өмірімнің шежіресі 1 | ||
главная вернуться | ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 | ||
Зядан Қожалымов өмірімнің шежіресі Алматы 2016 ӘОЖ 615.8 КБЖ 53.59 Қ 56 Пікір жазғандар: Әнуар Тарақ – филология ғылымдарының докторы, профессор Ораз Қауғабай – жазушы, профессор Қожалымов З. Қ 56 Өмірімнің шежіресі. Баяндамалар, сұхбаттар, мақалалар, ғылыми пікірлер т.б. / З.Қожалымов. – Алматы: Шалкөде, 2016. – 561 бет. ISBN 978-601-7262-29-7 Бұл еңбекке танымал мәдениеттанушы, өтейбойдақтанушы ғалым Зядан Қожалымовтың 1991-2016 жылдары аралығындағы өзі басқаратын «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» Құрылтайларында және қауымдастық ұйымдастырған халықаралық конгрестер, форумдар және конференцияларда жасаған баяндамалары, бұқаралық ақпарат құралдарында берген маңызды сұхбаттары, ғалымдардың автордың еңбектеріне жазған құнды ғылыми пікірлері және таңдаулы мақалалары жинақталған. Кітап зерттеушілерге, халық емшілері мен көпшілік оқырман қауымға арналған. ӘОЖ 615.8 КБЖ 53.59 ISBN 978-601-7262-29-7 © Қожалымов З., 2016 © «Шалкөде», 2016 «Сор түбі – бақ, бейнет түбі – алтын тақ» Ғұлама шипагер Өтейбойдақ XV ғ. Автордан Адамзат тарихының алғашқы кезеңінен бастап, халқымыздың мәдени мұрасының бір саласына жататын халықтық тылсым дүние сырларының салаларына енетін бақсылық, емшілік, балгерлік, болжампаздық, жұлдызнамалық, сынықшылық, көріпкелдік т.б. сезімталдық қасиеттері ұлттың қалыптасуынан бері дамып өркендеуде. Қилы-қилы замандарда тылсым құпия сырларын жоюға дейін барған Құдайсыздардың әрекеттеріне қарамастан халықпен бірге жасасып келеді. Сондықтан ұлы тылсым құпия сырларының ерекше қасиетін менгергендер халқының ұрпақтарының келбетті, тұлғалы және дені сау ақылды азаматтар болып өсуіне көмек етті. Қазақтың емшілік жүйесі ертеден-ақ шығыс халықтарының медицинасымен үндес, ұқсастығы мен үйлесімі жағынан тығыз байланысты және тамыры да терең болды. Бүгінде қазақтың ғылымынан өзіндік орнын тапқан құнды еңбектің бірегейі ХV ғасырдың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегі ұлт ғылымының мақтанышына айналды. Шипагер құнды зерттеулері мен тұжырымдары нәтижесінде қарапайым халықтық шипагерлікті дамыта отырып, осы заманғы ғылыми медицинаның негізін қалады. Осындай өте маңызды еңбектің халқымен бес ғасырдан асқанда қауышуы, қазақ ілімі мен ғылымының ертеден-ақ негізі барын айқындай түсті. Қысқасы шипагер еңбегі ілімсіз, тарихсыз қазақ халқын ғылымды, білімді халық екеніне жол ашты. Кейбіреулердің еліміздің тәуелсіздігіне дейін «Қазақтың халықтық шипагерлік өнері болмады» – деген кертартпа әрекеттеріне Ұлы шипагердің «Шипагерлік баяны» жүректеріне оқтай қадалды. Қазақтың халықтық қарапайым емдік жүйесінің түрі көп болғанымен, оны ғылыми айналымға енгізіп зерттеп-зерделеуге ел тәуелсіздігіне дейін шектеу қойды, атын да ататпады. Ал басқа аз санды ұлттардың халықтық емшілігі Кеңес заманның медициналық оқулықтары мен ғылыми еңбектерінде азда болса аталынды. Үстем империяның ықпалынан қазақ халқы киесіз, дарынсыз өзіндік халықтық емдік тәсілдері жоқ ұлт ретінде тарихта көрсетілді. Ел тәуелсіздігінен кейін киелі құпиялы тылсым күштер иелерін тапты. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған емші, бақсы-балгер, көріпкел, т.б. санына жету қиын болды (қазірде солай). Осыдан жиырма бес жыл бұрын мен құрған «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі өз қандастарымыздың төбесінен жай түскендей болып, ұйқысынан шошытып оятты. Қауымдастықты жоюда республикалық жеті министрлік пен комиттеттердің мамандары жанын сала кірісті. Қауымдастықтың қызметін екі рет тоқтаттырды. Бұны орындауға бұйрық шығарған Қауымдастықтың заңды тіркеген ҚР Әділет министрлігіның орынбасары болатын. Қысқасы, ұйымдастырушы сол кездегі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу басқармасының бастығы Мусин Ерік Мағзұмұлы бастаған оның бұйрығын орындаушы аталған министрліктің «Республикалық халық медицинасы орталығының» бұрынғы және кейінгі басшылары Ерасыл Әбілқасымов пен Шәкен Шинтаев аянбай еңбек етті. Қауымдастық басшысы мен емшілеріне осы аттары аталғандардың жақындары мен таныстары қызмет атқаратын басқа заң, бақылау т.б. жүйе қызметкерлері де түнде ұйқы, күндіз тыныштық бермеді. Осының салдарынан қауымдастық басшылары мен мүше-емшілері және қауымдастықтың өзі де материалды, моралдық және психологиялық ауыр зардаптарға аямай ұшырады. Қазақстан халық емшілері қауымдастығын құрған күннен бастап-ақ, оның қызметін алға жылжытпауға немесе жойып жіберуге әрекет етуде жеті мемлекеттік жүйенің бірігуі, қауымдастықтың басшылары мен адал мүшелерінің қуаты мен бірлігін әлсірете алмады. Қанатымыз қатайып, ойлау қабілетіміз бен қорғанумыз артып, халқымыздың сабырлығы бізді сақтады. Халық емшілері мен оның басшыларына сенуге болмайды, дендері сау емес, қолдарынан ғылыми шығармалар жазбақ түгілі, жөнді мақала да жаза алмайды, сауатсыздар дегендерге, басқа қырымыздан көрінуге әрекет еттік. Қазақтың халықтық медицинасын ғылыми жүйеге енгізу мен әлемге таныстырудағы ғылыми еңбектеріміз өз нәтижесін берді. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған қауымдастықтың басшысы мен ғалымдарының еңбектері қауымдастықтың жеке сайтында өз оқырмандарын тапты. Қауымдастықтың жеке сайтындағы оқырмандар саны бүгінде 200 (екі жүз) мыңнан асты. «Жалғыздың жары – Құдай» – демекші, қолға қалам алып баспасөз беттерінде тек қана жеке ой толғамындағы нақтылы ғылыми-танымдық және рухани-шипагерлік мақалаларымды жазуды тоқтатпадым. Бұл мақалаларда жоғарыдағы қарсыластардың әрекеттеріне қарсы жауаптар да нақтылы жазылды. Ұзаққа созылған күрес 2012 жылдың 10 шілдесінен бастап күшіне енген ҚР Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңы негізінде ҚР «Халқының денсаулығын жақсарту жөніндегі» заңының 54 бөлімінің 4 бөлімшесі алынып тасталды. Қысқасы, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан емшілерді бақылау мен сертификат беру тоқтатылды. Емшілер өз қасиеттерін танымайтын мойынсұнбайтын бірақ, 26 (жиырма алты) мыңнан астам емшілерді 20 жылдан аса құлдық пен күңдікке пайдаланып еңбегін сорған жоғарыдағы аттары аталғандардың темір торынан босатты. Бүгінде бұл емшілердің немен шұғылданатыны және тарихта аттары не үшін қалмағанына жоғарыда аттары аталғандар жауап беру керек. Мен басқарған қауымдастық пен оның емшілері қандас қаракөздерден тозақтың азабының талайын көргенін енді жасыруға болмайды. Алғашқы қарсылық ұйымдастырған шенеуніктер бұл күнде баяғы жылы жайлы орындарынан кеткен. Бұл шенеуніктер мен қауымдастықтың өз ұясынан тәрбиелеп шығарған кейбір сатқын емшілердің аттарын «Мәңгілік құпия шежіресі» кітабымда (А., 2001) ашық, анық және аттарын да атап көрсеткенмін. Қиын кезеңдерде өзінің киелі шаңырағының ордасына түкірген, қауымдастықты таратуға кіріскен топқа қосылған, киелі орданың «сатқын» мүшелері де бүгінде тарихтан аттары өшіп, абыройларынан айырылды. Мәдениеттілік пен адамгершіліктен және имандылықтан жұрдай емшісымақтар ұятты қойып, өздерін «түрлі-түсті, тақиялы әулиелер», «Алып апа, ана, әулие ана» және «Жаратушы мен пайғамбарлар», «Пархат ата», «Ақ ананың шәкірттерін», «Аққулар», «Ата жолы», «Ордалар», т.б. жалған атаққұмарларды бүгінде арнайы эфир мен баспасөзден іздеп, сыйлық жарияласаң да таба алмайсың. Бұл «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» – деген халқымыздың даналық сөзінің нақты дәлелі бола алады. Бұлар жөніндегі өз уақытында баспасөзде әртүрлі тақырыпта құнды мақалалар жазылды. Бүгінде өткен кезеңдегі жазған мақалаларымды бір-екі рет қарап шыққанымда шындықты төбесінен дәл басып көрсетіп жазғаныма куә болдым. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған емшілердің жиырма бес жылда небәрі он пайызға жетпейтіні ғана қалады деген болжамым бүгінде толық дәлелденуде. «Жүздің жүйрігі мен мыңның тұлпары» – деген халықтың қанатты сөзінің айқындығын осы жинақтағы мақалаларда айқындай түседі. Мысалы, Алматы қаласы бойынша тіркелген 1000 (мың), ОҚО-дағы 400 (төрт жүз), Жамбыл облысындағы 300 (үш жүз), Қызылорда облысынан 280 (екі жүз сексен), Атырау 200 (екі жүз) және Ақтөбе облысынан 180 (жүз сексен) т.б. аймақтан қауымдастыққа тіркелген мүше-емшілердің тікелей қауымдастықпен байланыс жасайтыны 5 (бес) пайыздан аспайды. Бүгінде «жасампаз емшісымақтар» өмірде бар болғанымен енді халық та оларды қажет етпейді. Себебі адамдардың рухани танымы мен білімдігі артуда. Осыларды мадақтап асқақтатқан үгітші орны «Республикалық халық медицинасы Орталығы» мен осы Орталықтың сенімді көмекші ұйымы «Кәсіби халық емшілері қауымдастығы» – өздерінің қызметтерін неге тоқтатқаны белгісіз. Өздерін емшілерге «мәңгілік құтқарушы, жарылқаушы» атаған бұл екі ұйымның шаңырақтары қысымсыз-ақ ортаға түсті. Осы екі ұйым дайындаған жиырма бес мыңға жуық «Кәсіби халық емшілері де» ортамыздан ғайып болды. Алғашқы кезде бұқаралық ақпарат құралдарында емшісымақтарды үгіттегендер де, бүгінде бұл пиғылдарынан қайтқан сияқты. Ұлы шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы: «Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады» – демекші, бізді көреалмай күндес болғандардың қарғысынан Жаратушымыз бізді қорғады. Аманаттың жүгі ауыр әрі қарызың сияқты сезіледі. Еліне сыйлы, білімі мен даналығы жоғары «Ақ Апа» атанған марқұм апам Сыбанбекқызы Өзипа Өсен Албан келіні жалған дүниемен қоштасарында маған: «Құлыным, жалғызым сен туа жалғыз емессің, өле жалғызсың. Әкенің баласы болдың, енді халқыңның ұлы бол» – деген аманатының елу жылдай өтсе де құлағымнан естіліп тұратындай. Есейе келе, тылсым құпияның терең сырларына үңілген сайын апамның аманатын адал орындауды негізгі мақсатым еттім. Анам қайтыс болғаннан кейін мен қауымдастық жұмысын бастағанда жалғыз келіні, көріпкел-емші Түймекүл Құлмаханқызының түсіне еніп: «Баламның басында ауыртпалық көп болады. Қилы-қилы сындарға түседі, қорықпасын. Алған бетінен қайтпасын, бәрі жақсы болады. Қарсыластары түсінеді, ал халық оны жақсылыққа алып шығады. Ешкімді дұшпан көрмесін. Баратын жеріне жалғыз барсын. Халық оны танымаса да танысындай қарсы алады. Аруақ аттамасын...» – деген аянын да маған аманаты деп, бұлжытпай орындауға тырыстым. Апамның жалғызынан күткен армандары бір Алла тағаланың қолдауымен және халқымыздың қуаттауымен орындалуда. Сондықтан болар XV ғасырда жазылған «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбектің авторы менің ауылдас бабам ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы: «Жаз, жаз, балам, жаза бер, балам, тағы да жаз!..» – деп ХХ ғасырдың ақырында аян берді. Өткен ғасырдың ақырында біздің қандастарымыз «Пархат ата» дегенді Құдайға теңеді. Осы кезде қазақтың білімді ақсақал ғалымдары мен халық ішінен ендігі жеткен жеріміз отансыздардың бізге Құдай болғаны ма, ата-бабаның киелі қасиетін дәлелдеп және жазатын бір ұрпағы болмағаны қалай деген наразылық пікірлерін баспасөз беттерінде жариялап жатты. Қысқасы мен аруақтар аманаты мен тірілердің сұрауы бойынша еңбектерімді жаздым және жалғастырудамын. Мақаланың да және кітаптың да өмірі қысқа және ұзақтығы да болары шындық. Мәңгілік өмір жоқ. Қауымдастықтың Құрылтайларындағы және халықаралық конгрестер, форумдар мен конференцияларда жасаған баяндамаларым мен баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларым мен телеарналар мен радиотораптарында берген сұхбаттарымды т.б. ойларымды жинақтап оқырманның қажетіне және болашақ ұрпақтың сусындауына арнап «Өмірімнің шежіресі» атты жинағымды ұсынамын. Бұл менің аруақ аманатын орындау мен оқырмандар алдындағы парызым мен есебім деп бағалаймын. Көреалмайтын қарсыластарым жиырма бес жылдан бері өздерінің неше түрлі арам ниеттерің көрсеткенімен, менің жоспарлы істерім алға жылжып келеді. Бүгінде осы сала бойынша 30-дай (отыз) кітаптың және 700 жүзден аса мақаланың авторы атандым. Оқырмандар өздерінің оң бағасын беруде. Ойлана келе жиырма бес жылдық жазғанымды, ойыма түйгенімді, естігенімді, оқығанымды және көріп-білгенімді сұрыптап жеке жинақ шығаруға ниет еттім. Мен ұстазсыз ұстазбын. Маған ешкім үйреткенде және ықыласын білдірген де емес. Өз құпиямды іште сақтай отырып, жеке танымдық ойларымды баспасөзде жариялаудамын. Осы жинақ арқылы жарияланған баяндамалар мен мақалалардың және сұхбаттардың құндыларының іріктеліп жинаққа жіберілуі, ұлтымыздың шипагерлік өнерінің өркендеу жолында қандай қиыншылықтардан өткендігін баяндап қана қалмастан сондай-ақ, шипагерліктің болашағы мен қажеттілігі үшін пайдасы тиетін құнды еңбек ретінде оқырмандарыма ұсынамын. Құрметпен Зядан қажы
I ТАРАУ құрылтайларда жасаған баяндамалары
Республиканың халық емшілерінің ұйымдастыру жиналысы 1991 жылы қыркүйектің 30 жұлдызында түстен кейін республиканың облыстары мен Алматы қаласынан келген екі жүзге жуық емшілер мен ғалымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Қазақстан Республикасы ғылым академиясының «Ғалымдар үйіне» жиналды. Күн тәртібінде: Қазақстан Республикасында тұңғыш рет «Халық емшілерінің Ассоциациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігін құру туралы қаралды. Бұл Қауымдастықтың қажеттілігі жөнінде жиналысқа қатысушылар жеке ойлары мен ұсыныстарын білдірді. Әр түрлі айтыс пен тартыс та болды. Кейбіреулер өздерінің күдік ойларын да жасырмады. Дегенмен, Республикалық халық емшілер Ассоциациясын құру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің құрамын бекітті. Жиналысқа қатысқандар Ұйымдастыру комитетінің төрағасына: Халықаралық «Жаңа өрлеу» Ассоциациясының вице-президенті, Халықаралық дәрежедегі халық емшісі және ҚР «кәсіби халық емшісі» Зядан Қожалымовты ал, орынбасарлығына м.ғ.д., профессор Эльтай Заркешовты сайлады. Қауымдастықтың құрылымын іске асыру ұйымдастыру комитетіне тапсырылды. Қуанышымызды білдіріп, көңілді жағдайда жиналыс соңында ақ тілек тілесіп қоштастық. Мен Мәскеудегі оқуымды жалғастыруға баратындықтан жиналыс қаулысы мен қатысушылар тізімін профессор Э. Заркешовке қалдырдым. ХАЛЫҚ ЕМШІЛЕРІНІҢ ТҰҢҒЫШ ҚҰРЫЛТАЙЫ Қазақ елінің тарихында болмаған және жазылмаған халықтық өнердің бір саласы халық емшілерінің тұңғыш бірінші Құрылтайы 1991 жылдың желтоқсан айының 20-23 жұлдызында Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік медицина институтының жиналыс залында өтті (Сейфуллин-Киров көшесі). Құрылтайға Республиканың оннан аса облыстары мен Алматы қаласынан 250-ден аса халық емшілері, ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және басқа да саланың мамандары қатысты. Басты ұйымдастырушы, әрі жауапкер мен болғандықтан Құрылтайдың дұрыс өтуіне сақтықпен мән бердім. Алдын ала өз адамдарымнан бақылаушылар мен Құрылтай делегаттарын тіркеу жөніндегі адамдарды жинап, атқаратын жауапты қызметтерін жеке-жеке бөліп бердім. Қарсыластар көп болды. Маған Құрылтай делегаттарының тізімін жасатпа, өзіңнің өмірбаянын мен жеке бағдарламаңды ілме, оның қажеті не деп, мені заңсыз әрекетке иландырмақ болды. Мен жарайды сендердікі дұрыс деп, өз шешіміммен заң түрде Құрылтай делегаттарын жеке мекенжайлары бойынша тіркеттім. Өзімнің жеке өмірбаяным мен қауымдастықтың президенттіне кандидаттық бағдарламамды екі тілде (қазақ, орыс) жаздырып, керегеге ілдік. Менен басқа ешкім жеке өмірбаяны мен бағдарламасын Құрылтай делегаттарына таныстырмады. Тұңғыш халық емшілерінің бірінші Құрылтайының күн тәртібінде: 1. Халық емшілерінің Республикалық қауымдастығын құру жөнінде – баяндамашы, ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Халықаралық дәрежелі емші З. Қожалымов. 2. Қауымдастықтың Жарғысы мен Ережесін бекіту. 3. Ұйымдастыру. 4. Әр түрлі мәселелер. Құрылтай тартысты өтті. Бұрын соңды бұндай емшілердің басын біріктірген жиналыстың болмағаны талайды таңғалдырды. Төрт күнге созылған емшілердің Құрылтайы несімен құнды болғаны, оның қаулысының шешімінің құндылығын, бүгінгі қауымдастықтың жетістіктері айқындай түскендей. Құрылтайда қауымдастықтың Жарғысы мен Ережесі талқыланып бекітілді. Ұйымдастыру мәселесі де өз шешімін тапты. Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен халық емшісі З. Қожалымов – Қауымдастықтың президенті ал, І вице-президентіне м.ғ.д., профессор А.Р. Чокин, вице-президентіне журналист Б. Айнабеков ал, Бас директорлығына м.ғ.к. Т.Б. Бекенов және бес адам Төралқа мүшелігіне сайланды. Құрылтай делегаттары бір-бірін қимай ақ тілектерін білдіріп қоштасты. Келесі күні қазақ, орыс тілдеріндегі республикалық және облыстық газеттерде Республикалық халық емшілерінің Ассоциациясы құрылғаны жөнінде, «өлгеніміз тірілді, өшкен отымыз қайта жанды» – деп, халықтан сүйінші сұраған мақалалар қаптап шықты. Қауымдастықтың қызметіне табыс, ғұмырының ұзақ болуына тілектестіктерін білдірді. Алда не күтіп тұрғанын ешкім болжап айтуы пендешілік болар еді. Дегенмен, біз білмейтін қарсыластар бізге қарсы қылышын шыңдап қайрап, мылтықтарын оқтап, сатқындарды баптап жатқан болатын... ҚАУЫМДАСТЫҚ ТІРКЕУДЕН ӨТТІ Бұл күн немесе 1992 жылдың қаңтар айының 22-жұлдызы қазақ елінің халық емшілігі тарихында «өшкен оты қайта жанған, жоғалған өнері қайта тірілген» күн болды. Осы күні Қауымдастықтың тіркеуден өткені туралы куәлігін беретіні туралы Министрліктен маған хабарлады. Мен үйден шығарда біздің үйде қонып мейман болған Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданның азаматы Өмірзаққа, мен түнде түсімде номері сексенінші (№80) куәлікті алып жатырмын. Біздің қауымдастықты халықтың сексен пайызы қуаттайтын болады ал, енді кеттік Әділет министрлігіне деп белгіленген уақытта келдік. Адам көп. Жүрек дүрсілі әртүрлі соғуда. Ол кезде тіркеу куәлігін тапсыру кішігірім тойға ұқсас көрінетін. Тіркеу куәлігін алатындардың бәрінің қолында сыйға арналған құшақ-құшақ гүл мен басқа да заттар көрер қөзге көрікті көрінуде. Өмірзақ тіркеу куәлігін беріп жатқан министрліктің мамандары жанына таяу барып, бір нәрсеге үңіліп тұрды. Бір уақытта Өмірзақ маған қарай аяғын тез басып, бет әлбеті нұрланып келіп: “Көке, сіздің аяныңыз дұрыс келді. Қауымдастыққа Әділет министрлігінің №080 тіркеу куәлігі беріледі екен”, – дегені. Түндегі аянымның дәл келгеніне тәубе деп, толқып барып өзімді өзім сабырлыққа шақырдым. Маған Тіркеу куәлігін сол кездегі Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары Нұрбеков мырза тапсырып құттықтап, алдағы қызметімізге табыс тіледі. Далаға шыққанда күн де қызыл түске боялып ұясына батып бара жатты. Аспан әлемі нұрланып, тыныштық орнап тұрды. Бізді алда қандай күндестіктің қарсылық тобы күтіп тұрғанын бір Алла тағаладан басқа ешкімде білмейтін еді... Қазақстан халық емшілері Ассоциациясының кезектен тыс ІІ-Съезінде Ассоциацияның президенті Зядан Қожалымовтың жасаған баяндамасы Алматы қаласы 19 қаңтар 1994 жыл Құрметті Президиум мүшелері! Құрметті делегаттар! Қазақстан Республикасында өкілетті биліктің жоғарғы және жергілікті органдарына депутаттар сайлаудың әзірлік әрі қауырт кезеңінде сіздердің қатысуларыңызбен Ассоциацияның емші-мүшелері өкілдерінің кезектен тыс ІІ съезін қуанышты түрде ашып отырмыз. Басымыздан өткен қиыншылықтарымыздың арты сіздердің бірліктеріңізбен адамгершіліктеріңіздің арқасында жақсылықтың игілікті ісіне айналды. Өткен қиын жолдарымыз түзеле бастап қоймастан, алғашқы кездегі бағдарламамызға қарсы жандар өзіміздің туысымызға айналды. Халқымызбен мемлекетіміздің алдында мамандығымызды жасырмадық, жақсылығымызға мақтанбадық. Нағыз батырларша күресе білдік. Бір-ақ ешкіммен жауласып шабыспадық. Қамыққан көңілдерді ақындарша жырлап, әншілерше үнімізбен тербете отырып, имандылықтың қайырымдылық жолын ұран еттік. Сөйтіп өз бойымызға берген Алла тағаланың құдіретін ата-бабаларымызды қалдырған мұрасы деп танып, оны дамытып ғана қоймастан дүниежүзі халықтарына да таныттыңыздар. Осының нәтижесінде өз іштеріңізден республикаға ғана емес, шет елдерге де танымал қайсар жүректі емшілер шыққаны тек ғана олардың мақтанышы емес, Ассоциацияның және Республиканың мақтанышына айналды. Осыған байланысты өзара ынтымақ бірлігіміз арта түсу нәтижесінде, қазір республиканың он алты облысы мен Алматы қаласында Ассоциацияның филиалдары өз негізін қалап, игілікті істерімен ел құрметіне бөленуде. Өз ішімізден шебер емшілер мен қатар іскер филиал басшылары да дүниеге келді. Әлі де филиалдың басшыларының бергенімен халқына берері көбіне Ассоциацияның Президиумы сенім артады. Ассоциацияның жанынан емші әйелдер ұйымын құрғанымыз бәріңіздің қуанышыңызға айналды. Ал оның жұмысы жөнінде өз бағаларыңызды бересіздер. Дегенмен, әйелдер билігін Ассоциация Президиумы арттырмаса оның абыройын кемітпеді. Бұған дәлел Ассоциацияның он жеті филиалының директорлары әйел-ханымдар. Қысқасы ұлы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) әйелдерге берген алтын бағасын бағалай да әрі қадірлеп те келеміз. Ел арасында рухани-сағарту саласында, бір жылдан астам уақыттан бері халық емшісі, Шымкенттік Бабашев Аманжолдың басшылығында діни медресе жұмыс істесе, ал Ассоциацияның вице-президенті Б.Айнабековтың басшылығы әрі ұйымдастыруында шығып жатқан Ассоциацияның «Халық емі» газеті жүз мыңнан артық данамен шығып, халық емінің сиқырлы сырын үгіттеуде үлкен беделге ие болып оқырмандардың сүйікті газетіне айналды. Ассоциация құрылғалы оның мектебінен бір жарым мыңнан астам емшілер білімін жетілдірді. Үш рет емшілердің республикалық өзара тәжірибе алмасу семинары өтті. Үш рет әлемдік және дүниежүзілік конгрестеріне ішін ара қатынасқан емшілеріміз: Қожалымова Түймекүл, Мая Қарамаева, Шыкарын Александр Александрович, Рыбин Сергей Филиппович және шет елдерге барып жүрген емшілер Ассоциацияның жұлдыздары болып мәңгі қала бермек. Ал, республиканың халқына адал еңбегімен ел құрметіне бөленгендерге де айтар алғысыз шексіз. Ассоциацияның қызметін үгіттеуде республикалық және облыстық басылымдарда жетпістен аса мақалалар жарияланды. Әсіресе Б.Айнабековтың, Т.Бекеновтың және Айнаш Көксегенованың мақалалары шындықтың шымылдығының бетін ашып қоймастан, ел арасында Ассоциацияның беделін тез көтеріп, әрі қарсыластардың теріс әрекеттеріне мәдениетті түрде бағыт беріп, әрі оларды өз қатарымызға топтастырдық. Ассоциацияның жанынан өз Жарғысы негізінде «ғарыштық құпияларды оқып үйрену» орталығының негізі қаланды. Өзіміздің де, өз ата-бабаларымыздың да сиқырлы күшінің құдіретін ашатын кезеңге де келдік. Сөйтіп, халық емінің бірінші сатысын аяқтап, оның ғарыштық сатысының баспалдағына аяғымыздың алғашқы қадамының ізін қалдыруға бет бұрдық. Кімнің жанашыр екеніне көз жеткіздік. Қарсыластардың күштеріне көңіл де бөлмедік. Осындай принциптің нәтижесінде қарсылассыз өмір сүретін беделді қоғамдық ұйымның иесіне айналдыңыздар. Қазақтың ата-бабалары рухының құдіретін адамзат та, ғарыш та таныды. Бұған тәубе делік. Енді сырттан қарсылас іздегенше, өз ішіміздегі қарсыластарымызды тазалап, жұлдыздарымызды аспанға жарқыратайық, қасиетті киелі ақ ниетті жандардың ұрпақтары. Мен тек сіздерден осыны ғана күтем. Бүгінгі күні Ассоциация өзінің «Рухан-ағарту және денсаулықты жақсарту» – орталығына астана жанынан алып жерді алып оны ғимаратының проектісін жасатуда. Әсіресе, құрылыс жөніндегі жауапты маман Сәдібеков Әділ мен алғашқы демеушілеріңіз «ғылыми өндірістік бірлестігі» кәсіпорнының бас директоры Қалдыбаев Тайыр мырзаларға сіздердің аттарыңыздан рахмет айтуға рұқсат етіңіздер. Алланың нұрына, киелі рухтардың рақымына бөлене берсін. Нағыз білекті сыбанып жұмыс істейтін кезеңге жеттік. Қисайғанға сүйеу, құлағанға тіреу болатын, әрі ақылдыға ақыл қосатын парасатты киелі орда иесіне айналдыңыздар. Атамыздың ұлы сөзі «сегіз қырлы, бір сырлысын» – дәлелдеп танытатын уақыт та жетті. Сондықтан халқымызбен Президентіміз бізден осыны күтуде. Я, ата-баба аруағы қолдай гөр! Ассоциацияның мүшелері республикамыздың Конституциясының амандығын қорғайды, әрі құрметтеп мақтан етеді. Республиканың Заңдарын басшылыққа ала отырып, өзінің төл Жарғысымен жұмыс істеп өз бағдарламаларын жүзеге асыруда. Осыған байланысты мемлекетіміздің экономикасының, мәдениетінің, саясатының, ұлттар бірлігінің дамуына және рухани байлықтары мен дәстүрлерінің өркендеуге үлес қосу Ассоциацияның әрбір мүшесінің міндеті екенін түсіне отырып: өздеріңіздің азаматтық және мүшелік құқыларыңызды пайдалана отырып, міндеттеріңізді абыроймен орындаумен қатар ассоциацияның бағдарламаларының жүзеге асуына айтарлықтай үлес қосып келесіздер. Уақытты жоғалту, ел болашаққа барар жолды ұзарту және осы күнгі және келешек ұрпақ алдыңдағы адамгершілік қарызды орындамау екенін бәрімізде түсінуіміз өте қажет. Халық та, біз де нәтижесіз әрі орынсыз шытырманды шешімдермен шектен тыс ақыл-кеңестерге, шұбырулы уәделерге тойып біттік. Сондықтан да өз ұйымымыздың мүшелерінің құқын қорғайтын және олардың бойындағы адамгершілік қасиеттерін дамытуға мүмкіндік жасайтын мемлекетіміздің Заңының қажеттігін көптен армандап, әрі аңсап келеміз. Өз ішімізден өкілетті өкіліміздің Парламентте жоқтығынан бұл арманымыз орындалмады. Ал орындауға ешкім уәде берер еместігіне әбден көзіміз жетті. Бұл үмітті енді мемлекетіміздің демократиялық заңы арқасында орындауға болатынын ойланғандаймыз. Енді өз ішімізден іскер адамдардан республиканың кәсіби парламентіне депутаттыққа кандидаттар сайлау арқылы, сол парламентте өз адамдарымыздың болуына бір Алла тағаладан тілеңіздер демекпін! Біздің сеніміміз қандай? Осы Ассоциацияның күні ертең не болады? Бұған не пайда? Дегендерге және өз бастарының қамын ойлап, әртүрлі ыңғайсыз аттармен «әулие», «пайғамбар», “ана” т.б. болғандарды сондай-ақ халықты зар қақсатып, Ассоциацияның атына кір келтіргендер бізде де жетеді. Бұған сіздерде куәсіздер. Осындай жандар тағы да бізді торға түсіріп арамызға еніп, қажетті кандидаттық дауыстарын алып бізге шығыспасына кім кепіл. Ақылмен асықпай әрі шалағайлық етпей өзіміздің мемлекетіміз және Ассоциация үшін адал қызмет ететін іскер де, шебер және ақылды кандидаттарымызды тани біліңіздер, қасиеті де киелі аруақты жандардың ұрпақтары! Қазақстан халық емшілері Ассоциациясының бағдарламалары о бастан-ақ айқындылығы нәтижесінде күн нұрындай жарқырып, шоқтығы көтеріліп биіктеп келеді. Адалдығымыз ата-бабаларымыздан қалған мұра жолында талмай әрі шаршамай еңбек етуде. Ассоциацияның адал ниетті мүшелері демократиялық принципті сақтай отырып, Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісіне депутаттыққа ұсынатын кандидаттарының сайлау алдыңдағы бағдарламалары. Атап айтқанда: 1. Ұлтаралық ынтымаққа, теңдікке және қоғамның дамуына кері әсер ететіндердің бәріне жол бермеуге; 2. Барлық қоғамдық қозғалыстар мен саяси партиялар мен бірлесе отырып, кәсіби парламентте өз өкілі арқылы жұмыс істеуге; 3. Адам құқын оның ішінде өз мүшелерінің құқын қорғау мен жеке қасиеттерін танытуға үлес қосуға; 4. Халық үшін жасалған өте пайдалы экономикалық бағдарламалар мен реформаларды қуаттауға; 5. Ауыл адамдарының мәдени, рухани-ағарту және тұрмыс жағдайының жақсару жолдарын үгіттеп, әрі бағыт беруге; 6. Халық байлығын қорғауға, мемлекетіміздің бүтіндігін сақтауға және отанын сүюде, үлкенді құрметтеуде, кемтарға көмек беруде сондай-ақ жастарды адал патриоттық рухта тәрбиелеуде әрқашанда дайынбыз; 7. Қоғамда болып жатқан өрескел қылмыстар мен адам еңбегін қанаушыларға қырағылықпен соққы беруге; 8. Мемлекетіміздің сыртқы саясатын қолдаймыз және әр жердің экономикалық ерекшелігіне қарай, дамып өркендеудің саяси-экономикалық бағытының бағдарламаларын ұсынамыз. Сондықтан да тоқырап тұрған халықты жақсылық жолына қарай артымыздан ертіп, Ассоциацияның жұлдызын жарқыратуға үлес қосу оның жеке мүшелерінің Алла тағаланың, ата-бабаларымыздың және халқымыздың алдыңдағы адал борышы екендігін ұмытпағайсыздар! Құрметті делегаттар! Біздің өміріміз де, арманымызда өлшеулі жол сапарлық кезең. Осы уақытты көңілді өткізу әр адамның арманы да. Осы уақытта не тындырдық? Нелерге үлгермедік? Бұның бәріне де есеп беретін уақыт та жақсылығымен келсің! Бүгінгі орталарымыздан Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісіне кандидаттыққа сайланатындар мен өздерінің кандидатурасын ұсынатындарға Алла тағаламыз қуат берсін! Ата-бабаларының аруақтары қолдай гөр! Сіздердің тілеулеріңіз қабыл болсын! Әумин!
| ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 | ||