өмірімнің шежіресі 28 | ||
главная вернуться | ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 | ||
Емдеу мәдениетінің үйлестігі Емдеу мәдениетінің жоғары дәрежедегі үйлестігі мен ұтымдылығы халықтық шипагерлік дәстүрдің жетістігінің көрсеткіші болып есептеледі. Қазақ шипагерлері ертеден-ақ, санитарлық-гигиеналық дәстүрлерді ерекше сақтай білген. Бұл гигиеналық дәстүрді сақтамаудан әр түрлі аурулардың пайда болатыны, халықтың арасында оның тез тарап кету қаупі болатыны туралы олар қатал ескертіп отырған. Сондықтан да, ертеден әр бір жеке адам өзінің жеке басының, үйі мен мекенжайының және ауласының тазалығына айрықша мән берген. Қазақтардың тазалық сақтау жөніндегі іс-әарекетін өз көзімен көрген орыс зерттеушісі А.Н. Краснов (1887) былай дейді: «Ең болмаса дұрыс үйлерде тұрмаса да, жұмасына бір рет шайынып, шомылу, киім – кешектерін жуу оларға тән». Қазақ шипагерлері емдіктің қай саласында болсын өз ісіне жауапкершілікпен әрі сеніммен қарай білді. Шипагер емдеу ережелерінің мәдени тұрғыдағы қызмет көрсетуін басты міндеті санады. Шипагерлер адамның сырқатының түрін анықтауда, пайда болу себептерін іздеп білуде және сырқатқа қарсы ем жасауда, өзіндік ережелерді сақтай білді. Сырқатқа емнің қонымдық уақыты кестесін анықтауда көп қателіктер жібермегені жөнінде сынықшылар туралы былай баяндалады: «Білек, қол, саусақтардың бітуі 15-25 күн. Иық білегінің бітуі 25-30 күн. Жіліншік сынығының бітуі 30-45 күн. Жамбас сүйегінің бітуі 60-70 күн». Англиялық зерттеуші Тэд Эндрюс шипагерлік қағида мен мәдениеті жөнінде мынандай тұжырымнамасын ұсынады: «Шипагердің басты жауапкершілігі сырқат адамға көмек көрсетумен оған ыңғайлы жағдай жасау. Шипагер болу – бір уақытта тәрбиеші ұстаз болу және емдеу мәдениетін дамыту, сырқатқа мейірмандықпен қарау», – деген қағидасын ұсынады. Қазақ халқында емдіктің қарапайым қағидалары бойынша әйелді екі қабат болған уақыттан бастап босанғанға дейін арнайы бақылаулық күтімде ұстаған. Ал, жас нәресте дүниеге келгеннен бастап қырық күн бойы күнделікті арнайы ем-домдық күтім, ал одан кейін бақылаулық күтім ережелерін қатаң сақтай білді. Әсіресе жас сәбилер үшін өте қауіпті көз бен тіл тиюден қорғаныс жолдарын таба біліп, одан сақтанудың емдік жолдарында меңгере білуі де емдеу мәдениетінің өзара үйлестігін білдіреді. Халықтың санитарлық-гигиеналық ұғымдары адамның әлем, өмір, табиғат, жан-жануар т.б. мәселелер жөнінде көзқарастарының өзгеруіне байланысты жаңарып, мәдени-тұрмыстық қызметі жақсара түсті. Кейінгі кезде «Шипагерлік баян» атты энциклопедиялық медициналық еңбегі медицина ғылымына қосқан зор үлес. Дала ойшылы, ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шипагерлік емінің мәдени үлгісінің негізін қалаған, оның бұл жаңалықтары осы заманғы медицина ғылымының талаптарына ұқсас, сәйкес әрі сабақтастығы бар. Бұл қазақтың медицина ғылымының емдеу мәдениетінің үлгісі осыдан бес жарым ғасыр бұрын қаланғандығын айқындай алады. Ғұламаның өзіндік жеке философиялық, психологиялық, медициналық ой-толғамдарынан шипагерліктің жүйесінің мәдениеттілік стилдерін көптеп аңғаруға болады. Ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы емдіктің мәдениетін көтеру тікелей шипагерге тәуелді екенін оның: «Шипагер сезімтал, көреген, адам мінезін жетік білетін тәлімгер-тәрбиеші болуы керек», – деген ой толғамынан аңғаруға болады. Өтейбойдақ бабаның шипагерлер тобын дарымдаулық және болжампаздық шипагерлер деп екі топқа бөліп, олардың емінің дарымы мен болжамдылығы бойынша жиырмадан аса шипагердің түрін атауы, оның емдеу мәдениетіне қатал әрі жауапты қарап бағалағандығы көрінеді. Шипагер ұлағатты мәтелдер мен мақалдарды шипагерлік мәдениетін дамытуда: «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» және «Біреуді табалама» «шоқ, шоқ» деп, басыңа келеді деп, шипагерлерге қана емес, жалпы адамға мәдениетті түрде түсіндіреді. Бұл шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шипагерлік өнерін ұлттық мәдениеті ғылыми талаптарға сай, философиялық ой иесі және дара тұлға екенін аңғартады. Шипагер Өтейбойдақ баба адамдарды жақсы сөйлеуге, бос сөз айтпауға, батыл мен елпек болуға, қорқақ болмай жүректі болуға бағыт беріп, сілтеме жасайды. Шипагердің жақсылығы соңында өнер шыңына шығаратынына сеніммен қарау, мәдениеттілікті сақтауға берген нұсқауы деуге болады. Шипагерлік саласындағы ең басты жауапкершілік шипагердің сөздік, ілімдік және мәдени байлығына байланысты болып, оның шипасы емделушісіне қонымды болмақ. Шипалық емдеу әдіс-тәсілдерінің қай түрі болса да, емделушінің психологиялық мінез-құлқына, сырқатының түріне, сеніміне, шипагер тапсырмасын орындауына тікелей тәуелді екендігі ғылыми негізде дәлелденген. Адамның биоөрісінің өзгеріске ұшырауы оның дене мүшелерінің қуаттарының әлсіреп, сырқатқа душар болуымен аяқталады. Емдеу мәдениетінің басты көрсеткіші білімділік, сезімталдық, ұйымдастыру мен жауапкершілікке байланысты. Осыны жүрегімен сезген ғалым-шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының адам өмірінің тірегі мен қайнар бұлағы болатын денелік қуаттарды жаншылық, жаршылық, ғаршылық, таршылық /қимыл, сезім, тежелімдік/ және баршылық қуаттар деп жеке-жеке талдаулар жасауы, бүгінгі ғылымның философиялық және психологиялық медициналық көзқарастарымен ұштасып, үйлесімділігінің мәдени түрін айқындайды. Шипагер бабаның: «Білім тікеуікпен құдима қазғанмен бірдей» – деп, ғылымнамасының құндылығына үлкен жауапкершілікпен қарағанын білдіреді. Бұл да шипагерлік мәдениетін қалыптастырудағы ескеретін басты нәрсе екенін көрсетеді. Әрине адамның тіршілігінің қайнар бұлағы да, көзі де оның қуаттарының тепе-теңдікте болуы, денсаулықтың қалыптылығын қорғай алады. Шипагердің сапалы қызметі оның емдеу мәдениетінің үйлестігіне, емдеу әдіс-тәсілдеріне және ем алушының сеніміне тікелей байланысты екені де түсінікті. Баба адам денінің саулығы, тұлғалық келбеті мен адамгершілігінің жетістігінің өлшемі оның тәндік биоқуат-тарының тұрақты немесе тұрақсыздығына тікелей байла-нысты болады, білді сонымен қатар аурудың көбінесе ыстықтық пен суықтықтан пайда болатынына ерекше мән берді. Ертеде бүгінгі ғылымның анықтамасындай нұр /чакра/ көздері теориясы болмаса да, адамның биоқуатын теңшеу үшін, сырқаттың кейбіріне суық сумен емдеу тәсілін пайдаланудың тәсілін алғаш қараүзген шипагер баба Өтейбойдақ ұсынды, тәжірибеден өткізді, жеке тұжырымын жасады. Осының нәтижесінде шипагер адамның өмірлік қуаты алғашқы ана құрсағында жатқанынан бастап, өмірі аяқталғанға дейін жалғасады деген тұжырымы да мәдениетті талдау мен түсіндіру жүйесіне сәйкес келеді. Бұл идеясының бүгінгі ғылыми медициналық тұжырымдардан алшақтығы жоқтығын айқындайды. Бұл қуаттардың бір қалыптылығы мен ауытқуы адамның биоөрісін құратын оң және теріс зарядтардың немесе қытайша анықталғандай «Өмір қуатын» құрайтын физикалық қуат – Инь мен жүйке-жұлын қуаты – Янь зарядтық жүйесінің өлшемдік қызметіне тәуелділігін аңғартады. Адамның психологиялық мінез-құлқының өзгерісі оның биоқуатына тұрақсыздық тудырса, ал салмақтылық биоқуаттың қалыптылығын сақтап, тәннің саулығына көмектеседі. Бұл адам өмірінің белсенділігі оның биоөрісінің қуаттарына тікелей тәуелді әрі байланыстылығын білдіреді. Қазақ шипагерлігіне жауапкершілікпен қараған дала ойшылы, шипагер Өтейбойдақ баба: «Емшілік – қақалақтың /ешкінің – З. Қ/ өзін көрмей, мүйізін ғана көргендік. Шипагерлік атауы дұрыс. Өйткені шипа жазады, қонады, дариды, дару болады» – дегені, оның ұлттық шипагерлердің білімділігіне, мәдениетіне, қабілетіне арнайы қарағанда ғана емдеу мәдениетін дамытуға болатынын аңғартады. Емдеу дәріден, дәріні қабылдау тәртібінен басталады. Шипагерлер дәрілік өсімдіктердің химиялық және биологиялық қасиеттерін анық білмесе де, жан-жануарлардың мүшелері мен металл-металлоидтардан да емдік дәрі-дәрмектерін жобалай қоспа түрінде жасады. Өлшем бірлігі де жобалық тұрпайы болды. Сырқатты адамға ауруын анықтаған соң шипалық емін жасаған қазақ шипагерлерінің әдіс-тәсілдерін, ХV ғасырда ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы нағыз ғылыми жүйеге қосты. Бұл жетістікті кейінгі ұрпақ бес ғасырдан аса білмеді, көрмеді, естімеді. Шипагерлік қызметте шипагер мен науқас арасындағы екі жақты сенімділік пен түсіністік ғана емнің шипасының тез қонуын тездетеді. Бұл шипагерлік мәдениетінің үйлестігінің жетістігін білдіреді. МЕДИТАЦИЯЛЫҚ ШИПАГЕРЛІК Жер, адам, ғарыш бір-бірімен тұрақты байланыста болғандықтан да, тіршіліктің жалғасуы осы үш тұлғаның өзара тәуелділік байланысы арқылы жүзеге асырылады. Бұнда барлық жүйелік қызметі ой мен сананың басқаруында болады да, сезім арқылы реттеліп отырылады. Мұндай үш жақтылы байланыс пен реттеу тәсілін ғылыми түрде медитациялық жүйеге жатқызады. Осы заманғы салауатты өмір сүруде дәрісіз емдік шипаның жаңа түрі – медитациялық емдік тәсілі әлемнің көптеген елдерінде дами бастады. Оның ерекшелігі бұл көне шығыстық психотехникалық әрі шаршағандықтың әсерін жоюдың әдіс-тәсілі болғандықтан, ауру адам бір уақыт дене ағзаларын ішкі және сыртқы күштерден босатып, өзін-өзі иландырып жеке сырқатын емдеуді жүзеге асыра бастады. Медитациялық емнің негізін Индиялық ғалым Махариши Махеш Йоги 1958 жылы «Адамзаттың рухани өрлеуі үшін» ұранымен, алғаш Америкаға одан кейін басқа елдерге таратып, оның әр түрлі ауруларды емдеуге болатынын анықтап, емдік жүйеге ұсынды. Сонымен, медитациялық емдік әдісі «екінші дем алу» – деп психотерапиялық емдеу әдісіне жатқызылды. Бүгінде медитациялық әдіс әлем елінің көбінде пайдалана бастады. Қазақ елінде де кең өріс алуда. Оның денсаулыққа зияны жоқ. Кез-келген жерде орындауға болатын қарапайым емдік тәсілге айналды. Ең пайдалысы мидың қызметі жақсарып, жүйкенің қалыпты жұмыс істей бастауы ғылыми зерттеулер бойынша бұл емдеу әдісінің болашағының ұзақ екенін баяндайды. Адамның бойында пайда болатын әр түрлі ауруларды емдеудің дәстүрлі халық шипагерлігі саласында әдіс-тәсілдері көбеюде. Сырқат адамды психологиялық әсермен иландыру, көндіру арқылы ауруың өзін-өзі емдеу тәсілін пайдалануды ұсынуда, медитациялық емдік тәсілдің пайдалылығы арта түсуде. Адамдар сырқатына дауа болатын емдік тәсілдерді іздей бастады. Әрбір адам өзіне лайықты әрі пайдалы шипалық тәсілді меңгеруге талпынуда. Медитациялық ем – бұл көне шығыстық психотехника немесе шаршағандықтың алдын алудың әдіс-тәсілі. Бүгінде әлем елдері мен Қазақстанға кең тарай бастаған қарапайым бұл емдік тәсілді «трансценденталдық медитация» әдісі деп аталады. Бұның ерекшелігі ауру адам өзін-өзі емдейді. Ғалым О.А.Красавин мынадай анықтамасын ұсынады: «Адамның денесі – бүтін бір микрокосмос. Ол макрокосмостың немесе Жаратушының қуатымен толтырылып қуаттандырылған...» – дейді. Бұл адамның өз қуатын өзі де реттей алатындығын білдіреді. Медитациямен шұғылданған адам дәріге құмартпайды. Бұл тәсілмен шаршағанды басу мен кейбір аурулардан айырылу үшін, адам оңаша бөлмеде отырып көзін жұмып, денесін босатып, ешнәрсеге көңіл бөлмей тыныштықпен еркін демалып денеден кір қуаттары кетіп, жаңадан қуат жинаудамын дегендей сезімде өзін сезінсе, шынында да дененің жеңілдеп, көңіл-күйі жақсарып сырқатынан жазыла бастағанын аңғара бастайды. Күніне он бес-жиырма минуттай ертелі кеш қайталап, біраз күн шұғылданса нәтижесін көрері анық. Белгілі дәстүрлі халық емдерінің авторы Г.П.Малахов: «Медитация – ол адамның табиғи қабілетінің ашылуы, сол арқылы кеміген «Өмірлік қуатты» қалпына келтіре алады», – дейді. Бұл тәсіл әр адамның жеке шұғылданатын ісі болғандықтан, ұдайы шұғыланудың да пайдасы зор екенін сырқат жандар дәлелдей бастады. Медитация кезінде іштен жақсы сөздерді немесе Құран дұғаларынан білетінін ұдайы іштей қайталап отыру, өзін-өзі иландыру арқылы дене қуатының тазаруына, толуына жақсы әсері болатынына бұл әдісті басты принцип етіп қояды. Медитацияның теориясы – мен дем алып отырмын. Менің денемнен лас қуаттар сыртқа төгілуде. Мен бақытты адаммын. Менің қан қысымым төмендеді немесе жоғарылады т.с.с. психологиялық әсерлі сөздерді қайталау арқылы адамның жүйке жүйесі қалпына келіп, қабілеті артып, денсаулығы жақсарғаны, тіпті қатерлі ісік ауруларына ұшырағандардың жақсы нәтижеге жеткені анықталуда. Ресейлік биоэнерготерапевт Ю.Хван: «Дұрыс демалу денсаулықтың сатылы жақсаруына ықпал етеді», – дейді. Бұл өте ұтымды, тәжірибе мен ой талғамынан өткен тұжырым. Медитацияны көп уақыт діни ұғымдармен байланысты, ол Құдаймен байланысқа шығарушы, әрі жоғары Тәңірден рахым алу жолы деген ұғымда болды. Бірақ, бұл адамның ғарыштық жүйемен байланыстамын деген ойы арқылы тыныштық сезімде жүзеге асатын құпиялы тынығу тәсілі. Ғалым А.Разумов: «Медитация – ол бір жағдайдан екінші жағдайға өтудің жүйелік өзгерісі», – деп анықтама береді. Сонымен, медитация әдісі «екінші дем алу» - деп психотерапиялық емдеу әдісіне қабылданды. Барлық нәрсе адамның ішкі дүниесіне байланысты. Адамның ішкі құпиялық жүйелері ашылып оның ішкі әлемі дамыған сайын оның танымы мен ойлау санасы артады. Ресейлік ғалым К.С.Азими: «Медитация – ол ойдың қызметі. Ішкі жан дүниеңмен Жаратушыға берілу. Рух денені тастап шыққанда барлық сезім, ой, идея және сана оған бағынады...» – деген анықтама береді. Бұдан медитациялық емдік тәсіл санадан тыс ой арқылы жүзеге асатын рухтың жоғарғы Жаратушымен телепатиялық жұмбақ байланысы арқылы орындалатын, жүрек сенімінің және жүйке жүйесінің сезімдік жетістігі екенін аңғартады. Медитация тәсіліне арабтың дін зерттеушілері Шах Валиулла, шах Гус Али, сопылық ілімінің негізін қалаушылардың өкілі Ибн-э-Мубарак, Имам Газали т.б. ғұламалар оң бағаларын берген. Медитациялық әсер төрт сатыдан тұрады: 1. Бұлшық еттерді босату. Жүйке бұлшық еттің өзгерісін реттеу. 2. Қандайда бір затқа ыңғайлану обьекті, дауысқа, дыбысқа, картинаға, шырақ, жарық, мантра, жеке тыныс алуға т.с. көңіл бөліп елестету. Бұл уақытта ойда басқа хабарлар болмауы керек. 3. Пайда болатын ой – ол медитациялық құбылыстың бөлігі. Бұнда жамандық ойламай, бәрі жақсы болады деу негізгі шарты. 4. Жеке медитациялық жағдай – оның медитацияны орындаудағы тәжірибесіне байланысты болмақ. Медитация арқылы адам бір уақыт дене ағзаларын ішкі және сыртқы байланыс күштерден босатып, тыныштандыруы арқылы жүзеге асады. Медитация әдісі денсаулыққа зияны жоқ құпия тәсіл. Әрі қарапайым, табиғи күшті көп қажет етпейтін ой арқылы жүзеге асырылатын емдік тәсіл. Медитациялық емдік тәсіл орын талғамайды, кез-келген жерде қабылдай беруге болады. Зерттеулер бойынша медитациялық әдісті пайдалану кезінде мидің оң жағының қызметі артатыны әрі жүйкенің бейнелік тұлғаға айналатыны анықталған. Осыдан кейін сырқат адам жағдайы жақсарып таза ойға ие болып жалғандығынан арыла бастайды. Ішкі толқудан, неше түрлі ғаламатты өзгерісті сезе бастайды. Имам Газали өзінің «Кимаии Саадат» еңбегінде медитация жөнінде былай анықтама берген дейді К.С.Азими: «Егер адам шын ішкі сенімімен Құдайға бас исе, ол жасаңғырайды, өзін рухани азғындықтан құтқарады. Ондай адамның Құдайға жүрек сезімі оянады, көзі ашылады. Ол Құдайдың көмегімен көкте де, жерде де періштелерді көретін болады..». Бұл ұлы дін ғұламалары да тыныштықта сенім арқылы орындалатын медитациялық рухани емдік әдістің маңызын тәжірибелерінен өткізгені, оның адам денсаулығын жақсартудағы пайдалылығына әділ философикалық тұжырымдары болғанын аңғартады. Мәселен, медитация әдісімен шұғылданып жүрген АҚШ-тың екі мың тұрғынын бес жыл бойы бақылағанда, басқаларға қарағанда олардың емханаға 56 пайызы аз түсетіні анықталып, оның ішінде қатерлі ісік /рак/ 55 пайыз, ал жүйке аурулары 87 пайыз емханға аз түскен. Психологиялық тәсілмен өзін-өзі иландыру арқылы медитациямен бес жыл ұдайы шұғылданғандардың өңі әрленіп, өзінен он екі жас кіші адамдай түрге еніп жасаратыны байқалған. Медитациялық тәсілдің әсері адамның ұлтына, жасына, жынысына, біліміне және дініне ешқандай қатысы жоқ болғандықтан, оның нәтижесі әр адамның әрекетіне тікелей байланысты емдік шипасы болады. Медитация техникасының басты ерекшелігі – әсіресе, жүрек қан тамырлары ауруларының, тыныс алу мүшелерінің, ас қорыту органдарының, созылмалы бас ауруларының, ұйқы қашудың, буынға тұз байланудың тағы басқа да ауруларға емдік пайдасы бары дәлелденуде. Медитация кезінде адам санасы, яғни миы өте терең тынығу жағдайында болады. Осының нәтижесінде денедегі барлық сезу мүшелері рахаттанып тынышталады. Ой мен сананы тазалайды. Адамның денесінде жаңа күш қуат пайда болады. Сергектік сезіліп, жұмысқа ынтасы артып оның жетістігі молаяды. Медитациямен тұрақты шұғылдану тән мен жан тазалығын арттырады. Медитацияның жасару жолына ықпалы туралы академик Р.Оразалиевтің: «Адам өзі үш болмыстан тұрады. Олар: рухани, нәзік материалдық және тән. Адамның нәзік тәнінің болмысы өте күрделі болғандықтан, ол әлі толық зерттелмеген. Ал, адамның рухани болмысына осы уақыттағы деңгейде ғана болжам бар...», – деген философиялық болжамы тән мен жан тазалығы үйлестігін жасартуға ықпалы барын аңғартады. Мұсылмандардың бес уақыт намазы кезіндегі тыныштықты сақтап, ешнәрсеге көңіл бөлмей міндетін орындап, Жаратушыға мінәжат етуі мен таспих тартудағы ізгілік әрекеттері, медитациялық әдістің жоғары сатысына жатады. Тек бір Аллаға сену ғана мұсылман адамның дұғалық тілегінің орындалуына пайдасы зор екені туралы қасиетті Құран сүрелері мен пайғамбарымыз Мұхаммед /с.ғ.с./ хадистерінде арнайы айтылған. Бұнда адамның ойы тек ғана бір Аллаға сиыну мен тілеуден басқаға бөлінбейді, ізгі тілектің орындалуының құпиясы осында жатқандай. Өз тәжірибеме сүйенсем, өз ұсынысым бойынша намазға ұйығандардың ішінен көп жылғы сырқатынан жазылғандары көп болды. Медитацияның маңызы ол жалғандықты, қайғы мен қасіретті, жылпоздықты, бос сезімдікті жоюға әсер етіп, адамның санасында таза ой-өріс пайда болып, оның жаңаруына және Аллаға сенімін арттырады. Адам өз денесіндегі жақсы өзгерістерді медитация кезінде сезіне келе, нағыз шындық медитациясы барына психологиялық жақтан түсіністікпен қарайды. Әлемдік өзгерістерге жоғары рухани танымдық көзқараспен баға беретіндей саналы тұлғасын қалыптастырады. Салауатты өмір сүрудің дәрісіз тәсілін ұсынушы ресейлік ғалым М.Норбеков адамның тәні мен рухын тазалауда медитациялық емдеу тәсілінің маңыздылығын жоғары бағалайды. Егер сана медитация әсерінен өзінің өсу дәрежесін қалыптастырса, онда саналық шексіздік пайда болумен қуанышты сезіну түйсігі, гормониялық көтерілу және таза сезімдік жүйе орнап, өзіне-өзі нақ сеніммен қарайтын қайсарлықтың белгісі: «Мен – өзім» деген мәнді ұғымға тоқтам жасау дәрежесіне жетеді. Осындай дәрежеге жеткен адамның әлемдік көзқарасы да өзгеріп, өз мәселесін еркін шеше алады. Өмірге деген таза ерекше ұғымы мен танымы артады. Ауруы азайып, денсаулығы түзеле бастағаны сезіледі. Ішкі дүниесінде тыныштық орнап, адами мінез-құлқы жақсаруға ұмтылады. Адамның өнерге деген қосымша қасиеті ашылады. Осындай медитациялық емнен кейінгі ірі өзгерістерден соң сырқат адамдар өздерін ұсақ-түйек нәрселерден, ренжуден, өтірік айтудан, арам ойдан, қайғырудан аулақ ұстау жағдайына жетеді. Медитацияның маңызын бағалап оны ұдайы қайталау жүйесіне көшеді. Бұл емдік тәсіл адамды өте жоғары саналық сатыға жеткізеді. Адамның денінің саулығы мен көңіл күйінің бір қалыптылығы жөнінде ғалым Ш.Шынтаев: «Адамның денсаулығына әсер ететін факторлардың ең бастысы – қоршаған ортасы, отбасы, дос-жарандары, еңбек ететін ұжымы арқылы айқындалады. Рухани таза болу өте маңызды», – деген тұжырымын ұсынады. Адамның энергетикалық потенциялы артып, ізгіліктің ақ жолына түсуге, жақсы өмір жолын таңдауға ұмтылады. Ислам діні бойынша медитациялық емдеу тәсілін сопылыққа жатқызуға болады. Орта Азия мен Қазақстанда сопылық дамығаны белгілі. Қожа Ахмет Иассауи сопылықтың негізін қалаушы әрі дамытушысы болды. Сопылық медитациялық йога іліміне ұқсас, ішкі сезім тыныштығы арқылы ғарыштық жүйемен байланысқа шығып, адамның санасын дамытумен ішкі дүниесінің құпиясын ашу болып табылады. Философия ғылымдарының докторы Б.Абирова: «Суфизмнің мақсаты, адамды өте лас және кір ойларынан тазалау, рухани тазарту, Жаратушыға жақындату мен рахат алу», – деп қорытынды жасайды. Осындай ұқсас идеяларды ғалымдар М.Валиддин мен Е.Қартабаев та білдіреді. Рухани ішкі дүниенің құпиясын ашу жаңа өмір жолына қадам басып, ізгі ниетті таза ой-толғамына жеткендік белгісі. Барлық нәрсе адамның ішкі дүниесіне, танымдық талғамына байланысты. Философия ғылымдарының докторы, профессор Т.Ғабитов: «Жалпы рухани жетістік пен ішкі еркіндікке ие болу, сыртқы әлем мен рух арасындағы үйлестікке жету идеялары өзге де әрекеттерге тән. Бұл бағытта батыл қадамды йога философиясы жасайды», – деп, медитациялық емінің йогалық түрінің ішкі әсерлік сезіміне тоқталады. Адамның ішкі дүниесінің жақсылық жақтарының құпиялары ашылған сайын, оның танымы мен ойлау санасы артады. Жаратушының рухы ең жоғарғы билеуші – РУХ. Ал адамның рухы оның бір көзге көрінбес нұры ғана. Таза дене мен таза жан жүйесін қалыптастыруда салауатты өмір салтының дәрісіз емін дененің сырқатын емдеуге пайдалануда оң нәтижелерін беруде. Ғылымның осы саласын зерттеуші ғалым Д.Өтеков: «Венгрияның көрнекті ғалымы Альберт Сант-Деер өмір дегеніміз – энергияның әртүрлі түрін сіңіру, өзгерту және ауыстыру процесі деген екен. Қуат организмге өзін жаңарту үшін ғана керек емес, одан маңызы кем соқпайтын басқадай мақсаттарға да керек», – деп жан мен тән қатынасының таза байланысына тұжырым береді. Медитациялық ем – ол адамның денсаулығының жақсаруына жол ашатын қарапайым шипалық өнер. Тек ғана адамзатқа жақсылық сыйлайтын әлем елдерін қамтыған рухани шипагерлік жолы. Ресейде жақсы дамыған, арнайы орталықтар ғылыми бақылаумен ауру адамдарға өз қызметтерін жалғастыруда. Қазақ елінде медитациялық емнің қанатын жайғалы оншақты жылдай мезгіл болды. Бұл ем түрі мемлекет пен ғылым саласында әлі қамқорлыққа, зерттеп зерделеуге алынбағанымен, қоғамдық, жеке ұйымдар мен мамандар арқылы тәжірибеден өткізіліп, өзінің оң нәтижесін беруде. Сондықтан ешқандай зиянсыз медитациялық емді дамыту, адамды улы химиялық дәрі-дәрмектен аз да болса құтқарудың жаңа емдік тәсілі екені бүгінде айқындала түсуде. Ол бұл емнің болашағы барын айқындайды. МУЗЫКАЛЫҚ ЕМНІҢ ШИПАСЫ Адам тәні биоөрісі тепе-теңдігі өзгеріске ұшырағанда, оның денсаулығының күйін ыңғайсыз жағдайларға душар ететіні ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Мұндай жағайлар адамның көңіл-күйінің бір қалыптылығына кері әсер етіп, ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Адамның ой-жүйесінің психологиялық теңдігінің өзгерісі артады. Адамның көңіл-күйінің өзгеріске ұшырауынан оның тәндік биоқуатының тұрақтылығы ауытқып, дененің кейбір мүшелерінде сырқат белгісі сезіле бастайды. Осы жағдайдан адамды шығаруда әсерлі емдік шипалық құпиясы бар ерекше музыка, ән-күй және дыбыстар бүгінде әлемдік халық шипагерлігі саласында ғана емес, осы заманғы медицина жүйесінде де арнайы ғылыми анықтамаларға негізделіп пайдаланылуда. Музыка, ән-күй мен дыбыстың да шипалы, шипасыз және кері әсерлісі бары анықталған. Адамның жан дүниесі тәтті бір ұйыған, тыныштықта болу үшін жайлы, нәзік музыканы тыңдау пайдалылығы анықталуда. Халық шипагерлігінде сырқатты түріне қарай анықтаған соң оны емдеп жазуда музыка мен ән-күйдің көмегін пайдалану тәсілдері ертеден қалыптасқаны белгілі. Ата-бабаларымыз ертеден-ақ музыка өнерінің тозған, шаршаған жүйке талшықтарына қозғау салып, жан бітіретін күшке ие екендігін білген. Бұл әдісті одан ары дамыту жолдары да бүгінде көптеген елдер мен қазақ елінде де ғалым дәрігерлер мен шипагерлер тарапынан қолдау табуда. Кез-келген адамның көңіл-күйін бір қалыпты ұстауына дыбыстың әсері зор болып қалмастан, оның психологиялық жақтан ауытқуға ұшырай бастаған жүйке-жұлындарының бір қалыпқа келуіне, тербелістік үндік толқындардың тигізер емдік шипасы осы заманғы медицинада да пайдалануда. Адамның психологиясы мен биоқуатының бір қалыптылығы барлық уақытта бір деңгейде бола бермейді. Қаншалықты өнерден хабарсыз, оны онша ынталы түрде жаны сүйіп тыңдай қоймайтын адамның өзіне де ең алдымен ұлттық музыка, күй, ән бір әсер ететіні анық байқалуда. Музыкатерапевт – емші Рушель Блаво осы музыканың көмегімен сырқаттарды емдеудегі алғашқы кітаптың авторы. Ол өзінің көп жылғы тәжірибесіне сүйеніп, музыканың емдік пайдасы туралы былай дейді: «Музыкамен емдеу жолы жылдар бойы адамның өмірін қинаған, жүйке-жүйелерін тоздырған және өте қауіпті асқынған сырқаттарын емдеуде зор көмегін тигізеді» – деп жүйелейді. Музыкалық емдік шипаның жүйкенің ауытқуына, гормондық тепе-теңдіктің бұзылуына, шаршап әлсіреуге емдік әсері жоғары екені дәрігерлік-емшілік саласында да нәтижесін беруде. Музыка мен ән-күй құрамында химиялық уы болмайтын, адамның тәнін уламайтын, жанына рахат сезімін тудыратын, психологиялық әсері күшті таза мөлдір дәрі деуге болатынын, мен өзімнің жиырма жылға жуық шипагерлік қызметімде тәжірибеден өткізіп, оң әсерін анықтай алдым. Мұндай анықтамаларды шипагерге емделушілердің өздері бере отырып, шипагердің пікір мен ұсыныс журналдарына қалдырған ықыласты пікірлерінен байқауға болады. Көптеген сырқат адамдар өздерінің сырқаттарынан музыка мен ән-күйдің әсерінен кейін оңала бастағанын және көңіл-күйлерінің жақсара бастағанын сезген. Ресейлік дәрігер-хилер А.Затеев музыканың емдік сипаты жөнінде: «Музыка бізді қоршаған адамдармен өзара қатынасымызға және байланысымызға жақсы әсер етеді. Тыңдаған музыканың бәрі жағымды бола алмайды. Әр музыканың өз тыңдаушысы болады. Сондықтан да музыканың түрі денсаулыққа емдік пайдасымен ерекшеленеді», – деген ұғымын білдіреді. Бірақ, әр адамның өзіндік жеке психологиясына, сырқатына, әлеуметтік жағдайына және қоғамдық ортасына қарай әр түрлі музыканың әсері өзгеше болатыны анықталуда. Мәселен: біреулердің жүйкесін күй, ән немесе эстрада әндері қозғаса, ал симфония мен баяу әндер көңілді жайландырады немесе, керісінше, әсер ететінін науқастардың өздері байқаған. Жан – дүниені тербейтін өте әсерлі тербелістік ұнамды музыка ғарыштық жүйемен үндесе отырып, адамның және жануарлар мен тірі организмдердің де жүйелі дамуына молдығы барын халық та және ғалымдар да ертеден бақылап біліп отырған. Қытай, Үнді, Египет, Греция, Франци, т.б. елдердің дәрігерлері мен емшілері, философтар мен музыканттары музыка мен биді сырқатты емдеуге пайдаланған. Сиқырлы қобыз сарыны, күмбірлеген домбыра үні, сызыла шыққан сыбызғы үні т.б. аспаптарда ойналатын музыкалық туындылардың адам организміне әсер етуі де әр түрлі болғанымен, жалпы психологиялық емдік шипалық қасиеттері барын аңғаруға болады. Мәселен, ежелгі грек философы Пифагор музыканың адам ағзасына, көңіл-күйіне қалай әсер ететіні туралы ғылыми анықтама берген. Адам мұңайғанда, қайғырғанда, қажығанда ән мен күй оның ауыр жағдайынан шығуына немесе ауытқыған қуатын бір қалыпты жағдайға келуіне көмектесетінін тәжірибелік ізденістер көрсетуде. Әлемдегі кейбір білімді адамдар мен дәрігерлер музыкамен көп нәрселердің шешімін тапқаны жөнінде баспасөзде жазылып келеді. Пифагор, Гомер мен Госиоданың жырларын адамның жан-дүниесін емдеуге қолданған. Әлемге әйгілі Гай Гракх халық алдына шыққанда сөзі өтімді болуы үшін, өзінің жанындағы музыкантына музыка құралын ойнатып қойған. Кейбір әншілер жағымды әндерді орындағанда адамдардың жан дүниесіне, тіпті жабайы аңдар мен құстарға да жағымды әсер ететіні байқалған. Кейбір жерде дәрігерлер музыканың ерекше ырғақтық дыбыстық көмегімен саңыраудың құлағының есту қабілетін ашып, қалпына келтірген. Баяу ырғақты музыканың адам денсаулығына пайдасын көне дәуір дәрігерлерінің бірі – Асклептиидің баяндауынша емдеуге музыка мен ән әуендерін пайдаланған. Аса дыбысы жоғары, шулы сүйкімсіз музыка мен әндер адамның қан қысымын көтеріп, ауыр жағдайға душар етуі де мүмкін. Көбінесе рок музыканың қаупі басым екені, адам психикасын теріс бағытқа өзгертетіні ертеден анықталған. Рим дәрігері Гален жылан, қарақұрт шаққан адамды музыканың көмегімен емдей алған. Адамның нерв жүйесіне байланысты ауруларға музыканың да пайдасы анықталған. Немістің музыка зерттеушісі Маттесон: «Адамның жан – дүниесі тәтті бір ұйыған, тыныштықта болу үшін жайлы, нәзік музыканы тыңдау керек», – дейді. Дегенмен, сырқаттардың біреуінің жүйкесін күй, ән немесе эстрада әндері қозғаса, ал симпония мен баяу әндер көңілді жайландырады немесе керісінше әсері сезілген. Мінезі жеңіл, көп шаршағыш, ашушаң және уайымшыл адамдарға музыканың көмегі зор болады. 1913 жылы Парижде композитор Игоръ Стравинскийдің бір қойылымында залдағы көрермендердің ішінен айғайлаған, төбелескен, билеген және қызықты күлкіге бөленгендер болған. Олар не болғанын білмеген. Басты себеп музыка адамдардің жүйкесінің қозуына, ауытқуына адамның тұлғалық психологиясына қарай әр түрлі әсер еткен. Бұл жағдайдың кілтін Берлиндегі музыка зерттеуші Кристоф Рюгер таптым деген тұжырымын жасаған. Гармония мен ырғақ адамдардың сана-сезіміне тікелей әсер етеді. Кейде оның кері әсері немесе емдік қасиеті бары анықталуда. Профессор Рюгер «Үйдегі музыкалық дәріхана» деген анықтамалық кітапта жазып ұсынған екен. Бұл ғалым өзінің көп жылғы тәжірибесі негізінде, ауыра қалған жағдайда емделу үшін музыкалық рецепті ұсынады. Ал бізде көп жылғы тәжірибемізде емге музыканы, ән мен күйді пайдалана отырып ұлттық музыканың өзіндік шипалық қасиеттерін ашып, жалпы халықтық пайдалануға ұсындық. Оң нәтижесі барын пайдаланушылар дәлелдеп беріп келеді. Менің өзімнің сөзін жазып, әрі әнін шығарған оннан астам әндерімді халық шипалық емге пайдаланғалы көп жыл болды. Бұл әндердің шипалық қасиеті барын алғаш нотаға түсірген композиторлар Ә.Телғозиев пен Т.Тайбеков байқаса, одан кейін «Жас Алаш» /21.2.1995/, «Шымкент келбеті» /1997/ т.б. газеттерде жариялады. Әсіресе «Құдірет» әнім психикалық ауруларға тез әсер ететінін, шипалық емге пайдаланушы емшілер дәлелдеп келеді. Кез келген ән мен күйдің өзіндік ерекше мәні бар ырғағы мен ритмі болғандықтан, оның мәнділігі орындап халыққа жеткізуші әнші мен күйшінің орындау қабілетіне байланысты болады, әсері де әр түрлі болады. Ертеде қазақтар ән мен қиссаларды таңға дейін ұйықтамай тыңдағанда, демалып қалдық деп тарқасуы да бұл өнердің шипалық қасиетінен деуге болады. Қазіргі уақытта дыбыстың да емдік шипалық қасиеті зерттеліп, денсаулықты жақсарту саласында пайдалана бастады. Музыка зерттеуші Х.И.Хан: «Музыка адамның өнері мен поэзиясын дамытып қалмастан, ол адамның рухын көтереді және емдейді де. Музыка өнер, әрі ғылым», – дей келе, музыканың таза үндік, ырғақтық және дыбыстық әсерінен түрлі толқынды емдік қуаттар пайда болатынына көңіл бөледі. Кейінгі кезде шипагерлік саласының емдік жүйесіне дыбыстың пайдасы молдығы анықталуда. Мәселен, азан шақырғандағы жоғары тонды дыбыстар мен шіркеудегі қоңыраудың қатты дыбысы аралықтан әсер ететін, тез тарайтын тұмау т.б. аурулардың микробтарын жойып жіберетіні анықталған. Жеке қарыптарды да мәнерлеп оқығанда әртүрлі ауруларға шипасы бары іс жүзінде тәжірибеден өткізіліп келеді. Бұл тәсіл жеке адамның өзін-өзі емдеуіне өте қолайлы әдіс түрі екенін шипагерлер мен емделушілер де дәлелдеуде. Бұндай қарапайым емдеу тәсілі шипагерлік емнің жаңа шипалық жүйесіне жол ашып ғана қалмастан, ұлттық шипагерлікті байыта түседі. Дыбыстың шипалық емдік әсері оның негізгі принциптері резонансына, ритміне, үндік мелодиясына, гармониясына, дыбыстың ауқымдығына, тембріне, ағыны мен толқынды тиянақтылығына және дыбыстың қуаттылығына байланысты екені зерттеушілер тарапынан ғылыми түрде зерттеліп, тұжырымдамалар жасалуда. Тэд Эндрюс дыбыспен емдеудің негізгі принциптерінің құпияларын зерттеп, оның емдік ерекшелігі туралы: «Жоғары тонды дыбыс – ол өте қуатты күш. Дыбыстың әсері дұға, музыка, ән және мантраға ұқсас келеді. Дыбыс адамдар мен дыбыс Басқарушының ортасындағы байланыс құралы рөлін атқарады. Дыбыс ол біздің денсаулығымыздың жағдайы мен сананың нақтылы уақыттағы жағдайын анықтайды... Емдік шипалық дыбыс адамның физикалық денесіндегі чакраларға бағытталып, өзінің шипалық қасиетін жалғастырады», – деп тұжырымдайды. Дегенмен, адамдардың есту, қабылдау және сезім қабілеттері бірдей болмағандықтан, олардың түпкілікті әсер алып қабылдауы да әр түрлі болады. Музыка мен ән-күй адамның миінің клеткаларына әсер ете отырып, оның импульсті ырғағын қозғап, теңшеп, қызметін жақсартып, шаршағанын басуға көмектеседі. Адамның ағзаларында жаңадан күш қуат пайда болып, ағзалар ескі қуаттарынан тазарып, жаңа қуатпен қоректенеді. Адамның сенімі оянып, жаңа іске талпынады. Музыка ұлт таңдамайды. Музыканың үні, ырғағы мен әсер ету күші барлық адамзат баласына әсер ете алады. Бұған дәлел ретінде мен өзім 1991 жылы Мәскеу қаласында «Турист» қонақ үйінде бұрынғы Одақтық емші-ғалымдары алдында жүргізген емдік сеансымда тек қана қазақтың күйлері мен әндерін пайдаландым. Осы сеанс кезінде қазақтың күйінің әсерінен өмірі қазақты білмейтіндер ішінен билегендер де, жылағандар да, өзінше сөйлеп кеткендер де және қолдарын ербеңдетіп домбыра тартқандай қимыл жасағандары да болды. Бұндай жағдай әлемдік емдік сеанстарымда да қайталанды. Бұдан, қазақ музыкасы мен ән-күйі өте жоғары толқынды резонанс тудыратын, өрісі кең, қуаттылығы мол, әсері күшті адам бойындағы лас қуаттарды ығыстырып шығаратын ерекше емдік шипасы барын аңғаруға болады. Емдік шипалық сипатқа ие «Елім-ай» әні жан дүниені оята алады, ұлттық патриоттық рухыңды көтереді. Күңіренген қобыздағы Қорқыт, Ықылас күйлері мен Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Сүгір, Т.Момбеков пен бүгінгі С.Тұрысбеков т.б. домбырадағы әсем үнді, жүректі тебірентетін күйлерінің емдік шипасын көптен анықтап келеміз. Музыкалық шипа емі бүгінде арнайы бір орталыққа топтастырылмағанмен, көптеген дәрігерлер мен емшілер жеке емдік сеанстарында жиырма жылға жуық тұрақты пайдаланып, оның оң нәтижесін анықтап келеді. Әлемдік шипагерлердің көбі сеанс кезінде емделушілердің психологиясына әсері мол «Ғарыштық» музыкаларды пайдалану арқылы, емін бастап әрі аяқтайды. Ресейде арнайы музыканың емдік әсерін зерттейтін орталықтар мен қоғамдық ғылыми зерттеу институттары және Санкт-Петербург қаласында арнайы «Музыкатерапия» мектебі жұмыс істеуде. Бұдан музыканың емдік шипасының болашағы барын аңғаруға болады. Батыс елдерінде классикалық Шопен, В.Моцарт, Ф.Лист және Бетховеннің шығармаларын жүйке ауруларының түріне қарай пайдаланса, қазақ елінде де емдік қолданысқа емдеушілерде пайдаланып келеді. Музыка мен ән-күй адам ағзасына ғана әсер етіп қалмастан, жан-жануарларға, аң-құстар мен өсімдіктерге оң немесе теріс әсері ететіні анықталуда. Музыка дыбысы электромагнитті толқын тудырып ірі қуаттық өріске айналатындықтан, ол жер бетіндегі тірі организмдерге әсері тез болады. Мешіттерде азан шақырғанда және шіркеулерде қатты қоңырау дыбысы шыққанда эпидемиялық жұқпалы аурулардың таяқшалары мен сары аурудың вирустарын өлтіретін «улътурадыбыстық шағылу тербелісі» болатынын ғалымдар анықтауда. Жапониялық ғалымдар музыканы жемістер мен көкөністерде жақсы көретінін анықтаған. Олардың пікірлері бойынша музыкалық аспаптар сазы өсімдік жапырақтарының араларын кеңейтуі нәтижесінде оттегі, қоректік заттар көбірек сіңіріліп, фотосинтез процесін күшейтетінін анықтаған. Классикалық әуендердің жағымды әсерінің жемістердің, көкөністердің тез өскені, пісу уақыты қысқарып, өнімі отыз пайызға артқаны байқалынған. Музыкалық дыбыстың кері әсерінен жаңбыр жауатынын Қытайдың бір таулы аймағында анықтаған. Қазақ елінде алғаш өлеңмен емдеу ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылының басында басталды. Денсаулық журналы насихаттап, халық емделе бастады. Бұның ғылыми қорытындысы әлі белгісіз. Адамның психологиясына тербелістік жүйе бойынша өте нәзіктікпен әсер етіп, тұйықтан еркін шығаратын музыкалық толқынның үндік емдік сипаты өркендей бастады. Исламда да музыканың өте жағымды, адамға қуат беріп көңілін көтеретіндей әсерлі, үні нәзік әндеріне пайғамбарымыз Мұхаммед /с.ғ.с/ тыйым салмағаны, қайта қуаттағаны айтылады. Осыған байланысты әр отбасында жеке жинақтағы музыкалық шипалық ән мен күйлердің болуы, дамып келе жатуы, қоғамның талабы мен жетістіктеріндегі адамның салауатты өмір сүрудегі басты қағидаларының бір саласының өркендей бастағанын аңғартады.
БАБАМНЫҢ АСЫЛ ҚАЗЫНАСЫ Ой, дүние-ай! Іске аспады арманым, қараң қалды, Шың басына шығарда арандалды. Өтейбойдақ қойыпты атымды әкем, Жаман ат, жаман ырым мазамды алды. Өтейбойдақ бабаның «Шипагерлік баян» кітабынан Алла тағаланың жазмышы ма, әлде басына келген тағдыр қасіреті ме, кім білсін, қазақ ұрпағының үштен бір бөлігінен астамы әлемнің қырықтан артық еліне тарап, өздерімен бірге талай асыл ұлттық мұраларды ала кеткенін азат ел атанғанымыздың арқасында біліп, танысып, қуанышқа бөленудеміз. Сондай құнды еңбектердің бірі – қазақ даласы Жетісудің Шалкөдесінің жиһангер ғұлама, қараүзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегі бүгінде ұлтымыздың рухани алтын қазынасына айналды. Амал қанша, бес мың бетке жуық қолжазбадан бізге жеткені өртенген қолжазбаның аңдыз-аңдыз болған мың беттен сәл артығы ғана. Кітап сол XV ғасырдағы шағатай тілінде жазылғандықтан оның қазақша аудармасында кейде сол заманғы, көне түркі тіліндегі атаулары жиі кездеседі. Әрине, бұндай тіл ерекшелігі кітапты зерттеуші мен оқушыға қиын екені заңды. Дегенмен бүгінде «Шипагерлік баянды» арнайы зерттеушілер өте аз болғанымен, оны қызығып оқушылар, шын пейілмен сол замандағы және онан арғы уақыттағы халқымыздың ғылыми тіліне, халық емі шипагерлігіне қызығушылар саны көбейіп келеді. Бүгінгідей арнайы мектебі, арнайы орта және жоғары оқу орны жоқ замандағы қарапайым дала қазағы Өтейбойдақтай білімдінің бір халық емі шипагерлігі айналасына бірнеше ғылымды топтастырып, оны халық игілігі үшін көп салада пайдаланып еңбек жазуы таң қалдырады. Өзінің ізгі арманы жартылай орындалған Өтейбойдақ баба қолжазбасының баспадан шықпай қалуына қатты қайғырғанымен, ол ғарыштық байланысы бар ғалым, түбі бір ұрпағымен қауышатынына толық сенеді. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы: «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде, мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ. Бұл – соңғылар қадірін біліп, ұстай білсе, қанғысыз бұлақ, қадірін білмесе, отбасында аяқпен тозатын тулақ» – дегені шындыққа айналды. Кітапты баба ұрпағы бес жарым ғасыр өткенде жылы қабылдады. Оның қадірін білді. Оны нағыз үлкен шипагерлік еңбек қана емес, шоқтығы биік әлемдік деңгейдегі энциклопедиялық ұлттық ғылыми еңбек деп бағалады. «Шипагерлік баян» кітабы шынында да қанғысыз бұлақ, асыл қазына екеніне күмән жоқ. Кітапты адам қайтадан қайталап оқыған сайын оның құпия сырына қанық болады. Осыдан кейін-ақ «Шипагерлік баянның» алғашқы атының не үшін «Шипагерлік құлып» болғанына көзі жеткендей болады. Осыған қарап кітапта бірнеше маңызды ғылыми тұрғыдағы ерекшеліктері барын атап қойған жөн сияқты. Кітаптың бұл ерекшелікке ие болуы қараүзген шипагердің ғылымдағы теориялық, тәжірибелік әдістер және халық ішіндегі халық есімі саласындағы жинаған мәліметтерін бір жүйеге топтастыра білуінде. «Шипагерлік баян» газеті, №2, 2007. Халық емшілігіне ғылыми көзқарас Халық емшілігінің дами бастағанына әрі емшілердің теориялық және тәжірибелік ілімдерінің өркендеуіне Қазақстан халық емшілері қауымдастығының көмегі ұдайы жалғасып келеді. Бұрын білімі жоқ, танымы нашар, діни сауаты таяз әрі психологиялық таным бойынша тұлғалық дәрежесі төменгі сатыдағылар есептелініп келген еліміздегі емшілердің алды ғылым және арнайы еңбектер жазумен айналысып, жақсы көрсеткіштерге жетіп, емделуші науқастардың алғыстары мен ризалығына бөленгендердің саны көбеюде. Дегенмен, республикадағы емші қауымның барлығы есепте болмауына әрі осы саланы республика бойынша бақылау жасайтын екі-үш ұйымның өзара бақталастығының нәтижесінде емшілердің мәдениеті төмендеп, алаяқтыққа бару және жалған сөйлеп ұжымдар арасына өсек тасушылар да баршылық. Емделуші қарапайым халық кімнен шипа аларын білмей алдампаздардың торына түсуде. Кейбір телеарналар («31», «Рахат», «Алматы») т.б. ешқандай есепте және лицензиясы жоқ емшілерді өздерінің табыс табу көзіне айналдырып, көп жылдан бері сырқат жандарды республиканың түпкір-түпкірінен Алматыға сандалтып жүр. Соның салдарынан пайдакүнем және алаяқ емшілерден алданғандар және ыңғайсыз сөздер естіп жүрегі ауырып қайтатындар бүгінде көбеюде. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының ұйымдастыруымен халық медицинасының жетістіктерін және жеке емшілердің іс-тәжірибелерін ғылыми тұрғыда таныстыру мақсатында Алматы қаласында 2004 /16-18.09./, 2005 /24-26. 09./ және 2006 /22-24.07./ халықаралық конгрестер өткізіліп, шетел ғалымдары мен емшілерін таныстырып және бұдан былай өзара ынтымақта бірлесіп жұмыстар атқаруға мүмкіндік туғызды. Биыл тамыздың 17-19 жұлдызында Шымкент қаласында «Қазақстан мен Орта Азиядағы халық медицинасының өркендеуі» атты халықаралық конгрес өткізу жоспарының алғашқы қадамдары басталды. Қысқасы, Қазақстан мен Орта Азияда дүниеге келіп өмір сүрген және халық емшілігі саласында еңбектерін жазып қалдырған ұлы ғұламалар Әбу Насыр әл-Фараби, Ибн Сина, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, Құртқа баб т.б. ғұламалардың еңбектерін насихаттау мен оқып үйренуге кең жол ашылмақ. Осы игілікті іске халық медицинасын зерттеуші ғалымдар, мемлекеттік және қоғамдық ғылыми зерттеу мекемелері, жоғары оқу орындары ғалымдарының қатынасуын және ғылыми мақалаларын ұйымдастыру комитетіне жолдауын қуаттаймыз. Киелі қасиеттің құпия тылсым сырларын сыйлаған әрі қорғап келе жатқан халық емшілері де адал еңбегімен көрінетіне сенім мол. «Шипагерлік баян» газеті, 2008 ж. ДЕНЕДЕГІ ҒАЖАЙЫП СЫЗБАЛАРДЫҢ СЫРЫН ДА БІЛГЕН ДҰРЫС Бүгінде адамзаттың басты міндеттерінің бірі – ғарыштың, табиғаттың және адамның жеке құпияларын оқып, әрі үйреніп зерттеу болып табылады. Біз сыртқы қоршаған ортаның құпиялы сырын білуді былай қойғанда өзіміздің бойымыздағы қасиеттерді, тәндегі құпияларды және т.б. толып жатқан тылсым сырларын толық білмейміз. Осыдан жиырма жылдай бұрын жалаңаш денесіне пышақ, қасық т.б. заттар жабысатындар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған-ды. Қазір бәрінің денелеріндегі биотогы өшкен бе, әлде имандылықтың жолына түсіп Жаратушы Алла тағаланың құдіретіне иман келтіргендіктен бе, олар өзін ашық түрде жарнама жасауды қойды. Алғашқы көп сортты «әулиелерді», «аналарды», «Алланың елшісін» былай қойғанда 1998 жылы Халықаралық «Түркістан» газеті (№3, қаңтар айы) басшылары өз қолдарынан тірі адамнан «Фархат ата» деген «Құдайын» жасады. «Адам Құдайы» алғаш газет редакциясының компьютерлерін өшіріп, шәкірттеріне миллиондаған микроэлементтерін жібереді де аспаннан екі аяғы салбырап түскендей жер бетіндегі жаратушы «Мен» деп жариялағаны көпшілік оқырманның есінде болар. Оның жасампаз алдампаздық әрекеттерін арнайы мемлекеттік тексеруші органдар анықтап, өзі о дүниелік болғанымен оның артында қалған мұрагерлерін бүгінде жауапқа тартуда. Ойланбай жазылған газет мақаласы ұзаққа бармай, үні өшті. Кім ұтты, кім ұтылды оған оқырман баға берері анық. Мұндайлар жыл өткен сайын ескерусіз қалып барады. Алыс елдерді былай қойғанда, өз елімізде (бұрынғы Талдықорған, Семей облыстары) денелерінен от шығып, жан-жағындағы заттарды өртейтіндер және Оңтүстік Қазақстан облысында бір азамат (бәрі қазақ) қолын бір бөшке суға салса қайнатып жіберетінін, соның арқасында қыста бір шаруашылық техникасына қажетті жылы су дайын болатынын жазды. Бірақ бәрі де жұмбақ болып келді. Айтылды, жазылды, халық естіді, сонымен хабарландыру аяқталды. Дегенмен, мұндай құбылыстар кездейсоқтық емесі рас. Бұл да адамның бойындағы бір құпия екеніне күмән жоқ. Оны жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен адамгершілік пен имандылықтың тепе-теңдігін сақтаған дұрыс шығар. Бұндай құбылыстардың басқа түрлері шет елдерде болатыны жөнінде баспасөз беттерінде көп жазылды. Соның бірі егер хабарламаға сенсек («Комсомольская правда» газеті, 1998 жыл) Тбилиси қаласының бір мектебінде оқыған 14 жасар Татия Элердашвили деген қыздың денесіне аяқ астынан әр түрлі суреттер шыға келеді екен. Қыз арықша келген, ақжарқын мінезді дені сау, сабақты жақсы оқитын сияқты. Әкесі газет қызметкері. Ал атасы болса бала кезінде орманда адасып жүріп тосын оқиғаға тап болады. Бір жарқыраған шар кезігіп, оны қажетті жеріне жеткізіп салған көрінеді. Ол немересінің денесіне пайда болып жүрген суреттерге сол көне құбылыстың да әсері бар деп жорамалдайды екен. Бірақ әлі шешімі табылмаған. Бір қызығы, әлгі суреттер Татияның тұла бойына билеген кезде бадырайып шыға келетін болған. Бұл ғажап оқиға алғаш католиктердің Рождествосы қарсаңында болыпты. Татия кенет денесінің күйіп-жанып бара жатқанын сезініп, ата-анасына ұмтылады. Олар алдымен қызының мойнынан крестің бадырайып шыға келген суретін көреді. Одан кейін Татияның көкірегінде сәуле шашқан күн сияқты дөңгелек пайда болыпты. Ал маңдайында көрінген сызық иегіне жетіп, мойнындағы крестке қосылған. Екінші сызық маңдайын басып өтіп, екі самайына жеткен. Арқасында омыртқаларынан басталған қиғаш паралель сызықтар жаңа жылдық шыршаға ұқсас болады. Қызының бүкіл денесі лапылдап тұрған соң шешесі жанұшырып, суық компресс басады. Ал бұдан бұрын Татия өз денесіндегі осы жұмбақ құбылысты бірнеше ай бұрын билеп жүргеніде байқайды. Кешкісін Татия ескі айнаның алдында айналып жүреді. Бір мезет бетіне көзі түсіп, қатты шошып кетеді. Бұны көрген әке-шешесі зәресі кетіп, қызын шіркеуге әкеліп шоқындырады. Осы дәстүрдің алдында да оның денесіне тағы да үш крестің, кеудесіне, шеңберлер, кішкене крестер және қолдарына «көздер» шығады. Қыз шоқындырылғаннан кейін бұл ғажап құбылыс жалғаса береді. Осы сәттерде қыздың денесі күйіп-жанып, шөл қысып, көп су ішеді, таза ауаға ұмтылады. Бұл сызықтар теріде алдымен майда, тырнап кеткендей болып білініп, сосын ісініп барып, бадырайып көрінеді екен. Бұл әлі құпия күйінде қалуда. Биоқуаттар проблемаларымен шұғылданатын мамандардың айтуларына қарағанда, денедегі артық биоқуат сыртқа лықсығанда теріде іздерін қалдыратын көрінеді. Кім біледі, бұл адасып жүріп жарқыраған шарға кезіккен атасынан немересіне қалған генетикалық «мұра» болар, әлде денедегі биоқуаттың әлегі ме, алда оны дәлелдеу күтіп тұр. Адам тәніндегі табиғи бет әжімі, тері сызықтары ол жас ұлғайып денедегі судың мөлшерінің азаюынан болатынын еске алсақ, ал мына құбылыс әлі шешілмеген жұмбақ екені шындық. Ғарыштық беймәлім құбылыс иелері жөнінде шындық әрі шыңына шыққан жоқ. Жаратушының жарлығы бойынша оның орындаушылары өз міндеттерін орындауда. Ғарыштық құбыжықтардың ұрпағы пайда болғанын хабарлағалы талай уақыт өтті. Енді адам денесіне артық жоғары мөлшерлі қуаттар жіберу арқылы, оның денесін қыздырып, терісін ыдыратып, ешқандай білдірместен құдіретті күш иесі өз дегенін істеп бағуда. Мен де 1992-1993 жылдары Тараз, Алматы және Орал қалаларында өзімнің емдік сеанстарымда емделгендердің кейбіреуінен аяқ астынан денесіне сызба суреттер пайда болып, артынан жоқ болғанын көргенмін. Бұл біреудің өз шығарған фантастикалық әңгімесі емес, адамзаттың даму дәуірінің эволюциялық даму заңының бір саласы екенін білсек артықтық етпейді. Адамдарға ғарыштық таным, ғарыштық түйсік және сана осылай кездейсоқ душар болып дами беретінінен енді сезіктенудің қажеті жоқ. «Шипагерлік баян» газеті, № 5, 2008 ж.
| ||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 | ||