өмірімнің шежіресі

27

 главная                                        вернуться 

 1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32

 

ШАПАҒАТЫН ШАШҚАН ИСЛАМ ДІНІ

 

Ислам діні Алланың жан-жақты жетілдірілген ең соңғы діні екені қасиетті Құранда ашық та айқын айтылған. Алла тағала он сегіз мың ғаламды жаратып, жер бетінің бүкіл қазынасына иелік ету үшін адамды жаратты. Құдіретті Алла өзінің тура жолын түсіндіріп, дағуат жасау үшін адамдар арасына мыңдаған пайғамбарлары мен бірнеше қасиетті кітаптарын түсірді. Бірақ шайтанның азғыруына ерген адамзат жер бетінде бір қалыпты өмір салтын құра алмады.

Адамдар алғаш түскен қасиетті кітаптарға сенбеді. Оларды өздеріне лайықтап өзгертіп ала берді. Құдайдың заңдылық жолы бұзылды. Ақырында Алла тағала жер бетіне азған жұртты тура жолға салу үшін Мұхаммедті (с.ғ.с.) Пайғамбар етіп жіберді. Жәбірейіл (ғ.с.) періште арқылы 23 жыл бойы Мұхаммедке (с.ғ.с.) қасиетті Құранның аяттарын түсірді.

Алла тағала Пайғамбарды бұл қасиетті кітапты өзінің құдіретімен қорғайтынына сендірді. «Құранды шынында Біз түсірдік және оны қорғайтынымыз да рас» (һижра:9). Құран Кәрім жер бетіне түскелі он төрт ғасырдан асса да бір нүктесі өзгермеді, оны жоям деушілер де жоя алмады. Бұл – Алланың шынында да қорғаушы екенін дәлелдеп тұр.

Қасиетті Құранда өмірдегі және өмірден тыс барлық нәрселердің, сананың рухани дамуының және әлемдегі тіршілік иелері мен тіршілік иесі еместердің тарихының негізі – ғылымның кайнар көзі екенін дәлелдейтін аяттарының құпия құдіретін танып-білу жолы жазылған.

Құранның осы құпиясына және оның аяттарының 23 жыл бойы бөлек-бөлек түсуіне (ретімен емес) таң қалған әлем ғалымдары көбейіп келеді.

Алла тағаланың діні – ислам адамды жаксылыққа, адамгершілікке, мейірбандыққа және қайырымдылыққа үгіттейді. Сондықтан адамды ерекше бағалаған Алла тағала оған дұрыс жолға жүруі үшін сезім, ойлау, ақыл, түйсік, парасаттылық, білім және ерекше дарын берді. Адамдар бұл дүниедегі өмірін ақыл таразысына салып тура жол таба білсе, өзінен кейінгілерге де жарқын жол салып береді. Алланың ақ жолын алға апаруда басқа діндерге қарағанда ислам дінінің шоқтығы биік тұр. Ислам тәрбие құралы ғана емес, ол ғалымдар үшін ғылымның қайнар бұлағы.

Ислам сөзі арабша, оның аудармасы – бір Алланы тану, илану және сену мағынасын береді. Аллаға сенген адам мұсылман болып есептеледі. Ислам Алланың алғашқы елшісі Адамға (ғ.с.) берілген және барлық пайғамбарлар ислам дінін насихаттаған. Бұл атау адамзатқа Алладан келген және ешкім оны өзгерткен емес. Құран аятында: «Бүгін мен сендердің діндеріңді жетілдірдім әрі игілігімді де аяқтадым. Сендердің тұтынуларыңа Ислам дінін қоштап ұнаттым» – деді. (Мәйда сүресі, 3-аят).

Ислам діні өте таза, қарапайым, тұрмысқа және елдің өмір сүру кағидаларына ыңғайлы. Денсаулыққа пайдалы. Осыдан-ақ ислам дінінің белгілі бір халықпен, территориямен немесе уақытпен шектелмейтіндігін білуге болады. Сондықтан ислам діні бүкіл адамзатқа бағышталған болашағы көлемді әлемдік дін екенін мойындаймыз. Исламның басты ерекшеліктерінің бірі – халықты бай-қосшы, кедей, басшы-қосшы, үлкен-кіші немесе ұлтқа, нәсілге және басқа өзгешеліктеріне бөлмейді. Исламның басты қағидасы дүниенің кай түкпірінде болмасын кім де кім бір Алладан басқа Құдай жоқтығын мойындаса, ол адам мұсылман болып саналады.

Осыны дәлелді Алланың: «Құранның ақиқат екені көкіректеріне жеткенге дейін Біз оларға жер-көкті, тіпті өз бастарындағы ғаламаттарды, белгілерді көрсете береміз» – дегені шындық. (Фуссилат: 41-53 аяттар).

Ертедегі ата-бабаларымыз Қасиетті Құранның аяттарының құпиясына мән берді. Алланың бірлігіне, Алладан басқа Жаратушы жоқтығына сенді.

Олар алғаш өздері ислам діні жөнінде сауаттарын ашты. Құранның аяттарынан қуат алып, өз ұрпақтарын ислам жолымен жүруге үйретті.

Сөйтіп ұрпағын адалдыққа, инабаттылыққа, кішіпейілділікке, парасаттылыққа, ұлтжандылыққа, Отанын қорғауға және ислам діні кағидаларына берік болуға үйретті. Сол дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Кез келген діни, тарихи, әдеби, ғылыми, т.б. кітаптардың Құранға тең келмейтініне олардың көздері анық жетсе, ал ғалымдарымыз бұл танымдық бағаның дәрежесін биіктетіп келеді. Ғарыш, адамзат пен тіршілік иелері және жер жөніндегі ғаламаттарды бір өзінің ішіне топтаған Қасиетті Құран ислам дінінің мәртебесін асыра бермек.

Қасиетті Құранда: «Көктің де, жердің де әміршісі Алла екеніне дау жок. Ол тірілтеді, өлтіреді» («Тәубе» сүресі, 116-аят) деуі Жаратушы Алланың шексіз құдірет иесі екенін дәлелдейді.

Сондықтан да Алла тағала пенделерінің (құлдарының) әрбір істеген ісі, қимылы, жақсы-жаман әрекеттері әрқашанда қатал бақылауда болатыны жөнінде Құран Кәрім аяттарында ашық айтылған. Адамзат жаралғалы бері коғам да, заман да өзгеріп келеді. Бір орында тұрақты қалған ешнәрсе жоқ. Алланың «Әр заманның өзінің ғылымы, әр заманның өзіндік құралы бар» деген Құрандағы аяты шындыққа айналды. Адам баласы алғашқы дәуірде тұрпайы көлік пен қарапайым құралдарды пайдаланса, ал қазір ғарыштық ұшу кемелеріне дейін меңгеріп, біз әлі көрмеген планеталар сырын зерттеп, үлкен жетістіктерге жетуде.

Бұның бәрін адам ғана өзгертіп отыр деу қате болар еді. Адамның миына, ойлау жүйесіне әсер етуші Алланың құдіретті күш әсері. Бұл жөнінде Құранда: «Көк пен жерді Алла тағала шындықпен жаратты, мұнда мүминдер үшін ақиқат дәлел бар» («Әнкабут» сүресі, 44-аят) дегені жоғарыда айтқанға дәлел.

Алла тағала өзінің ілімін насихаттайтын мыңдаған Пайғамбарлары ішінен өзі қалаған Пайғамбарларына періштелері арқылы төрт қасиетті Кітапты – Таурат (Мұса. ғ.с.), Забур (Дәуіт ғ.с.), Інжіл (Иса. ғ.с.) және Құранды (Мұхаммед с.ғ.с.) түсірді. Алдыңғы үш қасиетті кітап сөздерін оған қарсылар мен арамдар өзгертті. Соңғы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қабылдаған қасиетті Құран Кәрім ғана өзгеріссіз екенін зерттеуші әлем ғалымдары дәлелдеді. Қысқасы Құран Кәрімнің әр аятының «Кілті», бекітілген періштесі, шешімі, мақсаттық пайдалануы барын Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) пен сахабалары, ғалымдары, оқымыстылары өз уағында анықтады. Біздің заманымызда кеше ғана ортамызда болған арабтанушы академик марқұм Ақжан әл-Машани Құранның аяттарының құпиясы мен пайдасы туралы зерттеулер жүргізді. Ғалым артына ислам дінінің ерекше құдіреті жөнінде жазылған еңбектерін мұра етіп калдырды.

Ал академик А. әл-Машанидің пікір жазуымен ислам дінін үгіттейтін алғашқы діни әліппеден бастап «Шығыстың таңғажайып ғаламаттары мен сырлары» (Жамбыл қаласы, 1994) және «Мекке-Мәдине сырлары» (Тараз, 1998) кітаптарын жазған Қауымдастықтың діни-рухани үгітшісі, жасы жетпісті алқымдаған ағамыз Әмірбек қажы Есенбайұлының еңбегін жоғары бағалаған жөн. Бір ғана мұсылмандардың дін басқармасына барлық жүкті артпай, көп болып, діни сауаты барлар ислам дінін насихаттайтын еңбектерін жазып, баспадан шығарып, халыққа таратса Алланың шапағат нұрына бөленері анық. Мұндай жетістіктерімізге Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде: «Ғылым дамыған кезде, Ислам да дамиды» дегені дәлел. Қазақ даласында алғаш ислам діні енген уақыттан бастап, ғұлама ғалымдар Құран аяттарына зер сала бастады. Қазақ топырағында өмір сүрген ғұлама ғалымдар Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласағүн, Өтейбойдақ, т.б. артына мол зерттеулер қалдырды.

Құранның қасиетіне бас иген бабамыз Қожа Ахмет Иассауи еңбегіне баға жетпейді. Ал Құран аяттарының ғылыммен байланысын дамытуды ғұлама ғалым, қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы осыдан бес жарым ғасыр бұрын шебер меңгергенін оның «Шипагерлік баян» кітабынан табуға болады. Өтейбойдақ баба кітабының әр бетінің сөйлемдерінің бәрі Құран аяттары сөздері негізінде басталғанын, сөйлемдері құрылымы діни танымға жақындығын және аяқталғанда да аяттарға қатысты сөздермен корытындыланатынын байқаймыз. Қысқасы, Өтейбойдақ бабаның «Шипагерлік баян» кітабын алғаш «Құпия құлып» деп атауы осыған байланысты болса керек.

Құранның жүздеген аяттарында ғылым, ақыл, ой және тәлімдік мәселелер туралы айтылуы тектен тек емес. Өкінішке орай, бүгінде дағуаттың нашарлығынан, сондай-ақ кейбір экономикалық-тұрмыстық қиыншылықтарды сылтауратып өз қандастарымыздың ішінен басқа христиан, бақай, кришна, будда, Ахмадия, т.б. діндерге кетіп жатқандардың күні ертең-ақ ислам діні құдіретіне, касиетті Құран Кәрімнің қасиетіне бас иері анық.

Құран Кәрімнің ерекше қасиетін ертеректе-ақ ұлы ақындар, басқа дін өкілдері Гете мен А.С.Пушкин, т.б. әлемнің исламды зерттеуші ғалымдары тани және бағалай білді. Бұл жетістік жөнінде Құранда: «Біз адам баласына көптеген мысалдар келтіреміз, алайда оларды ғалымдар ғана түсінеді» делінсе, «пенделердің ішінен Алладан шын мәнінде ғалымдар ғана қорқады» – дегені («Ганкебут» сүресі, 43, 28-аяттары). Исламды таныған ұлы ғалымдар мен зерттеушілерге арналғаны шындық.

Діни сауатсыздық салдарынан бұқаралық ақпарат құралдарында еліміздің дін басшысын түсінбей жазықсыз сынаушылар көбейіп барып, қазір бәсеңдегенімен, жұрт арасында олардың шала сауатты пікірлері үлкен толқу жасады. Тіпті касиетті Рамазан айында (Ораза кезінде) дін басшысы муфтиді сынауды жалғастырған белді халықаралық «Түркістан» газеті басшылары қолдан Пархат деген «емшісымақты» адамзаттың жаратушы «Құдайына» теңеді. Діни сауаты жок, бес уақыт намаз оқымайтын, әрі Құдайға сенімсіз, өзі басқарып отырған газетінде бірде-бір ислам дінін үгіттейтін мақала жаздырмайтын, дін басшылары мен халық арасында даулы мақалаларды бірнеше жыл жариялап, еш нәтиже шығармағандардан дін жөнінде кеңес алу, телеэкран алдында сөйлету енді абырой әпермесін түсінетін кез жеткен сияқты.

Халқымыздың сауатсыз кезінде жай қыр қазағының сонау 1912 жылы Қазан қаласынан «Мархаба иа Рамазан» кітабын өз атынан шығарғанын «Алматы Ақшамы» газетінен (27.01.1997) оқыдым. Оның авторы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесіндегі Албан азаматтарының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің (Қарқара, Кеген, Алматы облысы) батырларының бірі Қарбоз Қаңтарұлы екен. Ол өзі таныстырғандай Нарынқолдың Тұзкөл ауылы Құрман руынан екен.

Бүгінгідей мәдениеті де, сауаты да, жағдайы да болмаған марқұм Қарбоз Қаңтарұлы бұл діни кітапты жазғанына қарап, оның өз халқы сүйген Исламды таза мойындаған Алланың адал құлы екенін тани аламыз. Ал енді осы қыр қазағы, сауаты шамалы марқұм Қаңтарүлы Қарбоз бен жоғарыдағы оқымысты «Түркістан» газетінің «діншілерінің» сауатына, имандылығына, ислам дініне «құрметіне» баға беріңіздер. Бұл баға ілгерідегі қазақ ұрпағы мен бүгінгі прогресшіл, мәдениетті қазақтардың діни-рухани танымына әділ өлшем болмақ.

Кейбіреулердің тірі пендені жаратушы Алладан, оның Құран Кәрімінен және Пайғамбарларынан жоғары қойғанын Жаратушы Иеміз біледі әрі көреді. Қасиетті Құранның «Ахзап» сүресі, 57-аятында: «Расында Аллаға, Елшісіне реніш білдіргендер, соларға дүние ахиретте Алла қарғыс беріп, оларға қорлаушы азап дайындайды» – дегеніне сенуге болады.

Ислам діні – ол «Ақыл-парасат діні». Ол Алланың ақ жолы. Оның дәлелі Алла тағаланың әркімді әртүрлі ғып жаратқанынан, әртүрлі қасиет пен кереметтер бергенінен айқын көрінеді. Алланың Пайғамбарлары ішінде Ибраһим (ғ.с.) отқа жанбаған, Мұсаның (ғ.с.) алақаны аппақ нұр шашқан, Иса (ғ.с.) өлген адамды тірілтсе, Жүсіп (ғ.с.) түсінде Алладан аян алу арқылы болашақты болжаған, бұл туралы қасиетті Құранда жазылған. Осы қасиеттерді өз пайдасына пайдаланып, атағын дүркіреткен «атаққұмар» емшісымақтар аз кездеспейді.

Бірақ, әр адамның бойындағы әлі ашылмаған, дәлелденбеген құбылысты (шын-өтірігі аралас) апарып Пайғамбарлар қасиетімен теңестіру ол Ислам діні қағидаларына жат қылық. Алланың Құран Кәрімінің «Ахзап» сүресінің 54-аятында:  «Бір нәрсені әшкерелесеңдер де, жасырсаңдар да әрине Алла тағала әр нәрсені толық біледі» – дегені, тағы да Алланың құдіреті күшті екеніне дәлел.

Ислам діні адамдарды адамгершіліктің ең жоғарғы деңгейіне жетуге тәрбиелейді. Құран Кәрім Алланың тірілер үшін жіберген қасиетті кітабы.

Құран Кәрімнің 114 сүресінің 6666 аятының толық құпия сырын білу мүмкін емес. Оның сыры бір Аллаға аян. Ертедегі ғалымдар тек қана жеке-жеке аяттарды ғана тексеріп, оның құпия сырын ашқан. Құранның «Әнбия» сүресі 30-аятында: «Әуелде көк пен жер тұтас еді ғой. Біз екеуінің арасын ажыраттық, жанды мақұлықтың барлығын судан жараттық», – деп адам дене құрылысының сексен пайызға жуығы, жердің жетпіс пайыздан артығы судан тұратынын ескертеді. Бұл пайыздық сан бүгінгі ғылымның дәлдік санымен тепе-тең келуі қасиетті Құран аяты құпиясының кереметтігін мойындату болмақ.

Ислам діні – адамды алдампаздықтан, зұлымдықтан сақтандырады. Қасиетті Құранның «һүд» сүресі 101-аятында: «Біз оларға зұлымдық қылмадық. Олар өздеріне зұлымдық етті. Раббының әмірі келген сәтте, олардың Алладан өзгеге жалбарынғандары өздеріне ешбір пайда келтірмейді. Сондай-ақ, зияндарын арттырғаннан басқа түкке тұрмайды» – деген Алланың қаһарлы сөзі куә. Енді қолдан жасаған «әулие», «ана», «төре», «Алланың елшісі», «Жаратушы» т.б.-ларға табынғандар алдында ауыр жазаның күтіп тұрғанын ислам діні осылай ескертеді.

Ислам діні – тірілер үшін түсірілген, бір Алланы мойындаушы адамзатқа арналған. Өйткені, адамзат тіршілік иелері ішіндегі ең саналысы. Осыны білген Алла тағала он сегіз мың әлемнің сырын білуге құштар адамдарға қасиетті Құранды жіберді. Құранның «Ахзап» сүресі 72-аятында: «Рас аманатты (дінді) көктер мен жерге және тауларға ұсындық, сонда олар оны жүктеуден бас тартып, одан қорықты. Ол адам баласына жүктелді. Өйткені ол өте зәлім, тым білімсіз...» деуі адамның білімі қаншалыкты дамыды, өсті, бәрін біледі дегенмен, Алланың білімімен салыстырғанда түкке тұрмайтынын білдірсе керек.

Дегенмен мұсылман халықтар тіршілігінің қуаты, рухани байлығы Ислам дінінің мәртебесін жоғары ұстап келеді.

Ислам діні – адамдардың денсаулығын қорғауына, қауіп-қатерден сақтауына ақ жол ашушы дін. Құран аяттары шын жүрегімен пайдаланған пендесіне қорған және рухани азық. Құран аяттарының мұндай ерекше қасиеттерін ертедегі ғалымдар мен дін мамандары айқын танып білген. Қазір адам денсаулығына шипалық емі бар «Исми Ағзам – тоқсан түрлі ауруға емдік дұғалар», «Шығыстың құпия ғылымы», «Нұрнама», «Дертке дауа дұғалар», «Пайғамбарлар дұғасы және «Ясин» сүресінің қасиеттері» т.б. (бәрі «Түркістан», «Мұра» баспасы шығарған. 1997.) кітапшалар мешіттердің жанында тұрақты сатылуда. Бұл кітапшаларды алып оқыған өте пайдалы.

Бір күні Жәбірейіл (ғ.с.) періште мешітте отырған Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) келіп сәлем беріп, «Ей, Мұхаммед, мына Исми Ағзам» дұғасы 72 түрлі дертке дауа» – депті. Сондықтан қасиетті дұғалардың жақсылығын пайдалануды Алла тағала бәріңізге нәсіп етсін.

Алланың қасиетті Құранының сөз құрылысы мен мазмұнына тең келетін әлемде ешқандай шығарма жоқ. Бұнда адам өміріне байланысты барлық ережені, жол-жобаны рет-ретімен баяндайды.

Бұл ерекше құбылысты әлемнің мұсылман дін мамандары және ғалымдар дәлелдеп отыр. Мұндай ғажайып кітапқа бас иесің. Онда Алланың ақ жолының адамзатқа арнап өткен, бүгінгі және болашақ бағдарламасы жазылған.

Ислам діні – оқып үйренуге, білімге, ұстаздыққа терең мән береді. Құранның көптеген сүрелерінде ғылым мен ғалымдарға деген үлкен сенім және құрмет айқын жазылған. Мәселен Мұхаммедке (с.ғ.с.) алғаш ізгі хабар әкелген Жәбірейіл періште «Оқы!» деген сөзден бастайды. Тәңіріміздің алғашқы сүресі былай дейді: «Оқы! Жаратқан Иеңнің атымен оқы! Адамды ол ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Тәңірің ең жомарт! Ол қаламмен жазу үйретті. Адамдарға білмегенін білдірді», – деді (Алақ сүресі: 1-5). Бұдан Алла тағала ниеті соңғы Пайғамбары арқылы ғылымды білуге, оқып-үйренуге және оқытып-үйретуге бағытталғанын көреміз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің көптеген өсиетінде ғылымды насихаттауға, білім алудың өте маңыздылығына баға беріп әрі талап етеді. Құран мен хадистерде нағыз ғалымдардың Пайғамбарлардың мұрагерлері ретінде сипатталуы да сондықтан болар. Бұл оң нәтиже. Ислам әлемінде қуатты ғылым жаңалықтары алғаш ашылуы еді. Ислам діні – білім алу жолын кәпір-мұсылманға және аймаққа бөлмейді. «Үйрен», «оқы» деген өсиетнамасын мәңгілік мұрасы ретінде адамзаттың миына, санасына қондырып келеді. Ислам дінінің жолы парасаттың ақ жолы деп түсінеміз. Құран ұсынған қағидаларды өмірлік мұратымызға айналдыру, ел бірлігін дамыту, халықтар ынтымағын арттыру, жеке рухымызды жаңа деңгейге көтерумен моралдық-материалдық жетістікті дамытып, адалдықтың ақ жолын таба аламыз.

Ислам Алланың ақырғы хақ діні екеніне сеніммен қарап, бақытымызды осы тура жолдан табарымыз анық.

Шапағатын шашқан ислам діні түбі әлем елдерінде берік орнығатыны анық. Басқа дінге кеткен мұсылмандардың әлі-ақ өкінетін күні алыс емес. Халық, кім ислам дінінің адал қорғаушысы, үгітшісі, кім екі ортаға от салып бүлдіруші, кім ислам діні сатқыны екенін ажырататын уақыт та жақындап келеді. Алла тағала бәрімізге ынтымақ, ынсап беріп, бір Ислам діні ошағы аумағына жиналып, парасатты өмір салты мен шапағатты қоғам құруға күш қуат берсін.

«Шипагерлік баян» газеті, 2001 ж.

 

ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ БАР

 

Еліміздің Тәуелсіздігінен кейін ғана өз орнын ала бастаған ұлттық жантану ғылымы саласында біраз ғылыми еңбектер жазылып, әрі оқу орындарында арнайы мән берілуде. Дегенмен, кенжелеп қалған осы ғылым саласында республика бойынша бес ғана ғылым докторы бары көңілге  күдік тудырады.

Ал үзеңгілес педагогика ғылымы саласында ғылым докторы жүзден асады. Ұлттық психологияны өзінің жеке ерекшелігі бойынша зерттеп, талдап, саралап, сатылап беруге аз ғана әрі орыс тілді осы саланың жантану  ғылымынан сусындағандарға ауыр тиері анық.

Осы бір қиын кезеңде өзінің ғылыми жасының ұлғайғанына қарамай қазақтың жантану ғылымына жарты ғасырға жуық өмірін арнаған, басқа ғалымдардан еңсесі биіктеу өз еңбегімен халықтың құрметіне бөленген ғалым, ҚазМҰУ-дің академигі Төлеген Тәжібаев атындағы этнопсихология мен этнопедагогиканы оқыту мен Зерттеу орталығының директоры және Алматы облыстық «Ұлттық тәлім-тәрбие» қауымдастығының төрағасы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Бозайұлы Жарықбаев.

Профессор Қ. Бозайұлының орта, арнайы орта және жоғары оқу орындарына арнап жазған психологиялық оқу құралдарының алдын қырық жылдан бері пайдаланып келеді. Маусым айының алғашқы күні жоғарыдағы оқыту мен Зерттеу орталығымен бірлескен жалпы Алматы қалалық жоғары оқу мен зерттеу орындары ғалымдарының тұрақты әдіснамалық ғылыми семинарының кезекті отырысы болды.

Семинарда педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Жарықбаевтың «Қазақстандағы ғылыми психологияның дамуы мен қалыптасуы  (XX ғ.) атты психология ғылымдарының докторлық дәрежесін алу туралы жазылған диссертациялық ғылыми еңбегі талданды. Профессор Қ.Жарықбаев бұл зерттеуін тек қана қазақтың ұлттық психологиясына арнағанын, төрт ғылыми монография мен елуден астам мақалалар жариялағанын және негізгі идеясы ұлттық жантану ғылымына нақтылы ғылыми тұжырымдарын қатысушы  ғалымдарға баяндап берді. 

Өздерінің көзқарастары мен ғылыми ұсыныстарын білдірген профессорлар мен ізденушілер профессор Қ.Жарықбаевтың  ғылыми зерттеуінің ұлттық жантану ғылымына  қосар үлесінің маңызын атап өтті. Еңбектің кейбір бөлімдеріне толықтырулар қажеттігі ұлттық психологияны XX ғасыр ауқымында емес, арырақ XV ғасырдағы ғұлама Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының өмір сүрген кезеніңен арғы дәуіріндегі әл-Фараби, Ж.Баласағұни, талдап диссертацияның тақырыбына енгізуді профессор Қ.Жарықбаевқа ескертті.

Ғалымдар профессор Қ.Жарықбаевтың диссертациялық зерттеуі этникалық психологияның көзі жабылған бұлағының қайтадан көзінің ашылуына қозғаушы күші екенін арнайы атап өтті. Бұл профессор ғалымның жеке еңбегінің ұлттық жантану ғылымын оятудағы  негізгі алғашқы ғылыми зерттеуі екені, оны тездетіп толықтырулармен докторлық диссертацияны қорғататын ғылыми кеңеске ұсынуды ғалымдар құрамы, докторлық диссертацияны қорғаушы профессор Қ.Жарықбаевқа ескертті. Және диссертация қазақ тілінде қорғалсын деген ұсыныстар айтылды.

«Алматы ақшамы» газеті, 09.08.2001.

 

ХАЛЫҚ МЕДИЦИНАСЫНЫҢ

ӨТКЕНІ, БҮГІНІ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ

 

Қилы-қилы замандарда оның заңдарының қаталдығына және ілімі мен ғылымының деңгейіне қарамастан, әр халықтың ұлттық халық емшілігі ел арасында ашық та, жасырын түрде де дамып отырды. Қазақ елі өзінің егемендігін алғалы емшілік өнерінің өзіндік құпия сырларын ашуға мүмкіндік туды.

Қазақ даласында халық ішіндегі емшілік өнері жөнінде ұлы ғұламалар Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы т.б. өз еңбектерінде талдап жазып, жеке тұжырымдар жасап, мәңгілік құнды энциклопедиялық еңбектерін қалдырды.

XV ғасырдың ойшыл ғұламасы, ұлы шипагер ғалымы Ө.Тілеуқабылұлы өзінің «Шипагерлік баян» атты энциклопедиялық еңбегінде бір ғана емшілік саласын болжамалы және емі дарымды деп екі салаға бөліп, отызға жуық атауға  (болжаушы, емші, тамыршы, балшы, жұлдызшы т.б.) бөлген. Бүгінде бес ғасыр бұрын емшілердің қасиеттеріне қарай берілген анықтама дәрежесіне жеткен жоқ. Бір ғана емші деген атауымен барлық әр түрлі киелі тылсым күш аталып келеді. XV ғасырдағы деңгейінен әлдеқайда төмендігін көрсетеді.

Бүгінде елімізде халық медицинасын зерттеулершілер арнайы еңбектер жазу мен кітап шығарушылар саусақпен санарлық. Ал әлемдегі немесе кешегі Одақтағы Ресей, Украин, Беларусь т.б. республикаларда адамзатқа әлі құпияларын ашпаған табиғат, ғарыш және адамзаттың тылсым сырлары жөнінде арнайы зерттеу орталықтары, ғылыми зерттеу институттары жұмыс істеуде. Бұлардың қызметтерін бір қалыпты жүзеге асыруына елдерінің үкіметтері, денсаулық сақтау, әділет т.б. министрліктері және мемлекеттік ғылыми зерттеу орындары мүмкіндік жасауда.

Біздің елімізде 1990-1991 жылдан бері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің республикалқ ғылыми-практикалық халық медицинасы орталығы ЖАҚ мен Қазақстан халық емшілері қауымдастығы ғана халық медицинасы саласына азды-көпті үлестерін қосып келеді. Дегенмен, бұл екі ұйымның да мемлекетіміздің Үкіметі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан көмек алуының орнына, жұмыстарына тосқауыл қою азаяр емес. Бүгінде әлдебір жоғары шенділер түсінігінше арнайы медициналық білімі жоқтар халық емшісі бола алмайтын сияқты. Ел президенті бекіткен арнайы заңда мұндай өрескелдік көрсетілмеген. Анығын айтқанда, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған сауатсыз, ары төмен, өз бас пайдаларын ойлайтын, атаққұмар, діни танымы нашар, алаяқ емшілердің көбейгенін жасыра алмаймыз. Бұларды есепке алу уақыты жеткелі қашан.

Қауымдастықтың Төралқасы атынан облыс басшыларына, оның қарамағындағы денсаулық, салық және заң орындарына 2002 жылдан бері емшілердің қызметін реттеу жөніндегі хаттар жазылғанымен, оған қолданылған шаралар жоқтың қасы.

Қазақ елінің көп ұлтты емшілерінің ерекше қасиеттері мен сауаттылықтары басқа елдің емшілерінен артық болмаса кем де емес. Сондықтан жоғарыдағы негізгі екі ұйымның іс-тәжірибелеріне, ғылыми зерттеулеріне және арнайы баспадан шығарған еңбектеріне ел үкіметі тарапынан дұрыс көзқараспен баға беретін әрі көмек көрсететін уақыт жеткен сияқты.

Осы жылдың қыркүйек айының 16-19 жұлдызында Алматы қаласында ҚХЕҚ мен Республикалық халық медицинасы ЖАҚ-ы бірлесіп ұйымдастырған I-Халықаралық Қазақстан Республикасының «Халық медицинасының өткені, бүгіні, болашағы» атты конгресс өтеді. Бұған қатысуға 40-тай шет ел мемлекеттерінен, республиканың мемлекетік ғылыми-зерттеу мен жоғарғы оқу орындарынан және қоғамдық ұйымдардан делегаттар қатысады.

Қазақ елінің жерінде Алатаудың бөктеріндегі Алматы қаласында 1962 жылы сол кездегі Қаз ССР Денсаулық сақтау министрі, м.ғ.д. профессор С.Қарынбаев марқұм дүниежүзінде тұңғыш рет дәстүрлі емес (халық) медицинасының I Дүниежүзілік конгресін өткізген. Осы конгрестің қабылдаған қаулылары бүгінгі әлем елдерінің дәстүрлі емес (халық) миедицинасының дамуына негізгі құжат болды.

Қазақтың дәстүрлі халық медицинасының өткені XV ғасырдың ғұлама ғалымы Ө.Тілеуқабылұлы еңбегімен айқындалады. Бүгінгісі профессор С.Қарынбаев ұйымдастырған Халықаралық конгрестен басталса, болашағы алдағы Алматыда өтетін Халықаралық конгрестен басталатынына сеніміміз зор.   

«Шипагерлік баян» газеті, №04, 2004.

ӨТЕЙБОЙДАҚ ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫНЫҢ

(1388-1483 жж.) “ШИПАГЕРЛІК БАЯН”

КІТАБЫНДАҒЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТОЛҒАНЫСТАР

 

Дала ойшылы, ғұлама ғалым, ұлы шипагер-емші атанған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” атты энциклопедиялық еңбегінде қазақи психологиялық толғаныстар ғылыми жүйе бойынша беріледі. Бұл еңбек халқына V жарым ғасырдан кейін қайта оралды. Көрші елде өртенді (1968). Бес мың беттік қолжазбадан бізге жеткені көп сөздері жойылған, бары бір мың ғана беті. Бұл қазақ елінде баспадан шықты (“Жалын”, 1996). Өшкен киелі от қайтадан жанды, өлгеніміз тірілді. Ғұламаның қайдан білім алғаны белгісіз болғанымен, оның психологиялық толғаныстары, ой жүйесі, сөйлем байланысы, ойлауы, тұжырымы, еңбекқорлығы, төзімділігі, шешімі, батылдығы, ғылыми икемі әртүрлі ілім көздерінен білім алғандығын көрсетеді. Сондықтан да осы заманғы ұлттық этнопсихология мен этнопедагогика ғылымын дамытуда әрі ертедегі ұлттық танымдық стилді үйлестіруде Ө.Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” еңбегінің берері мол. Ғұламаның Алланы тануы, діни танымы, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мен қасиетті Құран Кәрім жөніндегі діни танымдық психологиясының адамзатқа берер тәрбиелік мәні зор. Тазалық, имандылық, сабырлық, жақсылық пен жамандық адам өміріндегі Жаратушының психологиялық тексеру, тергеу, толғандыру мен иландыру сынағы екендігі рас.

Дала ойшылы емшілік психологиясына ерекше тоқталып, емшінің инабаттылығы, кішіпейілдігі, сырқатты қабылдау ықыласы екі жаққа да жақсы нәтиже беретінін ескертеді. Мұсылмандықтың басты белгісі оның психологиялық ойлауында һарам мен халалды ажыратудың мәдениеттілік сенімін иеленуді және кері әсерлік күштері бар ұлттық салт-санаға жат әрекеттерден жетіге тиіспеуге, қырық бірге жұғыспауға, он екіден айырылмауға (кітапта талдап жазылған) сақтандырады.

Ұлы шипагер жолсыздан жол тапты, білімсіз ортаны білімді етті, тілсізге тіл бітірді. Өз заманында нағыз батырларша қасқайып, өз ілімінің өзінен бұрынғы ғұламалар Әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұн, т.б. ұлылар еңбектері мен өз еңбегін салыстырып, ғылыми психологиялық талдау жасап, халық игілігі үшін екендігін түсіндіріп кетті (“Шипагерлік баян” 379-бет).

Ғұлама еңбегінде ғарыш, табиғат, адам, жер, жан-жануар және өсімдік пен металл-металоидтар жөніндегі құпиялар туралы көп мәліметтер беріледі. Адамның денсаулығына, ойлауына, сезіміне, түйсігіне, батылдығына т.б. қасиеттеріне ғарыштық әсердің, табиғаттық өзгерістің келтірер зияны мен пайдасының психологиялық жүйелік әрекетінің өзгерістеріне талдау жасайды.

Әр адамның жеке жұлдызнамасы, күн нұрының әсері, орналасу ортасы және туған жеріне қарай оның мінез-құлқы, адамгершілігі қалыптасатындығын ғылыми дәлелдермен сипаттап, тұжырымдайды.

Ғұлама өзінің дәрі-дәрмегін дайындауда, сақтауда, пайдалануда жеке-жеке сырқаттардың өзіндік ерекшеліктеріне мән береді. Табиғаттың қойнауында өсетін дәрілік өсімдіктерді бақылау, жердің қырық түрлі қыртысынан уақытын өткізбей жинаудың, табиғаттың құпиясын ашып, зерттеп, пайдалануды және іске асырудың жолдарын ұсынады. Сондай-ақ, адам психологиясының өзгерісі, оның туған жылы, айы, күні уақыты және ай мен жылдың тақ немесе жұптығына тәуелді екендігіне тоқталады. Адамның мүшел жасының және емдік сеанстың санының мөлшері де ой мен сананың дамуына, мінездің қалыптасуына әсері барлығына сипаттама береді. Көне атаулардың “Қазақ”, “Ақ Орда”, “Алаш”, “Алашорда”, “Хан”, “Күнби”, “Жүз атауы”, “Наурыз”, “Көкбар” т.б. шығу тарихына ұлттық психологиялық танымдық ғылыми тұжырымдар береді.

Ғалым шипагер Ө. Тілеуқабылұлының жазайын, айтайын деген пікірі, ойлағаны, талғамы, өлшемі бір-біріне жалғасып, бірін-бірі ұлттық психологиялық сипатта толықтырып отырады. Еңбекте жасампаздық, көшірімпаздық, артық кетушілік кездеспейді. Нағыз мәдениетті тұрғыда басталып, ғылыми тұжырымдармен аяқталатын өзіндік орны бар Ө.Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” еңбегі баға жетпес ұлттық психологиямыздың, оның ішінде медициналық психологияның дамуына бағыт беріп, байыта түсетін нағыз таптырмас энциклопедиялық еңбек екендігін анық дәлелдеп бере алады.

«Шипагерлік баян» газеті, №2, 2006.

 

 

БАҚСЫЛЫҚ ӨНЕРІ

 

Бүгінде адам баласының бойында кездесетін құпия сиқырлы қасиеттер әлі де түйіні табылмаған құбылыс екені белгілі. Әр ұлттың бойында өзіне тән ерекшелігі болатын осынау құбылыстың шешімін табу жолында қаншама еңбектеніп, жан-жақты зерттеу жасалғанмен, оның құпия сырына ешкім де жете алар емес. Қазақ халқы бақсылық өнері оның пірі Қорқыт атадан бастау алады, бұл өнердің негізін қалаушы Қорқыт ата деп білген. Бақсы – бойында құдіреттің тылсым күші бар, оны ішкі дүниесімен сезіне отырып, сыртқы әлемнің “рухтарымен” байланысқа шығатын сиқырлы өнерідің иесі. Бақсыларда аралық телепатиялық байланыс жақсы дамыған. Дегенмен, бақсылардың бәрінің білімділігі, сезімталдығы, талғамы, көріпкелдігі, болжампаздылығы әрі бойындағы әдептілігі бірдей болмаған. Әр халықтың және аймақтың өздеріне тән бақсылық өнерінің ғажайып түрлері болған. Бақсының бойынан сазгерлік, ақындық, емшілік, көріпкелдік, болжампаздық, сәуегейлік, құмалақшылық қасиеттерімен қатар, сынық салу, тамыр ұстау, шөптен дәрі жасаумен бірге діни сенім жолдарымен (иландыру, көшіру, шақыру, ұшықтау, аралату, арбау т.б.) сияқты сан түрлі емдеудің әдіс-тәсілдерін меңгергендігін халық ежелден біліп, оларды ерте заманда жоғары бағалап зор құрметпен қараған. Бірақ, XIII ғасырда Өзбек хан бақсыларды тірідей азаптаса, одан кейінгі еліміз тәуелсіздік алғанға дейін олардың азаматтық құқылары шектеліп, өз қасиеттерін ашық көрсетуге тыйым салынды.

Бақсылық өнер – Қорқыт атадан бастау алса, ал бақсылардың бас бақсысы деп халық Қойлыбай бақсыны атаған. Бақсылардың күштісі мен нашары да болады. Бұрынғы бақсылар өте салауатты, білгір болса, бүгінгі бақсылар қалтаның қалыңдауын көбірек ойлайды. Сондықтан да олар өз қасиеттеріне сай шала, бала, жалған, жасанды, жынды және таза бақсы деген атақтарға ілігуде. Бақсылар аурудың иесі “зұлым рухтар” деп, олардың қатарына албасты, көңаяқ, жезтырнақ, сөрел, орман перісі, жын және шайтандарды жатқызған. Осыларға қарсы бақсылар өзінің перілері мен жындарынан құрылған әскерлері көмегі арқылы “зұлым рухтарды” ауру адамның денесінен қуып шығу үшін зікір салып, Алладан көмек сұраған.  Бақсылар көбінесе қыл қобыз, домбыра, аса таяқ т.б. сазды аспаптардың және әртүрлі қару-жарақтардың (қамшы, пышақ, темір, қанжар) көмегімен дыбысты күшейтіп шығару үшін темірден жасалған сылдырмақтарды пайдаланған. Бақсының өзіндік әуені, үндік ырғағы мен сазы болады. Олар кейде түсініксіз сарындар арқылы әндете кетеді. Қазақтың бақсылық өнерін зерттеу XVII ғасырдан басталады. Қазақтың ғалым-жазушылары Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Диваев, Қ.Жұбанов, С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамбетұлы, Ә.Қоңыратбаев және орыс ғалымдары А.Янушкевич, Б.Зелинский, И.Кастанье, А.Левшин, В.Карамзин, Г.Потанин, Н.Пантусов, В.Васильев зерттеулері бақсылық өнерінің жазбалық негізін қалады. Музыка зерттеушісі Б.Г.Ерзакович бақсы әні сарынын нотаға түсірді. Тарихта аттары аталған “Ұлы бақсы” – қара бақсы (VI-VII), Тіней бақсы, Асфандияр бақсы, Ізтілеу бақсы, Дархан бақсы, Әбу бақсы, Әжібай бақсы, Кенжебай бақсы, Дәулет бақсы, Омар бақсы, Ноғайбай бақсы, Сыламбек бақсы, Шақар бақсы, Әукен бақсы, Бекберген бақсы, Малбике бақсы, Салтық бақсы, Қара қыпшақ Қобыланды бақсы (батыр емес), Ырғызбай бақсы, Жамансарт бақсы, Берікбол бақсы, Арғын Досмырза бақсы және “Бақсылардың бақсысы” Қойлыбай бақсы бақсы өнерінің қайта келмес зор тұлғаларына айналды. Бүгінде, қауымдастықпен тікелей байланыста болған Нарынқолдықтар Тілеген бақсы, Қырғызбай бақсы, Қали молда бақсы (марқұмдар) және Саржаздық Машуровтар - Оразақын бақсы, Сатқынбай бақсы, Алматылық Сембаев Айтқұрман бақсы, Келдібеков Мұрат бақсы, Астаналық Әбуова Қантай бақсы, Талдықорғандық Бекқожаев Құмар бақсы, Тараздық Мыңбаев Бектұр бақсы, т.б. бақсылардың бойындағы қасиеттерінің таза әрі жоғары екендігі анықталды. Бақсылардың бойындағы ғажайып ерекшеліктердің кейбір дін өкілдеріне ұнамауына қарамастан, осы бір құпия құбылысты  зерттеп, ғылыми тұжырым жасайтын уақыт жеткен сияқты.

«Шипагерлік баян» газеті, №2, 2006.

 

 

 

 

ЕМДІК МӘДЕНИЕТІНІҢ ТАНЫМДЫҚ-ТӘРБИЕЛІК МАҢЫЗЫ

 

Адам биоөрісінің қуаттары мен емдеу

мәдениетінің үйлестігі    

 

Адам биоөрісінің қуаттары. Адамның биоөрістік қуаттары оның тірегі, тіршілігінің қайнар көзі және атқаратын денелік қорек көзі болып табылады. Адамның денесінің биоөрісі оң және теріс зарядтың бірлестіктерінің тепе-тең  болуынан құралғандықтан, биоөріс қуаты тәннің саулығын білдіреді. Ғылыми анықтамалар бойынша, осы биоөрісті құрайтын екі зарядтың біреуі артып немесе кемісе, адамның ағзаларында қуаттық жетіспеушіліктен, оның ағзалық сырқаттарға  ұшырайтыны анықталған. Биоқуат – тіршілік иелері болып есептелетін адамзат, жан-жануар, жәндіктер мен өсімдік әлемінің  өмір сүруінің ең негізгі тірегі мен айнасы болып табылады. Биоқуаттың жетіспеуінен әртүрлі сырқаттар пайда болатыны, ал оның азая беруі салдарынан ақыры өмір тіршілігінің біртіндеп аяқталуымен тоқтауына апаратыны аян. Адам қуатты ғарыштан және жер бетінен алады. Қуаты әлсіз, азая бастаған адамның өмір сүруі де қиындай береді. Адамның  тұлғалық бітімі, көріктілігі, айбарлығы, таланттылығы, естілігі мен адамгершілігі оның жеке тәндік мүшелерінің қуаттылығы, биоөрісінің тікелей бір қалыптылықтығына байланысты екенін ғылыми тұжырымдамалар мен зерттеулерде баяндалады.

Дененің ғарыштық қуаттарды қабылдап, сүзгіден өткізіп, бөліп таратып, қайта өңдеп, пайдаланған қуатты денеден сыртқа шығарып одан кейін жаңа қуаттарды қабылдап, тұрақты жүйелік айналыспен  дененің мүшелері мен ішкі ткандарын қоректендіру мен толтыру қызметін атқаратын жеті чакрасы /нұр көздері/ өз қызметтерін үздіксіз жалғастырып отырады. Чакралар қызметтерінің нашарлауы салдарынан денедегі биоөріс қуатының тепе-теңдігі бұзылады да, адамның  кейбір жеке мүшелері мен ішкі мүшелердің талшықтарының қызметі нашарлап сырқатқа ұшырайды немесе денеде әлсіздік пайда болады. Бұндай құбылыстардың нақтылы себеп салдарын анықтау медицина ғылымына ғана тәуелді болмайды. Оның өрісі кең, зерттейтін саласы да мол. Осыған байланысты гуманитарлық ғылымдар саласы бойынша танымдык зерттеулер жасап, тұжырымдар қабылдауда өте қажет. Бұл тұрғыдан қарағанда философиялық көзқараспен халық шипагерлігінің тарихына, мәдениетіне, дәстүрлеріне ұлттық таныммен баға беру уақыты да келгендей.  Ол үшін орта ғасырдағы ғұлама не дейді?

Осыған байланысты ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы адамның дене қуаттарын бес түрге: Жаншылық қуат, жаршылық қуат, ғаршылық қуат, таршылық қуат және баршылық қуат деп бөлу арқылы жеке-жеке анықтамалық философиялық талғам жасады. Бұл шипагердің терең ой-толғамының бүгінгі ғылымдағы анықтамалардан алшақтығы жоқтығын айқындайды. Адамның өмір сүруіне ең қажетті баршылық қуатының өзі тіршілік  көзі болатын: қимыл қуаты, сезім қуаты, тежелім қуаты және қосалқы қуаттардан тұрады. Олардың бір қалыпты болуы адамның мінез-құлқына, имандылығы мен адамгершілігіне, қанның құрамына және пенденің тұлғалық бітіміне тікелей  әсер ететінін  аңғартады. Қуаттардың жетісті болуы – тіршілік иелерінің өмір жалғасының тыныш, бақытты, қуанышты, уайымсыз  болуының негізгі сүйеніші  деуге болады.

Егер, ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының медициналық  «Шипагерлік баян» атты еңбегіне жазылу стилі бойынша шипагерліктің үш шыңы: «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдалғы» деген шипагерліктің  жіктемелік  атауларының, оның ішінде Түптеме, Жіктеме, Аңғарымдама, Нақтама, Дарым заруаты, Айықтырым дарымдылығы алты белесінен тұратын жеті бөлім мен тектелгіні қоса жазған энциклопедиялық еңбек. Еңбек құрылымының бүгінгі медицинадағы тұжырымдармен ұқсастығы мен үйлесімдігін, осы тақырып туралы шипагер еңбегінде анық көрінеді. Адамдардың тәндік биоқуаттары қалыпты, артық қуатты және қуаты аз деген үш топқа бөлінуде. Осыдан тұлғалық бітімнің келбеттік көрінісі денедегі биоөрістік қуатқа тәуелді екені білінеді. Сырқаттың неден пайда болуының басты себебі де адамның денесінің қуаттылығын қамтамасыз ететін, оң және теріс зарядтардың тепе-теңдігінің бұзылуынан болатыны  айқындалуда.

Ресейлік ғалым Татьяна Васильева адамның биоқуаттық құрылымы туралы: «Адамның тәндік құрылымы оның құрылымдық тұтас қуатына жауап беретін биоқуаттық жүйеден тұрады. Бұл жүйе біздің жеке сезімдік қабілетімізды анықтайды. Аурудың пайда болуы, біздің энергетикалық жүйеміздің жалпы жағдайына тәуелді болғандықтан, ол адамның денесіндегі жеті чакраның /нұр көздері – З.Қ/ жағдайына байланысты физикалық дененің жағдайы анықталады», – деп  сипаттама береді.

Бұл тұжырымнама адам тәнінің биоөрістік қуатқа тікелей тәуелділілігін көрсетеді. Медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Т. Бекен  адамның мүшелері мен ағзасындағы қуаттық  өзгеріс әсерлерін шығыстық және еуропалық ғылымның биоөрістік танымдық  көзқарастық  болжамдары бойынша, адамның денесінде ғарыштық сәулелерді қабылдап, өңдеп әрі тепе-теңдікпен адамның жеке ағзаларына бөліп оны қоректендіру міндетін атқаратын жеті түрлі: Бас – Сахасрара (рухани қасиет), тамақ – Аджина (жігер, ой, өріс),  Жүрек – Вишудха (сезім қуаты), Күн сәулесін сіңіру – Анахата ( жан қуаты ), Ас қорыту ағзасы – Манпура (физикалық қуаты ), Жыныс жүйесі – Свадхастхана  және Сегіз көз – Муладхара (өмірлік  қуат көзі ) сияқты «Нұр көздерінің (Чакра – З. Қ.)» барын айтады. Егер осы нұр көздері қызметтері бірқалыптылықты сақтаса ғана, адамның дені сау, тұлғалық бітімі сұлу, көрікті әрі көркемдік мінезге ие болатынына  анықтама береді. Әрбір нұр көздері өздерінің денеге қызмет ету міндеттеріне қарай, ғарыштан сәулелік нұрдан қорек ала отырып, оны денеге  сіңіріп қабылдап, өңдеп, тазалап, ағзалардың ткандарына  бөліп қоректендіреді.  Бұл процесс үздіксіз толық шеңбер жүйесімен  іске асады. Лас қуаттар ағзалардан сыртқа шығарылып, жаңадан таза қуаттармен дене ағзалары қуаттандырылады. Бұл биоқуат адамның өмір сүруінің негізгі қуат көзі екенін аңғартады.

Адамның биоөрісінің қуаттарына байланысты қазақтың ғалым шипагері  Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы XV ғасырда-ақ  ғылыми тұрғыдан  жеке болжамдық  философиялық тұжырым  жасады. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы адамның денесінің биоөрісі қуаттары жөнінде қуаттың арқау делінбегі, ал арқау қуат делінбегі шарт екендігі жөніндегі тұжырымы, бүгінгі ғылым қорытындысымен сабақтас, үйлесімді үндес келеді. Арқаулық қуат тұлғалық жаралыстық көрінісі. Қуаттық қуат мүшелік және  бітістік бөліктік болып жарасым табады.

Оның дәлелі, шипагер  Өтейбойдақ  Тілеуқабылұлы  адамның жеке қуаты туралы ойын:«Қуат арқау делінбек, ал арқау қуат делінбегі шарт. Арқаулық қуат тұлғалық жаралыстық болмақ. Қуаттық қуат мүшелік және бітістік бөліктік болмағы жарақ» – деп өзінше тұжырымдайды. Бұл ғұлама бабаның осыдан бес жарым ғасыр бұрынғы адам биоөрісінің қуаттары туралы айтқан, болжаған, түйіндеме жасаған танымдық философиялық ой тұжырымдары, бүгінгі ғылыми медициналық идеялармен сабақтас, ұқсас және үндес  екенін  білдіреді. Ғұламаның философиялық тұжырымы бойынша, қуат – адам тіршілігінің тіршіліктік қимыл-қарекеттің, ой толғамның түйіні. Қуат Аллалық  несібе мен несіптік ризық терімінің ұштасымдық жарасымдығы болмақ. 

Жалпы алғанда адамның тіршілігі оның денесінің мүшелік пен ағзалық талшықтық қуаттарына тәуелді, қуат азайса адам өміріне де ауыр  жағдайлар туылмағы шарт екендігін аңғартады. Ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының философиялық талғамына тоқталсақ, адамның  биоөрісінің қуаттары оның ойлау қабілетіне, көріктілігіне, сезіміне, түйсігіне, сөйлеуі мен қабылдауына, есіне, мінез-құлқына, ерік-жігеріне  ерекше  тұлғалық әсер етпек.  Ресейлік ғалымдардың ішіндегі В.С.Орлин: «Біз табиғаттан ауруға қарсы тұратын қуат алуымыз қажет. Табиғат өз заңы бойынша бәрін жасайды, ал біз болсақ сол табиғаттың бір бөлшегіміз және соның заңы бойынша өмір сүреміз әрі сол күш біздің ішкі организміміз арқылы әсер етеді», – десе, доктор  Донцов, З.Роулэнд, Ю.Левинсон, В.Мадэюй және Ж.М.Дешане биоқуат туралы өздерінің  зерттеу қызметтерінің нәтижесінен осыған ұқсас жеке  ойларын білдіреді.         

Адамның тұлғалық бітімі мен құрылымы  – ол имандылығы мен адамгершілігінің, кісілік қасиетінің, жан дүниесінің жайсаңдығын  қалыптастырады. Ғұлама шипагер Өтейбойдақ бабаның философиялық ой тұжырымы  бойынша, адам  тұлғасы оның жаны мен тәнінің айнасы ғана емес, оның өмір жолының тарихи өлшемі екендігін, тұлғалық қасиеттер белгілі қуаттық салдарға орай қалыптасып отыратынына  анықтама береді.

 Ғалым адами тұлғалық бітімнің қуаттылығы оның ата-анасы мен туған жерінің топырағына, тау-тасы мен өзен-көліне, кеңістігінің ауасы тағы басқа да табиғи факторларға тәуелді екенін ғылыми  философиялық таныммен  түсіндіруі, бүгінгі медициналық ұғымнан алшақтығы жоқтығын аңғартады. Адамның дене құрылысының мінсіз болуы да, оның ой қабілетінің дамуының басты белгісі. Бабаның ой өлшемі бойынша Алланың адамзатқа берген бақыты, дүниесі мен рахымы тұлғалық биоөрісі қуаттылығының басты  көрсеткіші сияқты. Ғұламаның  осы философиялық ой-толғамдары, тұжырымы ұлттық шипагерлік өнерінің мәдени дәстүрлерінің ертеден дамуына қосқан үлесінің осы заманғы ғылыми көзқарастардан алшақтығы жоқтығын көрсетеді. Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының адам биоөрісінің қуаттары туралы, әр пенде ана құрсағында тамшы болып жаралып, кейіннен дүниеге келіп, өмірі аяқталғанша 5 түрлі: Жаншылық қуат, жаршылық қуат, ғаршылық қуат, таршылық қуат және баршылық қуаттар дамып қалыптасып отырады  деп, философиялық тұжырымын  жасайды.    

Мәселен, жаншылық қуат (құрсақтағы даму кезеңі – З. Қ.) – ана құрсағында адам  жанының қуаттық алғашқы қалыптасу көрінісі. Бұл қуатқа: қимыл-әрекеттік, сезімталдық, тежелістік, қосалқы қуаттар үнемі әсер етіп отыратындығы айтылады.  Шипагер  баба: «Адамның ұрпақ өсіруі де қосалқы қуатқа тәуелді» – дейді. Жалпы өз қуатын танып білмеу адамға қиындық келтіретіндігі де ескертіледі.

Жаршылық қуат (дене қуаты – З. Қ. ) – бала дүниеге  келгеннен  кейін дененің толығуына әсер етеді.  Бұл тежегіш, қорғағыш  және аурудан сақтану жолдарына  игілікті әсер етеді.       

Ғаршылық қуат (өмір қимылы  қуаты –  З. Қ. ) – бұл  өмір сүру үшін қимыл-қаракет  жасап, ризық пен несібені  теруге  ықпал  етеді. Ғұлама баба жеке философиялық талғамы  бойынша  адам шаршағанда, ұйықтап жатқанда  да азды-көпті ғаршылық қуаттан нәр алуы арқылы, өзінің денесіндегі жаншылық пен жаршылық қуаттарды толықтырып  бір қалыпты сақтап отыратынына  анықтама бергені де ғылыми анықтамаларға сәйкес келеді. 

Ғаршылық қуат – тіршіліктің жалғасуына адамды еріксіз қиыншылықтардан  шығуына  зор  әсер  ететін, жігерлікке,  табандылыққа,  төзімдікке  көнуге, тірлік етуге  итермелейтін  ризығың мен несібеңді теріп  алуға ықпал ететін қуат  екенін   аңғартады. 

Таршылық қуат  (жасырын  бұғынбалы  қуат – З. Қ. ) – бұл адам денесінде сезіле бермейтін бұғынбалы жасырын  қуат. Ол адам баласының  басына  кездейсоқ, әр түрлі қиын  жағдайлар туғанда өріс алып, адамды әрекет етуге  итермелейді. Адамда ерекше бір сенуге болмайтын істерді тындыруына, қиын жағдайдан шығаруға ықпал ететін құдіретті қуат күші болатынын білуді ескертуі, ұлы шипагердің философиялық білімділігін көрсетеді. 

Баршылық қуат(нышан қуаты – З. Қ.) – бұл әрбір пенденің өзіне ғана тән шама-шарықтық, бітістік  жаратылыстық қуаты. Бұл  қимыл-қозғалыс, сезім, тежелу ретінде  дене бітімінің өсіп жетілуінде елеулі орын алып, әр түрлі деңгейде көрініп отырады. Мәселен, қимыл қуаты – адамның қан айналымына, денедегі зат алмасуына  жақсы әсер етсе,  ал сезім қуаты – ағзалардың әр түрлі әсерленуіне түрткі болса, тежелімдік қуат – ол жан дүниенің әр түрлі  көріністерін реттестіріп  отырады деп, ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінің философиялық ойын айтқан. Мәселен, хан Есімнің тілін алмаған әз ханымы Айымбике – «Қаракүң», алғаш әкесінің жас бұзауын  бес жасқа келгенге дейін көтеріп, кейін хан алдында жарысқа түседі. Жігіттер көтере алмаған бес жасар өгізді  ат үстінде аунатады. Хан әйелін танып, басына қайта орамал салады. Бұл қимыл қуатының  бітістігінің  жемісі екендігін білдіреді. 

Ғұлама шипагер Өтейбойдақ баба ұрпақ өсіруде қосалқы қуаттың ең басты роліне баға бере келе: «Теңін тапса – тегін» және «Шал қатын алғылық білгі емес, мал алғылығы  білгі» – деген  халықтық философиялық ұғымын ұсынып, екі жұптың  өз теңдігінің артықшылығына мәнді баға беріледі. Ресейлік ғалым С.П.Розов адамның биоқуаты жөніндегі анықтамасында: «Биоқуат адамды сыртқы қоршаған ортамен, оның ішкі мүшелерімен арақатынасын байланыстырудың өмірлік ролін атқарады. Адамның тәніне биоқуат кеңістік арқылы ауадан ғарыштан енеді. Ол қуат күші. Бұл күш денсаулық күші болғандықтан барлық әрекеттерге көмек ете алады» – деген ойын білдіреді.

Адам биоөрісінің қуаттары кейбір адамдарда ерекше болады. Оны сол адамдарға  Алланың берген  сыйы, әрі құпиясы іспетті. Сондықтан да, ислам қағидаларына байланысты заңдылықтарды шипагерлік емдік дәстүрінде басшылыққа алуды шипагер өзінің басты парызына айналдырады. Оның еңбегінде бұл ұстаным айқын аңғарылады. Мәселен, Әжрианың 1062 жылғы Шалкөде мен Жаркентте болған қырғын оба ауруынан бір тайпа елден мыңдаған  адам қырылғанда, алды сексеннен асқан, арты жасқа толмаған еркегі бар, ұрғашысы бар  отыз жеті адам ауырмай аман қалады. Мен Семізкөк жеп жаным қалды деп, баяндайды шипагер. Бұл да Алланың құдіреті екенін ескертеді.

Бұл пенденің төтемеліктік қуатының ерекше қасиеті, туылма қуат қайсарлығы, қайтпас және қажымас қуаттардың  төзімдік  жиынтығы  деген танымдық  ойды ұсынады. Дәрігер В.Тишенко өзінің Джунаның биоқуаттық әсері туралы: «Адамның бойындағы тылсым қасиеттің шексіздігінің құпиясы әлі ашыла қойған жоқ. Мен дәрігермін. Алғаш Джунаның аралықтан әсер етуіне әншейін қарадым, бірақ мен оның осы әдісін кейін үйрендім, пайдаландым, нәтижесі өте жоғары. Мен көп ауруды емдей бастадым,  әсері жаман емес, сондықтан бұл әдісті мойындаймын. Адамның биоқуатының құпиясы деген осы екен ғой», – деп тұжырымын жасайды. Осындай ой талғамдарын ресейлік ғалымдар Д.Анисимов пен О.Глотова да білдіріп, биоқуаттың өте маңызды рөліне тоқталады. 

Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы адам бойындағы қуаттардың түрлеріне өзінің философиялық ұғымы бойынша, анықтамаласын береді. Шипагер адам бойында қаһарлы төтемеліктік қуат та болады дейді. Мәселен, 1062 жылы әжриада оба, шешек, қызылша, көкжөтел, күл, сүзек аурулары Торғайға да тарады.  «Торғай қаққан тарыдай» ел тұтастай қырылғанда, тек қана менің құрдасым Қабанбай алғаш ауру белгісі болғанымен  аман қалды. Оны «Қасиетті, әулие ата» деді. Бұл жағдайды Алланың құдіретіне, жеке құлына сыйы деген  философиялық таныммен шипагер баба қорытады. Түпкілікті түйіні: әрқандай адам пендесінде қимыл қуаты, сезім қуаты, тежелім және қосалқы қуаты болатынына, әрбір жеке қуаттардың пайдалы жағын білу парыз екендігіне және пенделік тұлғаның дұрыс қалыптасуына  өзінің жақсы жағдай жасай алатынын  аңғартады.

Ғұлама шипагер бабаның қуаттар туралы тұжырымдамалары бойынша әрбір пенденің өзіндік қуаты, күші, қимылы болатынын,  адамдардың бұндай көрсеткіштері бір-біріне ұқсамайтынын негізгі тетігінің себептеріне жеке танымдық философиялық ой-толғамын қабылдауға болатындығын аңғаруға болады. Даланың ойшыл шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы  адамның қуатына  қанның да әсері бар екенін айтады. Шипагер: «Қан сөлі – жан сөлі» – деуі арқылы, өз ойын қан қоюлығы мен сұйықтығы және түр-түсі әсерінен адам ағзаларының әр түрлі ерекшеліктері болатынынан хабардар етуі, бүгінгі  ғылыми медицинаның  қан құрамы туралы анықтамаларына ұқсатығын  білдіреді. 

Ұлы шипагер адам бойындағы әрбір жеке қуаттардың да басталуы, шектеуі мен аяқталуы болатынын, ол қуаттар бір-біріне алмасымдық  түрде  орын беретіндігін, бір-бірін толықтырып,  жанамалай да  әсерде  болатынына  ғылыми  танымдық түсініктеме  беруіп,  ұлттық танымдық идеясын ең басты мақсат етіп алғаны, шипагер  еңбегінің құндылығы мен мәңгілігін айқындай алады. Ғұлама баба ой толғауларынан адамның денелік қуаттарының  жарасымдығы мен тұлғалық жарастығы кейде өскен ортаға, әлеуметтік-экономикалық  жағдайларға, қоғам дамуына тәуелді болады деген танымдық тұжырымды да аңғаруға  болады.

Мәселен, дәрігер У. Жарқынбай: «Табиғат заңдылығын бұлжытпай орындасаң ғана денің сау, ой-өрісің кең, сергек боласың, ұзақ өмір сүресің. Бұл адамның тәнінің қуатының шексіздігі мен өміршеңдігін білдіреді», – деп ойын тұжырымдауы да биоқуаттың атқаратын қызметін айқындайды.

Адамның тәндік ағзаларының қуатының бірқалыпты болуы, оның ой қабілетінің өсіп дамуына, мінсіз бітістік тұлға қалыптасуына, қан қуаты мен әл қуатының үйлесімділігін жақсартуға септігін тигізеді. Ал биоқуат, мінез-құлықтың инабаттылығына, ойлау, сөйлеу, талдау, бағалау, абайлау, іскерлікті арттыру, дарындылық пен тапқырлықты дамыту, имандылық пен адамгершіліктің жетілуінің негізгі  қағидаларының  басты  тірегіне жарайды.

Адамның тұлғалық қалыптасуында оның тәндік қуаты он түрлі табиғи және субьективті белгілерге: ыстықтық, суықтық, келбеттік, сұйқылдық, қатайымдылық, босандық, денеге сіңірімдік, шығарымдылық, ояулық, дене тыншуына  тәуелді болатыны жөніндегі ғұлама шипагер бабаның танымдық көзқарасы, бүгінгі ғылыми медициналық тұжырымдармен үндестігі, жалғастығы барлығын аңғартады. Қытай медицинасының ғылыми дәлелдері бойынша адамның биоөрісінің  деңгейі, адам денесіндегі он төрт  меридиан /канал - З.Қ./ бойынша басқарылмақ. Адам денесі арқылы өтетін 14 каналдың 12-сі  тақ, ал екеуі  жұп  болып келеді. Каналдар бірмен-бірі байланысып тұратындықтан, яғни бұларды «Өмір жолы» – деп атайды. Әрбір каналдың өзіндік орналасу және байланысу жолдары арқылы, өзара қуат алмасу мен тасымалдау  әрекеттері жүзеге асырылып жатады.

Каналдар адам денесіне ішкі және сыртқы ағзалар арқылы  өтеді. Ішкі ағзалар арқылы өтетін 10  канал: өкпе, тоқ ішек, асқазан, талақ, ұйқы безі, жүрек, ащы ішек, зәр жолы, бүйрек, өт қабы және бауырмен тікелей байланыста болып, осы ағзалардың биоқуатын реттеп отырады. Қытай медицинасының тұжырымынан адамның ішкі ағзаларының биоқуатының өзгерісі, оның ішкі ағзаларды қоректендіретін он канал қызметіне тәуелділігін  білдіреді. Қытай  медицинасындағы екі жұп канал ол адамның ішкі және сыртқы ағзаларымен тікелей тербелістік /импульстік – З.Қ./ тұрақты қатынаста бола отырып, жүйке-жұлын ағзаларын қоректендіріп ішкі ағзалардан сыртқа, ал сыртқы ағзалардан ішке немесе импульсті беріліспен төменнен-жоғарыға, жоғарыдан-төменге өмір бойы әсер етумен  болады. Бұл жүйелік қайталамаларды – «Өмір қуаты» – деп атайды. Бұл екіге бөлінеді: физикалық қуат – Ин және  жүйке-жұлын қуаты – Ян. Тіршіліктің негізі осы екі өмір қуатының  бір-бірімен қатынас жасауынан, Ин плюсынан  Ян плюсына жүйке импульсі өтеді, содан денсаулық  тұрақтылықты сақтайды. Егер, импулстің  дене ағзаларына өту заңдылығы бұзылса, онда адам ағзаларында әр түрлі  аурулар пайда болатындығы да  түсіндіріледі.

Адам биоөрісінің қуаттарының тұрақтылығы әрбір адамның жеке мінез- құлқының психологиялық бірқалыпты тұрақтылығына, байсалдылығына, адал жүректі мейірмандылығына, аралық сүйіспеншілігіне, ізеттілігіне, төзімділігі мен қайсарлығына, өзіне-өзі сенімділігіне тікелей байланысты. Күдік, сенімсіз ойлар мен төзімсіздік, қаталдық, қызбалық, аңғарымсыздық, өтірікшілік пен алдампаздық адам биоөрісін азайтады, ауруға ұшыратады және өз өміріне қатерлі қауіп төндіретінін білген дұрыс екендігін ескерген жөн. Адамның биоөрісінің қуаттары – ол адамның өмірінің  қалыптылығы мен ұзақтығының  қайнар қөзі әрі сусынданар бұлағы екендігіне сеніммен қарау,  денсаулықтың қалыпты кепілі  боларын айқындайды.

 

 

 

 1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32

 

в начало