Ғибратты өмір
3 | ||
главная вернуться | ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 | ||
I бөлім МӘДЕНИЕТТАНУШЫ ҒАЛЫМ, академик ЗЯДАН ҚОЖАЛЫМОВТЫҢ ЕҢБЕКТЕРІНЕ ҒАЛЫМДАРДЫҢ ОЙ-ПІКІРЛЕРІ З.Қожалымовтың «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» монографиялық еңбегінде (А. Шалкөде, 2009) зерттеу халықтық шипагерлік мәдениетін және Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баянын” атты еңбегін бірлестіре зерттеп отырған алғашқы философиялық зерттеу жұмысына жатады. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы емдеу мәдениетіндегі энциклопедист-ғалым, шығыс медицинасының ғылыми-ұлттық жүйесін қалыптастырушының бірегейі. Тұлғаны шығыс медицинасы мен емшілік дәстүріндегі «екінші Ибн Сина» деуге тұрарлық... Зерттеу тақырыбының түйінді мәселелері өзіндік танымдық-әдістемелік шешуін тапқан. Зерттеуші мақсат міндеттері бойынша өз ойларын тиянақты жинақтай отырып және жүйелі жеткізген деуге болады. Бұл зерттеудің ізденісі философиялық ой жүйесі бойынша қарастырылғандықтан, еңбекті лайықты іргелі жұмыс деп есептеймін. Ғылыми жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, ҚазҰУ профессоры Молдабеков Ж.Ж. Зерттеуші Қожалымов Зяданның «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты ғылыми еңбегінде қазақ мәдениетінің шығыстық мәдениет арнасындағы бастапқы тарихы өзіндік индентификация іздеген қазіргі таңдағы қазақтарға түп тамырға жол көрсеткендей. Зерттеу Ө.Тілеуқабылұлының жарық көрген еңбегі негізінде оның жалаң шипагерлік шығармашылық емес, дүниетанымдық, мәденитанымдық, адамгершілік, имандылықтың мәдени бастауын анықтайтын жан-жақты шығарма екендігін дәлелдеу тұрғысынан жазылған. Сайып келгенде, ешкімнің бұл жұмыстың шипагерлік саласындағы философиялық-мәдениеттанымдық алғашқы жұмыс екендігіне күмән келтіруге болмайды. Жалпы зерттеу жұмысының сұлбасы белгіленіп тұр, сондықтан да бұл еңбек ғылымдағы өз орнын табады деп білемін. Философия ғылымдарының докторы, Қаз ҰУ профессоры Құлсариева А.Т. Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты ғылыми еңбегінде зерттеуші Қожалымов Зядан зерттеу міндеттері етіп емдіктің халықтық сипаты мен түрлерін ашып, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шығыс шипагерлік дәстүрдің ғылыми негізін қалаушылардың бірегейі екендігін, оның емдік әдіс амалдарының арқауын айғақтауды, емдік мәдениеттің танымдық-тәрбиелік маңызын, адам биоөрісі қуаттарын ашып беруді, рухани, медициналық, музыкалық ем, денсаулықты тазарту мәдениетін жақсартудың жолын дәйектеуді және «Халықтық шипагерлік» сияқты шипалық дәстүрін және мәдени және тарихи формаларын жан-жақты талдаған. Бұл зерттеу тақырыбы бұрын зерттелмеген, кең ашылып, толық бір арнаға түспеген тың тақырыптардың қатарына жататынын ескерсек, зерттеушінің алдына көтерген тақырыпты мәдени-философиялық тұрғыдан жан-жақты саралап, ғылыми негіздерінің көздерін аша отырып толықтыра түседі. Зерттеуші алдына қойған мақсатына толық қанды жетеді деген ойдамын. Философия ғылымдарының кандидаты, ҚазҰУ доценті Г.Ә.Сәрсенбекова Зерттеуші Қожалымов Зяданның «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты ғылыми еңбегінде өте күрделі, әрі ғылыми атауы мен танымдық дәрежесіне толық баға берілмеген халықтық шипагерлік дәстүрдің проблемалары туралы тың философиялық талғамдық ойлар айтылып, тұжырымдар жасалынып, жаңа ғылыми нәтижелерге қол жеткізген. Бұл зерттеуде ұлттық шипагерлік мәдениетінің ерекшеліктері зерделеніп оның көршілес шығыс пен Орта Азия елдерінің шипагерлік дәстүрімен сабақтастығы, үйлесімдігі туралы ұлттық философиялық танымдық ой желісімен баяндап тұжырым жасаған. Зерттеуші З.Қожалымов б.д.д. және XV ғ. Ө.Тілеуқабылұлының еңбегін және бүгінге дейінгі халықтық шипагерліктің тарихын ғылыми негізде зерттеп және толық көрсете білген. Бұл еңбек ғылыми зерттеу талаптарына сай орындалған және пайдалануға ұсынуға толық болады деп есептеймін. Философия ғылымдарының докторы, ҚазҰУ профессоры Б.И.Абирова Зерттеуші Қожалымов Зяданның «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты ғылыми еңбегі бұл бабамыз туралы жазылған тұңғыш ғылыми монографиялық кітап. Зядан омбылап жол салды. Мен ойлап қарасам, шын мәнінде біздің Өтейбойдақ бабамыз “Қазақтың ибн Синасы”. Бұл ғылыми еңбекті жазуда Зядан ғарыштық байланыстық жүйені және осы заманғы ғылыми жүйенің талдамаларын дұрыс пайдаланып, өзінің ғылыми тұжырымдамаларын ұлттық философиялық талдауда нақ түсіндіре білген. Қысқасы, З. Қожалымовтың бұл еңбегі Орта Азиядағы алғаш жазылған әл-Фарабидің “Медициналық трактатынан” кейінгі екінші еңбек ал, қазақ елі тарихындағы халық медицинасы саласындағы зерттелген тұңғыш бірінші еңбек екендігін мойындағандығымыз жөн. Мен монографиялық еңбектің авторына осындай құнды философиялық талдауына жоғарғы баға беремін. Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы Зерттеуші Қожалымов Зяданның «Ғаламның жұмбақ сырлары» еңбегінде (А. Шалкөде, 2009) тылсым дүние, дін және ұлттық салтпен байланыстырып ой толғап, сыр шерткен еңбек. З.Қожалымов Өтейбойдақ мұрасын зерттеп, құнды мақалалар жазып, кітаптар шығарып, түрлі ғылыми конференциялар мен конгрестер өткізіп, 20 жылдан бері еңбектеніп келе жатқан Өтейбойдақтанушы, шипагер және ақын жанды тұлға. Кітапта Өтейбойдақ негізін салған қазақ халқының шипагерлік ілімі мен тарихы және оның бүгінгі уақытпен байланысы жан-жақты айтылып, баяндалған құнды еңбек. Жазушы, профессор Ораз Қауғабай Республикаға белгілі халық медицинасының ірі маманы, зерттеуші ғалым Зядан Қожалымовтың «Денсаулықты жақсарту тәсілдерінің жолдары» (А. Шалкөде, 2011) кітабы – халық медицинасындағы ескерілмей қалған кейбір құнды материалдарды толық көлемде қамтып зерттеп жазылған аса қажетті құнды еңбек. Кітапта биоэнергетика, адамның қуаты, ғарыштық жүйенің ерекшеліктері, әуендік терапия, балдың емдік қасиеттері, ғарыштық жоғары ақыл-ой, балшықтың емдік қасиеті, рухани даналық, зомбиланудың әсері тағы басқа күрделі мәселелер жөнінде нақты анықтама беріліп, зерттеудің негізінде тұжырымдама берген. Әлі де көптеген оқырмандарынын дәріптелетін, халық іздеп жүріп оқитын кітап болатынына сенімім мол. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан Зекейұлы Зерттеуші ғалым Зядан қажы Қазақ Ұлттық Университетінің ғылыми зерттеушісі ретінде XV ғасырдың ғұлама шипагері Өтейбойдақ бабаның «Шипагерлік баян» атты еңбегін зерттеу нәтижесінде шипагерлік ілімді дамытып, Шығыс медицинасының құпиясын ашуда көп үлес қосып келеді. Өтейбойдақтанушы ғалым Зяданның «Ғаламның жұмбақ сырлары» атты кітабы негізінде жас халық емшілеріне арналған. Оқулықтар жазу, көрнекті, деректі фильмдер түсіру өмір талабы демекпін. Құндылығы мен қажеттілігі жағынан жаңа тылсым ғылым саласы бойынша жазылған бұл еңбектің маңыздылығын жоғары бағалаймын. Медицина ғылымдарының докторы, ХҚТУ профессоры Жандар Керімбектің Ермаханы Зерттеуші Қожалымов Зяданның «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты ғылыми еңбегі арнайы ҚазҰУ-дың факультеттік ғылыми кеңесінде қаралып бекітілген. Бұл монографиялық еңбекті ҚазҰУ-нің төрт философия ғылымының докторлары електен өткізіп, емшілік философиясына нақты бағаларын берген. Кейбір ғалымдар қазақтың философиясы жоқ деп айтады. Бұл дұрыс емес. Бүгінде еліміздің ғылым саласында ұлттық халық медицинасы жөнінде тұңғыш философиялық танымдағы З.Қожалымовтың бұл монографиялық еңбегінің жазылуы, бүгінге дейін ғылым саласында қаралмаған тың тақырыптың жаңғырып оянуы демекпін. Сол үшін де бұл еңбектің құндылығы жоғары. Кітаптың авторына ғылыми еңбегін жалғастыра беруіне тілектеспіз. педагогика ғылымдарының кандидаты, ХҚТУ профессоры Құрбанқожа Сансызбай Зерттеуші ғалым З.Қожалымовтың «Мәңгілік құпия шежіресі» атты еңбегінде тұңғыш рет тәңірдің құдіретінен болып жатқан адамзатқа белгісіз құпиялардың көзін ашып береді. Яғни, Жаратушы күштің бар екенін мойындап, имандылықпен өмір сүру керектігін айтады. Өмірде болы жатқан жасанды әулиелер мен жасанды құдайлар жөнінде де нақты діни тұрғыда тұжырымдама жасалған. Кітап 445 бет көлемде 11 тараудан тұрады. Әр тарауда ғылымға қажетті мәселелер толық қамтылады. Адам, Жер, Ғарыш арасындағы байланыстық жүйемен тылсым сырларына нақты тұжырым жасаған. Автор көз тию, дуалау мен сиқырлау және қуатсорғыштар мен вампирлер және қарғыс жөнінде әлі белгісіз құпияларды толық ашады. Табиғи ем және салауатты өмір салты сияқты адам денсаулығының пайдалы жақтары да бұл еңбекте қамтылған. Сайып келгенде, күнделікті тіршілігіміз бен біліп істеген қиянатымыздың ара жігін ашып берген бұл еңбектің негігі хикаясы – адам баласы соңғы 2000 жыл өзі жасаған заңымен өмір сүріп келетіндігін түсіндіретін қажетті құрал. Сол үшін де бұл еңбек оқырмандарға құнды еңбек деп бағалаймын. Тарих ғылымдарының докторы, этнограф Төтенайдың Базарбегі Зерттеуші ғалым Қожалымов Зяданның «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты еңбегі ғасырлар бойы өзінің құндылығын жоғалтқан халық емшілігінің қайтадан гүлденіп, жаңадан тарихын қалыптастыруда алғашқылардың бірегейі болып үлес қосқан, ғалымның еңбегі екендігін мойындаймыз. Мен Республикамызға танымал көрнекті ғалымдардың жақсы пікірлеріне ризашылығымды білдіремін. Өтейбойдақтанушы ғалымның еңбегіне ғылыми көзқараспен оң бағамды беремін. Бұл монографиялық еңбегі өзінің тілінің жаттықтығы, түсініктілігі, ғылыми талдауларының ауқымының дәлдігі мен құндылығы жағынан халық емшілігінің тарихы мен мәдениетін ғылыми негізде философиялық таныммен жазылған тұңғыш еңбектің ғұмырлы болары анық. Медицина қызметінің үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Тұрсын Балғымбекұлы Бекен Кешегі Кеңес үкіметі кезінде емші, бақсы, молда десе соңына түскен. Бүгін осы адамдардың қоғамдағы орнын алып, бастарын қосып үлкен жиындар жасап отырғаны үлкен жетістік. Адам баласы екі болмыстан тұрады. Біреуі – жан, біреуі – тән. Шындығына келгенде қазіргі медицинаның кемшілік жері бар. Ол тәнді ғана емдейді. Ал, жанды емдей алмайды. Халық емі жан менен тәнге де шипалық қызметін атқарады. Осы емшілердің басын қосып үлкен ұйымға айналдырған Зядан қажы ағамызға үлкен рахмет айтқым келеді. Ұйымдарыңыздың басы ажырамай, әрі ынтымақты, әрі берекелі де иманды адам мен қоғамды сауықтырып жүрген күшсіздер. Сондықтан мен қауымның басшысы Зядан қажы Қожалымовқа және оның қауымына жақсылық тілеймін. Тарих ғылымдарының кандидаты, ХҚТУ доценті Зікірія Жандарбек
II бөлім АҚЫН-САЗГЕР ЗЯДАН ҚОЖАЛЫМОВТЫҢ ӨНЕР САЛАСЫНДАҒЫ ЕҢБЕКТЕРІНЕ МАМАНДАРДЫҢ ПІКІРЛЕРІ ЗЯДАНҒА АҚЖОЛ ТІЛЕЙМІН! Өнер десе ішкен асын да қоя салатын қазақтың мінезі әу бастан-ақ белгілі. Табиғат солай жаратқан. Әуен-жыр халқымызға Құдайдың бере салған енші, сыйы. Сондықтан да әрбір қазақтың тұла бойы тұнған әуез, сырлы саз десем, менің бұл ойымды ешкім артық айтты дей қоймас. Кейінгі жылдары қатарынан суырылып, алға озғандар тобынан Зядан Қожалымовты да көріп жүрмін. Әуен-жырларының бәрі де көз алдымда туған сияқты, жаныма да, ойыма да жақын. Төл туындылары көптеген газет-журналдарда да жарияланып жүр. Радионың күнделікті хабарларында әуелете шырқайды. Демек, мұның бәрі бекер болмады, өмірден өз жарасымын тапты! Жақсы жыр мен әдемі ән ешқашан да өшпейді, өміршең келеді. Зяданның туындыларында да сондай сипат бар. Олар өзінің сонылығымен, әуенділігімен, мәнділігімен ел арасына ене берері сөзсіз. Әуелгіде ол қарапайым әндерімен ерекшеленсе, бүгіндері термелер мен толғауларға да бақ сынап, бапты дүниелер тудырады. Әдетте мұндай шығармалар жазу сазгермін деген әркімнің қолынан келе бермейді. Өйткені, бұл күрделірек жанр саналады. Оған бару үшін үлкен ізденіс қажет. Өнердегі жолы күн өткен сайын ашыла түскен сазгер әрі ақын замандасым Зядан Қожалымовқа сәттілік пен ақ жол тілеймін! Құрметпен, Темір Тайбеков - сазгер 22.12.2000 жыл, Алматы ӘН ӨЗЕГІ – ИМАНДЫЛЫҚ Тәуелсіздік тарих тағдырдың біздің ұрпаққа берген басты бақыты, баға жетпес дәулеті деп білген жөн-ау. Бағытымыз бен сол бақытымыз баянды болсын, тәңірім ұзағыңнан сүйіндірсін дейміз! Өтпелі кезеңде, әсіресе жастар арасында көрініп қалып жатқан өгей қылықтар сол кездегі «биік мақсатты тәрбиенің» нәтижесі ме екен демеуге шара жоқ. Әйтпесе, біреуді қорлап алу, қорқытып алу, қолындағысын тартып алу деген тағылықтар болар ма еді? Қырандар түлегін қияға самғатып баулитыны сияқты, біз де жеткіншек ұрпақты бос белбеу тірлікке емес, басқалармен бірдей бағын сынап, есесін жібермейтіндей нартәуекел мен іскерлікке тәрбиелегеніміз ләзім. Жастарға жамандық біткеннен аулақ болу жолын көрсету, ақыл-парасаты мол, көзі ашық зиялылардың еншісі деп білеміз. Сондай кісінің бірі республика жұртшылығына мейлінше танымал азамат Зядан Қожалымұлы. Ол кісінің республикалық басылымдарда жарық көріп жүрген мақалаларының басым көпшілігі адалдық, адамгершілік, имандылық деген киелі ұғымдарға құрылған. Бір мақаласында ол кісі былай дейді: «Адамды адам ретінде оқшаулап тұрған оның рухани мәртебесінің биіктігі, рухани игілікті тұтынғандығы. Ал мәдениет дегеніміз, сол рухани игіліктердің басы тоғысатын ұлттық ұя», – дейді. Айтқалы отырғанымыз Зәкеңнің басылымдарға жарияланып жүрген мақалалары туралы емес (ол туралы арнайы әңгіме етсе де болмас еді) емшілік қасиеті туралы. Мақала басында ескерткеніміздей тәуелсіздік арқасында ортамызға қайта оралған халық емшілігі дейміз. Республикамызда халық емшілерінің ассоциациясы өмірге келіп, халық емшілерінің құрылтайына бірауыздан Зядан Қожалымұлы оның Президенті болып сайланғандығы туралы Республикалық біраз басылымдар жария еткен болатын. Бүгін сол әруақты азаматтың көпшілік сұраулары бойынша әр кезде басылым беттерінде жарияланып жүрген шипалық қасиеті бар «Құдірет» атты өлеңін көпшілікке ұсынуды жөн көрдік. Сариев Ә. “Шымкент келбеті” газеті, № 25 (308) 21.06.1996 ж. ХАЛЫҚ ЕМШІСІНІҢ ЖҮРЕГІНЕН ТУҒАН ӘН Қазақстан халық емшілері Ассоциациясының президенті Зядан Қожалымовты жұртшылық халық емшілері қауымдастығын тұңғыш ұйымдастырушы әрі осы дәстүрлі саланы одан әрі дамытушы ретінде біледі. Бұл кісінің халық емшілерінің қара шаңырағын басқарғанына да міне бес жылдай уақыт болған екен. Содан бері Халықаралық дәрежедегі халық емшісі Зядан Қожалымов Ассоциацияның жұмысын жолға қойып, сол арқылы әруақты емшілердің танылуына өзінің лайықты үлесін қосып жүр. Ал, енді Зякеңнің тағы бір қыры туралы әркімнің біле бермесі анық. Ол – бұл қасиетті адамның өнер саласындағы ізденістері. Атап айтар болсақ, ол өлең жазып, ән шығарады. Халық арасында таралған әндері де жоқ емес. Төменде халық емшісінің жаңа әндерінің бірін оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз. Сихымбаев Қуаныш “Апта” газеті, Жезқазған, №43 (196) 25.10.1996 ж. КӨҢІЛ КҮЙІН ТЕРБЕГЕН Зядан Қожалымовты халық емшісі ретінде білетінбіз. Оның негізгі мамандығы инженер-электрик болса да, Құдай берген құдіреттің арқасында оған емшілік қасиет дарыған. Ол Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, Қазақстан журналистер және психологтар Одақтарының мүшесі, Халықаралық және Ресей халық емшілері Ассоциациясының мүшесі. Халықаралық дәрежедегі биоэнерготерапевт, рухани шипагер, парапсихолог. Ол осы қасиеттеріне қоса өлең-жыр жазумен де шұғұлданады. Оның бірқатар поэзиялық шығармалары Республикалық баспасөз беттерінде жарық көрген. Енді осыларға қоса Зядан өзінің өлең, терме, толғауларына ән де шығарып жүр. Биыл Алматыда оның көп жылдан бері жазған өлеңдері іріктеліп, «Көк тәңірі жүр жебеп» – деген атпен әндері ноталарымен қоса жарық көрді. Кітап шағын болғанымен, оның ішіндегі дүниелер адамның көңіл-күйінің әр шақтағы иірімдерін дөп басып сырлы сезімдерге жетелейді. Автордың шығармаларында ізгілікті, дінді, адамгершілікті насихаттайтын сарын басым. Сондықтан да оның өлеңдері салиқалы, салмақты, мазмұнды болып келеді. Ақынның өзі де бір өлеңінде: Қонды қалай деп оны сұрамағын, Бағы ғой берген маған бір Алланың. Ата-ана наз жыры бойға дарып, Шабыттанып, ой шалқып, жыр жазамын, – деп ақындық өнердің қалай дарығаны жөнінде сыр шертеді. Ақын қай күнде де халықпен бірге, соның мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған. Елінің жақсысына сүйініп, жаманына күйінген. Оны қоғамда болып жатқан сан қилы өзгеріс құбылыстар да толғандырмай қоймайды. Сондықтан да ол «Тағдырдың тәлкек заманы-ай» деген әні бар өлеңінде мына заманның қым-қуат құйтырқы тірлігін суреттей келіп: Шаттанған елім, жайнағың, Бұзылмай, халқым, қаймағың. Тәуелсіз елсің мінекей, Бағыттан енді таймағын, – деп елінің тәуелсіздігіне тәубе етіп, оның болашағына зор сеніммен қарайды. Кітаптың жартысына жуығы толғаулар мен термелерден тұрады. Бұл шығармаларында да Отанға, еліне, өз халқына деген ақынның сүйіспеншілігі, адамгершілік, ар-ождан, бабалар, ағалар рухына деген тағзым арқау етіп алынған. Мәселен, «Халқыма айтар жан сырым» атты ұзақ толғауында: Имандылық ордасы да менің елім болады, Бақыт құсы келіп саған мәңгілікке қонады. Ырысың мен ырыздығыңның несібесі алдында, Жаратушы бір өзіңді қорғауына алады, – деп түйіндейді. Кітапта көптеген өлең, толғауларының ноталары қоса берілген. Ол жөнінде сазгер Темір Тайбековтың пікірін келтіре кеткенді жөн көрдік: «Жақсы жыр мен әдемі ән ешқашан да өшпейді, өміршең келеді. Зяданның туындыларында да сондай сипат бар. Олар өзінің сонылығымен, әуенділігімен, мәнділігімен ел арасында ене берері сөзсіз. Әуелгіде ол қарапайым әндерімен ерекшеленсе, бүгіндері термелер мен толғауларда да бақ сынап, бапты әндер тудырды». Біз де кітап авторына – шабытың шарықтай берсін, өнер әлеміне сермеген қанатың әсте талмасын, – деп тілейміз. М.Нұрмұқанов, “Солтүстік Қазақстан” газеті, 28 тамыз 2001. ШИПАЛЫ ЖЫР ЖОЛДАРЫ Бұл кітаптың авторы – Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, Қазақстан Журналшылар және Психологтар одағының мүшесі, халықаралық дәрежедегі биоэнерготерапевт, рухани шипагер, парапсихолог. Мұнда автордың көптеген жылдардан бері жазған поэзиялық шығармаларының таңдаулылары іріктеліп, республикалық және облыстық баспасөзде жарық көрген әрі радиоларда орындалған әндері мен рухани тәрбиелік ерекшелігі бар терме және толғаулары топтастырылған. Біраз шығармалары облыстық және Республикалық радионың алтын қорына қалдырылған. З.Қожалымовтың «Құдірет», «Ақ гүлім», т.б. әндерін көп жылдан бері халық шырқап келеді. “Ана тілі” газеті, 24.05.2001 ж. КҮНДЕСЕҢ ДЕ ІШТЕН ТЫҢ, ҮНДЕМЕГІҢ... “Көк Тәңірі жүр жебеп”, Зядан Қожалымов. “Тоғанай Т” баспасы, 2000. “Күндемегің, ей досым, күндемегің, Күндесең де, іштен тың, үндемегің...”, “Көк тәңірі жүр жебеп” – деп аталған көк кітапша ішінен сөз бен саз өнерінің қағидаларына сәйкес көркемдіктен гөрі адамгершілікті, адалдықты, ізгілікті уағыздайтын осындай қарапайым көсем ойлар мен ақыл-кеңестерді іздесек, іздегенімізді табамыз. Тылсым күш құдіретін зерттеуші, әрі тікелей байланысушы, Қазақстан Халық емшілері қауымдастығының президенті, түрлі Халықаралық халық емі ассоциацияларының мүшесі, биоэнерготерапевт, жантанушылық білгері, рухани сауықтырушы шипагер Зядан Қожалымовты өлеңшілік, һәм сазгерлік қырынан таныстыратын кітаптың күміс тіні – Ар, Ождан, Жан, Тән тазалығы. Белгілі кәсіби сазгер Темір Тайбеков сәт-сапар тілеген кітаптың музыкалық редакторы – Әшірхан Телғозы, әдеби редакторы – Әнуар тарақ. Басылымдарда жарық көріп, әуе толқындарында орындалып жүрген емдік шипалық әндері мен рухани тәрбиелік сипаттағы терме-толғаулары топтастырылған. Әндерінің көбінің сөзі мен сазы – өзінікі. Төлеу Қосан, Эльмира Жанабергенова, Ләззат Зяданқызы әндерін шығарған терме-толғаулары бар. Ел, жер, дін сүйіп-сыйлаған жүректің толғақ – бұрқағы: “Халқыма айтар жан сырым”, “Ашылсын бағың, қазағым”, “Иманым”, “Тәубеге келу”, “Құлпытасқа тағзым...” Көңілдің кейбір кездерінде туған ой иірімдерінің қалқыған көбігі: “Өмірім”, “Көңілім”, “Өлеңім”, “Шіркін, дүние-ай”, “Адам аласы ішінде”, “Тағдырдың тәлкек заманы-ай”, “Күндемегің...” Ән сүйген, рух сүйген әркіміңізге көк тәңірі жебей жүрсін! Гүлзира Серғазы, “Алматы ақшамы” газеті, 20 маусым 2001. ҚҰДІРЕТ Ән авторынан: Құрметті редакция алқасы, “Құдірет” – әні 7 маусым 1992 жылы дүниеге келген-ді. Өзінің жеке тарихы аруақты жандар мен ғарыштық рухтар арақатынасымен жалғасып жатқандай, 11 маусым 1992 жылы республикалық радио торабының “Жастар” бағдарламасы эфирге шығарды. Содан бері Республиканың облыстық радио тораптары арқылы тұрақты берілуде. “Құдірет” – әнінің адам жанын емдеуде де шипалық қасиеті күн сайын артуда. Тіпті сөзін жаттап алып, ем үшін өзіңе пайдаланып жүргендер де көбеюде. Менің әлемдік сеанстарымда да орындалды. Осыған байланысты халық тілегін ескеріп, әнді нотасымен баспа бетіне беріп отырмын. “Жас Алаш” газеті, 21 ақпан 1995
| ||