өмірімнің шежіресі 2 | ||
главная вернуться | ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 | ||
Қазақстан халық емшілері қауымдастығының 10 жылдығына арналған қауымдастықтың кезекті IV-Құрылтайындағы қауымдастықтың президенті, академик Зядан қажы Қожалымовтың БАЯНДАМАСЫ (Алматы, 22.12.2001 ж.) Шырмауықтан шыққан қауымдастық Адамзат тарихына терең үңілетін болсақ, кез келген ұлттың өзіне тән тілі, діні, мәдениеті және салт-дәстүрлері барына көз жеткіземіз. Қоғамның дамуы мен құрылымдық өзгерістеріне қарамай, адамзаттың тәні мен жаны арасында тектік киелі қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа өшпес мұра ретінде жалғасатынына күмән жоқ. Қаншама саяси қысымдар, қиыншылықтар мен толқулар әр ұлттың адамдардың бойына дарыған киелі тектік қасиетін жоя алмады. Бұрын қағаз бетіне түсірмек түгелі, атын қаралап келемеждеп келген кеңестік көзқарас талқандалып, әр елдің өз тәуелсіздігі орнауы жекеленген дарын иелерінің өз бойларындағы құпиялы тылсым күштер сырын ашуына мүмкіндік берді. Түп-тамырымен жойылуға әзер қалған әр халықтың көне мұраларының бір саласы, тектік киелі рухтардан бастау алар халық емшілігі де мөлдір бұлақ суынан нәрленгендей өркендеп гүлдене бастады. Қазақ елінің кең байтақ жерін мекендеген халықтың және басқа да ұлт өкілдерінің арасынан атадан балаға мирас болып, кез келген адамға бұйыра қоймайтын ерекше емшілік қасиетке тап болған адамдардың ауыр азапты күндері артта қалды. Қазақ елінің тәуелсіздігінен кейін құпиялы тылсым күш иелерінің өз бойларындағы жақсы шипалық, рухани-сауықтыру, әдіс-тәсілдерін еркін көрсетіп, халқына адал еңбекпен күш-жігерін жұмсайтын күн туды. Қаншама уақыт атаусыз қалған әр халықтың осы бір тектік өнерін қайта жандандыруға, мемлекетіміз толық мүмкіндік жасап, әрі заңды тұлғалардың бір ортаға топтасып еңбек етуіне жағдай тудырды. Нағыз демократиялық қоғамның әділ заңы әр жерде шашырап, өмірі бастары қосылмаған, әрі бір-біріне қарама-қарсы көзқарастағы бойына қасиет дарығандар ұйымын құрып, оны заңдастыруға көмек етті. Әр оқиғаның өзіндік тарихы болады. Халық емшілерінің алғашқы бас қосып, бірін-бірі танып, тәжірибе алмасуы 1991 жылы 26-29 қыркүйекте Алматы қаласында өткен халықаралық “Үшінші мың жылдық” форумында басталды. Бұрынғы Кеңес елінің 62 қаласы мен бірнеше шет елдерден форумға қатысуға келген емшілер алдында, қазақ елінің халық емшілері өздерінің ерекше дарын иелері екендіктерін танытты, әрі қатысушыларды мойындатты. Халық емінің құдіретті қасиетін дәлелдеп берді. Бұрын әлеуметтік-теңсіздік қасіретін тартып келген халықтың ұрпақтарының емшілік дарын қасиеттерінің әлемдік дәрежеде көрінулері, өздерінің дербес қоғамдық ұйымын құру жөніндегі алғашқы ұйымдық мәселелерді шешуіне мүмкіндік туғызды. 1991 жылдың 30 қыркүйегінде тұңғыш рет Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығын құру жөніндегі ұйымдастыру комитеті құрылды. Республикалық ұлттық ғылым академиясының “Ғалымдар үйінде” алғашқы оннан астам облыс пен Ақмола қаласының халық емшілері өкілдерінің бас қосқан жиналысы өтті. Халық емшілерінің республикалық деңгейдегі қауымдастығын құру жөніндегі оның ұйымдастыру комитетінің құрамы сайланды, әрі бекітілді. Ұйымдастыру комитеті құрамына медицина саласы ғалымдары, журналистер, халық емшілері және халықтың жанашыр өкілдері енді. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы болып, халық емшісі Зядан Қожалымов ал, орынбасары болып медицина ғылымдарының докторы Зәркешов Елтай Ғақыпұлы сайланды. Өкінішке орай, комитет төрағасы Мәскеуге арнайы іссапармен кеткенде, Алматыдағы комитет мүшелерінің жауапты адамдары әлдекімдердің арандатуымен ұйымдастыру комитетінің құжаттарын жойып жіберді. Бірақ, сол жылы қазан айының соңында комитет төрағасы қайтадан істі бастап, Алматы мемлекеттік медицина институтының “Медицина тарихы” кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Шокин Әлихан Ризаұлымен (марқұм) бірлесіп, қауымдастықты құру жөніндегі бағдарламаны қайта жасады. Қауымдастықты құру үшін халық емшілері өкілдерінің Құрылтайын өткізу күнін белгіледі. Құрылтайға дейін қарсы күштер өз дегендерін істеп бақты. Әсіресе, сол кездегі республиканың Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты қызметкерлері мен оның “Халық медицинасы орталығының” бас дәрігері Ерасыл Әбілқасымов өздерінің сыбайластарының көмегімен, қауымдастықты құрғызбау және өздеріне бағындыру ниеттерінен еш нәтиже шығара алмады. Сонымен ауыр тартыстар мен қарсы күштердің теріс әрекеттеріне ұйымдастыру комитетінің жауапты басшылары сыпайылықпен қарап, ұйымының бағдарламаларын байсалдылықпен жүзеге асыруға кірісіп кетті. 1991 жылы 20-23 желтоқсанда, Алматы қаласында республиканың он бес облысы мен Алматы қаласынан келген емшілер мен мемлекеттің және қоғамдық ұйымдардың екі жүзге жуық өкілдері қатысқан тұңғыш Құрылтайы өтті. Құрылтай өкілдерінің шешімімен қазақ елі тарихында жаңа қоғамдық ұйым Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығы құрылды. Қауымдастықтың Жарғысы мен Ережесі қабылданды. Басқару жүйесінің басшылары сайланды. Басшылық құрамына медицина саласының танымал, әрі халық емшілігінің болашағына көздері жеткен медицина ғалымдары, талантымен халықаралық деңгейде көріне бастаған халық емшілері мен іскер де, белгілі журналистер енді. Құрылтайдың өкілдерінің Елбасы мен Үкімет басшысы атына ашық хаты қабылданды, халыққа үндеуі жолданды. Қазақ елінде бір ғаламат орда-имандылық, қайырымдылық әрі нағыз халықтық көп ұлтты киелі шипагерлер өкілдерінің ұйымының құрылуы адал ниетті халқымызды, ғалымдарымызды қуанышқа бөледі. Әсіресе, қауымдастықтың алғашқы құрылтайы басталған күннен бастап, бақылауға алған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, жақсылыққа толы жағымды хабарларын баспа беттерінен (“Егемен Қазақстан”, “Жас Алаш”, “Алматы ақшамы”, “Жетісу”, т.б. газеттерде) және телеарналар мен радиотораптарынан: “Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды” деп қуанышпен халыққа жеткізіп, таратып жатты. Қасиетті шаңырақ алғашқы күнінен бастап, ұлты, білімі, жасы, жынысы, басқа ерекшеліктері бір-біріне ұқсас келмейтін әр ұлттың өкілдерін шеберлікпен бір шаңырақ астына біріктіре бастады. Халық емшілерінің алғашқы Құрылтайының өкілдері оның жаңа құрылған қауымдастығының Президенттігіне бірнеше елдегі халық емшілерінің қауымдастығының толық мүшесі, халықаралық “Жаңа өрлеу” қауымдастығының вице-президенті, халықаралық дәрежедегі парапсихолог, биоэнерготерапевт, Ресей мен Қазақстанның “кәсіби халық емшісі”, Зядан Қожалымовты, бірінші вице-президенттігіне медицина ғылымдарының докторы, профессор Әлихан Ризаұлы Шокинді, вице-президентігіне қазақ телевидениясының қызметкері, журналист Бақтыбай Айнабековты және қауымдастықтың Бас директорлығына медицина ғылымдарының кандидаты Тұрсын Бекеновты сайлады. Қауымдастықтың құрамына мүшелікке кіруге талап етушілер біртіндеп көбейе бастады. Құрылтай өкілдерінің халыққа арнаған үндеуі мен еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевқа жолдаған ашық хаты баспа беттерінде жарияланды. Өздерінің Құрылтайындағы өкілдерге берген антына берік қауымдастықтың басшылары, қауымдастықтың Құрылтайындағы қабылданған құжаттарын толықтырып, реттеп, қауымдастықты заңды тіркету үшін ҚР Әділет министрлігінің тіркеу басқармасына тапсырды. Қауымдастықтың басшылары 1992 жылы 22 қаңтарда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінен, қауымдастық Жарғысын тіркегені жөніндегі №0080 куәлігін алды. Жарғының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес: халық медицинасының күші мен қуатының нығаюына үлес қосу; қауымдастықтың құрамына ерекше дарынды, киелі адамдарды біріктіруі; рухани-ағартушылық, оқу, емдік, сауықтыру, ғылыми-ағартушылық, мәдени-ағарту орталықтарын ұйымдастыруға ықпал ету; қауымдастықтың мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау және табиғи дарынды адамдарға тылсым құпиялық сырларын оқып үйренуге жәрдемдесуінің қауырт жұмыстары басталды. Қауымдастықтың Жарғысы баптары негізінде, қауымдастық жанынан тұңғыш үш апталық халық емшілерінің білімін көтеру мен жетілдіру мектебі ашылды. Тыңдаушыларға мектеп бағдарламасына сай медицина, дін, заң, халық емі саласы мамандары сапалы сабақтарын өткізді. Мектептің 120 сағаттық: діни білім, ғылыми және халық медицинасы тарихы, адам анатомиясы мен физиологиясы, биоқуат терапиясы, астрологиялық және телепатиялық, парапсихология, табиғи дәрі-дәрмек, табиғи реттеу тәсілі бойынша бағдарламалық оқуы жүйелі жүргізілді. Алғашқы 60 халық емшісі емшілер мектебін бітіріп, диплом және куәліктерін қуанышпен қолдарына алды. Халық арасында емдеу-сауықтыру қызметтерін бастады. Қауымдастықтың емшілері мектебінің алғашқы түлектері жөнінде “Халық кеңесі” газетінде (6 наурыз, 1992 ж.) арнайы мақала жазылып, қауымдастықтың алғашқы қадамына ізгі тілек білдірді. Қауымдастықтың алғашқы қызметін ұйымдастыру тез қарқынды дами бастады. Дегенмен мекенжайы жоқ, әрі құрылтайшысы болмаған қауымдастықтың қызметін ілгерілету оның басшылары мен мүшелеріне оңай соқпады. Әйтсе де емшілер мектебінің оқу бағдарламасы жүзеге асырылып жатты. Елімізде халықтың тектік қасиеттерінің бой көрсетуі қарсыластарының арам пиғылдарының қабырғасына қатты батқан екен. Қауымдастық қызметін қуаттаушылар да, көре алмаушылар да, бұл қалай болар екен деп әліптің артын бағушылар да болды. Әсіресе, өзіміздің кейбір ниеті тар, зымиян ағайындардан көрген қысым аз болмады. Сол кездегі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіндегі алакөз қандастарымыз қарсылық пиғылдарын жасырын да, ашық та, көрсете бастады. Қауымдастықтың ҚР Әділет министрлігі бекіткен Жарғысының баптарын осы министрліктің “Халық емдеу орталығының” бас дәрігері Ерасыл Әбілқасымов мырза “Казахстанская правда” газеті арқылы аямай сынатты. Өзін орыстың көз дәрігері, академик Федоровқа теңетіп, “Будет ли у Казахстана свой Федоров” (авт. Куц. 11.04.1992 г.) атты сұхбатын газетке берді. Қауымдастыққа осылай қатер төне бастады. Қауымдастықтың мүшелері мен емшілеріне жоғарыдағылар тарапынан қысым үдей түсті. Жас баладай аяғын тапыл-тапыл баса бастаған қауымдастық қызметін алға ілгерлетуде білім мен психологиялық жақтары ұқсас келмейтін әр ұлт өкілдерінің қасиет иелерін бір жүйеге негіздеу өте ауыр тиді. Құдай басқа салған қысымға парасаттылықпен қараған қауымдастықтың басшылары мен саналы мүшелері кез келген көлденең арандатуларға сабырлықпен баға беріп, қауымдастықтың қызметін жалғастырып жатты. Е.Абылқасымовтың шабуылы бір толастамады. Оның көмекшілері Әділхан Ерманов, Тоқаш Махамбетова, Жақсыгүл Бейсенбаева, т.б. қауымдастықтың қызметіне қарсы әрекеттерін құрылған уақытынан бастап, бүгінге дейін жалғастырып келеді. Қауымдастықты “тарады”, “заңсыз”, “басшысы сұралуда”, “басшысы жоқ” деп ел арасында өз жандайшаптары арқылы өсек-аян таратумен келді. Құдайға шүкір, қауымдастық ордасы аман, оның мүшелері халқымен араласып, өздерінің адал, діни-рухани ағарту және денсаулықты жақсарту саласындағы қайырымдылық қызметтерін абыроймен атқаруда. “Көш жүре түзеледі” – демекші, бүгінде жалпы халықтық рухани-ағарту мен денсаулықты жақсарту орталығына айналған қауымдастық өзінің он жылдық өмірінде талай белестерді артқа тастап, ілгерлеп қадам басуда. Еліміздегі экономикалық қиындық болып жатқанымен, оның ақниетті мүшелері мен басшылары Жарғының мақсаты мен міндеттерін абыроймен атқаруда. Материалдық, моралдық және психологиялық қысымнан, жанға түскен жараның ұмытылмасы анық. Қауымдастықтың құрылғанына он жыл толуындағы тарихи кезеңдерінің ең маңыздысын жазып көрсетпеу екі дүниеде де күнә болмақ. Осыны ескере отырып, оқырмандарға шындықты нақ әрі дәлелдермен баяндау өш алу мақсатын көздеу емес, керісінше адамгершіліктің белгісі деп түсінсе жөн болар еді. Қауымдастықтың құрылғанына бір жыл толмай жатып-ақ кезектен тыс І-құрылтайын (05.06.1992) өткізуге мәжбүр болды. Неге? Жоғарыдағы аты аталған қандас мырзалардың қысымынан, шолақ шешімінен еді бұл. Ақыры олар өз сыбайластары арқылы ҚР Әділет министрлігінің 1992 жылдың 15 желтоқсанында №10-22-264 санды, Қазақстан халық емшілерінің Ассоциациясының қызметін үш айға тоқтату туралы шешімін шығартты. Бұған дейін аталған министрліктің жауапты қызметкерлері тарапынан қауымдастықтың заңды басшысы не бас директорына арнайы ескерту болмады. Әлем жұртшылығы қазақ елінің тәуелсіздігіне бір жыл толуын құттықтап, халқымыз оны тойлауға бір күн қалғанда емшілер қауымдастығының киелі шаңырағы қара ниетті қандастар тарапынан құлатылды. Ата жауына да ел қуанышы ұлы той басталарда мұндай опасыздық істемес. Әйтсе де адамның бойындағы киелі қасиетін өз бас пайдалары үшін пайдаланушылар тобы қолдарынан келетінін олардың ісі дәлелдеп берді. Онсыз да шаңырағы шайқалып, керегесі қисайып тұрған қауымдастықтың мүшелері бытырап кетті. Психологиялық соққы қауымдастыққа сенімсіздікпен қарауды тудырды. Мұның өзі кейбір түсінігі төмен мүшелер мен емшілерде анық байқалды. Еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы күні қауымдастықтың мүшелері өздерінің бас қайғыларымен болды. Қатігездікпен мұндай асыра сілтеушілікке барған адамдар және оларды қуаттағандар, жылдар жылжып өткен сайын теріс пиғылдарының жемісін көруде. Олардың еңселі кеуделерінің салбырап түсіп бара жатқандары да, әттеген-ай деп өкінішке өртенгендері де болды. “Мен” деп көкірегін соққан ұйымдастырудың еркесі мен серкесі Ерасыл Абылқасымов өзі басқарған “Халық емшілерінің орталығының” кірісін жасырып, мемлекет бюджетіне төлейтін салықтан алдап ақша жеп келгендерін Алматы қалалық, Бостандық аудандық салық комитеті қызметкерлері әшкереледі. Е.Абылқасымов мырза 1997-1998 жылдар аралығында өзі басқаратын орталық кірісінен, мемлекет бюджетіне төлемеген салығы үшін 26 495 170 (нақтысы 41 млн.) теңге қарыз екендігін мойындай отырып, тексерушілер құжатына қол қоюға мәжбүр болды. (Бостандық ауд. Салық комитеті хаты №3-8/1796, 22.02.1999, Алматы қалалық салық комитетінің хаты 81-6-2/674, 28.01.1999, Мемлекеттік кіріс министрлігінің хаты ДНП-4-22(1527), Алматы қаласы бойынша салық полициясының Бас басқармасының хаты № 4-3-1-6/6536, 04.06.1999). «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» – деген халық даналығы олардың алғашқы шабуылына жеті жыл толғанда өздерінің басына айна қатесіз келді. Қауымдастықтың алғашқы жылы (1992 ж.) қайшылыққа, қарсыластар тосқауылына кезіккен жыл болды. Қауымдастықтың құрылған он жыл ішінде ең ауыр, қайғылы және қауымдастық мүшелерін ыдыратуға апарған да осы жыл болды. Қауымдастықтың жұмысы тоқтатылған күннен көп ұзамай әр облыстағы мүшелері, емшілері және басшылары заң орындарының қатаң бақылауына алынды. Жауапқа тартылды. Бастарынан тыныштық кетті. Тыныш ұйқы мен ойын-күлкі келмеске кетті. Қауым басшысы күнде заң орындары тергеуіне жауап беруге барады. Не үшін екенін тергеушілердің өздері де толық жауап таба алмай әуреленді. Алматыдан мыңдаған шақырым жердегі біз білетін немесе білмейтін емшісымақтардың өрескел қылықтарына шын ба, өтірік пе, Алматыдағы басшылары жауап беруге міндетті-мыс. Маған бір адал жүректі, ұлты орыс тергеуші әйел: «Сіз ренжімеңіз, сізді одақ біледі, бір-ақ жоғарыдан келген тапсырманы орындаудамыз», – дегені, бүгінге дейін құлағымнан кетпейді. Осындай ауыр күндерде Ассоциацияны қайта тіркеп, Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін, сол кездегі Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу басқармасының бастығы Е.М.Мусин келісім беру керек деген сылтаумен, қоғамдық ұйымды мемлекеттік ұйымға заңсыз тәуелді етіп, Заңның құлағында отырғандардың өздері заңды белден басты. Тіркеу орындарының осындай әрекеті қоғамдық ұйымдар жөніндегі заңдар талабына қайшы келетін еді. Амал қанша, сол кездегі қауымдастықтың басшысы мен бас директоры Т.Бекенов қақпаған басшылар есігі қалмады. Бәрі теріс қарайды. Қауымдастықтың қызметі ұнамайды-мыс. Қауымдастық мүшелерінің мемлекеттік тілде сөйлеуі, қасиетті Құран Кәрім арқылы діни білім алуы (басқа ұлттардың өкілдері өз діни сенімі бойынша) ұнамайды екен. Тіпті, 1992 жылдың 18-21 қазан аралығында Алматыда өткен дүниежүзілік «Рухани бірлік және келісім» конгресіне өз еріктерімен қатысқан, ұлттық киім түрлерін киген емшілер көрінісі де кейбір қаракөз шенеуніктерге ұнамапты. Бұған да қауымдастық басшылары кінәлі екен? Ал, 1992 жылдың 14 қарашасындағы қауымдастықтың әйел мүшелерінің конференциясын «Қасиетті әйелдер ұйымын құру» деп атау, көптеген билеушілерді ұйқысынан оятып, тынышсыздандырыпты-мыс. Осындай ірі де әрі кіші көріністер қай заңға қайшы болғанын қайдам, 1993 жылы 23 қаңтарда қауымдастықтың кезектен тыс ІІ Құрылтайын шақырғанда тағы қырсық боп алдыдан шықты. Қауымдастықты қайта тіркеу ІІ Құрылтайда (23.01.1993) қаралып, Жарғысының өзгерістері мен толықтырулары қабылданды. Республика Әділет министрлігіне қайта тіркеуге тапсырылған құжат, 1993 жылдың 19 наурызында тіркелді. Бір-ақ бұған дейін қауымдастыққа қарайтын 16 облысы (Алматы, Жамбыл, Талдықорған, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Арқалық, Ақмола, Қарағанды, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Жезқазған, Шығыс Қазақстан ауданаралық) және Алматы қаласында құрылған бөлімшелері тегіс жабылып, жұмысы тоқтатылған еді. Азулы қасқыр тиіп, жан-жаққа бытырап кеткен қой отарындай, естері есеңгіреген, бастарына үрей туған, қуанышынан қайғысы басым, айтқанына көнбейтін, ешкімге сенгісі келмейтін емшілердің басын қайта біріктіру басталды. Қаншама миллиондаған материалдық, моралдық, психологиялық зиян қауымдастықты ақырғы нүктесіне апарды. Қисайғанда сүйеу болатын, шөлдегенде сусын беретін жандар қатары сирей бастады. Сыртқы қарсыластармен қатар ішкі ұйымыңнан шыққан қарсыластар да күшейе бастады. Басқа түскен ауырпалық жүгі халықтың тектік қасиетін қорғау екенін түсінген қауымдастықтың басшылары қайтадан жаңа Жарғы бойынша облыстардағы бөлімшелерін, облыстық әділет басқармаларынан қайта тіркетуге жол сапарына аттанды. Жоғарыдағы бөлімшелер тұтастай қайта тіркелді. Әрине оның өзі қиындықпен жүрді. Әсіресе, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Торғай, т.б. облыстарындағы Денсаулық сақтау басқармалары басшылары, қауымдастықтың филиалдарын қайта тіркетпеуге белсене қарсылық еткендерімен, еш нәтиже шығара алмады. Жоғарыдағы қауымдастықтың кезектен тыс ІІ Құрылтайы (23.01.1993) қарайтын, әрі бекітетін Жарғы негізі туралы ҚР Әділет министрлігіндегі жауаптылар Е.М.Мусин мырзаның ұсынысы бойынша жасалатынын қауымдастықтың басшыларына ескертті. Құрылтай басталардан бір күн бұрын ғана «Қоғамдық ұйымның Жарғысын былай жаса» – деген республика Денсаулық сақтау министрлігінің нұсқаудағы №5-1-38-178 санды хатын (21.01.1993) әрең алдық. Сөйтіп Құрылтай келесі күні өткізілді. Психологиялық, моральдық және материалдық соққы жеп, барынан айрылудың аз алдында тұрған киелі орданы бір Құдай мен халық және адал ниетті зиялылар тобы ғана сақтап қалуға көмек етті. Бұл рухани көмек, әлсіреген жігерге күш-қуат беріп, қарсыластармен еркін, адамгершілік тұрғыда сөзге келуге көмектесті. Қауымдастық мүшелері өздерін таза ұлттық, этникалық киелі өнердің қорғаушысы екенін таныта білді. Қауымдастықтың қызметін үш айға тоқтату жөніндегі ҚР Әділет министрлігінің шешімінен кейін /10-22-264 санды 15.12.1992/ қауымдастықтың басшылары мен мүшелері республикалық жеті министрлік пен комитеттер және банк жүйелері бақылауына алынды. Есеп шоттар жабылды. Қатал сұрақтар қауымдастықтың мүшелері мен басшыларына үсті-үстіне көбейді. Қолдан жасалып, халыққа және қоғамдық ұйымдарға талқылауға ұсынылмаған заңдарын, бір-ақ сыбайлас адамдары арқылы тіркеуден өткізіп, бекіттіріп алған, денсаулық сақтау министрлігіндегі «емшілерді сорып халықтың қалтасын қақтыратын» мырзалар, қауымдастықтың қайырымдылық шараларын, тегін емдеу қызметтерін ұнатпайтын болды. Ақысыз қызмет (қауымдастық) пен ақылы қызмет (Е. Абылқасымов орталығы) арасындағы айтыстар он жыл бойы әлі тоқтар емес. Ел тәуелсіздігінің бір белгісі – сол елдің азаматтарының еркіндігі ар бостандығы және өзін-өзі билеу бостандығын пайдалану, өздерінің ақыл-парасаты мен жақсы қасиеттерін халқына адал қызмет етуге арнау екенін бүгінде қауымдастықтың мүшелері терең түсінді. Халық кімнің кім екендігін таныды. Арын, қасиетін, білімін ақылы етуден бойларын аулақ ұстаған қауымның рухани-сауықтырушылары киелі қасиеттің құдіретін ел игілігіне арнап келеді. Сондықтан да болар, қауымның мүшелері өздерін жасанды атаққұмарлардан да, «кәсіби емшіліктен де» шеткері ұстауда. Құдайдың басқа салған ауыр күндерін қауымның мүшелері артқа тастады. Басына түскен қиын кезеңдерге төзімділік таныта білді. Дегенмен, олар артына тастап кеткен он жылдық тарихты бүгінгі халық пен болашақ ұрпаққа айту және жазып қалдыру біздің борышымыз. Шындықты айтып, өз кінәмізді өзіміз мойындасақ, ол адамгершілігіміздің белгісі болмақ. Бұл жерде біреуді кінәләу міндет емес. Қайта адал ниетпен бағыт алған өткен жолымызды еске ала отырсақ, артықтық етпейді. Бір жылда екі рет Құрылтай өткізіп, екі рет тіркеліп, бұрынғы құрамды таратып, республика бойынша бөлімшелерді қайта тіркету қаншама қаржылық шығынға, қанша қиындыққа ұшыратқаны ешқашан естен кетпек емес. Осындай жағдайдарға душар болатындай қауымның мүшелері халқының амандығы мен мемлекетінің тұтастығына ешқандай зиян келтірмеген еді. Қайта қауым психологиялық жақтан ауытқуға ұшырағандарды бір ортаға, ешкімнің көмегінсіз өз еріктерімен біріктіре білді. Алда өмір көрсетеді, қауымдастықтың қызметін оның жиырма жылдығында әлем елі танитын және мойындайтын заман да келеді. Жұртшылыққа рухани-ағарту мен тегін түрдегі шипагерлік қызметін денсаулықты жақсартуға арнады. Бұл олардың ерікті жігері мен бостандығы, ары мен жаны және тән тазалығының белгісіндей еді. Осындай адалдық қызметі арқылы қауымдастық өзінің қызметін жалғастыра беруге енді анық та, айқын жол салды. «Адам аласы ішінде, мал аласы – сыртында» демекші, қауымдастықтың сенім артқан бірқатар адамдары мекемесіне көмегі тимек тұрмақ, атын да атамай сыртқы қарсыластармен бірлесіп ыдыратуға, жоюға әрекет етті. Мұндайлар өздерін жасанды «әулиелер», «аналар»» «пайғамбарларға» т.б. теңеп, өздеріне дұрыс бағытын көрсеткен киелі ордасына оқ атып, басқалары үшін жалданбалы қызмет жасады. Олардың басты тұлғаларының атын атап кеткеніміз жөн болар. Бұл өмірдің нағыз шындығы. Ел кезіп, шипа, азаматтық арына қорған іздеп, өз уағында білімін де, білгірлігін де, атақ-абыройын да, дәрежесін де алды әлемдік, соңы республикалық деңгейге өздерінің тек ғана “Қазақстан халық емшілері қауымдастығының” тікелей ықпал, әрі көмегімен көтерілгендерін ұмытып, өзі суын ішкен құдығына түкіргендей халге жетті. Солардың қатарында алматылық Күлтай Әлиева («Күлтай ана»), Алтын Сабыралиева (Алып апа), Бекзада Дәрішева (Орал), Майра Тіленбекова (Қарағанды), Токишев Сағындық (Ақмола), Көмеков Талғат (Тараз) басына ауыр күн туғанда, азапты шақтарында тікелей қауымдастықтың көмегімен еркін бостандыққа шыққан емші Жұмахметов Серік (Кентау-Арал, «Ақ әулие») және мүгедектігі ескеріліп өз көмегін алған Сүлейменов Алтай (Жамбыл, Отар станциясы, «Көк тақиялы әулие»), Сарыарқаны билеген Әуелбекова Райхан (Жезқазған, «Райхан әулие») бүгінде халыққа өздерін кім екендерін толық танытты. Асқақтағандар дәуірі алыстап, адал жүргендердің айы оңынан туды. Жылдар жылжып, айлар өткен сайын болып жатқан оң өзгерістерге қауымдастықтың ақ жарқын, иманжүзді мүшелері бір Аллаға тәубе деуде. Қауымдастықтың сыртқы қарсыластардың 1992 жылғы 15 желтоқсанындағы, ал ішкі қарсылас топтың 1994 жылдың 25 наурызындағы (Күлтай Әлиева бастаған) құлату, ыдырату идеялары, іске аспады. Қауымның сапалық құрамының жақсаруына, адал адамдардың топта қалуына ерікті жол ашылды. Қарсыластықтың да пайдасы боларын сездік. Қауымдастық өздерінің кезектен тыс IІІ Құрылтайын 1994 жылдың 19 қаңтарында Алматы қаласында салиқалы әрі мәдениетті өткізіп, ҚР Жоғарғы Кеңесінің мәжілісіне өз қалауларын депутаттыққа кандидат етіп ұсынды. Депутаттыққа кандидаттар: З.Қожалымов, Б.Айнабеков және Мая Қарамаева толық депутаттық мандатқа ие болмағанымен, халықтың ризалығына ие болды. Республиканың Жоғарғы Кеңесіне өз кандидаттарын ұсынған қоғамдық ұйым болып, қауымдастық аты сайлау жүйесі тарихында мәңгі қалды. Телеарналар мен радиотораптарында бірінші болып халыққа өздерінің жеке бағдарламаларын ұсынған да осы қауымдастық болды. Қауымдастықтың Төралқасы ұйымды ірілендіру арқылы төрт аймаққа бөліп басқару идеясын қабылдады. 1994 жылдың маусым айы соңында осы мәселеге байланысты қасиетті Түркістан қаласында қауымдастықтың кезектен тыс шақырылған ІV Құрылтайына, барлық облыстардан өкілдер келіп қатысып, тиісті қаулылар қабылдады. Батыс аймағы (Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан – орталығы Орал қаласы), Жетісу аймағы (Алматы қаласы, облысы, Талдықорған, Семей, Өскемен – орталығы Алматы қаласы), Орталық Қазақстан аймағы (Жезқазған, Қарағанды, Торғай, Ақмола – орталығы Қарағанды қаласы), Солтүстік аймағы (Көкшетау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай – орталығы Көкшетау қаласы) болып құрылып, басшылары сайланды. Жыл соңында төрт аймақтық ассоциациялар ҚР Әділет министрлігінен №0481, №0482, №0483, №0485 санды тіркеу куәліктерін 1994 жылың 29 желтоқсанында алды. Жұмысты бастауда аймақ басшылары Б. Дәрішева, Н.В. Кречина, М.Тіленбекова және М.Добалов салғырттық танытып, өздерін көрсете алмады. Аймақ бір жылға жетпей тарады. Облыстық бөлімшелер өздерінің бұрынғы статусын сақтап, Жарғылық қызметтерін, ережелік міндеттерін қайта жалғастырды. Бүгінде дайын құжатқа, мәртебеге ие болған М.Тіленбекова (Қарағанды) ғана ұйым атын жеке басына пайдаланып, өзінің үлкен шаңырағын ұмытқалы қашан? Өз қағынан өзі жеріген деген осы. Сатқындық жасады. Қауымдастықтың Жарғылық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруда өте күрделі қиыншылықтар болғанына қарамастан, негізгі бағыттың түпкі бағдарламасынан ауытқу болмады. Даналардың байсалдылығы мен батырлығын тұла бойына жинаған, адал жүректі қауымдастықтың мүшелері уақыт өткен сайын күш алып, қасиетті тылсым құдіретіне сенімдері арта түсті. Ақылы жетпегендерге – ақыл, қиналғанға – қамқор, әлсірегендерге – қуат, жолдан адасқандарға – жарқын жол, діннен безгендерге – имандылық шуағын үйретуде, қисайғанға – сүйеу, құлап жатқанға – тіреу болуда, рухани ағарту мен сауықтырушылар қауымдастық Жарғысындағы өз құқықтарын пайдаланып, жеке міндеттерін абыроймен орындауда. Осындай ерен еңбектің нәтижесінде иманжүзді мүшелер киелі орданың еңсесін басып, ғұмырын жоямыз деген қарсыластарынан аман сақтап келеді. Өтпелі кезеңдердегі ауыр жағдайларда қауымдастықтың өзі ғана емес, оның жеке мүшелерінде материалдық, моральдық және ірі психологиялық ауыртпалықтарды бастарынан кешірді. Рухани жақтан әлсіреуіне негізгі себепкерлер жоғарыдағы аты аталған топтардың әр облыстардағы жемқор сыбайластары жағынан болып келді. Жылдар жылжыған сайын қауымдастықтың тарихи беттеріне жаңа өзгерістердің жазылуы өмірдің жақсылыққа өзгеруінің белгісі. Қазақстан Республикасы Заңдары мен республиканың әділет министрлігі бекітіп, әрі тіркеген Жарғысы мен ережелеріне сай қауымдастықтың жарғылық мақсаттары мен міндеттері қанағаттанарлық жағдайда орындалып келеді. Қауымдастықтың 1996 жылдың 27 қыркүйегінде өзінің жеке Жарғысын ҚР Әділет министрлігінен қайтадан тіркетіп, №1638-1900-00 куәлігін алды. Бұл Қазақстан Республикасының Заңдары талабына сай орындалды. Бұрынғы 16 облыстық және бір қалалық бөлімшелер толығымен жергілікті облыстық және қалалық әділет басқармаларына қайта тіркелді. Бөлімше есебіндегі мүшелердің сапалық құрамы жақсартылды. Сандық құрамы азайтылды. Бөлімше құрамындағы халықты да, қоғамды да алдап, өз пайдасына қызмет еткендер қауымдастық құрамынан шығарылды. Облыстардың ірілендіруіне байланысты, қауымдастықтың бөлімшелерінің саны өзгеріп, 11 облыстық және 5 қалалық бөлімшелерге айналды. Осы құрылымдық жүйе бойынша қауымдастықтың мүшелері өз міндеттерін өз еріктерімен, саналы түрде атқарып жатыр. Қауымдастықтың рухани-сауықтырушылары мен мүшелері ішінен алғашқы құрылған күннен бастап бүгінге дейін, қайырымдылық пен имандылық саласында адал қызметін халқына арнаған, ақжарқын, адал ниетті, парасатты ақыл иелері сапалық жағынан жақсарып, қауымның ғана емес, елінің де құрметіне бөленіп келеді. Олардың алдыңғы қатарында: Қожалымова Түймекүл, Рыбин Сергей, Настенко В.О., Өміржанов Мәсәлім, Құрманалиева Қарлығаш, Мырзагелдиев Ермек, Қорғанбаева Майра, Кадыракунова Бурул, Садықова Бибігүл, Файзуллаева Қызтумас (Алматы қаласы), Кәкенов Құрманбай, Құрмашев Рымқаш, Ибраева Тұрсынкүл (Алматы облысы), Бахтиярова Нажия, Айнабекова Айбарша, Тобықбаева Эльза (Талдықорған), Құттыбаева Қализа қажы, Бөлекбаев Бибігүл, Сыздықова Жібек, Толешов Елубай (Ақтөбе облысы), Сейсенова Қадірсіз, Сәрсенбаева Фатима (Семей қаласы), Ахметов Нұрғазы, Түсіпов Оралхан, Әміржанов Мадияр (Шығыс Қазақстан облысы), Ахметова Бақыт, Досболаева Мадина (Көкшетау), Добалов Мұсақұл, Бекмағамбетова Күлзира, Жексенбекова Рысты, Жұмажанова Шайзада, Филипова Н.Ф., Эдигер Е.П., (Ақмола облысы), Байділдаев Бәзен, Ұлбосын Құлмаханқызы (Түркістан), Бақтыбаева Майдан қажы, Бегалинов Хамит, Егорь Л.Г., Хорун Н.Ф., Чен Р.Х., Габдуллина Танзила, Байдак Л.П., Коваленко В.П., Гарбачь В.П., Садықова Айтжан (Астана қаласы), Андросова Л.В., (Қарағанды), Өмірбекова Бәтігүл, Сихымбаев Қуаныш, Оспанова Гүлдәрі, Аяшев Бақберген, Бекенова Нәстай, Ахметова Майра, Сайдалина Сақыш (Жезқазған), Жолдасов Құдайберді, Әзиза Сейдуллақызы, Әмірова Нұргүл (Жамбыл облысы), Шериева Күләш, Қожағұлова Варшава, Анарбаев Талғат, (Оңтүстік Қазақстан облысы), Ердәулетов Болатбек (Кентау), Сақтағанова Мейізгүл, Жалмаханов Жәли, Жалмаханова Сағира (Қызылорда облысы), Ермаханова Гүлпара, Дарыбаева Әния, Сәлиева Гүлжамал (Атырау), Бейсенғалиева Орынғаным, Тлешова Жаншаим, Исақұлова Эльмира, Баймұнғалиев Томбай (Батыс Қазақстан облысы) имандылықтың, кішіпейілділіктің, мейірмандылықтың жолында халқына таза, әрі адал қызметтерін көрсетуде. Қауымның мүшелері арасында Жарғылық бағыттағы діни-ағарту саласында алды қажылық борышын өтеп келгендер және діни сауатын өздігінен ашқандар қауымның кез келген салаларына өздерінің жеке ықыластарымен барып, рухани жағынан шөлдегендерге Алланың ақ жолына түсуге шапағаттарын тигізуде. Адамдардың діни, рухани сауатын ашуға көмектесуде. Қауымдастықтың мүшелері, еңбек ардагерлері, ерлі-зайыпты Әбишев Қаби қажы мен Бақтыбаева Майдан қажы (қауымның Астана бөлімшесінің директоры) бірлесіп, қасиетті Құран Кәрімді араб әрпінен осы күнгі кириллица әрпіне түсіріп, 1998 жылы Астанадағы «Әлем» баспасынан 3000 данамен өз қаражаттарына шығарды. Бұған өз еліміздегі араб әрпін білмейтіндер мен Ресей т.б. көрші елдердегі мұсылмандар үлкен ризашылықтарын білдірді. Майдан қажы басқа діндегі ислам дінін қабылдауға өз ниеттерін білдірушілерге өз көмегін үзбей көрсетіп келеді. 2000-2001 жылдары аралығында Майдан қажы он бестей басқа дін иелерінің ислам дінін қабылдауына ықпал, әрі ақыл бергенін «Хабар» телеарнасы бірнеше рет көрсетті. Майдан қажы діни-ағартушы ғана емес, танымал рухани сауықтырушы әрі шебер ұйымдастырушы. Өз уағында ірі ұйымдастырушы атанған Қаби қажы ағалық жол көрсетіп, қауымдастықтың діни-ағарту қызметінің өркендеуіне өз үлесін қосып, оның көшін бастап келеді. Қаби қажы мен Майдан қажы қасиетті Мекке-Мәдинеге екі рет қажылық сапарына барып қайтты. Алланың бұл жақсылығына шүкір дейміз. Жамбыл облысында (Михаиловка ауылында) жасы жетпістің бел ортасына келген, үш рет қажылық сапарда болып қайтқан, бірнеше діни кітаптар мен «Мекке-Мәдина» сырлары атты очерктер жинағының (Тараз, 1998., 102 б.) авторы Әмірбек қажы Есенбайұлы тұрады. Жасының ұлғайғанына қарамай, Әмірбек қажы діни-ағарту саласындағы қауымдастықтың бағдарламаларын көп жылдан бері абыроймен атқаруда. Астана қаласында тұратын, қауымдастықтың діни-ағартушысы Бегалинов Хамит өздігінен діни сауатын ашып, көптен бері Астана қаласы мен оның маңындағы сотталғандар колонияларында, адамдарды уақытша ұстайтын абақтыларда, наркологиялық диспансерлерде, медициналық айықтыру орындарында, жас өспірімдерді түзету мекемелерінде болып, өзінің бойындағы діни имандылығының шарапатын адасушылардың дұрыс жолға түсуіне арнап келеді. Хамит Маханұлы бұл қайырымдылық қызметін ҚР Ішкі істер министрлігінің осы ұйымдарды басқаратын басқармаларының бастықтарының келісімімен әрі арнайы жасалған күндік кесте бойынша жүргізуде. Түрмелерде мешіт ашқызу, сотталғандарға намаз үйрету, жат қылықтардан арылтып, оларға Алланың ақ жолына түсуіне бағыт беру, бүгінде Хамит Мақанұлының төл ісіне айналған. Қауымдастықтың ең бірінші құрылған күнінен бастап, шаршап-шалдығуды білмей, өзінің салмақтығы мен сабырлығын бойына дарытқан, Алла жолында адал, халқына тегін рухани-сауықтыру қызметін ондаған жылдан бері көрсетіп келе жатқан, иманжүзді байқоңырлық (Қызылорда облысы) қауымдастық Төралқасының байырғы мүшесі, рухани-сауықтырушы әрі ағартушы Сағира Жалмаханқызы 1996 жылы Байқоңырдан мешіт салғызуға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан арнайы рұқсат алып, оның құрылысын бастау үшін Байқоңыр қаласының әкімі (Ресей азаматы) Геннадий Дмитриенко мырзадан мешіттің орналасатын аймағына рұқсат-шешімін бекіттіріп, мешіт құрылысын бастағалы да алты жылдан асты. Сағира мешіт ғимаратының құрылысына көмек сұрап талай мекеменің, фирмалардың, беделді азаматтардың табалдырығын тоздырды. Қаншама кесе-көлденең әрекеттер болғанына, қаражаттың тапшылығына қарамастан мешіттің алғашқы қызмет көрсететін төрт бөлмелі үйі дайын болып, онда арнайы діни медресені бітірген және Мұсылмандар діни басқармасынан рұқсаты бар азамат Тоқсанбаев Асылбек діни сауатын көтерушілерге дәріс беруде. «Қазақ әдебиеті», (20.01.2001), «Егемен Қазақстан» газеттерінде «Байқоңырда мешіт тұрғызылуда» (27.06.2001) атты мақалалар шықты.. Мешіт ғимараты құрылысы біртіндеп жалғасын тауып, адал ниетті азаматтар көмегімен толық бітеріне сенім мол. Бүгінгі таңда, қауымдастықтың мүшелері ішінен арнайы білім алып, діни сауат ашушыларға дәріс өткізіп жүрген ер және әйелдер көбеюде. Ауылды жерлердегі мешіттерде имам немесе наиб-имам болып жүрген ер азаматтарымыз баршылық. Қауымдастықтың байырғы мүшесі, бүгінде көптеген діни кітапшалар мен күнтізбе кітаптарының авторы атанып үлгерген, мұсылман әйелдері арасынан бірінші рет (Қазақстанда) діни уағыздық кітапшалар жазуда көш бастаған алматылық, қауымдастықтың мүшесі, халық емшісі Сәуле қажы халқының аса сыйлы, құрметті ханымына айналды. Сәуле қажының діни кітапшалары Қазақ елінің шекарасынан асып, көрші елдердегі мұсылмандарға да тарап кеткелі талай жыл болды. Сәуле қажы өзі құрған «Райымбек» қоғамының атынан игілікті істерін мұсылман елдерінің қайырымдылық қоғамдарымен тіл табысып, ымыраға келісіп жүзеге асыруда. Сәуле қажының қазақ радиосындағы дін-ислам жөніндегі әсіресе, орыс тіліндегі сұхбаттық әңгімесін тыңдаушылар ұдайы асыға күтеді. Сәуле қажы Бекенқызы жыл сайынғы исламның құрметті, қадірлі күндері өзінің ұйымдастырушылық қабілеті нәтижесінде, көп ұлтты мұсылмандар өкілдерін бір дастарханнан дәм таттырып, өзара ынтымағын арттыруға үлкен үлесін қосып келеді. Кеңестік көне саяси көзқарас кезінде бойына қасиет қонған адамдарды қоғамдық ортадан оқшаулатты. Оларға сенімсіздік білдірді. Азаматтық арларына тиді, ұрпақтарына дарынсыздар, есі дұрыс емес деген айдар тақты. Ондайлардың көбі арнаулы емханаларда ұсталды. Бүгінде ел тәуелсіздігінен кейін оларға бақыт күні туды. Оларды өздері демократиялық жолмен құрған Қазақстан халық емшілері қауымдастығы, бірінші рет киелілердің құқын қорғай отырып, ауыр күндерін ұмыттырып, Алланың ақ жолына түсірді. Қауымдастықтың басшысы өзі бастап мүшелікке кіргендерді намаз үйретті. Діни орындармен тығыз байланыста болды. Діни сауат ашуға мүмкіндік жасалып, қауымдастықтың арнайы білім көтеру мектебінің бағдарламаларына діни білім беру сабағы енгізіліп, дін мамандарының ілімі тындатылды. Көш жүре түзеле бастады. Қауымдастықтың мүшелері ішінен көктемдегі гүлдеп шыққан жауқазын гүліндей, имандылығы жүзінен шуақ шашқан діни сауаттылар қатары көбейіп, бүгінде қауымдастық ең ірі республикалық көп ұлтты рухани-ағарту мен денсаулықты жақсартудың киелі ордасына айналып барады. Бұл қауымның басшылары мен адал, қайсар, тынымды, сабырлы, инабатты мүшелерінің он жылдағы сындардан өткен таза маңдай терлерінің жемісі. Киелі орда – ел тәуелсіздігімен құрдас ұйым. Оның тілегі халық бірлігі мен ынтымағын, отанымыздың амандығын, ұлттардың тұтастығын сақтауға үлес қосу. Кез келген адамды психологиялық торығудан алып шығатын таза жол, ол Алланың ақ жолы ислам діні екенін қауымдастық өз мүшелеріне танытумен бірге, көп ұлтты республика халқымен тығыз жұмыс атқара білді. Республикалық, облыстық және аудандық баспасөз беттерінде 300-ден (үш жүз) аса рухани сипаттағы денсаулықты жақсарту, емдік-сауықтыру, ғылыми-танымдық әрі жалған емшілерді әшкерелейтін, т.б. тақырыптардағы құнды мақалалар жарияланды. Ал республикалық, облыстық және аудандық телеарналар мен радиотораптарда жоғарыдағы тақырыптар негізінде 500-дей (бес жүз) сұхбаттық лекциялар, имандылық, сауықтыру, т.б. салалар бойынша пікір алмасу өткізілді. Бұл қауымдастықтың тікелей басшысы және мүшелерінің араласуымен іске асырылды. Баспасөз беттеріндегі жарияланған мақалалардың жартысынан көбі, қауымдастықтың өз басшылары мен мүшелерінің еңбегі екенін мақтанышпен айтамыз. Бұл олардың бойындағы парасаттылығымен, табандылығының нәтижесі. Ата-бабаларымыздың «Сабыр түбі сары алтын» деген асыл сөзін өнеге ете отырып, киелі қасиеттің тылсым сырларын ұлттық әрі ғылыми таным негізінде халыққа жеткізу мен киелі дарындыларды толық таныту мақсатында қауымдастықтың жанынан «Халық емі» газеті 1992 жылдың тамыз айынан бастап жарыққа шыға бастады. Қауымдастықтың төл басылымы «Халық емі» газеті Қазақстан Республикасының баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде тіркеліп, № 809 куәлігі берілді. «Халық емі» газеті 1992-1993 жылдары жүз мыңнан аса данамен шығарылып, өз оқырмандарына таратылып, оң бағасын алды. Қазір қаражатқа байланысты уақытша тоқтап тұрғанымен, сол кездегі газет беттерінде жарияланған кейбір тартымды, салиқалы мақалалардың құны мен қажеттілігі уақыт өтсе де өзінің құндылығын жойған жоқ. «Халық емі» газетінің редакция алқасы құрамына: Зядан Қожалымов (төрағасы), Әлихан Шокин, Тұрсын Бекенов, Сайым Балмұханов, Бақтыбай Айнабеков, Мұрат Күлімбетов, Айнаш Көксегенова, Елтай Заркешов сияқты ғалымдар, журналистер, емшілер енді. «Халық емі» газетінің тұңғыш Бас редакторы Бақтыбай Айнабеков мырза, өзінің халық емшілігіне нағыз жанашыр екенін дәлелдей білді. Б.Айнабековтың қауымдастық құрылғанға дейінгі өткір мақалалары, жауапты ғалымдарға хаттары, діни тақырыптағы ұсыныстары қауымдастық қызметін ілгері бастыруға оның қарсыластары үшін өткір қару болды. Қауымдастықтың төл Жарғысы баптарына сай, 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Қазығұрт ауылында мұсылман жұртшылығының көмегімен шымкенттік қауымдастықтың рухани-сауықтырушысы Бабаев Аманжолдың ұйымдастыруымен діни медресе ашылды. Алғашқы діни сауат ашу мақсатында бұл медресеге сол жер мен басқа өңірдің үлкен-кішілі азаматтары мен азаматшалары ықыласпен келді. Өздерінің сауаттарын ашып, діни білімін терендетті. Бұл діни медресе өз кезегінде қауымдастықтың рухани қызметін халыққа танытудағы орталыққа айналған еді. Кейінгі қиын жағдайларға байланысты, бұл орын басқаларға ауыстырылды. Дегенмен, Аманжолдың біраз жылғы еңбегі қауымдастықтың тарихынан өзінің лайықты орынын алды. Мәңгілік өмір жоқ, мәңгілік қызмет түрі де болуы мүмкін емес екені анық. Кішкентай болса да, адам, қоғам, ұйым игілігі үшін атқарылатын жеке тұлғалардың таза, адал еңбегінің өзінің қоғамдық ортасынан алар бағасы болуы керек. Осы принципті ұстанған қауымдастықтың Төралқасы өзінің мүшелерінің ізгілікті еңбектерін ескеріп, қауым тарихында қалдыруды мақсат етті. Қауымдастықтың облыстық бөлімшелерінің қызметін дұрыс басқарып, міндеттерін іске асыруда, оның директорларының атқаратын жұмыстары өте жауапты екені мәлім. Алғашқы басқару құқын қолына алған бөлімше басшылары өз жауапкершіліктеріне түсіністікпен қарады. Кез келген кедергілерге төтеп беріп, қауымдастықтың құқылық жағына нұқсан келтірмей, шеберліктерінің, іскерліктерінің, тапқырлығы мен кішіпейілділігінің арқасында өздері басқарған бөлімшенің қызметін Жарғы мен ереже талабына сай жүргізді. Мемлекеттік, қоғамдық орындармен, жеке тұлғалармен және өзінің қарамағындағы мүшелерімен ымыраға келіп, өздерінің басқарып отырған бөлімшелерін нағыз халықтық рухани-ағарту мен денсаулықты жақсарту ортасына айналдыра білді. Бөлімшелерді кезекті әрі кезексізі бар үш рет әділет басқармаларына тіркеу мен қайта тіркеуде мүшелерінің ынтымағын сақтап, ұйымның болашағына зиянды іс-әрекеттерден аулақ болды. Қауымдастықтың облыстық бөлімшесі алғаш 1992 жылдың сәуір айында Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы Шымкент қаласынан ашылып, оны ашуға қауымдастықтың Президенті З.Қожалымов қатысты. Филиал облыстық әділет басқармасынан тіркеуден өтті. Жылдың қараша айы соңына дейін республиканың он алты облысы мен Алматы қаласында қауымдастықтың бөлімшелері ашылып, толық тіркеуден өтті. Он облыстық филиалды ашуға қауымдастықтың президенті З.Қожалымов, төрт облыстық филиалды ашуға Бас директор Т.Бекенов және Алматы қаласы филиалын ашуға қауымдастықтың бірінші вице-президенті, профессор Ә.Р.Шокин қатысты. Осындай тез қарқын бүкіл республика көлемін қамтығандықтан, кейбір этникалық тектік қасиетті ұнатпайтындар мен адам қасиетін бизнестік тірі тауарға айналдырғандарға ұнамай, олардың психологиясына кері әсерін тигізді. Тіпті, 1992 жылдың 14 қарашасындағы қауымдастықтың құрамындағы емші әйелдердің: «әйел-ана, әйел-тәрбиеші» – деген тақырыпта өткізбек болған жиналысы кейбіреулерді қатты үрейлендіріп, оны өткіздірмеуі үшін қауымдастықтың жауапты басшыларына жоғары орында отырған билеушілер тарапынан өрескел қысым да жасады. Бірақ жоспарлы жиналыс табысты өтті. Қауымдастықтың әйелдерінің өз ұйымы құрылды, басшысы сайланды. Ережесі бекітілді. Бұл ұйымның бағы алғаш жанып, көзге көріне бастағанымен, кейін ондағы әйелдердің өзара бақталастығы оның қызметін тоқыратып тынды.
| ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 | ||