Ғибратты өмір

 

 

18

 главная                                                  вернуться 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28

 

 

ҚАБІЛЕТ ПЕН ҚАРЫМ

фотоҚосшиев Назарбек

Қазақстан Журналистер Одағының

мүшесі, Халықаралық «Шабыт-2004»

фестивалінің дипломанты

Атырау қаласы

Адамның қабілеті әр кезде әртүрлі болады дейді ғалымдар. Әрине, оны біз зерттеп көрген жоқпыз, зерттеп көретін маман да емеспіз-ау, сірә!..

Бірақ көкірек көзінде саңылауы бар әр адам өзгенің ынтасын, ілгеріге ұмтылысын байқайды. Іштей ой түйеді, жақсыға бағалайды. Бұл төңірегіне терең махаббатпен қарайтын әр пенденің болмысы, кісілік келбеті болса керек. Біз де сондай жақсыға іңкәр, ертеңгіге талаптанушы пенденің бірі болуға ұмтылып жүргеніміз рас.

Сондай сәттерде Халықтық және Шығыс медицинасы тақырыбында тарихи-ғылыми және кәсіби бағыттағы еңбектер жазған Қазақстан халық емшілері Қауымдастығының президенті, академик, профессор Зиядан қажы Қожалымовтың бірнеше еңбегі қолымызға тигені бар-тұғын. Өзіміз де бұған дейін әдебиетке құмарлығымыз болған соң қолымызға қалам алып жүргендіктен, сол туындылардың түпкі мағынасына шұқшиыңқырай үңіліп, авторының кім екенін іздей жүретініміз бар.

Негізгі мамандығы – инженер-электрик бола тұра, Зиядан ағамыздың қаламгерлікке біржола бет бұруы бірбеттіктен гөрі табандылыққа, зор қабілет пен қайсар қарымдылыққа, жігерлілік пен жалынды ойға жетелейді. Әйтпесе, өмірде ондай кілт бұрылыстар жасауға кез келгеннің батылы жетпей жатады. Ал, З.Қожалымовтың ерекше қасиеті – бір Алланың құдіретімен бойына дарыған емшілікті кәсіп етіп ғана қоймай, оның ғылым ретінде қалыптасуына өзіндік үлесін қосып жүргендігінде жатыр. Ол мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының негізінде жер жәннаты – Жетісудің Шалкөде жайлауындағы Айғайтас бөктерінің перзенті – жаһангер, ғұлама ғалым, шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485) «Шипагерлік баян» атты еңбегінің әлемдік дәрежеде бағаланып, оның ел ғылымының мақтанышына айналуына сүбелі үлес қосты. Халқымыздағы емшілік туралы тұңғыш арнайы рисала-еңбек жазған ғалым-емші, тарих саласының білгірі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлын бүгінгі заманға әкелді, жаңаша сөйлетті. Шипагер еңбегін 10 жылдан аса зерттеу өз нәтижесін беріп, осыдан 5 ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған шоқтығы биік туынды, ішкі дүниесінен нұрын шашып тұрған имандылық кітабы жұртына қайта оралды.

«Шипагерлік баян» кітабын оқыған сайын жаңа атау, жаңа ғылыми шешім, жаңа тарих, шежіре, жаңа емдік анықтама, емдік әдіс-тәсіл, дәрі-дәрмек түрлері, табиғаттың ғажайып сырлары, ислам дінінің керемет құпиялары, өзге де біз түсініп-білмейтін тылсым сырлар ашыла береді. Адамның тәні тазарып, жаны рахаттанып, бір ғаламат кеңістік үстінде қалқып ұшып жүргендей сезінеді.

Қазақ ғалымы Өтейбойдақтың рухына арнап, 2009 жылдың шілдесінде Тараз қаласында 480-ге жуық шетел және Қазақстан ғалымдары мен емшілері, өзге де салалардың мамандары қатысқан халықаралық конгресте ғұламаның «екінші ибн Сина» екені отандық ғалымдар тарапынан ғана айтылып қойған жоқ, Франция, Қытай, Ресей, басқа да шетел ғалымдары осы пікірге толық қосылып қуаттады.

Қытай елінің Мемлекеттік сыйлығын алып (1997 ж.), жарты ғасырдан кейін өз еліне оралған ғалымның аталмыш еңбегінің желісі бойынша Жамбыл облыстық драма театрының актерлері сахналаған жарты сағаттық қойылымның сценарийі, музыкасы мен әнін жазған да З.Қожалымов еді. Қазақстан халық емшілері қауымдастығы ұйымдастырып өткізген сол жиында жаһангер еңбегіне арналған ғылыми-зерттеу кітабының да тұсауы кесілді. Ғұламаның арманы осылай іске асты.

Бүгінде Зиядан қажы Қожалымов Шығыс медицинасының ешкім біле бермейтін өзгеше қырларын тереңдей зерттеп, Өтейбойдақ дәуірі мен бүгінгі заманның арасындағы ұқсастық және қарама-қайшылықты үйлесімді ұштастырып келе жатыр. Оның 300-ден астам еңбектерінің ішінде дәстүрлі емес халық медицинасы саласындағы артықшылықтар мен дәстүрлі медицинаға қабысар тұстар, шипалы шөптермен, тіпті қарапайым дене қимылдары арқылы ем-дом жасау тәсілдерін суреттеуге айрықша басымдықтар берілген.

Қазақстан халық емшілері Қауымдастығының президенті, белгілі парапсихолог З.Қожалымовтың республикадағы халық емшілерінің басын қосып, жыл сайын түрлі шаралар (конгресс, конференция, съезд, т.б.) өткізіп, олардың материалдарын оқып-түйсіну үшін жұртшылыққа таратуының өзі – ғылыми мекемелердің қолынан келер-келмес шаруа.

Тек «Рухани емшілік ғаламаты: Құран аяттарының емдік қасиеті» (Алматы, «Шалкөде», 2006) атты еңбегінің өзі қарапайым қалың бұқараның жоғары сұранысына ие. Бұл еңбекті ел қазір «Домашняя аптека-Үйдегі дәріхана» деп атап кетулі. Өйткені, мұның ішінде өзіміз күнделікті өмірде көңіл аудара бермейтін адам өңінің өзгеруінен бастап, жүрек-қан тамырлары, асқазан, бауыр, бүйрек, балалар және әйелдер аурулары, аллергия, ауыздан жағымсыз иіс шығу мен ауыртпалықтардан қалай сақтанудың шапағат-дауасы алфавиттік ретпен жүйеленіп жазылған. Ғалым, академик З.Қожалымов халық емшілері мен оқырман қауымға арналған осы еңбегінде адамдардың сырқатын емдеудің, қасиетті Құран Кәрімнің аят-дұғаларының құпиялы емдік шипасы, сопылық емшілік, арнайы дұғалар қасиеті, әртүрлі аурулардың емдік дұғалары және сиқырлық сырлары туралы еркін әрі түсінікті баяндайды.

Бұған дейін оқырманнан оң бағасын алған «Мәңгілік құпия шежіресі», «Шапағатты рух ордасы», «Халық медицинасының өткені, бүгіні, болашағы», «Дәстүрлі емес халық медицинасы», «Бақсылық өнерінің ерекшелігі», «Тылсым дүниенің құпия емдері», т.б. танымдық кітаптардың авторы «Рухани емшілік ғаламатында» дерттің қалай басталып, оған ем қолдану барысында қалай шипа қонатынына дейінгі толық процедурасын көрсетеді. Мұндай ғылыми еңбекті кез келген дәстүрлі медицина саласының кәсіби маманы жазып шығуы қиындау болар, сірә!..

Тарихқа үңілсек, жер бітіп, су аққалы емшілік қасиеттің қыр-сыры, тылсым құпиясы сонау дәуірдегі Орхон-Енисей жазбалары, одан бергі Әл-Фараби, Қорқыт баба, Әл-Бируни, Әл-Хорезми, Омар Хайям, Фирдоуси, Жүсіп Баласағұн мен Махмұт Қашқари, Ахмет Иүгінеки мен Қожа Ахмет Йассауи, кейінгі тізбек Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиевтер арқылы жалғасын тауып отырды. Кейін Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, басқа да Алаш ардақтылары жалғастырып бізге жеткізді.

Белгілі қаламгер, ғалым, халық емшісі З.Қожалымовтың мұндай ерекше қасиеттеріне кәрі Каспий жағалауындағы Атырау жұрты да жақсы таныс. Оның осы өңірде сонау 90-жылдардың бас кезінде халық емшілері Қауымдастығының облыстық филиалы ашылуына септігі тиді. Филиалдың заман ағымына сай толық қалыптасып кетуіне әлі де айтарлықтай еңбек сіңіріп келеді.

Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатын қолдай отырып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына өлшеусіз үлес қосып жүрген шипагер-ғалым З.Қожалымовтың атқарған қызметі мен төккен маңдай тері қашанда халық саулығын жақсарту бағытындағы ортақ бетбұрыспен үндесіп жатыр. Оның ел мүддесі жолындағы іскерлік қабілеті мен атқарған жұмысының қарым-қуаты елдік пен еселі еңбекке жетелейтін өрелі өнеге.

 

ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНГЕН ТҰЛҒА

фотоҚұттыбаева  Қализа  қажы

ҚХЕҚ-ның Ақтөбе облыстық

филиалының директоры

Ақтөбе қаласы

Егер  адамның  жаны, тәні, рухы таза  болса, оның өмірге деген көзқарасы дұрыс болады. Оған Құран ілімі – биік ғылым, сүннет ілімі – тазалық, заң  ілімі – тәртіп екенін  біле отырып, қоғамдағы тыныштық пен бірлік деп қабылдайды, ата-баба жолын қастерлейді, ұрпаққа  өткізуге  асығады.

Әр адамның өмір жолы оның Алла тағала белгілеген тағдырымен байланысты. Жаратушымыз өзінің сүйікті пенделерін өте ауыр әрі қиын сынау жолдарынан өткізетіні тарихи шежірелерден белгілі. Бүгінде өзі құрып әрі басқаратын, белгілі мәдениеттанушы ғалым, профессор, академик т.б. көптеген атақтарға өз еңбегі арқасында бөленген жандар қатарында біздің қауымымыздың басшысы, академик Зядан қажы Қожалымов десек артық болмайды. Зядан қажының ауыр күндерде халық емшілігі саласын өркендетуге қосқан үлесі мен көрген қиыншылықтары әлі көз алдымыздан тізбектеліп өтіп жатады. Бүгінгі  таңда тәуелсіздігімізбен бірге келген 23 жылдық тәжірбиесі бар, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» басшысы, әрі зерттеуші, әрі ұлағатты ұстаз, академик Зиядан  Қожалымов ағамызды мақсаты да, талабы да, міндеті де ұлы ғалымдармен бірлесіп емшілердің сауатын, мәдениетін, халқына деген жылулығын арттыруға еңбек етіп тер төгіп жүрген құрметке бөленген ерекше тұлға деп білеміз. Зиядан ағаның XV ғасырда өмір сүрген қара үзген шипагер Тілеуқабылұлы Өтебойдақтың «Шипагерлік баянын» ізденіп зерттеуінің өзі біз емшілер қауымына үлкен абырой, атақ әрі тәжірибелік ұстанымымызға сабақ.

Мен қазақпын деген адамның төрінде тұратын «Шипагерлік баян» ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге қажетті қазына деп білеміз. Әсіресе, жүрегі иманға жақын салт-дәстүрін сақтаған киелі, тегі мықты адамдарға таптырмас дүние. Іздеген адам өзіне керекті нәрсесін жүрекке жақын қабылдай алады.

Қазіргі заманда халықтық және ғылыми медицина қатар дамып отырған заманда өркениетті елдің «Шипагерлік баяны» таптырмас ғылыми жетістігінің белгісі. Ислам  медицинасы – тілдің тазалығы, иманның беріктігі, денсаулықтың жақсаруын қатар қорғайды. Халық медицинасы – ар-ұят, әдет-ұрып, салт-дәстүрдің талаптары мен табиғаттың заңдылықтарын негіз  етеді. Батыс  медицинасы – технология  жетістігімен жеке ағзалардың әлсіреу бағытымен ғылыми жетістіктерге байланысты дамиды. Шығыс медицинасы – ішкі ағзаның тазалығымен тәннің сұлулығына көп мән береді. Осы айтылған екі түрлі медицина саласының барлық бағытын, талабын, жетістігін зерттеп, талдап халықтың игілікті емдеріне қорықпай батыл қадам жасап «Шипагерлік баянның» ғылым саласында тәжірбиелік талапқа да, ғылыми жетістікке де жетуіне тер төгіп, еңбек еткен басшымыз, ғалым, ірі ұйымдастырушы Зиядан Қожалымов ағамыз халық медицинасын әлемдік деңгейге жеткізіп, соның ішінде қазақ елінің атын да, қасиетін де, тектілігін  де ХХІ ғасырдың озық техникалық даму сатысынан қалмай өркендеуіне зор үлес қосып келеді.

«Шипагерлік баян» – зерттеудегі құнды тармақтың бірі адам баласын имандылыққа, адамгершілікке, қайырымдылыққа, әдептілікке, отансүйгіштік бағытқа сілтей отырып, Аллаһ тағала мен оның елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және ислам діні қағидаларын сақтауда адал болуға дұрыс сауатты нақты нұсқау бере алуында.

Мәселен, халал  мен  харамды ажыратуда 91-ді жеуден тыйым, 85-ті ішуден тыйым, 7-ге тиіспеуге, 41-ге жұғыспауды және 12-ден айырылмау сияқты бұлжытпай орындалуы тиісті міндеттің орындалатынын зерделеп зерттей білген. «Шипагерлік баян» нағыз ғылымның қайнар бұлағының көзі екеніне,  халықтың ұлттың мақтанышы, рухы биік қазына екенін айта аламыз. Халық  шипагерлігі де халықтың  қанымен аралас атадан ұрпаққа берілетін тектік қасиет болғандықтан зерттеуші ғалым З.Қожалымовтың қазақ халық шипагерлігінің ғылыми әрі тәжірибелік негізін қалап ғана қоймастан, ұлттық шипагерлік өнері ілімін, мәдениетін, әдіс-тәсілін әлемдік дәрежеге ғылыми танымдық деңгейге көтеруі үлкен ізденіс пен сабырдың, төзімнің, иман мен денсаулықтың жетістіктері.

Кеңес заманындағы солақай саясаттың ықпалы қазақтың халықтық емшілік жүйесін жоққа шығарғаны мәлім. Сол заманда тәлім алып атеистік жолға түскен кейбір жауапты орындарда отырған азаматтардың Қазақстан халық емшілері қауымдастығымен оның басшысы Зядан Қожалымовқа жасаған қиянаты аз болмады. Ол өзі айтқандай мыңдармен жалғыз күресті. Қазақстанның барлық аймақтарын аралап жүріп қауымдастықтың бөлімшелерін бірнеше рет қарсыластарының жаптырғандарына қарамастан және қаражатының жоқтығына мұңаймастан тыңнан жол тауып қайтадан ашып, бүгінде қауымдастықтың абыройын асқақтатып, оның қызмет түрін әлемдік аренаға шығара білді. Қауымдастықтың емші-мүшелерінің мәдениетін, білімін, адамгершілігін және имандылығын өркендетуіне ерекше ұстаздық және қорғаныстық қызметін аямады. Жыл сайын халықаралық дәрежедегі әртүрлі халықтық шипагерліктің тақырыптарында өткізілетін жиналыстар тек ғана, президент З. Қожалымовтың бағдарламасы негізінде табысты өтіп ғана қалмастан, шетелдерден қатысқан мамандар мен емшілерді де тәнті еткеніне біз мақтана аламыз. Алла тағала жаны қысылғанда Зядан қажыға ән мен жырын да нәсіп етті. Оның төл туындылары болған сазымен бірге шығарған әндері мен толғау-термелері бүгінде емшілердің ғана емес қарапайым халықтың рухани емдік-сауықтыру тәсіліне айналды. Рухы биік, ұлтының мәдени мұрасының бір саласы шипагерлік өнерін дамытудағы шипагер-ғалым Зядан қажы ағамыздың еңбегі бүгінгі ұрпаққа ғана емес, ғылым мен болашақ ұрпақ үшін де баға жетпес үлкен қазына. Бұдан бұрын емшілердің басқосуының өзі қиын болса, бүгін олардың ынтымағы артты, туысқандық қатынастары дамып келеді. Алдағы торқалы мерекелі тойына байланысты Зиядан қажыға Аллаһ тағала күш-қайрат, отбасына амандық-саулық берсін. Мақтау Аллаһтан болсын.

 

ТАҒДЫРЫ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АЙНАСЫНДАЙ

фотоҚожахметов Болат

ҚР мәдениет қайраткері

Петропавл қаласы

XX ғасырдың соңында бұрынғы Одақ көлемінде абыройы асқақтаған, талайларды мойындатқан, мықтымын дегендердің сесін қайтарған қазақтың әйгілі Одақтық дәрежедегі халық емшісі, бүгінде ширек ғасырға жуық Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті қызметін абыроймен атқарып келе жатқан, мәдениеттанушы ғалым, академик Зиядан Қожалымовтың есімі еліміздің орта жастан асқан тұрғындарына таныс. Емшілер қауымдастығын құрғаннан кейін Қазақстанның әр облысында апталап жатып, қауымдастығының филиалдарын өз қолымен құрғанын жұрт ұмыта қойған жоқ. Солардың бірі менмін. Қызмет орным – облыстық газеттің редакциясына күн сайын келіп, филиалдың қабырғасын қалағаны әлі есімде. Зекең магнит сияқты еді. Ол келгенде бәріміз айналасынан шықпайтынбыз.

Содан бері сырғып өте шыққан жиырма жылдан астам уақыт ішінде мен оны көрген жоқпын, алайда амандығына қанықпын.БАҚ беттерінен мақалаларын оқып жүремін. Енді міне, онымен жүзбе-жүз дидарласқандай болып отырмын. Соңғы  шыққан кітабы «Өмірімнің тағдыры» (Алматы, 2013) қолыма тиіп еді, бір-екі күннің ішінде бас алмастан оқып шықтым. Сөйтсем, Зекеңнің көрген бейнеті аз емес екен. Қарсыластары қауымдастықты жабуға қол жеткізгеннен кейін де, Зәкең  бас кеңсесін де, облыстардағы филиалдарын да қайтадан тіркеуден қажымады. Қуаныштысы сол – бәрі де құтты болды. Қауымдастық содан бері ұдайы жұмысын жүргізіп келеді, «Шипагерлік баян» деп аталатын төл газеті бар.

Осының бәрі «Өмірімнің тағдыры» кітабында егжей-тегжейлі баяндалған. Жалтақтауды білмейтін Зекең ақиқатты да айта білген. Қауымдастығына қақпан құрғандардың аты-жөндерін бадырайтып тұрып жазған.

Зекең – сонау тоқсаныншы жылдардың басында-ақ Мәскеуде де, Алматыда да өзінің қайталанбас сеанстарымен қалың қауымды мойындатқан тұлға. Ол аруақ қонған адамдарда артынан еріп жүретін, әрине жай адамдарға көрінбейтін жебеушісінің болатынын құмалақсыз-ақ бәрін де қолмен қойғандай қылып айтып бере алатын. Зекеңнің аруағы күшті екендігіне осы мысалдың өзі-ақ жеткілікті ғой. Алайда ол: «Аруағымен жебеп жүретін арғы-бергі бабаларыңның біреуінің рухы қасыңнан қалмайды» десе, дүйім жұрттың бәрі бірдей сене бермейді-ау... Сондықтан ол ауруханаға түскенінде үш сағаттың ішінде көзіне көрінген аруақтардың іс-әрекеттерін оқырмандар назарына ұсыныпты. Оның аруағы күшті адам екендігін білетін мен Зекеңе толық иланамын.

Зекең туралы айтқанда ұлтымыздың ұлы шипагері – Өтейбойдақ бабамыздың есімін ауызға алмай болмайды. Зекеңнің бірінші қолдаушысы Құдай болса, екіншісі  – осы ғұлама. Қазіргі тілмен айтқанда, медициналық энциклопедияның авторындай болып табылатын оның анау-мынау адамның тісі батпайтын «Шипагерлік баянын» шым-шытырық қалпында қалдырмай, XV ғасырдың дүниелігін XXI ғасырдың кәдесіне жаратқан Зекеңнің еңбегі орасан.

«Жігітке жеті өнер де аз» деген мәтел Зекеңе әбден қатысты. Ол қолы қалт еткенде өлең де жазады, ән де жазады. Ал қиыннан құрастырып, өлең жаза алатын адам, әрине, қара сөзге де қамшы салдырмайды. Бұл кітаптағы оның мақалалары, әзілдері – бәрі де осының дәлеліндей. Дәлел демекші, оның Өтейбойдақ бабасы туралы сахналық қойылымның сценарийін жазғандығын қалайша атап кетпеске?! Оған қоса «Шипагерлік баян» деп аталатын әннің мәтінін де, музыкасын да өзі жазған. Қайырмасы «Данышпан атам, ғұлама бабам» деп басталатын, екпіні жағынан маршқа ұқсайтын бұл әнді мәңгілік ескерткішке балауға әбден болады.

Бір ғажабы – білімді басшы, ғаламат шипагер Зекеңнің әндері де дәрі-дәрмек сияқты. Құдіретті қуатымен шипа болып дариды. Оның бір топ әндері, медициналық тілмен айтқанда, «музыкотерапия» ретінде пайдаланылды. Олар Астанада ғана емес, Англияда, Ирландияда, Италияда орындалып, көрермендердің бойын балқытты, ойын шалқытты.

Көңіліндегі көрікті ойды қағазға түсіруді қалайтын Зекең Омар Хайям сияқты рубаяттар немесе нақыл сөздер жазғанды да жақсы көреді. Кітаптың түйіні сияқты болып тұрған бұл топтаманы да орынды дер едік.

Өкінішке қарай, ширек ғасырға да толмайтын тәуелсіздік жылдарында өнімді еңбек етіп, 23 кітап шығарған Зекеңнің бұған дейінгі толымды туындылары қолыма тиген жоқ еді. Оның есесіне жарты ғұмырын баяндап бергендей болған соңғы кітабын оқып  шыққанымда автордың өзін көргендей әсер алғанымды несін жасырайын?!

Зәкеңнің алдағы торқалы 70 жылдық мерейтойы құтты болсын!

 

ҰЛТТЫҚ МАҚТАНЫШЫМЫЗДЫҢ БІРЕГЕЙ ДӘЛЕЛІ

фотоТұрсынғазы Тұрақын

Дәрігер-емші

Ақтөбе қаласы

Әлемдік ғылым мойындаған «әр халықтың өзіне тән ұлттық мақтанышы болады» деген бір қасиетті ұғым  бар.

Әлхамдұллаһй, Біздер  бүгін  жер  жәннәті Жетісудың қасиетті Алатау бөктерінде,  Қазақ елінің тәуелсіздігін жариялап, көк туын көтерген Алматы қаласында бас қосып, ата-бабаларымыздың ақыл-парасаты мен дәстүрлі халық емшілер ұжымының 23 жыл  бойы табанды түрде халқына қызмет көрсеткен, Қазақстан халық емшілер  қауымдастығының (ҚХЕҚ) президентінің 70 мерей тойына келіп бас қосып отырмыз. Сондай-ақ Қазақстан  Республикасының тәуелсіздігінің 23 жылдық ұлы мерекесі мен бір мезетте аталып  отырған осы конференция ақжолтай халқымыздың тарихи қуанышының жеңісі мен жетістігінің де бірегей дәлелі болып табылады.

Мен Қытайда туып өскен және сол елдегі Құлжа қаласында тұратын Қазақ  қызымын. Сондықтан бүгінгі күні менің тарихи отанымның жеңістері мен жетістігі,  менің де бірегей ұлттық мақтанышым болып табылады. Әрине дәстүрлі халық емшілігі деген киелі ұғым алдында, Қазақ емшілері бес ғасырдан астам тарихы бар әлемдік деңгейдегі  қараүзген қасиетті емші бабамыз – Өтейбоидақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян»  атты атақты еңбегін тұңғыш баспадан шығарып, көмескі қалып бара жатқан үлкен  ғұламаны, әлемге машһұр етуге үлес қосқан Қытай ғалымдары мен Қытай өкіметіне,  сауаты кемел әр Қазақ азаматы бұл күні алғыс айтуда. Демек мұның өзі, дәстүрлі халық емгерлік ғылымын әлемнің алдыңғы қатарындағы Қытай елінің Қазақтың шипагерлік ғылымын толық мойындағаны, ұлтымыздың рухани мәдени байланыстағы жетістігі деп  білеміз.

МашАллаһ, ұлтымыздың демекші осы бір жетістігіміз сөз болған сәтте, біз  Қазақстан халық емшілер қауымдастығы мен осы ғылыми құрылымның іргетасын өз  қолымен қалаған ҚХЕҚ Президенті, Академик Һәм көрнекті қаламгер,  һәм қоғам қайраткері,  Зядан  Қожалымовтың да дарынды ұйымдастырушылық еңбегін айырықша  алғыспен мақтаныш етеміз. Бұл сөзіміздің дәлелі, Өтебойдақ сынды тарихи ғұламамызды, халықаралық деңгейде, ЕуроАзия халқына таныту жолында, З. Қожалымовтың ғылыми қолтаңбасы, ғылыми көпшіліктің шынайы алғысына ие болды. Мұның бір мысалы үстіміздегі  жылы ҚХР, Іле Қазақ автономиялы облысына шақыру бойынша барған Зядан ағаны, ондағы Қытай елі ғалымдары мен қаламгерлері зор қошаметпен  қабылдады.Ал ҚХР-да тұратын отандастарымыз қараүзген ғалым –  З. Қожалымовты, Өтейбойдақ бабаны тарихи отанымыз арқылы әлемдік мінбеге шығарғаны үшін, Аллаһ разы болсын деп алғыстарын жаудырды.

Мен Қытайдағы қазақтар арасында, музыка мәдениетіне қызмет көрсетіп жүрген  кәсіпқой музикант-домбрашы Анар едім, енді міне бір Алланың жәрдемімен ата-бабамнан мирас болған  шипагерлік жолды қабылдап тарихи отаныма ат басын бұрып, Зядан Қожалымов сынды дарынды ғалым жетекшілік ететін Қазақстан халық емшілері  қауымдастығының мүшесі, білгір-емші болып қалыптастым.

Қадірменді, ағайын-туыс, алаш азаматтары мен Сіздерге, отаннан шалғайда  жүреген Қазақ бауырларыңыздың Қазақ елінің тәуелсіздігінің 23 жылдық торқалы той – мерекесіне деген ықыласқа толы отаншылдық сәлемін әкелдім. Алла тағала барлық  істерімізге береке бергей, Алланың рахметі бәрімізге шапағат нұрын төгіп, еліміздің Тәуелсіздігі ұзағынан сүйіндіріп, баянды бола берсін деп тілейік ағайын!  Әумин!!!

 

 

 

 
в верх