өмірімнің шежіресі

30

 главная                                        вернуться 

 1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32

 

ҚАЗАҚТЫҢ БОЛЖАМПАЗЫ – МӨҢКЕ БИІ

 

Халқымыздың дана, кемеңгер, ғұлама, батыр бабаларының тарихта аттары аталған немесе аталмағандарының ерекше тұлғалық қасиеттерін зерттеп, халыққа таныстыру бұл күндегі зерттеушілер мен ғалымдардың басты міндеті болып табылады. Өмірден ерте кеткен бабалардың бір бойында көптеген ұлы қасиеттері болғаны тарихтан мәлім. Дегенмен, олардың ақындығы, шешендігі, көсемдігі, батылдығы жөнінде азды-көпті зерттеулер болғанымен, олардың кейбіреулерін тылсым құпия сырларының шеберлері екендігі жөнінде әлі зерделеп зерттеу болған емес. Егер қазақ халқының тарихына зер салсақ, осы дәуірдің басында өмір сүрген Майқы би болашақтың төрт мың жылын болжап, бүгінде аты әлемге әйгілі француздың дәрігер-болжаушысы М.Нострадамус болжауынан ары екі жүз қырық жылды болжап айтқан. Әйгілі Асан қайғы бабамыз өмірінің соңында Алтын орданың орнына пайда болған хандықтардың жойылатыны жөнінде айтқаны дәл келген. Ол қазақ даласын жел маямен желіп жүріп, айтқан көрегендігі мен болжампаздығы ерекше ғылыми зерттеулерге жол ашады. Қазақтың жырауларының да төкпе жырларында болжампаздықтың көрінісі баршылық. Бұхар жыраудың жырларындағы: «Қағазға жазар малыңды, Есепке  салар барыңды, Еліңді алар қолыңнан, Әскер қылар ұлыңнан...» – деген  шумақтарынан болжампаздықты аңғаруға болады. Ал, Өтеген батыр Абылай ханның түсін дәл жорыса, Әлмерек абыз өзінің ұрпағының болашағы жөнінде болжағаны бүгінде шындыққа айналды. Осындай ұлы бабалардың қатарына өз заманында ел басқарған, кейін біртіндеп Алланың құдіретімен бойына болжампаздықтың қасиеті қонған XVII ғасырда Ақтөбе өңірінде дүниеге келген ойшыл Мөңке Тілеуұлы еді. Мөңке би баба өзінің болжауында:

Құламалы, қорғанды үйің болады,

Айнымалы, төкпелі биің болады.

Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,

Ай сайын бас қосқан жиын болады.

Ішіне шынтақ айналмайтын

Ежірей деген ұлың болады.

Ақыл айтсаң ауырып қалатын,

Бежірей деген қызың болады.

Алдыңды кес-кестеп өтетін

Кекірей деген келінің болады.

Ішкенің сары су болады,

Берсең итің ішпейді.

Бірақ адам құмар болады.

Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады,

Жастарға билігі жүрмес кәрің болады.

Ертеңіне сенбейтін күнің болады,

Бетіңнен алып түсетін інің болады.

Алашұбар тілің болады,

Дүдамалдау інің болады.

Бұл болжамдар жөнінде профессор Серік Негимов өзінің «Шешендік өнер» атты еңбегінде былай дейді: «Алдымен, Мөңке бидің бұл тақпақтап айтылған толғағы келер заманның кейпін кемел көрегендікпен сипаттаумен ерекшелінеді».

Шешеннің айтқандары мен болжампаздығы туралы бүкіл қазақ ұлтының ауыз әдебиетінде жатталып келуі нәтижесінде XX ғасырдың басында баспа беттерінде оның ғұламалық пәлсафалық ой-толғамдары жарияланса, кейіннен ғалымдардың зерттеулерімен жалғасуы қазақ ұлтының ұрпақтарының тылсым құпия сырларының қасиеттеріне жол ашылғандығын көрсетеді. Мөңке бидің адалдығы, ел басқарудағы көсемдігі, шешендігі мен мейірмандылығы, тапқырлығымен қатар оның бойына құпиялы үлкен қасиеттің қонуын ақын-жазушы, ғалым және көріпкелдік қасиетке ие Мәшһүр Жүсіп Көпеевте өзінің қалдырған қолжазбаларында Мөңке бидің асқан көрегендігі мен болжампаздығына қайран қалып, ел арасында Мөңке би айтқан екен деген болжамдар мен шешендік сөздерді жазып қалдыруы ұлы тұлғаның рухының мәңгілік биіктігін аңғартқандай. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп қолжазбасында: “Ораздының баласы – Он бесінде бас болар... Кембағал байғұс баласы, Жиырма бесте жас болар...”, – деген болжамдарының бүгінгі өмірдегі болып жатқан жайларды дәлелдеген сияқты көрінеді.

Мөңке бидің бұл болжауының әрбір сөзінен терең сипаттамалық, нақты тұжырым, парасатты толғам, терең болжампаздық пен ғарыштық жүйелік тылсым күштерімен байланысының жоғарылығын көрсетеді. Мөңке би бабадан XVI ғасыр бұрын өмір сүрген қазақтың тұңғыш болжампаз-көріпкелі Майқы би баба 73 жасында өзінің екі ұлы Ұзыны мен Қортығына қарап тұрып: “Жаманнан жақсы туар, адам айтса нанғысыз. Жақсыдан жаман туар, Бір жармаққа алғысыз” – деп тағы да: “Соқырдан көрмес туар, Сараңнан бермес туар, Ер арыса, аруақ болар, Ат арыса, тулақ болар. Баққаның өсек болар, Балаң саяқ болар. Сары судан ас шығар, Балаң өзіне қас шығар. Жер тақыр болар, Жұрт пақыр болар. Енді төрт мың жылда, Дүние тәмәм болар” – деген екен. Әлі де талай тылсым дүние сырларын білген аттары аталмаған бабалардың да тарихқа енуіне күмән жоқ.

Ұлы бабалардың ерекше қасиеттерін халқына таныстырып тарихта қалдыру бүгінгі ұрпақтарының парызы мен қарызы болмақ.

«Шипагерлік баян» газеті, №3,  2008.

 

ӨНЕГЕЛІ ІС  – ОҢҒА БАСТАЙДЫ

 

Бәріміз пендеміз. Бір-бірімізден іс-әрекетіміз, адамгершілігіміз, білімділік пен имандылығымыз арқылы ғана ерекшеленеміз. Нағыз таланттарды күндегендер көп болады. Алланың берген артықшылығын қимайды. Дарынды адамды көрсең қолыңнан келгенше құрмет көрсет. Бірақ шекарадан асып кетпе. Орасан ойын әлі меңгере алмай жүрген жас дарын ұрыншақ болады. Өзіңе көлеңке түсіруі мүмкін. Май пілтені көмсе, шырақ өшеді.

Халықтан асқан данышпан жоқ. Бірінің таппағанын екіншісі табады. Ең дұрысы, өз қоразыңды аяла, таудан қыран ұстаймын деме. Адам аяғының тұзағы – бала-шаға. Емізулі әйел төзімді болады.

Әйел көркі – қылығында. Кісі айыбын ашқаннан жапқан жақсы. Тәрбиесіз өскен талантқа амал жоқ. Ол – барлық айтқаныңды толған Айға қолыңды шошайтқандай қабылдайды.

Ағаштың көркі жеміс болса, адамның көркі – жақсы іс. Инабатты болса – әйел көрікті, өнегелі болса – бала көрікті. Темір де тозады, асыл да мүжіледі, тау да шөгеді. Ертең өкінбеуің үшін қасындағыларға оғаш қылық жасатпа. Жас бұтақ себілмей астық өнбейді. Тесік етік су кешкенде білінеді. Ыдыста не болса сол құйылады. Тұрған орныңа, жатқан жеріңе қара. Сөзіңді тыңдаған, сөзін тыңдаған жанға ой көзін жібер.

Өзіңнің бағаңды біл. Ешкімді басынба, басындырма. Шалқайғанға шалқай, ол – Құдайдың ұлы емес, еңкейгенге еңкей, ол – әкеңнің құлы емес. Аяқтың астында жатсаң, басың аман қалады. Бірақ, іске сыналған ерді тыңда. Ол опа береді. Еркін жеңе білген адам – нағыз ер. Жаннан кешпей жеңбек жоқ. Ашу қысса – аузыңды жап. Ашулы адамда ақылға орын жарамсақтанып көкірегін басқан қолдан, тезек илеген білек мың есе артық. Еңбекқордың ернінен май ақса, еріншектің көзінен қан ағады.

Өмірде адам бойына енуге құмар жамандықтардың түрі көп. Соның бірі – нәпсіқұмарлық. Ол қиянатқа бастайды. Сабыр, қанағат, рахым, ар-ұят, опа – нәпсінді жеңер достарың. Нәпсі – жамандарға күйгізеді, жамандар – басты жерге игізеді. Алдамшы сезімдер құлдығына өзіңді душар етпе. Алдамшы сезімдерді қуу надандық. Оны тек өте ойы бұзылған адам қуады. Көңілшек кісілер тез қауышады. Мәуелі ағаштың басы төмен болады. Көзді ұялу үшін берген. Көңілің кімді қаласа – сол сұлу.

Қайғылының көзінше қарқылдап күлме. Қуантар болсаң – асық, мұңайтар болсаң – сабыр тұт. Бірақ, түбінде, тарығып жүрген – сүйінер, қамығып жүрген қуанар.

Қыстан соң көктем келеді. Бұлттанған аспан ашылады. Тіршіліктің жаңа өмірі басталады. Өмір де жаңару жолыңа түседі. Асылы, көктем мен күз күндері бұлтты болады. Рахат іздесең бейнетінен қорықпа, қуаныш іздесең қайғысынан қорықпа.

Жылуы жоқ жүрек – қуыс кеуде. Тіршіліктің жарығы – махаббат, егер сүю болмаса өмірдің мәні жоғалар еді. Ғашықта шыдам болмайды. Қыз жігіт көзіне түсу үшін бой түзейді, жігіт қыз жүрегін жаулау үшін ой түзейді. Әкім әйелдің күйеуі – құл. Сұлу әйелдің күйеуі – қарауыл. Әйелдің жалғыз мақтанышы бар. Ол – дақ түспеген ары. Халық айтады: өлген адамды арулап көмер алдында ұлы денесін тазалап жуады. Осы жұмыс атқарылып жатқанда өлген адам бұл өмірде арын өте таза сақтаған болса, о дүниеде де таза орынға ие болады. Әйелі жаман еркектің жаман аты шығады. Ердің атын жақсы әйел шығарады. Жағымсыз қылық істеп, жасырамын деп ойлама. Айналаңның бәрі – көз.

Қол – ауызға сүйікті. Пышақ қанша өткір болғанымен өз сабын жона алмайды. Ет тырнақтан ажырамайды. Сондықтан, ағайын-туыс, ерлі-зайыптылар арасына қазылық жасау өте қиын нәрсе.

Жақын отырған сыйдың құрметтісін алады, ісіңнен нәтиже алғың келсе, алыстан арбалайтын емес, жақыннан дорбалайтын жерге жылыс. Жақын оттың жарығы күшті.

Мінезіне қарап дос таңда, күшіне қарап жүк көтер. Тең теңімен, тезек қабымен жарасқан. Досыңның дұшпан болуынан сақтан. Үй сатып алсаң – көршісін сұра, жер сатып алсаң – суын сұра. Өзіңе сіңіп кетпеген сыр, басқа кісіге де сіңбейді.

Сыйлағаңды – сыйла, илегенді – иле. Қолыңдағы нәрсеңді базарлай біл. Қиылып сұрағанға берсең – өзіңді сыйлағаның, әншейін сұрағанға берсең – өзіңді қорлағаның. Өш алғаннан гөрі кешірген – кісілік. Елдің қарғысынан сақтан. Ол қате кетпейді. Өйткені халық бір нәрсеге көзі жетіп, біліп қарғайды. Көп қорқытады, терең батырады. «Қара халықтың қарыны тойса, тілінен ерік кетеді» деген де сөз бар. Айналаң топас тобыр болса, өзің де мал болғаның. Қолыңнан келгенше еліңнің ой-өрісін кеңейт, ар-намысын оят. Қашанда қол бастайтын батырлар, ой бастайтын ақындар керек.

Осындай перзентсіз жұрт – құнарсыз топырақ. Халықтық өнеге болашақ ұрпағының бақытын ашады. Өнегелі іс – әрқашанда оңға бастайтынын ұмытпайық ағайын!

«Шипагерлік баян» газеті, 2009 ж.

 

 

ӘУЛИЕАТА КҮТУДЕ ЕМШІЛЕРДІ

 

Бүгінгі Тараз қаласы бұрын Әулиеата атанған. Оның аталу себебі де Қарахан мемлекетін басқарушы, қарахандар әулиетінің ұрпақтарымен байланысты. Біздің дәуіріміздің VII-VIII ғасырларында оңтүстіктен арабтар қысып келе бастады. 705 жылы Күтейба Балхты, 706 жылы Пайкентті басып алды. Қысқасы, ислам дінін насихаттау мен мойындату жүйесін іске асырып келе жатқан арабтар сол ғасырда Шоуманды, Несефті, Телеканды, Шаш (Ташкент), Ферғананы т.б басып алып шығысқа бет алды. 715 жылы Күтейба Шығыс Түркістанға бағыт алып, жол бойындағы Тараз (Талас), Құлан, Меркеге жетті.  Міне осындай ұрыс-таластың барысында ислам дінінің алғашқы іргетасы қаланды. Ал, қарахандықтар дәуірі кезінде X-XI ғасырда Тараз қаласының негізі қаланды. Тараз қаласында қарахандар, Дәуітбек, Тектұрмас, Айша бибі, Бабаджа Хатун, Бабажын Ана, Шамансұр, т.б. көптеген өз заманының ерлерінің, батырларының, елбасшыларының және иманжүзді әйел адамдардың ескерткіштері бой көтерген. Бұл қасиетті жерлерге күн сайын жүздеген адамдар келіп, әулиелерге арнап дұғаларын оқып, ишарат етумен Алла тағаладан жақсылық сұрауда. Құран Кәрімде адамдарды ислам дініне шақыру жолы: «Адамдарды Алланың жолына даналық пен жақсы үгіт арқылы шақыр, әрі олармен сыпайы сөйлес, ненің жақсы екенін білдіру үшін дауға да түс. Жолдан азғандарды да, тура жол тапқандарды да Алла өзі жақсы біледі», - деп белгіленген.

Ислам діні әлеуметтік тұрғыдан берік болуы үшін адамдарды үнемі дұрыс жолға бастап, бұрыстықтан тыйып отыру шарт. Ислам дініндегі мұсылмандар тек қана ізгілікті, қайырымды істер атқаруы керек. Жаман, зиянды, пайдасыз іс-әрекеттерге табиғи түрде қарсы болу шарт. Адамдарды жамандықтан алдын ала сақтандырып отырғанда ғана жақсылық өздігінен қуаттанып, бекіп, адамдар арасында өріс табады. Сол үшін ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Сендерден кім де кім бір жамандықты көрсе, оны қолымен өзгертсін. Ал егер оған да шамасы келмесе, оны жүрегімен жаман көрсін», – деген. Алғашқы ислам діні келгелі бері он үш ғасырдан асса да оның тәрбиелік маңыздылығы адамзат баласы үшін, күн сайын артып барады. Сондықтан да осыны сезгендер сонау ерте заманнан бастап көптеген басқа ұлттардың жазушы, ғалым және өнер адамдарының ислам дінін қабылдауы күн санап артуда. Қысқасы, арабтардың Орта Азия мен қазақ жеріне енуі адамдық, тұлғалық қасиеттің таза өркендеуіне ықпалы мол болды. Мәдениетте, ғылымда, тұрмыста және адамгершілік қатынаста жаңа типтегі стильдік форма қалыптасып, ол сатылы өркендеу жолдарынан өтіп келеді. Орта ғасырдағы Орта Азия мен Шығыстың ғылымы мен мәдениетінің өркендеуі қазақ даласының оқымысты, зиялылыарының үлкен ғұламалық дәрежеге жетуіне ықпалы зор болды. Осы бір заманда қазақтың Жетісу өлкесінің ұрпағы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы білім жолындағы қайталанбас үздіксіз зерттеулерін жүргізе отырып, халықтық емшіліктің түрлерін дамытып оны ілімі ғылыми медициналық құралға жеткізді. Оның куәсі ғұламаның «Шипагерлік баян» атты кітабы. Бұл еңбек бірнеше ғылымдарды біріктіре отырып, медицина саласынан толық мәлімет беретін энциклопедиялық туынды екендігін ғалымдар да дәлелдеу үстінде. Осындай ұлы ғұламаның қазақ болуы үлкен мақтаныш. Ғұлама туралы Халықаралық конгрестің Әулиеатада (Тараз) өткізудің өзіндік сыры бар. Еңбек осы аймақта жазылған. Адамдардың өмір сүруінде сенімділік пен адалдық айрықша болып есептелінеді. Бұл екі мағана іс жүзіне асқанда, әрбір адам, қоғам, мемлекет баянды, берекелі өмір кеше алады. Дегенмен, бұндай жағдайға жетуде көп уақыттың қажеттілігін білу де артық емес. Әрбір табыс ол сананың жоғарлығы ойдың тереңділігі, жүректің тазалығы, ардың тазалығына байланысты екендігі заңды. Қаншама ғасырлар халқымыз басқа билеуші ұлттың боданында болып, көптеген мәдени мұралары мен жетістіктерінен айырылды, тіпті жойылуға дейін барды. Шектеудің салдары қазақтың мәдениеті мен ғылымының өркендеуіне зияны көп болды. Халқымыздың қанымен аралас  киелі тектік қасиеттері туралы арнайы еңбектер мен зерттеулер жазылмауы, жасалмауы соның куәсі. Жарық жұлдыздай жарқырап шыққан қазақтың ұлы ғұламасы Ө. Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегін міне бес жарым ғасырдан кейін ғана біліп отырмыз. Емшілер қауымының ұлы ұстазы, ғұламасы және ғалымы Ө. Тілеуқабылұлының еңбегіне арналған конгреске емшілер қатысуға асығуда. Қысқасы, Әулиеата күтуде емшілерді. 

«Шипагерлік баян» газеті, №6, 2009.

АДАМГЕРШІЛІК ПЕН ИМАНДЫЛЫҚ

 

Бұл егіз ұғым адамзат тарихында қатар өмір сүріп келеді. Өйткені  адамдардың өмір сүруінде сенімділік пен турашылдық айрықша маңызға ие. Осы екі ұғым арқылы адамның бойындағы адамгершілік пен имандылық қалыптасады. Ол жоғарғы сатыға көтеріледі. Пайдалы жақтары молайып, адамның рухани деңгейі артады. Егер бұл екі сөздің беретін мағынасы іс жүзіне асса әрбір адам, қоғам, мемлекет баянды, берекелі өмір кешкен болар еді. Мұндай сипатқа қоғамды, жалпы жұртшылықты ие қылу, әрине оңай шаруа емес. Дегенмен көп уақыт алса да, бұл сипаттарға қол жеткізуге болады.

Біз, мұсылман халықтары, көбіне-көп Пайғамбарымыз өмір сүрген заманнан, сол бақыт ғасырынан үлгі аламыз. Мұсылманшылық келмей тұрып, Араб түбегіндегі бүкіл дүниеде бұл сөздердің мағынасына аса мән берілмейтін, тіпті қоғам бұл сөздердің беретін мағыналарына қарсы мағынадағы амал-әрекеттерге толы болатын. Сол кездің өзіңде, әлі Пайғамбарлық келмей тұрып-ақ Мұхаммед (с.ғ.с.)әрбір ісімен жұрттың назарын өзіне аударып, турашылдығы мен әділдігі және сенімділігі арқылы «тура, дұрыс, сенімді адам» деген бірнеше мағына беретін «мин» есімін алған болатын. Көпшілік оны «Мұхаммедуләмин» деп атайтын.

Адамдар қай діннен, қай ұлттан, қандай тектен шықса да Ислам діні олардың бәріне бірдей қарайды және өмірлерін баянды өткеру үшін белгілі тәртіпке, қағидаларға сүйенеді. Исламдағы тәртіптің адамзат үшін еш зияны жоқ. Жоғарыда атап өткен сөздердің беретін мағыналарын адам саналы түрде ұғынып, көңіліне орнықтыру және өмірге енгізуі тиіс. Сенімділіктің беретін мағынасы аманатты, яғни адамға берілген материалдық және рухани игілікті қорғау, оларға игілік ете алу дегенді білдіреді.

Әрине, бұл сипаттың адам бойында қалыптасуы адамға материалдық және рухани жағынан белгілі бір күштің, қуаттың әсер етуімен болады. Адам әрдайым бақылауда екеніне, әрбір жасаған ісі үшін жауап беретініне сенуі тиіс. Өз дүние-мүлкінің ұрланғанын қаламайтын адамға өзгенің малын ұрлаудың дұрыс еместігі түсіндірілуі керек. Біреудің өзіне жасаған жамандығына қиналатыны сияқты, өзінің біреуге қиянат жасамау керектігі ұғындырылуы қажет.

Бірақ мұндай әдеп нормаларын зорлықпен қабылдату да мүмкін емес. Әрбір адамның басына бір күзетші қойсаң да, бар адамды тыныштық пен сенімділік ішінде ұстай алмайсың. Әркімнің жауапкершілігі өз ұжданы болуында. Осындай көзқарасты қалыптастырмайынша, ол халықта, ол қоғамда ешуақытта ілгерілеу болмайды. Адамгершілік – ол рухани жетістіктің жоғарғы сатысы әрі имандылықтың көрінісін білдіреді.

Қайсы бір ұлт оқу-тәрбиеде, ұрпақ өсіруде, әдет-ғұрпында дінін сақтайтын болса, сол ұлттың болашағы да зор болмақ. Ұрпақ өнегелі тәрбиеленетін болса ұлтына, мемлекетіне деген сенімі нығая түседі. Келешекте оған мемлекет басшылығы, бар қазына-дәулет сеніп тапсырылатын болады.

Адамның іс-әрекетінің, сөзінің тура болуы тек тәрбие арқылы ғана санаға әсер етіп жүзеге асырылады. Сенім мен турашылдық егіз ұғым. Адамдардың бойында бұл сипаттарды қалыптастыру сенім, намыс пен иман арқылы жүзеге асады. Көңілінде иманы, сенімі бар адам жалған сөйлемейді, алдамайды, аманатқа қиянат жасамайды. Иман адамға өтірік айтқызбайды, өзгені алдап, мал табудан сақтандырады. Тәрбиелі, сенімі бар нәрсеге үкімін жүргізетін Алла тағала мені әруақытта көруде деп ойлайды. Сондықтан жамандық ойламайды, өзгенің мүлкіне қол сұқпайды, қиянат етпейді. Жұрттың өзін сыйлауы үшін алдымен өзі өзгеге құрмет етеді. Мұндай имандылықтың жолдары мұсылмандылықтың бес парызын толық орындау барысында жүзеге асатындығын бүгінде иманжүзді, мол адамгершілік сипатқа ие болғандар дәлелдеп келеді. Кемшіліксіз адам болмайды. Ауа райы сияқты адамның да мінез-құлқы өзгеріп тұрады. Бірақта мұсылмандықтың Рамазан айы мен мерекелі күндерінде таза мұсылман бірін-бірі кешіреді. Рухани жақтан толық тазаланады. Адамның нәпсісі – пендеге тән құмарлық сезім. Жалпы адамның адамгершілік шыңына жетуінің негізгі көрсеткіші мен имандылығының қалыптасуы – өзінің нәпсісіне ие болуы. Жаратушымыз бәрімізге адамгершілік пен имандылықтың жолын нәсіп етсін.

«Шипагерлік баян» газеті, №9, 2009.

 

 

 

ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ӨЛШЕМІ

 

Әрбір адамның жеке басының жауапкершілігін түсінуі оның адами танымының жоғарлығын білдіреді. Көбінесе немқұрайдылықтың салдарынан сәтсіздіктерге жол беру, осы жауапкершіліктің маңызына жете баға берместіктен болмақ. Жауапкершіліктің ең бастысы отбасылық жауапкершілік, ұрпақтық, туыстық, ағайындық, рулық, ұлттық, жолдастық, қауымдық және қоғамдық жауапкершіліктерді түсініп, оған толық баға бере отырып өзара қатынасты сапалы дамытып, мәдениетті қатынас жасау. Жеке тұлғаның өзіне деген жауапкершілігінің мәдениеттілігі мен сауаттылығын білдіреді. Осы қағидаларды біздің ата-бабаларымыз ерте заманнан-ақ білді, бірін-бірі сыйлады, қоғамдасты, ұлттық мемлекеттің ірге тасын қалап оны кең байтақ даланы бізге қалдырды. Бүгін ұлт ұрпақтары сол бабалар мекенінде қайғы-қасіретсіз өмір сүріп жатыр. Елімізді әлем толық тану дәрежесіне жеткізу жолындағы еңбектеріміз де айқындала бастады. Мәдениеттілік – адами келбеттің өлшемі және танымдық тәрбиелік білімділіктің негізгі қайнар көзі екендігі анық. Біз газетіміздің өткен санында «Емшілік мәдениеті» біраз нәрселердің кері әрекеттері жөнінде айтып, оның қоғамға, ұлтқа және жеке емшілердің абыройына болашақта үлкен зияны барын атап өттік. Өйткені, біз емшілердің жеке психологиялары мен танымы жөнінде жиырма жылға жуық зерттеп, зерделеудегі ғылыми талғамдар арқылы білдік, бағаладық, жіктедік және арнайы тұжырым жасадық. Сондықтан да қоғамдық ұйым Қазақстан халық емшілері қауымдастығы және оның жауапты басшылары мен мамандары әрқашан да, емшілер тарапынан атқарылған игілікті істерді оқырмандарға тұрақты хабарлап тұруға және ыңғайсыз әрекеттерге қатал сындар айтып, оларды әшкерлеуді өздерінің басты жауапкершілігі деп санайды. Емшілер арасында аттарын атамағанмен (тарихи еңбекте аталады) ауыр жағдайларында тіреу, сүйеу тіпті, абыройларын республикалық және әлемдік дәрежеге көтерген қауымдастықтың ішінен шығып, шаңырағына түкірушілер барлығын жасыра алмаймыз. Бұндайлар сонау 1992-1994 жылдар аралығында да болған. Олардың бүгінде аттары да аталмайды, өз абыройларын өздері төгіп, өз отттарын өздері өшірді. Міне, осыдан-ақ емшінің жеке басының міндетті жауапкершілігіне мәдениетсіз жауапкершілік тұрғысынан қарағандығын аңғартады.

Мәселен, қауымдастықтың Жарғысының баптарында оның мүшелерінің (емшілерінің) жеке міндеттері мен құқылары жөнінде айқын жазылған. Осы екі міндет пен құқыққа жеке мүшелердің жауапкершілікпен қарауы бір қалыпты болмауы неден? Жеке емші өзінің құқын пайдалана отырып, басқа арам ниеттілердің  қауымдастыққа қарсы әрекеттеріне қарсы пікір білдіру міндеті өзінің басты жауапкершілігі екенін неге түсінбейді? Сонда әрбір емшіге осыны түсіндіру үшін арнайы заңгер қажет пе? Әрине бүгінде қауымдастық емшілерінің барлығы мамандық саласы бойынша толық оқулықтармен қамтамассыз етілген. Жыл сайынғы ірі бас қосулар үлкен пайдасын тигізуде. Осындай жылына бір рет өткізілетін қауымдастықтың халықаралық шараларына себепсіз қатыспайтын мүшелер баршылық. Біз бұлардың «Шортандарын» арнайы Құрылтай қаулысы бойынша құрамнан шығардық. Қауымдастықтың жеке сайтына қойдық. Бұдан жауапкершілігі жоғары емшілер мен оның қауымдастығы ұтпаса, ұтылмасы анық.

Жауапкершілік – ол кез келген ұйымның мүшесінің адамгершілігінің айнасы және тәрбиелік мектебі. Жеке емшілер жауапкершілігі – оның адами келбетінің, иманының, парасаттылығының, білімділігінің, танымының, байсалдылығының, қайраттылығының және мәдениетінің өлшемі екенін білген жөн.

«Шипагерлік баян» газеті, №11, 2009.

 

Шипагерлік те – мәдени мұраның бір саласы

 

Қазақтың халықтық шипагерлігі тарихының тамыры біздің жаңа дәуірімізден арырақ басталады. Оның өзіндік ерекшеліктері, ұлттық формасы қалыптасқан. Оның жинақталған жүйесі, тарихи анықтамалық еңбектер болмауынан ғылыми зерттеу мен талдауға енбеді. Сондықтан да, халықтық қарапайым шипагерлік өнерінің емдік халықтық сипаты мен оның түрлері алғаш рулық тайпалық сипатта дами бастады. Кейін бірыңғай ұлттық қалыптасу дәуірінен кейін ұлттық түрде дамып және өркендеп келеді.  

Халықтық шипагерлік дәстүрлері мен бақсылық өнері жөніндегі алғашқы анықтамаларды, қазақ даласын кезген басқа елдердің саяхатшылары мен зерттеушілері  және қазақ ғалымы Ш.Уәлихановтің қолжазбаларынан байқауға болады. Бұл мәліметтер бүтіндей бір қазақ ұлтының шипагерлік дәстүрі туралы сұраныстарды толық қанағаттандыра алмайды. Қазақтың халықтық шипагерлерінің көрегендігі мен білімділігі, жинақтылығы мен ізденімпаздығы ұлттың көшпелі өмірімен байланысты болды. Олар табиғаттың құбылыстық өзгерістерінің адам денсаулығына өзгеріс әкелетініне ерекше бақылау жасай білді. Жылдың төрт мезгілдік өзгерістерін, жыл он екі айдың құбылымдық әрекеттерін, аспан әлеміндегі жұлдыздық айналымды нақты болжай білуінің шеберлігінің нәтижесінде денсаулыққа зиянды жақтарын бақылады, халыққа ескертті, сырқатты емдеп жазу жолдарын қарастырды. Бұл жөніндегі нақты мәліметтерді  анықтадық, зерттедік, ғылыми тұжырым жасадық.

Қазақтың шипагерлері сырқат адамның ауруының пайда болу себептері мен сыртқы түрін анықтау, шипалық ем қолдану әдіс-тәсілдерінде ұлттық мәдени стилді сақтай отырып, психологиялық және философиялық ой-толғамдары арқылы жүзеге асыруға әрекет етті. Қазақтың шипагерлік емінің мәдениеті мен дәстүрлерін халыққа жеткізу, оның азаматтарының дендері сау болуына, өсіп- өркендеуіне тигізер пайдасын зерттеу қажеттілігі, ғылымның жаңа бір қырынан танылғандығы – халық шипагерлігі болашағына жаңа жол ашады. Өміршең елдің ұрпағының намысшыл, еңбекқор болуы, оның ұлтының мәдени салаларының тарихының таза болуы мен дәстүрлерінің өркендеуіне демеу болады. Ал, тарихы жазылмаған халық шипагерлігі күрделі зерделеу мен зерттеуді асыға күтуде. Халық емшілігінің өрлеу кезеңдері жазба деректердің жоқтығынан әлі зерттеліп біткен жоқ. Қазақтың халық емінің тамыры көне дәуірден ғасырлар бойы жоғалмай келе жатқан халықтың мәдени мұрасының бір саласы. Халық емі жоқ ұлттың бүгінге дейінгі өмірі  де, болашағы да болмасы анық. Қазіргі медицинаның негізі қалаған сол халық емі, яғни халықтық шипагерлік дәстүрі екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Адамзат тарихының эволюциялық өзгерістері мен ғылымның дамуы, халықтық шипагерліктің емдік әдіс-тәсілдерінің ғылыми жолмен дамуына әсері күшті болды. Қазақтың шипагерлік өнерінің тез әрі ғылыми тұрғыда дамуына, Орта Азия мен Қазақ жерінен шыққан ғұлама ғалымдар, есімдері бүгінде әлемге белгілі Әбу Насыр әл-Фараби, әл-Бируни, әл-Разани, әл-Хорезми, Әбу Әли ибн Сина, Жүсіп Баласағұни тағы басқа да ғұламалардың медициналық еңбектері халықтық шипагерліктің  өркендеуіне әсері зор болды. Халық шипагерлігінің өткен дәуірлік тарихындағы қарапайым емдік сипаттары азайып, біртіндеп дәстүрлі ілімдік ғылыми бағытта жұмыс істей бастаған кезеңі ХV ғасырда даланың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының жеке зертханалық ілімдік ғылыми тұжырымдамалары  арқылы жүзеге асты. Академик Б.В.Петровскийдің: «Шығыс медицинасының тарихы Тибет, Монголия, Индия, Қытай, Жапония да осыдан мыңдаған жыл бұрын дамыды. Емдеу әдіс-тәсілдері болды. Бұл осы заманғы медицинаның дамуына өте қажет», – деген тұжырымы да, тарихы тереңнен басталатын шипагерліктің тамыры тереңге жайылған, жапырағы жайқалған, шығыстық шипагерліктің өркендеу дәуірінен анықтама береді.

Бүгінде ғылымда екінші Ибн Сина атанған, ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы жоғарыда аттары аталған Орта Азиялық және Қазақ жерінің ғұламаларының емдеу тәсілі мен медицина саласы бойынша жазылған еңбектерін одан ары қарай жалғастырушы, дамытушы, халықтың игілігіне пайдалануда өзінің жеке талғамдық-танымдық қабілетін жүзеге асырушы болды. Ғұлама шипагердің «Шипагерлік баян» атты еңбегінің жүйелі жазылуы мен ұлттық тілдік таным бойынша баяндалатын, медицина тілімен нақты анықтама беретін “Кіріспе “ және «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдалғы»  атты үш бөліміндегі дәлелдемелер осы заманғы медицинамен үндесіп, бірлесіп, араласып жатқан сипатта екенін медицина ғалымдары мен зерттеушілері бірауыздан растайды. Одан емделу дәстүріндегі медицина ғылымы тұрғысында да сабақтастық  анықталды. Өзіндік терең психологиялық және философиялық танымы мол ғұлама шипагер Өтейбойдақ адам бойындағы қанды: «арам қан», «адал қан», «құтырған қан», «қанды ірің» – деп төрт топқа бөлген болжамдық ойының, грек ғұламасы Гиппократтың адамның организміндегі төрт шырын анықтамасы болжамымен сәйкес, үндес келетінін аңғартады.

Сондықтан да, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегі қазақ ғылымында энциклопедиялық медициналық жаңа жүйелік бағыттың ашылуына өте пайдалы ықпал ете алады. Бұл еңбектің ғылымдағы құндылығын бізден бұрын зерттеп, әділ ғылыми бағасын берген көрші Шығыс еліндегі қандастарымыздың еңбектері және «Шипагерлік баянның» Қытай мемлекетінің жоғары мемлекеттік сыйлығына ие болуы, қазақтың халықтық шипагерлік мәдени дәстүрінің осыдан бес жарым ғасыр бұрын, іліми негізі толық қалануын білдіреді. Бұл ұлттық шипагерліктің мәдени мұраның бір саласы әрі терең зерттеуді қажет ететіндігін ескерте алады.

«Шипагерлік баян» газеті, №1, 2010.

 

Беймәлім әсерлердің сыры неде?

 

Бүгінде әлем елдері ғылымында әлі толық танымдық сипаты анықталмаған тылсым құпия сырларының өзіндік ерекшелігін ғылыми негізде ашылған жоқ. Тек жобалай ғана өзіндік жеке ұғымы мен танымы бойынша түсіндіріп келеді. Осы салада қазақ ғалымдары мен зерттеушілері біраз тер төккенін жоққа шығара алмаймыз. Десе де әлемдік және отандық ғылымның бұл салаларға баға берерлік қауқары және ғалымдар мен зерттеушілердің ынта жігері толық тереңдей енуге әлі де әлсіздік көрсетуде. Қазақтың ақиық ақыны, зерттеуші-философ Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Үш анық» атты ғылыми монографиялық еңбегінде, бүгінде енді ескере әрі зерттеле бастаған телепатия – белгілі аралықта екі жақты хабарласу, спиритизм – өлген адамдардың рухымен қатынасқа шығу және магнитизм –  заттарды зарядтау сияқты үш түрлі құпиялы тылсымдар жөнінде өз тұжырымдамаларын негізгі әдебиеттерге сүйене отырып, бұлардың анық екендігіне баға берген-ді. Ал, қазақтың ерекше қасиетке ие ғұлама ақыны, болжампазы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тірлігінде көп нәрсені болжағаны жөнінде және өзінің о дүниеге қайтарынан бір жыл бұрын асын бергендігі нені білдіреді? Бұл мәселені ақын-болжампаз атамыз түс немесе аян арқылы алды ма? Ол өзімен бірге құпия болып кете берді. Тіпті осыдан үш ғасырға жуық өмір сүрген Шалқарлық Мөңке би мен дәуіріміздің басында өмір сүрген Майқы би бабалардың болжампаздығының әйгілі ағылшын дәрігер-жұлдызшысы Мишель Нострадамустын болжамынан кем еместігі бүгінде толық аңғарылуда. Осы күні кейбір баспа беттерінен «Ақырзаман» деген аты жаман кесепаттың таяп қалғандығы жөнінде халықты дүрліктіріп жаза беретініне біз таңқаламыз. Сонда жазғышбектердің әлі арнайы тексерілмеген, зерттелмеген қасиетке ие сауатсыз көріпкелсымақтарының айтқанына сендіру жазғышбектің діни сауатсыздығы мен мәдениетінің төмендігін  аңғартады. Себебі, Майқы би бабамыз: «Төрт мың жылдан кейін дүние таман болады», – дейді. Міне бұл да шындыққа жанаса ма, жоқ па бір Алла тағала ғана біледі. «Ақырзаманшылар» асықпаңыздар! Әлемде және біздің елде «Ақырзаманның» елесі әлі Майқы би бабамыз айтқан уақытқа дейін байқалмайды. Өйткені бізде осы саланы жиырма жылға дейін зерттеп, зерделеп бірнеше еңбектер жаздық. Өзінің оң бағасын алуда. Көптеген емшілер ертеде түсіме Қожа Ахмет Яссауи және т.б. батырлар, билер, хандар кірді, аян берді, бата берді деп өздерінің жарнамаларын белді газеттер беттерінде, телеарналар мен радио тораптарында хабарлағаның оқырмандар мен тыңдаушылар есіңе түсірсіңші, осылардың бүгінде жұрнағы да бітіп барады. Мен өзім түс пен аяңды жас кезімнен-ақ көріп келемін. Оның пайдалы жағы мен зиянды жақтары барында білген жөн. Кез келген адамның ұйықтаған кездегі түс арқылы алған хабарламасы бірдей болмайды. Себебі, ғарыштық жүйемен ақпараттық деңгейге жететіндер де, жетпейтіндер де болады. Осыған байланысты көптеген болжамдардың сәйкес келмеу себептері туындайды. Десе де, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) көбінесе аян немесе түстер арқылы алған хабарларын іс жүзінде қалдырғаны бәрімізге белгілі. Таза аяңдық хабарлардың шындыққа айналуына сенген де дұрыс. Десе де, мұндай аяндар Жаратушымыздың құлдарының ішінен өзі ғана таза сүйген миллиондарының ішінен біреуіне ғана берілуі мүмкін.

Бұған дәлел Абылай ханның аңызға айналған түсі деуге болады. Оның шешімін түс жорушы Өтеген батыр дәл тапқаны жөніндегі тұжырымы, бүгінгі қоғамның өзгерістері мен ел тәуелсіздігін көрсетіп,  халқымыздың өркендеу дәуірін сипаттағандай. Мен көбіне өзім көрген түстерім мен алған аяндарымның кейбірінің іс жүзінде нағыз шындыққа айналғандығына куә болған кездерім аз емес. Мәселен,  өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында журналистердің танымының нашарлығынан әлі де қасиеттері толық ашылмаған, танылмаған емшілерді пайғамбарларға дейін жеткізіп, Алла тағалламен тікелей сөйлестіруші етіп көрсетіп, еңбектерін де баспадан шығаруға көмектесті. Мен осы мәселеге байланысты «Алматы Ақшамы» газетінде: «Жасанды ақылгөйліктен сақтасын» (31.07.1996) деген мақаламда өзімнің ашық пікірімді білдірдім. Бұл күнде о дүниелік болған емші тікелей Алла тағаламен байланысушы, сөйлесуші болыпты. Соның бірі Ғабеңнің (Ғабит Мүсірепов) қайтыс болған қызы Райханды «Тозақтан – пейішке» шығарыпты. О, құдірет осыны да сынағанмын. Ғабең (Ғ. Мүсірепов) мақала шыққан күні түнде түсіме кіріп менің үйіме келіп: «Ей, З... мен саған рахметімді айтайын деп келдім. Рахмет саған. Рахмет.», – деп үйге кірмей ғайып болды. Үстіңде кигені тірлігіндегі қара костюмі, сол тірі кезіндегі тұлғасы сақталған. Сонда мен ойладым жер бетіндегі жақсылықтар мен жамандықтар жөніндегі немесе жеке өздері жөніндегі әрекеттерден о дүниелік рухтар да хабардар болғаны ма? Осы мақала газетке шыққан күнмен тура келген о дүниелік рухтардың ризалық хабарын қалай түсінуге болады? Бүгінде жер бетіндегі адамдар мен ғарыштық байланыс түс пен аяннан басқа да түрлерімен телепатиялық жүйе бойынша іске асатындығы анықталуда. Ол белгілер: дыбыс арқылы, көз алдына көрінетін жазулар арқылы, денеге түскен таңбалар арқылы, әр түрлі бейнені сыздыру, белгісіз шытырман сызықтар, сөздер, әуендер, дыбыстық сезім, денені тітіркендіру әсері арқылы, әр түрлі жарықтық белгімен, денені зарядтау, адамның ойлау жүйесін төмендету немесе арттыру белгілері арқылы, көзге елес болып көріну, үйдегі заттарды қозғау әрі лақтыру, керегелерде адам қанына ұқсас дақтар пайда болу, қалтадағы немесе сейфтегі ақшаларды алып кету т.б. беймәлім құбылыстар әлі өз шешімін таппауда.

XV ғасырдың ғұлама ғалым емшісі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы: «Ел айтса – қалт айтпайды», – дегендей әлі де халық ішінен талай ғарыштық жүйенің тылсым сырын зерттейтін ұрпақтары біртіндеп беймәлім құбылыстардың шешімін табатын уақыт та келер. Сабырлық, ізденімпаздық пен білімділік бүгінде әлемдік жүйедегі беймәлім құпиялардың сырларын ашудың жолы боларына сеніммен қараған жөн.

«Шипагерлік баян» газеті, №2, 2010.

 

 

 

ЫНТЫМАҚ ПЕН БІРЛІК

 

Ынтымақ пен бірлік егіз ұғым. Ынтымақ бар жерде бірлік бар ал, бірлік бар жерде ынтымақ бар. Берекенің де, ырыздығы мен несібенің де және игілікті мақсаттарға жетудің басты себебі осы ынтымақ пен бірлік арқылы жүзеге асатындығы өмір шындығы. «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» – деген халықтық философиялық даналық ұғым бұрында және бүгінде өзінің тұжырымдамасының нақтылығын айқындауда. Қаншама қиыншылық пен қарсылық күштер көп болғанымен, ынтымағы мен бірлігі бар ортаны ала алмайды, қайта оның қанатын қатайтып, ынтымағын күшейтіп, төзімділігін арттырып және бірлігін молайтады. Ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты және жақсы мен жаманды ажырата білуде адамгершіліктің ең жоғарғы белсеңділігі болып табылады. Белсеңділік кездейсоқ нәрсе емес ол, адамның биоэнергетикалық нүктелерінің ішіндегі ең жоғары түрде дамыған, таза ғарыштық қуаттармен қуаттандырылған биологиялық белсеңді нүктелердің қызметінің жетістігі нәтижесінде адамның организмінде ұлы ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының тұжырымдамасы бойынша ерекше кездейсоқ пайда болатын қуаттар тізбесінің нәтижесі. «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелерінің ынтымағы мен бірлігінің жетістігі оны жоюға әрекеттенген қарсы күштерге төтеп беруі және киелі шаңырақты сақтап, оны әлемдік дәрежеде ғаламторда үгіттеп көрсетуі, олардың ынтымағы мен бірлігінің нәтижесі деуге болады. Қауымдастық өзінің он тоғыз жылдық тарихында өзінің атауының бір әрпінде және Жарғысының бағытын өзгертпей, республиканың Конститутциясы мен Заңдарын басшылыққа ала отырып, Жарғылық мақсаттары мен міндеттерін табысты атқаруы мүшелердің ынтымағы мен бірлігінің жемісі. 2004-2010 жылдар аралығында қауымдастықтың ұйымдастыруымен халық медицинасы жөнінде әртүрлі тақырыпта жеті рет халықаралық конгрестер мен форумдарды өткізіп, оны шет елдерге үгіттеуге жол ашуы, қауымдастықтың мүше-емшілерінің мәдениеттілігі мен жауапкершілігінің нәтижесі. Осы жылғы шілде айының соңында еліміздің астанасы Астана қаласында «Рухани және музыкалық шипагерлік» атты VII халықаралық конгресінің нәтижелі мәдениетті түрде  өткізілуі қауымдастықтың басшы және мүшелерінің жауапкершілігі мен өздерінің міндеттерін атқарудағы жоғары білімділігі мен ынтымағы және бірлігінің жетістігі деуге болады. Қауымдастық мүшелері асқақтамай, айғайламай-ақ, бұл қызмет түрін жарты жыл бұрын баспасөзде жариялап, қалалық әкімшілікке хат жүзінде хабарлап және ашық жариялық принципін сақтай отырып, ірі жиналысын өткізген Астанадан тысқары тұратын қоғамдық ұйымдардың ішіндегі ең алғашқысы болуы да өте қуанышты деуге тұрарлық. Осы конгрес несімен ерекшеленеді деушілерге айтарымыз, халықтық шипагерліктің түрлерін теориялық және тәжиірбе жақтан үгіттеу арқылы оны ғылыми айналымға еңгізіп әрі әлемдік дәрежеге көтеру демекпіз. Бұл жағынын алғанда қазіргі нәтижеміз де жаман емес, оның дәлелі қауымдастықтың ғалымдары тарапынан бірнеше ғылыми-могографиялық еңбектердің қазақ және орыс тілдерінде баспадан шығып, өзінің ғылыми ортасымен және оқырмандарымен қауышуы. Таза еңбек ол өзінің оң нәтижесін береді. Бос сөз бен жалған ақпарат біртіңдеп өзінің күшін жойып, абыройынан арылтады. Шыдамдылық, қайраттылық, табандылық, білімділік пен мәдениеттілік, жоғары саналық ғана ынтымақ пен бірліктің жемісінің нәтижесін дәлелдей алады.

Ынтымақ бар жерде береке мол болады. Берекелі орта бірліктің негізі болады. Бірліктің жемісі аспаған асуларды асуға, шықпаған шыңдарға шығуға және көлденең қорғандарды бұзып өтуге, әрі негізгі мақсатқа жетуге берік күш пен қанат бола алады. Қауымдастық та өзінің мүшелерінен ынтымақ пен бірлікті қолдан шығармауға және қорғай білуге шақырады. Сондықтан да ұлы ғұлама Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Сыйласым – татулық ырысы. Сыйластық – сенімнің ырысы. Ынтымақ – бірлік ырысы», – деген пәлсапалық толғамы бәрімізге өнеге екенің білу артықтық етпейді.

«Шипагерлік баян» газеті, №9, 2010. 

 

 

 

 1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32

в начало