Ғибратты өмір

 

 

19

 главная                                                  вернуться 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28

 

 

ШИПАГЕРЛІККЕ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ КӨЗҚАРАС

фотоМолдабеков Жақан

Философ ғылымдарының

докторы, ҚазҰУ профессоры

Алматы қаласы

Егер ғылым жолымен тұжырымдасақ халық емшісі ел арасындағы ұстаздықтың, ұлағаттылықтың елшісі, енсесі езілгендердің демеушісі, сүрінген жанның үлкен көмекшісі. Осы тұрғыдан алғанда, халық емшісі мен ұстаз-ғалымдар, халық емшісі мен кәсіби медицина мамандары арасында ортақ міндеттер молшылық. Адам болмысының сыртқы көрінісіне назар аударатын ұстаздық оның жан дүниесін жаңартуға әлсіздеу келетіні хақ.

Емшіліктің ұстаздық аяғына тұрмаған кәсіп. Халықтық емшілік тәжірибесі мен ғылыми-кәсіби медицинаның  қызметін үйлестіру – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Халықтық емде еркіншілік мол, әзірге жүйелілік жетіспейді. Ал кәсіби медицина жүйелілікке сүйенеді, бірақ сала-салаға бөлініп, жіктеліп кеткен. Кәсіби медицина, иә жүректен шығатын шипагерлікке жетісе бермейді. Адам организмі болса, ол тұтас, жүйелі функционалдық ерекшелікке бөленген. Бүгінде адам организмін тоғыз деңгейге бөліп қарайтын теориялық және практикалық жұмыстар жүріп жатыр. Естімеген елде де, ғылымда да көп. әйтседе, адам организмі қызметінің осы құрылымдылық деңгейлеріне ықпал ететін қандай әдістемелі, яғни емдік тәсіл-тәлімдер жинақталуда, олар сіздер мен біздерге мәлім бе? – деген сауал ойға оралады. Емдіктің мұндай өзекті мәселелеріне кәсіптік және халықтық медицина бірігіп жауап беретін мүмкіндік ашылуда. Тек ол ыңғай толық қолдауын тапқан жоқ.

Бұрын аяғымызға тұра алмай жатқан кезде ортақ, маңызды бағдарламалы мәселелерді арнайы және кеңінен талқылауда мүмкіндік болмады, тәжірибе жетісе бермейтін. Енді республикамыздағы халық емшілері қауымдастығының кәсіптік тәжірибесі он жылдық тәжірибемен өлшенеді.

Қазір халық медицинасының тәсіл-тәжірибелерін жинақтайтын және кеңінен қолданатын кезек келді, оған қажеттілік артуда. Осыған орай бес өткір мәселеге назар аударғым келеді.

Біріншіден, нағыз халық емшілері мен соған еліктеп, жақындап жүрген, бірақ кәсіби  қабілеті жеткіліксіз әуесқойларды ажырата білуіміз керек. Ендігі емшілер саны жер-жерде көбеюде, яғни оларға деген жалпы сұраныс бар деген сөз. Ал емшілер кәсібінің немесе емшілік деңгейінің сапалық көрсеткіштері қандай деген сұраққа, шамасы бүгінде тиянақты жауап беру мүмкін емес сияқты. Емшілер бір-бірінен үйреніп шеберлігін арттырып жатса ол игілік. Ал білімнің жетістігіне тікелей сүйеніп жатса, ғалымдардың білімін іріктеп алып жатса, одан емшіліктің  мәртебесі артпақ.

Екіншіден, халықтық емшілік дегенде біз көбінесе халқымыздың тек өткен тәжірибесіне, онда да оның кейбір жетістігіне жүгінеміз. Сонымен халық емшілігінің тарихи тәжірибесін тереңінен, жан-жақты іздестіріп, жүйелі тұрғыдан игеретін кез келді. Халықтық емшіліктің қандай методикалық, әдістемелі шарттары мен жүйелері бар? Тіпті, Өтейбойдақ  Тілеуқабылұлының кеңестерінің бағыты мен үлгісі қанша? Оның қайсысын бүгінгі таңда толық қолдануға немесе жартылай қолдануға болады? Оған көңілден шығатын емдік тәжірибенің жүйелі жетістіктерін естіп жатқан жоқпыз. Шығыстағы, халқымыздағы емдеудің озық тәсілдерін бірлесе жинақтайтын, жалғастыратын әрекеттерді қолға алатын кез келді.

Үшіншіден, халықтық медицина мен кәсіби медицина  емшіліктің түптес екі түрі. «Біз емшілікке кездейсоқ келдік, Алла тағала аяң берді» деген жауаптарды жиі естиміз. Бірақ адамды көп дерттен құтқаратын емдік тәжірибе бір сәтте өздігінен туа бермейтінін, жанды емдейтінін, рухты емдейтінін, әсте ажырата бермейтіндей. Ондай сұрықсыздықты қалай емдейді екен деп сұрауға дәтін бармайды. Ал сол емшілердің арасынан, «аурудың бәрін де емдеймін» дейтін сөздерін есіткенде, тіпті қайран қаласың. Миға кіре бермейді. Сол емші бір аурудыдың қаншама жүздеген түрлері бар екендігін біледі ме екен? – деген күдік ойыңды күрмеп те тастайды. Бұл мәселені қозғап отырғанның екінші жағы бар. Емшіліктің қандай түрін, тәсілін кім енгізіп жатыр, жаңа тәсілді  қалай атауға болады немесе қалай аталынады? – деген жаңа практикалық мәселеге әкеп тірейді. Емшілік практикасының тың жақтарын есітіп жатқан жоқпыз.

Төртіншіден, халықтық медицина – тарихы тереңде жатқан, әлемдік кеңістікке таралған жетістік. Бұдан туындайтын, меңінше екі маңызды шарт бар. Халықтық медицина емшіліктің өткен тәжірибесіне ғана сүйенбейді. Ол бүгінгі  жетістіктерді де іріктеуді және қолдануды қажет етеді. Олай болса халықтық емшіліктің ұлттық дәстүрін қалыптастыратын, осы бағытта  іс-әрекетті жандандыратын кез келді. Сондай-ақ келешекте басқа елдердің емшілерімен қарым-қатынас пен серіктестікті орнықтыру мәселесі күн тәртібінде тұрғандай. Республикамыздың өсіп келе жатқан халықаралық беделін халық емшілері тәжірибесіне де тартатын кез келді. Одан үйренеріміз де, ұстарымыз да мол.

Бесіншіден, нарықтық кезде емшіліктің әр жолы, әр жобасы өзара бәсекеге түсуде. Нарықтық қатынас кәсіби емге өзінің қатаң тәртібін енгізуде. Денсаулық аясындағы қызмет табыс көзіне айналып, ар-намыс этикасы аяқ асты болып бара жатқан жайсыздықты бастан кешірудеміз.

Ойымыз емшілер өздерінің кім екенін сындарлы тұрғыдан саралауын ұмытпаса, сондай-ақ халықтық емшіліктің өзіндік тәсіл-тәжірибесін жинақтаудан тартынбаса деген ниетпен туындауда. Сонда ғана халық есінде: «нағыз емшіліктен артық нығмет бар ма?», – деген сөз жаттанбақ. Байыбына барсақ, өзімізді де, кәсібімізді де жаңа жағдайға көтеруге демеулік ететін тетіктер мен ниеттер жетерлік. Жаңартып жетілмеген емші науқастанғанмен де, елмен де тілдесе алмай қалатыны хақ.

Өйткені, жаны қиналған мүгедекті, нені ашына және не себептен жиі айтатыны мәлім. Дертке ұшыраған ұрпақ, ауруға шалдыққан адам көп-ақ.  Аурудың түрі алуан-алуан, өмірге күмәнмен, күдікпен қарайтындар да аз емес. Ал емшілерде қарым-қатынас мәдениеті жетісе береді ме? Бұның бәрі де  көңілдің көлеңкесін, болмыстың сырқатын ұзартып, қысқасы адамның өзіне деген сенімді сұйықтатаны теріс жайлар.

Адам өзін білмей үлкен әрекетке бара алмайды. «Өзіңді тани біл» көне заманнан келе жатқан ұстаным, әркімге қатысты тікелей талап. Бұл толассыз және шексіз процесс. Өзін дұрыс білмеген, кәсібін еркін игере алмас. Кісілік пен кәсіп қатар жетілер. Кешегі білмегенді бүгін түсіндіре білу – ғылымның үрдісі, емшіліктің үрдісі. Олай болса, «қалай емшілікке келгенімді білмеймін» деген жауап, оның үстіне тіпті ағынан жарылып жиі айтушылық кәсіби мәртебені көтермейді, халық емшілерінің күштілігін емес, әлсіз жағын білдіреді. Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі өзін сауаттымын деп есептейді, әйтсе де жаны қиналғанда қайшылыққа толы түрлі мәліметтерге жүгінеді. Сондықтан халық емшілерінің тәсілдері мен тәжірибелері ғылыми талдауға мұқтаж. Олар енді ғана ғылыми талдаудың обьектісіне айналуы тиіс. Сіздер осы оң, жағымды, жүйелі бастаманың етек алуына үлес қосуларыңыз әбден орынды. Ол халық емшілігінің ертеңіне, ұрпақтың болашағына қызмет еткізетін қажетті қадамдарды тездетеді.

Бүгінгі таңда емшілік қай мағынада қолданылады, қандай тәсілдерге жүгінеді. Емшілік дегеніміз білім мен білімгерлік, тәсіл мен тәжірибе, өнер мен өнеге, себептіліктің астары мен сырын ашу, құндылықтардың арақатынасын айқындау, құдіретті күш-қуатқа жүгіну. Даосизмде «халықты біліммен басқармаушылық елді бақытсыздыққа ұшыратады, білімнің көмегінсіз елді бақытқа жеткізуге болмайды» деген қағида бар. Емшінің көзі мен көңілі бір сезімге шоғырланған, қолы мен ойының қуаты бір дертке бағытталғанда, оның дауасы артатыны даусыз. Емшінің тынысы да, көзқарасының тұнығы да сырқатты жанның сырын ашуымен, соған жол табуымен құнды. Қимыл-әрекет жүйелері дұрыс пайымдаудан өтсе, онда алдымен өзіміздің таза да тұңық ақылымызды шындықты түсінуге және түсіндіруге бағыттаймыз; шындыққа сенген кезде ізденістегі  тынымсыздықты баспаймыз; қуаныштың қуаты мен құдіретін іштей дәлірек, тереңірек сезінеміз; біз өзіміздегі  біржақты  денелік немесе құлқындық сезімнен босана білеміз, біртіндеп толық салмақтылық пен салиқалы күйге жетеміз.

Мұның өзі – шипагерлік баяны, адамгершілік жолы. Ал емшілік еркіндік естілікке жол десек, сондай биік күйге жету немесе жақындау үшін, әрбір емші мынандай этикалық ережелерді ұстануы шарт: өзіңше ішкі тыныштық күйге жету; жетік өнегеге бет ұстау; бағытына сенімді болу; өзімшілдік пен пайдақорлықтан бас тарту. Осыдан адамды танып білудің, адамгершіліктің тәртібіне ерудің, рухани байлықпен жарасудың ғасырлық дәстүрлері өзіндік жалғасын табады. Берері мол айналымда адам болмысының заңын ұғыну және сол тәртіпке үйлесе білудің маңызы арта бермек. Сондықтан «халық біліп танитын билеуші ғана артық» деген ой-тоқтамның өмірлік өнімін терең түсінетін,  ұмытпайтын кез келді.

Емшілік дәстүрдің халықтық мәртебесі де, мұраты да осында шығар.

 

ШИПАГЕР ӨТЕЙБОЙДАҚТЫҢ МҰРАГЕРІ,

ХАЛЫҚТЫҚ ЕМШІЛІгінІҢ ҚАРА НАРЫ

фотоМұқанов Дәурен, Алма Серікқали

Журналистер

Алматы қаласы 

Емшілік дәстүрі халқымыздың тарихымен тамырлас, тағдырымен түптес ерте заманнан жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрлі өнердің бір саласы. Кеңестік кері саясаттың билеушілері қазақтың емшілігін дамытпақ түгелі, оны атауға да тиым салды. Сондықтан да елімізде халықтық шипагерліктің жеке дамуының тарихын дәлелдейтін нақтылы тарихи деректер болмады. Осы бір кемшілікті орындауда қоғам білімді, еңбекқор, қайсарлы ұйымдастырушы, ғалым маман басшыны  қажет етіп тұрған-ды. Ел тәуелсіздігінен кейін халықтық шипагерліктің жабулы бұлақтарының көзі ашылды. Халық ішіндегі ертеден белгілі киелі жандардың ұрпақтарының бақсылық, балгерлік, көріпкелдік, болжампаздық, жұлдызнамалық, сынықшылық т.б. тылсымдық құпиясының сырлары ашыла бастады. Сырқат жандардың денсаулығын жақсартуда емшілер емдікке жеке үлестерін ашық түрде бастады. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған есепсіз емшілердің басын бір қоғамдық ортаға біріктіру қажет болды. Осы мақсатты жүзеге асыруға тікелей кіріскен Мәскеуде емшілік мектебінен білім алған, қазақ еліне де таныла бастаған, алғашқылардың көш бастаушысы болған, тыңнан қасқая жол салған, ол кездегі халық емшісі ал, бүгінде халық медицинасы саласының профессоры, академик, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» президенті ғалым Зядан Қожалымов болатын.

1991 жылдың 20-23 желтоқсанында З. Қожалымов мырза алғаш қауымдастықты құру жөніндегі комитетті ұйымдастырған соң ғана, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Ол емшілердің Құрылтайында қауымдастықтың тұңғыш президенті болып сайланды. Республиканың аймақтарындағы емшілер бір ортаға жинала бастады. Бұл қуанышы да ұзаққа бармай, қауымдастықтың қызметін тоқтатуға әрекет еткен республикалық жеті министрліктер мен комитеттердің қатал бақылауы мен қысымына ұрынды. «Олар көп еді, сондықтан да қауымдастықтың қызметін екі рет тоқтаттырды (1992, 1993), бізге моралдық, материалдық, психологиялық т.б. соққыларын күндіз-түні бағыттаған еді», – деп қауымдастық басшысы Зядан қажы күрсіне есіне алады. Осындай ауыр кездерде қиядан жол тапқан, ақыл парасаттылығымен өз мақсатына жеткен шебер ұйымдастырушы, білгір шипагер З.Қожалымов бүгінде белгілі мәдениеттанушы және өтейбойдақтанушы ғалым, жиырма жылдан аса уақыттан бері қауымдастықтың Жарғылық қызметін дамытып және қауымдастықты жоюға әрекет еткендерден қорғап келе жатқан танымал тұлғаға айналды. Тылсым сырларының құпиялары туралы жиырмадан аса кітап пен төрт жүзден аса ғылыми танымдық, рухани мәдениеттілік пен емшілік туралы мақалалардың авторы атанған, жазғандарын қарапайым халықтан бастап ғалымдарға дейін іздеп жүріп тауып оқитын профессор, академик, философ және психолог ғалым әрі  ақын-сазгер, өз құпиясын аша бермейтін Зядан қажы Қожалымовты оқырманға таныстыру өте қажет сияқты.

Қазақтың емшілік өнерінің ғылыми тұжырымдамалық тұрғыда «Өшкен отының жанып, жоғалғанының орнына келуі», зерттеуші ғалым З.Қожалымовтың атымен тікелей байланысты екенін оның сапалы ғылыми еңбектері емшілік тарихына қажеттілігі мен құндылығын айқындай түседі. З.Қожалымовтың көптеген монографиялық еңбектеріне пікірлерін жазып, оның құндылығын  жоғары бағалаған әр салалы ғылымдардың жиырмадай ғылым докторлары мен профессорларының пікірлеріне қарасаң, З.Қожалымовтың ғылымдағы тұлғалық бейнесі ашылып айқындала береді. Оның басшылығындағы аталған қауымдастық құрамындағы емшілерді бір-бірімен жақындастыруда, мәдениеті мен білімділігін көтеруде, халықпен етене таныстыруда қоғамдық ортада ең беделді қоғамдық ұйымға айналды. Қауымдастық басшысының ұйымдастыруымен 2004-2012 жылдары аралығында тоғыз рет конгрестер мен форумдардың өткізілуі, Қазақ елінің халықтық емшілігі мен ХV ғасырдағы шипагер ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485) «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегінің ғылымға енуіне оның зор ықпалы болды. Ізденуші, ғалым З.Қожалымов өзінің өткір баяндамалары арқылы осы форумдарға қатысқан Қытай, Ресей, АҚШ, Франция т.б. елдердің ғалымдары мен емшілеріне, ел тәуелсіздігіне дейін «Қазақтың халықтық шипагерлік өнері болмады», – деген арам пиғылдардың жалғандығын  шипагер Өтейбойдақтың «Шипагерлік баян» атты еңбегі арқылы қазақ емшілігінің өткендегі тарихының барын ашық дәлелдеді. Ел тәуелсіздігіне дейін аттары ел тарихына енбеген, аттары  аталмаған белгісіз ғұламалар қатарында әрине дала жаһангері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы да болды.  Шипагер баба қазақтың қарапайым дәстүрлі емес емін дәстүрліге ал, дәстүрліні осы заманғы ғылыми медицинаға жеткізгені оның «Шипагерлік баян» атты еңбегінде сайрап тұр. Осы шындықты ғылыми тұрғыда анықтап және дәлелдеуге зерттеуші ғалым З. Қожалымов он бес жылдан аса уақытын жұмсаған. Зерттеуші қаншама қиын жағдайлардан жол тапқан. Шипагер баба еңбегін зерттеуде әр түрлі мамандықтың ғалымдарымен тіл табыса білді. Ғылыми зерттеудегі еңбегі отандық ғалымдар тарапынан құндылығымен бағалана бастады. Шипагер Өтейбойдақ ілімі қазақтың ілімділігінің көшін бастаушысы екені айқындалды. Бұл жетістікке жету зерттеуші, ғалым З.Қожалымовқа оңай болмады. Солай болса да ХХ ғасырдың соңында таныла бастаған, толық зерттелмеген, кейбіреулердің бұл шипагер Өтейбойдақ өмірде болмаған адам дегеніне және қарсыластардың көптігіне қарамастан ұлы шипагердің «Шипагерлік баян» атты еңбегін республикалық радиоторабы мен телеарналарда және баспасөз беттерінде жылдап халыққа толық таныстырған зерттеуші ғалым З.Қожалымов екенін тарихи архивтерден табуға және танысуға болады.

Тағдыр-ай, 1944 жылдың 1 шілдесінде Хантәңірінің Текесінің етегінде дүниеге келген  Зядан Қожалымов екі жасынан әкеден жетім қалады. Жалғыз ұл апасының аялауымен көптеген жоқшылық пен қиыншылықтың жолдарынан жығыла сүріне жүріп, өз тағдырының бақытын іздеді. Ол арманшыл, ойлағанын орындайтын, намысшыл азамат болуға талпынды. Хантәңірінің Нарынқолының орта мектебін үздік бітірген З.Қожалымов 1964 жылы Алматыға келді. Ауылшаруашылығы институтына оқуға түсті. Инженер-электрик мамандығы дипломын алды. Түркістанның тумасы, жоғары білімді дәрігер-провизор  Түймекүл Құлмақанқызымен отау құрып, еліне қайта оралды. Нарынқолдың шаруашылықтарында бас маман, аудандық электржүйесі мен «Сельхозэнерго» мекемелеріне абыроймен басшылық етті. Кейін Алматыға ауысып, өз мамандығы бойынша жауапты қызметтерді атқарады. Оның жүріп өткен сатылы тарихи жолдарына көз жіберсең тыңнан із салатын, түлендей түрленіп өзінің қыратының биігіне мансап пен байлық үшін емес, ұлттық шипагерліктің ғылыми іргесін нық қалауға ұмтылатынын сезінесің. Оның бұл биіктікте де тоқтамасына оның бүгінгі игілікті істері куә. Ол нағыз ұлттық шипагерліктің намысын қорғайтын адал еңбек адамы. Кеңес заманындағы қазақтың халық емі жанашырлары Е.Оразақов, С.Қарынбаев, Ә.Айбақын, З.Шашкин т.б. медицина ғалымдарының халық емшілігін ғылыми айналымға айналдыра алмаған армандарын, ғылыми жағынан ғалым Зядан қажы еңбектерінде жүзеге асыра бастады. Шығыс және қазақ емшілігінің мәдени үйлестігінің ұқсастығы мен ХV ғасырдың қараүзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегінің ғылыми негізде зерттелуі тек ғана Зядан Қожалымовтың еңбектерімен тікелей байланысты екенін білу енді артықтық етпейді. Шипагер ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ғылымда «екінші ибн Сина» аталуына негіз болған З. Қожалымовтың зерттеуінде жазылған және әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің философия тарихы және мәдениеттану кафедрасының  ғылыми жиналысының  шешімімен бекітілген қазақ және орыс тілінде (қаулы № 4. 29.12.2008.) баспадан шыққан  Зиекеңнің  «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» – «Целительская традиция и философия» (А. 2009.  225 бет) атты монографиялық еңбегі. Оның Өтейбойдақ ілімінің ашылуына жол салғанын ғалымдарда мойындайды. Мәселен, З.Қожалымовтың ұйымдастыруымен 2009 жылы шілде айының 24-26 жұлдыздарында Тараз қаласында өткен «Қазақтың ғалым шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (ХV ғ.)» атты Халықаралық конгреске арнайы қатысқан Қытай, Ресей, Франция, Орта Азия мен Қазақстандық ғалымдар шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабыл баба туралы біліп ғана қалмастан,  З.Қожалымовтың «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты монографиялық еңбегінің тұсау кесерінде  аталған еңбекке өз пікірлерін білдіре келіп, шынында қазақтың шипагер ғұламасы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шығыстың «екінші ибн Синасы» деген ғылыми тұжырымға келеді. Осы конгресте сөйлеген Абайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы: «Бұл бабамыз туралы жазылған тұңғыш кітап. Енді Зядан омбылап із салды. Бабаға осылай ғылыми тұрғыда із тасталды, енді оның артынан еретіндер үлкен жол салу керек... Шын мәнінде біздің Өтейбойдақ бабамыз қазақтың Ибн Синасы. Бұл еңбекті Зядан жайдан-жай жазбаған. Осындай жауапты ғылыми еңбекті автор ғарыштық байланыстық жүйені де және осы заманғы ғылыми жүйенің талдамаларын да дұрыс пайдаланып, өзінің ғылыми тұжырымдамаларын ұлттық философиялық талдауда нақ түсіндіре білген. Қысқасы, Зядан Қожалымовтың бұл еңбегі Орта Азияда алғаш жазылған әл-Фарабидің «Медициналық трактатынан» кейінгі екінші еңбек ал, қазақ елі тарихындағы халық медицинасы саласындағы зерттелген тұңғыш бірінші еңбек екендігін мойындағанымыз жөн... Қысқасы З.Қожалымов өз еңбегінде қазақтың халық медицинасының б.д.д. тарихы мен өркендеуіне және ХV ғасырдағы қазақтың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегіне таза ұлттық философиялық танымдағы зерттеуін ғылымдағы жаңалық ретінде жоғары бағалаймын» – дейді. ( З.Қ. «Орындалған аманат», А. 2012. 375-бет).  Осы Тараздағы конгресте шипагер баба Өтейбойдақ туралы жарты сағаттан астам театрландырылған қойылым көрсетілді. Оны Жамбыл облыстық драма театрларының актеры, «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» Гүлшат Нүсіпжанқызы дайындады. ХV ғасырдағы шипагер баба Өтейбойдақтың, Әз Жәнбек ханның және Жиренше шешеннің ролдерін сахнада көрсетті. Көрермендерді тереңнен толғандырған қойылымның сценарийін жазған және сахналық  «Шипагер баба» әні мен сазын жазған да ғалым, ақын-сазгер Зядан Қожалымов болатын.  Қытай елінің мемлекеттік сыйлығын алған (1997), о дүниелік бабаның аманатын  тірілер осылайша орындады. Ғалым З.Қожалымовтың «Орындалған аманат» атты монографиялық еңбегінің (А. 2012. 484 бет) 357-392 беттерінде ғалымның әртүрлі еңбектеріне пікірлерін білдірген философ.ғ.д, профессорлар Ж.Молдабеков, А.Құлсариева, Г.Сәрсенбекова, Б.Абирова, медицина мамандары м.ғ.д., профессорлар Е. Керімбек Жандари, Ж. Зекейұлы, Т.Бекен, фил.ғ.д, профессорлар М.Мырзахметұлы, Әнуар Тарақ, С.Құрбанқожа, жазушы-профессор О.Қауғабай, тарих ғ.д., этнограф Б.Төтенай т.б. отандық ғалымдардың тұжырымдық пікірлерінің үйлестігі мен ғылыми әділ бағалары З.Қожалымовтың халық медицинасы саласындағы еңбектерінің отандық ғылымдағы орнын айқындап береді. Шипагер Өтейбойдақ бабасы өмірге келген Нарынқолдың Шалкөдесінің Айғайтасында ғалым емші З.Қожалымовтың ата-бабасы өмір сүрген. Қысқасы қазір де атамекені. Өткен ХХ ғасырдың соңындағы бабасы Өтейбойдақ  Зякеңе: «Жаз, жаз, балам, жаза бер, балам, тағы да жаз, жаз...» – деген аруақтың аманаттық аянын береді. Баспасөз бетінде  «Пархат ата» деген біреуді қолдан құдай жасағандарға қарсы пікірін білдірген қазақтың зиялылары мен көрнекті ғалым және жазушыларының: «Ендігі жеткен жеріміз отансыздардың есін жиған соң, бізге құдай болғаны ма? Киелі бабаларымыздың тылсым қасиетін дәлелдеп жазатын бір ұрпағы болмағаны қалай?» – деген сөздері ғалым Зякеңе жігер беріп, ұлттық шипагерлік өнерінің құпияларын ашуға, көре алмастарға нақты жауап беруге ойландырады. Ақыры шипагер З. Қожалымов тылсым құпия сырларынан сыр шертетін монографиялық түңғыш еңбегім: «»Мәңгілік құпия шежіресі»  (А.2001. 446 бет) аруақ аманаты мен тірілердің сұрауынан кейін жазылған-ды», – деп еске алады. Шипагер баба Өтейбойдақтың  «Шипагерлік баян»  атты медициналық энциклопедиялық еңбегі айналасына мәдениет, әдебиет, тарих, философия, психология, астрономия, этнография, метеорология, әскери ғылым, этика, эстетика т.б. ғылымдарды топтастырған, халыққа қызмет етуге ыңғайлаған алып еңбек. Баба еңбегінің тілінің күрделілігіне және оның төрттен үш бөлімінің жоқтығына қарамастан, зерттеуші ғалым З.Қожалымовтың ғұлама еңбегін зерттеуге батыл баруы да, оның нағыз ұлттық халықтық шипагерліктің жанашыры әрі еңбекқор ғалым екенін аңғартады. Шипагер еңбегіндегі медицинаның үш шыңы: «Қанықталғы», «Нарықталғы»,  «Дарымдылғы» және қан туралы ұғымдарын т.б. емдік тәсілдерін, өлдіні де тірілту жүйесін және «Шипагерлік баянның» әлемдік ғылымда алатын оннан аса ерекшеліктерін  зерттеп, ғылыми мақалалар жазған және монографиялық еңбегін баспадан шығарған шипагер-профессор З.Қожалымов. Бұл халық медицинасы ғылымының жетістігі мен мақтанышы екені өмір мен ғылым шындығы. Ғалым Зядан қажының еңбегін көптен бақылап және бағалап жүрген ғылыми жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Жақан Молдабеков: «З.Қожалымов қазақ хандығының қараүзген шипагері, шығыстың екінші ибн Синасы» – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мұрасын насихаттауда өзіндік үлесін қосып келе жатқан жанашыр іздемпаз, ғалым» – деген баға береді. «Орындалған аманат – ұрпаққа хат» деген мақаласында («Қазақстан-Zaman» газеті,13 қыркүйек, 2012 ж.). Жаһангер шипагер Өтейбойдақ бабаның медицина саласына қосқан мол ғылыми үлесіне оның еңбекқорлығының және ұлтжандылығының жемісін аңғартады. Бір ғана шипагердің емдік дәрі-дәрмекті 859 түрлі өсімдік, 455 түрлі жан-жануар мүшелері мен 70-дей металл-металиод қоспасынан 1384 дәрілер тізбесін жасаған, жетіге тиіспеу, қырық бірге жұғыспау және қырық бір ырыс сияқты адамгершілікке, мейірмандылыққа, отаны мен халқын сүюге және он екіден айырылмау туралы өсиетнама қалдырған, қазақтың ибн Синасына айналған тұлғаның еңбегіне философиялық  және  психологиялық танымда ғылыми талдау жасаған, зерттеуші-ғалым З.Қожалымовтың еңбегінің шоқтығы биігіне енді ешкім де күмандана алмайды. Зядан қажы шындық үшін жиырма жылдан бері шырылдап, ақты – ақ, қараны – қара деген танымынан таймай, халық емшілігіне сенімсіз қарайтындар мен емшілердің Алла тағала берген тылсым сырларын өздерінің тірі бизнесына айналдырғандарға анық және айқын өз ойын айта білген ғалым екенін, оның еңбектерімен танысқанда анық аңғарасың. Зякеңнің  принципі де: «Емшінің емінің Алладан келген бағасы жоқ», «Емші еміне баға қоймау керек», «Емделуші  емшіге өз рахметі мөлшерін өздері белгілеуі тиіс»» – деген идеяны ұстанады. Бұл принциптің негізі бабасы шипагер Өтейбойдақтың еңбегін басшылыққа алады.

Шындығында да, бес ғасырдан аса бұрын жазылған қараүзген шипагер – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегінің ғылымда орын алуында еді. Ғұмырының соңында: «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда  қалмақ» – деп өсиетін қалдырған ғұлама шипагер Өтейбойдақ бабаның арманы орындалды. Ғалым З.Қожалымов басшылығында  2002 жылдың  23 шілдеде қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлына өзінің туған жері Шалкөдесінің Айғайтасына құлыптас қойылды. Бұл да баба рухына көрсетілген құрмет еді.

Ғалым З.Қожалымов бабасы ұлы шипагер Өтейбойдақтың ілімінен ғанаттанды деуге енді толық негіз де бар. Зиекең осы заманғы емдіктің адам биоөрісінің қуаттары, Құран дұғаларының емдік қасиеті, медитациялық ем,  музыканың емдік шипасы, табиғаттың табиғи емдері, денсаулықты жақсарту жолы мен тазару мәдениеті жөнінде де зерттеді. Пайдалы жақтарын ұсынды. Аталған емдік жүйелер бойынша жеке-жеке оқулық кітаптарында оқырмандарына ұсынуда. Әсіресе, З.Қожалымовтың «Ғаламның жұмбақ сырлары» (А. 2010, 750 бет), «Тылсым дүниенің құпия емдері» ( А. 2006,  230 бет),  «Рухани емшілік ғаламаттары» (А. 2006. 190 бет) және «Денсаулықты жақсарту тәсілдерінің жолдары» (А. 2011. 190 бет) т.б. еңбектерін  оқырмандардың іздеп тауып оқитын жанұялық құралына айналғалы да  аз уақыт болған жоқ. Жігітке сегіз түрлі өнер де аздық етеді деген пәлсапалық ұғым ежелден ел ішіне тарағаны мәлім. Осыған қарап ғалым З. Қожалымовтың бойынан өнердің және көп тұғырлы таланттың талай  түрін байқауға болады. З.Қожалымов екі дана өлеңдер жинағы кітабының авторы. Кейінгі кезде осы тұлғаны ақын, сазгер деген атаулар да иелене бастады. Өйткені, ол отыздан аса ән мен толғаудың сөзі мен сазының авторы. Шығармашылығының алды қазақ радиосының «Алтын қорына» 1997 жылдан бастап қойылып, бүгінде жалғасын табуда. Ақын-сазгердің әндерінің емдік шипалығын жеке емделушілер де пайдалануда. Әйгілі сазгер Темір Тайбеков:  «Жақсы жыр мен әдемі ән ешқашанда өшпейді, өміршең келеді. Зяданның туындыларында да сондай сипат бар. Олар өзінің сонылығы, әуенділігі, мәнділігімен ел арасына ене берері сөзсіз. Әуелгіде ол қарапайым әндермен ерекшеленсе, бүгіндері термелер мен толғауларға бақ сынап, бапты дүниелер тудыруда. Әдетте, мұндай шығармалар жазу сазгермін деген әркімнің қолынан келе бермейді. Өйткені бұл күрделі жанр саналады» – деп Зядан сазгердің шығармашылығына әділ баға береді (З.Қ. «Ақ   гүлім». А. 2012). Ән мен саздың шекарасы  болмайтыны анық.  Ақын-сазгер З.Қожалымовтың «Шипагер баба», «Сағымдай болып», «Өмірім» әндерін тамылжыта орындаған алматылық әнші Диана Шик өзінің өнер сапарында Англия, Франция, Жапония т.б. елдерінде болғанында тыңдаушылардың құрметіне бөленгенін және әннің ағзаға емдік шипалығы жоғары бағаланғанын философ А.Бодров өзінің «Музыкотерапия» деген мақаласында тебірене жазады («Шипагерлік баян», қараша, 2010). Ғалым Зядан қажы шежіре тақырыбына да қалам сілтеген, Қазақ Энциклопедиясында да тылсым сырлары құпиясы туралы ғылыми мақалаларын шығарған және оннан аса атақты ғалымдардың еңбектеріне пікір жазған да ізденімпаз ғалым. Мәселен, «Албан шежіре» (А. 2003, 2011), «Батыр баба Әлмерек» (А. 2002) кітаптарының авторлары құрамына енген. Академик М.Әлиевтың т.б. авторлардың «Қазақтың халық медицинасының ғылыми көкжиектері» (А. 2003), м.ғ.к. Т.Бекеннің («Ислам және медицина» және «Рухани саулық – денсаулықтың негізі», А. 2006, 2011), профессор С.Құрбанқожаның, дінтанушы К.Төлешұлының,  ақын С. Жұмановтың  т.б. еңбектеріне ғылыми танымдық пікірлерін жазған. Зядан қажы «Қазақстан қажылары» кітабына (А. 2005), «Жетісу» энциклопедиасына және «Албан шежіресі» мен «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» (А. 2005) т.б. тарихи еңбектерге де еніпті. Уақыт тоқтамай зымыраған сайын, ғалым Зядан қажының да жазған  әр түрлі тақырыптағы мақалалары жиырма жылдан аса уақытта елімізде шығатын 45 (қырық бес) және оннан аса журналға шыққаны төрт жүзден асыпты.  Шипагер Зядан қажының бойына қонған тектік қасиеті болса да, ол ашық айта бермейді, мақтанбайды да. Қысқасы, мені осы жолға түсірген бір тылсым күштің әсері, айналасы төрт-бес сағатта мен күтпеген жерден емші, одан әрі «Ұстазсыз – ұстаз болдым. Бұл тағдырыңның жолы» – деп сөзін қысқа қайырды. Тылсым қасиеттің дарынына ие күрделі тұлғаның атқарып жүрген жүгі де жетерлік. Қауымдастықтың қызметіндегі ұжымның жеке үлестері үшін Елбасының «Алғыс хатын» алған.           Зядан шипагер ілгеріде емшілердің халықтық медицинасы саласындағы конгрестерінде оннан аса  шеберлік сеансын өткізіп, ірі жетістікке жеткен. Орыстың самаралық сиқыршысы да З.Қожалымовтың қаһарына шыдамай сұлап түскен (Мәскеу, 18.06.1991). Осы жылы М.Горкий атындағы киностудиясы түсірген  «Шығыс емшілігі туралы» сюжетті киноның басты рөлінде ойнаған. Ол білімін көтеруде философия, психология, әдебиет, дін және халық медицинасының салалық оқу орындарында оқып мамандығын жетілдірген. Бүгінде құрамында бес мыңнан аса мүшесі мен жиырмадан аса облыстық және қалалық филиалдары бар аталған қауымдастықтың өсуі, өркендеуі және қорғалуы тікелей оның басшысы профессор, ғалым З. Қожалымовтың іздемпаздық, ұйымдастырушылық және адамгершілік тұлғасымен байланысты. Қилы да қиын жолдардан өткен Зядан Қожалымов «Халық медицинасы және ғарыштыққуат академиясының» профессоры, академик, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» президенті, мәдениеттанушы және өтейбойдақтанушы ғалым. Ақын-сазгер. Қазақстан Журналистер және Психологтар одағының мүшесі, Халықаралық дәстүрлі халық медицинасы мамандары, психологтары және емшілері ассоциациясының президенті, «Халық медицинасы және ғарыштыққуат академиясының»  президенті, Халықаралық М.Нострадаумс атындағы тылсым құпия академиясының академигі (Париж), Халықаралық «Экология» академиясының академигі, Халықаралық рухани және емшілер академиясының академигі (Мәскеу), «Жас-ай» Шығыс-тибет журналының редколлогия мүшесі, «Шипагерлік баян» газетінің Бас редакторы, парапсихолог, әлем емшісі, «III мыңжылдықтың үздік емшісі», 22 кітап пен 30-дан аса әннің сөзі мен сазының авторы. Алматы облысы, Райымбек ауданның құрметті азаматы.

Қауымдастық үшін жылқы жылы зор қуанышпен басталды десек болады. Қауымдастық пен өзіне мынандай марапаттарда бұйырыпты. Құрылғанына 23 жыл толған қоғамдық бірлестіктің атқарған еңбегі ұшан-теңіз. «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» РҚБ (Республикалық мәртебе) 2012- 2013 жылдардағы қызметіндегі ерекше табыстары үшін Мемлекеттік статистиканың ресми деректері негізінде ғана, Қазақстан экономикасының нағыз көшбасшыларын анықтайтын кешенді рейтингтік бағдарлама «Ұлттық бизнес-рейтингінің», «Ғылыми-ақпараттық статистикалық зерттеулер орталығы» және «Ұлттық бизнес-рейтингтер Халықаралық рейтинг одағының» (Ресей, Украина, Қазақстан, Беларусь) «Сала көшбасшысы-2013» атағына ие болып, арнайы алтынмен қапталған «Сала көшбасшысы-2013» қабырға медалімен және «Сала көшбасшысы-2013» Ұлттық Сертификатымен марапатталды.

Қауымдастық президенті Зядан Қожалымов көп жылғы еңбегінің арқасында Отанның алдында сiңiрген еңбегі үшін Мемлекеттік статистиканың ресми деректері негізінде ғана, Қазақстан экономикасының нағыз көшбасшыларын анықтайтын кешенді рейтингтік бағдарлама «Ұлттық бизнес-рейтингінің» «Қазақстанның данқы» орденімен марапатталды (Куәлік № 01724, 20.01.2014).

Жұбайы Түймекүл апай екеуі өзінен тараған алты ұрпақтарынан Құдай берген немерелерінің атасы мен апасына айналды. Бақытты жандар, сыйластардың келіп кететін киелі шаңырақ. Қауымдастықтың демеушісіз, қаражатсыз, тұрақты мекені жоқтығына мойымастан, атқарған қызметі мен ғылымдағы, өмірдегі өміршеңдік жетістіктеріне, адами еңбекқорлығына қарап ғалым-шипагер Зядан қажы Қожалымовты, шипагер, ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мұрагері, халықтық шипагерліктің қара нары демеске лажын жоқ.

ХХ ғасырдың соңында өзінің қанатын жайып, таныла бастаған тылсым құпия сырларына құмар әрі құштар болған көп тұғырлы тұлғалы ғалым, шипагер З.Қожалымовтың әлі тың тақырыптарда дүниелерді әкелерін, оның бүгінгі еңбекқорлығы, білімділігі мен адами қасиеттері айқындай түседі.

 

 

 

 
в верх