өмірімнің шежіресі 6 | ||
главная вернуться | ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 | ||
ИМАНДЫЛЫҚ – РУХАНИ БАЙЛЫҚ Қазақстан Республикасы Халық емшілері ассоциациясының президенті, Халықаралық дәрежедегі Қазақстан халық емшісі, парапсихолог, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Зядан Қожалымов іс сапармен облысымызға келген еді. Біз онымен осы бір сәті түскен сұхбатымызда бүгінгі күнде халық емшілігінің мән-жайынан сөз қозғап, көңілде жүрген біраз мәселенің басын ашып алуды мақсат еткен едік. – Зеке, атбасын бұрып, облысымызға келгеніңізге қуаныштымыз. Мұның өзі халық емшілігінің дұрыс бағыт-бағдар жасауына ықпалыңыз тиіп, өзіңіз салған жолменен халқымыздың сау-саламатта болуы үшін сындарлы жұмыстар жүргізілуіне мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Өйткені, сіз Республикамызда бірінші рет Қазақстанның халық емшілері ассоциациясын құрып, ерекше қасиетке ие аруақты, емші, бақсы, балгер, тәуіптердің басын құрап ұйымдастырғаныңыз жұртшылыққа мәлім. Енді міне, Қазақстан халық емшілері ассоциацисының құрылғанына 6 жыл болыпты. Ассоциацияның осы уақыт ішіндегі атқарған біраз жұмыстарын білеміз. Ендеше әңгімеңізді де осы тұрғыдан бастаңыз. – Бісмілләһіррахманіррахим, Қазақстан халық емшілері ассоциациясы Республикалық дербес қоғамдық ұйым. Иншалла, әкімшілік, саналы азаматтар бұқаралық ақпарат құралдары мен заң орындары кезінде бізге көмекке келіп, қол ұшын бергені де себепкер болған шығар, алдымыздан жолымыз ашылды. Алғашқы құрылған күннен бастап кездескен кедергі қиындықтар артта қалды. Ісіміздің нәтижесінде қазақ емшілігінің құдіретін дүние жүзінің 60-тай елдеріне танытып қана қойғанымыз жоқ, мойындаттық та десек артық айтқандығымыз емес. Үш рет әлемдік халық емшілері форумдарына, 7 рет одақтық конгрестерге қатыстық. Сонда жоғары дәрежеде өткен емдік сеанстарымыз да өте жоғары бағаланды. Қазір көптеген емшілеріміз рухани, ағарту, денсаулықты жақсарту саласында өзінің жақсы істерімен жұртшылыққа танымал болып жүр. Біздің негізгі бағытымыз емдеу ғана емес адамның санасын оята отырып, рухани байлығын жетілдіру, имандылық жолына бағыттау. Сол арқылы халқымызды ізгілікке тәрбиелеуде бірлесіп жұмыс істейміз. Сонымен қатар ғарыштың, табиғат, жеке адамдардың құпияларын ғылыми тұрғыда зерттеп ашуда біраз еңбектеріміз жарыққа шығып та жатыр. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жазып, радио, теледидардан сөйлеп, айтып та жүрміз. Әлемдік дәрежедегі қазақ халқының емдік тәсілдерін ғылыми тұрғыда таныстырып отырмыз. Соның бір дәлелі, үлкен еңбегіміз деп те айтуға болады, автор Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы осыдан 550 жыл бұрын жазған өте құнды «Шипагерлік баян» деген кітапты тауып, ол туралы көлемді мақалаларымды жарияладым. Сіздердің облыстық «Сарыарқа» газетінде де шыққанын білесіздер. Фармацевтика, астрономия, экология, адам физиологиясы, философия және басқа да осындай көптеген танымдық мәселелерді зерттеп жазып кеткен екен. Сол кезде-ақ, ол Құранды аударған адам. Алланың жалғыздығын, Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың елшісі екенін қазақшалап жазғанын осы тозығы жетіп сарғайған қалың кітаптың беттерінен оқып білуге болады. Бұдан басқа да кезінде жарыққа шығармай, көміп тастаған құнды-құнды еңбектерді аршып алып, осылай жариялап жұртшылыққа таныстырып отырмыз. Қысқасы қазақ емі бұдан бес жарым ғасыр бұрын елімізде кең тарағаны белгілі болуда. Соның нәтижесінде бұл күнде жерімізде қазақ емі тез көтеріліп кетті. Енді тоқталуға болмайды. Таза аруақтылардың басын қосып, халық емін одан әрі жетілдіріп, дамыта беруіміз керек. – Сапарыңызға сәттілік тілей отырып, жұртшылық облысымызға келгендегі негізгі мақсатыңызды білгісі келеді. – Ассоциация құрылғалы бері үш рет қайта тіркеуден өттік. Осы соңғы тіркеуден өткендегі мақсат Ата Заң, азаматтық Заңдар өзгерді. Осыған орай біз де бағыт, бағдарымызды айқындап алуды ойластырдық. Енді емшілердің саны емес, сапасын жақсартуымыз керек. Осыған байланысты облыстағы емшілердің басын қосып, жиналыс өткіздік. Бұдан былай халық емшілігі қай бағытпен жүруі керек? Осының жолы көрсетілді. Әңгіменің басын ашып, мән-жайды түсіндірдік. Ұлытау тарихтан белгілі, қазақ халқының, хандардың орталығы болған жер. Бүкіл дүние жүзі қазақтары Қазақстан дегенде әуелі Ұлытауды, Түркістанды біледі. Ендеше осы қасиетті Ұлытаудың мәртебесі биіктеп өсе берсін! Соған сай оның болуын қалаймыз. Осы сапарымда басқа да бес-алты облысты аралап шықпақшымын. – Ендігі басын ашып, ара жігін айырып түсіндіре кететін бір жағдай, өзіңіздің ұсынысыңызбен екі-үш облыстан біріктірілген емшілердің аймақтық ассоциациясы деген бір құрылым өмірге енгізілді ғой. Содан бері Орталық Қазақстан бойынша, үш облыстан (Жезқазған, Қарағанды, Ақмола) құрылған емшілердің аймақтық ассоциациясына Қарағанды қаласында тұратын М.Тіленбекова жетекшілік етуде. Б.Өмірбекова жетекшілік ететін Сіз басқарып отырған Қазақстан Республикасы емшілері ассоциациясының Жезқазған облысындағы филиалымен қатар өмір сүруде. Яғни, бір облыстың өзінде емшілерінің біреулерінің оған, біреулерінің бұған бөлініп жатқанынан кім не ұтты? Жұртшылыққа, тіпті емшілердің өзіне қандай пайда беретінін ешкім түсініп отырған жоқ. Бір саладағы осы екі қоғамдық ұйымды бір орталыққа біріктіруге болмай ма? – Дұрыс айтасыз, менің ұсынысыммен 1994 жылы Орталық Қазақстан, Оңтүстік, Батыс Қазақстан, Жетісудан аймақтық ассоциация құрған болатынбыз. Ондағымыз өздерін өздері басқарсын, жұмыс істеп, халыққа пайдасын тигізуге қолайлы болсын, – деген едік. Өкінішке орай содан бері өткен екі жылда аймақтық ассоциациялар ешқандай пайдасын көрсете алмады. Сенімімізді ақтаған жоқ. Кейбіреулері бірте-бірте тарап та жатыр. Ал, емшілердің бірнеше ұйымға мүше болуына құқы бар. Олай болса осы екі ұйымның қайсысына мүше болуды таңдауға олар ерікті. Айталық, емшілердің жиырмасы бізге келсе, отызы оған барсын. Өйткені, бізге тағы да отызы келетінін білеміз. Әлі де болса екі ұйым да қатар жүре берсін. Өздерінің жұмыстарын халыққа жақсы жағынан көрсетсін. Оған ешқандай қарсылық жоқ. Құран ұстап Аллаға ант бергеннен кейін емшілер қашанда адал, өз міндетін дұрыс орындауға тиіс. Арамызда жүрген теріс пиғылдылар енді бізге кедергі жасай алмайды. Біз өзіміздің салған сара жолымызбен ілгері жүре береміз. – Қазіргі заман талабына сай емшілерді жекешелендіру туралы айтқаныңызды естідік. Сонда емшілерді жекешелендіру қалай ұйымдастырылмақшы? – Қазір ауа, су, ішкен тамағымыз, жеріміздің 97 проценті ластанды. Сырттан келіп жатқан киімдер де дұрыс емес. Бұрынғыдай таза жүннен тігілген киім қазір жоқ. Осыдан барып адамдардың психологиясы өзгерді. Емшімін деп жотасын бұлтыңдатып, көзін бадырайтқандардың бәрі шын мәнінде емші емес. Егер соның 100-ін алып қарайтын болсақ, соның ішінде 15-ғана таза аруақты емші де, 20-сы екеуінің ортасында жүргендер. Ал, қалған 70 проценті түкке жарамайтындар. Ғылым жүзінде зерттеуімнің қорытындысы осыны дәлелдеуде. Бұл санның өзінен 15-і ертең 10-ға, 20-сы 15-ке түсуі мүмкін. Емшімін деп жүргендердің көпшілігі білімі жоқ сауатсыз. Ол ол ма, тәртібі нашар емшілер арамызда аз емес. Олар әртүрлі келеңсіз жағдайларға барып, емшінің беделін түсіруде. Емші дін жолымен жүретін, әр саладан хабары мол, ғылымнан да ілімі бар, сауатты адамдар болуы керек. Халықтың рухани санасын ашып, имандылық жолына тәрбиелеулері қажет. Сондықтан осындайларды ескеріп, қазіргі өмір ағымына қарай көп жылғы жинақтаған тәжиірбеміз бойынша салыстыра келгенде емшілерді жекешелендіру керек деген қорытындыға келдім. Емшілер әкімдердің қарамағында болады. Ол жергілікті дәрігерлерге емшіні бекітіп беруі керек. Ауылдық жерде емші көп болмайды. Біреу-екеу болса, соның біреуі дәрігердің қарамағынан бөлінген арнаулы орында түске дейін істесе, екіншісі түстен кейін қабылдасын. Осылай емшілер дәрігерлердің қарамағында болса, бақылау болады. Бақылау болған жерде тәртіп те бұзылмайды. Емші дәрігердің қарамағында болмай, өз алдына жеке орын тауып, емшілігін жасауына да құқы бар. Бірақ, әкімшіліктің бақылауында болуы керек. – Бір орталыққа жиналып, бір жерден емдеуін сұрап жүрген емшілер бар. Ал, егер осылай ұйымдастырса ше? – Өмір тәжиірбесі көрсеткеніндей, бұлай ұйымдастыруға болмайтынына көзім жетті. Себебі емшілердің бәрі бірдей емес. Бір-бірімен сыйысып жұмыс істей алмайды. – Сапасын анықтап, сұрыптау үшін емшілерді аттестациядан өткізуге болмай ма? – Аттестациямен емшілердің Құдай берген қасиетін анықтап білу мүмкін емес. Емшілердің сапасы жергілікті жерде әкімдер, дәрігерлер арқылы анықталады. Бірте-бірте халық та қай емші қандай дәрежеде екенін айырып, білетін болады. Қажет болса, біз де осыған көмекке өзіміздің өкілдерімізді жіберіп алуымызға болады. – Демек, сөз соңында түйіндеп айтатыны... – Емшінің саны емес, сапасына көңіл бөліп, оны бақылауға алуға жергілікті әкімдердің айналысатын уақыты жетті. Емшілер өз алдына жеке жұмыс істейді, жекешелендіру дегеніміз осы. Сосын емші өзіне де, халыққа да жергілікті өкіметке де пайдасын тигізуі тиіс. Ал, өздерінің қарамағында болған соң жергілікті әкімдер дәрігердің қарамағынан емшілердің ем жасайтын орнын сайлап беруге, басқа да тиісті жағдай жасауға көмектесуге тиіс және жағдай жасай отырып, талап етуі керек. Емшілердің емшілік құқын жарғымыз бойынша ассоциация қорғайды. Енді емшімін деп жүргендер бұдан былай өз ойларына келгенін істеп, ауа жайылуына жол жоқ. Бұл заман талабы. Сұхбаттасқан: Қуаныш Сиқымбаев, «Сарыарқа» газеті 12.08.1997ж.
АЛЛАНЫҢ ТУРА ЖОЛЫМЕН ЖҮРГЕН ЕШҚАШАН АДАСПАЙДЫ Үстіміздегі жылдың желтоқсан айының 22-23 күндері Алматы қаласындағы Ұстаздар үйінде Қазақстан халық емшілері қауымдастығының құрылғанына 10 жыл толуына байланысты кезекті VII-құрылтайы өтпек. Оған еліміздің барлық облыстарынан үш жүзге тарта емші делегаттар қатысады. Мерейтойдың аталып өту қарсаңында біздің тілшіміз Жанболат Сәрсенбай – республикамызға белгілі, танымал, көп жылдан бері ғарыш, адам және жер байланысы, бізге көрінбейтін белгісіз тылсым күштердің құпиясын зерттеп жүрген, Қазақстан халық емшілері қауымдастығының Президенті, Қазақстан журналистер және психологтар Одағының мүшесі, халықаралық дәрежедегі рухани шипагер, биоэнерготерапевт, парапсихолог және халықаралық бес халық емі қауымдастықтарының толық мүшесі Зядан Қожалымов мырзамен сұхбаттасқан еді. – Ассалаумағалейкум, Зәке! Тойларыңыз тойға ұлассын. Қуаныштарыңызға ортақпыз. Орта толсын! Әлейкумсалам. Рахмет. Бұл баршамыздың қуанышты тойымыз. – Зядан мырза, алғашқы сауалымызды өзіңіз құрған, осы 10 жылдық төл мерекесін атап өткелі отырған Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығының құрылуының себеп-салдарынан бастасақ. Елімізде мұндай заңды ұйым құру мен үшін оңайға түскен жоқ. Мақсатым республикамыздағы тарыдай шашылған ата дәстүрімен, тылсым құдірет күшімен шыққан емшілерді бір арнаға топтастырып, бағыт-бағдар беруді жолға қою болды. Өйткені ол уақытта емшілердің құқын қорғайтын ешбір заңды мекеме жоқ еді. Содан алғаш 1991 жылдың 30-қыркүйегінде Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығын құру жөніндегі ұйымдастыру комитеті жұмысы дұрыс басталғанымен, бұған еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің басшылары тарапынан көптеген тосқауылдар жасалды. Бізге сенімсіздік білдіріп, қоғамдық ұйымдар құру және олардың құқы жөніндегі Республика заңдарын толықтай танығысы келмеді. Осындай ауыр тартыстардан кейін барып нәтижесінде 1991 жылы 20-23 желтоқсан аралығында Алматы қаласында республикамыздың он бес облысынан келген емші өкілдер мен мемлекеттік қоғамдық ұйымдары өкілдерінің тұңғыш құрылтайы өтіп, халқымыздың тарихында тұңғыш киелі орда – Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығы құрылды. Қауымдастық Жарғысы қабылданып, басшылары сайланды. Басшылық құрамына медицина саласының ғалымдары мен халық емшілері және журналистер енді. Бұдан кейін қауымдастықтың өзінің Жарғысын 1992 жылдың 22-қаңтарында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркеуден өткізіп, № 0080 куәлігін алды. Сөйтіп Жарғының мақсаттары мен міндеттеріне сай қауырт жұмыстары басталды. Қауымдастықтың жанынан тұңғыш халық емшілерінің білімін жетілдіру мектебі ашылып, мектеп бағдарламасына сай арнайы медицина, заң, дін, халық емі саласы бойынша ғалымдар мен арнайы мамандар емшілерге сабақ өткізді. Үш апталық курсты 1992 жылдың 1-сәуірінде 60 емші бітіріп, емшілік дипломдары мен мүшелік куәлік құжатын алды. Халыққа адал қызмет етемін деп, емшілер қасиетті Құранды (басқа ұлт өкілдері тауратты, інжілді) тәу етіп, ант берді. Сөйтіп, Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығының рухани емшілері еліміздің сауықтыру салаларын қолдау, көмек көрсету мақсатында өмір тіршілігіне осылайша енді. – Қазақта «Бір істі бастау қиын, бастаған соң тастау қиын» деген сөз бар. Солай айтпақшы қауымдастық құрылғаннан кейін қандай да бір жол байлау, қиындықтар болды ма? – Әрине, болмауы мүмкін емес. Біз қауымдастықты құрғаннан кейін облыс орталықтарынан бөлімшелер ашуды жоспарға қойдық. Сол кезде қауымдастықтың алғашқы облыстық бөлімшесі Оңтүстік Қазақстан облысында құрылды. Мұндай бөлімшелер ашуда әкімшілік қысым, облыстық денсаулық сақтау басқармаларының қарсылығы барлық облыстарда бір-бірінен қалыспады. Қауымдастық қызметкерлерін ата-бабасының қас жауындай қабылдаған олар қарапайым емшілерге адам айтқысыз қысымдар көрсетті. Сол кездегі Қызылорда, Атырау, Орал, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармаларының басшыларының қатыгездік қылықтарын бір Алла өзі кешірсін. Мінеки, осындай тосқауылдарға қарамай, қауымдастықты қолдаған 300-ден аса мақала газет беттеріне жарияланыпты. 500-ден аса облыстық және республикалық телеарналар мен радио тораптарында сұхбат, емшілер семинарларын өткізіліп, халықтан қолдау тауыпты. Сондай-ақ қауымдастық мүшелері 3 рет Халықаралық форумдар мен конгрестерге қатысты (Алматы, 26-29.IX.1991 ж., Алматы, 18-21.X.1992 ж., Крым, Гурзув, 3-9.X.1993 ж.,). 1992 жылдың аяғына дейін қауымдастық 16 облыста және Алматы қаласында филиал ашты. Бұл күнде облыстардың қысқаруына байланысты 11 облыстық, 5 қалалық филиал жұмыс істейді. 1992 жылы қауымдастықтың «Халық емі» атты газеті шығып тұрды (Бас редакторы Бақтыбай Айнабеков). Қысқасы қиын кезде қауымдастықты «құртамыз, жоямыз» дегендердің біразы өздері өмірден өтіп, талай «мықтысымақтар» қызметтерімен қош айтысып, бұл күнде жоқ болыпты. – Қиын күндер артта қалды. Бір күнгідей болмай өте шықты. Атыңыз да дүниежүзінің біршама еліңе жаңғырды. Осындай биікке шығуыңызға, беделіңіздің артуына қауымдастық мүшелерінің де үлесі бар болар. Киелі ортаңыздың халық қолдауына ие болуына еңбек сіңіргендердің осындай төл мерекеде атап көрсеткен абзал болар? – Иә. Қауымдастық халықтың қалтасын қағып, ақша жинаудан өз мүшелерін азат етті. Рухани ағарту мен денсаулықты жақсарту саласындағы өз міндеттерін түсінген қауымдастық мүшелері халқының сүйікті рухани ұстазына айнала бастады. Олардың есімдерін бұл күнде республика халқы біледі, әрі құрмет тұтады. Атап көрсетсек: Сәуле қажы Бекенова, Мырзагельдиев Ермек, Шыныбекова Ғазиза, Қожалымова Түймекүл, Садықова Бибігүл, Бәйденқызы Өтегүл, Ахметов Нұрбақыт, Садбенбекова Захан (Алматы), Байжанова Зейникамал (Алматы облысы, Қарасай ауданы), Құттыбаева Қализа қажы (Ақтөбе), Байтабанова Айғаным (Семей), Бегалинов Хамит (Астана), Есенбаев Әмірбек қажы, Мұсатаева Мәриямқүл (Жамбыл), Исақан Біржан (Мойылды), Сиқымбаев Қуаныш (Жезқазған), Жалмаханова Сағира (Байқоңыр), Нұрғожин Жолтай (Арқалық), Бәйділдев Бәзен (Түркістан), Ермаханова Кәмила (Қызылорда) секілді қауымдастықтың құрметті мүшелері елі құрмет тұтып, өнеге алатын көпшіліктің сенімді діни ағартушылары, рухани тәрбиешілеріне айналды. Ал қауымдастықтың облыстардағы бөлім басшылары Мырзагельдиев Ермек (Алматы), Қорғанбаева Майра (Шығыс Қазақстан), Жолдасов Құдайберді (Жамбыл), Өмірбекова Бәтігүл (Жезқазған), Құттыбаева Қализа қажы (Ақтөбе), Такенов Серікбай (Солтүстік Қазақстан), Ермұханова Күлпара (Атырау), Серікбаева Айжамал (Қызылорда), Бақтыбаева Майдан қажы (Астана) қауымдастықтың белсенді ұйымдастырушылары ретінде жұмыстарын жалғастырды. – Ендігі сауалымыз 10 жылдық мерейтойларымыздың аталып өту барысына барсақ, дайындықтарыңыз қалай? – Қауымдастықтың 10 жылдығына орай «Мәңгілік құпия шежіресі» атты жазған ғылыми еңбегім «Сөздік-словарь» баспасында 2000 данамен жарыққа шықты. Бұл еңбегім жалпы халық емінің методикалық анықтамалығы болып табылады. Ал екінші бір жаңалық қауымдастықтың тарихында қалатын ең мықты беделді емшілері топтасқан «Шапағатты рух ордасы» атты кітап жарыққа шықпақ. Бұл кітаптан оқырман қауым елімізге танымал халық емшілерінің өмір деректерімен таныса алады. Сондай-ақ, мерейтойымыз Алматы қаласында «Ұстаздар үйінде» ғылыми мәслихат өткізіп, артын той-думанға ұластыруды жоспарлап отырмыз. Бағдарламасы дайын. Енді тек бастау керек... – Алға қойған мақсаттарыңыз қандай? Құрылтайдан халық емшілері үшін қандай өзгерістер күтуге болады? – 10 жылдық мерейтой қарсаңында бүгінгі өмірдің жаңа талаптарына сай қауымдастықтың мүшелерінің жаңа құрамын іріктеуді жоспарға қойып отырмыз. Өйткені бұл күнде Қауымдастықтың қоғамдық ұйымдық белгісі, мөрі, құжаты, атқаратын міндеттері түгелдей өзгерді. Соған байланысты республикамыздағы Қазақстан халық емшілерінің ассоциациясының емшілерін жүздесуге шақырамыз. (мына телефондарға (3272) 48-78-74, 25-38-41, ұялы телефондар: 83003376454, 83003303400 хабарласуын сұраймыз). Ал алға қойған мақсатымыз қауымдастық мүшелерінің халыққа адал қызмет жасауына мүмкіндік тудыру. Бізде, Аллаға шүкірлік, барлық емшілеріміз Алланың ақ жолынан тайған емес. Алланың тура жолымен жүрген ешқашан адаспайды. Сондықтан тура жолмен жүруге міндеттіміз. Жалпы айтар болсақ, өзгеріс көп. – Зядан мырза! Уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге үлкен рахмет! Алла тағала мерейтойларыңызға нұрын төгіп, әрбір істеріңіздің сәттілігін берсін! Алла бізді осындай қуаныштарда жүздесуге жазсын! Сөз соңында «Тамашаның» оқырмандарына айтар тілегіңіз болса... – Біз текті халықтың ұрпағымыз. Сондықтан өмірдің қиындық сәттерінде көп жүретін журналистер қауымы біздің қауымдастықтың халық жүрегінен орын алуына алтын көпір салды. Солардың ішінде Бақыт Досымов (марқұм), Айнаш Мәукенқызы, Бақтыбай Айнабеков, Мұрат Күлімбет, Әділ Бек Қаба, Кенжеғали Ноғай сынды тағы басқа да қаламгерлерге рахмет айтамын. «Тамашаға» да ақпараттық қолдау көрсеткеніне алғысымды білдіре отырып, оқырмандары көп болсын! «Оқырмандарының денсаулықтары зор болсын!» – деген тілегімді білдіремін. Тән тазалығы мен жан тазалығындағы қызметтеріңіз абыроймен асқақтай берсін! Сұхбаттасқан: Жанболат Сәрсенбай «Тамаша» газеті, 04-17.12.2001 ж. ХАЛЫҚ ЕМІНІҢ ҚАДІРІН ҚАШЫРМАЙЫҚ Қазақ халқының өмір салтындағы әдеп-ғұрыптары мен рухани үрдісіндегі сан қырлы болмысы кімді болмасын қайран қалдырып, таңдай қақтыратын құбылыстарға толы. Арғы-бергі тарихқа жүгінсек, ұлтымызда табиғат пен жаратылыстың тылсым сырлары мен көпшілікке құпия күштерімен тілдесудің жолын тауып, оны елі мен жерінің игілігіне асырған тұлғалар көптеп саналады. Табиғатпен тамырлас ұлы даланың төл баласы болып саналатын қазақтың бойындағы дарын мен ұлт қанындағы қасиеттің арқасында жалпақ жұрттың сенімін иеленіп, есімдері ел тарихына алтын әріптермен бедерленген халық емшілері, тәуіптер мен бақсы-балгерлердің кейінгі толқындары өктем жүйенің темір құрсаулы шеңберінен шыға алмай, тала-талай қуғын-сүргінді бастан өткерді. Еліміз егемендік алып, ұлттық үрдістеріміз бен салт-дәстүрлеріміз қайта өрлей бастағанда халық емшілігін қадір тұтатындар еңселерін қайта тіктеді. Алланың құдіреті нәтижесінде бойларына біткен қасиетті ел қажетіне жаратуға да жасқанбай кірісті. Бүгінде қалың қауым халық емшілігіне қарай бет бұра бастады. Дегенмен, «Күріш арқасында күрмек су ішетін» жағдай құдайсыз сөйлемейтін халық емшілері арасында жайлап алғанын жоққа шығаруға болмайды. Рухани сана еркіндігіне даңғыл жол ашылып, жұртшылық жаппай имандылыққа бет бұрған шақта «Аңқау елге арамза молдалар» арам шөптей қаулап, шынайы қасиет қонғандардың өздерін ығыстыра бастады. Ондай шала тәуіптер сонау XIV – XV ғасырларда өмір сүріп, өзінің даналығын әлем ғұламаларына мойындатқан., артына «Шипагерлік баян» атты баға жетпес құнды еңдек қалдырған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыздан бастау алатын халық емшілігінің мөлдір бұлағын лайлап-ақ жатыр. Ел-жұрттың нағыз халық емшілеріне деген сеніміне селкеу түсіруде. Өкінішке орай, «жалған емшілер мен құмалақшылар, бақсы-балгерлер» қатары Жетісу өңірінде де баршылық. Ғасырға жуық уақыт табиғат пен жаратылыстың тамыр соғысын дәл болжап, құпия сырын аша алатындарға әбден сусап қалған халық кейде жалғандық пен шыңдықтың аражігін ажырата алмай, алаяқтардың алдап-арбауына жем болады. Ел үстінен күн көріп, «ауырдың асты, жеңілдің үстімен» жүргенді меңгеріп алғандарға қарсы қандай амал қарастыру қажет. Алматы облысына арнайы атбасын бұрып, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық ұйымының жұмыстарына қатысты мәселені шешуге келген осы бірлестіктің президенті, «Республикалық ғылыми-практикалық халық медицинасы орталығы» ЖАҚ директорының филиалдар бойынша орынбасары, Халықаралық дәрежедегі парапсихолог Зядан қажы Қожалымов редакциямызға бас сұғып осы жағдай төңірегінде ой толғаған еді. – Талдықорған қаласында облыстық салық комитеті, денсаулық сақтау басқармасы және тағы басқа мекемелер өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық ұйымының жұмысын жолға қою жағдайын ақылдастық. Шұғыл келуіміздің де өзіндік себебі бар. Еліміздің барлық аймақтарындағыдай Жетісу өңірінде де жалған халық емшілер мен өтірік бақсы-балгерлердің көбейіп кетуі жұртшылықты алаңдатып, қоғам өмірінде халық емшілігіне байланысты кері пікірлердің пайда болуына жол ашып отыр. Біздің мақсат – мемлекеттік атқарушы билік орындарымен бірлесе отырып емші, бақсы-балгер, көріпкел атын жамылғандардың тамырына балта шабу, олардың жалғандыққа салынып, жұртшылықтың сана-сезіміне сызат түсіруіне тосқауыл қою. Бұл бағытта қолға алған бастамамыз облыстағы бірқатар басқармалар мен комитеттер тарапынан кең қолдау тауып, ондағылар мүмкіндіктерінше көмек қолдарын созуда. Жасырары жоқ, бүгінде ел арасында өтірік-шыны аралас емшілерден көп ешкім жоқ. Бірақ олардың халыққа қызмет көрсету сапасы сын көтермейтін жағдайда. Ел-жұртқа келтіріп жатқан пайдасынан гөрі зияны басым. Мен өзімнің 12 жылдық тәжірибеме және ел ішіне шыққан кезде жүргізген бақылау жұмыстарының нәтижесіне, жергілікті халықтың пікірлеріне сүйене отырып, «халық емшісімін» деп кеудесін соғып жүргендердің 75 пайызының қарапайым елді теспей сорып, оңай олжаға айналдырғанын толық сеніммен айта аламын. Олар алдына сенім артып келген жұрттың жағдайын жүре тыңдап, жеке басының пайдасын ойлап, құлқынның құлына айналғандар. Басым бөлігінің емшілікпен шұғылдануды былай қойғанда өз бастарын алып жүрер ақылы жоқ. Тікелей айтар болсақ, жоғарыда айтылған 75 пайыздың 50 пайызының психикасы ауытқып, жүйкесінің жұлма-жұлмасы шыққан. Тоқетері, жындылар. Қазіргі кездегі біздің анықтауымыз бойынша «емшімін» дейтіндердің 25 пайызының ғана бойында ата-бабадан қалған, Алланың бұйрығымен жеткен қасиеттер бар. Алдағы уақытта бұл санның да азаюы мүмкін. Өйткені, халық емшілеріне қойылар талап еселеп күшейіп, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» таңдауға бет бұрудамыз. Сондай деңгейге жеттік десек, ешкім артық айттың дей қоймас. Бұрынғы ата-бабаларымызда да 10 мың адамның арасынан бір қасиетті адам, тылсым күшпен тілдесе алатын тұлғалар шыққан. Өшкеніміздің жанып, жоғалтқанымыздың табылғанына да 12 жылдан астам уақыт артта қалды. Сондықтан алғашқы жылдардағы асығыс байламдар мен ұшқары қорытындылардан ада-күде арылатын кез жетті. Жоғарыда айтылған ата-бабалар жолы – 10 мыңнан біреуді таңдау жүйесіне жасқанбастан көшу қажет. Адамға ерекше қасиеттің қонуы Алланың сыйы, тартуы, сонымен бірге сынақ екенінде ұмытпаған жөн. Осы сыйды дұрыс пайдаланып, сынақтан сүрінбей өту әр адамның өзінің имандылығы мен адамгершілігін жоғалтпауға тырысып, дін жолынан ауытқымаса, алдына келген адамға бар пейілмен, таза ниетімен көмек жасайтын болса, Алла тағаланың өзіне жүктеген міндетін орындағаны, оның ақ жолына адал болғаны. Ел-жұрт сеніміне лайық болу үшін әрдайым ізденісті жалғастырып, білімін көтеруден жалықпағаны жөн. Өсек-аяңға жоламай, ақ пен қараны айыруға жете көңіл бөлу керек. Сонда ғана адамға қонған қасиетті күш көпке сақталмақ. Ал енді әумесерлікке салынып, әпенділіктерімен елге күлкі болып жүргендердің жүрісі ұзаққа созылмайды. Біраз жылғы дүмшеліктің соңы жындыханамен аяқталып жатқанын жақсы білеміз. Қазіргі «емшілердің» 60-пайызға жуығы отбасын тағдыр тәлкегіне салып, бала-шағасынан безіп кеткендер. Алды содан кейін үш-төрт әйел алып, қайта ажырасып, өз отбасына қоса тағы біраз шаңырақтың шайқалуына әсер етуде. Бұдан өткен сұмдық бар ма? «Айналайын, емшілігің, көріпкелдігің өзіңе, өз бала-шағаңды қаңғыртқаныңмен қоймай, тағы бірнеше отбасын ойрандағаның не?» десең, бет-аузы бүлк етпестен. «Алла тағалам қасиет қондырып, ата-бабаларым аян берді» деп шімірікпей соғатынын қайтерсің сорлылардың. Қай ата-баба ұрпағым қаңғысын деп аян бермек, мұндай келеңсіздігі көп кесірлі тірлікті Алла тұрмақ қарапайым адам да қолдамайды. Ет пен терінің арасындағы желікті көтере алмайтын желбуаздар қарапайым жұртты әбден әурелеп, саналарын сансыратып жіберді. Куә болып жүрміз, ер адамнан 5 бала, әйел жақтан 4 бала далада қалып, осындай күнәкәрлық барысында пайда болған үшінші отбасы да ойранға батып жатады. Трагедия деген осы емес пе? Мұндай азғындау, Алланың ақ жолынан ауытқу халқымыз басында бұрын-сонды болып көрмеген. Сол рухани құлдыраудың басы-қасында жалған емшілер мен көріпкелдердің жүруі мені ғана емес, құдай жолын ұстаған басқа да қасиет қонғандарды мазалауда. Қазіргі кездегі мәліметтер бойынша жарты миллионнан астам мұсылман (біздің елде ғана) басқа діндерге еніп кеткен. Мұның да өзегінде ащы шыңдық бар. Әрбір дүмше молда немесе шала бақсының соңында жүздеп-мыңдап адам еріп жүреді. Олардың арасында жалған уағыз бен көзбояушылыққа бүкіл жандүниесімен сенген, елтіген жастар да, ересектерде бар. Еліміздегі түрлі діни ұйымдар мен секталар саны да көбейіп кеткен. Олардың басым бөлігі мұсылман дініне қарсы әрекет етіп, ғасырлар бойы қалыптасқан наным-сенімдеріміздің іргетасын шайқауда. Халық емшілігіне де айтарлықтай қауіп төніп тұр. Бұл бағытта да түрлі ұсақ-түйек ұйымдар дүниеге келіп, мемлекетіміздегі халық емшілігіне қатысты заңдардың талаптарын талқандауда. Сондайлардың біразы Алматы облысы аумағында да бой көтеріп, қалың қауымды өздері ойлап тапқан сандырақ ағымдарға сендіру жолында жанталасуда. Сондықтан заманына қарай амалын ойлап тауып, ел ертеңіне елеулі түрде әсер ететін келеңсіздіктерге қарсы бірлесе, тізе қоса қарсы тұруымыз қажет. Осы мәселеге қатысты «Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық ғылыми-практикалық» халық медицинасы орталығы ЖАҚ өзара ортақ келісімге қол жеткізіп, атқарылар жұмыстарды бір жүйеге түсірді. Бүгінде сонда жасалған тұжырымдаманы жер-жерлердегі ұйымдарға жеткізіп, әңгімелер өткізіп жүрмін. Нақтырақ айтар болсам, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық ғылыми-практикалық халық медицинасы орталығы» ЖАҚ директорының филиалдар жөніндегі орынбасары ретінде осы бағыттағы жұмыстарға жетекшілік жасаудамын. Талдықорғанға да сондай арнайы іссапармен келіп, негізгі шаруаны ойдағыдай орындадым, – деген Зядан қажы Алматы облысындағы халық емшілігіне байланысты жағдайдан да жұртшылықты хабардар еткенді дұрыс көрді. – Мұндағы ұйымға бұрын басшылық етіп келген жігіт азамат деген ардақты атқа лайық болмай шықты. Басқа облыста 4 баласы мен әйелін тастап қашып келген ол Талдықорғанда да 3-4 отбасын бүлдіріп үлгеріпті. Өз бетімен «Парасат» деген ұйым құрып, біраз жындысүрейлерді жинап, ел-жұрттың есін шығарған. Біреуге жақсылық жасағанды қойып, өз құқықтары мен мүдделерін қорғаудың жөнін білмейтіндер кімге тұлға болмақ? Мұндай топтардың саны біраз. Атын атап кетуге де болатын еді. Бірақ өздері де бәрін іштерінен сезіп отырған болар. Ұйғыр ауданында өзін Алланың елшісіне теңестіріп отырған адамның тіптен білімі жоқ. Жамбыл, Ескелді, Қарасай аудандарында, Талдықорған қаласында да «шарлатандар» жетерлік. Арасында әйелдер де бар. Осының бәрін ой елегінен өткізе келе еліміздегі осындай әрекеттерге қатысты заң талаптарын күшейту керек-ау, деген ойға келемін «Тірі құдай шықты» деген не пәле, не сұмдық. Өздеріне осындайды жапсырып алғандарды көргенде еріксіз бармағынды тістеп, басынды шайқайсың. Көре тұрып, дәтім шыдай алмады. Сондықтан да бір орталыққа бағынып, бетімен кеткен жалғаншыларды жөнге салуды мықтап қолға алдық, – деген Зядан қажы бұдан басқа да біраз күрмеулі мәселенің жай-жапсары туралы әңгіме қозғады. Шындығы солай, ағайын, халқымыз бойында басқаларға ұқсамайтын ерекше қасиеті барларды әрдайым төбесіне көтерген. Күні бүгінге дейін сол қалпымыздан еш өзгергеміз жоқ. Кейде содан ажырамаймыз деп жүріп алданып қалатынымз да бар. Егер халық емшілігі, көріпкелдік, бақсы-балгерлік сияқты ерекшеліктері бар адамдармен жұмыс істеу жөнге түспесе, ауыл-ауылды аралап, халықты алдап-арбаумен күн кешіп жүргендер қатары көбейе бермек. Бұл бағытта жоғарыда аталған республикалық ұйымдардың қолға алған шараларын көп болып қолдап, барынша демеу көрсеткен жөн. Зядан қажының да халықтан күтетіні сондай шешуші қадам екені сөзсіз. Сайып келгенде халық емшілігі, көріпкелдік және бақсылықтың ғылымның барлық саласына қатыстылығы күмән туғызбайды. Тарих, поэзия, медицина, физика, астрология, химия, музыка... секілді салалармен бастауы біте қайнасып жатқаны біздің ұлттық рухани үрдістеріміздің әр тектілігін, салт-ғұрыптарымыздың өмірдің өзінен өнеге түйер, тәңір мен тіршілік ұғымдарының аясындағы үйлесімділіктен табар кең ауқымдылықты аңғартады. Біздің мақсатымыз сол жарасымды мол үйлесімділіктің үзіліп кетпеуін, кең ауқымның шектеліп қалмауын қамтамасыз етіп, мүмкіндігі мол тылсым күштердің тек халыққа ғана қызмет жасауына жол ашу. Сұхбаттасқан: Болат Абаған «Жетісу» газеті, 17.01.2004 ж.
| ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 | ||