өмірімнің шежіресі

29

 главная                                        вернуться 

 1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32

 

КӨРІПКЕЛДІК СЫРЛАРЫ

 

Адамзаттың пайда болуы тарихынан зерделесек, ғасырлар бойы өздерінен тыс бір тылсым күштің табиғатқа қайшы келмейтін құпия заңдылығы барын білеміз. Ғылым болса, осы құбылысты анықтауға ұмтылды. Адамның бойындағы ерекше бір қасиет көріпкелдіктің нақты нәтижелерінің қорытындысы, ғылымда жаңаша көзқарастық өзгеріс туғызады. Дегенмен, нақты теориялық заңдылығы жоқ бұл құбылыс әлі ғылыми және тәжірибелік нақты шешімін таппағанмен әр елдің ғалым-зерттеушілері ұлттық ерекшеліктердің үндестігіне қарай зерттеу тұжырымдамаларын жалғастыруда. 

Көріпкелдік қасиет қайдан пайда болады, ол мәңгілік пе, жоқ уақытша бір алданышты сиқыр ма, әйтеуір, әлі белгісіз дүние сияқты көрінеді. Дегенмен, атақты болгариялық көріпкел Ванганы 12 жасында құйын аспанға көтеріп әкетіп екі көзінен айырылған соң көріпкелдіктің пайда болғандығына анализ жасасақ, ғарыштық жүйе мен адамзат арасында өте күшті толқынды бір құпиялы байланыстың барлығын білдіреді. Сондықтан жаны таза көріпкелдер тек ғана ғаламдағы таза рухтар көмегімен нәтижеге жетіп отыратындай.

 Көріпкелдік – адамның ой арқылы белгісіз ішкі және сыртқы күштердің әсерінен ғарыштық жүйемен байланысқа шығып хабар алатын, алған хабарды жерге жеткізуші жоғары жиілікті сезімтал қасиет. Көріпкелдік адамның ойы арқылы жүзеге асатындықтан, ой ғарыштық жүйемен телепатиялық байланыста болады да, өз хабарын жеткізеді әрі жауап алады.

Көріпкелдік – телепатия. Көріпкелдік пен телепатия бір-біріне тәуелді келеді. Телепатиясыз – көріпкелдік, ал көріпкелдіксіз – телепатия өз сырын аша алмайды. Телепатия көріпкелдікке жол ашады. Ол көріпкелдікті ашудағы ғарыш пен адамзат арасындағы тікелей байланыстырушы рөл атқарады.

 Телепатия – жер мен ғарыш арасындағы байланыс жүйесін жүзеге асырады. Адамның ойын ғарыштық жүйеге қосып, өңдеп қайтадан хабарды жерге жеткізуге әсер етеді. Адам ғарышпен телепатиялық байланысқа шығады да, одан белгісіз күш әсерінен көріпкелдік жүйесіне көшеді. Ойсыз телепатиялық байланысқа, ал телепатиялық байланыссыз көріпкелдік жүйе орындалмайды. Барлық адамда бірдей көріпкелдік немесе телепатиялық байланыс бірдей болмайды. Белгілі ғана адамдар тобы бұл екі қасиетке ие болуы мүмкін. Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Үш анық» деген еңбегінде телепатия, спиритизм /рухпен байланысқа шығу – З.Қ/, магнитизм деген ғылыми атауларға тоқталып, бұл шындық деп, бұл саланы отыз жылдай оқыған, көңіліне тоқыған көптеген тілдерде жазылған кітаптарға сүйеніп тұжырымнамасын ұсынады /Ш. Құдайбердіұлы. «Үш анық». Алматы. Қазақстан. 1991./. М.Нострадамус пен болгариялық Ванга  әжей  телепатиялық – көріпкелдік  байланыстың таза дәлдіктік шындығы арқылы әлемге даңқын шығарды. Ғалым, жазушы, ақын, өнер адамы, суретші, емшілердің белгілі тобы өзінің телепатиялық байланыста болатындарын біле бермейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ұдайы ғарышпен, періштелермен телепатиялық байланыста болды. Қасиетті Құранды періштелермен көріпкелдік-телепатиялық байланысы арқылы қабылдаған. Хан Абылайханның түсін жорыған Майқы би, Асан қайғы, Өтеген батыр, Бекет әулие, Мөңке би, Бұхар жырау тағы сол сияқты сұлтандар, билер, батырлар да ғарышпен телепатиялық байланыста болғандарын, олардан қалған жазба деректер арқылы білуге болады. Көріпкелдер көбінесе ғарышпен жеке телепатиялық байланыстарды сөз, дыбыс, сурет, сызба, бейне, бағыт, әріп, жазу, ән, саз, діни оқылым, дыбыстық белгі, жарық белгі, денені тітіркендіру, белгісіз рух атынан деп, басқа белгісіз күш әсерімен трансқа түсіп сызу және жазу тағы басқа тәсілдер арқылы алатыны жеке адамдардың мәліметтері бойынша анықталуда. Генералиссимус Суворовтың бұрын ажырасқан әйелі адамның өңіне, түсіне, жүрісіне қарап, ол адамға қауіп /өлім/ төніп тұрғанын нақ айтатын көріпкел болыпты. Әйел кімді іздеп келсе, ол адам өзіне қауіп келгенін сезіп, жақындарымен қоштасатын болған. Суворов та кеткен әйелі ұзақ жылдан соң оралғанда сезіктеніп, дайындалып о дүниеге аттаныпты. Бүгінде әлемнің көп елдерінде М.Нострадамус пен Ванга әжейдің жеке болжамдарын оқу, үйрену, шешу ғылыми орындары жұмыс істегенмен әлі құпияның сырын толық ашқан жоқ. XV ғасырдың ғалым-шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы айтқандай: «Ел айтса-қалт айтпайды», – дегендей халықтың арасында көріпкелдердің ұрпақтарының барлығына күмән келтіруге болмайды. Дегенмен, ел арасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 210-хадисінде: «Мен үмбетімде отыз өтірікші болады. Олардың әрқайсысы өзін Алланың елшісімін деп жариялайды. Бірақ, мен соңғы Пайғамбармын. Менен кейін Пайғамбар болмайды.», – десе де өмірде жалғандықпен өзін пайғамбарлық дәрежеге дейін насихаттағандар да барын жасыруға болмайды. Көріпкелдік – ол киелі таза рухтардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын тектік қасиеті әрі әр ұлттың өзіндік ерекше тылсым құпия сырлары болғандықтан, бұған таза танымдық пен ғылыми көзқараста талдау жасап оның болашағының пайдалылығына баға беруі қажет етеді.

«Шипагерлік баян» газеті, №6, 2008.

 

ДҰҒАНЫҢ ПАЙДАСЫ

 

Егер біз өз танымымыз бойынша жекелей саралап баға берсек, ақиқатында ең шыншыл сөз – Аллаһ тағаланың сөзі қасиетті Құран Кәрім екендігіне бүкіл мұсылман және әлем ғалымдары сенім білдіргендігі осы шындықтың дәлелі болмақ. Ең дұрыс жол – ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ұстанған ислам жолы.

Сондықтан да, әрекеттің ең жаманы – дінге жат нәрселерді қосарлата ұсынудың барлығы – дінбұзарлық әрекетке жатады. Бұл дінбұзар істің барлығы – адасу, ал адасушылардың барар жері – тозақ екендігі жөнінде қасиетті Құран Кәрімде анық айтылған.

Діни тұрғыдан алғанда Аллаһ тағалаға дұға ету: Аллаһ тағаладан жақсылық, медет, шарапаттылық тілеу арқылы әр мұсылман өзінің қиын жолдарынан шығуға, ақ жолының ашылуына, имандылыққа жетуге тілегі болып табылады.

Аллаһ тағалаға дұға етудің мәнісі: пенденің Раббысына деген мұқтаждығын білдіру, қажеті өтелу мақсатында Жаратушысына мінәжат ету болмақ.

Дұға пендені Жаратушысымен байланыстырады. Дұға етіп, Хақ тағаладан қажетімізді тілеу біздің ежелден қалыптасқан ата-бабаларымыздың тілектерінің табиғатына тән нәрсе. Бұған дәлел кейде кез-келген пенде, оны үйретпесе де, тосын қауіпті және ыңғайсыз жағдайға ұшырағанда шыбын жаны шырқырап Аллаһ тағалаға жалбарынады. Өйткені қандай бір қиыншылық болмасын пенденің Аллаһ Тағаладан басқа жарылқаушысы да, қорғаушысы да жоқ екеніне пенде еріксіз сенеді.

Ислам талап ететін дұға – адам баласының көкейінде әрдайым Аллаһ Тағалаға деген тілек. Аллаһ тағалаға дұға ету үшін жақсылық немесе қиыншылық болуы шарт емес. Дегенмен кейде адамдардың басым көпшілігі өз тілектерінен кейін, көбінесе уайым-қайғысынан арылған соң  Жаратушысын естен шығарады. Ал, ақиқатында адам баласы Аллаһ тағаланың жасаған қамқорлығына астамшылық етпей, қашанда Тәңірі оған жасаған жақсылығын есінен шығармағаны жөн. Бұл үлкен әдеп пен саналыққа жатады әрі имандылықтың жоғары сенімдік парасаттылығының белгісін білдіреді.

Имам Ибн Әл-Қайим дұға етумен Аллаһ тағаланы еске алудың жүзге жуық пайдасы бар деген. Олардың кейбірі төмендегіше: Аллаһ тағаланың разылығына себепкер болады. Шайтанды қуады. Жүректегі уайым-қайғыны  жойып, онда қуаныш пен рахат сезімін орнықтырады. Жүрек, рух және денені қуаттандырады. Адамның жүзі мен жүрегін нұрландырады. Ризықты молайтады. Аллаһ тағалаға жақындатып, оның сүйіспеншілігіне лайық етеді. Адасудан сақтайды. Аллаһ тағала көп дұға етушіні Өз панасына алады. Дұғаның себебінен Аллаһ Тағала мағрифат, яғни  кешірім  есіктерін ашады. Дұға күпірлік басқан өлі жүректі  тірілтеді. Күнә мен қатерді  жойып, тозақ азабынан құтқарады. Әрдайым Аллаһ тағаланы еске алып, оған дұға ету, яғни зікір, тілді жаман, боссөзден қайтарады. Жамағатпен отырып, Аллаһ тағаланы зікір етуді періштелердің отырысымен салыстырса болады. Жамағатпен отырып дұға ету амалы қиямет күні қайғы-қасіреттен пана болады. Оңаша отырып, шын ықыласпен жылап тілеген дұға Қиямет күні Аллаһ тағаланың таңдаулы пенделеріне орнаған саябақтың көлеңкесіне паналауына себепші болады. Көп дұға етуші ғибадатқа қиналмайды. Дұға – жаннат егістігі. Аллаһ тағаланың пенделеріне әзірлеген нығметтерінің ең абзалы – Аллаһ тағаланы есіне алып, дұға еткендердің несібесі. Үнемі дұғада болғандардың тіршілігі әрқашан қауіпсіз және тыныш болады. Зікір – осы дүние мен Ақыреттің нұры. Көп зікір жүректі  сергітеді, яғни, иесін күнәдан сақтайды. Шын жүректен жасалған зікір құлды азат ету, Аллаһ тағала жолына садақа шығару және дін жолындағы күреспен тең. Дұға қатыгез жүректі жібітіп, жүректің індетіне шипа болады. Көп дұға етушіге періштелер игілік тілейді. Дұға етушіге Аллаһ тағаланың рахметі жауады. Жамағат болып дұға етушілердің отырысы бұл дүниедегі жаннаттың бау-бақшасы. Көп дұға етушілерге періштелер истиғфар айтады, яғни, Аллаһ тағаладан күнәларын кешіруін тілейді. Әрі көп дұға етумен Аллаһ тағаланы еске алу екі жүзділікті жояды. Адамды арам ойларынан арылтып таза имандылық жолына түсуіне ықпал етеді.

Сонымен қатар Имам Әл-Ғазали: «Біреу Аллаһ тағаланың белгілеген тағдыры өзгермейтін болса, дұға етудің не пайдасы бар?», – делінсе, адамның басына туатын бәлені дұғамен қайтару тағдырда белгіленгенін білгені жөн. Қалқан қаруды  қайтарғанға, су өсімдіктің шығуына себеп болғанындай, дұға да бәлені қайтарғанға және рахметтің нәсіп болуына себеп бола алады... Аллаһ тағала  «Ниса» сүресінің 102-ші аятында: «Олар сақтық шараларын қамтамасыз етіп, қарулансын», – деген. Осыған сай Ол бір істің болуы мен оның себептерін белгіле», - деген.

Дұғаның әдептері жөнінде Имам Әбу Хамид Әл-Ғазали өзінің «Әл-Ихяу ъулүмид-дин» кітабында дұға етуге қатысты он түрлі әдеп талаптары жайында айтқан. Дегенмен, біз Имам Әл-Ғазали айтқан әдеп талаптарын басқа да ғалымдардың еңбектерінде айтылған дұға етудің әдеп түрлерімен толықтыруды жөн көріп тұрмыз. Ол:

1. Дәретті болу.

2. Таза орында дұға ету.

3. Дұғаны Аллаһ Тағалаға мақтау, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтумен бастау.

4. Дұғаны Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтумен аяқтау.

5. Тілекті  үш қайтара айту.

6. Құбылаға бет қарату.

7. Екі қолды иық тұсына көтеріп, алақанын жаю.

8. Дұғадан кейін екі алақанымен бетті сипау.

9. Орташа дауыспен дұға ету.

10. Дұғада Аллаһ тағаланың есімдері мен сипаттарын тілге алу.

11. Алдымен өзі үшін тілек ету.

12. Тілекте ықыласта болып, табандылық білдіру.

13. Дұғада әдептілік шегінен шықпау.

14. Тек басына күн туғанда ғана емес, жай уақытта да Аллаһ тағаланы есінен шығармай дұға етіп жүру.

15. Дұғаның қабыл болуына себеп болатын жақсы амал істеу.

Біз бәріміз де Аллаһ тағаланың ана құрсағындағы тамшылық өмірден ақырғы тынысымыз таусылғанға дейін сынағында болғандықтан да, жақсылық пен жамандықтың әрі қиыншылықтың сынақтарынан өтіп отырамыз. Тек қана жақсылыққа жету Аллаһ тағаланы ұдайы еске алып дұға етіп, тілек арқылы ғана болатындығын білгеніміз имандылығымыздың жоғарғы көрсеткіші болмақ. Дұғаларыңыз қабыл болсын!

«Шипагерлік баян»газеті, №10, 2008.

 

Зомбилаудың қауіптілігі

Бүгінде зомбилау атауының халық арасында тарала бастағанына біраз жылдар өтсе де, нақты оның зияндылығы жөнінде толық анықтамалар өте аз. Негізінде зомбилықтың ғылыми бағыты 30-жылдардан бері қарай келе жатыр деуге негіз бар. АҚШ, Франция, Израиль, Жапония, Қытай және Ресей елдерінде жеке адамдарды, тұтас ұжымдарды зомбилау жұмыстары жүргізілгені туралы тікелей және жанама деректер баршылық. Егер бұрындары қатал программалау нәтижесінде биороботтар пайда болса, қазір зомбиді тек маман ғана анықтай алады, өйткені олардың әрекеттері ешқандай күдік тудырмайды. Адамның ойлау жүйесін жаулап алып, оны өзінің мақсаттарына пайдаланушылар көріне бастады.

Жасанды әдістермен электромагниттік, магнитті акустикалық, плазмалық және психотропты генераторлардың көмегімен түрлері ерекше құрылған өрістерді жасап шығарады, олар ми мен жүйке жүйесінің жұмыс істеу процестерін өзгертіп кері қайшылыққа ұшыратады. Бұл өрістерді «тәжірибе жүргізілетін» нысандарға бағыттай отырып, оператор олардың санасына арнайы қызметтерге қажетті ақпаратты жіберіп, қандай да бір тапсырмаларды орындауға дайын тұратындай етіп қалыптастыра алады.

Сонымен зомбилық дегеніміз – осы заманғы арнайы препараттар мен ерекше техникалық құрылғылардың (соның ішінде аса жоғары жиіліктегі генераторлар) көмегімен адамды қатал программалау, сондай-ақ адам психикасын басқару шарасы болып табылады.

Зерттеушілер Игорь Винокуров пен Георгий Гуртовой өздерінің «Психотропная война. От мифов – к реалиям» атты кітаптарын осы мәселені түсіндіруге арнаған. Осы кітаптың «Зомби выходит на связь» деген тарауында: «Күн тәртібінде үшінші ұрпақ зомбиін жасау мәселесі тұрды. Бұл жерде құпия, тылсым немесе эзотериялық білімді мамандардың қатысуынсыз болмағаны белгілі. Экстрасенсорлық әсер етудің ықтимал мүмкіндіктеріне назар аударылды. Сонымен бірге осындай әсерлерді техникалық құралдардың әсерімен күшейту әдістерін іздей бастады. Бұндай әсер адамның санасы мен психикасына енген кезде, адам оны өз санасынан тыс нәрсе деп емес, қайта өзінікі, өзінің ішінен, болмысынан туған нәрсе деп қабылдайды. Осылайша сырттан еріксіз таңылған осындай қылмыстық немесе басқа да күштің әсерінен адам қылмыс немесе қоғамдық адамгершілік қағидасына қайшы келетін іс-әрекеттер жасағанда, ол адам бұған тек өзін ғана кінәлайтын болады. Тіпті ол өзін қылмысқа итерген күштің сырттан келгенін сезсе де, оған ешкім сене қоймайды, керісінше оны есі ауысқан деп таниды» деп жазып түсініктемелер береді.

Біздің қоғамда мүндай әрекеттің өріс алуын білу, ол әр адамның жеке басының амандығын қорғау болып есептеледі. Сондықтан осы заманғы ғылыми техниканың даму жүйесінің неше алуан әрекеттерді жасауда оның зомбилық бағдарламалары адам өміріне өте қауіпті болмақ. Белгілі топтар әр түрлі жастағы азаматтар мен азаматшаларды тек қана өз мақсаттары үшін мақұлық ретінде пайдаланатынын ескерсек, бұл да дуалау мен сиқырлаудан кем түспейтін өте қауіпті бағдарлама екенін білген артықтық етпейді.

«Шипагерлік баян»газеті, №09, 2011 ж.

 

ВАМПИРЛЕРДЕН ҚОРҒАНУ

 

Жоғарыда айтылғандардың бәрі өз ішіңіздегі вампирлікті жеңуге бағытталған, ал сыртқы вампирден қалай қорғануға болады. Вампирдің басқа адамдарға әсері – теріс энергетикалық әсер. Бұл, әрине, көз тию, дуалау емес. Дегенмен бұл сіздің ағзаңызға бөгде биоөрістің еніп, денсаулыққа зиянды энергетикалық залал келтіреді. Егер біз өз еркімізбен донор болмасақ, онда вампир біз үшін шақырылмаған қонақ болып табылады. Сондықтан ертеден қорғаныс әдістері бар. Солардың бірнешеуін келтірейік.

1. Кез келген адамдармен (әсіресе вампирлермен) қарым-қатынас жасаудың бірінші және ең басты ережесі – ешқандай жағдайда да ашуланып-күйгелектенбеу, өйткені ашу шақырған себептің (басқа адамдардың сөзі немесе әрекеті) мәні ғана емес, сонымен бірге оған деген біздің көзқарасымыз да маңызды. Вампирдің саналы түрде де, санадан тыс түрде де басқалардың энергиясын ұрлау жолындағы жұмысы тек оның құрбаны ашуланғанда ғана жүзеге асады.

Ашудан қорғанудың басты құралы күшті биоөріс болып табылады. Сондықтан өз биоөрісіңізді бақылап отырыңыз, бұдан бұрын баяндалған биоэнергетикалық жаттығуларды жасаңыз. Күшті биоөріс дегеніміз бұл – күшті биоэнергетикалық қорғаныс. Бұл орайда биоөрісі күшті адамдардың донор бола алатынын ескеру қажет, олармен қарым-қатынас жасауға вампирлер құштар болады. Сондай-ақ адамның биоэнергетикалық әлеуеті жоғары болған сайын, оның кез келген әсерлерді қабылдайтын экстрасенсорлық (жоғары сезімталдық) қабілеті де жоғары болатынын есте сақтау керек. Осы қабілеттің екінші жағын бейтараптандыру үшін басты, миды, ойлау жұмысын іске қосу керек. Осыдан келесі қорғаныс тәсілі шығады.

2. Оймен қорғану. Ойлау жұмысын екі бағытта қарастыруға болады: адамның өз әрекетін басқаратын ой және басқа адамдарға бағытталған ой.

Ой жұмысының вампирлерге қатысты бірінші бағытында «біз қасқырдан қорықпаймыз» ұстанымында болуымыз керек, яғни қасқыр – вампир, бірақ біз оны жыртқыш аң ретінде емес, үй жануары ит ретінде қарастыруымыз керек. Бұндай «ит» сіздің «оңай шағылмас жаңғақ» екеніңізді түсінгеннен кейін, сізге қайта келмейтін болады.

3. Вампирден аулақ кету, онымен қарым-қатынас жасамау. Өзіңізге жағымсыз адаммен ешқашан араласпаңыз. Бұндай кездесулерден қашу қиын болса немесе мүлдем мүмкін болмаса, онда екінші тәсілді қолдану керек.

4. Келесі тәсіл – «аспанда қалықтап жүру». Егер сізге қандай да бір себептермен вампирден қашу мүмкін болмаса, онда одан ақша бұлттарға немесе көгілдір аспанға ойша қашыңыз. Бұл мүмкін нәрсе, тек тырысып көру керек.

5. Өзіңізге, әсіресе, қызықсыз және керексіз адамдардың назарын аударта бермеңіз.

6. Өзіңізге жағымсыз адаммен сөз таластырмаңыз.

7. Өзіңіздің биоөрісіңіздің аясын жабық ұстаңыз:

Жамандық күтетін адамдарыңызбен сөйлескен кезіңізде қолыңыз бен аяғыңызды айқастырып отырыңыз;

Бір қолыңыздың бас бармағы мен сұқ саусағын екінші қолыңыздың бас бармағы мен сұқ саусағын біріктіріп, шеңбер жасаңыз, қалған саусақтарыңызды бір-біріне қойыңыз.

8. Айна. Жағымсыз адаммен кездескен немесе араласқан кезде осы адаммен сіздің араңызда шағылысқан айна бар деп ойша елестетіңіз.

9. Прожектор. Сіздің «үшінші көзіңіздің» тұсынан прожектордың күшті ашық сәуле шашып тұрғанын елестетіңіз, бұл сәулені сізге жағымсыз адамның «үшінші көзіне» және көздеріне қарай бағыттаңыз.

Басқа да көптеген тәсілдер бар, бірақ келтірілген тәсілдер вампирлерден ғана емес, басқа да теріс энергетикалық әсерлерден, соның ішінде көз тию мен дуадан қорғауда қарапайым әрі тиімді болып табылады. Егер сіз оларды орындап үйренсеңіз, көп ұзамай-ақ вампир проблемаларының сіз үшін жоғалатынын аңғарасыз. Сонымен бірге сіз бұл жаттығуларды өзіңіздің биоөрісіңізді дамыту үшін де жасасаңыз, онда өміріңіздегі көптеген басқа да қиындықтарды жеңе алатын боласыз.

Барлық жаттығуларды айналаңызға білдіртпей, ешкімнің назарын аудармай жасауға тырысыңыз.

Шипагерлік баян» газеті, №10,  2011 ж.

                                        

 

 

әулиелі ел, киелі мекен

 

Оңтүстік өңірі ежелден-ақ бүкіл түрік әлеміне әйгілі мекен. Мұнда түрік әлемінің астанасы Түркістан қаласы, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Ысқақ баб, Бабай Түкті Шашты Әзиз,  Қарабура, Укаша ата, Ибраһим-ата, Қарашаш ана, Гауһар ана, Бәйдібек би, Домалақ ана т.б. киелі әулиелерге қойылған кесенелердің әсемдігі өзінің көркемдік сұлулығы мен ерекшеленеді. Бұл әулиелердің өз заманында мемлекеті мен халқына жасаған жақсылықтары Алла тағаланың рахымына бөленгендіктен неше ғасыр өтсе де, мұсылман қауымының құрметіне бөленген. Сондықтан да бұл әулиелер кесенелеріне зиярат етіп баруы Құран Кәрім мен хадис шәрифтен бастау алған. Және ислам дінінде ертеден қалыптасқан ізгі дәстүрлердің бірі. “Зиярат” сөзі – арнайы көруге бару мағынасын білдіреді.

Ислам дінінің негізгі қағидалары әулие-жақсыларды “өлгендер” деп айтуға болмайтынын, олардың – тірі екендігін, Тәңірдің алдында ризық-несібелерін пайдалануда екендігін айтады. Осы жайлы Құран Кәрімде бірнеше аят та бар. Мысалы:

Мағынасы: “Құдай жолында құрбан болғандарды өлдіге санамаңдар. Керісінше, олар тірі. Құдай алдында жұмақ ризығынан дәм татады (3/169)”. Бұл жөнінде пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде де айтылады. Мысалы: “Қабірстанға барғанда немесе бір мұсылманның қабірінің қасынан өткенде: “Ассаламуғалайкум момындар мен мұсылман қауымы! Алла қаласа, біз де сіздерге қосыламыз. Сіздерге және өзімізге Алла тағаладан амандық тілейміз” деп сәлем беру жайлы өсиет қалдырған.

Зиярат барысында бағыштаған Құран аяттарының, тіленген дұға-баталардың сауабынан қабірстанда жатқан момын-мұсылман үшін орасан зор игілік, жақсылық болатынын және жасалған құлшылық, амалдардың сауабы оларға қапысыз жететінін дін ғалымдары бір ауыздан мақұлдаған.

Пайғамбарымыздың бір хадисінде: “Өлген ата-анаңа намаз оқу арқылы, ораза ұстау арқылы жақсылық жасай аласың” деген. Халқымыз ұстанған имам ағзам Әбу Ханифа мазхабына тән әдебиеттерден зияраттың сауабы және зиярат әдебі туралы көптеген деректер кездеседі. Мысалы: “Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі қошқарды құрбандыққа шалғаны, біреуін өз атынан, екіншісін Аллаға иман келтіріп, өзінің пайғамбарлығын мойындаған барша үмбетінің атынан сойғаны” айтылған.

Зиярат амалы адамның жүрегі жұмсарып, бір сәт болса да ақыретті еске алып, сапардан мол ғибратпен оралуына себеп болады. Әулие жақсылардың жақсы қадір-қасиетін, беделін, дәрежесін айқындауда халқымыз “Әулиеге екі дүние бір қадам”, “Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді”, “Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат”, “Өлі риза болмай тірі байымас” деген даналығы негізінде олардың кесенелеріне зиярат еткен. Дұға жасап, ғибрат алу мақсатында әулие аралап, сапарға шыққан мұсылмандар зияратшы, зиярат етілетін әулиенің қабірі – мазар деп аталады.

Дұға-тілектің Алла алдында қабыл болуы, аруақтың риза болуы – зиярат әдет-тәртібінің ниет тазалығы, тән тазалығы, әдеп тазалығына байланысты екенін ұмытпаған жөн. Емшілер қауымы көбінесе жылы жаз және күз айларында зиярат етушілерді топ-тобымен қасиетті бабалар кесенелеріне апарып дұға-тілектерін білдіруде ең алдымен, зиярат ету тәртібінің сақталуына мән беру қажет. Көптеген зиярат етушілер көбінесе дайындықсыз барады, бұл олардың ниеттерінің қабыл болуына әсер етіп қана қалмастан, өздерінің денсаулығына кері әсері болатынын білген абзал. Еліміздің тәуелсіздігінен кейін дінімізге мән беру дамып, рухани жақтарымыздағы жақсару да арта түсуде. Алла тағаладан ғана тілеу мен әулие бабалардың қабіріне барып дұға-тілек білдіру шариғат заңдарына сай келеді. Жаратушыға серік қосу, әулие кесенелерін құшақтау, олардан көмек сұрау өте ауыр күнә. “Бізде сіздей болғанбыз, сізде біздей боласыз” – дейді екен аруақтар деген халқымыздың дана сөзін әрқашан есте сақтаған дұрыс.

Әулиелі ел, киелі мекен оңтүстік өңірі ертеден-ақ, дінімізді, тілімізді, ділімізді сақтаған қасиетті аймақ. Зиярат етуші мұсылман қауымына дұға-тілектеріңіз қабыл болсын, аруақтар риза болсын демекпіз.

“Шипагерлік баян” газеті, 2012 ж.

 

 

 

 

 

 

 

ІX тарау

 

жеке әдеби мақалалары

 

 

 

 

 

ЕМШІЛІК  – ХАЛЫҚТЫҚ ӨНЕР

 

Халық емшілерінің басын біріктірген Қазақстан халық емшілері қауымдастығы өзінің құрылғанына 15 жылдық торқалы тойын 2006 жылдың 22-желтоқсанында абыроймен атап өтіп, өзінің жанашырларының және мүшелерінің ықыласына бөленді. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде «Киелі шаңырақ» атты 26 баспа табақ көлеміндегі кітап шығарып қауымдастықтың 15 жылдық өткен тарихын баяндайтын еңбек бүгінде әлемдік интернет жүйесіне қосылып, Қазақстаннның халық медицинасы мен оның емші-ғалымдары жөнінде хабардар болуда.

Қазақ елінің тәуелсіздігінен кейін ерекше киелі қасиетке ие емші, бақсы, көріпкел, болжаушы, тамыршы, сынықшы, жұлдызшы, жауырыншы, балшы, рухани емші, т.б. дарындыларды бір қауымдастыққа біріктіріп, олардың қызметіне мүмкіндік жасап қана қоймастан, бойларындағы тылсым құпия сырлары мен емдік әдіс-тәсілдеріне ғылыми тұрғыдан тұжырым жасауға мүмкіндік туды. 

Бүгінде  қазақ елінің көп ұлтты емшілерінің абыройлары, теориялық білімділігі, тәжірибелік талғамы, мәдениетінің жоғарылығы және шеберліктері әлемнің көптеген елдерінің ғалымдарын, зерттеушілерін, ерекше киелі қасиет иелерін мойындата әрі таныта білді. Бұрын емшілер басқа елдердің ғалым мамандары емшілік саласындағы өткізген конгресс және форумдарына қызығушылық білдірсе, кейінгі 2004-2006 жылдардағы Қазақстан халық емшілері қауымдастығы ұйымдастырған үш мәрте халық емшілігі саласының конгресі мен форумы (Алматы, 16-18.09.2004, 24-26. 09. 2005 және 22-24.07.2006) емшілердің мәртебесін асқақтатып ғана қоймастан, әлемнің бірнеше елінен келген қатысушылардың қазақ халық емшілігінің өткені, бүгіні, болашағы туралы толық мәлімет алуын қамтамасыз етті. Халық емшілігінің өзіндік жеке тарихын қалпына келтіруде қауымдастық өте күрделі ауыр жолдардан өтті.

Шындық пен табандылықтың, адамгершілік пен имандылықтың, қайырымдылық пен кешірімділіктің, прициптілік пен сенімнің, талғам мен бағалаудың, білімділік пен шыдамдылықтың нәтижесі «Оты сөнген, жоғалған киелі өнерді» қалпына келтіруде  өз жемісін берді. Әр емшінің тағдыры Алла тағаланың тағдырламасында жазылғандығы бүгінде шындыққа айналды.

Биыл шілденің 26-28-жұлдызында Шымкент қаласында «Қазақстан мен Орта Азиядағы халық медицинасының өркендеуі» атты I-Халықаралық конгресс өткізу жоспарының алғашқы қадамдары басталды. Қысқасы, Қазақстан мен Орта Азияда дүниеге келіп өмір сүрген және халық емшілігі саласында еңбектерін жазып қалдырған ұлы ғұламалар Әбу Насыр әл-Фараби, Ибн Сина, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, Құртқа баб т.б. ғұламалардың еңбектерін насихаттау мен оқып үйренуге кең жол ашылмақ.

Бүгінде конгресті өткізудің ұйымдастыру комитеті өз дайындығын толық аяқтады. Өзінің конгресіне қатысатын емшілерін күтуде.

Киелі жер, қасиетті ел Оңтүстік халық емшілері және халық медицинасының жанашырлары «Оты өшкен, жоғалған мұралық өнерін» өркендетуге өз үлестерін қосатынына Қазақстан халық емшілері қауымдастығының Төралқасы өз сенімін білдіреді.

«Шипагерлік баян» газеті, №7, 2007 ж.

 

ЕМДІКТІҢ ХАЛЫҚТЫҚ СИПАТЫ ЖӘНЕ ТҮРЛЕРІ

 

Адамзат тарихының өркендеу кезендерінде әлемдегі кез-келген ұлттың өзіндік ерекшеліктеріне тән жеке емдік халықтық сипаттары мен әдіс-тәсілдері болды. Қазақ халқының шипагерлік емдік өнері де көне дәуірден ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып өркендеу мен даму кезеңдерінде емдіктің халықтық сипаты сақталып келді. Қарапайым халық емі түрлері оның жеке ұлт болып бөлуінен де ілгері пайда болғандығына күмәнды қарауға болмайды. Алғашқы рулық сақ, үйсін, қаңлы, найман, қыпшақ, т.б. тайпалары дәуірінде-ақ адамдар ауру адамның сырқатын емдеуді қолға ала бастаған. Заманның өзгерісіне қарай атадан балаға сандаған ғасырлар бойы ашық та, жасырын да және құпия да жалғасын тапқан емдіктің қарапайым халықтық әдіс-тәсілдері туралы халық хабардар болған. Қазақ емшілерінің сонау VI ғасырда адамның бас сүйегіне операция жасағандығы, ал VII ғасырда аяқ-қолды келте кесу операциясын жасағандығы баяндалды /«Білім және еңбек» журналы, 1984-1985ж./. Бұдан қазақтың халық емшілігінің тарихи ұзақ, біздің дәуірімізден де арырақ басталатыны байқалады. Қазақтың емшілігінің емдік сипаттары ғасырлар бойы жылжыған сайын жаңа дәуірлік даму сипатына ие болды. Қазақ емшілігінде адамның сырқатын анықтау, пайда болу себептерін білу, емдеп жазудың мәдени емдік жолы ілгерілей бастады. Қазақ емшілері табиғаттың ауа райының тұрақты қалыптылығы мен әртүрлі өзгерістерін адамның денсаулығының қалыпты әрі қалыпсыз болуына, жан-жануарлар мен өсімдік әлемнің тіршілігіне үлкен әсері бар деп қарады. Өйткені ұлттық емшілік ауа, су, топырақ және күн сәулесін табиғаттың негізгі тіршілік көзі деп есептейді.

Халық емшілері науқас адамның ішкі және сыртқы ауруларын анықтаған соң, өзінің дайындаған дәрі-дәрмегін ішкізіп емдеу, қан алу, шертіп немесе шертпей денеге лоңқа қою, уқалау, құяң үзу, денеге ыстық суық өткізіп емдеу, арасанға /минералды суларға З.Қ. түсу, күн нұрына қақталу, бұлаулау/ қарағай, қайың жапырақтарына, ермен, жалбыз т.б. әдістері қолданған.

 Қой терісі мен қой жынына түсу, қуатты ет, сүт, маңыз, ірімшік, құрт, айран, саумал, қымыз сияқты тағамдарды пайдалану т.б. әдістерін ішкі ауруларға қолданса, сыртқы ауруларға: сынған сүйекті орнына келтіріп тану мен қарапайым операция жасау сияқты оташылық тәсілін пайдаланған.

Бұл қазақ емшілерінің өзіне тән ілімділігін, танымдылығын, ерекше жауапкершілігін білдіреді.

Халық емшілері аурудың сырқатының белгілерін – тамыр ұстау, ауырған адамның өңін байқау, сөзіне, тұлғалық көрінісіне және жүрісіне қарап, денені сипау мен аурудың өзінен сұрау арқылы анықтады. Әр түрлі кезеңдерде емшіліктің халықтық сипаты неше түрлі кедергілерге ұшырап, өрісін кеңейте алмауынан кенжелеп қалды. Сонда да емшілер емдеу жүйесінде дәрісін негізгі және қосымша дәрілер деп бөліп, өзінің рецептерін пайдаланады. Сөйтіп қайнатпа дәрі, шар дәрі, ұнтақ дәрі, оқ дәрі, шекерлі-шәрбат дәрі, қоймалжың дәрі, шылатпа дәрі, сылама дәрі т.с.с. дәрі-дәрмектерді өсімдіктердің құрамынан /сабағы, тамыры, гүлі, жапырағы, қабығы, жемісі, шайыры, тұқымы/, хайуанаттар мен жәндіктердің мүшелерінен /сүйегі, еті, сүті, терісі, майы, жүні, шыбы т.б./ оның ішінде аю еті, бұғы мүйізі, жолбарыс сүйегі, құдыр кіндігі, құстардың еті, жұмыртқасы, бие сүті, сиыр сүті, түйе сүті, шаян, сүлік, т.б. және минералдардан /мыс, сынап, күкірт, ашудас, тотияын, тұз, алмас, т.б. /сол дәуірдегі өлшеу емдік жүйемен дайындаған/ кг., грамм, милиграмм өлшемі болмаған/. Қазақ емшілері өздері жасаған дәрілерін тұмаудың алдын алуға, бас ауруға, зиянды жәндіктердің шаққан уытын қайтаруға қолданған.

Дегенмен, Орта Азия мен Қазақ жерінен орта ғасырдан бастап шыққан ғұлама ғалымдар, есімдері бүгінде әлемге белгілі Әл-Бируни, Әл-Разани, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, т.б. ғұламалардың  медицина саласындағы еңбектері емдіктің халықтық сипатын өркендетіп, ғылыми ілімге жақындауына зор ықпал етті. Әсіресе Отырардың түлегі ғылымда екінші Аристотель атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 жж.) «Адам ағзалары жайлы» т.б. медициналық еңбектерін жазып қалдырса, ал ғұлама ғалым әрі дәрігер Әбу Әли ибн Сина (980-1037 жж.) медицинаға арнап 16 кітап жазғандығы мәлім.

Халық емшілігінің ізгілік мұраларын бір ілімдік арнаға келтіруде ғұлама ғалымдар жаңа ой, жаңа ғылыми тұжырым және білген теориялық тәжірибелерінің оң жетістіктерін халықтың денсаулығын сақтау мен қорғауға арнағандығын аңғартады.

Медицина ғылымдарының кандидаты, халық емшілігінің тарихи жетістігін көптен зерттеп жүрген ғалым Бекен Тұрсын «Ислам және медицина» деген еңбегінде: «Халық емінің өрлеу кезеңдері жазба деректердің жоқтығынан әлі зерттеліп біткен жоқ. Қазақтың халық емінің тамыры көне дәуірден ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан халық мұрасы. Халық емі жоқ ұлттың бүгінге дейінгі өмірі де, болашағы да болмас еді. Қазіргі медицинаның негізі қалаған да сол халық емі, яғни халықтық медицина екенін кім жоққа шығара алар» - дейді /39 бет. Алматы, «Шалкөде» 2006/.

Халық емшілігінің емдік халықтық сипаттары оны өткені, бүгіні, және болашағы жөнінде кезеңдерге бөліп жеке-жеке анықтамалық сипаттамалар мен тұжырымдамалар жасау, шипагерлік өнердің ұлттық рухын өркендетуге зор көмегі болары анық. Сондықтан да, халық шипагерлігіне ғылыми танымдық зерттеулерді жалғастыра беру, бұлақтың біткен көзін ашқандай болары сөзсіз. 

«Шипагерлік баян» газеті, №10, 2007.

 

 

 

Өткен жыл берекелі,

жаңа жыл мерекелі болғай!

 

Қауымдастықтың мүше-емшілері үшін өткен 2007 жыл жақсылыққа толы игілікті де берекелі жыл болды. Жыл өткен сайын қауымдастықтың қызметі тек өркендеуімен қатар қауымдастық мүшелерінің де мәртебесі артып жеке тұлғалық білімі және мәдениеттілігі де жақсара бастады. Сондықтан болар қауымдастықтың құрылғанына 16 жыл толған мерекелі күнін қауымдастықтың құрамындағы отыз беске жуық облыстық және қалалық филиалдарының мүше-емшілері өткен жылдың 22-желтоқсанында қуанышпен қарсы алып, болашағының жарқын болатындығына сенім білдірді.

• Өткен жылы шілде айының 26-28 жұлдызында Қазақстан халық емшілер қауымдастығының Төралқасының ұйымдастыруымен, оның президенті Зядан қажы Қожалымовтың басшылығында Шымкент қаласында «Қазақстан мен Орталық Азиядағы халық медицинасының өркендеуі» атты халықаралық конгресі өтті. Конгреске Ресей, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, т.б. шет елдерден және Қазақстанның халық емшілері мен осы саланы зерттеуші ғалымдар, журналистер, психологтар, медицина мамандары және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, өз ойлары мен ұсыныстарын білдірді. Конгреске жалпы бес жүзден аса адам қатысты. Мұның өзі бұдан былай қазақтың халық емшілігінің даму сатыларын әлемдік деңгейде зерттеуге  және насихаттауға ұйытқы болғандай;

• Мәскеу қаласында орналасқан халықаралық дәстүрлі халық медицинасы мамандары, психологтары және емшілері қауымдастығын құқылық басқаруға ие болып және мекенжайын Алматы қаласына көшірді (Президенті – З.Қожалымов);

• Халық емшілерінің бойындағы тылсым құпия сырларын ғылыми тұрғыда зерттеу мақсатында өткен жылы «Халық медицинасы және ғарыштық қуат» академиясы құрылды (Президенті – З.Қожалымов);

• Қауымдастық Төралқасының ұйымдастыруымен тұңғыш рет интернет жүйесіне қауымдастықтың тарихы және қызметі, Қазақстанның халық медицинасының өткені, бүгіні, болашағы, қауымдастық ұйымдастырған 2004-2007 жылдардағы халықаралық конгрестердің материалдары, қауымдастықтың құрылтайларының шешімдері, халық медицинасы саласындағы ғалымдар, қауымдастық пен оның филиалдарының басшыларының жарғысы мен құжаттары, XV ғасырдың ғалым-шипагері – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы және қауымдастықтың жүзден астам «жұлдызды емшілері» жөнінде тұрақты мәліметтер З.Қожалымовтың «Киелі шаңырақ – Святой шанырак – Sacred shanurac» атты үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған кітабы бойынша қосылды;

• Қауымдастықтың жанындағы емшілердің білімін көтеру мен жетілдіру мектебінің «Халықтық және рухани емшілік» бағдарламасы бойынша Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Астана қалаларында емшілер оқытылып, арнайы сертификаттар берілді;

• Өткен жылы Астана, Қарағанды, Жезқазған, Шымкент, Жетісай, Түркістан, Атырау, Ақтөбе қалаларында арнайы қауымдастықтың басшылары және Төралқа мүшелерінің қатысуымен үлкен жиналыс өтіп, оның қызметін одан әрі жақсартудың жолдары мен мүше-емшілердің жеке жауапкершіліктеріндегі өрескел тәртіптеріне ескерту жасалды. Өз қызметтеріне жауапсыз қараған Шымкент қалалық (директоры – Құттықыз Манапова), Түркістан қалалық (директоры – Гауһар Каюмова), Астана қалалық (директоры – Раушан Қасымова) филиалдары басшылары қызметтерінен босатылып, жаңадан филиал директорлары болып Г.Ахметова, Ұ.Бәйділдаева және Қ.Құмаров сайланып, тағайындалды;

• Жаңадан Ассоциацияның құрамына Қарағанды қалалық филиалы (директоры - Д.Шәкіржанов) және Есік қалалық филиалы (директоры - Т.Нұржаубаев) енді және әділет басқармаларынан тіркеуден өтіп, куәліктерін алды;

• Өткен жылы қауымдастықтың кезектен тыс XII Құрылтай шешімінің қаулысы бойынша қауымдастықтың қызметі мен филиалдардың қызметін басқаруды жақсарту мақсатында аймақтық Кеңестер құрылды. Оңтүстік аймақтық Кеңес құрамына – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстары кіреді. Аймақтық Кеңес Төрағалығына – Бақтыбай Төребеков мырза сайланды. Ал, Солтүстік аймақтық Кеңес құрамына – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павладар облыстарындағы облыстық филиалдар мен қалалық филиалдар енді. Кеңес Төрағалығына – Марат Калимуллин сайланды;

• Қауымдастықтың бірінші вице-президенті Ермек Мырзагелдиев мырзаның жеке демеушілігімен биыл тағы да 2-рет Алматы облысы, Райымбек ауданының Шырғанақ ауылында 250 намазхандық мешіт салынып, тамыз айында пайдалануға берілді.

«Шипагерлік баян» газеті, №1, 2008.

 

 

 1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32

в начало