Ғибратты өмір
13 | ||
главная вернуться | ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 | ||
Қауымдастықтың қажымас қамқоры Әнуар Тарақ Филология ғылымдарының докторы, ҚазҰУ профессоры Алматы қаласы Құрылғанына 23 жыл толған «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, халық емшілігін зерттеуші ғалым, парапсихолог, қажы Зиядан Қожалымов жетпістің белесіне беттеді. Жариялық жылдарынан кейін, демократия қоғамдық өмірімізге тереңдей енді. Ғылымның әр саласында жаңа уақытқа сай ізденістер басталды. Ұзақ жылдар коммунистік партия саясатының дінге қатал қысымымен халықтың бай дәстүр-салты, әдет-ғұрпының беймәлім қырлары ұрпаққа таныстырылмай келді. Біртіндеп экстрасенс, парапсихолог, көріпкелдер халық медицинасы мен ежелден келе жатқан дәстүрлі емдеу тәсілдерін білетін шипагерлер ел ішінде бой көрсетті. Бірінен-бірі емдеу тәсілдерімен, түрлерімен бәсекелесуі күшейіп, осыны пайдаланып, ел арасында жалған «емшісымақтар», «сәуегейлер», «табиғатпен тікелей тілдескіштер» егіске шыққан шытырдай қаптаған кезде, Зиядан аға жан жары Түймегүл жеңгей және аяулы қызы Гүлзат өздерін қолдаушы топпен бірге олармен тікелей күресті. 1944 жылдың 1 шілдесінде Хан Тәңірінің Текес өңірінде дүниеге келген Зиядан екі жасында әкесінен айырылды. Анасының аялы алақанымен тағдыр ауырпалығына мойымай, арман-мақсатына ұмтылды. Нарынқол орта мектебін үздік бітіріп, 1964 жылы Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Инженер-электрик мамандығын меңгерді. Қасиетті Түркістанда туған жоғарғы білімді дәрігер Түймегүл Құлмақанқызымен отау құрды. Нарынқол ауданы шаруашылықтарында бас маман, аудандық «Электржүйесі» мен «Сельхозэнерго» мекемелерінде басшылық қызметте болды. Кейін Алматыға ауысып, мамандығы бойынша жауапты қызметтерді атқарды. Өзінің Құдай бойына берген қабілет-қасиеттерін дәлелдеу мақсатында Мәскеуде емшілік мектебінен тәжірибе жинады. Онда халықтық емшілігіміздің сан ғасырлық қыр-сырларымен таныстырды, түрлі емдеу тәсілдерін көрсетті. Бұл жайында «Өмірімнің тағдыры» атты кітабында кеңінен жазылды. Елді дүрліктірген, ешқандай білімі жоқ, дүмбілез емші атаулыдан арылту үшін орталық құруды ойластырды. 1991 жылы «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамын құрып, оны басқаруды қолға алды. Ширек ғасырға жуық мерзімде қауымдастықтың жеткен жетістіктері де, иеленген атақ-дәрежелері де бір шоғыр. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, парапсихолог, мәдениеттанушы және өтебойдақтанушы ғалым, ақын, сазгер Қазақстан Журналистер және психологтар одағының мүшесі З. Қожалымов, халықаралық дәстүрлі халық медицинасы орталықтары мен академиясында өзін таныта білді. Бұдан бөлек «Жас-Ай» Шығыс-тибет журналының ред. алқа мүшесі, «Шипагерлік баян» газетінің бас редакторы, «III мыңжылдықтың үздік емшісі» 23 кітап пен 30-дан аса әннің сөзі мен сазының авторы. Алматы облысы Райымбек ауданының құрметті азаматы. Қауымдастықтың ширек ғасыр уақытта жасаған қызметі әр алуан әрі ауқымды. Өз құрамын дәстүрлі емшілік, шипагерлік қабілетімен халыққа танылған адамдармен толықтырды. Алматы мен Астанадан басқа, әр облыста бірлестік филиалдарын ашып, олардың жұмысын үйлестіріп отырды. Қазақ және орыс тілінде «Шипагерлік баян» атты газет шығарды. Халық медицинасы және емшілік дәстүрлері, имандылық, діни ілімдер, табиғаттың түрлі құпиялары, өсімдіктер дүниесінің емдік қасиеттері, әлемдегі шипагерлік тәсілдер және ұлттық тәрбие, әдеп мәселелері, денсаулықты күту жайлы қаншама қызықты дүниелер жазылды. Адалдығым, ол менің адалдығым, Бойымда дарын да бар, сана, білім Жүрегім ақ, жаным да таза менің, Халқымның пір тұтамын даналығын – деп «Адалдық» атты ән сөзінде айтылғандай, өз өмірінде осынау тұжырымды берік ұстанды. Емшілікте де, қауымдастықтың жұмысында да жеке басының мүддесінен гөрі, оның елге тигізер пайдасын, ықпалын ойлады. Бірлесіп өткізген халықаралық форумдар, жиындар мен шараларда қазақ емшілігінің ғасырлық дәстүрінде дамып келе жатқандығын дәлелдеді. Қауымдастық емшілерінің Құдай берген қасиет-қабілеттерін танытып, өзара тәжірибелер алмасуына ұжым басшысы ретінде ұйытқы болды. Мұны облыстардағы, Астана мен Алматыдағы емшілердің газеттерге, телерадиоға берген сұхбаттарынан, «Шипагерлік баян» газетіндегі жылы лебіздерінен көз жеткіземіз. Мәселен, педагогика ғылымының кандидаты, профессор Құрбанқожа Сансызбай «Қазақ ғалымдары арасында ғалым, шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы еңбегін тұңғыш зерттеп, тыңнан жол салған зерттеуші» десе, қауымдастықтың Ақтөбе облысы филиалының директоры Қализа қажы Құттыбаева «Қазақ халық емшілігінің ғылыми әрі тәжірибелік негізін қалап ғана қоймай, ұлттық шипагерлік ілімін, мәдениетін, әдіс-тәсілдерін ғылыми-танымдық деңгейге көтерді» деп бағалады. Қостанай облыстық филиалының директоры Бақыткүл Нысамбаева «Ол өте дарынды, жан-жақты қабілетті адам» деп емшілік қасиеттерін атап өтеді. Мұндай ықыласты тілектер әр алуан. Ақындықпен қоса ән шығару, Зиядан ағаға берген Құдайдың қабілеті әрі бақыты. Ол мұны емшілік қасиетінің өнермен сабақтастығы деп біледі. Мәселен, сүйікті жары Түймекүл жеңгемізге арналған «Ақ гүлім» қазақ ән өнеріне қосылған әдемі туындылардың бірі. Мұны дарынды әнші марқұм Қ. Ысқақова алғаш орындап, көпшілікке таратты. Өлеңді жазайын деп жазғаным жоқ Көкейде ізгілікпен маздар тілек Айтамын бар сырымды осы өлеңмен, Құдайым мұны берді, арманым жоқ, – деп жыр жазу себебін осылай түсіндіреді. Зиядан ағаның алғашқы кітабы «Көк тәңірі жүр жебеп» әндер, өлеңдер кітабынан басталды. Содан бері 14 жылдан бергі жазған кітабының саны – 23. Бір жылға бір-екі кітаптан келеді. Еңбекқорлық демей көр мұны. Ақындықты сазгерлікпен ұштастырған З. Қожалымовтың өлең кітаптары, әндері жөнінде белгілі мамандар пікірлері де аз емес. Танымал сазгер Темір Тайбеков: «Жақсы жыр мен әдемі ән ешқашанда өшпейді, өміршең келеді. Зияданның туындыларында да сондай сипат бар. Олар өзінің сонылығы, әуенділігі, мәнділігімен ел арасына ене берері сөзсіз. Әуелгіде ол қарапайым әндермен ерекшеленсе, бүгіндері термелер мен толғауларға бақ сынап, бапты дүнеилер тудыруда. Әдетте, мұндай шығармалар жазу сазгермін деген әркімнің қолынан келе бермейді. Өйткені бұл күрделі жанр саналады», – деп әндерін лайықты бағалады. Әрине, әннен алған әсерден туындаған мұндай жылы пікірлерді басқа да ақындар, композиторлар білдірді. З. Қожалымовтың аталған әндері «Қазақ радиосында», «Шалқар» радиосында шырқалып жүр. «Шипагер баба», «Сағымдай болып», «Өмірім» әндерін тамылжыта орындаған алматылық әнші Диана Шик өнер сапарында Англия, Франция, Жапония т.б. елдерде жүргенде тыңдаушылардың құрметіне бөленгенін айтса, әннің ағзаға емдік шипалығы жайында зерттеуші А. Бодров айрықша атап көрсетті. Жылқы жылында қауымдастық үлкен қуанышқа бөленді. «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» РҚБ 2012-2013 жылдардағы қызметіндегі ерекше табыстары үшін Мемлекеттік статистиканың ресми деректері негізінде Ұлттық бизнес-рейтингінің, Ғылыми-ақпараттық статистикалық зерттеулер орталығы мен Ұлттық бизнес-рейтингтер одағының (Ресей, Украина, Қазақстан, Беларусь) «Сала көшбасшысы-2013» атанды және «Қазақстан көшбасшысы-2013» Ұлттық сертификатымен және алтын медалымен марапатталды. Қауымдастық президенті Зиядан Қожалымовтың көп жылғы еңбегі ұлттық бизнес-рейтингінің ұсынысымен «Қазақстан даңқы» орденімен атап өтілді. Адамдарға ойламаймын жамандық, Кімді өмірде көгертеді арамдық. Кішпейілдік халқымызға жарасқан, Тілейтінім – имандылық, адалдық – деп бір жырында өмірлік мұратын, ұстанымын білдіріпті. Ол осы тұжырымында тұра білді. Әр облыстан және түрлі ұлттан құралған емшілер қауымдастығының ынтымақты да ықыласты жұмыс жасауына дұрыс бағыт-бағдар берді. Әлдебір мәселелер болса, ортақ ақылға салып, көпшілікпен бірге талқылады. Имандылықтың ізгі жолын үзбей насихаттап жүрген Зиядан қажы Қожалымов радио мен теледидардың да жиі қонағы. Халықты рухани қолдап отырған қауымдастық басшысы міне 70-тің биігіне абыроймен келіп жетті. Олай болса, жетпіс жасыңыз құтты болсын, қауымдастық жаңа жетістікке жете берсін, отбасыңыз аман-есен болып, немере-шөберелеріңіздің бақыты мен қуанышына бөлене беріңіз дейміз ізгі тілекпен. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының заң ғылымындағы алатын орнын зерттеуші ғалым Әділбеков Әбдіберік Заңгер Қапшағай қаласы «Халық емшілігі – халықтың қанымен аралас, атадан балаға берілетін тектік қасиет. Өтейбойдақ баба емшілік өнерін өз халқының ортасынан жинады. Сондықтан да болар бабаға туып-өскен халқы ұстаз болды. Құран аяттарының құпиясы сияқты бабаның еңбегінің яғни, «Шипагерлік баянның» өзіндік құпиясы, кілті, шешімі, әр атаудың жеке белгілі талғамдық түрі, тіпті алғашқыда «Шипагерлік құлып» деп атаған екен. Өтейбойдақ баба «Шипагерлік баян» атты кітабын дін, медицина, астрология, философия, т.б. ғылымдарды пайдалана отырып, Құран сүрелерінің қасиетіне бас иіп, мойындай отырып жазған. «Шипагерлік баян» еңбегін Өтейбойдақ баба өзін сынаған ақылды хан Әз Жәнібектің Жарлығымен ұрпағының тұқым тазалығына үлкен мән беріп, жеті атаға толған соң қыз алысуды, сүйісудің әр түрлі (беттен, ауыздан, т.б.) әдісіне тыйым салуды, отбасын бұзатын жат қылықтарға қатал шара қолдануды, қоршаған орта мен өз мекенін таза ұстамағандарды жазалау секілді т.б. имандылық пен әдептілік шарттарына байланысты Жарлық шығартады. Бұл алғашқы Ұлыстың, Қазақ мемлекетінің тұңғыш Жеті жарғысының негізі екенін енді біліп отырмыз (43-бет). Оның негізгі авторы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы екенін тарихшыларымыз енді мойындап отыр, ал «Жеті жарғы» Тәуке хан кезінде (1713ж.) қабылданды, оның негізгі авторы Мүсірәлі қожа деген жасанды тұжырымды енді екі жарым ғасыр алға жылжытсақ, қазақ тарихы биіктемесе аласармасы хақ» – дейді өзінің «Киелі шаңырақ» атты еңбегінде Өтейбойдақтанушы ғалым, шипагер З.Қожалымов. «Жеті жарғы» яғни, дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдар жинағы, қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан толық қамтуына байланысты оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары 20-ғасырдың басына дейін қолданылып келген тарихи құжат. Осы тарихи құжаттың негізін салушылардың бірі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы екенін З.Қожалымовтың еңбектері арқылы біліп отырмыз. З.Қожалымовқа да емшілік қасиет Өтейбойдақ бабасы сияқты тектік жолмен дарыған, әрі бір топырақтан жаралуы да кездейсоқтық емес шығар. Жаратушы Иеміздің қолдауымен әрі өзінің қажыр-қайратымен, ұлтқа тән қайсар мінезімен, табанды еңбегімен бүгінде биік дәрежеге жетті. Дүние жүзіне танымал ұлт азаматы болды. Халық медицинасындағы еңбектерінің құндылығы мен ерекшеліктері жайлы бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Бұл саладағы ол кісінің халқына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ал, сонау тарихтың қойнауында қалған XV ғасырдағы «Шипагерлік баянды» халқымызға танытуда атқарған жұмыстары баға жетпес құндылық. Зерттеуші ғалымның еңбектерінде адамгершілік, рухани сауықтыру, мәдениеттілік пен имандылық және діни танымдық көзқарастар тек ғана ұлттық философиялық және психологиялық таныммен өзінің оқырманының ризалығына бөленуде. Ғалым шипагер З.Қожалымов қазақ ғылымына тыңнан жол салды, халық медицинасының біздің дәуірімізге дейінгі және бүгінге дейінгі тарихының өркендеуіне ғылыми негізде үлесін қосқан тұңғыш қазақ ғалымы. Көріпкелдік, болжампаздық, телепатиялық, жұлдызнамалық, т.б. тылсым күштердің құпиясын осы заманғы ғылым әлі анықтай алмай жатқанда, парапсихолог ғалым бұл саланың анықтамаларын ғылыми негізде жеке монографиялық еңбектерімен қазақ энциклопедиясына шығарды. Бұл жөнінде З.Қожалымовтың «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты еңбегіне филология ғылымдарының докторы, профессор Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов өз пікірінде: «... бұл еңбекті Зядан жайдан-жай жазбаған. Осындай ғылыми еңбекті жазуда автор ғарыштық байланыстық жүйені де және осы заманғы ғылыми жүйенің талдамаларын да пайдаланып, өзінің ғылыми тұжырымдамаларын ұлттық философиялық талдауда нақты түсіндіре білген. Қысқасы, З.Қожалымовтың бұл еңбегі Орта Азияда алғаш жазылған әл-Фарабидің «Медициналық трактатынан» кейінгі екінші еңбек, ал қазақ елі тарихындағы халық медицинасы саласындағы зерттелген тұңғыш бірінші еңбек екендігін мойындағанымыз жөн», – деуі шипагер ғалымның еңбегінің құндылығы екі дүние арасындағы байланыспен жазылғандығын анықтай түседі. Республикалық қоғамдық бірлестік «Қазақстан халық емшілері қауымдастығын» құрып және оны ширек ғасырға жуық басқарып, қарсы күштердің қарсылығына қарамастан қиын кезеңдерден оның қызметін мәңгілік халық медицинасының тарихына қалдыру бұл ғалым, профессор З.Қожалымовтың еңбектері арқылы ғылыми негізде дәлелденуі, халықтық шипагерліктің гүлденуі де өзінің көптеген атақтарымен қатар адамның тәні мен жанына рухани сауықтыру күштерін сыйлайтын жақсы ән-толғауларымен оқырманға танымал ақын-сазгер екендігін, оған Алланың берген сыйы демеске лажың жоқ. Көп салалы ғылымдардың халық шипагерлігі арасындағы байланысын зерттеуші ғалым шипагер, академик Зядан қажы ағамызға алдағы торқалы тойына өзімнің шын жүректен шыққан адал тілегімді білдіре отырып, қазақтың шипагерлік ғылымына әлі талай жаңалықтарды қоса беріңіз демекпін. Алла деніңізге саулық берсін. Шипагер Өтейбойдақтың еңбегі мен қазақ емшілігін ғылымға қосқан ғалым Баймолла Зурихан Дәрігер-емші Алматы облысы Мен өткен ғасырдың аяғында көрші Қытай елінен өз Отаныма оралдым. Мамандығым дәрігер болса да, алғаш маған жағдайды білу мен жұмысқа орналасу өте қиын болды. Бұл заңды еді. Осындай ауыр жағдайда мені құшақ жайып, жағдайымды түсініп өз мамандығым бойынша қызметімді жалғастыруға көмек еткен Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, өтейбойдақтанушы ғалым, академик Зядан қажы Қожалымов болатын. Бүгінде, мен қазақ елі мен басқа елдерге де таныла бастадым. Осының бәрі қауымдастықтың қызметіндегі адалдықпен оның басшысының жеке адамгершілігінің нәтижесі еді. Абай атамыз айтқандай: «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге, көкірегінде болсын көз», – деген данышпандық сөзі осы қауымдастық пен оның басшыларына арналғандай. Біздің қауымдастықтың басшысы Зядан қажы сонау XV ғасырда өмір сүрген шипагер ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық-энциклопедиялық еңбегін зерттеп, «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» (А.2008) атты ғылыми-мнографиялық еңбегі арқылы ғұламаның еңбегін ғана зерттеп қалмастан, оның бейнесін дәл көз алдымызға көрсете білген сахналық көріністің сценарийін жазып сахнада көрсетіп және «Шипагер баба» атты әнінің музыкасымен бейне көрініс беруі, бұдан бұрын баба еңбегін зерттеген Қытай елінің ғалымдарының арманы еді. Бұл арманды ғалым-зерттеуші, өтейбойдақтанушы З.Қожалымов мырза таза орындап шыққанына көрермендер мен ғалымдар және емшілер қауымы қуанышқа бөлендік және авторға риза болдық. Жыл сайын Зядан қажының бағдарламалық басшылығында қауымдастықтың ұйымдастыруымен халықаралық конгрестер, форумдар және конференциялар өткізіліп тұрады. Мұның өте пайдалылығы емшілердің мәдениеті көтеріледі, білімдері жақсарады, адамгершіліктері мен имандылығы артады және бір-бірімен таныстық пен туысқандық бірлігі өсетіндігіне өзіміз куә болдық. Өзіміз өздігімізбен бара алмайтын қазақ елінің Астана, Шымкент, Түркістан, Тараз, Алматы, т.б. қалаларда өткізілген жиналыстарға қатысып, мәртебеміздің көтеріліп, көкірегіміздің қуанышқа толғанып, ел мен жерді білдік және туысқандық қатынасымыз өсіп келеді. Егер қауымдастықтың құрылғанына 23 жыл толып отырса, соның 17-18 жылы қарсыластардың қақтығысына душар болғандығын, көреалмастардың қауымдастықты жапқызуға дейін барғандығын оның тарихынан оқып білдік. Қазақ халқының емшілік жүйесі медициналық оқулықтарына солақай саясат заманында аты еңбегені анық. «Халықтық емшілік жүйесі» мына тәуелсіздік кезінде тек ғана зерттеуші ғалым З. Қожалымовтың еңбегінің нәтижесінде ғылыми айналымға енді. Ғалым, академик З. Қожалымовтың саны жиырмадан асатын кітаптарында б.з.д. және осы заманға дейінгі емшілік жүйесінің құлдырау және өсіп өркендеу қадамдары толық енгізіліп зерттелген. Ғалым, профессордың еңбектерінде халық емшілігінің жүйесімен қатар ғарыштық, табиғаттық, қасиетті Құранмен жеке адамдардың тылсым күші құпиялары қамтылған және ұлттық, тәрбиелік пен имандылықтың негіздері психологиялық әрі философиялық танымда зерттеліп жазылған. Шипагер ғұлама Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы: «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ», – деген ізгі арманының орындалуына, оның еңбегінің бүкіл әлемге танылуына және «екінші ибн Сина» аталуына өтейбойдақтанушы, шипагер-ғалым, профессор, академик Зядан қажы Қожалымовтың зерттеуінің нәтижесі екендігін емшілер қауымы ғана емес, ғылым саласының ғалымдары да оң бағасын бергендігіне қуанамыз және ғалымның жаңа еңбектерінің ғылым саласына қосыла беруіне, торқалы тойы, мерекесі қарсаңында тілектестігімізді білдіреміз.
Мәдениетіміз бен білімділігімізді өркендеткен басшы Байділдаева Ұлболсын Қауымдастықтың Түркістан қалалаық филиалының директоры Түркістан қаласы Жылдар жылжып, уақыт та зымырап өтуде ғой шіркін. Әр адамның өмір жолының тарихы бар. Оны да еске алып әділ бағасын беру бәріміздің азаматтық парызымыз. Қасиетті Түркістан қаласында 2008 және 2013 жылы екі рет емшілік саласында ғылыми-тәжірибелік республикалық және халықаралық форумдар өтті. Бұл басқосулар Қазақстан халық емшілері қауымдастығының тұңғыш президенті, академик Зиядан қажы Қожалымов мырзаның басшылығында ұйымдастырылды және нәтижелі өтті. Бірнеше шет елдерден келген (Ресей, Қытай, Франция, Армения мен Орта Азия, Монғолия, т.б.) ғалымдар мен емшілер бұл форумдардың өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанына және емшілердің білімділігі мен шеберліктерінің ерекше сауаттылықтарына тәнті болды. Сол жиындарға қатысқан көп емші баға жетпес құнды рухани азық алып қайтты. Форумда кітаптарға көрме өткізіліп профессор Жандар Керімбектің Ермаханының, президентіміз, академик Зиядан қажы Қожалымовтың, профессор Құрбанқожа Сансызбай Нызанұлының, доцент Зікірия Жандарбектің, т.б. тылсым сырлары мен медициналық емшілер жайлы жазылған кітаптары таратылып берілді. З. Қожалымовтың авторлығымен 2008 жылы «Қазақтың көріпкел және болжампаз бабаларының құпиялары» атты жинақ жарық көрді. Қысқасы, осы форум мен жинақта әлемге әйгілі француз жұлдызшы М.Нострадамус пен болгариялық Ванга әжейден қасиеттері кем емес, олардан бұрын өмір сүрген болашақ төрт мың жылды болжаған Майқы би және Бекет ата, Өтеген батыр мен Мөңке би, т.б. аталарымыздың болғанын президентіміз З. Қожалымовтың еңбегінен оқып, біліп еңсеміз көтерілді, рухымыз шарықтағанын осы күні мақтан етеміз. Әр жиында емшілер бір-бірімен сұхбаттасады, тәжірибе алмасады. Жиын арасында әрбір емші жеке шеберлік өнерін көрсетеді. Олар өздері көрсеткен өнерлері үшін дипломдар, алғыс хаттар, сертификаттар және түрлі төс белгілер алып жатады. Ол төс белгілер сол өтіп жатқан конференция тақырыбына байланысты болады. Оған қосымша қауымдастық ішінен құрылған емшілерге арналған халық емшілігі саласының білімін жетілдіру мектептері жұмыс істеуде. Мәселен, Халықтық және рухани емшілігі, биоэнергетика, ғарыштыққуат, уқалау, т.б. арнайы мамандар мектепте сабақ өткізеді. Оқу бітіргендерге арнайы дипломдар мен сертификаттар беріледі. Емшілердің биоқуаты мен аурасын тексеретін тәжірибеханалар жұмыс істеуде. Өзіміздің қоғамда имамымыз бар, Түркістан шаһарында жатқан көптеген хандар мен билер, батырлар мен шешендер жалпы Йассауй кесенесіне жерленген аруақтарға арналыпта Құран оқылып, бата жасалады. Бұдан кейін форумға арнап жазған басшымыз ақын-сазгер З. Қожалымовтың арнауын әсем әнімен жырау Жақып Сыпатай былай: «Қасиетті Түркістанның жерінде, Сәлем бердік қадірменді еліне. Қазағымның рухани ордасы. Аты шыққан даңқыменен әлемге...», – деп бастағанда ғаламат тебіреніс пен рахатқа бөленгеніңді сезбей де қаласың. Түркістандағы форумдар өте көтеріңкі көңіл-күймен өтті. Келгендердің бәрі де риза болды. Форумға келген қонақтар мен емшілер қаланың киелі жерлерін аралады. Түркістан қаласының тарихы жайлы жергілікті ғалымдарымыз, профессор Жандар Керімбектің Ермаханы, доцент Зікірия Жандарбек, профессор Құрбанқожа Сансызбай Нызанұлы, т.б. көптеген мәліметтер берді. Президентіміздің бастамасымен көп емшілеріміз естелікке суретке түскен болатын, оған қосымша форумнан көріністер «Шипагерлік баян» газетіне жарияланды. Мұндай жариялылық біз үшін дәстүрге айналған. Екі күндік форум өте тартымды да қызықты өтті. Әсіресе, ерекше көңіл бөлетін жайт ол ғалымдарымыздың көп болғандығында. Олардың бәрі де әр саланың мамандары. ҚазҰУ профессоры, философия ғылымдарының докторы Жақан Молдабеков мырзаның қауымдастыққа ғылыми жақтан жасаған көмегі мен жақсылығы баға жетпес адамгершіліктің белгісі. Жазушы-профессор Ораз Қауғабай мырза қауымдастықтың жұмысын тұрақты қолдаушы. Шөптік емдердің көптеген құпия сырларын профессор Ө.Мырзағалиұлы ашып берді. Әрине, егер емшілер ғалымдармен бірге қоян-қолтық қызмет етер болса, оның жемісі де мол болады. Міне, осының бәріне ұйытқы болып жүрген президентіміз З.Қожалымов мырза. Егер біздің осындай жиындарымыз ғылыми болмаса оның мүшелерінің ішінде ғалымдар болмаса, бұл қоғам баяғыда тарап кеткен болар еді. Бұл қауымның өміршең болуы, біздің түсінігімізде ең әуелі басшыға байланысты. Қандай қиыншалық болса да мойымай ширек ғасырға жуық уақытқа дейін алға жылжып келуі үлкен жеңіс болып табылады. Қауымымыздың тағы бір ерекшелігі сынының көптігі яғни, сапасының көп болуын қолға алғандығы. Осыған байланысты жақтаушы ғалымдар да сұхбаттар өткізіп тұрады. Соның ішінде профессор Құрбанқожа Сансызбай Нызанұлы үздіксіз емшілерге білім беріп оқытып отырады. Әрине, осындай конференция, форум, конгрестер сияқты ғылыми жиындарды осы Түркістанда тұрақты өткізер болса нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймыз. Себебі бұл Түркістан Түркі әлемінің рухани астанасы болып есептеледі. Осындай жиындардың арқасында біздің шипагерлік мәдениетіміз бен білімділігіміз күннен-күнге өркендеп ғылыми жаңалықтары көбейе түсуіне кәміл сенеміз. Басшымыздың торқалы мерекесі алдында осындай ірі жетістікке жетуімізге қауымдастықтың көшбасшысы, президенті, академик Зиядан қажы Қожалымовтың білімділігі мен қайсарлығының және халық емшілігін өркендетудегі нағыз көрегендігі мен еңбекқорлығының нәтижесі екенін ешкім де тарихтан өшіре алмайды.
| ||