өмірімнің шежіресі

26

 главная                                        вернуться 

 1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32

 

Шипагерлік емінің қадірін бағалайық

 

Денсаулық – зор байлық,  бірінші  байлық.  Адамның  бірінші  байлығының қайнар көзі, біріншіден, шипалы емде, екіншіден, саулық мәдениетінде, үшіншіден, саулық пен емдік мәдениетін демейтін қоғамдық қолдауда. Шипалық адамның өзін, жақынын емдеуден басталады және нәр алады. Содан ол ұрпақтардың, ұлттық қазынасына айналады. Шипалық-рухани тазалық, тән мен жан жарастығы, табиғатпен тілдесе, ұрпақ үлгісімен үндесе білудің  негізі. Адамзаттың алғашқы дәуірінен бастап оның ұрпағының дені сау, келбетті және ақылды болуына сол замандағы бақсы-балгерлер мен емшілердің үлесі зор болды. Бұл дәстүр бүгінге дейін жалғасуда. Бүгінде ғылымда “екінші ибн Сина” атанған, “Шипагерлік баян” атты медициналық-энциклопедиялық еңбектің авторы XV ғ. ғұлама қара үзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы халықтық емшілікті дәстүрлі емес түрінен дәстүрліге одан халық медицинасына жеткізіп ғана қалмастан, осы заманғы ғылыми медицинаның негізін де қалады. Ғұлама шипагер: “Емші – дегеніміз ешкінің мүйізін көріп, оның денесін көрмегенмен бірдей. Ал, емшіні – шипагер деген дұрыс. Ол сырқат жандардың ауруының себеп-салдарын анықтайды және емдеп жазады. Шипагер білімді, мәдениетті және иман жүзді болу керек. Шипагер емделушіні өзінің бірге туғанынан да артық көріп, оларға әке, апа, аға, жеңге, әпке, замандас, іні, қарындас және балаларым деп кішіпейілділік сезіммен қабылдағанда ғана ем қонады. Шипагердің сөзі өткір, мейірманды болғанда ғана ем қонады”, – деген ұлағатты өсиеттері бүгінге дейін өзінің тәрбиелік мәнін жойған жоқ.

Шығыстық дәрітану қалайша халықтық шипагерлікке айналды? Бұл әлі зерттелмеген мәселе. Шығыстық дәрітану мен ұлттық шипагерлік мәселесі арнайы философиялық-мәдени талдаудан тыс қалып қоюда. Денсаулыққа қатысты дәстүрді, шипагерлік емінің эволюциясын, мәнін және әлеуметтік қолдауын талдау – философиялық та,  қоғамдық та маңызы зор мәселе. Билеуші идеология мен ғылымдағы біржақты түсініктердің кесірінен халықтық емдеудің шипагерлік дәстүр өнері саласына арнайы зерттеулер жүргізілмеді.         

Ел өз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана тұңғыш рет ғылыми зерттеу саласының іс жоспарына ене бастады. Осы зерттеуді мақаланың авторы халықтық шипагерлікті тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізді (З.Қ. “Шипагерлік дәстүрі және философиясы”, А.2009). Емдік – адам өмірін ұзартудың, адам мен табиғаттың, адам мен әлемнің арасындағы байланысты дүниетанырлық деңгейде көтермелеудің, адамдық деңгейде қарастырудың тәсілдік түрі. Бұл халықтық емдік дәстүрі біртіндеп дамып келеді. 

Адамдар жан мен тән саулығын, яғни адам денсаулығын жақсартуда, оны қалпына келтіруде ел ішіндегі тәуіп, бақсы-балгерлерден көмек сұрады, олар өз тәжірибелерін пайдаланды. Емшілік өніп-өсудің құралына жараған сайын, оған деген мұқтаждық күшейді. Бертін келе, халықтың емдік әдіс-тәсілдерін біртіндеп насихаттау, оның бай мұраларын қалыптастыратын халықтық дәстүрге ұйытқы  болды.

Халық барлық мұқтажын табиғаттан іздеді, жан-жануарлардың әр түрлі жарақаттарынан, сынықтарынан табиғаттағы минералды сулар мен балшықтардан, мумие т.б. заттардан  қалай ем алып жазылатынын бақылады. Бұл әдісті өздеріне пайдаланды. Дами келе өзіндік халықтық емдеу жүйесінің негізі қалануына ықпал етті. Олардың мұндай әрекеттері болашақ ұрпаққа мұра болып жетуіне негіз болды. Мұндай ғылыми халықтық емдіктің дәстүрлі шипагерлік жүйесінің қалыптасуына ХV ғасырда өмір сүрген, ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының білгірлігі мен біліктілігі үлкен қозғау салды. Орта Азия мен қазақ жерінен орта ғасырдан бұрын шыққан ғұлама ғалымдар, есімдері бүгінде әлемге белгілі әл-Хорезми, әл-Бируни, әр-Разани, Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Әбу Әли ибн Сина тағы басқалары Гиппократтың этикалық медициналық білімін жалғастырды, байытты, оны шипагерлік емнің тәжірибесімен толықтырды. Шипагерлік ем халықтық тәжірибесімен құнды. Орта Азиялық ғұламалар медициналық білімді шипагерліктің халықтық және шығыстық сипатымен дамытты. Ғұламалардың  емді  ғылыми ілімге және халықтық тәжірибеге жақындатуының негізінде, шығыстық шипагерлік батыстық шипагерліктен де бұрын, әлемге белгілі болды. Бұған академик Б. В. Петровскийдің:«Шығыс медицинасының тарихы Тибет, Монголия, Индия, Қытай, Жапонияда осыдан мыңдаған жыл бұрын дамыды. Емдеу әдіс-тәсілдері болды. Бұл осы заманғы медицинаның дамуына өте қажет», – деген тұжырымдамасы дәлел. Сондықтан да кейбіреулердің емшілер жөніндегі теріс пікірлеріне бола, шипагерлік емін жоққа шығаруға болмайды. Бұл тектік мұра, халықтық өнер болғандықтан шипагерлік емінің қадірін білейік!

«Шипагерлік баян» газеті, № 5, 2015 ж.

 

ХАЛЫҚ ЕМШілігінің қоғамдағы орны

 

Халық емшілерінің ширек ғасырға жуық құқыларының арнайы тапталуы халық медицинасының тез өркендеуіне кедергі болғандығын жасыра алмаймыз. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанынан ашылған «Республикалық халық медицинасы Орталығы» жиырма жылдан аса емшілер қауымын әлдебіреулерінің қалтасын толтыратын майлы жілікке айналдырып, әйтеуір лицензия, сертификат деген сендердің қасиеттеріңді куәландырады дегеннен аспай келді. Ұлттардың тектік қасиеттерін жалғастырған өзіндік мәнін жоймаған  болжаушы, көріпкел, жұлдызшы, емші, құмалақшы, жауырыншы, сынықшы, балгер мен бақсы т.б. ерекше тылсым құпия иелері мәдениетті темір тордың қоршауында болды. Міне осындай мәдениетсіз, білімсіз және жалғанды жалпағынан басқан емшісымақтар мен олардың Денсаулық сақтау министрлігіндегі көкелері халықтық емшіліктің абыройын айрандай төгіп, жермен жексен етті. Қысқасы емшілердің киесінің иесі кетті. «Қудың құйрығы бір тұтам» – дегендей, ақыры  емшілер қауымы ҚР Заңымен бостандықтың тәуелсіздігін алды. 

Ертедегі шипагерлер сырқат адамның ауруының пайда болу себептері мен сыртқы түрін анықтау, шипалық ем қолдану әдіс-тәсілдерін өте жауапкершілікпен пайдаланды. Ал, Кеңес заманында тарихы жазылмаған халық шипагерлігі күрделі зерделеу мен зерттеуді асыға күтті. Халық емшілігінің өрлеу кезеңдері жазба деректердің жоқтығынан әлі зерттеліп біткен жоқ. Өйткені, шипагерлік көне дәуірден ғасырлар бойы жоғалмай келе жатқан халық мұрасы. Халық емі жоқ ұлттың бүгінге дейін  өмірі  де, болашағы да болмасы анық. Қазіргі медицинаның негізі мен ірге тасын қалаған  сол халық емі, яғни халықтық шипагерлік дәстүрі екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Адамзат тарихының эволюциялық өзгерістері мен ғылымның дамуы, халықтық шипагерліктің емдік әдіс-тәсілдерінің ғылыми жолмен дамуына күшті әсері болды. Халықтық шипагерлік өнерінің тез әрі ғылыми тұрғыда дамуына, Орта Азия мен қазақ жерінен шыққан ғұлама ғалымдардың соның ішінде ХV ғасырда даланың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының жеке зертханалық ілімдік  ғылыми тұжырымдамалары арқылы жүзеге асты. Халық емшілігі медицинаның атасы екендігі жөнінде ресейлік Академик Б.В.Петровскийдің:«Шығыс медицинасының тарихы Тибет, Монголия, Индия, Қытай, Жапонияда осыдан мыңдаған жыл бұрын дамыды. Емдеу әдіс-тәсілдері болды. Бұл осы заманғы медицинаның дамуына өте қажет», – деп тұжырымдайды.  Қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы Орта Азиялық және қазақ жерінің ғұламаларының емдеу тәсілі мен медицина саласы бойынша жазылған еңбектерін одан ары қарай жалғастырушы, дамытушы, халықтың игілігіне пайдалануда өзінің жеке талғамдық-танымдық қабілетін жүзеге асырушы болды. Ғұлама шипагердің «Шипагерлік баян» атты еңбегінің кіріспе және «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдалғы»  атты үш бөліміндегі дәлелдемелері осы заманғы медицинамен үндесіп, бірлесіп, араласып жатқан сипатта екенін мамандар бірауыздан растауда. Одан емделу дәстүріндегі медицина ғылымы тұрғысында да сабақтастық анықталды. Өзіндік терең философиялық танымы мол ғұлама шипагер  Өтейбойдақ баба  адам бойындағы қанды: «арам қан», «адал қан», «құтырған қан», «қанды ірің» – деп төрт топқа бөлген болжамдық ойының, грек ғұламасы Гиппократтың адамның организміндегі төрт шырын анықтамасы болжамымен сәйкес, үндес келетінін сипаттады.

Сондықтан да, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегі қазақ ғылымында энциклопедиялық медициналық жаңа жүйелік бағыттың ашылуына өте пайдалы ықпал ете алады. Бұл еңбектің ғылымдағы құндылығын бізден бұрын зерттеп, әділ ғылыми бағасын берген көрші Шығыс еліндегі қандастарымыздың еңбектері және «Шипагерлік баянның» Қытай мемлекетінің жоғары мемлекеттік сыйлығына ие болуы, қазақтың халықтық шипагерлік мәдени дәстүрінің осыдан бес жарым ғасыр бұрын, іліми негізі толық қалануын білдіреді. Ұлттық шипагерліктің мәртебесінің ғылымда жоғарылауы, ғұлама шипагердің терең ойлылығын, ұлттық шипагерліктің мәдениетін өркендеткен қарапайым халық емін, осы заманғы ғылыми медицинаның негізіне дейін жеткізгендігін бүгінде медицина саласының ғалымдары қуаттап, өз пікірлерін білдіруде.  2012 жылдың 10-шілдесінде өзгерістер мен толықтырулар негізінде қабылданған Қазақстан Республикасының Заңымен (8-тармақтың 8-тармақшасы) ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдары мен қосалқы ұйымдардан емшілерге емші сертификатын беру өкілеттілігі алынып тасталды. Кеш те болса емшілер жоғарыдағы шонжарлардың торларынан құтылды, құлдықтың бодандығынан шықты. Қауымдастық ұжымының аталған министрліктегі шенеуніктермен айтысқан 21 (жиырма бір) жылдық шындық жолындағы айтыс пен күресіміздің таза жеңісі еді. Халық емшілігін дамыту мен үгіттеу жолында өзі құрылғалы бері (22.12.1991) республиканың Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Астана қалаларында ірі бас қосуларда теориялық-тәжірибелік сипаттағы өткізген конгрестер мен форумдар және конференциялар өзінің оң нәтижесін беруде. Осы мақсатта 2015 жылдың 25-26 шілдесінде Қостанай қаласында өткізілетін “Қазақстанның солтүстік аймағындағы халық емшілігінің өркендеуі” атты республикалық конференцияның үлкен ғылыми-тәжірибелік, мәдени, рухани, саяси маңызы зор. Әр нәрсе ғылыми негізге сүйенеді. Мәңгілік өмір жоқ. Сондықтан емшілер өткен өміріндегі қаталдықтардан сабақ алып, мемлекеттік “Мәдени мұраның” бір саласы халық емшілігі өнерін өркендету жолында өз үлестерін қосатынына сеніміміз мол.

«Шипагерлік баян» газеті, № 7, 2015 ж.

Халық емшілігінің бәйтерегі

 

Халық емшілігінің өзіндік және жеке тарихы бар. Ол әр халықтың өзіндік емдік шипалық ерекшелігімен дараланады. Қазақ халқының халықтық шипагерлігі ерте заманнан бастау алып, даму үстінде. Археологиялық қазба жұмыстары жазбалары дәлелдегендей (академик Ә.Марғұлан) қазақ ұлтының кейбір шипагерлері ертеден-ақ инемен емдеу және ота жасаумен айналысқаны анық сипатталған.  

Халқымыздың қаныменен мәңгі жалғасып келе жатқан тектік қасиеттің бір түрі халық емшілігі де еліміздің тәуелсіздігінен кейін көктемде гүлдеген жас талдың шыбығындай гүлдеп, тамырын жайып бүгінде өзінің мәртебесін көтеруде. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған сауаттылығы әр түрлі және сезімталдықтары ерекше халық емшілері де бір салаға түсе бастады. Өткен жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарының ақырында қайта оянған халық емшілігі өзінің емдік, рухани сауықтыру және тәрбиелік жағынан өркендеп дамып келеді. Халық емшілеріне қарсы әрекеттер аз болмады. XIII ғасырда Өзбек хан тылсым дүние сырларын меңгерген бақсы, емші, болжампаз, көріпкел, құмалақшы, т.б. жандарды ауыр жазаға тартты. Кейбіреуін тірідей жерледі. Ал, Кеңес заманында тылсым дүние сырларының өкілдерімен бірге дін саласының өкілдерін де қатал есепке алып, жазалады және кейбіреулерін арнайы жүйке ауруханаларына жіберіп, оның жеті ұрпағына дейін қатал бақылауға алғаны бәрімізге мәлім. Кеңес одағы заманында солақай саясаттың қаталдығына қарамастан, ҚазССР Денсаулық министрі м.ғ.д., профессор Сағидолла Қарынбаев 1962 жылы Алматы қаласында Бүкілжүниежүзілік дәстүрлі емес халық медицинасының форумын өткізген. Содан кейін бүкіл әлем еліндегі дәстүрлі емес халық медицинасы осы форумда қабылданған шешім негізінде дамып келеді. Ал, профессор С. Қарынбаевты бүкіләлем елінің “Дәстүрлі халық медицинасының атасы” деп атайды. Біздің елде бұл мәлімет жойылған. Бұл қалай? Кеңес одағы заманында ұлттық емшілік жүйесінің жанашыры болған, м.ғ.д., профессор-жазушы Естөре Оразақов халықтық емдік жүйенің тәсілдерімен Отан соғысы кезінде жаралы солдаттарды емдеп, жазғаны туралы өзінің “Қазақ халық медицинасы” атты еңбегінде жазып, осы саланы кері саясаттың әсерінен ғылымға қоса алмағандығына өкініп кеткен (Алматы: Ғылым, 1989.-77 бб.).

90-жылдың басында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан Алматы қаласында “Республикалық халық медицинасы орталығы” ашылғанда халық та емшілерде қуанды. Бұл орталық халықтың да қамын және емшінің де құқын қорғай алмады. Орталықтың әр кездегі басышыларына емшілер құлдық пен күңдік қызмет етті. Емші табысын солар пайдаланды. Министрлік тарапынан ғылыми жұмысын дамыту жөнінде жасалған қаражаттық көмектер көкке ұшты. Бүгінде осы орталықтан тексеруден өткен жалған “кәсіби халық емшілерінің” бірде-бірі тарихқа енбеді. Далада қалды. Сонымен 2008 жылдары аяқ астынан оның басшысы (Ш. Шинтаев) орталықты жапқан. Ол Алматы қаласы, Бостандық аудандық салық комитетінің төлеуге міндеттеген (1997-1998 ж.) төлемеген 41 млн. (қырық бір миллион) теңге салығын қалай жапқаны белгісіз? Құжаттары бізде сақтаулы. Ш. Шинтаевке кімдер көмектесті екен? Судың да сұрауы бар дегендей, мұның да тексерілетін уақыты келеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты шенеуніктері мен Ш. Шинтаевтың осы қауымдастықты тарату жөніндегі және оның басшысын бұл дүниеде жоқ деген арам ойлары артта қалды. Оның есесіне Ш. Шинтаевтың өзінің орынбасары, Өзбекстан азаматы Әнуар Ниезов арқылы алдырған және өзі құжаттарын берген бандиттері оның тапсырмасын орындамағандығы үшін қауымдастықтың вице-президенттері Бодров Александрды өлтіргені (17.02.2011) бәрімізге әйгілі. Ал, Е. Мырзагелдиевті де жансерік еткен Ш. Шинтаев оны да орындаушылар арқылы ұзақ мерзімге қан қысымы көтерілу дәрежесіне жеткіздіріліп, ол да өмірден қоштасқанына екі жылға жуықтады.

Осы жылдың 5-қарашасында Астана қаласына мені “Хабар” телеарнасы шақырды. Бағдарламасы “Жекпе-жек” қысқасы, ғылыми медицина мен халық емшілігінің байланысы және қажеттілігі жөнінде болды. Менің таңқалғаным, менімен айтысуға Денсаулық сақтау министрлігінен келген адам баласыздарға ұрпақ сыйлайтын биолог-ғалым болды. Сонда сонау алғаш құрылғанда қауымдастықтың екі рет қызметін тоқтаттырған, жиырма жылдан аса қауымдастыққа қарсы болған бұрынғы министрліктің емдеу басқармасының бастығы Мусин Ерік Мағзұмұлының және бүгінде “өзінше атағын” дүркіретіп тұрған Ш. Шинтаевтың немесе Денсаулық министрлігінің халық емшілік саласын бақылайтын бір басшысының болмауы бұл да емшілерге деген және мемлекетіміздің “Мәдени мұра” саласының бір бөлімі емшілікке деген көзқарастарының баяғыдай екендігін дәлелдесе керек. Қазақ халқының халық емшілігінің өркендеуіне XV ғасырдың ғұлама шипагері, ал бүгінде “Екінші ибн Сина” атанған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының медициналық-энциклопедиялық еңбегі “Шипагерлік баяны” емшілік жүйесінің ғылыми салаға қарай жақындауына, зерттелуіне жол ашты. Қазақ халық емшілігі қауымдастықтың ғалымдарының зерттеуі бойынша өз еліміз бен әлемде өз орнын тапты.

Қауымдастықтың құрамындағы басшы ғалымдар мен емшілер арасында ғылыми салада еңбектенгендер саны көбеюде. Қауымдастықтың жеке “Шалкөде” баспасынан шыққан кітаптар мен тұрақты шығатын “Шипагерлік баян” газеті өз оқырмандарының ықыласына бөленуде. 

Жылдар жылжып өткен сайын, заман да өзгеруде. Бүгінде аты мен қызметі елімізден тысқары таныла бастаған РҚБ “Қазақстан халық емшілері қауымдастығының” құрылғанына осы жылдың 22 желтоқсанында 24 жыл толады.

Қауымдастықтың мүшелері мен емшілері халықтың денсаулығын жақсартумен рухани сауықтыру тәрбиелік қызметінде жақсы нәтижелерге жетуде. Жыл сайын әр түрлі халықаралық және республикалық көлемде өткізілетін форумдар мен конференциялар емшілердің білімділігін арттырып, туысқандығын жақындатып және іс-тәжірибелерін байыта түсуде. Келер 2016 жылы қыркүйектің 30-жұлдызында Алматы қаласында қауымдастықтың құрылғанына ширек ғасыр 25 жылдық мерекесі халықаралық деңгейде аталып өтпек. Қауымдастықтың торқалы мерекесін өзінің мүшелері мен жанашырлары жақсы қарсы алады деген ниеттемін.

Қауымдастықтың Төралқасы өзінің мүшелері мен жанашырларын ұйымның құрылғанына 24 жыл толу мерекесімен құттықтайды! Төралқа мүшелері мен жанашырларының дендеріне саулық, отбастарына амандық және қызметтеріне табыс тілейді!

«Шипагерлік баян» газеті, № 12, 2015 ж.

 

 

 

 

 

 

 

 

 VIII тарау

 

ҒЫЛЫМИ ТАНЫМДЫҚ ЖӘНЕ ТӘРБИЕЛІК МАҚАЛАЛАРЫ

 

 

 

 

ҚҰРАН АЯТТАРЫНЫҢ ЕМДІК ШИПАСЫ

 

«Құранда Біз адамдарға көп нәрсені баян еттік, адамдар ол жайлы көп айтыс-тартыс жасайды».

(Каһф сүресі, 54-аят).

Бүгінде адамның рухани танымы мен сезімін оятуда, Жаратушыға деген иман келтіруін  тұрақтандыру мен дене сырқатына шипалық ем жасауда рухани-дұғалық шипаның маңызы арта бастады. Атеистік сенімнің жойылуы әр түрлі діндегі адамдардың Құдайға сенімін арттырып, олардың сырқаттарын жоюға арналған діни дұғалық емге деген талаптары да артуына байланысты, рухани дұғалық шипа саласы қызметі дамуда. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде сырқатқа шипа сенім арқылы Алладан  болатынын айтқан. Бұл рухани шипагерліктің таза  сенім,  өзін-өзі иландыру арқылы жүзеге асатын шипалық ем екенін айқындайды.   

Адамның сенімі мен танымының жақсы нәтижелері оның санасына ғана әсер етіп қалмастан, ішкі рухани сезімінде де зор өзгерісті тудыра алады. Рухани шипагерлік негізі тану мен сену және сезу мен қабылдау жүйесі бойынша орындалатын, өзіңді-өзіңе иландыру арқылы ойша іске асырылатын, сананы дамыта отырып, денсаулықты жақсартудың шипалық жолы. Рухани шипагерлік жүйесіне Құран дұғаларымен емдеу, медитациялық әдіс-тәсілді пайдалану, өзін-өзі иландыру және жоғарғы Жаратушыдан көмек сұрау байланысы арқылы т.б. әдіс-тәсілдерді жатқызуға болады. Мәскеуде шыққан Халық медицинасының толық энциклопедиясында: «Дұғаның маңызы зор. Ол адамның рухын өмірдің ең биік қайнар көзімен байланыс жасауға әсер етеді. Дұғаның ең қажеттілігі сол, ол жоғарғы Жаратушымен оның арасын жақындатады. Дұға жолы өте жауапты да...», – деген анықтама беріледі. Бұл анықтамада сенім мен сендірудің немесе шипагер мен емделушінің ара қатынасындағы сенімділік ғана рухани емнің нәтижелілігін айқындап береді. 

Рухани шипагерлер өз өмірінде ойының шешімімен емдік жүйесін діни сенімді басшылыққа ала отырып, бір Жаратушыдан шипа сұрап, әрі сырқат адамды иландырумен, сырқаттың ішкі организміне қозғалыстық өзгеріс тудырады. Д.Шэйноу: «Әр адам өзіне көп сену керек. Бұл сенім оның сана, тән және рухының тазалығының жоғарылығына байланысты. Бұл ішкі дыбыс, сезім және ойға тәуелді. Сенім – ол жетістік», – деген пікірін ұсынады және көптеген әдебиеттерде осы идеяға жақын пікірлер айтылады. Бұл да дұрыс идея сияқты. Қасиетті Құран дұғаларын оқып сырқат адамның денесіне дем салғанда немесе белгілі заттарды дұға күшімен магниттеп пайдаланғанда, дұғаның оң қуаттық әсерлік күшінің барлығы сезіледі де, дененің сырқат мүшесінің оңалуына көмектеседі. Бұған халықтық және ғылыми шипагерлік саласында нақты дәлелдер бар. Құран дұғаларын оқығанда оның үндік ырғағына, естілуінің жіңішке, жоғары немесе бір қалыптылығына қарай пайда болатын оң қуаттық өрістің аумақтық әсерлік күші де әр түрлі болады. Құран дұғаларын дауыстап оқығанда дыбыс үнінің жоғары тондылығы мен жүйкеге жақсы жұғымды әсерінен, жүйке де тебіреністі ырғақты жүйкелік ауытқуларда қозғалыстық өзгерістер болып, денеде сергектік сезіліп, сырқаттың көңіл-күйі көтеріліп, ұйқысы жақсарып, асқа деген тәбеті артатыны анықталған. Шипагерлердің биоқуаттық өрісінің өлшемдері де әр түрлі болады.

Шипагерлердің діни сауаттылықтары мен шипалық емдік стилдерінің білімділігіне қарай, жеке шипагерлер емдерінің емдік әсері қысқа, орташа немесе ұзақтау болып, әр түрлі деңгейде  сырқатқа әсер етеді. Діни жолмен дұғалық шипалықты тәжірибеден өткізген нәтижелерге сүйенсек, биоқуаттық өрісі өте күшті шипагерлердің алғашқы сеансында сырқаттың кері қайтуына әсері белгілі болды.

Ал, көптеген шипагерлер емінің нәрсіз немесе ұзаққа созылуы олардың биоқуаттары өрісінің аумақтық әсерлері өте төмен және діни сауаттылығы мен емдеу мәдениеттілігінің нашар болғандығынан. Дұғаның емдік қасиетін алғаш пайғамбарымыз Мұхаммед /с.ғ.с/ періштелердің берген аяны арқылы дұғаларды оқып дем салумен сырқаттанған адамға және өзіне де көмек жасағаны діни еңбектерде  айтылады. 

Дегенмен, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бастаған ұлы істі оның сахабалары мен діни оқымыстылар  Құрандағы дұғаларының жеке-жеке қасиеттерін ұзақ жылдар бойы зерттеп, оның неше алуан құпияларын ашып бере алды. Құранның «Килшені саадат» дұғасының қасиеттері жөнінде дұғаны жазушы әрі зерттеуші Әбу һурайра (р.а) былай дейді: Әзіреті Жәбірейіл Алланың әмірімен Әзіреті Расулге келіп: Алла сізге сәлем айтты, періштелер көп-көп салауат айтты. Сосын Алла сізге былай деді: «Расул мен үмбеттері үшін сыйлық жібердім, бұл өзге пайғамбарлар алмаған сыйлық. Я, Мұхаммед, бұл дұға тілектің атын «Килшені саадат» – деп атайды. Бұл дұғада елу түрлі қасиет бар. Ал оған сенбеген адам кәпір болады», – деді. Осы Килшенін саадат дұғасы елу бөлек болғанымен бәрі де «Аллаһуммадан» басталып, «иа рабби» мен аяқталады. Бұл Алланың құдіретімен осы дұғаға енген құпиялы қасиет екенін  білдіреді. Мәселен, Бұл дұғаның бірінші қасиеті: Біреудің басына қиын іс түссе, жұма күні түс ауа тұрып  ғұсыл жасап, жуынсын. Дәрет алсын. Екі ракат намаз оқып, жүз бес рет төмендегі килшенін саадаттың бірінші бөлігін оқысын. Алланың әмірімен іс оңалады. Егер іс «оңғарылмаса», – дейді Әзіреті Хасан Басырй (р.а) ол кісі қиямет күні менен дауласын», – депті. Дұға: «Аллаһумма антар раббу уа анал абду фаман надыуул абда иллар рәббу иа рабби».

Екінші қасиеті жөнінде: ислам ілімін білу жөніндегі оқылатын дұғалықты Әзіреті Баязит Бастами р. әлейһі.

Үшінші қасиеті туралы: дұшпанның қауіп-қатерінен сақтану дұғасын Әзіреті Қожа Ахмет сұлтан Арыфин, ал басқа да қасиеттері жөнінде Әзіреті Ысқақ Әбу Қадыри, Әзіреті Шайық Занжани р. әләиһ, Әзіреті Әбу Ханифа Имам Ағзам, Машайықтар Сұлтан Ғалижу, Бибі Раби ан Басри, Сұлтаны Шайх Бахауддин Құддиса тағы басқа ғұламалар да егер біздің айтқандарымыз бойынша тілек тілеген адамның тілегі орындалмаса: «Ол кісі қиямет күні маған даугер болсын», – деп ант етеді. Қасиетті Құранның дұғаларының көмегі арқылы шипагер рухани шипагерлікті жүзеге асыруда, шипа алушының бір құдіретті күш барына сенімі оның сенімсіздік ойын ығыстырып денсаулығының жақсаруына және жаңа қуатқа ие болуына  әсер етеді. Ауру адамның алдымен өзінің жеке шешімін нақтылап алуы оның дертінен арылудың уақытын қысқартып, тез арада жазылуына ықпалы зор болады. Бұнда сырқат адам өз ойы арқылы жазыламын деп ойлайды,  қабылдайды, ішкі және сыртқы сенімін арттырады. Өзін-өзі иландыру жүйесіне көшеді. 

Осыған байланысты рухани шипагерліктің де жеке құпиясы да шипалық емге деген емделушінің таза ойы, сенімі, қабілеті мен жүйкесінің мықтылығына байланысты екенін шипагерлердің шипалық емдік тәжірибелері көрсетуде. Нақты сеніммен келген ауру адам тез оңалатыны, ал күмәнмен немесе байлығы мен мәнсабын міндетсіп келгендердің емі баяу немесе емі жүрмейтіні байқалған. Әр адамның ойында сенім мен күмән ұдайы қатарласа өмір сүреді. Күмән қаншалықты күшті болса, ми жасушалары солғұрлым тезірек өзгеріске ұшырап, оның қызметі нашарлай бастағандықтан, адамның жалпы өміріне әсер етеді. Ал сенім әр қашанда күмән мен адасудан арылтады. Адам өзін-өзі еркін тәуелсіз басқару мен бақылау қабілетіне ие болады. Діни ғұлама Кхвадже Шамсуддин Азими рухани шипагерлік туралы: «Сенімділік – сенімсіздік сияқты адам тәрбиесінің негізгі бір бөлігі болып қызмет ететіні жайлы ұмытпағанымыз жөн. Дін тілінде ол – күман мен сенім деп аталады. Алла сенімсіздікті жақтырмайды, керісінше мықты және орнықты сенімге ие болуға шақырады. Қасиетті Құранда «Шыныменен осы кітап Жаратушының бар екендігіне» сенетіндерге нұсқаушы да» – деп тұжырымдайды. Құран дұғасын біліп және оқи алатын барлық шипагерлердің шипалық емі бірдей болмайды. Кейбіреулерінің емі қонбай емдеу уақытын ұзарта береді. Ауруды зарықтырады.

Мәселе, дұғаны оқығанда емес, оның емдік кілтінің пайдалану негізін білуде. Құран дұғаларының емдік шипалық қасиетін арнайы сандық құпиясы бойынша пайдаланатын рухани шипагерлік жүйесі де іске аса бастады. Барлық әліпбидің әріптері белгілі бір қуатты бойына жинақтаған. Бұл өте күрделі әрі жауапты емдік рухани шипалыққа жатады. Сандардың жұмбақ мағынасы да бір Аллаға ғана белгілі.

Бұл жүйені «АБЖАД» немесе барлық ілім кілті жүйесі дейді. Қазақ елінде алғаш «Абжад» ілімін зерттеп арнайы «Абай және әл-Фараби» кітабын жазған шығыстанушы ғалым, профессор Ақжан Машанов болатын. А.Машанов өз уағында «Абжад» ілімін меңгерген діни маман жоқтығын да айтқан-ды. 

Ғалымның шәкірті тараздык Әл-Бестереки Есенбайұлы Әмірбек қажы ұстазының ілімін ары қарай жалғастырып, адамның сырқатын емдеу саласында пайдалануға ұсынып, «АБЖАД – барлық ілім кілті» – деген жүз беттік кітабын 2002-жылы баспадан шығарды. Діни ілімді зерттеуші Ә.Есенбайұлы әрбір Құран сүресінің емдік, қорғаныстық қасиетіне, бір сөзіне, жеке әрпіне сауатты ілімділік болмай, оның құпиясын шешу мен пайдаланудың да қиын екенін ескертеді. Құран аяттарының сандық «Абжадтық» белгісі оны құрайтын жеке әріптердің сандық бірліктерінің қосындысынан тұрады. Мәселен, А-1, б-2, д-4, х-8, н-30, ш-300  тағы осы сияқты жеке әріптердің сандық мәні болады. Дінтанушы Ә.Есенбайұлы бұл ілім жөнінде жеке анықтамасын: «Абжад» бүкіл Құран, Мұхтасар сияқты кітаптардың, Шариғат, Тариғат, Мағрифат ілімдерінің ақиқаты болатын ілімдерді құлыптап аша алатын, бекіте алатынын білген адам үшін үлкен бір кілт. Оны кілттеген адам аша алатын дәрежеге жетуі керек», – деп түсіндіреді.

 «Абжад» ілімі жаңадан ене бастаған рухани ем жүйесі. Оның көмегімен сырқат түрін анықтауға, емдеуге және адамға қорғаныс қоюға болатынын рухани шипагерлерден емделген жандар анықтамаларын беруде. «Абжад» тәсілімен адамның ауруын анықтау үшін, егер ер адам болса-шешесінің, ал әйел болса-әкесінің атын өз атына қосып әріпке бекітілген сандармен есептеліп шығарылады да, оның қосындысын жетіге бөледі. Осы бөліндіден қалған қалдық саны оның туған күні болады. «Абжад» шешімі бойынша оның ауруы мен сәттілігі де сол күні пайда болған деген шешім қабылданады. Одан кейін дұғалық «Абжад» жүйесі емі жасалып, сырқат бақылауға алынады.

Осы «Абжад» тәсілімен сиқырланған, дуаланған сияқты дейтін, сыры әлі ғылымда ашылмаған құпия аурулардың да шешімін табуға болатындығы туралы діни кітаптарда айтылады. Әрине «Абжад» ілімі өте күрделі, қиын және таза ілімділікті қажет еткенімен, бәрібір келешекте рухани сауықтыру саласының ең басты тәсілдеріне айналарына күман келтіруге болмайды.  

Шипагердің ары, тәні мен жан тазалығы оның шипалық емінің нақты көрсеткішін арттырады. Барлық діндердің өзіндік емдік шипалық дұғалары бар болғандықтан, рухани /діни /  шипагерліктің жалпы дін саласына ортақ қатынасы бірдей екеніне күмән келтіруге болмайды. Барлық діндерге сенім білдіретін адамдардың бір Құдайға деген сенімдері де ортақ болғандықтан, олардың ішіндегі ауру адамдардың сырқаттарын емдеуде немесе емделуінде олардың шипалық дұғаларын діни сеніміне қарай қасиетті кітаптарда бөліп көрсетілмеген. Әрбір сырқатты адам  сенімді түрде өз еркімен әр түрлі діндегі шипагерден дұғалық рухани шипа алуына шектеу қойылмаған. Қысқасы шипаның қонуы – емделушінің жеке сенімі мен берік шешіміне тікелей байланысты болмақ.

Пайғамбарымыз Мұхаммед /с.ғ.с/: «Дұға – ғибадаттың ең маңызды бөлігі» – деген. Өйткені дұға қысылғанда – қуат, қиналғанда – демеу, сырқаттанғанда – тілеу мен шипа болатын, өміріңді нұрландыратын құдіретті күш иесі сияқты қасиеттерге ие екенін діни сенімі мол адамдар сезіп мойындаса, ал ертедегі ғұлама діншілдер де Құранның әрбір дұғасының бірнеше ондаған қасиеттерін ашқан әсіресе, оның емдік ерекшеліктеріне арнайы тоқталған.

Дінтанушы Түркістандық ғалым Құрбанқожа Сансызбай өз танымын былай тұжырымдайды: «Дұға сөзі арабша болып «тілек» деген мағынаны білдіреді, яғни, бір кісі дұға оқу арқылы Алла Тағаладан өзі немесе басқалар үшін тілек тілейді» – деп түйіндейді. Сырқатқа дауа дұғаларды алғаш халыққа таныстырған ғалым Н.Өсерұлы «Дұғалар», дінтанушы-ғалым Құрбанқожа Сансызбай, дінтанушы Мұзапар Құттықожаұлы Қарашайық /«Шығыстың құпия ғылымы», «Нұрнама», «Дертке дауа дұғалар», «Исми Ағзами», Н.Айтжанов /«Дұғалар қасиеті»/ және Алматылық зерттеуші  ғалым З.Қожалымовтың «Рухани емшілік ғаламаты» /А: Шалкөде, 2006. - 189 б./ тағы басқа да авторлар еңбегінде шипалық дұғалардың ерекше емдік қасиеттерін таныстыра отырып, рухани шипагерліктің өркендеуіне үлестерін қосуда. Ең алғаш Құран дұғаларының ерекше  шипалық қасиеттерін  пайғамбарымыз Мұхаммед /с.ғ.с/ өзі науқастанғанда немесе жын-пері мен дұшпандарынан сақтануда Құран аяттарының дұғаларын оқитыны жөнінде Әзіреті Айша анамыз (р.а.): «Пайғамбар әзіретіміз әр күні жатар алдында «Ықылас», «Фалақ», «Нас»  сүрелерін оқып, екі қолына дем салып, кейін сол мұбарак қолдарымен үш рет мәсих тартып, басына бет-жүзіне тартар еді» десе, ал Имам әл-Бухариден: «Пайғамбарымыз бұйырыпты, жатар алдында «Аятіл Күрсіні» оқы. Сонда сені ұйқыдан тұрғаныңша Алла Тағала баяндайды «барша бәле жаладан, шайтаннан өзінің панасында сақтайды» – деп.

Адамның ең басты бақыты мен байлығы – ол денінің саулығы екендігін ата-бабаларымыз ертеден-ақ білді, сақтанды, қорғанды, емделу жолдарын іздестіріп тапты, байытты оны ұрпақтан-ұрпаққа мұрал етіп қалдырды. Сондықтан да халықтық шипагерлік өнері мәңгі халықпен бірге жасасып, өзінің істері мен шипалық емдік тәсілдері арқылы осы заманғы ғылыми медицинаның бір бөлімінің қалануына толық материалдық негізі болды.            

Осындай ірі идеялы қағидалардың шипалық емінің зоры діни-рухани шипагерлік екені ертеде дәлелденсе, ал бүгін де бұл нағыз ұтымды әрі қарапайым психорухани мәдени емдік жүйеге айналды. Мұхаммед /с.ғ.с/ пайғамбарымыз өзінің «Өсиет Хадистерінде» денсаулық жөнінде былай өсиетнама ұсынады: ««Деніңіздің саулығы үшін әрдайым Аллаға жалбарыныңыз». «Сабырлық пен денсаулық – екі үлкен тарту, бірақ көп адам олардың қадірін білмейді».  «Науқасты емдеу –  Алла тағаланың әмірі. Емнің шипалы болуы –  Алланың шапағатынан» және «О, Алланың пенделері! Емделіңдер, өйткені Алла Тағала кәріліктен басқа кеселдің бәріне де шипа ем жаратқан»» – деген өсиетнамасын білу өте қажет боларын ескертеді.

Алладан адамның жеке басына, отбасына, ұжымына, еліне  және тағы басқа мақсаттарға арналған тілек дұға нәтижелі болатынын емшілер ғана емес, ғалымдар да тәжірибе арқылы анықтауды жалғастыруда. Қаншалықты асып тасыған пенде болса да, бір нәрсеге /денсаулыққа, нәрестеге т.б./ зәру болуы мүмкін немесе дұшпанының табасынан құтылу жолын іздейді.

Оған емдік шипалық дұғаларын жоғарыда аттары аталынған авторлардың еңбектерінен табуға болады. Шипалық емдік дұғаның күшінің артуы мен әсері оны оқып ұсынатын адамның діни танымының сауаттылық дәрежесіне, оқу мақамына, қайталау мәніне және ары мен жаны тазалығына тікелей байланысты болады. Рухани емнен кейін сырқат адамдардың биоөрістік қуатында оң өзгеріс және жеке өмірде де әсері күшті болатыны туралы АҚШ, Еуропа т.б. елдерде ғалымдар баспа беттерінде хабарлап келеді.

Дінтанушы Оңғар Өмірбек дұғаның емдік қасиеті жөнінде былай дейді: «Жекелеген дұға мен оның қадір-қасиеті хақында бәрі де Құраннан алынған аяттар. Алланың сөзі жазылған қасиетті емдік дұғалардағы тылсым күш-қуаттар біз үшін сыры жұмбақ болып қала бермек. Бар сыры бір Аллаға ғана аян. Ал пенделер үшін жұмбақты ашар кілт қайда, оны қалай иемдену керек? Бұл енді сан қырлы күрделі дүние. Ол ешкімнің де қолынан терең білімсіз оңайлықпен түспек емес. Жұмбақ әлем сонысымен де қызық әрі ғажап» – деп тұжырымдайды.

 Адам өзінің ойлау қабілетін бақылай алатындықтан жеке сенімі арқылы емдікнің шипалық нәтижесін сезіп, бір шешімге келу қабілетіне ие бола алады. Рухани шипагерлікте дұғалны қолдану тәсілі ем алушы сырқат адамның биоқуатын өзгертіп, оның мөлшерін арттырып, жағдайының жақсара бастауына күшті қуат беруші рөлін атқарады. Бұл құпияның терең сыры ғылымда әлі толық шешімін тапқан  емес. 

Себебі, шыбын жанды беретін де әрі алатын да – Алла. Алланың сөзімен жазылған Құран аяттарының дұғаларының емдік шипасы да бір Аллаға ғана тән тылсым құпиясы болмақ. Өйткені дұға ғана пендені Жаратушымен байланыстыра алады. Жаратушы тілек тілеушінің ниетін қабыл етіп, ізгі арманына жеткізе алады. Бұны сол Жаратушыға жалбарынушының белгілі уақыттан кейін жағдайының оңала бастағанынан аңғаруға болады. Бұл жөнінде Имам Әл-Ғазали: «Біреу, «Аллаһ тағаланың белгілеген тағдыры өзгермейтін болса, дұға етудің не пайдасы бар?», - делінсе, адамның басына туатын бәлені дұғамен қайтару тағдырда белгіленгенін білген жөн. Қалқан қаруды қайтарғанға, су өсімдіктің шығуына себеп болғанындай, дұға да бәлені қайтарғанға және рахметтің нәсіп болуына себеп бола алады. Аллаһ тағала «Ниса» сүресінің 102-аятында: «Олар сақтық шараларын қамтамасыз етіп, қарулансын», – деген. Осыған сай Ол бір  істің болуы мен оның себептерін  белгілейді», – деген. Әр бір науқас немесе жай адам да Алла тағаланың шексіз құдіретінің кереметін мойындап жақындаған сайын, оған зор сенімде болған сайын, адалдық пен арамдықтың арасын ажыратып, жүрегінің үнін сезгенде ғана, бақыттың шыңына жете алады. Бұл діни рухани шипагерліктің жетістіктерінің нәтижесінің көрсеткіші болмақ. Шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы да рухани шипагерлік жөнінде таза ойларын ұсына білген.

Ол арманы да орындалары анық. Ғалым шипагердің тағдырдың талкегіне түсіп, қартайғанында: «Іске аспады арманым, қараң қалды. Шың басына шыққанда арандалды...» – деген арманын орындап, баба рухын екінші рет тірілтіп ұлтының ұрпақтарымен қауышуын ғалымдар қамтамасыз  ете білді. Жоғарыдағы ғалымдар еңбектенбеген де, Жетісулық Өтейбойдақ бабаның «Шипагерлік баян» атты кітабы жұмбақ болып қалар еді. Ғұламаның этникалық ұлттық мағынадағы ғылымнамасы «Шипагерлік баян» терең философиялық-этникалық ой-толғамынан туындаған, нағыз халықтық дәстүрлі шипагерлік мәдениетінің оқулық құралы ғана емес, рухани, тарихи-тәрбиелік бағдарламаға бай туынды деуге толық негіз бар. 

Адамның тәнінің рухани тазалығы оның денсаулығының айнасының көрсеткіші екені туралы, ғалым М.Жармұхамедұлы Қожа Ахмет Иассауи жөніндегі зерттеуінде арнайы тоқталады. Адамгершіліктің биік көрсеткіші мен мұсылманның таза парызы жөнінде, шипагер баба өзінің  жетіге тиіспеу, қырық бірге жұғыспау, он екіден айырылмау, жеті әулие, қырық бір ырыс, халал мен харамды ажыратуда 91-ді жеуден тиым және 85-ді  ішуден тиым және жеті атаға толмай үйленбеу сияқты тәрбиелік, ұлтжандылық, адамгершілік, ақ жүру, адал сөйлеу, абайлау, отан сүйгіштікке баулитын ескертпелері ұрпақтың денінің сау болуы туралы айтылғанымен, олардың да рухани шипалы тазалыққа тигізер пайдасының молдығын аңғартады.

Осындай терең философиялық ой толғауларының бүгінгі және болашақ ұрпаққа таза рухани азық боларын дұрыс қабылдаған жөн деп, тұжырым жасауға болады. Рухани шипагерліктің саласы мен түрі әр түрлілігіне қарамастан, оның адам денсаулығын қорғауға, сырқатын емдеп жазуға пайдасы зор. Соның ішінде сөз терапиясы өте маңызды. Рухани шипагерлік енді ғана қанатын жая бастады, өрісі кеңеюде, алда берері де мол болары анық.

«Алматы ақшамы» газеті, 21.01.1998 ж.

 

 

 1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32

в начало