Ғибратты өмір

 

 

16

 главная                                                  вернуться 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28

 

 

ХАЛЫҚ МЕДИЦИНАСЫНЫҢ ХАС ШЕБЕРІ

Зядан Қожалымовтың еңбегіндегі

денсаулықты жақсарту тәсілдерінің жолдары туралы

фотоЖасан Зекейұлы

м.ғ.д., профессор, академик

Алматы қаласы

Халық медицинасының өткенін тарқатып талдап, бүгінін сана таразысына салып таразылып, болашағына тың көзқараспен қараған Зиядан Қожалымовтың қазақ ұлтыныа сіңірген еңбегі орасан. Ел тәуелсіздігін жаңадан алып жатқан аумалы төкпелі кезеңнің өзінде алған мақсатынан қайтпай, кеңестік кезеңдегі кертарпа саясаттың бұғауында болған ұлттық құндылықтарымызды насихаттай түсті. Қалтаның қалыңдығын емес, ұлттың саулығын ойлады. «Тылсым дүниенің құпия емдері» туралы тереңнен зерттеп, тың тақырыпқа тайсалмай қадам басты.

Республикаға белгілі халық медицинасының ірі маманы, емшілер қауымдастығының президенті Зядан Қожалымов «Денсаулықты жақсарту тәсілдерінің жолдары» атты кітабы – халық медицинасындағы ескерілмей қалған кейбір құнды материалдарды толық көлемде зерттеп жазылған аса бір құнды еңбек. Кітапта биоэнергетика, адамның қуаты, ғарыштық жүйенің ерекшеліктері, әуендік терапия, балдың емдік қасиеттері, ғарыштық жоғарғы ақыл-ой, балшықтың емдік қасиеті, рухани даналық, зомбиланудың әсері, т.б. нәрселер жөнінде айтылады. Денсаулықты жақсартуда биоэнергетикалық жүйемен реттеу жолдары адамның психикасы мен денсаулығына кері әсері мен пайдалы жақтары зерттеліп, бүгінгі таңда қолданысқа енгізілді.

Бұл кітаптың «Биоэнергетикалық жүйелер» деп аталатын 1-тарауында биоэнергетикалық жүйелерді реттеу жолдарын айта келіп, биологиялық энергетика арқылы адамдардың денсаулығын қалпына келтіру үрдістерін айтады. Халықтың ерте кездерде жасап келген ем-домын дүниежүзі мойындаған биоэнергетикалық тәсілмен ұштастырылған. Халқымыздың дәстүрлі емінің бір жиегі көрініп тұргандай әсер қалдырады. Биоөріс арқылы әрбір адам өз денсаулығын дұрыстай алатыны жөнінде қазіргі таңда жиі айтылып жүр. Аталмыш кітапта осы энергетиканы қалай пайдалану керектігі жөнінде нақтылы талданған.

Екінші тарау - адамның қуат көздерін ашу жайында. Қуат қалай сарқылады? Осы сұрақ төңірегінде ой қозғап, тұжырымды дәлелдер арқылы жауап береді. Мәселен, адам қуатын сорып алатын вампирлер, олардан қорғану жолдары, тіл-көз тию, дуа, зомбилық сияқты нәрселерге тоқталып, оны қуат көздерін ашу арқылы емдеуге болатынын ғылыми түрғыда баяндаған.

Ал үшінші тарау «Карма» деп аталады, ягни өмір жалғаса ма деген сұраққа жауап іздейді. Әрбір адам пәни жалғандағы, яғни ғұмырындағы әрекеттеріне сай немесе жаза алатыны, адам жаны ешқашан жоқ болмайтыны жөнінде тартымды етіп жазған.

Төртінші бөлімде ғарыштық энергияны дұрыс пайдалану жөнінде. Оның рухани ақыл-ойға, парасатқа беретін әсері, сол жолдардың адамға берілуі, адам өмірінің жалғасуы сияқты ойды пәлсапалық түрғыда толғап өткен. Энергия қорын толықтыру жолдары, жаттығулар да осы тарауда берілген.

Бесінші тарауда әуендік терапия туралы сөз болады. Баяғыда ата-бабаларымыз қыл қобызбен, қара домбыраның үнімен, сырнаймен рухани жақтан емдейтін болған. Тіпті, бесік жырының өзі рухани тәлім-тәрбие. Жүйке жүйесі ауыратындарды қобыздың, сырнайдың үні арқылы емдеп, жетістікке жеткендер де болған. Халықтың ежелгі емдеу тәсілін қазіргі кезде қолданылатын әуенмен емдеу түрлерімен, методикаларымен ұштастырып жазған.

Бұдан өзге балмен емдеу, балшықтың табиғи емі, өзінді тани білу, өмірді тану, сандардың құпиясы сияқты тараулары бар. Халықтық медицинада қолданыста болса да, жинақталмай жүрген бұл емдеу түрлерінің ерекшеліктері көрсетілген. Соған автор көптеген зерттеулер жасаған. Сол зерттеулер негізінде түйіндеме жасап, ғылыми тұжырым берген. Сондықтан да бұл кітап өте құнды. Елбасымыздың «Салауатты өмір салтын» үндейтін бұл еңбек медицина қызметкерлеріне және халық емшілігімен шұғылданатын көптеген емші қауымға табылмайтын құрал, солардың құнды материалы деп білемін. Әлі де көптеген жақтарынан дәріптелетін, халық іздеп жүріп оқитын кітап болатынына сенімім мол.

 

ЕМШІЛІК ӨНЕРІН ӨРКЕНДЕТЕЙІК

фотоЗікірия Жандарбек

Тарих ғылымдарының

кандидаты, ХҚТУ доценті

Түркістан қаласы

Құрметті емшілер қауымы. Сіздердің бастарыңызды қосып отырған осындай жиындарыңыз құтты болсын. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде емші, бақсы, молда десе соңына түскен. Бүгін осы адамдардың қоғамдағы орнын алып бастарын қосып, осындай жиын жасап отырғанының өзі үлкен жетістік. Шындығына келгенде біздің ата-бабаларымыз өмір бойы осындай сіздер сияқты халық емшілерінің көмегімен емделіп ғасырдан-ғасырға жетіп келген. Бұл халықтың рухани ахуалын тазалаудың бір белгісі. Сонымен бірге біздің ата-бабаларымыз шөптің де, аңның да тілін білген. Соларды өзінің қажетіне жарата білген. Емшілік қасиеті дарыған былайша айтқанда тылсымнан хабар алған емшілер болған. Міне, сіздер солардың ісін жалғастырушысыздар. Сіздердің осындай бас қосып отырғандарыңызға, өздеріңіздің ойларыңызды ортаға салып, атқарған істеріңізге есеп беріп, тәжірибелеріңізді ортаға салып отырғандарыңыз үлкен ғанибет. Адам баласы екі болмыстан тұрады. Біреуі –  жан, біреуі – тән. Шындығына келгенде қазіргі медицинаның бір кемшілік жері бар. Ол тәнді ғана емдейді, ал жанды емдей алмайды. Ал жанды емдеп барып, тәнді емдеуге болатынын медицина түсіне бермейді. Халық емінің астарында не жатыр, сіздердің өздеріңіз сезіне бермейтін тылсым күшке ие екендіктеріңізді көрсетеді. Кейде емшілер өздерінің күштерін әсірелеп жібереді содан сақтаңсаңыздар екен деймін. Жалпы біздің халықтық медицинаның артықшылығы бар сонымен бірге кемшілігі де бар. Оның кемшілігі неде? Қазіргі техниканың соңғы жетістіктерін сіздер пайдалана алмай жатуыларыңызда. Сондықтан да бұл екеуін ұштастыра білсеңіздер, байланыстырып емдеудің жолдарың көрсете білсеңіздер үлкен жетістікке жеткен болар едіңіздер. Мен екі рет үлкен операция жасатқам. Біріншісі 1975 жылы бүйрегімді алғызып тастатқам. Содан бір жылдан кейін мен ауырдым. Сонда Кеңестің медицинасы емдей алмады. Сол кезде Ташкентте Шайназар деген бір емші бар еді. Сол кісі мені емдеді. Тамырымды бір рет ұстап балам сенің ауруын бүйрегінде емес қанында екен. Қанынды тазартсақ сенің ауруын жазылады деді. Бір берген дәрісінен жазылып кеттім. Қазір мен Алматы облысы Жалғамыс ауылында тұратын Сейтбаттал ағаның емін алып жүрмін. Бұл біздің халықтық медицинаның қуатының қаншалықты құдіретті екенін көрсетеді. Сондықтан да сіздер сондай құдірет күштің иесісіздер. Бірақ әр нәрсені өз орнына пайдаланайық. Сіздердің бастарыңызды қосып осындай ұйымға айналдырған Зядан қажы ағамызға үлкен рахмет айтқым келеді. Себебі сіздер сияқты адамдарды тауып, бастарыңызды қосып, өздеріңіздің қоғамдағы орындарыңыздың бар екендігін сезіндіріп отырған Зядан ағаның орны зор. Зядан ағаның халық емшілігінің ғылымға енуіне ықпал етіп, халық емшілерінің абыройларын асқақтауына еңбегі мол екенін түсінсеңіздер екен. Сіздердің қолдарыңыздағы құдіретті күшті дұрыс арнаға бұрып, соны қоғамның қажетіне жаратып отырған осындай басшысы бар сіздер бақыттысыздар. Ұйымдарыңыздың басы ажырамай, бірге болсаңыздар әркезде сіздер қоғамды сауықтырып жүрген күшсіздер. Сіздердің жұмыстарыңызға табыс, өз орындарыңызды өз дәрежесінде сақтап жүрулеріңізге тілектеспін.

 

Жетпістегі зиялы ғұмыр иесі

фотоКенже Оразай

ҚР Журналистер

одағының мүшесі

Алматы қаласы

Ел тәуелсіздігін алған жылдары құрылған «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» жыл сайын жаңарып, халықтың рухани жан-дүниесін сауықтыруда елеулі үлес қосып келеді. Ал, осы қауымдастықтық  туралы сөз еткенде ең алдымен ойымызға оның іргетасын қалаған ғалым, мәдениеттанушы Зядан Қожалымов түсетіні анық. Себебі, оның тікелей бастамасымен ұзақ жылдар қапаста қалған халық емі ресми қолдау тауып ғасырлар бойы жинақталған құнды дүниелер қайта өмірге келді. Дәстүрлі халық медицинасы әсіресе, жас мемлекеттің дағдарысқа түскен шағында үлкен көмек болғанын ұмытуға болмайды. Халық емшілері қауымдастығы елімізде саңырауқұлақтай қаптаған емшілердің шынайы биоқуатын анықтап, олардың басын қосып бір орталықтан бақылауға мүмкіндік туғызды.

Қаннан дарыған бойындағы емшілік қасиетті Зядан Қожалымов ең алғаш 1989 жылы байқапты. Қазіргі уақытта халық медицинасы мамандығы саласының профессоры, академик, Қазақстан Журналистер одағының және психологтар Одағының мүшесі, халықаралық «Жаңа өрлеу», «Бейбітшілікке мәдениетпен», «Парапсихология», «Туысқандық құпия» және «Ресей халық медицинасы» қауымдастықтарының толыққанды мүшесі, Ұлттық бизнес-рейтингтер халықаралық рейтинг одағының «Сала көшбасшысы-2013» атағы мен осы ұйымның «Қазақстанның даңқы» орденінің иегері  болған Зәкең 1990-1993 жылдары аралығында Мәскеуде халықаралық емшілер білімін жетілдіру мектебінен білім алған. Осы салада көп уақыт үздіксіз ізденіс пен зерттеулер жүргізу нәтижесінде 500-дей ғылыми-танымдық мақалалар мен 20-дан астам кітаптың авторы атанды. Оның ішінде «Ғаламның жұмбақ сырлары», «Тылсым дүниенің құпия емдері», «Рухани емшілік ғаламаттары» және «Денсаулықты жақсарту тәсілдерінің жолдары» атты еңбектерін ерекше атап кетуге болады.

Зядан ағаның ерекше еңбектерінің бірі ретінде шипагер ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының XV ғасырда жазып қалдырған «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегін ғылымға енуіне ықпал етіп, оны халық арасына насихаттауға қатысқандығын айта кету қажет. Ө.Тілеуқабылұлына арнап бабаның туған жері Шалкөдеге құлыптас қойылуына басшылық жасады. Бұл өз кезегінде өткен ғасырлар қойнауында қалып кеткен бабаларымыздың рухани және адамзатқа өмірлік қажетті құнды дүниелерін қайта тірілтумен бірдей болды деп айтуға болады. Алматы облысының Райымбек ауданының құрметті азаматы. Осындай жер жанаты саналатын табиғаты көркем, киелі топырақта туып-өскен аты аталған қауымдастықтың президенті ақындық, сазгерлік талантымен де көпке танымал болды. 2003 жылы қасиетті Мекке-Мәдинаға барып қажылық парызын атқарып қайтты.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» ретінде Зядан Қожалымов – сегіз қырлы, бір сырлы, кез-келген қазақ баласына үлгі боларлықтай тұлға. Сонымен қатар, Қазақстандағы халық медицинасы жаңа дәуірінің көш басшысы. Мұндай азаматтың шәкірті болуға құштар жандар аз емес. Олардың бәріне Зиядан қажы мейіріммен қарап, дұрыс жол, оң бағыт нұсқап, бойдағы бар қасиетті игеріп, пайдаланудың ғылыми нұсқаларын үйретіп келеді.

 

ХАЛЫҚ ЕМІНІҢ КЕЛЕШЕГІН ЕКШЕСЕК

фотоКерімбектің Ермаханы

Медицина ғылымдарының докторы,

 ХҚТУ профессоры

 Түркістан қаласы

Бабаларымыздың бабасының бабалары, адамзаттың екінші мұғалімі (Мұғалім Сани) атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби «Аспанды жерге, ілімді халыққа жақындатсам» – деп еңбек етіп жүрмін» деген екен. Бабаның терең мағыналы пәлсапалық  тұжырымы бүгінгі ұрпағына мұра. Шын мәнінде қазақ халқы – тарихқа бай халық. Ғасырлар бойы жасаған өмірінде алтын сақадай сақталған мәдени мұралары да мол. Сол мұралардың құпиясы әлі толық ашылмаған, үлкен бір саласы – халық медицинасы. Халқымыздың емдеу-сауықтыру тәсілдері өз емшілерімен бірге жасап келеді. Олардың медицина ғылымы биікке көтеріліп, егер дәрігер кадрлары көбейген қазіргі кезде, әсіресе соңғы жылдары өздерін халық емшісінің өкілі атап, елдің аузына ілініп жақтаушы табуы сүйсінерлік жағдай. Өйткені, уақыт өткен сайын адамдардың санасы да, қоғам да дамып, талап та өзгеріп отырғаны белгілі. Оның үстіне қазіргі халық емшілерінің барлығының орта білімі, көпшілігінің жоғары білімі бар болғандықтан ем-домы уақыт талабына және аурудың түріне сай сараланып едәуір икемделген.

Ғылыми-техникалық революция дүмпуі ғаламат жетістіктерді дүниеге әкелген қазіргі таңның айналамыздың, әсіресе адам табиғатының алуан түрлі құпиясы әлі де толық ашылмаған күйі қалып отырғаны баршаға мәлім. Сондай-ақ әулие, тәуіп, бақсы-балгер, көріпкел, есепші, жұлдызшы, құмалақшы, экстрасенс, сәуегейлердің іс әрекеттерін қазіргі медицина ғылымының тиянақты түсіндіре қоймағаны тағы бар. Бұның жолын кім табады, қандай жүйе жұмыс жасауға болады, дүниеге екі түрлі көзқарас күшін бір арнаға қалай бағыттау мүмкіндігі бар. Міне, бұл өте ойласуды керек ететін үлкен бағыт. Қазақстанның ең киелі жерлерінің бірі қасиетті Арыстанбаб – Түркістан жерінде  Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылғанын, онда Шығыс медицина факультеті бар екенін сіздер жақсы білесіздер. Енді бізге құдай тағала үлкен білім ордасын елімізге нәсіп еткен екен, оны өз дәрежесінде халыққа жайлы ұлттық маман дайындау үшін көркейту сіз бен біздің борышымыз. Өйткені, бабаларымыздың бабасы әл-Фараби өз отанынан білім ордасын таба алмай, ел кезіп кеткенін естен шығармағанымыз жөн. Бұл білім ордасы Қазақстан және Түркия  елбасыларының қолдауымен дүниеге келген. Осы университетте  Шығыс медицина факультетінің іргетасы да қаланған еді. Оның алғашқы ұйымдастыру жұмыстарына біз де қатысып факультетті қажетті оқулықтарымен қамтамасыз етуге атсалыстық. Ал енді мақсат не дейсіз ғой? Міне, мені көптен мазалап бүгін қолыма еріксіз қалам алдырған аталмыш факультетті шынайы шығыс медицинасының жоғары мектебіне айналдыру туралы ой еді. Ол үшін біз оқуға талапкерлерді қабылдар кезде олардың арасындағы бойында емшілік, көріпкелдік қасиеті барларын іріктеп алса, қабілеті бар жастар медицина саласынан жоғары дәрежелі білім алса, емшілеріміздің біліктігі арта түсіп, қазіргі кез болып жүрген кейбір келеңсіз жайттар жойылар еді. Жаңаша дамып келе жатқан ғылым мен техниканың ғаламат жетістіктері табиғатының алуан түрлі құпиясын шешу үшін халық емшілерінің де өркенін өсіріп, екі түрлі көзқарастың күшін бір арнаға, бір мақсатқа, яғни адамның денсаулығын сақтауға жұмылдыру қажет. Ол әрине, бүгін-ертең шешіле қояр шаруа емес шығар, десек те, ойласып көрсек деген ниет. Болашақта университеттің Шығыс медицинасы факультетінің қазіргі оқу жоспарына арнайы мұсылман, оның ішінде Түрік халықтарының сондай-ақ Жапон, Монғол, Қытай, Тибет, Индия және Еуропа халық емшілерінің құпия сырларын оқыту бағдарламасына ендіріп, Алматыдағы халық медицина орталығы мен Қазақстан халық емшілері ассоциациясына мүше емшілер және басқа да шет елдерден әртүрлі саладағы білгір, дарынды халық емшілерін университетте сабақ беруге шақыру қажет. Бұл білім беру жағы десек, енді емшілік қасиеті бар талапкерлерді университетке қабылдау арқылы олардың табиғи қабілетін біліммен ұштастыру. Оларды оқытудың біршама ерекшелігі болатынын  ескеріп, соған ыңғайлы жағдай жасау жағын да айта кетуді жөн көріп отырмын.

1. Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетіне халық емшілерінің өкілін оқытуды заңдастырып және сондай арнаулы топқа  қабылдайтын (мүмкіндігіне қарай) орнын, санын бекіткен жөн. Емші талапкерлер арасында да, конкурс болуы міндетті.

2. Университеттің Шығыс медицинасы факультетіне қабылдаудың жалпы ережесіне емшілік қасиеті бар тобына қабылданатын талапкерлер үшін қосымша талап тілектер қосылса (Халық емшілері тобына 40-45 жасқа дейінгілер қабылданады). Халық емшілері тобына қабылданушылардың қолында «халық емшісі» деген куәлігі бар немесе емшілік қасиетін емтихан алдындағы конкурста байқатып, одан сәтті өткендер қабылданады деген ескерту ендірген дұрыс.

3. Қабылданған емші-студенттерге өздерінің ерекшеліктеріне қарай жағдай жасау шарт. Әйтеуір солардың кәсібін жетілдіруге толық еркіндік беріп сабақтан басқа уақытта кәсіби (қасиеттік) машықтануға, дәрет алу, намаз оқу, сиыну, ғарышпен байланысып, аруақтармен тілдесу т.б бақсылық өнерін жетілдіруге жәрдем беруді ескерсек. Аталған арнаулы топты бітірген емші студенттер университеттегі Шығыс медицина факультетін бітірген студенттер мен құқығы бірдей болып мемлекеттік ауруханаларда қызмет етілуін заңдастырса дейміз. Қазіргі уақытта осы аталған университеттен емшілік қасиеті бар, дарынды жастардың бітіріп өз мамандықтары бойынша халқына қызмет жасап жүргендері баршылық.

Енді «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» құрылғанына 20 жыл толды. Бұл мерзімде оның президенті Зядан Қожалымов әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің философия тарихы және мәдениеттану кафедрасының ғылым зерттеушісі, Қазақстан бойынша емшілер қауымдастығының басын қосып, жыл сайын: Алматыда, Шымкентте, Түркістанда, Таразда биыл 2010 жылы – Астанада белгілі тақырып бойынша ғылыми конференция, форум халықаралық конгрестер өткізіп келеді.

Осы ғылыми-теориялық конференцияларда, емшілер қауымына арналған ғылыми кітаптар талқыланып отырады. Мысалы, Тараз қаласында өткен конгресте Зядан Қожалымов мырзаның «Шипагерлік дәстүрі және философиясы» атты ғылыми монографиялық еңбегі талқыланды. Монографияда қазақ халқының халық шипагерлігінің тарихы және хv ғасырдың ғалым шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шипагерліктің негізін қалаушы әрі оның емдік әдіс-амалдары туралы, адам биоөрісімен рухани медитациалық және музыкалық емнің шипасы  мен денсаулықты жақсарту мен тазару мәдениеті туралы ғылыми таңдамалық анықтамалар берілген.

Осындай емшілер қауымын жетілдіру мақсатында жазылған ғалымдар еңбектері, ғылыми мақалалары аз да болса жарық көруде.

Енді емшілер қауымының  білімін жетілдіру мақсатында жаратылыстану және медицина студенттерінің бағдарламасына сай жазылған менің соңғы жылдарда шығарған оқулықтарым: «Тәнтану атауларының латынша-қазақша-орысша сөздігі» (Алматы, «Ана тілі», 1996) «Тәнтану» (Алматы, «Білім» баспасы,2004), «Баланың туылғаннан кәмелетке дейнгі өсіп-дамуы, тән-жан тәрбиесі мен гигиенасының жас ерекшеліктері» (Түркістан «Тұран» баспасы, 2008), «Дене шынықтыру-Спорт мектебіндегі жасөспірімдердің тән-жан-тәнтірлігінтануы (физиологиасы) мен гигиенасы («Түркістан», «Тұран» баспасы, 2009), «Тәнтірілігінтану» (физиология) атаулары және заңдылықтары, теңдіктері, тұрақтылықтары мен ерітінділердің түсіндірме анықтамалары («Түркістан, Тұран» баспасы, 2009) т.б. Соңғы  кезеңдерде ел ықыласына бөленген «Жас-ай» Шығыс Тибеттік медицина орталығы болып саналады. Бұл орталықтың басқарушысы Жасан Зекейұлы – академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор халықаралық инемен емдеу Академиясының мүшесі, жоғары дәрежедегі Қытай-Тибет медицинасының дәрігері. Осындай шығыс медицинасының жалпы халыққа берері көп. Сөйтіп, Қазақстан халық емшілері қауымдастығының басшысының 20 жылдан аса тынбай еңбектенуі нәтижесінде халық емшілерінің білімі, саналы түсінігі, деңгейі өте жоғары дәрежеге көтерілді. Сондықтан да сенімді түрде халық емшілерінің келешегі зор болмақ. Қазақ халқын тәрбиелеуде де бағытымыз дұрыс. Аллаға шүкір.

Мақаламызды тұжырымдай келе, біріншіден, жоғарыда айтқан емшілік қасиеті бар, сертификаты бар жастарды Қазақстан бойынша жоғары және арнайы білім беретін оқу орындарына қабылдауды түбегейлі шешкен жөн. Екіншіден, Түркістандағы  Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңынан Әбу Насыр әл-Фараби атындағы емшілер қауымдастығының ғылыми зерттеу орталығы ашылса нұр үстіне нұр болар еді.

Мінеки, айтар ойымды тәмәмдадым. Ниетіміз – ақ! Халық арасынан шыққан қасиетті, дарынды халық емшісі, тәуіп, бақсы-балгер, көріпкел, есепші, жұлдызшы, экстрасенс, т.б қазіргі медицина жетістігімен сусындайтын жас буындарға жол ашылсын. Олардың да игілігін халық көрсін, дертіне шипа алсын, нәтижесінде халқымыздың дені сау болсын демекпіз.

Аумин, Алла үшін, Ғылым үшін!

 

 

 

 
в верх