өмірімнің шежіресі

5

 главная                                        вернуться 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32

 

Біріншіден,  ол  қазақ жерінде алғаш рет медицинаның қағидаларына, денсаулық сақтаудың практикалық істері мен ережелеріне негіз салған, тірі заттың анатомиялық және физиологиялық үрдістерін қалыптастырған, оларға түсінік берген.

Екіншіден, ол адам ағзасын сыртқы ортамен тығыз байланыста қарап, сол байланыс бұзылғанда аурулар, науқастар, дерттер жалпы айтқанда патологиялық өзгерістер болады деп, содан тұйық, жалаң, стереотипті көзқарастан арылуға мұрындық болады. Оның сол кезде-ақ “ауаның ластануы, былғануы, “алқа ұрысының (жемсау, эндемический зоб) топырақтағы бір заттың жетіспеуінен болады” – деген тұжырымы көрегендіктің белгісіндей. Тіпті дәрілердің емдік қасиетінің, емдік ұсыныстардың тиімді-тиімсіз болуы айналадағы ортаның (“кеңістіктің”), ауа-райының қолайсыздығы реттеп отырады деуі тәжірибеден өткен және расталынған шындық.

Үшіншіден, анатомиялық атаулар мен терминдердің көне тілдегі баламаларын, сөздігін жасап берді. Оның көпшілігі әлі ғылыми-практикалық қолдауын таппай келеді.

Төртіншіден, жұқпалы аурулардың (“құрт ауруларының”) неден болатынын, атап айтқанда, ағзаның иммунды (“төтемелілік”) жүйенің әлсіреуінен, төмендеуінен қозатындығын ғалым даналықпен біліп, жазып кеткен. Төтемелілікті алмасу үрдісінің, әсіресе лимфа бездерінің (“сүздіргі”) атқаратын қызметінің бүлінуінен болады дей отырып, жұқпалы аурулардың басқа адамдарға тез жұғатынын, ол үйді ерекше бір белгімен белгілеу керек екендігін (“түсті  матаның сырт жақтан байлануы – ол “үйге кірмеңіздер” деп) алдын-ала ескертуінің маңызы қандай зор.

Бесіншіден, қатерлі ісік аурулардың, өңеш рагының (қылтамақтың) бар екендігін, олардың клиникалық көріністерін дөп суреттеп береді. “Тарылған жерді кесіп алып тастаса, сөйтіп мүшенің екі жағын қайтадан қосса” деп армандайды. Оған “тілігілік пен тіккіліктің” жоқтығына өкініш білдіреді. Дене қызуының төмендеуі мен дене қызуының көтерілуінің құнды, зиянды жақтарын, қасиеттерін көрсете білген.

Алтыншыдан,  Өтейбойдақ шипагер нерв жүйесінің қалыптасуын, қан тамырларының түрлерін (“арам қан” – веналар, “адал қан” – артериялар)  суреттеп,  бүкіл ағзаға “қоректі заттың қан арқылы түсуі, асқазан жолдарында тағамның сіңуі туралы тың идеяларын, жаңалықтарын ұсынады.

Жетіншіден, ол деонтологияның негізін қалағандардың бірі. Тіпті өлейін деп жатқан “аурудың көңілін сұрау, жұбату, жақсы болып кетесің деп иландыру, уайым-қайғысын жеңілдету” – шипагердің өзекті мәселесі.  “Әр ауру адамның өзіне тән тағамдарының болуын”, соған орай “қан алуын”, “тамыр ұстау” қажетін көрегендікпен еске салады. Бұл шарттарды диагностикалық құралдың түріне айналдырады. “Қан алуды” қан қысымынан сақтанудың, яғни емделудің  тиімді жолдары деп қарауы – тәжірибесі мол, емдеу ісі оң тынымсыздың тоқтамы. Ол – ғылыми ғажап жаңалық.

Сегізінші, ғалым-шипагер ағзаның төзімділігін, бірқалыпта дұрыс тепе-теңдікте (гомеостаз) тұруына өз пікірін анық жеткізген, бұл құбылыстың неге өзгеретінін айқын түсіндіргендердің бірі. Дәрігерлік мамандықтың 24 түрін жазып, медицинаның негізгі бір саласы – фармацевтиканы, яғни дәрі-дәрмектің технологиясын зерттеп, бұл саланың алғаш негізін қалаған. Оның адам жасын мүшелікке бөліп, әр мүшелік дәуірдің қауіптілігін, “адам туған күнінде өледі” деуі ғылымда әлі де түсініксіз ұғым. Ғұлама шипалықты ислам дінінен де үйренеді.

Тоғызыншы, ғалым шипагердың кеңесі бойынша Әз Жәнібек хан: “Жат төсектілікке жол бермеу”, “Жеті атасынана дейін қыз алысуға болмайтын”, “Беттен сүймеу” туралы жарлық қабылдайды. Мұндай дәстүрдің маңыздылығына әлі де таңырқауға болады.

Оныншы, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ғылыми-практикалық еңбегі медицинаның көптеген саласында, кем дегенде  анатомия, физиология, гигиена, санитарлық эпидемия, паразитология, фтизатрия, онкология, акушер ісі, гинекология, балалар мен ересек аурулары, неврология, психология  салаларында алатын орны ерекше.

Қорыта келгенде, халықтық шипагерліктің іліми ғылыми негізі ХV ғасырда ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегі нәтижесінде қаланды. Ол шығыс медицинасымен жалғастық тауып, ұштасымдық тудырды, әрі осы заманғы ғылыми медицинаға толық сілтемелік жол ашты. Бұл ғылым саласында  жаңадан ұлттық мәдениеттің дәстүрлі халықтық шипагерліктің тарихын зерттеп, ғылымға ендіруге болатынын аңғартады.

Бүгінде құрылғанына 25 жыл толған «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің көрген қиыншылықтары мен қысымдары аз болмады. Қ Р Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты қызметкерлерінің тарапынан жасалған (Е. М. Мусин, Е. Әбілқасымов, Ш. Шинтаев, Ә. Ерманов т.б.) қысымдар мен теріс үгіт-насихат әрекеттері қауымдастық қызметінің ілгері жылжуына 20 жылдан астам уақыт кері әрекеттерін жалғастырып келді. Дегенмен, қауымдастықтың басшылары мен оның мүше емшілері және жаңашыр ғалымдар мен қуаттаушылар қауымдастықтың қызметінің алға жылжуына, құлағанда тіреу, сүрінгенде сүйеніш бола білді. Қысқасы, қауымдастықтың басшысы мыңдаған қарсыластарымен жалғыз күресті. Қауымдастықтың қадамы алға жылжып оның қарсыластары артында қала берді. Бүгінде қауымдастықты республикадан тысқары елдер танып білді. Қауымдастық өз тарихын жасап, өз орнын анықтады. Ғылыми жұмыстар өз нәтижесін берді. Тарихы жоқ, тарихта аты жазылмаған халық емшілігінің ғылыми негізі қаланып, қазақ ғылымы ортасынан өз орнын тапты. Бұл Кеңес заманындағы халық медицинасы ғылымға енгізе алмаған медицина ғалымдары Е. Оразақов пен С. Қарынбаевтың армандарын орындап, Қазақтың XV ғасырдағы ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегі де ғылыми айналымға енгізген қауымдастықтың басшы ғалымы З.Қожалымовтың еңбектері деп толық айтуға құқылымыз. Халық медицинасының ғылыми айналымға енуіне тікелей басшылық жасаған философ. ғ.д., профессор Ж. Молдабеков мырзаға және ғалым-профессорлар Т. Төлендиев, Керімбектің Ермаханы, А. Құлсариева, Ә. Сәрсенбекова, Б. Абирова, М. Мырзахметов, Т. Құлмаханов, Ж. Зекейұлы, А. Жаханов, Ә. Тарақ, Ш. Сарыбаев, С. Құрбанқожа, Ж. Зікірия, О. Қауғабай, С. Ғаббасов, Е. Заркешов, Т. Бекен, Қ. Жарықбаев т.б. ғалымдарға қауымдастықтың Төралқасы мен өз атымнан алғысымды білдіріп, ғылыми еңбектеріне табыс тілеймін.

Бүгінде қауымдастықтың 12 облыста және Астана қаласында бөлімшелері өз қызметтерін жалғастыруда. Қауымдастық мүшелері мен емшілерінің ішінен абыройлы, білімді, тәрбиелі, діни сауатты, мейірманды және таза шипагерлер қатары көбеюде. Еңбектері ерекше бағаланған қауымдастықтың емшілері Халықаралық дәрежелі емші, ІІІ мыңжылдықтың үздік емшісі, Шығыс, халықтық және рухани емшілік магистрі атақтарымен қауымдастықтың әр түрлі медалдарына, сертификаттарына және алғыс хаттарына ие болып марапатталғандар саны арта түсуде.

«Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігі 2013-2015 жылдары аралығында Ұлттық рейтингілердің халықаралық рейтинг Одағының (Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Украина, Әзербайжан, Беларусия, Грузия) “Сала көшбасшысы” алтынмен қапталған қабырға медалімен марапатталды. Қауымдастықтың басшысы мен мүше емшілері “Қазақстан данқы” мен «Экономика мақтанышы» ордендері және “Еңбек жолындағы тиімділік үшін” мен “Кәсіби саладағы сіңірген еңбегі үшін” медальдарымен және «Жыл маманы 2013-2015» және “Үздік жыл басшысы” ұлттық сертификаттарымен марапатталды.

Қауымдастықтың тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарында 700-ден аса сұхбаттар, мақалалар жарияланып, 40-тан аса кітаптар баспадан шығарылды. Қауымдастық қызметі мен халық медицинасының маңыздылығын ұдайы оқырманға таныстыруда қауымдастықтың төл газеті «Шипагерлік баян» және «Шалкөде» баспасы және қауымдастықтың жеке сайты үздіксіз қызмет етуде.

Қауымдастықтың жеке сайтындағы оқырмандар саны 200 мыңнан асты. Қаншама қиыншылықтар болса да, оған мойымаған, қарсы күштердің мықтылығын елемеген, өз бойларына сабырлық пен қайраткерліктің негізін басшылыққа алған бүгінгі қауымдастықтық басшылары мен оның мүше-емшілері киелі шаңырақтың мәңгілік өмір сүруіне өз үлестерін қосып ғана қалмастан, оның болашағының ұзақ болуына аянбай еңбек ете береді.

Екі ай да қауымдастыққа өмір сүргізбейміз деген арам ниеттілердің ойы артта қалды.  

Армандаған 25 жыл да келді. Қауымдастықтың ғұмыры ұзақ болғай. Ел аман болсын!

 

 

 

 

II ТАРАУ

 

баспасөз беттерінде

жарияланған сұхбаттары

 

 

ЕМШІЛЕР – ЕЛ КЕТІГІНЕ

 

Өткен, 1991 жылы желтоқсанның 20-23 жұлдыздарында Алматыда Қазақстан емшілерінің бас қосқан мәжілісі болды. Оған республикамыздың он үш облысынан және Алматы қаласынан жүзден аса емшілер қатысып, алғаш рет Халық емшілері ұжымы (ассоциациясы) құрылды.

Үш күн халық емшілері өз тілек-талаптарын, ұсыныстарын білдіріп, тұңғыш рет құрылғалы отырған ұжымның міндеттерін белгіліп, қаулы, жарғыларын бекітті. Халық арасында адал қызмет көрсетуге Алла мен аруақтар атынан ант етті.

Емшілер ұжымы көп ұлтты Қазақстан халқына үндеу қабылдап, тәуелсіз еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевқа ашық хат жолдады.

Мәжіліске қатысушылар бір ауыздан мақұлдап, емшілер қауымдастығының президенттігіне бірнеше елдің халық емшілері ұжымының мүшесі, халықаралық емшілер одағының вице-президенті Зядан Қожалымовты сайлады.

З.Қожалымов қазақ емшілері ұжымының алда тұрған міндеттері, жеке өзінің бағдарламасы мен мақсаты жайында баяндап, халық арасында адал қызмет етуге Құран ұстап ант етті.

Біз төменде қазақ топырағында алғаш құрылған қауымдастықтың президенті Зядан Қожалымовпен арнаулы тілшіміз М.Есләмғалиевтың сұхбатын ұсынып отырмыз.

ТІЛШІ: Зиеке, қой жылы той жылына айналып, тағы бір теңдессіз тарихи қуанышқа кенелдік. Қазақстан тәуелсіз ел болып, бір-бірімізді құттықтау үстіндеміз. Осы ақ түйенің қарны жарылған күнмен жаңа құрылған ұжым мүшелерін және Сізді құттықтауға ұлықсат етіңіз.

ҚОЖАЛЫМОВ: Өлген тіріліп, өшкен жанған күнді ұзағынан сүйіндірсін! Әумин!

ТІЛШІ: Әумин! Қазақ топырағында алғаш құрылған халық емшілері ұжымының мақсат-міндеттері туралы журнал оқырмандарын хабардар етіп өтуіңізді сұрар едік.

ҚОЖАЛЫМОВ: Ұжымның мақсат-міндеті ауқымды. Мен ең басты дегендеріне ғана тоқталып өтейін.

Атап айтқанда, ондаған жылдар бойы тізесін батырып, халық тынысын тарылтып келген үстемдік әкімшілдік, бұйрықшылдық дәуірі әлсіреп, адамдар діні мен ділі, тілі мен санасын қайта жаңғырта бастады. Ұмыт бола бастаған немесе мүлде адам жадынан өшкен қасиетті әдет-ғұрып, салт-дәстүр, бәтуалы сөз, киелі ұғым қайта жанданды. Соның бір айқын айғағы – халық емшілерінің адамға деген игі ниетінен туатын сөзі – дәру, емі – шипа жандардың өз құқығын иемденгендігі. Бірақ солардың қазір сайда саны, құмда ізі жоқ. Әркім әр жақта өзінше тырбанып жүр.

Біздің мақсатымыз осылардың басын қосып, қазіргі экономикалық жағдайдың қиындығына байланысты халыққа жете қызмет көрсете алмай отырған дәрігерлерге қол ұшын беретін, бір орталықтан басқарылатын емшілер ұжымын ұйымдастыру.

ТІЛШІ: Сіз халық емшілері қатысқан осы мәжілісте Қазақстанда алты мыңға жуық емші бар дедіңіз. Аз емес секілді...

ҚОЖАЛЫМОВ: Мен онда емшімін деп халық арасында өз білгеніңше ем-дом көрсетіп жүргендерді қоса айтқанмын. Біздің ұжымның басты міндеті – емшімін деп ел аралап, халықтың қалтасын қағып жүрген дүмшелерден арылу. Ол үшін ұжым жанынан арнаулы комиссия құрылып, барлық емшілер аттестациядан өткізіледі.

ТІЛШІ: Комиссия құрамына кімдер кірмекші?

ҚОЖАЛЫМОВ: Бұрынғы Одақ көлемінде танылғандар мен халықаралық дәрежедегі емшілер, республикалық емшілер орталығының өкілдері және медицина мамандары кіреді. Емшілік талабы мен таланты барлар ең әуелі осылардың алдынан сынақтан өтеді.

ТІЛШІ: Халық емшілер ұжымы өз алдына дербес, ешкімге бағынбайтын мекеме болуы керек деген сөздер айтылуда. Бұл не сөз?

ҚОЖАЛЫМОВ: Иә, ондай пікірдің айтылғаны рас. Бірақ халық емшілер ұжымы ешкімге байланысы жоқ, айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау бола алмайды. Ол ғылыми медицинамен, денсаулық сақтау министрлігімен үнемі тығыз байланыста болады. Сонымен бірге, Қазақстан үкіметінің заңдары мен жарғыларын басшылыққа алады. Әлгідей ұшқары пікір айтушылар – ұжымның аяғынан шалушылар.

ТІЛШІ: Кейбір дінбасылар халық емшілеріне тоңтеріс қарайды деген рас па?

ҚОЖАЛЫМОВ: Дінбасылар арасында, өкінішке орай, ондайлар ұшырасады. Бірақ, біздер, халық емшілері дін жолынан қарға адым алшақ кете алмаймыз. Бес мезгіл дәрет алып, бес мезгіл намаз оқып, Құдай жолын ұстанып, кіршіксіз таза жүру – әр емшінің басты парызы.

ТІЛШІ: Емшілер ұжымының жанынан арнаулы курс ашамыз делінді. Курстың міндет-мақсаты не?

ҚОЖАЛЫМОВ: Курс екі айлық мерзімге созылады. Талапкер емшілер әуелі халыққа танымал немесе халықаралық емшілер ұжымының мүшелерінен дәріс тыңдап, өзара тәжірибе алмасады. Содан кейін қала емханаларына жіберіліп, дәрігерлер жанында бір ай бойы іс-тәжірибесін пысықтайды. Әлгі мерзім өткен соң, дәрігерлер оларға қанша адамды емдеді, ем-домы ауруды айықтыруға себепші бола алды ма деген мәселелерді мәлімдеп, анықтама қағаз береді. Сондай жағымды қағаз әкелгендерді комиссия талқысына саламыз.

ТІЛШІ: Содан кейін ғана халық емшісі деген куәлік бересіздер ғой, шамасы?

ҚОЖАЛЫМОВ: Жоқ, біз бірден оларға емші деген куәлікті ұстата салмаймыз. Біз әуелі әр облыста болмағанмен, аймақтарда халық емшілері орталығын ұйымдастырамыз. Оған халыққа танымал емшілер басшылық етіп отырады. Әлгі курстан өткен талапкерлерді біз әуелі соларға көмекші – ассистент ретінде жібереміз. Талапкер бір не екі жыл өз қабілетін сол жерде танытуы қажет. Белгілі мерзім өткеннен кейін талапкер емші сол жерден лайықты деген анықтама қағаз әкелгеннен соң ғана комиссия «Халық емшісі» деген куәлік береді.

ТІЛШІ: Талап орынды екен. Енді осы ұжымның алдында қандай қиындықтар тұр?

ҚОЖАЛЫМОВ: Жаңа ашылған ұйым мен ұжымдарға қашанда күдікпен қарап, артық-кем сөздер айтылып жатады. Тіпті өздеріне мүлдем жат, қайшы мекеме деп санап, аяқтан шалатындар да табылады. Оны айтасыз, сол құрылған ұжымның әлдебір мүшелігіне енбей қалғандардың өзі алауыздық жасап, қарсы әрекет қылмасына кім кепіл? Ал дүмшелікпен ел қалтасын қағып жүргендер ертең біздің әлгідей қатал сынымыздан өте алмаған кезде ұжым атына небір сорақы сын кесегін алатыны тағы ақиқат. Сондықтан, сол қиындықтың бәрін жеңіп, халыққа мойындату үшін әлі талай күресу керектігіне көз жұмып қарауға, соқыр тәуекел етуге болмайды деп ойлаймыз.

ТІЛШІ: Үкімет тарапынан қандай көмек күтесіздер?

ҚОЖАЛЫМОВ: Егер бәрі ойлағанымыздай болса, біз өзімізді өзіміз қаржыландыратын мекеме болмақпыз. Бізге тек Алматыда және болашақта аймақтарда ашылатын ұжым филиалдарын мекен-жаймен қамтамасыз етсе және құқығымызды қорғайтын мемлекеттік заң бабы болса жетіп жатыр. Әйтпесе, мемлекет мойнына масыл болатын мекеменің біріне айналмақ емеспіз. Әрі алған жайымыздың құнын төлейтін салығымыздың өзі өтейді емес пе?

ТІЛШІ: Енді жеке басыңызға байланысты бірер сұрақ. Сіз бұрынғы КССР Одағының бірнеше республикасы халық емшілерінің мүшесі ғана емес, халықаралық емшілер ұжымының вице-президентісіз. Ол аз десеңіз, зайыбыңыз Түймекүл, қыздарыңыз Ләззат, Гүлзат және балдызыңыз Қызтумас пен бажаңыз Сәттібек, бәріңіз бүгінде танымал емшісіздер. Сөйте тұра, осындай жауапты жұмысқа мойын бұруыңыздың себебі не?

ҚОЖАЛЫМОВ: Иә, қара басымның қамын күйттесем, жанұяның қажетінен асып-төгілерлік табыс табуға болар еді. Барлық жағдайыңызды жасаймыз деп Ресей елі де қайта-қайта шақырды. Кез келген шет елге шығып, ем-дом жасауға тағы құқым жоқ. Әйтсе де, «ат айналып қазығын табады» демекші, мен өз халқымнан, қазақ жұртымнан жырақ кеткім келмеді. Әрі ел ішінде халықтың қалтасындағы барлы-жоғын сыпырып алушылар көбейіп барады. Ол аз десеңіз, шет жерлерден келген көзбояушы, сиқыршы, қараниетті келімсектер де бой көрсетуде. Оларға қарсы тұрып, күресе алатындар – нағыз аруақты емшілер. Мен солардың басын құрауды мұрат-мақсат тұттым. Менің игі ниетімді түсінгендіктері болар мәжіліске жиналған жүзден аса емшілер бір ауыздан ұжым басшылығына сайлады. Үміттерінен шығып, сенімдерін ақтауға Құран ұстап ант бергеніме өзіңіз куәсіз.

ТІЛШІ: Жыл құсының басы секілденіп наурыз мейрамы келді. Бұл барлық мұсылман халқы үшін жаңа жылдың басы. Ендеше сіздің жаңа жылдық тілегіңіз қандай?

ҚОЖАЛЫМОВ: Өткен қой жылы – нағыз той жылы болды. Сол той мешін жылы одан әрі жалғасып, еркін де, іргелі ел болып, Қазақстан әлемге әйгіленсін! Халқымыз аман болсын! Ел тізгінін ұстаған ерлеріміз мұрат-мақсатына жетіп, халқы үшін істеген игі істерін жүзеге асырсын! Халқымыз бірлікте болып, мұрат биігіне көтеріле берейік! Әумин!

ТІЛШІ: Әумин! Жауаптарыңызға рахмет!

  Сұхбаттасқан: М.Есләмғалиев

«Денсаулық» журналы, 1992.-  №3-4

 

АССОЦИАЦИЯ – ІЗГІЛІК ОТАУЫ

 

Республикамызда халық емшілерінің ассоциациясы өмірге келіп, өз қызметін бастап кеткеніне біраз уақыт болды. Халық емшілерінің бастарын қосып, қызметіне бағыт-бағдар жасайтын бұл орталықтың алдына қойған аса зор мақсаты бар. Біздің тілшіміз республика халық емшілері ассоциациясының тұңғыш президенті Зядан Қожалымовпен әңгімелескен еді.

Зәке, республикамызда бұрын-соңды емшілер ассоциациясы түгілі халық емшілерінің ашық жұмыс жасауына да мүмкіндік болған жоқ қой. Сондықтан алғашқы әңгімені Республика Халық емшілері ассоциациясының тұңғыш президенті өзіңізді көпшілікке таныстырудан бастасақ.

– Емші Қожалымовтар семьясы туралы соңғы жылдары республикалық басылымдарда азды-көпті жазылды емес пе. Семьямда өзім, жолдасым және 19 жасар қызым Ләззат 2-3 жылдан бері аруақ қуат беріп, емшілік жолға түскен жағдайымыз бар. Бәріміз де – Халықаралық дәрежелі емшіміз. Өткен жылдың желтоқсан айында болған Республикалық халық емшілерінің Құрылтайында әріптестерім сенім артып, ассоциация президенттігіне сайлады. Мақсатым – сол сенім биігінен көрініп, жұмыс жасау.

Ассоциацияның алғашқы қадамына елеңдей қараушыларға не айтасыз?

Республика халық емшілерінің асоциациясы – емшілер отауы ғой. Отаудың керегесінің кең, уығының мықты, шаңырағының берік болуы оңай шаруа емес. Бұл орайда жоқтан бар жасап, тіршілік етіп отырған жұмыстарымызды айтуға болады. Осы күнге дейін арнайы мекен-жайымыз тұрақталып болмаса да, ассоциация Әділет министрлігінің тіркеуінен өтті. Мемлекеттен  бір тиын жәрдем алмастан тарихта тұңғыш рет қазақ тілінде оқытатын, емшілердің республикалық білімін жетілдіру мектебін ашып, онда 300-ге жуық емші сабақ алды. Ассоциацияға 500-ден астам емші мүше болып тіркелді. Бұлардың арасында жоғары ғылыми атағы зор адамдар да бар. Алты облыста филиалдарымыз ашылды. Сегіз ай ішінде мамандарымыз 40-қа жуық халықтың емдеу тәсілдерін ашты. Емшілер қасиетін аша түсуде Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында өткізген емшілердің республикалық семинарлары жемісті нәтиже береді. Бұрын-соңды қудалаудан басқа мұндай бас қосуды көріп білмеген емшілер өздеріне жанашыр қоғамдық ұйымның нақтылы жұмыс істеп отырғанына көздері жеткен сияқты.

Алда біздің қойған ұсынысымызды қуаттап, жоғары үкімет орны келісім берсе, медицина институты жанына емшілік қабілеті бар жастар үшін екі жылдық халық емшілері оқу орнын ашу ниетіндеміз. Бұған қосымша қалған барлық облыс орталықтарында жыл аяғына дейін филиалдармыз ашылмақ.

Мұның бәрі, сайып келгенде, жаңа құрылған ассоциацияның емшілерге деген нақтылы қамқорлығын көрсетсе керек.

– Қадам жаман емес сияқты, дегенмен бізде мұндай жұмыстың кедергісіз өріс алуы қиын ғой. Оның үстіне қазанына қасық салдыра қоймас ғылыми медицина қызметкерлерінің өздерімен иықтас балама күштің жауыннан кейінгі жауқазындай ду етіп шыға келуіне тарылыс танытуы заңды құбылыс емес пе!

– Несін жасырамыз, бәрі демейміз дегенмен, осы заманғы ғылыми медицинадан абырой таппаған кейбір маман дәрігерлер ешқандай ұлт дәстүрінен, тілінен, түрінен, дінінен және халықтық емдеу әдістерінен хабары болмаса да, кешегі ата-баба әруағының емшілерге жіберіп жатқан рухани көмегіне күмәнмен қарап, оны мұқатып бағуға тырысуда.

Осы топтың ішінде халық емшілерінің жалған жанашыры Республика халықтық емдеу орталығының директоры  Е.Әбілқасымовтың тобыр жетекші болып жүруі емшілердің  ашу-ызасын тудыруда. Бұл мырза «Казахстанская правда» газетінің 11-сәуірдегі санында «Будет ли у Казахстана свой Федоров?» деген сұхбатында интервью авторы Куце деген журналистке былай деп жауап беріпті: «Республика халық емшілерінің ассоциациясын Әділет министрлігі заңсыз тіркеген. Ассоциация халық емшісінен ант алып, Құран ұстайды екен. Оқуы қазақ тілінде» дей келіп, біздің дінімізге, тілімізге Әділет министрлігіне тіл тигізген. Орталықты халық емшілерінің қаржысы есебінен күн көріп, солардың тапқан табысынан жүз мың сомдық медициналық апараттар сатып алып отырып, сөзінің соңында шаруашылық есепте жұмыс тәжірибесі бай, орыстың атақты көз дәрігері Федоровтан да асамын деп лепіреді келіп. Әрине мынадай бастық тұрғанда орталық жұмысы қалай онсын.

Осы сияқты өзіміздің танымал емшілеріміз де ұят тірліктер жасауда. Мысалы, жамбылдық В.Мыңбаевтың қысырақтың үйіріндей топ-тобымен жас қыз-келіншектерді және жігіттерді шәкіртім деп өз артынан байдың құлындай ертіп жүруін қалай түсінуге болады? Осы заманның аспандағы құдайы, Меккедегі Мұхаммеді, жердегі жалғыз әулиесі Виктор ғана ма? Мұндай мақтаныш таза емшінің кәсібі болмаса керек.

  «Халық емі» газетінің ашылуына орай пікіріңіз?

Бұл өзі қазіргідей өтпелі кезеңде толғағы пісіп жетілген мәселе. Халық емшілері мен қазіргі олардың проблемалары туралы басқа басылымдар мен радио, теледидарда аз жазылып, аз айтылып жүрген жоқ. Ол үшін рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Ал жүйелеп, нақтылап жазып көрсетуде, республикалқ халық емшілері өз құрылтайында құрған біздің ассоциациямен пікірлесе отырып жұмыс жасауда аздаған көңіл толмайтын жағдайлар бар. Журналист ағайындардың біреуді мақтаса, кейде жердегі адамды көктен бірақ шығаратындары бар. Таза халық емшілері туралы жазса мейлі. Кейде емші атын жамылып жүрген алаяқтарды жапа тармағай барлық басылымдардан жарыса мақтап жатқаның көргенде ішін ашиды. Мысалы, сондай алаяқтың бірі Ә.Талиповты қай газет қалай мақтамады? Сол мақтауды оқыған сырқат жандар сенімі алдында кім кінәлі? Алдымен толық зерттемей, дәріптеп жаза салатын сіздің әріптестеріңіз кінәлі.

Сондықтан «Халық емі» газетін ашудағы үмітіміз бен ниетіміз – осы мәселелерге таразылық жасау. Емшілер тәжірибесін насихаттаумен бірге емші атағын жамылып, ел үстінен күн көріп жүрген алаяқтардың аяғына тұсау салу. Аруақ күшімен жұмыс жасайтындарды ынтымаққа шақырып, бойларындағы күштерін халық игілігіне жұмылдыру. Арнайы газетіміз болмаса, бұл мақсатқа жету оңай шаруа емес. Әңгіменің соңында республика  халық емшілері атынан газет ұжымына шығармашылық табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан: Бақтыбай Айнабеков

 «Халық емі» газеті, 1992.- №01, тамыз.

 

ШЫН ЕМШІ АУРУ ҚОСПАЙДЫ

 

Халық емшілерін бір орталыққа біріктіріп, олардың мүддесі мен құқын қорғау мақсатында былтыр желтоқсан айында республикалық халық емшілері ассоциациясы құрылды. Үстіміздегі жылдың 22-қаңтарында ол Әділет министрігіне тіркеліп, тиісті куәлігін алды. Осы ассоциацияның президенті, Халықаралық «Планетаның қайта дәуірлеуі» ассоциациясының вице-президенті, Халықаралық дәрежедегі  халық емшісі  Зядан Қожалымов Жамбыл қаласына іссапармен келді. Біздің тілшіміз оның жұмыс барасымен танысып, оқырман қауымды хабардар ету мақсатымен әңгіме-сұхбат жүргізген еді.

– Зәке, ассоциацияның алға қойылған міндеті мен Жамбылға келгендегі мақсатыңыз жайлы айтсаңыз?

– Халқымыздың қайырымдылығын халық емінің құдіретін танытып, оның ғылыми медицинамен байланысын нығайту – ассоциацияның басты міндеті болмақ. Сондай-ақ шетелдердегі түрлі қоғамдық ұйымдармен және жеке азаматтармен қоян-қолтық бірлесе жұмыс істеу көзделуде. Ассоциацияның құрылғанына аз уақыт өтсе де қазір оның 200-дей мүшесі бар. Олардың ішінде 400-дейі арнайы оқудан өтіп, дипломға ие болды.

Жамбылға келгендегі мақсатым – ассоциация филиалын осы жерден ашу. Бұған дейін Шымкент, Қызылорда, Атырау, Жезқазған, Ақмоладан филиалдар аштық. Халық емшілері әсіресе, оңтүстік облыстардан көптеп шығып жатқаны даусыз. Сондықтан біз оларды бір орталыққа біріктіруіміз қажет. Шын емшілерді анықтап, ісінің алға басуына мүмкіндік ашып, жалған көріпкелдер, дуагерлер, көзбояшылар, сиқыршылар, жын шақыратын бақсылар, жалған құмалақшылардың жолын кесіп, тосқауыл қою жөн. Олай етпейінше халықты алдап-арбап, жеке бастарының қамын күйттеп кеткендер ел қалтасын тонауын тоқтатпайды.

Халық медицинасымен емдейтін сіздердің облыстың орталығында «Исида» шағын кәсіпорындарында емшілер жиынын өткіздік.

Республикалық халық емшілері ассоциациясының облыстық филиалын ашып,  оның директорлығына «Исида» емдеу орнының тәуіп-емшісі Талғат Көмеков, орынбасарлығына халық емшісі Гүлжамал Аюбаева сайланды.

Облыстық филиалдың тиімділігіне де тоқтала кетейін. Халық емшілері негізінен Алматыда шоғырланған. Қымбатшылық қысып тұрған кезде ниеті ауған емшіні іздеп астанаға баруға көп адамның жағдайы бола бермейтіні белгілі. Ал, емшілердің ел аралап, жұмыс істеуі де оңай шаруа емес. Сондықтан да жаңадан ашылған облыстық филиал сол қиындықты болдырмайды деп ойлаймыз. Бойында дәру қасиеті бар емшілер шоғырланған отауымызда озық тәжірибелер ортаға салынып, білім деңгейі көтеріліп отырады. Мұның емдеу тәсілдерін терең меңгеруге үлкен септігін тигізері хақ. Табиғат апатынан зиян шеккен  адамдарға жеңілдікпен шипагерлік көмек емін көрсету де ізгі мұратымыз. Жалпы әрбір облыста емшілік қасиеттер жайлы еңбектер жинақталып халық медицинасының мұражайы ашылуға тиіс.

– Кейбір емшілеріміз адам тағдырына жеңіл-желпі қарайтын да секілді. Мысалы, жақында редакциямызға бір жас жігіт келіп басынан өткізген бір келеңсіз оқиғаны әңгімелеп берді. Жігіттің келіншегі ауырып жүрмін деп Сарысу ауданының «Түгіскен» совхозындағы бір жас тәуіпке  барған екен. Тәуіп оған «Сен балаңды босанып перзентханаға жатқанында саған күйеуіңнің әпкесі дуалап шай апарыпты, сен содан соң ауру болғансың» деген екен. Міне, осыдан бастап ерлі-зайыптылардың арасы суып ақырында ажырасумен тыңған.

– Иә, мұндай жайсыз істің көптеп орын алып жүргені жасырын емес. Олар адам өміріне қауіп те төндіреді. Емдеу тәсілін  дөрекілікпен жүргізуге болмайды. Эстетикалық тәрбиесі кем емшілер жаңағыдай жайға душар етеді. Шын емші кейбір ауруды құпия түрде емдейді. Ал, андамай сөйлеп артын дау-дамай ету жараспайтын жағдай. Мен де бір осындай мысалды айта кетейін. Бірде жас жұбайлар халық емшісіне көрінуді жөн көреді. Ал емші келіншектің көп ауруын барын айтып, «оның бәрін мына күйеуіңнен тауып отырсың» демесі бар ма? Екі жас сол жерде-ақ бір-бірімен ұрсысады да қалады. Міне, осындайлардан сақтанған абзал.

– Ассоциация қазір, қандай мәселелерге мән беруде және қандай мамандар жұмыс жүргізуде?

– Біз ұлттық қолөнерді де қолға алып арнайы цех аштық. Онда ұлттық киімдер мен қатар намаз оқитындар үшін жайнамаз да тігілуде. Ассоциация жанынан қасиетті әйелдердің ұйымын құру үшін қазір комитет жұмыс жүргізуде. Тағы да айта кетерлік жәй – «Халық емі» атты газетіміз осы айдан бастап шыға бастайды. «Ғажайып Үндістан» газетінің тең жартысында біздің жұмыс жайлы мақалалар тұрақты түрде жарияланып жүр. Біз алдағы уақытта құмалақшылар, бақсылар, көріпкелдер жарысын да ұйымдастырмақшымыз. Халықаралық форум өткізу де ойда бар. Республикамыздан халық медицинасының академиясын, ғылыми институт ашу қажет. Мұндай жағдай Ресей мен Украинда бұрыннан жасалған. Бірақ, ол мемлекеттердің емшілерінің білімдері жоғары болғанымен біздерде қасиет басым. Сол үшін бізге білім, бірлік, сенім керек.

Біздің вице-президентіміз – медициналық институттың кафедра меңгерушісі, медицина ғылымының докторы профессор Элихан Ризаұлы Шокин, ғылыми хатшымыз медицина ғылымының докторы Елтай Заркешов, бас директорымыз – медицина ғылымының кандидаты Тұрсын Бекенов және тағы басқалар өз мүмкіндіктерін емшілік қасиетті анықтауға жұмсауда.

– Сіздердің жұмыстарыңызды құптамай, қолдамай жүргендер бар ма?

Әрине бар. Ол – өзіміздің Денсаулық сақтау министрлігі. Біздің ойымызша, министрліктегі кейбір басшылар өмірдегі оң өзгерістерге әділ бағалай білмейді, әйтеуір өз дегенім болсын дейді. Мемлекеттік жүйе ретінде барлық нәрсені өз уысынан шығарғысы жоқ. Дәлірек айтқанда, ассоциацияның жарғысындағы тұжырымдар мен қағидалар оларға ұнамайды.

Жарғымыздың мынадай екі бабын мысал үшін алайық. «Ассоциация халық емшілерінің емдеу қасиеттерін тексеріп, оқытып, куәлік қағаздарын береді. Ассоциацияның рұқсатынсыз ешбір халық емшісіне өз еркімен жұмыс жүргізуге рұқсат  етілмейді».

Олардың пікірінше, емшілік куәлікті тек Денсаулық сақтау министрлігі жарлығына сай денсаулық сақтау бөлімдері беріп, емшілер солардың бағалауымен жұмыс істеулері керек. Екі жыл бойы жасалып та келді. Әйтсе де, ел ішінде емші атағын жамылған алаяқтар мен келімсек емшілері азайған жоқ. Өйткені, министрлікте олардың жұмысына тыйым саларлық құжат жоқ. Мұндай құжат қазір халық емшілері ассоциациясында ғана болып отыр. Кейбір жауапты қызметкерлер Республикалық Әділет министрлігі бекітіп, тіркеуден өткен жарғымызды жоққа шығарғысы келеді. Бұл мәселе Жоғарғы Кеңесте қайта қаралып, өз шешімін табады деп ойлаймыз. Оған дейін халық емшілері Әділет министрлігі бекіткен өз құжаттары бойынша жұмыс істей береді.

– Енді отбасыңыз жайлы да бірер сөз айтсаңыз?

– Республикалық басылымдарда емшілік қызметім жөнінде жазылған. Зайыбым,  4 қыз, 2 ұлым бар. Үлкен қызым – Ләззәт емшілікпен менен біраз бұрын шұғылданды, шипагерлігімен ерте танылды. Жоғарғы оқу орынын да бітірген. Ол халық емшілерінің халықаралық форумдарына төрт рет қатысып үлгерді. Мәскеуден берілген «129 минөт» хабарында да Ләззәт туралы лайықты  лебіздер айтылғанын көпшілік біледі. Гүлзәт атты 19 жасар қызым да халықаралық дәрежедегі емші, зайыбым Түймекүл – медициналық институтты бітірген, көріпкелдік қасиет дарыған адам. Өзім 1989 жылдан бері емшілікпен айналысамын. Өлең, ән сазын шығарумен де шұғылданамын. Бұл туындыларым өзіммен бірге халық денсаулығына қызмет етіп келеді.

Тараз, «Ақ жол» газеті, 11.08.1992.

 

 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32

в начало