Ғибратты өмір

 

 

6

 главная                                                  вернуться 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28

 

 

IV бөлім

 

 

ғылыми конференциядағы жарыссөздер

 

Халық медицинасының тұңғыш ғалымы

 

Жаханов Амангелді

ҚР Жоғарғы білім беру

ісінің құрметті азаматы,

Медицина ісінің үздігі,

 ҚазМҰУ-нің профессоры

Алматы қаласы

фото

Осы конференцияға қатысушы ғалымдар мен емшілер және қауымдастық мүшелерін құттықтаймын. Конференцияның болуы оны бастаушы, жетектеуші және оны бүкіл халықтық дәрежеге жеткізуші осы біздің қазақтың Зядан Қожалымовы. Қауымдастықтың атқарған жұмыстары орасан зор. Бұның өзі іскерлікті, білімділікті осы қауымның мүшелерімен араласып, үлкен берілген міндетті атқарып осы дәрежеге жеткізіп отырған біздің Зәкең. Елбасының өзінің құттықтауында да Зәкеңнің атына өте жақсы құттықтау сөздер жазылған. Осы конференция жұмыстарыңа табыс тілеймін. Жақсы ой-пікірлеріңізді ғылыми дәрежеде яғни, ең жоғарғы дәрежеде білдіріп, конференцияның өз деңгейінде өтуіңе ат салысыңыздар. Ал енді конференция құтты болсын. Мәдениеттанушы ғалым Зядан Қожалымовтың еңбектерінің «Халық медицинасындағы құндылығы мен маңыздылығы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның өзі осы қауымдастықтың жұмысының құндылығын көрсетеді. Мен бұдан бұрын да қауымдастықтың ұйымдастырған әр түрлі тақырыптағы конгрестері мен форумдарына қатысып, жетістіктеріне куә болдым. Бұрын тарихта аталмаған, ғылымға енбеген дәстүрлі халық медицинасының бүгіндегі жетістігі қауымдастықтың басшысы ғалым Зядан Қожалымовтың ғылыми еңбектерінің нәтижесі.

Табысты болыңыздар! Зәкеңе денсаулық, еңбектеріңе табыс тілеймін!

 

 

сөйлеймін деген ойымда жоқ еді

 

Тұрғанбек Құлмаханов

Медицина ғылымдарының

кандидаты, доцент

Алматы  қаласы

фото

Құрметті қауым! Шынымды айтсам сөйлеймін деген ойымда жоқ еді. Мұндай конференцияға келіп тұрып, бір сөз айтпай кеткеннің өзі ұят болар. Сондықтан ойымда қандай тілектер барын айтып кетсем деп едім. Осы қауымдастықтың алғаш пайда болып, осындай дәрежеге жетуінің бәріне өзім куә болғам. Шындығында осындай дәрежеге жеткізу, жоқ жерден осы қауымдастықты құру Қазақстандағы барлық емшілердің басын қосып, жұмысын алға қою, құр жұмысын істетіп ғана қоймай, қаншама ғылыми еңбектер жариялау бұл әркімнің қолынан келе беретін шаруа емес. Қауымдастықтың жұмысына беріле кірісіп, осындай жағдайға жеткізіп отырған ініміз Зядан қажы Қожалымов. Қауымдастықтың осындай дәрежеге жетуі Зяданның арқасы деп білемін. Осы жұмысты бастаған кезде алдарыңызда отырған Зәкең жап-жас жігіт еді. Қазір міне әжептеуір жасқа келді. Жүрегі жастығы ғой осы күнге дейін шаршадым демей осы қызметті істеп жүргені. Екіншіден, сіздердің де еңбектеріңіз. Өйткені, сайлау өткізіп Зәкеңді бірауыздан президент етіп сайладыңыздар. Соның өзі ешқандай сөзсіз-ақ Зәкеңнің осы жұмысқа лайық екендігінің белгісі. Зядан қажының еңбектері туралы ғылыми конференция өтейін деп отыр. Мұндай конференция менің білуімше Қазақстанның бір жерінде ғана емес, жан-жағында өтіп келе жатыр. Оны ұйымдастырып өткізу дегеннің өзі былай қарасаң мәні өте зор-ақ. Жалғыз Алматы мен Астанада өткізсе мұндай дәреже жетерме еді, жетпес пе еді. Әр облыста бірнеше қалада өткізудің мәні өте жоғары. Өйткені, халық емшілері жан-жақта көп. Оның бірі Алматыға келе алса, кейбіреуі келе алмауы мүмкін. Соның себебі болуы керек. Жылда әр облыста жиындар өткізіледі.

Менің өзім медицина ғылымында істегеннен кейін медицина мен халық емшілігі екеуінің арасында жалғастық өте көп дер едім. Адам баласы ауырған сайын аурудан қалай құтылам деп жол іздеген. Ол кезде ешқандай медициналық оқу орындары жоқ, халықтың көпшілігі сауатсыз, бірақ халық арасынан емшілер шыққан. Елдің аузында қалған емшілер, білінбей қалған емшілер, жалған емшілер бар, халық қадірлеп осы күнге дейін ұмытылмай келген емшілер де бар. Соныңда сіздерге айтарым, емшілік қасиеттің осы жолына түскеннен кейін бұл жұмысты өте жақсы атқара білу керек. Медицина мен халық емшілігінің арасында жалғастық өте көп. Медицинада айтатын бір сөз бар. Ол ауруды емдемеу керек, аурудың себебін емдеу керек. Мұның үлкен философиялық маңызы бар. Құр аурудың өзіне бас ауырды ма? Мә, мынаны іш, басың жазылады деген ем емес. Біріншіден бас неліктен ауырды, ол адамның психологиялық жағдайы қалай, осыны анықтай отырып ешқандай дәрісіз-ақ сөзбен емдейтін жағдайлар болады. Адамның ауруды жеңетініне сенетін болса, ол дәрі емес су берсе де жазылады.

Медицинаның негізгі заңы сенім. Сенім болу үшін сөз терапиясының маңыздылығы өте зор. Әлемдік медицинаның ғылыми дәлелдемелеріне сүйенсек сырқат жанның дәрігерге және дәріге сенімі арқылы жазылуының сексен пайызы сенімнен болады екен. Ал қалған сырқаттың жиырма пайызына еккен және ішкізген дәрілердің себебі бар сияқты. Жалпы халықтық медицина көбінесе сендіру, тітіркендіру, иландыру, арбау т.б. емдік сипаттардан тұрады. Осы тұрғыдан алып қарағанда ел тәуелсіздігінен кейінгі қайта оянған халық емшілерінің қызмет түрі де осы сипаттарға ие. Халық емшілігі химиялық құрамды дәрі-дәрмектен аулақ таза сендіру жүйесінің емдік саласына жатады. Бұл саланы дамытуда халық емшілерінің ассоциациясының президенті Зяданның еңбегі ұлан-ғайыр.

Өзімнен жасын кіші болғаннан кейін Зядан, айналайын осындай қауымдастықты бірнеше жылдан бері басқарып келе жатқан Алла саған денсаулық берсін! Денің сау болып, жұмыстарың алға баса берсін, мерекелерің мерекеге жалғаса берсін! Қауымдастыққа конференцияларды жылда үлкен табыспен өткізуге тілектеспін! Алла бәріңізге денсаулық берсін!

 

 

 

Зядан достық сезіміңді құрметтеймін

 

Қадырғали Танкиев

Қызылқоға ауданының

құрметті азаматы

Атырау қаласы

фото

Әлеумет мереке құтты болсын! Зядан достық сезіміңді құрметтеймін ғой. Қазақта бір мәнін жоғалтуға жақындап жүрген «аштықта жеген құйқаңды ұмытпа» деген нақыл сөз бар. Бүгінгі конференцияның баяндамасынан бұрын мен бір затқа көңілім бөлгім келіп отыр. ҚР ғалымдарының жиналуының өзі жетпіске толып, шалқып тасып отырған досымыз, емшілер сіздердің басшыларыңыз Зядан қажыға деген, осы қауымдастыққа деген үлкен мәртебесі емес пе. Кішкене шегініс жасайтын болсақ, Кеңес одағының ыдырап, көк байрақтың төбемізде желбіреген кезде кімнің не боларын, енді қайда жүрерімізді, не істерімізді білмей қаңтарылған кезде небір кереметтер шыққан. Осы отырған ғалымдардың өзіңде де сасушылық пайда болған. Қазақстанның ғылымын ілгері апаруға ақша жетпей жатқан кезең еді. Қазіргідей мамыражай кезең емес. Осы кезде әулиелер, емшілер, көріпкелдер, бақсылар т.б. көбейді. Соның бірі, Атырау елінде бір азамат мен әулиемін деп көпірдің үстінде мәдениет орындарын басып алуға ұмтылушылық әрекеттер жасады. Мұныкі дұрыс па, теріс пе ешкім аңғарып жатқан жоқ. Осы кезде не істеу керек? Зяданмен алдында бір рет кездескенмін. Оның шыр-пыр болып жүргенін еститінмін. Сосын телефон шалып Зяданды шақыруға тура келді. “Мен келе жатырмын деп аэропорттан күтіп ал”, – деді. Қолда билік бар. Бір шағын ғана домаланған, жас шамасы менен сәл ілгерлеу азамат түсіп келеді. Шынын айтсам, көңілімде күмән мен күдік аралас еді. Апырмай, осының өзі қалай болады екен. «Кімді шақырып әкелдің, қалай тоқтатам», – деген облыстың басшысына не деп айтамын деген ойда тұрғанымда, менің кабинетімдегі телефон шыр етті.

Мен Зядан ағаның батылдық жағын айтпақпын. Әулиенің айналасындағылар маңдайларыңа «мен әулиемін» деп жазып алған еді. Театрдың директоры Өтегенов Белдібай деген азамат: “Театрдың терезесін сындырып жатыр мұнда келсеңізші”, – деді. Әулие: “Оған сенің шаруаң бітті және қолың шошайтып саған хабар келді сен о дүниеге кетесің”, – депті. Зядан келіп Махамбет Өтемісов атындағы театрының алдындағы мыңға жуық халықпен заң қызметкерлерінің алдына Б.Өтегеновқа: «Әй, қорықпа, жиырма жылдың үстінде өмір сүресің, үндеме», – деді. Сол арада бәрі басылды. Осы театрды әулиенің адамдарынан қорғап тұрғанына да бір жеті болған үш жүздей сақшы жасағын Зәкең күзеттен алдырды. Зәкең әулиеге тура қарап: “Сен, Құдай болсаң, мен қашан өлемін айтшы”, – деді. Әулие басын салбыратып үнсіз қалды. Алты ай бойы айғай-шу болған, ешқандай күшпен тоқтата алмаған “әулиенің теріс әрекетін” Зәкең 45 минутта басқан еді. Бұл неткен құдірет күшінің әсері екені бүгінге дейін жұмбақ күйінде қалуда. Енді сіздердің, емшілердің құпиясын қайдан білейін. Зяданның ол жердегі құпиясының сырын жария етіп айту маған берілмеген шығар. Содан бері арамызда жылы сәлем, достық көңіл орнай бастады. Келесі күні медицина департаменті бар, мәдениет департаменті бар әкімде жиналыс болды. Сол жиналыс кезіңде жаңағы азамат Зяқа, менің дуамды шығарып бер деуге дейін барды. Ал Зяқаның айтқаны келіп сол азамат  Б.Өтегенов 22 жыл өмір сүріп, биыл ғана өмірден өтті.

Достық сезім қалай өркендейді. Адамдардың арасындағы жақындасу, бір-біріне деген түсінушілігі, өзінді артық санамау, мансап қумау. Осының бәрі Зяқаның бойынан табылады. Өйткені, мен емшімін деп кеуде қағып, адамдардың алдында басқаша сөйлегеннен, Зяқаң құсап кішірейген адамдарды сіздерден көріп отырмын. Осы конференцияны ұйымдастыру комитетінің Төрағасы, профессор Ж.Молдабеков мырза қазір қауымдастықта 5000 мыңдай емшілер бар деп жатыр ғой. Бұл республикалық қоғамдық ұйымды үкіметтік емес, коммерциялық емес деп түсінемін. Өйткені, мұндай ұйымды басқарып, қаржыландырып ұстап отыру тек ғана Зяданның маңдайына жазылса керек. Осы жиынға келу жөнінде маған көп ойлануға мүмкіндік болмады. Наурыз айында осында дем алып жатқанымда достық көңілімен Зядан келіп: «Әй, сенің досың жетпіске келіп жатыр ғой, сен соған келуге тиістісің ғой», – дегеннен кейін еш жағыма қарамастан ұшып келдім. Кеше ұшақтың ішінде ұшып келе жатып Зяданды ойлап отырсам, өмірге келген уақыты да маңдайы шығып жатпаған уақыт екен ғой. Дені дұрыс адамдар соғыс жүріп жатқан кезде туа ма? Достық әзіл. Міне, осы кезеңде туып жетімдік көрген. Ал бүгін қауымдастықтың Қожалымовтанудың үлкен сабағы өтіп жатыр десек, бұл ғылыми конференцияның тақырыбына сай келеді. Осы сабақ қалай келді, кешегі күні Түймегүл болмағанда Зядан кім болар еді. Арпалысқан күндер мен түндерде ауыздының аузында, мүйіздінің тұмсығында кетірмей қауымдастықты ұстау кімнің қолынан келеді. Ол менің досым Зядан қажы Қожалымовтың ғана қолынан келетіндігі бүгінде шындыққа айналды. Зәкеңнің отбасына амандық, деніне саулық, қызметіне табыс тілеймін!

 

 

 

Үлкен өнеге иесі

 

Әнуар Тарақ

Филология ғылымдарының

докторы, ҚазҰУ профессоры

Алматы қаласы

фото

Қадірлі Зядан аға мынау жетпіске келген мерейтойыңыз құтты болсын. Сіздің мынау халқыңыз үшін жасап жатқан үлкен еңбегіңіз өте зор. Қарап отырсақ біздің қазағымыздың жерінің кеңдігі, дәстүрі мен байлығы, қонақжайлығы ұлы қасиеттері, яғни асыл қасиеттері барлығы осы араға жиылып жатыр. Бабаларымыз осы жерді қорғап келіп, ұрпаққа аманат етіп қалдырса, Сіз міне келесі ұрпаққа келесі біздің арғы буындарымызға жақсы бір үлгі өнеге тастадыңыз. Сіздің тылсым дүние құпиялары жөніндегі еңбектеріңізбен өлең және әндеріңіз оқырман және тыңдарман қауымның сүйікті әдебиеті мен өнеріне айналды. Сіз тұңғыш рет халық емшілігін ғылыми айналымға енгіздіңіз. Ол сіздің ұйымдастырып отырған қауымдастық. Қай елдің болмасын медицинасы мен халық емшілігі бар. Бірақ дәл осындай ұйымшыл осындай ізгілікті, қасиетті орда біздің Қазақстанның мерейі мен мәртебесі. Мен бұдан ширек ғасыр бұрын, сонау “Мәдениет” журналы мен “Алматы ақшамы” газетінде қызмет атқарған кезімде емшілік саласында көптеген танымдық мақалалар жаздым. Соның ішінде арнайы өзімнің бақылауыма алғаным осы Зядан ағаның емшілігі мен ұйымдастыру қабілеті еді. Бүгін ағамыз халық медицинасының ірі ғалымына, көшбасшысына айналғанына қуанамын және жетістіктерімен құттықтаймын.

Лайым аға, әрдайым мерейіңізбен мақтанышты болып жүре беріңіз! Түймекүл тәте екеуіңіз сексеннен ары тоқсанның төбесіне жетіп, жүздің биігіне шыға беріңіздер! Ұрпақтарыңыздың қуанышына кенеле беріңіздер!

 

 

 

Екі қуаныштың ғылыми конференциясы

 

Өтеп Мырзағалиұлы

Медицина ғылымдарының

докторы, профессор

ОҚО, Кентау қаласы

фото

Ассалаумағамайкум, халық емшілері, жиналған қауым! Бүгінгі конференцияның маңызы өте зор. Себебі екі қуаныш қатар келіп отыр. Бірінші, қауымдастықтың құрылғанына жиырма үш жыл толуына байланысты. Екіншісі, қауымдастықтың жетекшісі нағыз халық емшісі, ғылыми халық емшісі деп айтуға да болады, бұл Зядан қажының жетпіс жасқа толған мерейтойы. Бұл қауымдастық 1991 жылы ұжым ретінде құрылып, оны министрлік мойындаса, содан бері бірталай жетістіктерге жетіп отыр. Баяндамашылардың айтуына қарағанда бұл отқа да күймеген, суға да батпаған сөйтіп өз тіршілігін дәлелдеп келе жатқан қауымдастық, жетекшісі яғни рулевой болып отырған нағыз халық емшісі бұл – Зядан қажы. Осы қауымдастықта 5000 мыңнан астам мүше бар деп жатыр. Олардың арасында нағыз халық емшілері, жанама халық емшілері болды деп айтып кетті. Осы қауымдастықтың құрамындағы халық емшілерінің дәрежелері ғылыми түрде жоғарылап келеді. Өйткені, басылымдарды қарасақ «Шипагерлік баян» деген газет шығады. Осы газетте қауымдастықтың мүшелерінің көптеген мақалалары жарияланып тұрады. Жылда конференцияға арналған жинақ шығады. Ол жинаққа қауымдастықтың мүшелерінің ғылыми еңбектері, емдік тәсілдері енеді. Сондықтан мен сіздерге өміршеңдік тілеймін! Біздің Қазақстанның халық емшілері жасай берсін! Емдеген науқастары жазылып кете берсін! Халық емшілерінің істеген, емдеген іс-әрекеттері дүниежүзілік деңгейге жетсін! Дүниежүзілік деңгейге жеткізген халық медицинасының профессоры, академик Зядан қажы аман-есен болсын! Дені сау болсын! Отбасы, ұрпақтары аман болсын! Жүзге жетсін!

 

 

Жеті жарғының алғашқы

авторын  анықтаған

 

Жапар Әлдибеков

Заң ғылымдарының докторы,

ДҚУ профессоры

 Алматы қаласыфото 

Емшілер қауымдастығының мүшелері! Құрметті мырзалар мен ханымдар! Қадірменді Зядан қажы Қожалымов аға! Бүгін қазақ елінің қоғамдық рухани өмірінде үлкен оқиға болып отыр. Қазақстанның барлық аймағынан жиналған, халыққа белгілі «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» мүшелері сіздің мына асқаралы мерекелі тойыңыздың қарсаңында, сіздің осы уақытқа дейінгі жазған еңбектеріңізді талдауға, сол еңбектеріңіздің маңызы мен мәнін айтуға жиналып отырмыз. Бұл түпкілікті таңғажайып құбылыс деп ойлаймын. Өйткені, Сіз қанша қиындық көрсеңізде, Қазақстанда осы емшілер қауымдастығын алғаш ұйымдастырып, аяғынан тік тұрғызып, бүкіл халыққа мәлім еттіңіз. Бұл үлкен еңбек. Үлкен қажымас қайратты талап ететін іс. Сондықтан Сіз осы 23 жылға жуық атқарған еңбегіңізде тек ғана халық емшілерін қалыптастырып қойған жоқсыз. Сонымен қатар халық емшілігінің ғылыми-теориялық жағын жете зерттедіңіз. Оны ғалымдар айтқан тұжырымдардан біліп отырмыз. Сондықтан жетпіс жылдық мерейтойыңыздың қарсаңында, сіздің еңбегіңіз арқылы сіз халыққа есеп беріп жатқан жоқсыз, сіздің шәкірттеріңіз, сіздің емшілеріңіз, әріптестеріңіз есеп беріп жатыр. Сіздің еңбектеріңізді жоғары бағалағаным осыдан. XV ғасырда өмір сүрген атақты қара үзген шипагер Өтейбойдақ бабамыздың «Шипагерлік баян» атты еңбегін зерттеп жарыққа шығарып, емшілердің практикалық тәжірибелік ісінде қолдануға еңбек сіңірдіңіз. Сонымен қатар тарихқа жүгінсек, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыз өмір сүрген уақыты XV ғасыр деп білеміз. Тарихшы ретінде солай деп болжаймыз. Жалпы тарих ғылымында басқа ғылымдарда да тарихты, қоғамды қалыптастыратын тұлға дейді. Халық сол тұлғаның айналасына жиналады. Сол тұлға арқылы қоғам жасалады. Қоғам құрылады, заң құрылады. Мемлекет құрылады. Сондықтан XV ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ елі құрылды. Оны құрған әз Жәнібек хан болатын. Қазақта «әз» деген сөз өте аз. «Әз» деген сөз екі-ақ ханның атына берілген. Олар әз Жәнібек, әз Тәуке хандар. «Әз» деген сөз өте дарынды, дана, көреген дегенді білдіреді. Сол әз Жәнібек хан өзінің жанына тек ғана жақсы мен жайсаңдарды, билерді, батырларды жинаған. Қазақ елінің қалыптасуы оңай болған жоқ. Осындай адамдардың арқасында қазақ елі қалыптасты. Осының негізінде қазақ елі тек ғана көшіп-қонып жүрген халық болған жоқ, қоғам болған жоқ. Ол өзінің заңын, туын қалыптастырған халық болды. Соның негізін қалаған ең бірінші әз Жәнібек хан болды. Әз Жәнібек хан қазақ елінің алғашқы басқару Жарғысын жасаған. Жарғы деген сөз «заң» дегенді білдіреді. Жарғы деген жару дегеннен шыққан. Яғни қақ жару, әділеттікпен басқару, халыққа бірдей қарау, заңды бірдей жүзеге асыру дегенді білдіреді. Әз Жәнібек хан өзінің жанына тек ғана билерді, батырларды ғана жинамаған екен. Сонымен қатар халыққа зор пайдасы тиетін халықтың рухани сауықтыру тұрғыдан қарағанда талантты да талапты адамдарды жинаған. Соның бірі бүгінгі өзіміздің зерттеуімізге арқау болған шипагер Өтейбойдақ баба. Өйткені, ол кездегі заңдар әрине бекерден-бекер шықпаған. Халықтың, хандардың және билердің қолдауымен бекітіліп отырған. Сондықтан Өтейбойдақ бабаның «Шипагерлік баян» атты медициналық-энциклопедиялық еңбегін бұл қазақ халқының тарихындағы алғашқы жалпы халықтық заң деп табуға болады. Сіздің осы еңбектегі заң саласын зерттеп, анықталған анықтамаңыз, заңгерлердің тұрғысынан заңгерлерге негіз болды. Сол еңбегіңіздің ары қарай заңды тұрғыдан жалғасы болады деп есептейміз. Сіздің еңбегіңіздің тек ғана медициналық рухани сауықтыру жағынан емес, заң тұрғысынан маңызы бар деп ойлаймын. Қазақ халқының осындай рухани сауықтыруына жасаған еңбегіңіз әрқашан бағалана берсін! Жақсылық алдыңызда көп болсын!

 

 

 

Білгір ұйымдастырушы

 

Жанболат Сәрсенбай

ҚХЕҚ-ның вице-президенті

Алматы қаласы 

фотоҚұрметті қауым!

Ажарлы да абыройлы Алматы қаласына қош келдіңіздер!

Зядан қажы ағамыздың қасында ширек ғасырға жуық жүріп,  осынау 70 жасқа келген мерейтойының құрметіне қандай сүбелі дүние әкелсем екен деген ойда болдым. Ағамыз еңбекқор, ірі ұйымдастырушы, айтқанынан қайтпайтын, өзінің ойлаған жоспарларын тынғылықты толық жүзеге асыратын және халық медицинасының нағыз бас көшбасшысына айналды. Қаншама қарсыласының көптігіне қарамастан, ізгі арманы халық емшілігін ғылыми айналымға қосу жолындағы зерттеулері өз нәтижесін берді. Бүгінде Зядан қажының еңбектерін ғылыми кандидаттық және докторлық диссертацияларға пайдаланып жүргендер де, еңбегін зерттеушілерде және оқырмандары да көбейіп келеді. Өйткені ғарыш, табиғат, адамның тылсым құпияларымен және Құран аяттарының емдік шипасы жөнінде қазақ елінде тұңғыш монографиялық еңбек жазғанда және оны қарапайым халыққа дейін жеткізген де академик Зядан қажы Қожалымовтың еңбектерінің нәтижесі. Бүгінгі сөйлеген ғалымдар мен шешендер ағамыздың еңбектеріне жоғары баға бере отырып, халықтық шипагерліктің тұңғыш ғылыми айналымының негізін қалаған көшбасшы екендігін дәлелдеп, нағыз ғұлама ғалым екендігін атап өтті. Бұл ағамыз үшін ғана емес, өзі басқарған қауымдастықтың ұжымы үшін де зор мәртебе. Ағамыздың ғылым, мәдениет, рухани тәрбие, емшілік жүйесінің емдік әдіс-тәсілдері жөніндегі көрсеткен жақсылығын біз жоғары бағалаймыз. Ағамыз ғалымдығымен қатар өнер, әдебиет, сазгерлік, шежіре т.б. салаларын да білгір маманы екендігін біз мақтан етеміз. Өтейбойдақтанушы ірі тұлға халықтық шипагерліктің білгір маманы Зядан қажы ағамызға денінің сау, еңбектерінің табысты болуымен қуанышты ғұмырлы өмір сүруіне тілектестік білдіремін.

 

 

 

Оқырманына рухани байлық сыйлаған

 

Орынбай Оралбеков

«Тамаша» баспа

үйінің директоры

Алматы қаласы

фотоБәріміз құрметтейтін сіздердің басшыларыңыз көп жыл бойы еңбек сіңіріп келе жатқан Зядан қажының 70 жасқа толуымен ұштасып отыр. Енді бұл жерде ол кісінің ғалымдығы, жазған кітаптары туралы бәріңізде хабардар болдыңыздар. Бәрін қайталап айтып отырғым келмейді. Мен тек ғана ол кісінің адамдық, зиялылық болмысын айтқым келеді. “Адамның жақсылығын айт, нұры тасысын” – дейді ғой қазақ. Иә, Зядан ағамыз зор қасиет иесі ғана емес, ғалым академик, әрі зерттеуші. Бұл тақырыпқа сандаған кітаптар жазса да аз болар еді. Ол жағын тіл мамандарына қалдырып отырмын. Мен тек адамдық, зиялылық болмысына тоқталмақпын. Олай дейтін себебім бойында ерекше қасиет ғана емес адамдық зор тұлғасы болмаса ширек ғасырдай уақыт бойы еліміздегі емшілер мен шипагерлерді ұйымдастырып, білімдерін көтеруге көмектесіп зор жақсылық жасап жанашырлықпен еңбек етпес еді. Зядан қажы ағамызбен мен осында 14 жыл бұрын танысқан едім. Ол кезде біздің «Тамаша» баспа үйі аяғынан енді ғана тұрып «Тамаша», «Ақбаян» газеттерін шығара бастаған болатын. Осындай ісіміз бірде алға жүрмей жатқан шақта редакциямызға елгезек те аңқылдақ, жарқын жүзді кісі келе қалды. Танысу барысында ол кісінің Зекең екенің біліп жылы қарсы алып әңгімелестік. Өмірде сөйлесе қалсаң жанына нұр құятын, қуат беретін, көңілінді әп-сәтте шуақты ететін адамдар болады ғой. Мына Зекең тап соңдай адам екен. Ол кісінің келуімен жұмысымыз жанданып, бағытымыз айқындалып халық үшін жақсылық жасау қандай болатынын түсініп қауқылдасып, әңгімелесіп бір жасап қалдық. Иә, шынын айтқанда мен өзім Зядан қажыны ғана емес, жаныма таудай қуат берген ағамды тапқандай болдым. Байланысымыз осы күнге дейін жалғасып келе жатыр. Ол кісінің жарқын жүзі, ақылы, сөзі жүрегіме жылылық құяды, жұмысына шабыт береді.

Шынын айту керек, біз «Ақбаянды» негізінен қыз-келіншектерге арнап, жезтаңдай әнші Мәдина Ерәлиеваның есімін мәңгі есте қалдыру үшін шығара бастаған едік. Біз осы кезге дейін сол бағытымыздан тайған емеспіз. Сол ниетімізге Зекеңнің бірде тағы бір тың ой тастағаны бар. Оның асыл жары, шипагер Түймекүл апаймен де танысып, жұртқа жақсылық жасау бағытында басылым идеясына қосып алдық. Зекең – үлкен шипагер болса да, жұмыс басты кісіні көп мазаламай, Түймекүл апаймен жұмыс жасауды жалғастырып, қаншама мың адамдардың жолын ашып, тұмар беріп, өмірін жақсы арнаға бұрып келеміз. Осы идеяның бастауында Зекең тұрды. Сол кісінің халық үшін жақсылық жасау идеясын қолданып, жүзеге асырып келеміз.

Осындайда Зиядан қажы ағамыз «идея менікі еді, апаларыңа ауысып кеттіңдер, апаларың менен жақын болып кетті ғой», деп әзілдегені болмаса, реніш, өкпе білдірген емес. Қайта осы ісімізді қолдап, қуаттап отырды.

Тағы бір адамгершілік қасиетін айтпай кетуге болмайды. Еліміздің халық емшілерін тәрбиелеп, ұйымдастырып отырған Зекең адамның бойындағы емшілік қасиеттерін бір қарағанда-ақ біле береді, адам аурасын сезіп отырады екен. Бір жолы редакциямызға келгенде, «аға» деп жүретін бір қыздың: – Аға, басым сынып тұр, емдеп жібересіз бе? –деп ақжарқын кісіге өтініш білдірді.

 Зекең бұған күлді де:

– Мына бастықтарыңа адам бойындағы жаман қуатты қуатын емшілік әдісті үйретейін, сосын сені емдейді, – деді маған қарап.

Мен аң-таңмын. Ондай емшілік қасиетім бар-ау деп ешқашан ойламаған екенмін. Зекең басқа бөлмеге мені ертіп барды да, адам бойынан жаман қуатты қалай қууға болатынын үйретті. Былай қарасаң оп-оңай нәрсе, ал оны мен білмейтін едім.

– Аға, мен емші емеспін ғой, – дедім аңтарылып.

– Сенде сондай қасиет бар. Әлгі қарындас сияқты, өзіне жұрт сұғын қадап, бойына жаман қуат жіберген жағдайларды емдей аласың. Сенің қолыңның ондай ем жасауға қуаты бар, – деді салмақты үнмен.

Сол күні-ақ мен жаңағы қыздың басына ем жасадым. Ал ол болса бір сағаттан соң: – Ағай, басым ауырғанын қойды. Өзімді жақсы сезініп тұрмын, – деді қуана сөйлеп. Зекеңнің осы үйреткен ем жасау әдісін анда-санда қолданамын. Редакция қызметкерлері, үйде қыздарым, т.б. кісілер «басым сынып бара жатыр» десе, емдей қоятын болдым. Міне, бұл да Зиядан қажы ағамыздың арқасы. Ол кісінің ешбір пайда көрмесе де, адамдарға жақсылық жасағысы келген қасиетін біз де үйреніп жүрміз. Жаныңа нұр құятын, сөйлесе қалсаң, жаның жадырайтын асыл қасиеті бар Зекеңнің бұл күнде 70 жасқа толып отыр дегеніне сенгің келмейді. Өйткені, оның жаны жас, жүрісі ширақ, істе әбжіл, тынымсыз жанды ылғи да жас көреміз. Зекеңді ұзақ өмір сүріп, асыл жары, Түймекүл апай екеуі халыққа жақсылық жасай берсе дейміз!

Шыққан биігіңіз, құтты болсын, Зеке! Қартаймаңыз, басыңыздан бағыңыз таймасын! Біз сізге алар асуларыңыз әлі де көп бола берсін демекпіз!

 

 

 

 

 
в верх