылсым қасиет иелерi сол кешегi жетi атасына дейiн ерекше қасиет дарыған ұрпақтың жалғасы дер едiм. Елiмiздiң демократиялық саясаты емшiлер қауымына да еркiндiк берiп, ата-бабаның тектiк қасиетiн қайта оятып, Қазақстан азаматтарының денсаулықтарына септiгiн тигiзуге мүмкiндiк жасады. Өйткенi, «денсаулық – зор байлық», адамның бiрiншi байлығының қайнар көзi. Адамзат ұрпағына тұлғалы, ойлы және денi сау ұрпақ әкелуi мен өсуiне де көне заманның шипалы бақсы-балгерлерiнiң көмегi болғанын бiздiң қызметiмiзге қарсылар мойындамаса да, ғылыми жетiстiк жоққа шығарған емес. Халықтық дәстүрлi емес медицинадан – дәстүрлi медицина, одан осы заманғы ғылыми медицинаның негiзi қаланғанын ғалымдар анықтады, әр сала ғалымдары халықтық шипагерлiктi ғылыми тұрғыда зерттеп мен тұжы- рымдамалар жасауда. Бiздiң қауымдастықтың ғалымдары да әр саланың ғалымдарымен бiрлесе, кеңесе отырып айтарлықтай iстер атқарып келедi. Халықтық шипагерлiк – бүгiнгi ғылыми медицинаның негiзi деуге бүгiнде толық негiз бар.

 – Құрылғанына 20 жыл толған қауымдастықтың тарихына қысқаша тоқталып өтсеңiз.

 – Бүгiнде құрылғанына 20 жыл толған «Қазақстан халық емшiлерi қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бiрлестiгi де жарғылық мақсаттары мен мiндеттерiн жүзеге асыруда өте күрделi кезең мен қарсы күштердiң жойқын торларынан аман өтiп, қазiргi кезде игiлiктi жетiстiгiмен жеке қызметiнiң көр- сеткiшiн баяндау дәрежесiне жеттi. Құрамында 23 облыстық және қалалық филиалдары мен үш мыңнан аса мүшесi бар iрi ұжымға айналды. Бiлiмдiк дәрежесi мен емдiк тәсiлдерi жоғары емшiлерiмiз де баршылық. Олар әртүрлi марапат иелерi де. 1992-1994 жылдары «Халық емi» ал, 2002 жылдан бастап тұрақты «Шипагерлiк баян» газетiн шығарамыз. «Шалкөде» баспасы да – қауымдастықтiкi. Қауымдастықтың басшылары мен мүшелерiнiң бiрлiгi мен ынтымағы, табандылығы мен кешiрiмшiлдiгi және адамгершiлiгi мен имандылығы қарсыластарының бұл қауымдастықты жарты жыл да өмiр сүргiзбеймiз деген арам пиғылдарын жүзеге асыртпады. Қауымдастықтың көшi алға жылжуын тоқтатпады, негiзгi мүделi жерiне де жеттi, ол бұл жүрiсiн жалғастыра бермек. Әлдебiреулердiң қоғамдық ұйым және оның сауатсыз әрi психологиясы тұрақсыз емшiлерi ненi бiледi деген сөзiне намыстанбадық. Қайта жiгерiмiзге – жiгер, бiлiмiмiзге – бiлiм қосып, жанашыр ғалымдармен бiрлесе жұмыс iстеп, ата-бабамыздан дарыған қасиетiмiздi дамытып, халық емiнiң де халыққа қажеттiлiгiн дәлелдеумен келемiз. Бүгiн қауымдастықтың өз ғылыми ортасы қалыптасты. Қауымдастық мүшелерiнiң құқын қорғай отырып, олардың бiлiмiн көтеру мен жетiлдiруде қауымдастық жанындағы халық емшiлiгi, рухани емшiлiк, биоэнергетика, космоэнергетика, уқалау, т.б. бағыттар бойынша екi мыңнан аса емшi оқытылып, қажеттi құжаттарын алды.

Емшiлердiң мәдениетi мен рухани тазалығы жақсарып келедi, оқулықпен қамтамасыз еттiк. «Жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар» – деген пәлсафалық бағыт негiзiнде, қауымдастықтың Төралқасы өзiнiң мүшелерiнiң сапалық құрамына да зор мән берiп отырады. «Бiр қарын майды шiрiтер бiр құмалақтар» дәстүрлi медицинада да кездеседi емес пе, ондай «жалған» емшiсымақтардан бiз де кенде емеспiз, дегенмен, олармен үнемi күрес жүргiзiп отырамыз. Қауымдастық жарғысының талаптары мен мiндеттемелерiн орындамаған, алдампаздық пен арамдық пиғылдарға енiп, оны өз бас пайдаларына пайдаланған үш жүзден аса емшiнi қауымдастық құрамынан шығардық. Сондықтан да болар, қауымдастық мүшелерiнiң бүгiнде халық алдында жүзi жарқын, бұл олардың халықтық шипагерлiктiң адал мұрагерлерi екендiгiн таныта алады.

– Тоқсаныншы жылдардың бас кезiнде медициналық қызмет өлiара шақта басынан өткерген алғашқы кезеңде емшiлiкке сенiм мол болса, бүгiнде оған күмәнмен қарайтындар да баршылық. Сiздiң көзқа расыңыз?

– Осы 20 жылғы еңбегiмнен түйгенiм, халық емiне деген жұрт пiкiрi бiр қалыпты әрi оған сенiмдi. Кешегi аттары дүркiреп шыққан «Сары, Ақ, Қара, Көк тақиялы» әулиелер мен «Алып, Дәу, Ана», т.б. атаққұмарлар өз уағында бұқаралық ақпарат құралдарында аямай сыналды. Аллаға шүкiршiлiк етейiк, бүгiнде бұл топтағылардың қатары сиредi. Бұрындары бiр облыста төрт жүзге жуық емшi болса, солардан қазiр онға жуығы қана қалды. Дегенмен, әр түрлi жүйедегi топтардың емшiлерi пайда болуда. Әйтсе де ондай емшiлердiң әрекетi мен халық емiне күмәнмен қараушылар халқымыздың шипагерлiк өнерiн жоя алмайды деп ойлаймын. Менiңше, халық қазiргi уақытта да медицинаның да, халық емiнiң де көмегiне сүйенiп келедi. Кейбiр дәрiгер шипа дарыта алмаған аурулар емшiлер қолынан сауығып кетедi. Мысалы, сынықты хирургтер айлап емдесе, оны үш күнде қалпына келтiретiн сынықшыларымыз бар.

– Дегенмен, бiлiм мен мәдениет қатар ұштаспаған жерде нәтижеге қол жеткiзу мүмкiн емес. Бұл мақсатта қауымдастық қандай iс-шараларды жүзеге асырып келедi?

– Бұл пiкiрiңiзбен толық қосыламын. Бiлiмi болғанмен, iшкi мәдениетi, жүрегiнде имандылық кiлтi жоқ адамның iсi алға баспайды. Менiң қауымдастық мүшелерiнен ең әуелi талап ететiнiм – емшiлiк қасиетпен қатар, адамгершiлiк қасиеттер. Осы мақсатта бiз емшiлердiң теориялық және тәжiрибелiк iлiмдерiн жетiлдiруге көп мән берiп отырамыз. 2004-2010 жылдар аралығында Алматыда үш рет, Шымкент, Түркiстан, Тараз және Астана қалаларында қауымдастық ұйымдастырып және өткiзген әртүрлi тақырыптағы оннан аса конгрестер мен форумдардың маңызы өте зор болды дер едiм. Емшiлер шеберлiк байқауларында жеке қабiлеттерiн дамытып қана қоймай, жеке бiлiмдерiн, шеберлiктерiн арттыруға мүмкiндiк алады. Қазақтың халық емiнiң тарихын, қалыптасу кезеңдерi мен жүйелерiн өзге елдерге таныту үшiн қауымдастықтың сайтын аштық. Соның нәтижесi, жақында сонау мұхиттың арғы бетiндегi Бiрiккен Ұлттар Ұйымындағы Канаданың жауапты қызметтегi өкiлi бiздiң сайттағы ғылыми еңбектерiмiзбен танысып, оны жоғары бағалап, өзiнiң баяндамасына енгiзгенiн хабарлады. Менi құттықтай келе, алдағы уақытта бiрлескен орталық құруға ниеттерi барын да жасырмады.

23-24-шiлде аралығында елiмiз Тәуелсiздiгiмен құрдас Қазақстан емшiлерi қауымдастығының 20 жылдығына орай VI құрылтайын өткiзгелi отырмыз. Ондағы басты мақсат – осы 20 жыл iшiндегi еңбектерiмiздi таразылап, халық емi мен дәстүрлi медицинаның қазiргi кездегi өзара байланысы мен ғылыми негiздерiне шолу жасап, халыққа жеткiзу болмақ. Сондай-ақ, Халықаралық деңгейдегi халық емшiлерi өз тәжiрибелерiн ортаға салады.

– Әңгiмеңiзге рахмет. Құрылтай жұмысына сәттiлiк тiлеймiз.

Әңгiмелескен: Нұржамал Байсақал,

«Алматы Ақшамы» газеті, 2011.- №85(4487), 23 шілде

 

ШИПАГЕР ӨТЕЙБОЙДАҚТЫҢ МҰРАГЕРІ,

ХАЛЫҚ ЕМШІЛІгінІҢ ҚАРА НАРЫ                          

 

Емшілік дәстүрі халқымыздың тарихымен тамырлас, тағдырымен түптес ерте заманнан жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрлі өнердің бір саласы. Кеңестік кері саясаттың билеушілері қазақтың емшілігін дамытпақ түгелі, оны атауға да тиым салды. Сондықтан да елімізде халықтық шипагерліктің жеке дамуының тарихын дәлелдейтін нақтылы тарихи деректер болмады. Осы бір кемшілікті орындауда қоғам білімді, еңбекқор, қайсарлы ұйымдастырушы, ғалым маман басшыны  қажет етіп тұрған-ды. Ел тәуелсіздігінен кейін халықтық шипагерліктің  жабулы бұлақтарының көзі ашылды. Халық ішіндегі ертеден белгілі киелі жандардың ұрпақтарының бақсылық, балгерлік, көріпкелдік, болжампаздық, жұлдызнамалық, сынықшылық т.б. тылсымдық құпиясының сырлары ашыла бастады. Сырқат жандардың денсаулығын жақсартуда емшілер емдікке жеке үлестерін ашық түрде бастады. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған есепсіз емшілердің басын бір қоғамдық ортаға біріктіру қажет болды. Осы мақсатты жүзеге асыруға тікелей кіріскен Мәскеуде емшілік мектебінен білім алған, қазақ еліне де таныла бастаған, алғашқылардың көш бастаушысы болған, тыңнан қасқая жол салған, ол кездегі халық емшісі ал, бүгінде халық медицинасы саласының профессоры, академик, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» президенті ғалым Зядан Қожалымов болатын. 

1991 жылдың 20-23 желтоқсанында З. Қожалымов мырза алғаш қауымдастықты құру жөніндегі комитетті ұйымдастырған соң ғана, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Ол емшілердің Құрылтайында қауымдастықтың тұңғыш президенті болып сайланды. Республиканың аймақтарындағы емшілер бір ортаға жинала бастады. Бұл қуанышы да ұзаққа бармай, қауымдастықтың қызметін тоқтатуға әрекет еткен республикалық жеті министрліктер мен комитеттердің қатал бақылауы мен қысымына ұрынды. «Олар көп еді, сондықтан да қауымдастықтың қызметін екі рет тоқтаттырды (1992, 1993), бізге моралдық, материалдық, психологиялық т.б. соққыларын күндіз-түні бағыттаған еді», – деп қауымдастық басшысы Зядан қажы күрсіне есіне алады. Осындай ауыр кездерде қиядан жол тапқан, ақыл парасаттылығымен өз мақсатына жеткен шебер ұйымдастырушы, білгір шипагер З.Қожалымов бүгінде белгілі мәдениеттанушы және өтейбойдақтанушы ғалым, жиырма жылдан аса уақыттан бері қауымдастықтың Жарғылық қызметін дамытып және қауымдастықты жоюға әрекет еткендерден қорғап келе жатқан танымал тұлғаға айналды. Тылсым сырларының құпиялары туралы жиырмадан аса кітап пен төрт жүзден аса ғылыми танымдық, рухани мәдениеттілік пен емшілік туралы мақалалардың авторы атанған, жазғандарын қарапайым халықтан бастап ғалымдарға дейін іздеп жүріп тауып оқитын профессор, академик, философ және психолог ғалым әрі  ақын-сазгер, өз құпиясын аша бермейтін Зядан қажы Қожалымовты оқырманға таныстыру өте қажет сияқты.    

Қазақтың емшілік өнерінің ғылыми тұжырымдамалық тұрғыда «Өшкен отының жанып, жоғалғанының орнына келуі», зерттеуші ғалым З.Қожалымовтың атымен тікелей байланысты екенін оның сапалы ғылыми еңбектері емшілік тарихына қажеттілігі мен құндылығын айқындай түседі. З.Қожалымовтың көптеген монографиялық еңбектеріне пікірлерін жазып, оның құндылығын  жоғары бағалаған әр салалы ғылымдардың жиырмадай ғылым докторлары мен профессорларының пікірлеріне қарасаң, З.Қожалымовтың ғылымдағы тұлғалық бейнесі ашылып айқындала береді. Оның басшылығындағы аталған қауымдастық құрамындағы емшілерді бір-бірімен жақындастыруда, мәдениеті мен білімділігін көтеруде, халықпен етене таныстыруда қоғамдық ортада ең беделді қоғамдық ұйымға айналды. Қауымдастық басшысының ұйымдастыруымен 2004-2012 жылдары аралығында тоғыз рет конгрестер мен форумдардың өткізілуі, Қазақ елінің халықтық емшілігі мен ХV ғасырдағы шипагер ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485) «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегінің ғылымға енуіне оның зор ықпалы болды. Ізденуші, ғалым З.Қожалымов өзінің өткір баяндамалары арқылы осы форумдарға қатысқан Қытай, Ресей, АҚШ, Франция т.б. елдердің ғалымдары мен емшілеріне, ел тәуелсіздігіне дейін «Қазақтың халықтық шипагерлік өнері болмады», – деген арам пиғылдардың жалғандығын  шипагер Өтейбойдақтың «Шипагерлік баян» атты еңбегі арқылы қазақ емшілігінің өткендегі тарихының барын ашық дәлелдеді. Ел тәуелсіздігіне дейін аттары ел тарихына енбеген, аттары  аталмаған белгісіз ғұламалар қатарында әрине дала жаһангері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы да болды.  Шипагер баба қазақтың қарапайым дәстүрлі емес емін дәстүрліге ал, дәстүрліні осы заманғы ғылыми медицинаға жеткізгені оның «Шипагерлік баян» атты еңбегінде сайрап тұр. Осы шындықты ғылыми тұрғыда анықтап және дәлелдеуге зерттеуші ғалым З. Қожалымов он бес жылдан аса уақытын жұмсаған. Зерттеуші қаншама қиын жағдайлардан жол тапқан. Шипагер баба еңбегін зерттеуде әр түрлі мамандықтың ғалымдарымен тіл табыса білді. Ғылыми зерттеудегі еңбегі отандық ғалымдар тарапынан құндылығымен бағалана бастады. Шипагер Өтейбойдақ ілімі қазақтың ілімділігінің көшін бастаушысы екені айқындалды. Бұл жетістікке жету зерттеуші, ғалым З.Қожалымовқа оңай болмады. Солай болса да ХХ ғасырдың соңында таныла бастаған, толық зерттелмеген, кейбіреулердің бұл шипагер Өтейбойдақ өмірде болмаған адам дегеніне және қарсыластардың көптігіне қарамастан ұлы шипагердің «Шипагерлік баян» атты еңбегін республикалық радиоторабы мен телеарналарда және баспасөз беттерінде жылдап халыққа толық таныстырған зерттеуші ғалым З.Қожалымов екенін тарихи архивтерден табуға және танысуға болады.  

Тағдыр-ай, 1944 жылдың 1 шілдесінде Хантәңірінің Текесінің етегінде дүниеге келген  Зядан Қожалымов екі жасынан әкеден жетім қалады. Жалғыз ұл апасының аялауымен көптеген жоқшылық пен қиыншылықтың жолдарынан жығыла сүріне жүріп, өз тағдырының бақытын іздеді. Ол арманшыл, ойлағанын орындайтын, намысшыл азамат болуға талпынды. Хантәңірінің Нарынқолының орта мектебін үздік бітірген З.Қожалымов 1964 жылы Алматыға келді. Ауылшаруашылығы институтына оқуға түсті. Инженер-электрик мамандығы дипломын алды. Түркістанның тумасы, жоғары білімді дәрігер-провизор  Түймекүл Құлмақанқызымен отау құрып, еліне қайта оралды. Нарынқолдың шаруашылықтарында бас маман, аудандық электржүйесі мен «Сельхозэнерго» мекемелеріне абыроймен басшылық етті. Кейін Алматыға ауысып, өз мамандығы бойынша жауапты қызметтерді атқарады. Оның жүріп өткен сатылы тарихи жолдарына көз жіберсең тыңнан із салатын, түлендей түрленіп өзінің қыратының биігіне мансап пен байлық үшін емес, ұлттық шипагерліктің ғылыми іргесін нық қалауға ұмтылатынын сезінесің. Оның бұл биіктікте де тоқтамасына оның бүгінгі игілікті істері куә. Ол нағыз ұлттық шипагерліктің намысын қорғайтын адал еңбек адамы. Кеңес заманындағы қазақтың халық емі жанашырлары Е.Оразақов, С.Қарынбаев, Ә.Айбақын, З.Шашкин т.б. медицина ғалымдарының халық емшілігін ғылыми айналымға айналдыра алмаған армандарын, ғылыми жағынан ғалым Зядан қажы еңбектерінде жүзеге асыра бастады. Шығыс және қазақ емшілігінің мәдени үйлестігінің ұқсастығы мен ХV ғасырдың қараүзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегінің ғылыми негізде зерттелуі тек ғана Зядан Қожалымовтың еңбектерімен тікелей байланысты екенін білу енді артықтық етпейді. Шипагер ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ғылымда «екінші ибн Сина» аталуына негіз болған З. Қожалымовтың зерттеуінде жазылған және әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің философия тарихы және мәдениеттану кафедрасының  ғылыми жиналысының  шешімімен бекітілген қазақ және орыс тілінде (қаулы № 4. 29.12.2008.) баспадан шыққан  Зиекеңнің  «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» – «Целительская традиция и философия» (А. 2009.  225 бет) атты монографиялық еңбегі. Оның Өтейбойдақ ілімінің ашылуына жол салғанын ғалымдарда мойындайды. Мәселен, З.Қожалымовтың ұйымдастыруымен 2009 жылы шілде айының 24-26 жұлдыздарында Тараз қаласында өткен «Қазақтың ғалым шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (ХV ғ.)» атты Халықаралық конгреске арнайы қатысқан Қытай, Ресей, Франция, Орта Азия мен Қазақстандық ғалымдар шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабыл баба туралы біліп ғана қалмастан,  З.Қожалымовтың «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты монографиялық еңбегінің тұсау кесерінде  аталған еңбекке өз пікірлерін білдіре келіп, шынында қазақтың шипагер ғұламасы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шығыстың «екінші ибн Синасы» деген ғылыми тұжырымға келеді. Осы конгресте сөйлеген Абайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы: «Бұл бабамыз туралы жазылған тұңғыш кітап. Енді Зядан омбылап із салды. Бабаға осылай ғылыми тұрғыда із тасталды, енді оның артынан еретіндер үлкен жол салу керек... Шын мәнінде біздің Өтейбойдақ бабамыз қазақтың Ибн Синасы. Бұл еңбекті Зядан жайдан-жай жазбаған. Осындай жауапты ғылыми еңбекті автор ғарыштық байланыстық жүйені де және осы заманғы ғылыми жүйенің талдамаларын да дұрыс пайдаланып, өзінің ғылыми тұжырымдамаларын ұлттық философиялық талдауда нақ түсіндіре білген. Қысқасы, Зядан Қожалымовтың бұл еңбегі Орта Азияда алғаш жазылған әл-Фарабидің «Медициналық трактатынан» кейінгі екінші еңбек ал, қазақ елі тарихындағы халық медицинасы саласындағы зерттелген тұңғыш бірінші еңбек екендігін мойындағанымыз жөн... Қысқасы З.Қожалымов өз еңбегінде қазақтың халық медицинасының б.д.д. тарихы мен өркендеуіне және ХV ғасырдағы қазақтың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегіне таза ұлттық философиялық танымдағы зерттеуін ғылымдағы жаңалық ретінде жоғары бағалаймын» – дейді. ( З.Қ. «Орындалған аманат», А. 2012. 375-бет).  Осы Тараздағы конгресте шипагер баба Өтейбойдақ туралы жарты сағаттан астам театрландырылған қойылым көрсетілді. Оны Жамбыл облыстық драма театрларының актеры, «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» Гүлшат Нүсіпжанқызы дайындады. ХV ғасырдағы шипагер баба Өтейбойдақтың, Әз Жәнбек ханның және Жиренше шешеннің ролдерін сахнада көрсетті. Көрермендерді тереңнен толғандырған қойылымның сценарийін жазған және сахналық  «Шипагер баба» әні мен сазын жазған да ғалым, ақын-сазгер Зядан Қожалымов болатын.  Қытай елінің мемлекеттік сыйлығын алған (1997), о дүниелік бабаның аманатын  тірілер осылайша орындады. Ғалым З.Қожалымовтың «Орындалған аманат» атты монографиялық еңбегінің (А. 2012. 484 бет) 357-392 беттерінде ғалымның әртүрлі еңбектеріне пікірлерін білдірген философ.ғ.д, профессорлар Ж.Молдабеков, А.Құлсариева, Г.Сәрсенбекова, Б.Абирова, медицина мамандары м.ғ.д., профессорлар Е. Керімбек Жандари, Ж. Зекейұлы, Т.Бекен, фил.ғ.д, профессорлар М.Мырзахметұлы, Әнуар Тарақ, С.Құрбанқожа, жазушы-профессор О.Қауғабай, тарих ғ.д., этнограф Б.Төтенай т.б. отандық ғалымдардың тұжырымдық пікірлерінің үйлестігі мен ғылыми әділ бағалары З.Қожалымовтың халық медицинасы саласындағы еңбектерінің отандық ғылымдағы орнын айқындап береді. Шипагер Өтейбойдақ бабасы өмірге келген Нарынқолдың Шалкөдесінің Айғайтасында ғалым емші З.Қожалымовтың ата-бабасы өмір сүрген. Қысқасы қазір де атамекені. Өткен ХХ ғасырдың соңындағы бабасы Өтейбойдақ  Зякеңе: «Жаз, жаз, балам, жаза бер, балам, тағы да жаз, жаз...» – деген аруақтың аманаттық аянын береді. Баспасөз бетінде  «Пархат ата» деген біреуді қолдан құдай жасағандарға қарсы пікірін білдірген қазақтың зиялылары мен көрнекті ғалым және жазушыларының: «Ендігі жеткен жеріміз отансыздардың есін жиған соң, бізге құдай болғаны ма? Киелі бабаларымыздың тылсым қасиетін дәлелдеп жазатын бір ұрпағы болмағаны қалай?» – деген сөздері ғалым Зякеңе жігер беріп, ұлттық шипагерлік өнерінің құпияларын ашуға, көре алмастарға нақты жауап беруге ойландырады. Ақыры шипагер З. Қожалымов тылсым құпия сырларынан сыр шертетін монографиялық түңғыш еңбегім: «»Мәңгілік құпия шежіресі»  (А.2001. 446 бет) аруақ аманаты мен тірілердің сұрауынан кейін жазылған-ды», – деп еске алады. Шипагер баба Өтейбойдақтың  «Шипагерлік баян»  атты медициналық энциклопедиялық еңбегі айналасына мәдениет, әдебиет, тарих, философия, психология, астрономия, этнография, метеорология, әскери ғылым, этика, эстетика т.б. ғылымдарды топтастырған, халыққа қызмет етуге ыңғайлаған алып еңбек. Баба еңбегінің тілінің күрделілігіне және оның төрттен үш бөлімінің жоқтығына қарамастан, зерттеуші ғалым З.Қожалымовтың ғұлама еңбегін зерттеуге батыл баруы да, оның нағыз ұлттық халықтық шипагерліктің жанашыры әрі еңбекқор ғалым екенін аңғартады. Шипагер еңбегіндегі медицинаның үш шыңы: «Қанықталғы», «Нарықталғы»,  «Дарымдылғы» және қан туралы ұғымдарын т.б. емдік тәсілдерін, өлдіні де тірілту жүйесін және «Шипагерлік баянның» әлемдік ғылымда алатын оннан аса ерекшеліктерін  зерттеп, ғылыми мақалалар жазған және монографиялық еңбегін баспадан шығарған шипагер-профессор З.Қожалымов. Бұл халық медицинасы ғылымының жетістігі мен мақтанышы екені өмір мен ғылым шындығы. Ғалым Зядан қажының еңбегін көптен бақылап және бағалап жүрген ғылыми жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Жақан Молдабеков: «З.Қожалымов қазақ хандығының қараүзген шипагері, шығыстың екінші ибн Синасы» – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мұрасын насихаттауда өзіндік үлесін қосып келе жатқан жанашыр іздемпаз, ғалым» – деген баға береді. «Орындалған аманат – ұрпаққа хат» деген мақаласында («Қазақстан-Zaman» газеті,13 қыркүйек, 2012 ж.). Жаһангер шипагер Өтейбойдақ бабаның медицина саласына қосқан мол ғылыми үлесіне оның еңбекқорлығының және ұлтжандылығының жемісін аңғартады. Бір ғана шипагердің емдік дәрі-дәрмекті 859 түрлі өсімдік, 455 түрлі жан-жануар мүшелері мен 70-дей металл-металиод қоспасынан 1384 дәрілер тізбесін жасаған, жетіге тиіспеу, қырық бірге жұғыспау және қырық бір ырыс сияқты адамгершілікке, мейірмандылыққа, отаны мен халқын сүюге және он екіден айырылмау туралы өсиетнама қалдырған, қазақтың ибн Синасына айналған тұлғаның еңбегіне философиялық  және  психологиялық танымда ғылыми талдау жасаған, зерттеуші-ғалым З.Қожалымовтың еңбегінің шоқтығы биігіне енді ешкім де күмандана алмайды. Зядан қажы шындық үшін жиырма жылдан бері шырылдап, ақты – ақ, қараны – қара деген танымынан таймай, халық емшілігіне сенімсіз қарайтындар мен емшілердің Алла тағала берген тылсым сырларын өздерінің тірі бизнесына айналдырғандарға анық және айқын өз ойын айта білген ғалым екенін, оның еңбектерімен танысқанда анық аңғарасың. Зякеңнің  принципі де: «Емшінің емінің Алладан келген бағасы жоқ», «Емші еміне баға қоймау керек», «Емделуші  емшіге өз рахметі мөлшерін өздері белгілеуі тиіс»» – деген идеяны ұстанады. Бұл принциптің негізі бабасы шипагер Өтейбойдақтың еңбегін басшылыққа алады.

Шындығында да, бес ғасырдан аса бұрын жазылған қараүзген шипагер – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегінің ғылымда орын алуында еді. Ғұмырының соңында: «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда  қалмақ» – деп өсиетін қалдырған ғұлама шипагер Өтейбойдақ бабаның арманы орындалды. Ғалым З.Қожалымов басшылығында  2002 жылдың  23 шілдеде қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлына өзінің туған жері Шалкөдесінің Айғайтасына құлыптас қойылды. Бұл да баба рухына көрсетілген құрмет еді.

Ғалым З.Қожалымов бабасы ұлы шипагер Өтейбойдақтың ілімінен ғанаттанды деуге енді толық негіз де бар. Зиекең осы заманғы емдіктің адам биоөрісінің қуаттары, Құран дұғаларының емдік қасиеті, медитациялық ем,  музыканың емдік шипасы, табиғаттың табиғи емдері, денсаулықты жақсарту жолы мен тазару мәдениеті жөнінде де зерттеді. Пайдалы жақтарын ұсынды. Аталған емдік жүйелер бойынша жеке-жеке оқулық кітаптарында оқырмандарына ұсынуда. Әсіресе, З.Қожалымовтың «Ғаламның жұмбақ сырлары» (А. 2010, 750 бет), «Тылсым дүниенің құпия емдері» ( А. 2006,  230 бет),  «Рухани емшілік ғаламаттары» (А. 2006. 190 бет) және «Денсаулықты жақсарту тәсілдерінің жолдары» (А. 2011. 190 бет) т.б. еңбектерін  оқырмандардың іздеп тауып оқитын жанұялық құралына айналғалы да  аз уақыт болған жоқ. Жігітке сегіз түрлі өнер де аздық етеді деген пәлсапалық ұғым ежелден ел ішіне тарағаны мәлім. Осыған қарап ғалым З. Қожалымовтың бойынан өнердің және көп тұғырлы таланттың талай  түрін байқауға болады. З.Қожалымов екі дана өлеңдер жинағы кітабының авторы. Кейінгі кезде осы тұлғаны ақын, сазгер деген атаулар да иелене бастады. Өйткені, ол отыздан аса ән мен толғаудың сөзі мен сазының авторы. Шығармашылығының алды қазақ радиосының «Алтын қорына» 1997 жылдан бастап қойылып, бүгінде жалғасын табуда.  Ақын-сазгердің әндерінің емдік шипалығын жеке емделушілер де пайдалануда. Әйгілі сазгер Темір Тайбеков:  «Жақсы жыр мен әдемі ән ешқашанда өшпейді, өміршең келеді. Зяданның туындыларында да сондай сипат бар. Олар өзінің сонылығы, әуенділігі, мәнділігімен ел арасына ене берері сөзсіз. Әуелгіде ол қарапайым әндермен ерекшеленсе, бүгіндері термелер мен толғауларға бақ сынап, бапты дүниелер тудыруда. Әдетте, мұндай шығармалар жазу сазгермін деген әркімнің қолынан келе бермейді. Өйткені бұл күрделі жанр саналады» – деп Зядан сазгердің шығармашылығына әділ баға береді (З.Қ. «Ақ   гүлім». А. 2012). Ән мен саздың шекарасы  болмайтыны анық.  Ақын-сазгер З.Қожалымовтың «Шипагер баба», «Сағымдай болып», «Өмірім» әндерін тамылжыта орындаған алматылық әнші Диана Шик өзінің өнер сапарында Англия, Франция, Жапония т.б. елдерінде болғанында тыңдаушылардың құрметіне бөленгенін және әннің ағзаға емдік шипалығы жоғары бағаланғанын философ А.Бодров өзінің «Музыкотерапия» деген мақаласында тебірене жазады («Шипагерлік баян», қараша, 2010). Ғалым Зядан қажы шежіре тақырыбына да қалам сілтеген, Қазақ Энциклопедиясында да тылсым сырлары құпиясы туралы ғылыми мақалаларын шығарған және оннан аса атақты ғалымдардың еңбектеріне пікір жазған да ізденімпаз ғалым. Мәселен, «Албан шежіре» (А. 2003, 2011), «Батыр баба Әлмерек» (А. 2002) кітаптарының авторлары құрамына енген. Академик М.Әлиевтың т.б. авторлардың «Қазақтың халық медицинасының ғылыми көкжиектері» (А. 2003), м.ғ.к. Т.Бекеннің («Ислам және медицина» және «Рухани саулық – денсаулықтың негізі», А. 2006, 2011), профессор С.Құрбанқожаның, дінтанушы К.Төлешұлының,  ақын С. Жұмановтың  т.б. еңбектеріне ғылыми танымдық пікірлерін жазған. Зядан қажы «Қазақстан қажылары» кітабына (А. 2005), «Жетісу» энциклопедиасына және «Албан шежіресі» мен «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» (А. 2005) т.б. тарихи еңбектерге де еніпті. Уақыт тоқтамай зымыраған сайын, ғалым Зядан қажының да жазған  әр түрлі тақырыптағы мақалалары жиырма жылдан аса уақытта елімізде шығатын 45 (қырық бес) және оннан аса журналға шыққаны төрт жүзден асыпты.  Шипагер Зядан қажының бойына қонған тектік қасиеті болса да, ол ашық айта бермейді, мақтанбайды да. Қысқасы, мені осы жолға түсірген бір тылсым күштің әсері, айналасы төрт-бес сағатта мен күтпеген жерден емші, одан әрі «Ұстазсыз – ұстаз болдым. Бұл тағдырыңның жолы» – деп сөзін қысқа қайырды. Тылсым қасиеттің дарынына ие күрделі тұлғаның атқарып жүрген жүгі де жетерлік. Қауымдастықтың қызметіндегі ұжымның жеке үлестері үшін Елбасының «Алғыс хатын» алған.           Зядан шипагер ілгеріде емшілердің халықтық медицинасы саласындағы конгрестерінде оннан аса  шеберлік сеансын өткізіп, ірі жетістікке жеткен. Орыстың самаралық сиқыршысы да З.Қожалымовтың қаһарына шыдамай сұлап түскен (Мәскеу, 18.06.1991). Осы жылы М.Горкий атындағы киностудиясы түсірген  «Шығыс емшілігі туралы» сюжетті киноның басты рөлінде ойнаған. Ол білімін көтеруде философия, психология, әдебиет, дін және халық медицинасының салалық оқу орындарында оқып мамандығын жетілдірген. Бүгінде құрамында бес мыңнан аса мүшесі мен жиырмадан аса облыстық және қалалық филиалдары бар аталған қауымдастықтың өсуі, өркендеуі және қорғалуы тікелей оның басшысы профессор, ғалым З. Қожалымовтың іздемпаздық, ұйымдастырушылық және адамгершілік тұлғасымен байланысты. Қилы да қиын жолдардан өткен Зядан Қожалымов «Халық медицинасы және ғарыштыққуат академиясының» профессоры, академик, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» президенті, мәдениеттанушы және өтейбойдақтанушы ғалым. Ақын-сазгер. Қазақстан Журналистер және Психологтар одағының мүшесі, Халықаралық дәстүрлі халық медицинасы мамандары, психологтары және емшілері ассоциациясының президенті, «Халық медицинасы және ғарыштыққуат академиясының»  президенті, Халықаралық М.Нострадаумс атындағы тылсым құпия академиясының академигі (Париж), Халықаралық «Экология» академиясының академигі, Халықаралық рухани және емшілер академиясының академигі (Мәскеу), «Жас-ай» Шығыс-тибет журналының редколлогия мүшесі, «Шипагерлік баян» газетінің Бас редакторы, парапсихолог, әлем емшісі, «III мыңжылдықтың үздік емшісі», 22 кітап пен 30-дан аса әннің сөзі мен сазының авторы. Алматы облысы, Райымбек ауданның құрметті азаматы.

Қауымдастық үшін жылқы жылы зор қуанышпен басталды десек болады. Қауымдастық пен өзіне мынандай марапаттарда бұйырыпты. Құрылғанына 23 жыл толған қоғамдық бірлестіктің атқарған еңбегі ұшан-теңіз. «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» РҚБ (Республикалық мәртебе) 2012- 2013 жылдардағы қызметіндегі ерекше табыстары үшін Мемлекеттік статистиканың ресми деректері негізінде ғана, Қазақстан экономикасының нағыз көшбасшыларын анықтайтын кешенді рейтингтік бағдарлама «Ұлттық бизнес-рейтингінің», «Ғылыми-ақпараттық статистикалық зерттеулер орталығы» және «Ұлттық бизнес-рейтингтер Халықаралық рейтинг одағының» (Ресей, Украина, Қазақстан, Беларусь) «Сала көшбасшысы-2013» атағына ие болып, арнайы алтынмен қапталған «Сала көшбасшысы-2013» қабырға медалімен және «Сала көшбасшысы-2013» Ұлттық Сертификатымен марапатталды.

Қауымдастық президенті Зядан Қожалымов көп жылғы еңбегінің арқасында Отанның алдында сiңiрген еңбегі үшін Мемлекеттік статистиканың ресми деректері негізінде ғана, Қазақстан экономикасының нағыз көшбасшыларын анықтайтын кешенді рейтингтік бағдарлама «Ұлттық бизнес-рейтингінің» «Қазақстанның данқы» орденімен марапатталды (Куәлік № 01724, 20.01.2014).                           

Жұбайы Түймекүл апай екеуі өзінен тараған алты ұрпақтарынан Құдай берген немерелерінің атасы мен апасына айналды. Бақытты жандар, сыйластардың келіп кететін киелі шаңырақ. Қауымдастықтың демеушісіз, қаражатсыз, тұрақты мекені жоқтығына мойымастан, атқарған қызметі мен ғылымдағы, өмірдегі өміршеңдік жетістіктеріне, адами еңбекқорлығына қарап ғалым-шипагер Зядан қажы Қожалымовты, шипагер, ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мұрагері, халықтық шипагерліктің қара нары демеске лажын жоқ.

ХХ ғасырдың соңында өзінің қанатын жайып, таныла бастаған тылсым құпия сырларына құмар әрі құштар болған көп тұғырлы тұлғалы ғалым, шипагер З.Қожалымовтың әлі тың тақырыптарда дүниелерді әкелерін, оның бүгінгі еңбекқорлығы, білімділігі мен адами қасиеттері айқындай түседі. 

Сұхбаттасқандар: Дәурен Мұқанов, Алма Серікқали

«Қазанат» журналы, №3 (14) 2014

 

 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15 16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32  33  34  35  36  37  38  39  40  41  42  43  44  45  46

в начало