өмірімнің шежіресі

11

 главная                                        вернуться 

 1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32

 

КИЕЛІ БАБАЛАР РУХЫНА ТАҒЗЫМ

«Қазақтың  көріпкел және болжампаз бабалары құпиялары» атты V-республикалық

форумында  Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, академик

Зядан қажы Қожалымовтың БАЯНДАМАСЫ

(Түркістан қаласы, 25-27.07.2008 ж.)

 

Құрметті форумға қатысушылар!

Қадірменді меймандар!

Сіздермен осыған дейін төрт рет халықаралық конгрестер мен форумдарды Алматы және Шымкент қалаларында табысты өткіздік. Қасиетті жер, киелі ел мекені, қазақтың ертедегі жақсылары мен жайсаңдарының денесі жатқан, күллі түркі әлемнің рухани астанасы Түркістанда бесінші рет жүздесіп өткізгелі отырған республикалық  форумның ерекше ұлттық маңызы зор деп есептеймін.

 Қазақстан халық емшілері қауымдастығының ұйымдастыруымен 2004-2007 жылдары аралығында: «Халық  медицинасының өткені, бүгіні, болашағы»,  «Дәстүрлі емес халық медицинасы», «Бақсылық өнері» /бәрі Алматы да/ және «Қазақстан мен Орта Азиядағы халық медицинасының өркендеуі» атты халықаралық конгрестер мен форумының өтуі, қазақ елінің халықтық шипагерлігінің тарихының жаңа беттерінің ашылуына, көптеген шет елдерге танылуына, ғылыми зерттеулерге жол ашылуына, емшілердің теориялық және тәжірибелік білімдерінің артуына, сондай-ақ емшілер арасында мәдени туысқандық ортаның қалыптасуына ықпалы зор болды.

Бүгінде білімді, иманжүзді, өз ортасын сыйлайтын қауымдастықтың мүшелері мен жанашырлары осындай кездесулердің өтуін асыға күтуде.

Бұл емшілер тарапынан демократиялық даму жолының негізін дұрыс қабылдағаны әрі өздерінің бойларындағы құпиялы шежірелерін құрметтеп, оның өркендеуіне жол ашқандығын білдіреді.

Қазақ халқының тарихына тереңдей зерттеу жүргізген сайын оны билеуші ұлттың кесірінен көптеген тарихи ұлттық мұралары мен өнерлерінің жойылғаны немесе тарих беттерінен орын алмағандығы анық. Ауыз екі айтылғанымен жазылған әдебиеттер мен ғылыми еңбектерден өзіндік орны жоқ, айтуға да және атауға да шектеу қойылған тылсым құпия сырларын бойына сіңірген ерекше дарынды жандардың есімдері еленбеді, бойларындағы құдіретті қасиеттері зерттелмеді. Олар тіпті қоғамдық ортадан оңашаланып және адами құқыларына шектеу қойылды.

Ел тәуелсіздігінен кейін ғана киелі қасиетке ие жандардың бағы ашылды. Емші, балгер, бақсы, болжаушы, жауырыншы, жұлдызшы, көріпкел, құмалақшы, тамыршы, сынықшы, дәрі-дәрмекпен емдеуші т.б. қасиет иелерінің шипагерлік ем-домына халық мән бере бастады. Сынаушылар да,  емделушілер де халық шипагерлігінің әр түрлі әдіс-тәсілдеріне алғашында күдікпен қарағанымен, біртіндеп оң нәтижесін бере бастаған халық еміне сенімдері артып келеді. Қазақ халқының әсіресе емшілік пен балгер-бақсылық және оташылық өнерін ел аралаған орыстың саяхатшылары, дәрігерлері  мен көпестері Г.Колосов,  А.Ягмин, А.Левшин, Н.Зеленец, Н.П.Рычков, А.Патанин, С.Болшой, В.Б. Броневский және қазақ  ғалымы Ш.Уәлиханов т.б. ХVII-ХIХ ғасырларда қолжазбаларында қалдырғанымен, ол жұмыстары арнайы ғылыми зерттеулер жоспарына енбеді. ХХ ғасырда шипагерлік өнеріне шектеу қойылды. Осының зардабынан өз бойларында табиғи құпиялары барлар жеке қасиеттерін ашық түрде халыққа жария ете алмады.

Ал, көріпкелдер мен болжампаздар туралы айтылғаны болмаса, жазылып хатқа түсіру болмады. Бұл сала тылсым құпияның ең күрделісінің күрделісі болды. Қазақстан халық емшілері қауымдастығы өзінің Жарғылық баптары негізінде көріпкелдік пен болжампаздықты зерттеп келеді. Қауымдастық қазақ ұлтының  осындай ерекше қасиет иелерін анықтауға  және  қоғамдық ортаға  таныстыруда,  ғылыми  зерттеулер жасалуына республикада бірінші болып ашық ортада көріне білді.

Үйсін Төле би бабамыз айтқандай: «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі. Өзіне келген ұятын, өзі біліп тұрса игі» – деген  өсиетін бұлжытпай орындау жолында қауымдастықтың басшы – ғалымдары мен  мүшелері  өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Халықтық шипагерліктің тарихына түбегейлі мән беріліп,  арнайы қорытынды шыққандай болды.

Дегенмен, адамның бойындағы басқа да құпиялы сырларына да мән беріп, бағалай білу уақыты да жетті. Халқымыздың таңдайларын қақтырып таңғалдырған француздың дәрігер-болжаушысы М.Нострадамус пен болғариялық көріпкел Ванга әжей  сияқты ерекше қасиетке ие бабалардың есімдері де айтыла бастады. Алды ұлт тарихының беттерінен өз орындарын да алуда.  

Біздің дәуіріміздің басында  өмір сүрген, Мәннен  туған  Майқы би бабамыз жетпіс жастан асқанда көріпкелдік пен болжампаздық қасиетке ие болады. Сондықтан болар баба жанына жауырыншы, құмалақшы және балгерлер көп жиналатын болған. 

Майқы би бабаның ғарыштық жүйемен тікелей байланыстығы былай баяндалады: «Болғанда ақырзаман саулайды жел. Тоқтыға мың қарабас бір қозы тел, Тоқтыны мың қарабас еміп тұрып, Зарлайды тоймадым деп пәруәрдігер» немесе «Болғанда ақырзаман су тартылар, Жігітке қарап тұрған қыз артылар. Көз жұмсам, һамме бүлік көріп тұрам, Бұдан соң қалай көңіл шарты болар», тағы да «Әлі заман өзгерер, Өзгергенін көз көрер, Мінгенің арба болар, Бар құс қарға болар, Жансыз арба ат болар, Өз балаң өзіңе жат болар. Темірден құс болады, Ұрпағыңның көргені сұс болады, Адам басы ауырып дақ шатылар, Базарында сұйылып сүт сатылар. Еркек билік тұл  болар, Сиыр пұл болар, Сары судан ас шығар, Өз балаң өзіңе қас шығар, Жер тақыр болар, Жұрт пақыр болар. Ер арыса, аруақ болар, Ат арыса, тулақ болар. Осындай  қилы заман болар, Енді төрт мың жылда, Дүние тәмәм болар» /Шапырашты Қазбек Бек Тауасарұлы. «Түп – тұқияннан  өзіме дейін».  Алматы. «Жалын»,  1993.  55, 58-59 бет /- деп болжапты.

Бұл болжам М.Нострадамустан ХIV ғасыр бұрын айтылса, ал оның болжамынан /М. Н. – 2237 жылды болжаған - З.Қ./ екі жүз жылдай ары  болжанады. Қазақта жазба мәдениетінің нашарлығынан  бұндай құбылыстық әрекеттерге мән берілмеді. Осының салдарынан қазақ халқы көп дүниесінен айырылды немесе біреулер пайдаланып кетті. Дегенмен, мынандай көрегендік пен болжампаздықтың кейбір белгісі бүгінде жоқ деп ешкімде айта алмасы анық.  

Майқы би бабадан ХVII ғасырдай кейін дүниеге келген өз ортасының биі, шешені, батыры, көсемі, кейін жасы келе болжаушы әулие атанған, аты алты алашқа таныс болған Ақтөбе аймағында дүниеге  келіп  өмір сүрген Мөңке би бабамыздың болжамы да Майқы  бабасынан кем еместігі байқалады. Мөңке би баба: «Құрамалы қорғанды үйің болады, Айнымалы, төкпелі биің болады.  Халыққа бір тиін пайдасы жоқ, Ай сайын бас қосқан жиын болады. Ішіне шынтақ айналмайтын, Ежірей деген ұлың болады... Жастарға билігі жүрмес кәрің болады. Алашұбар тілің болады... Халықтың қанын сорған адамдар болады... Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады.» - деген болжамдары заманның тарихи өзгеру кезеңдерін дәл суреттеп береді /фил.ғ.д., проф. С.Неғымов. Алматы. «Ана тілі», 1997/. Тағы да баба Заманақыр болғанда : «Ешкі тұяқ, кесік бас, Етік шығар деп еді. Әкесінен баласы, Жетік шығар деп еді...  Сирек-сирек ел болады, Тырна қатар би болады... Адамның мейірмандығы кетіп, Көзінің жасы көл болады... дей келе: Тері орамал шыққанда, Түрленер заман деп еді, Заманының болған шағында, Мөңке би бабаңның айтқаны келер» – деген /фил.ғ.д., Ш.Керімов. «Ана тілі» газеті, №2, 1991/ ұлы даланың данышпан болжампазының  бұндай тылсым сырларына мән беріп, ұғына қоятын ұрпақтарының Ақтөбедегі облыстық әкімшілікте жоқтығына көзім жетті.

Баба айтқандай өзінің атын жамылған «Ежірей» текті ұрпағы қалғанын, ал бабаның құпиялы қасиетінің рухын көтеруге ұрандап барғандарды қас жауындай көретін, жергілікті көреалмас емші мен қараның айтқанына сеніп, бас әкімге жалған ақпарат жеткізіп форумды Ақтөбеде өткізуді тоқтаттырған, облыс әкімінің орынбасары Жеткерген Оралмахамбетовтің ұятсыз әрекетін Мөңке би баба рухы кешіре қоймас. Халықта алты жасар бала келсе, алпыстағы атасы орын береді – деген аталы сөз бар. Жеткерген орын бермек түгелі қауымдастықтың төрт айдан аса дайындығын талқандады. Форум өтетін орын, банкет болатын, адамдар жайғасатын орындарға және жолақысы мен құжаттар дайындалуға төленген қаражаттар судай ақты. Жеткергеннің жетесіздігінен қауымдасықпен оның жеке мүшелеріне үш миллионнан аса теңге материалдық зиян келді. Егер моральдық пен психологиялық шығындарды қосса ше?

Ұлы даланың әулиесінің киелі рухын жетімсіреткен Ақтөбелік өлмейтін, мәңгілік өмір сүретін әкім-қаралардың «Құрметі мен адамгершілігі», өз көлеңкесінен өзі қорыққандық емес пе? Ерте ме кеш пе, әйтеуір Жеткерген сияқты жетесіздер Алла тағаладан және Мөңке би баба мен Бекет атаның ризасыздық рухына тап болары алыс болмайды. Мұны өмір алда көрсетері анық. Ұлы бабалар рухынан және осы форумды өткізуші кінәсіз жандардың орны толмас реніштерінен қарғыс алған «Жеткерген» сияқтылар әлі алда өкінері шындық.

«Киелі ордаға, киелі адамға, елшіге... тиіспе, жұғыспа» – деген, ХV ғасырдың ұлы ғалым-шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ескертпе өсиетін әкім-қаралар қашан түсінер екен?

Алла тағала сіздер мен біздердің жүрегімізге мәңгілік жара салғандарға өз бағасын берсін. Ақтөбелік әкім-қаралар өз бабасының ұлы рухының киелі қасиетін басынан тепкенімен, Мөңке би баба рухы сіздер мен біздердің мәңгілік құрметтейтін рухымызға айналады. 

Майқы би баба айтқандай: «Жаманнан  жақсы туар, Адам айтса нанғысыз. Жақсыдан жаман туар, Бір жармаққа алғысыз», – деген данышпандық сөзі алдын-ала Мөңке би бабаның «Жасанды ежірей» ұрпағы болатынын білгені сияқты сезім береді маған.

Мөңке би бабаның рухын жетімсіретпейік! Бұл, емшілер рухының таза әрі адамгершілік деңгейінің жоғарылығын көрсетеді.

Қазаққа кең байтақ жерді берген Тәңірім, тылсым дүние сырларын жете білетін ұрпақтарын да берді. Бүгінде ұлт тарихының бел ортасынан орын алған көріпкелдігі мен болжампаздықтары басым бабалар Майқы би, Мөңке би, тілегенге қорған болған, ғаламаттың неше түрін жасаған Бекет ата, Асан қайғы, Албан Әлмерек абыз бен Райымбек, Абылай ханның түсін жорыған Жетісулық Өтеген батыр, Абылай ханның болжаушысы семейлік Байыс Жоламанұлы, ғарыштық ғаламаттың құдіретін тірісінде дәлелдеп, көзінің тірісінде халқына асын берген ақын, ғалым Машқұр Жүсіп  Көпейұлы  және  жырларында болжампаздықтың  сарыны басым Бұхар жырау мен жетісулық Қабан жырау, «Үш анықтың» авторы Шәкәрім  Құдайбердіұлы т.б. ұлылар  болғанын мақтан етеміз.

Ертеде Оңтүстік аймақ пен Түркістан өңірінде өмір сүрген әулиелер Қарабура, Баба Түкті шашты Әзіз, Жылаған ата, Укаша ата, Қожа Ахмет Яссауи  мен баптардың бабы Арыстан баб, Домалақ ана, Ибраһим ата, Ақбура ата, Тектұрмас ата, т.б. бабалардың бойларында көріпкелдік пен болжампаздық қасиеті болғандығы, олардың жасаған әрекеттерінен байқалатынына ешкімнің таласы болмасы анық. Тылсым сырларына толық баға беру жаңадан енді ғана басталды. Немесе жетісулық Өтеген батырға Абылай хан түсін баяндайды:

«Ханыңыз көрген ұйықтап бүгін түсті,

Көріп келген түсінде талай істі.

Кезеңнен қарсақ, түлкі, аю асты,

Жолбарыс тағы асыпты ұзын тісті.

Қатар-қатар ақ шатыр көрдім жаңа,

Ішінен шығып жатыр қатын, бала.

Бұл түсімнің жоруы не болады?

Шуылдамай көп билер байқап қара», – деп батырдан шешімін сұрайды.

Өтеген хан түсін былай болжайды:

«Аю асса қазақтың өз заманы,

Аю аңқау болған барша жаны.

Артынан ұзын тісті асса арыстан,

Жаныңда мына отырған Абылай хан.

Халыққа арыстандай ақырады,

Көмекке сан билерді шақырады.

Түлкі асса түлкі заман болады екен,

Халықты зәлім түлкі сорады екен...

Басқа билік, малыңа ерік болмай,

Қаңғырып қазақ елі қалады екен.

Төртіншіде кезеңнен қарсақ асқан,

Жори алмай билерді қара басқан.

Қарсақ аңның жуасы жанға тимес,

Халықты бастайды екен бір данышпан.

Қатар-қатар ақ шатыр көріпсің сен,

Бұл түсіңді анықтап жоримын мен.

Қазақ елі отырықшы, білімді боп,

Басқалармен сол кезде болады тең», – деген болжамы бүгінгі ел тәуелсіздігін дәл айта білгені, Өтеген батырдың көріпкелдігі мен болжампаздық қасиетінің ұлылығын сипаттайды.

Құрметті форумға қатысушы мырзалар мен ханымдар!

Қазақстан халық емшілері қауымдастығы өзінің он жеті жылдық тарихында талай қиын жолдардан өтуде, оның мүшелері адамгершіліктің жоғары сатысында тұрып, ұйымын қарсыластардан қорғай білді.

Бүгінде қауымдастықты қазақ, орыс және ағылшын тілінде интернеттен әлем елі таныды, ізгі тілекті хаттар легі көбеюде. Қауымдастықтың төл газеті «Шипагерлік баян» мен «Шалкөде» баспасы оқырмандарына рухани тәрбиелік маңызы мол мақалалар мен кітаптарды шығарып таратуда. Қауымдастықтың мүшелері моралдық, психологиялық жақтан жетіле бастады. Білімдерін көтеріп тәжірибелерін байытуда. Емнің сапасы жақсарып, емдеу әдіс-тәсілдері жетілдірілуде. Мәдениетті, білімді, рухы жоғары емшілер мен филиал басшылары қатары көбеюде. Қасиетті мекен  Түркістанда өтіп жатқан «Қазақтың көріпкел және болжампаз бабалары құпиялары» атты республикалық форумның материалдары тылсым құпия сырлары тарихын ашуға, ғылыми талдау жасауға, шет ел ғалымдарымен бірлесіп зерттеуге, бағыт беруге, емшілер мен халықтың білімін жетілдіруге тигізер пайдасы мол боларына сенім білдіремін.

Қадірменді форумға қатысушы, мырзалар мен ханымдар!

Шын пейілді ақындық сезіммен: «Рухты бабаларды сыйға тартқан, Кіндігін кескен менің ұлы далам. Біздің ел білгендерге алтын аймақ, Киелі асылдардың ізі қалған» - деген жырымды арнасам артық болмас.

Сіздерге мүмкіндік жасап, құшағын ашқан, шөлдегенге сусын берген, шаршағанға қуат берген, қиналғанның жолын ашқан  қасиетті мекен Түркістанға, Оңтүстік өңіріне, халқына, аруақты бабалар рухын сыйлаған азаматтарына және сіздерге киелі бабалар рухы риза болып, Алла тағаланың шапағатына бөленіңіздер!

Сіздерге, сапарларыңызға сәттілік, парасаттылық, дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге табыс тілеймін. Халықтан алғандарыңыз алғыс болсын.

Тыңдағандарыңызға көп рахмет!

 

 

«Қазақтың ғалым шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (XV ғ.)” атты VI-Халықаралық конгресінде Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, ҚХЕҚ-ның президенті, академик Зядан қажы Қожалымовтың БАЯНДАМАСЫ

(Тараз қаласы, 24.07.2009 ж.)

 

Құрметті конгреске қатысушылар!

Қадірменді меймандар!

Елімізде қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасының іс-жоспарлары негізінде халық шипагерлігі де өзінің жеке тарихы бар халықтық, ұлттық дәстүрлі өнері екендігін дәлелдеуде. Сондықтан да, халық шипагерлігі біздің дәуірімізден бұрын басталып, адамзаттың өмірімен бірге жалғасып, адам денсаулығын қорғап қана қалмастан, оның мәдениеті мен рухани байлығын өркендету үшін де қызмет етті. Сондай-ақ, өзінің мәдени ұжымдық ортасын жоғалтпай және жоймай келеді. Халық шипагерлігі өзінің жеке тарихы бар халықтық ұлт мәдениетінің дәстүрлі өнер екеніне, ХV ғасырда ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы да анықтама берген. Шипагерліктің өзіндік емдік мәдениеті мен емдеу әдіс-амалдары қалыптасқан. Кез-келген нәрсенің тарихы себеп-салдарсыз тумайды. Әлі күнге дейін тарихы жазылмаған, зерттелмеген, бір жүйеге түсірілмеген ұлттық мәдениеттің дәстүрлік өнеріне халықтық шипагерлік те жатады. Шипагерлік – ол халықтық дүниетанымның, ақыл-ой даналығының, денсаулықты қорғау мен емдеудің және мәдени дәстүрлі өнерінің негізгі басты тірегі. Ол рухани тәрбиенің, шипалы емнің, адамдар арасындағы өзара дұрыс қатынастың, терең танымдық білімнің, адамгершіліктің, имандылықтың және қайырымдылықтың қалыптасуына ұйытқы болатын кеңесуші, денсаулықты сақтауға, қорғауға бағыт беретін  мәдени ортасы.              

Адамзаттың алғашқы мәдениетінің қалыптасуында зор ұйымдық рөл атқарған, адамдардың жиналатын мәдени ортасы, денсаулық ошағы, рухани тәрбие мекені болған, халық емшілерінің шипалық орны еді. Ол бүгінде неге ғылыми жағынан ескерусіз қалуда? Шет елдердің халықтық шипагерлігі өз ғылымынан өз орнын таба бастаса, ал  қазақ елінде әлі  сенімсіздікпен қарайтын ғалымсымақтар азаяр емес. Көлденең кері күштер қаншалықты қысым жасағанымен, атадан ұрпаққа жалғасқан тектік қасиетті шипагердің бойынан қан да, қара да жоя алмайды, ол өмірдің тарихи кезеңдерінің шындығы. Қазақ  елінің тәуелсіздігінен кейін тарихта аттары белгісіз жаңа ғұлама ғалымдар қатарына ХV ғасырдың ғұлама ғалымы, қараүзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485 жж.) есімі де енді. Оның «Шипагерлік баян» атты кітабы шипагерлік дәстүрінің дамуына   жол ашты. Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты кітапты жазуына біріншіден, сол заманның ханы әз Жәнбектің оң қол уәзірі Жиренше шешенмен таныстығы; екіншіден, хан әз Жәнібектің оның сауатты жауабына риза болуынан; үшіншіден, сегіз жасынан бастап әкесі Тілеуқабыл емшіден білгені мен халқынан естігенін, көргенін, жазып алғаны; төртіншіден, өз іс-тәжірибесінің нәтижелі көрсеткіші; бесіншіден, Шығыс пен Орта Азия ғұламаларының еңбектерімен таныстығы; алтыншыдан, өзінің халқы мен отанына және ғылымға деген адалдығынан болды деп қараған жөн деп білеміз.

Алып медициналық энциклопедиялық еңбек: «Тұрлаулар» /Ауыз Таңдай тұрлау – Дәстір туылма және Көз Маңлай тұрлау – Адамзаты жаралысы/ деген кіріспеден және «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдылығы» деген медицинаның үш шыңы саналатын үш бөлімнен құралған. Ұлы шипагердің еңбегі қазақтың ұлттық мәдениетінің философиясы мен психологиясының бүгінде бір құрамдас бөлігіне еніп, халықтық шипагерліктің философиясы мен психологиясының негізін қалады деуге біздің ғылыми зерттеулерімізбен оған баға берген ғалымдардың пікірлері дәлел бола алады. Ғұлама шипагердің еңбегіндегі неше алуан сырқаттарды емдеп жазудың әдіс-амалдары, бүгінгі ғылыми медицинаның анықтамаларымен сабақтас, ұқсас және тұжырымдас деуге толық негізі де бар. Қазақ халқының шипагерлік ілімін ғылыми жолмен дамытуда Ө.Тілеуқабылұлы дала зертханасы арқылы 1108 түрлі дәрі-дәрмек түрін, 858 түрлі дәрілік өсімдік пен 318 жан-жануар мүшелері және 60-тан астам металл-металлоидтар қоспасынан /бұдан көп болуы мүмкін/ жасаған. Ғұлама шипагер баба Өтейбойдақтың бұндай іліми іс-әрекеті, ХI ғасырдағы Орта Азияның ғұлама дәрігері Әбу Әли ибн Сина іліміне ұқсастығы мен сабақтастығы барын білдіреді. Шипагер жар сүйіп, сәбилі болмады, оның арманы шипагерліктің биік шыңына жету болды. Ол арманына жете білді: Суға кетіп өлді дегендерді, аязда үсігендер мен күйікке ұшырағандарды «Тұншықтырма», «Малма» деген емдік әдістерімен аман алып қалды. Шипагер өз қызметінде халқымыздың: “Сынықтан басқаның бәрі жұғады” деген дана сөзін әрқашанда өзінің шипагерлік ілімінде басшылыққа алып, сырқат адамның ауруларын жұқпайтын және жұқпалы деп екі топқа бөлу арқылы шипагерліктің тазалық, сақтық және ұйымдастыру жолдарының жаңа стилін ұсынды. Ұлы даланың ғұламасы көп салалы гуманитарлық т.б. ғылымдардан білімі барлығын, ілімді ірі тұлға екендігі оның еңбегінің ғылыми жағы айқындап тұр. Қараүзген шипагер өзінің “Шипагерлік баянын” жазарда ғылыми шипагерлікті негізгі арқау етіп алғанымен, тіл, діни тәрбие, мәдениет, әдебиет, тарихи шежіре, этнография, эстетика, этика, философия, психология, астрономия, заң, метереология, математика, анатомия мен физиология, фармацевтика, т.б. ғылымдар саласын бір арнаға топтастырып, адам денсаулығын жақсартып дамытудың негізгі іліміне пайдалану мүмкіндігін, ұлттық этникалық стилді сақтай отырып ұсына білді.  Әз Жәнібек ханға: жеті атаға толмай  үйленбеу, сүйіспеу,  экологиялық тазалық т.б. жөнінде айтқан шипагердің пайдалы ұсынысын хан қолдады. Хан қатал Жарлығын шығарды. Бұл қазақ хандығының Жеті Жарғысының алғашқы нұсқасының қабылдануы деуге толық негіз бола алады. Бұл шипагердің заң ғылымына қосқан үлесі еді.

Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегінде шипагерліктің іліми және ғылыми түрдегі негізгі бағытын жасады. Қысқасы, осындай құнды еңбек халқымен бес жарым ғасырға жуық уақытта қайта қауышуы, кейбіреулердің қазақтың халықтық шипагерлігінің тарихы болмады деген теріс пиғылды ойларын жоққа шығарды. Халқымыздың емшілік дәстүрінің тарихы тереңде, бастауы біртекті емес. Ұлттың өмірлілігі оның көп салалы өнерімен де ерекшелінеді.

Мәселен, «...Мейлі Әбу Насыр болсын, Жүсіп Баласағұн болсын мейлі мен болайын, бір із, бір тілектіктерміз. Ол екеуінің менен артығы  жырлауыл, сөйлеуіл шижаламада /қалам – З.Қ/ ғана. Сонымен қоса үшеуміздің орта теңдік «Шопан үсті бозторғай ұяламдықтап жұмыртқаламдықты» таппақ. Әбу Насыр жеті тіл сөйлемелігі айқын ұғыныс», – деп өзінің де, өзгенің де білімділігіне артық та  әрі кем де емес, әділ бағасын бере білген. Ө.Тілеуқабылұлы еңбегінде, тіршіліктің материалдық ұғымының диалектикалық заңына, шешекке вакцина егудің емдік тәсіліне, ми мен қан айналымы қызметіне, суық су мен аязда емдеу әдіс-тәсілдерін ғылымда Ф.Энгельс, Э.Женнер, Де Винчи және П.Иванов ашқан деген ғылыми жаңалықтарды олардан V, III, I ғасыр бұрын ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегінде жазылып іске асырылғаны айтылады. Бұл қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының өзінен бұрынғы Шығыс және Орта Азиялық ұлы ғұламалардың жолын дамытушы және ғылымда жаңалық ашты деп келген батыс пен Ресей ғалымдары мен білгіштерінен бұрын терең философиялық идеясы болғанын айқындайды.

Шипагерлер – емнің негізін қалаушы, адамның тәні мен жанының бақылаушысы, халықтық мәдениеттің, дәстүрлі шипалы өнердің, этика мен эстетиканың қалыптасуына ықпал етушілер. Ұлттық мәдениеттің алғашқы көшін бастаушы да, ұйымдастырушы да шипагерлер болды деуге толық негіз бар. Халық шипагерлігі ол әлі өзінің ғылыми анықтамалық әдіс-тәсілдерін толықтай дәлелдей алған  жоқ. Осы тарихи шындықты мойындап қана қоймай, халықтық шипагерлік пен медициналық ғылымды өзара ұштастырудың тиімділігін өз  тәжірибесінде дәлелдеп келе жатқан медицина ғалымдары өз елімізде баршылық. М.ғ.д., профессор Е. Оразақов былай айқындай түседі: «Ертеден келе жатқан  мәдени мұралардың талайы Ұлы Октябрь революциясынан кейін ғана жан-жақты  зерттеліп, кейінгі ұрпақтардың рухани мүддесін өтеп келеді. Ал Қазақ халық медицинасы туралы мұны айта алмаймыз. Өйткені бұрын да және Совет өкіметі жылдарында да бұл тақырыпқа арналған ғылыми зерттеулер көпке дейін болмады».

Осы шындықты медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Т.Бекен: «Халық емінің өрлеу кезеңдері жазба деректердің жоқтығынан әлі зерттеліп біткен жоқ.  Қазақтың халық емінің де тамыры көне дәуірден ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан халық мұрасы. Халық емі жоқ ұлттың бүгінге дейінгі өмірі де, болашағы да болмас еді. Қазіргі медицинаның негізі мен ірге тасын қалаған да сол халық емі, яғни халықтық медицина екенін кім жоққа шығара алады», - дейді. Ғұламаның «Шипагерлік баянында» сандық құпия (ауыз-бір, құлақ-екі т.с.с), жұлдызнама, жыл, ай, апта атаулары, діни сенімдік тұжырымдамалар, жер аттары, мақал-мәтелдер, ру және ел шежіресі, тағамдық емдік рецептер және тарихи-этнографиялық атаулар, нақыл-мәтелдер, сөздік түсініктемелер мен кестелі сызбалы анықтамалар т.б. туралы нақтылы мәліметтер жетерлік, өте мәнді құндылығымен де ерекшеленеді. Ғұлама тағдырының барлық қиын кезеңдеріне төзіп жеңе білді. Сонысы үшін де ол: «Дүние бір қисық жол бұраңдаған, Бақ тайса, басқа дәулет құралмаған. Басыңа таудай ауыр қайғы түссе, Несібі жазып қойған бір Алладан», – деп ғұлама өз ойын қорытып, адам баласы тағдыр жазмышына көнумен, оны жеңу жолдарын табуды ұсынады.  Шипагердің арманы көп еді. Ол қартаң тартқан ғұмырындағы жалғыз жан серігі «Шипагерлік баянын» мұрагеріне аманат етіп тапсырды. Ол «Шипалы баянымен» қоштасарда көзі жасқа толып, қол-аяғы дірілдеп, денесі қалтырап, туған жері Шалкөдесінің қырат-қырат тауларына, Айғайтасына қарады, өткен өмірі мен басқан іздерін көз алдынан сүзіп өткізіп, терең күрсінді. Ұрпағына ақырғы аманат сөзін қалдырды: «Ой, дүние-ай! Іске аспады арманым, қараң қалды. Шың басына шыққанда арандалды. Өтейбойдақ қойыпты атымды әкем, Жаман ат, жаман ырым мазамды алды. Қалмады ұрпақ, Өтейбойдақ аяндалды, Мені өшірмес «Шипалық баян» қалды. Бұ да менің ұрпағым жөн білгенге, Тілкімменен жалғасқан аян қалды» деген. Бүгінде баба арманы бес жарым ғасырдан кейін орындала бастады. Бабаның: «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ. Бұл соңғылықтар қадірін біліп, ұстана білсе, қанғысыз бұлақ, қадірін білмесе, отбасы аяқпен тозатын тулақ», – деген пәлсапалық  тұжырымын бүгінде ғалымдар шипагердің «Шипагерлік баяны» қанғысыз бұлақ екенін анықтай бастады. Бабаның еңбегінің құндылығы жөнінде арнайы зерттеу жүргізіп ғылыми  анықтама берген медицина ғылымдарының докторы, профессор Ә.Нұрмұхамбетұлы: «Өтейбойдақ бабамыз қазақ жерінде медицина ғылымына, практикалық денсаулық сақтау істеріне, ережелеріне, қағидаларына алғаш рет негіз салған үлкен ғалым, дәрігер...», – деп нақтылы тұжырым жасауы да терең ойландырады, әрі қуантады. 

Мемлекетіміздің «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде халықтық шипагерлік туралы ғұламалардың еңбектері, жоғалған мұрасы орнына келе бастады. Еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік болсын. Дала жаҺангері, шашты Әзизі атанған, ғұлама, ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының рухы риза болсын.

Қадірменді конгреске қатысушы мырзалар мен ханымдар!

Шежіресінде халқының жазылмаған,

Тарихынан ғұламалар орын алған.

Жаһангер асылдардың көшін бастап,

Шипагер Өтейбойдақ дараланған.

Өтейбойдақ қазаққа асыл адам,

Ғылымға ілімін айналдырған.

Фараби мен Баласағұннан қуаттанып,

Өшпейтұғын іліми із қалдырған, – деп сөзімізді аяқтасақ артық болмас. Сіздерге мүмкіндік жасап, келісім беріп құшағын ашқан киелі жер Әулие Ата халқына, басшылары мен азаматтарына және Сіздерге Өтейбойдақ баба рухы риза болып, Жаратушының ризалығына бөленіңіздер!

Тыңдағандарыңызға көп рахмет!

 

конгреске арнау

 

Авторы:                  Қазақстан Журналистер Одағының 

                                  мүшесі, ақын Зядан Қожалымов

 

Ассалау мағалейкум ағайындар,

Ежелден ел жұртына бағалылар.

Шипагерлер конгресі құтты болсын!

Ел өнері тарихында орны барлар.

Баласағұн, Қарақан, Айша бибі,

Орта ғасырдың ғұлама-киелісі.

Жиырма ғасыр тарихын атап өткен,

Қасиетті Таразыма қош келдіңдер!

Тәуелсіз еліміздің туы астында,

Жоғалған дәстүрлері оралуда.

«Мәдени мұраның» бір саласы,

Шипагерлік өнер де гүлденуде.

Атаусыз кеткен еді емшілік те,

Бүгінде танылды ғой елімізге.

Қазақтың тарихы жоқ қасиеті,

Кереметі тарады бар әлемге.

Тәуелсіз ел еңсесі биік деген,

Қазақ елі көрінуде биіктерден.

Нұрекеңнің еңбегі бағаланып,

Қазаққа ЕвроОдақ төрін берген!

Еленді еңбектері емшілердің,

Алғысына бөленіп жамиғаттың.

Елбасы жолдаған «Алғыс хаты»,

Күш берді қатаюына қанатының.

Алматы да басталған конгресің,

Жалғасуда басқаруында Зиякенің.

Он сегіз жыл тарихы бар Қауымдастық,

Меңгерді ғылымын да тылсымның.

Бәріміз де қонағымыз бұл жалғанның,

Жақсы ғой орындалуы бар арманның.

Алтыншы рет бас қосқан бұл отырыс,

Орын алды-ау, төрінен Таразымның!

Шежіресінде халқының жазылмаған,

Тарихынан ғұламалар орын алған.

Жаһангер асылдардың көшін бастап,

Шипагер Өтейбойдақ дараланған.

Жетісу, Жаркент пен Нұралары,

Омбы мен Торғай, Сырдариясы,

Қасиетті мекені қазағымның,

Шипа ілімі орнына айналған-ды.

Даланың дарабозы Өтейбойдақ,

Әз Жәнібек ханнан бата алған-ды.

Шу бойы Қозыбасы Ақ Орда да,

«Шипагерлік баяны» жазылған-ды.

Өтейбойдақ қазаққа асыл адам,

Ғылымиға ілімін айналдырған.

Фараби мен Баласағұннан қуаттанып,

Өшпейтұғын іліми із қалдырған.

Жасады медицина ғылымы негіздерін,

Үш шыңы, тағы алты белестерін.

Бір еңбекке сыйғызып топ ғылымды,

Сөздік пен пәлсафалық шежіресін.

Перзентін Шалкөденің Айғайтасы,

Жаратып, жер қойнына жасырған-ды.

«Шипагерлік баяны» ұрпағына,

Он бесінші ғасырдағы аманаты.

«Шашты әзіздің» артында сөзі қалды,

«Шипалық баяндай» көзі қалды.

Жат елде жарты ғасыр қонақ болып,

Туған елге, дүние-ай, қайта оралды.

Жатсынбады туған жер өз баянын,

Ғалымдары қазақтың білді мәнін.

Қытайдың да мемлекеттік сыйын алып,

Қуантты ол жақтағы қандастарын.

Орындалуда шипагердің аманаты.

Бұл дағы ғалымдардың таза еңбегі.

Құт болып баба аяны Зияданға,

Зерттеуі «Шипа баянды» дараланды.

Дүние бір қисық жол бұраңдаған,

Ұрпағы ғой бабаның «Шипа баян».

Іске аспаған арманы жүзеге асты,

Бес ғасырда қайтадан нұрын шашқан.

Жыр маржанын тізілтіп теремін мен,

Бабаларымыз алдағыны көре білген.

Төрт мың жылды болжаған ілгеріде,

Ғарышпен байланысқан Майқы бабам.

Артта қалды қиындық өткелдері,

Жаңаруда өмірдің көп белдері.

Көріпкел, болжамалық қасиетті,

Машһүр Жүсіп, Шәкәрім дәлелдеді.

Көре алмаса, көрмесін күндес деген,

Қайта оралды сегіз қырлы қасиетің.

Қазақ, Орыс, Ағылшын тілдерін де,

Қауымдастық көрінуде интернеттен.

Емшілер жақсылығы көрінуде,

Білгендері ілім болып өрілуде.

Газеті «Шипа баян» тұмар болып,

Үнқағазы атанды білгендерге.

Тәңірдің ауыр жүгін көтергенде,

Ғарыштың құпиясын меңгергенде,

Қожалымов Зиядан қажы ілімі ғой,

Алланың ақиқатын түсінгенге.

Кімге барып халқымыз табынбады,

Ұлылығы бабалардың дәлелденді.

Бұрынғының қанғысыз бұлақтарын,

Соңғылар қадірлейтін заман келді.

Алыстан да, жақыннан келді мейман,

Жиналуымыз шапағаты бір Алладан.

Зиядан қажы арнауын тарту етті,

Тараздық Еркебұлан жыр толғаған.

Мейман күткен қазақтың баласымыз,

Серік, Құдайберген, Зұлғиза, Шолпанымыз.

Тараздық ағайындарға мың рахмет,

Қабыл болсын жолдаған алғысымыз.

Ақындар мен даналар жырлап өткен,

Өмір, шіркін, өтеді-ау, тірлікпенен.

Қатарымыз көбейсін жылдан-жылға,

Өткізейік бас қосуды бірлікпенен.

Іске ассын бабалардың аманаты,

Емшілердің шықпасын жаман аты.

Шүкір, Тәубе, қанағат иманымыз,

Қабыл ет Жаратушым тілектерді!

Тараз қаласы, 25.07.2009.

 

 

 1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32

в начало