Ғибратты өмір
15 | ||
главная вернуться | ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 | ||
АМАНАТТЫ ДӘРІПТЕУШІ Жаханов Амангелді ҚР Жоғарғы білім беру ісінің құрметті азаматы, Медицина ісінің үздігі, ҚазМҰУ-нің профессоры Алматы қаласы Ата-бабаларымыздың дәстүрлі салтында «Аманатты» орындау парыз, халыққа қызмет ету міндет. Осындай үлкен істің басы-қасындағы зиялы азамат Зядан қажы Қожалымов. Ғұлама Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы – ғұмырында ғылыми жұмыстарында өз ұрпағының соңында адамзатқа тиесілі пайдасы бар іс істеп оны өзінің жазу, сызбаларында нақтылы өзінің өсиет сөздерінде де денсаулықты сақтауға ғылыми теориялық жазбалар қалдырған, ғылыми түрде қазіргі біздің ұғымымызға енетін генетикалық ғылыми зерттеулердің теориялық негізін қалаған адам. Көптеген мәліметтер бойынша, өзінің іс-тәжірибесінде, өз ойына түйген ойларын ортаға салып, ғұламаның «Шипагерлік баян» атты кітабына ой-пікірін жалғастырушы, осы кітап ілімін негізге алып, көпшілікке түсінік беруші зерттеуші ғалым Зядан Қожалымов. Жазған еңбектерінде кеңінен баяндап, қандай симпозиум, семинарларда көпшілік арасында жол салған адамдардың бірі ретінде Зядан Қожалымовты білеміз. Керек десеңіз Зәкең Құран сүрелерінің аяттарын да кең философиялық ой-тұжырымдарында келтіреді. Осы жазбалардың негізінде маған да ой салып, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлына арналған жиын Қазақ Ұлттық медицина университетінде ұйымдастырылып өткізген ғылыми-көпшілік конференциясында Зәкеңді де шақырып көп ой-толғамдарымен бөліскендері бар. Онда тек медицина ғылымына тән ұғымдар, медицинаның әр салаларына арналған жеке ғылымға негіз болатын, емдеуге арналған зерттеулер ғана емес, микробиология, иммуннология, вирусология, фармакология, фармакогнозия, терапия, анатомия, невропатология, генетика, физиология, фтизопульманалогия, психология, философия, әдебиет, фольклор, тіл танымы т.б. көптеген ғылым салаларына арналған зерттеулері, оның нәтижесін ары қарай жалғастыратын бағыттары көп ой салды. Тіпті «Шипагерлік баян» кітабы көп зерттеулерге арқау болды. Бұрынғы қазақ тілінен аударылған көп ұғымдар қайта қарастырылып жазылды. Үйлесімділігі сондай қазіргі медициналық терминдердің қайта жазылуына арқау болды. Осы конференциядан соң, зерттеуші Зядан шамасы келгенше Өтейбойдақ Тіңлеуқабыл ғұламаның еңбегін зерттеп оған қор құруға ат салысты. Солардың бірі, емшілер қауымдастығы атынан «Шипагерлік баян» атты газет шығарды, оның редколлегия алқасын белгіледі. Білікті мамандарды сол газет төңірегіне тарта білді, топтастырды. Зядан Қожалымов мырза, өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында, өзінің парапсихолог маман ретінде, Республикалық емшілер қауымдастығында бірнеше жыл қатарынан әр облыста, әр аймақта семинарлар ұйымдастырды. Зядан бір еңбегінде: «Емшілікке ширек ғасыр өмірімді арнадым, Адалдықты сақтадым, бағытымнан таймадым. Тәңірімнің тағдырының сынағында келемін, Сеземін, ауыр жүкті көтермесін басқаның», – демей ме. Осы сөздің өзі Зяданның үлкен парасаттылығы емес пе. Зәкең бір сөзінде «Әр адамның өз тағдыры Жаратушының әмірімен пешенесіне жазылғаны жөнінде қасиетті Құран Кәрім аяттарында анық баяндалған. Күнделікті өмірдегі өзгерістер мен кездейсоқ құбылыстар дәл осы жеке тағдырнаманың нақтылы сипаты деуге болады, мен өзіме соны тағдырымның бағдарламасы сияқты сезінемін» – дейді. Зәкеңнің алғашқы сынақтан өтуінің өзі үлкен мәселе. Тегіннен тегін өзі ғана өткен жоқ, ол көптеген үлкен ғалымдар арасынан сыналып өтті. Оған Ресейде өткізген көптеген сынақтары дәлел. Осының бәрі «Өмірімнің тағдыры» атты кітабында жазылған. Осы кітапта келтіргендей «Шығыс медицинасы» фильмінде де басты ролді сомдағаны бар. Мұны мен бос сөз үшін келтіріп отырғаным жоқ, бұл дәлел, Зәкеңнің жұмыстарының тәжрибесінің нәтижесі. Зәкең өз ой-толғамдарын, оқығанын, білгендері мен естігендерін, көрген іс-тәжрибемді толықтырып әлі де жазбаша түрде келтіремін деп отыр. Бұл да Зәкеңнің білгендігі, кейінгілерге ұлағат болсын деген ой-толғамы. Осыдан өз ұрпағым тәлім алса арманымның орындалғаны деп есептейді. Осындай үлкен зерттеулерге бастама бола білген Зядан Қожалымовтың арманы – берілген Аманатты орындау. Заманымыздың дамуында шипагерлік ілімнің, бәрібір қандай жолы болса да, шын көңілмен, үлкен ыждаһаттықпен орындау зор еңбектің бағалауын да назардан тыс қалдырмау керек. Біз Зәкеңе сенеміз, құрмет тұтамыз. Еңбек түбі – зейнет екені анық. Зядан Қожалымовтың жеке өз басындағы ұйымдастыру ерекшелігі ол басқаратын «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» қызметтерінің жетістігі нәтижесінде, Халықаралық рейтингі комитетінің үздіктер тізіміне ілінуі және осы ұйымның «Ұлттық сертификаты» мен алтын жалатылған «Сала көшбасшысы» медалімен марапатталуы дер едік. Өтейбойдақтанушы ғалым талғампаздығы, көркемдеуші, сазгер, ақындық Құдай берген көп қасиеттері әлі де көптеген ғажайып еңбектерді дүниеге әкелуіне мүмкіндік береді. Лайым осындай лайықты істердің басы қасында жүрсін.
ШИПАГЕР ШЫҚҚАН ШЫҢ Фатима Жүнісова “Әйел денсаулығы” газетінің Бас редакторы Шымкент қаласы Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, халықтық шипагерліктің бәйтерегі атанған академик ғалым Зядан Қожалымов 1944 жылдың 1-ші шілдесінде дүниеге келген. Жастайынан намысшыл, арманшыл, іздемпаз болып есейген ол өмірінің көп жылын халық медицинасын зерттеуге арнады. Зядан Қожалымовтың 2004-2014 жылдар аралығында халықтық емшілікті терең зерделеуге мүмкіндік берген конгрестер мен форумдарды өткізуі, XV-ғасырдағы шипагер ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” атты медициналық энциклопедиялық еңбегінің ғылымға енуіне ықпал етіп, қазақ емшілігінің тым тереңде жатқан тарихының бар екенін дәлелдеп шықты. Зядан аға үшін бұл ете үлкен жеңіс еді, өйткені ол кісі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” атты еңбегін зерттеуге он бес жыл уақытын жұмсаған болатын. Зядан қажының “Шипагерлік дәстүрі және философиясы” атты монографиялық еңбегі жарыққа шыққан соң отандық ғалымдар ол кісінің еңбектеріне аса зор қызығушылық танытып, құнды пікірлерін білдіре бастады. Аталған монографиялық еңбек туралы: “Филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы: “Бұл бабамыз туралы жазылған тұңғыш кітап, Енді Зядан омбылап із салды. Бабаға осылай ғылыми тұрғыда із тасталды, енді оның артынан еретіндер үлкен жол салу керек... Шын мәнінде біздің Өтейбойдақ бабамыз қазақтың ибн Синасы. Бұл еңбекті Зядан жайдан-жай жазбаған, Осындай жауапты ғылыми еңбекті автор ғарыштық байланыстық жүйені де және осы заманғы ғылыми жүйенің талдамаларын да дұрыс пайдаланып, өзінің ғылыми тұжырымдамаларын ұлттық философиялық талдауда нақ түсіндіре білген. Қысқасы, Зядан Қожалымовтың бұл еңбегі Орта Азияда алғаш жазылған Әл-Фарабидің “Медициналық трактатынан” кейінгі екінші еңбек, ал қазақ елі тарихындағы халық медицинасы саласыңдагы зерттелген тұңғыш бірінші еңбек екендігін мойындағанымыз жөн. Қысқасы, 3. Қожалымов өз еңбегінде қазақтың халық медицинасының б.д.д. тарихы мен өркендеуіне және XV ғасырдағы қазақтың ғұлама шипагері Ө. Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” атты еңбегіне таза ұлттық философиялық танымдағы зерттеуін ғылымдағы жаңалық ретінде жоғары бағалаймын”, – деп ізгі пікірін білдірді. 3.Қожалымов осы уақытқа дейін көптеген пайдалы оқуылықтар жазды. Оған қоса құран дұғаларының емдік қасиеті, медитациялық ем, музыканың емдік шипасы, адам биоөрісінің қуаттары, табиғаттың табиғи емдері, денсаулықты жақсарту жолы мен тазарту мәдениеті жөнінде де зерттеді. Әсіресе Зядан Қожалымовтың “Ғаламның жұмбақ сырлары”, “Тылсым дүниенің құпия емдері”, “Рухани емшілік ғаламаттары” және “Денсаулықты жақсарту тәсілдерінің жолдары” т.б еңбектері халықтың арасында кең тарап ғана қоймай қажеттеріне жарап жатыр. Одан басқа ол кісі екі дана өлеңдер жинағының авторы. Отыздан аса ән мен толғаудың сөзі мен сазының авторы Зядан Қожалымов кейінгі кездері “ақын, сазгер” деген аттарға ие бола бастады. Өз шығармашылығының алды қазақ радиосының “Алтын қорына” 1997 жылдан бастап қойылып, бүгінде жалғасын табуда. Қазақтың ибн Синасына айналған тұлғаны зерттеу, еңбектеріне ғылыми талдау жасай отырып халқымен қайта қауыштыру Зядан ағаны шипагерліктің құпия сырларын ашуға одан сайын жігерлендіре түсті. Ол кісінің “Мәңгілік құпия шежіресі” атты монографиялық еңбегі әлемнің тылсым құпия сырларын білуге жетелейді. “Халық медицинасы және ғарыштыққуат академиясының” акадеигі, профессор, “Қазақстан халық емшілері қауымдастығының” президенті, мәдениеттанушы және өтейбойдақтанушы ғалым, ақын-сазгер, Қазақстан Журналистар және психологтар одағының мүшесі, Халықаралық дәстүрлі халық медицинасы мамандары, психологтары және емшілері ассоциациясының президенті, “Халық медицинасы және ғарыштықуат академиясының” президенті, Халықаралық Нострадамус атындағы тылсым құпия академиясының академигі (Париж), Халықаралық “Экология” академиясының академигі, Халықаралық рухани және емшілер академиясының академигі (Мәскеу), “Жас-ай” Шығыс-тибет журналының редколлегия мүшесі, “Шипагерлік баян” газетінің бас редакторы, парапсихолог, әлем емшісі, “III мыңжылдықтың үздік емшісі”, 25 кітап пен 30-дан аса әннің сөзі мен сазының авторы. Алматы облысы, Райымбек ауданның құрметті азаматы атақтарының иегері Зядан Қожалымовтың ізденімпаздылығы, еңбекқорлығы бүгінде көптеген ғалымдарды таңдандыруда. Қорыта айтқанда, “Қазақстан халық емшілері қауымдастығының” тасын өрге домалатып, оның өсіп- өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып отырған халық медицинасы мамандығы саласының професоры Зядан Қожалымов ерекше дара тұлға. Ол кісінің жазған еңбектерінің қайсысын алып оқысаңыз да дертіңізге шипа, жаныңызға рухани азық береді. Жетпіске келіп, мерейтойын тойлап отырған еңбекқор, ғалым ағамызға Алла ұзақ ғұмыр сыйласын! Абыройыңыз асқақтап шыңнан-шыңға шыға беруіңізге тілек қосамыз.
Өтейбойдақтың ізін қуушы ғалым Зейнолла Нұрғали Дәрігер-емші Алматы облысы Қазақ халқының шипагерлік өнерінің құлдырауы мен өркендеу дәуірінің сатыларына мән берсек, оның қилы-қилы замандарда әртүрлі қиындықтарға ұшырап жойыла бастағанына тарихи шежірелер куә бола алады. Ел тәуелсіздігінен кейін халықтық шипагерлік өнері көктемде қайта гүлдеген гүлдер сияқты қауызын ашып, қайта қанаттана бастағанына бүгінде өзіміз куәміз. Ерте замандағы адамзатттың пайда болу заманында қызмет ете бастап, бүгінде осы заманғы ғылыми медицинаның негізін қалаушы, қазақ емшілігі өзінің жетістігі арқылы елімізбен қатар шетелдерге де таныла бастады. Емшілік жүйесін таныту деген бұл жай адамның қолынан келмейтін іс. Оған ұзақ уақыт ғұмырын арнап, көзінің майын тамызған және шаң басқан мұрағаттардан көне тарихи жазбаларды алып зерттеген ғалым ғана, өзінің ғылымдағы ізгі арманына жететіні анық. Қазақ емшілігінің рөлін сәулелендіріп, XV ғасырдағы шипагер-ғалым Өтейбойдақ шипагердің «Шипагерлік баянын» зерттеп, жазып, сызып, қорытындылап, тұжырымдап оны сапалы түрде елімізбен әлемге танытып әрі таратып отырған ғалым, әрі шипагер, адал ұйымдастырушы, академик Зядан қажы Қожалымов. Өтейбойдақтанушы ғалым шипагерлік ғылымы саласына 20 жылға жуық өмірін арнап зерттеуі бүгінде оң нәтижесін беруде. Кез келген адамның әртүрлі ұлттың киелі қасиеті мен тылсым күш құпияларына ие бақсы, балгер, емшілік, жұлдызшы, көріпкел, болжаушы, құмалақшы, телепатиялық қасиеті барлары, т.б. мамандық иелерін бір ортаға біріктіру өте қиын нәрсе. Осы қызметті атқаруда ғалым-зерттеуші З. Қожалымов мырзаның еңбегі ұшан-теңіз. Оның ширек ғасырға жуық қарсыластарынан қауымдастық пен емшілерді қорғап, емшілердің мәдениетін, білімін, адамгершілігін көтерілуі және ғылыми тарихқа емшілікті енгізу жолында Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, шипагер-ғалым Зядан Қожалымов мырзаның еңбегінің нәтижесінде жетістікке жетті деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, ғалымның зерттеулері мен мақалалары және монографиялық еңбектері соның куәсі. Зерттеуші-ғалым З.Қожалымовтың басшылығында өтейбойдақтану мектебінің негізі қаланды. Көне заманғы қазақи тілде жазылған еңбек бес жарым ғасырдан кейін, бүгінгі қазақ тілінде толық ғылыми айналымға енді. Біз Шығыс Қытай елінен келген дәрігер-емшіміз. Ол елде дәрігер болсақ, бүгінде қауымдастықтың құрамында адал басшының көмегімен қазақтың емшілік жүйесінде қызмет етіп, оған өз үлесімізді қосудамыз. Баспаған жер мен танымаған елге келгенімізде, не істерімізді білмей және қайда барарымызды түсіне алмай жүргенде Алланың бұйрығымен, ғалым-шипагер З.Қожалымов ағамызбен кездесіп, оның құшақ жая қарсы алуы ізгі армандарымыздың нұрлана түсуіне, рухымыздың өсуіне, бізді өз туысындай қабылдайтын басшының барына риза болдық. Ол бізді тәрбиеледі, баулыды, дәрігерлік пен емшілік жүйесін қатар жүргізуге сауатты нұсқау берді. Сондықтан да осындай ғалым әрі адал басшыға рахметімізден басқа айтарымыз жоқ. Шипагер Өтейбойдақ бабаның «Шипагерлік баянын» қайтадан тірілткен, жаңғыртқан халық емшілерін бір ортаға жиған, бүгінде басшылық және ғылыми атақтарынан басқа бірнеше ән мен жырдың, толғаулардың авторы атанған ақын-сазгер Зядан қажы ағамызға, ғылыми еңбегімен ұйымдастыру жағындағы абыройының асқақтай беруіне ізгі тілегімді білдіремін. Қауымдастықтың құрамындағы оның емшілерінің ынтымағы мен бірлігі және еңбектеріндегі 2012-2013 жылдың қызметінің нәтижесінде Халықаралық рейтинг комитетінің «Сала көшбасшысы-2013» қабырға алтын медалімен және «Сала көшбасшысы-2013» ұлттық сертификатымен марапатталуы да басшымыздың жауапкершілікпен ұйымдастыруының нәтижесінде жеткен көрсеткіш. Өзінің басқарған ұйымының болашағының жақсы болуына тер төккен, барлық кадрлеріне тең көзқараспен қараған, емшілік пен ғылымды, ұлттық өнерді қатар ұстаған және халықтық шипагерлік өнерінің өркендеуіне үлес қосушы қауымдастықтың адал басшысы әрі мақтанышымыз Зядан қажы Қожалымов мырзаға ғұмырының ұзақ, денінің сау, қызметі мен шығармашылық зерттеуінің табысты болуына және торқалы тойына құтты болсын демекпін!
Академик Зядан қажы Қожалымовтың «Өмірімнің тағдыры» атты кітабынан алған әсерім Серік Зекейұлы Қытай медицина ғылымдарының жоғары дәрежелі дәрігері, аға зерттеуші, академик Қаскелең қаласы Бұл кітабын ағамыз: «Емшілікке ширек ғасыр өмірімді арнадым. Адалдықты сақтадым, бағытымнан таймадым. Тәңірімнің тағдырымның сынағанда келемін. Сеземін, ауыр жүкті көтермесін басқаның.», – деп бастағанындай, осы «Қазақстан халық емшілері қауымдастығына» жүрек қанын сарқа жұмсап, талай сындардан өтіп, сан қиыншылықтарды жеңіп, ауыртпалықтарды көтеріп, қайсарлықпен қажымай еңбек етіп келе жатқаны мен мұндалап тұрады. Иә, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары, тәуелсіздікке қол жеткізу қандай қиын болған болса, «ҚР Емшілер қауымдастығын» құру да сондай оңайға соқпағанын кітапты оқыған сайын терең түсінеміз. Зядан ағамызбен Түймекүл тәтеміз екеуі 1991-жылдың күз айларында Мәскеудегі емшілер мектебінде білім алып оқып жүрген кездерінде, Зядан ағамыз өз елінің, өз ұлтының «Халық емшілер қауымдастығын» құру бекіміне келеді. Содан бастап тәтеміз екеуі талай емдік сеанстарды сәтті өткізіп, сандаған жұдырықсыз соғыс майдандарын бастан өткеріп өз білімдерінің, қазақ елі рухының қолдауында, халықаралық конгрестерге шеберлік емдік сеансы бойынша қазақ ұлтының атынан тұңғыш рет шығып шебер емдік өнерлерін әйгілеп табысқа жетіп, өздерін ғана емес бүкіл қазақ елін, қазақ емшілігін әлемге паш етеді. Осылайша, сан мәрте сайыстар мен емдік сеанстардың арқасында жолыққан қат-қабат қиыншылықтарды жеңіп, кедергілерді аластай отырып, жаңа шаңырақ көтеріп жатқан тәуелсіз қазақ елінің, емшілері мен ғалымдары және халық емінің жанашырлары қолдап қуаттауында 1991-жылдың 22-желтоқсанда «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» ресми құрылады. «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» құрыла сала бірден сара жолға түсті дегендік емес, қиын-қыстау жолдармен Зядан ағаның көтерер ауыр жүгінің басталуы еді. Содан бастап өзінің білімін жан-жақты шыңдап, онан сайын жетілдіре түскен Зядан ағамыз қат-қабат қиыншылықтарды жеңіп, жолыққан кедергілерді бірден аластай отырып, тәуелсіз қазақ елінің қолдап қуаттауында, аға буын ғалым-дәрігерлердің қолдап-демеуінде, қалың дәрігерлер мен емшілер Зядан ағаның жетекшілігінде бір ниетте жалықпай еңбек етуінің арқасында «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» жоқтан барлыққа келді, одан сайын есейіп ержетті, бүкіл елге, бүкіл дүниежүзіне танылды. 2011-2013 жылғы қауымдастықтың қызметінің көрсеткіші бойынша Халықаралық рейтинг комитетінің нақты мәліметтері шешімімен «Қазақстан халық емшілер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі «Сала көшбасшы-2013» атағына ие болып, арнайы алтынмен қапталған «Сала көшбасшысы» қабырға медалімен және «Сала көшбасшысы-2013» ұлттық сертификатымен марапатталуы біз үшін мақтаныш әрі қуаныш. Осы нәтижеге жетуінің өзі көшбасшымыз З. Қожалымов ағаның білімді ұйымдастыруымен емшілер қауымын адалдыққа баулуының нәтижесі деуге болады. Зядан ағамыз: «Емшілік өнері – біреулердің тірі тауары емес, ол таңдаулы іздемпаз халықтың рухани байлығы. Емшілік намысын қолдан бермейтін арлының ісі, тектіліктің табандылығы, Алланың аманаты», – деген қағиданы бекем ұстаған. Қайсы елдің қазіргі заман медицинасы болсын, олардың барлығының ата-бабасы халықтық медицина, халық емшілігі деп айтуымызға әбден болады. Шығыстың әйгілі ғалым емшісі Әбу Әли ибн Сина десек, шипагер бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388-1485) шығыстың «екінші ибн Синасы» деп аталуына өтейбойдақтанушы ғалым З.Қожалымовтың «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» (Алматы. «Шалкөде», 2009) атты ғылыми монографиялық еңбегінің нәтижесі деп ғалымдар өз бағасын берді. Ұлы шипагер бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлын әлемдік деңгейге жеткізіп, оның «Шипагерлік баян» (алғаш 1994-жылы Қытайдағы Шинжиан Ғылым-техника-денсаулық баспасынан жарық көрген) атты ұлы еңбегін жете зерттеп оны халықаралық деңгейде үгіттеу, бүкіл дүниеге таныту Зядан ағамыздың төл еңбегі деп айтуымызға әбден болады. Қара үзген ұлы шипагер бабамызға арнап, Зядан ағамыз «Шипагер баба» атты ән шығарды, әннің сөзінде музыкасында өзі жазды, сонымен қатар, арнаулы түрде «Шипагер баба» атты сахналық көрініс жазып, сан мәрте сахналарда орындатып, шипагер бабамызды бүкіл дүние жүзіне танытты. «Ел үмітін ер ақтар, ер есімін ел сақтар» – деген міне, осы. Емшілер жүгін арқалап, ел үмітін ақтап келе жатқан, нағыз ғалым ардагер ағаларымыздың бірі осы Зядан қажы ағамыз десек артық айтқандық болмайды. Зядан аға «Қазақстан халық емшілер қауымдастығын» өзі құрып, өзі жетекшілік еткелі, өзінің әділ турашылдығымен, ақкөңіл адалдығымен, жанашыр бауырмашылдығымен келе жатыр. Осының арқасында бұл қауымдастық талай дәрігер-емшілерге арқа-тірек, баспана болып келеді. Өзімде солардың бірімін. Еліміздің Тәуелсіздігінің арқасында, ата-жұртқа оралдық. Қытайда жоғары дәрежелі дәрігер болып жұмыс істегеніммен, бұл жерге келе-сала, осы жаққа үйлесіп, жұмыс жасап кету маған оңайға түспеді. Бұл тұста бір жағынан бауырым Жасан Зекейұлы ашқан «Жас-Ай» шығыс медицинасы орталығында жұмыс істей жүріп, Жәкеңнің таныстыруымен Зядан ағаға келіп сәлем беріп мән-жайымызды айттық. Ол кісі бізді ыстық ықыласпен қызу қарсы алды, мені қауымдастыққа қабылдады, әрі «Қазақстан халық емшілер қауымдастығының» жаңа тарихымен таныстырып жетекшілік жасады, маған үлкен демеу, қолдау көрсетті. Осылайша өз еліме, өз халқыма жақсы қызмет істей бастадым. Сондықтан «Қазақстан халық емшілер қауымдастығына» және Зядан ағаға үлкен алғысымды айтамын. Осы жетістіктердің барлығын жинақтап айтсақ еліміздің, тәуелсіздігінің, ел ағаларының дұрыс бастамасының арқасы деп толықтай айтуымызға болады. «Елдігіміз мәңгілік, тәуелсіздігіміз мәңгілік, тәуелсіздік тұғыры биік болсын. Ел ағаларының дұрыс-дана бастамасынан айырмасын» – деп үнемі тілек тілеп отырамын. Зядан ағамыз өз қолымен құрған «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» өмірі ұзақ ғұмырлы болсын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғассын, шипагер бабалар рухы риза болсын, әлемдегі көшбасылық орны тіптіде бекемдей түссін, алған асуларынан алар асулары көп болсын, шыққан биіктерінен шығар биіктері көп болсын, болашағы нұрлы – жарқын, істері мәңгілік болсын деп тілеймін! Алла тағала ізгі армандарының биігіне жеткізсін! Алдағы мерейтойы құтты болсын!
| ||