орындалған Аманат | |||
Главная Вернуться Предыдущая Следующая | |||
КИЕЛІ БАБАЛАР РУХЫНА ТАҒЗЫМ «Қазақтың көріпкел және болжампаз бабалары құпиялары» атты I - республикалық форумында Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті Зядан қажы Қожалымов мырзаның БАЯНДАМАСЫ Түркістан қаласы, 25-27.07.2008 ж.
Құрметті форумға қатысушылар! Қадірменді меймандар! Сіздермен осыған дейін төрт рет Халықаралық конгрес пен форумын Алматы және Шымкент қалаларында табысты өткіздік. Қасиетті жер, киелі ел мекені, қазақтың ертедегі жақсылары мен жайсаңдарының денесі жатқан, күллі түркі әлемнің рухани астанасы Түркістанда бесінші рет жүздесіп өткізгелі отырған I-Республикалық форумның ерекше ұлттық маңызы зор деп есептеймін. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының ұйымдастыруымен 2004-2007 жылдары аралығында: «Халық медицинасының өткені, бүгіні, болашағы», «Дәстүрлі емес халық медицинасы», «Бақсылық өнері» /бәрі Алматы да/ және «Қазақстан мен Орта Азиядағы халық медицинасының өркендеуі» атты Халықаралық конгрестер мен форумының өтуі, қазақ елінің халықтық шипагерлігінің тарихының жаңа беттерінің ашылуына, көптеген шет елдерге танылуына, ғылыми зерттеулерге жол ашылуына, емшілердің теориялық және тәжірибелік білімдерінің артуына, сондай-ақ емшілер арасында мәдени туысқандық ортаның қалыптасуына ықпалы зор болды. Бүгінде білімді, иманжүзді, өз ортасын сыйлайтын қауымдастықтың мүшелері мен жанашырлары осындай кездесулердің өтуін асыға күтуде. Бұл емшілер тарапынан демократиялық даму жолының негізін дұрыс қабылдағаны әрі өздерінің бойларындағы құпиялы шежірелерін құрметтеп, оның өркендеуіне жол ашқандығын білдіреді. Қазақ халқының тарихына тереңдей зерттеу жүргізген сайын оның билеуші ұлттың кесірінен көптеген тарихи ұлттық мұралары мен өнерлерінің жойылғаны немесе тарих беттерінен орын алмағандығы анық байқалады. Ауыз екі айтылғанымен жазылған әдебиеттер мен ғылыми еңбектерден өзіндік орны жоқ, айтуға да және атауға да шектеу қойылған тылсым құпия сырларын бойына сіңірген ерекше дарынды жандардың есімдері еленбеді, бойларындағы құдіретті қасиеттері зерттелмеді. Олар тіпті қоғамдық ортадан оңашаланып және адами құқыларына шектеу қойылды. Ел тәуелсіздігінен кейін ғана киелі қасиетке ие жандардың бағы ашылды. Емші, балгер, бақсы, болжаушы, жауырыншы, жұлдызшы, көріпкел, құмалақшы, тамыршы, сынықшы, дәрі-дәрмекпен емдеуші т.б. қасиет иелерінің шипагерлік ем-домына халық мән бере бастады. Сынаушылар да, емделушілер де халық шипагерлігінің әр түрлі әдіс-тәсілдеріне алғашында күдікпен қарағанымен, біртіндеп оң нәтижесін бере бастаған халық еміне сенімдері артып келеді. Қазақ халқының әсіресе емшілік пен балгер-бақсылық және оташылық өнерін ел аралаған орыстың саяхатшылары, дәрігерлері мен көпестері Г.Колосов, А.Ягмин, А.Левшин, Н.Зеленец, Н.П.Рычков, А.Патанин, С. Болшой, В.Б.Броневский және қазақ ғалымы Ш.Уәлиханов т.б. ХVII-ХIХ ғасырларда қолжазбаларын қалдырғанымен, ол жұмыстары арнайы ғылыми зерттеулер жоспарына енбеді. ХХ ғасырда шипагерлік өнері саласына шектеу қойылды. Осының зардабынан өз бойларында табиғи құпиялары барлар жеке қасиеттерін ашық түрде халыққа жария ете алмады. Ал, көріпкелдер мен болжампаздар туралы айтылғаны болмаса, жазылып хатқа түсіру болмады. Бұл сала тылсым құпияның ең күрделісінің күрделісі болды. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының Жарғылық баптары негізінде көріпкелдік пен болжампаздықты зерттеп келеді. Қауымдастық қазақ ұлтының осындай ерекше қасиет иелерін анықтауға және қоғамдық ортаға таныстыруда, ғылым саласында зерттеулер жасалуына республика да бірінші болып ашық ортада көріне білді. Үйсін Төле би бабамыз айтқандай: «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі. Өзіне келген ұятын, өзі біліп тұрса игі» – деген өсиетін бұлжытпай орындау жолында қауымдастықтың басшы – ғалымдары мен мүшелері өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Халықтық шипагерліктің тарихына түбегейлі мән беріліп, арнайы қорытынды шыққандай болды. Дегенмен, адамның бойындағы басқа да сырлы құпиялы сырларына да мән беріп, бағалай білу уақыты да жетті. Халқымыздың таңдайларын қақтырып таңғалдырған француздің дәрігер-болжаушысы М. Нострадамус пен болғариялық көріпкел Ванга әжей сияқты ерекше қасиетке ие бабалардың есімдері анықтала бастады. Алды ұлт тарихының беттерінен өз орындарын да алуда. Осы жаңа ғасырдың басында Мәннен туған Майқы би бабамыз жетпіс жастан асқанда көріпкелдік пен болжампаздық қасиетке ие болады. Сондықтан болар баба жанына жауырыншы, құмалақшы және балгерлер көп жиналатын болған. Майқы би бабаның ғарыштық жүйемен тікелей байланыстығы былай баяндалады: «Болғанда ақырзаман саулайды жел. Тоқтыға мың қарабас бір қозы тел, Тоқтыны мың қарабас еміп тұрып, Зарлайды тоймадым деп пәруәрдігер» немесе «Болғанда ақырзаман су тартылар, Жігітке қарап тұрған қыз артылар. Көз жұмсам, һамме бүлік көріп тұрам, Бұдан соң қалай көңіл шарты болар», тағы да «Әлі заман өзгерер, Өзгергенін көз көрер, Мінгенің арба болар, Бар құс қарға болар, Жансыз арба ат болар, Өз балаң өзіңе жат болар. Темірден құс болады, Ұрпағыңның көргені сұс болады, Адам басы ауырып дақ шатылар, Базарында сұйылып сүт сатылар. Еркек билік тұл болар, Сиыр пұл болар, Сары судан ас шығар, Өз балаң өзіңе қас шығар, Жер тақыр болар, Жұрт пақыр болар. Ер арыса, әруақ болар, Ат арыса, тулақ болар. Осындай қилы заман болар, Енді төрт мың жылда, Дүние тәмәм болар» /Шапырашты Қазбек Бек Тауасарұлы. «Түп – тұқияннан өзіме дейін». Алматы. «Жалын», 1993. 55, 58-59 бет /- деп болжапты. Бұл болжам М.Нострадамустан ХIV ғасыр бұрын айтылса, ал оның болжамынан /М. Н. – 2237 жылды болжаған - З.Қ./ екі жүз жылдай ары болжанады. Қазақта жазба мәдениетінің нашарлығынан бұндай құбылыстық әрекеттерге мән берілмеді. Осының салдарынан қазақ халқы көп дүниесінен айырылды немесе біреулер пайдаланып кетті. Дегенмен, мынандай көрегендік пен болжампаздықтың кейбір белгісі бүгінде жоқ деп ешкімде айта алмасы анық. Майқы би бабадан ХVII ғасырдай кейін дүниеге келген өз ортасының биі, шешені, батыры, көсемі, кейін жасы келе болжаушы әулие атанған, аты алты алашқа таныс болған Ақтөбе аймағында дүниеге келіп өмір сүрген Мөңке би бабамыздың болжамы да Майқы бабасынан кем еместігі байқалады. Мөңке би баба: «Құрамалы қорғанды үйің болады, Айнымалы, төкпелі биің болады. Халыққа бір тиін пайдасы жоқ, Ай сайын бас қосқан жиын болады. Ішіне шынтақ айналмайтын, Ежірей деген ұлың болады... Жастарға билігі жүрмес кәрің болады. Алашұбар тілің болады... Халықтың қанын сорған адамдар болады... Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады.» - деген болжамдары заманның тарихи өзгеру кезеңдерін дәл суреттеп береді /фил.ғ.д., проф. С. Неғымов. Алматы. «Ана тілі», 1997/. Тағы да баба Заманақыр болғанда : «Ешкі тұяқ, кесік бас, Етік шығар деп еді. Әкесінен баласы, Жетік шығар деп еді... Сирек-сирек ел болады, Тырна қатар би болады... Адамның мейірмандығы кетіп, Көзінің жасы көл болады... дей келе: Тері орамал шыққанда, Түрленер заман деп еді, Заманының болған шағында, Мөңке би бабаңның айтқаны келер» - деген /фил.ғ.д., Ш. Керімов. «Ана тілі» газеті, №2, 1991/ ұлы даланың данышпан болжампазының бұндай тылсым сырларына мән беріп, ұғына қоятын ұрпақтарының Ақтөбедегі облыстық әкімшілікте жоқтығына көзім жетті. Баба айтқандай өзінің атын жамылған «Ежірей» текті ұрпағы қалғанын, ал бабаның құпиялы қасиетінің рухын көтеруге ұрандап барғандарды қас жауындай көретін, жергілікті көреалмас емші мен қараның айтқанына сеніп, бас әкімге жалған ақпарат жеткізіп форумды Ақтөбе де өткізуді тоқтаттырған, облыс әкімінің орынбасары Жеткерген Оралмахамбетовтің ұятсыз әрекетін Мөңке би баба рухы кешіре қоймас. Халықта алты жасар бала келсе, алпыстағы атасы орын береді – деген аталы сөз бар. Жеткерген орын бермек түгелі қауымдастықтың төрт айдан аса дайындығын талқандады. Форум өтетін орын, банкет болатын, адамдар жайғасатын орындарға және жолақысы мен құжаттар дайындалуға төленген қаражаттар судай ақты. Жеткергеннің жетесіздігінен қауымдасықпен оның жеке мүшелеріне материалдық жақтан екі миллиондай теңге зиян келді. Егер моралдық пен психологиялық шығындарды қосса ше? Ұлы даланың әулиесінің киелі рухын жетімсіреткен Ақтөбелік өлмейтін, мәңгілік өмір сүретін әкім-қаралардың «Құрметі мен адамгершілігі», өз көлеңкесінен өзі қорыққандық емес пе? «Киелі ордаға, киелі адамға, елшіге... тиіспе, жұғыспа» - деген, ХV ғасырдың ұлы ғалым-шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ескертпе өсиетін әкім-қаралар қашан түсінер екен? Алла тағала сіздер мен біздердің жүрегімізге мәңгілік жара салғандарға өз бағасын берсін. Ақтөбелік әкім-қаралар өз бабасының ұлы рухының киелі қасиетін басынан тепкенімен, ұрпақсыз, жетім Мөңке би баба рухы сіздер мен біздердің мәңгілік құрметтейтін рухымызға айналады. Майқы би баба айтқандай: «Жаманнан жақсы туар, Адам айтса нанғысыз. Жақсыдан жаман туар, Бір жармаққа алғысыз», – деген данышпандық сөзі алдын-ала Мөңке би бабаның «Жасанды ежірей» ұрпағы болатынын білгені сияқты сезім береді маған. Ұрпақсыз Мөңке би рухын жетімсіретпейік! Бұл, емшілер рухының таза әрі адамгершілік деңгейінің жоғарылығын көрсетеді. Қазаққа кең байтақ жерді берген Тәңірім, тылсым дүние сырларын жете білетін ұрпақтарын да берді. Бүгінде ұлт тарихының бел ортасынан орын алған көріпкелдігі мен болжампаздықтары басым бабалар Майқы би, Мөңке би, тілегенге қорған болған, ғаламаттың неше түрін жасаған Бекет ата, Асан қайғы, Албан Әлмерек абыз бен Райымбек, Абылай ханның түсін жорыған Жетісулық Өтеген батыр, Абылай Ханның болжаушысы семейлік Байыс Жоламанұлы, ғарыштық ғаламаттың құдіретін тірісінде дәлелдеген, көзінің тірісінде халқына асын берген ақын, ғалым Машқұр Жүсіп Көпейұлы және жырларында болжампаздықтың сарыны басым Бұхар жырау мен жетісулық Қабан жырау, «Үш анықтың» авторы Шәкәрім Құдайбердіұлы т.б. ұлылар болғанын мақтан етеміз. Ертеде Оңтүстік аймақ пен Түркістан өңірінде өмір сүрген әулиелер Қарабура, Баба Түкті шашты Әзіз, Жылаған ата, Укаша ата, Қожа Ахмет Яссауи мен баптардың бабы Арыстан баб, Домалақ ене, Ибраһим ата, Ақбура ата, Тектұрмас ата, т.б. бабалардың бойларында көріпкелдік пен болжампаздық қасиеті болғандығы, олардың жасаған әрекеттерінен байқалатынына ешкімнің таласы болмасы анық. Тылсым сырларына толық баға беру жаңадан енді ғана басталды. Немесе жетісулық Өтеген батырға Абылай хан түсін баяндайды: «Ханыңыз көрген ұйықтап бүгін түсті, Көріп келген түсінде талай істі. Кезеңнен қарсақ, түлкі, аю асты, Жолбарыс тағы асыпты ұзын тісті. Қатар-қатар ақ шатыр көрдім жаңа, Ішінен шығып жатыр қатын, бала. Бұл түсімнің жоруы не болады? Шуылдамай көп билер байқап қара», – деп батырдан шешімін сұрайды. Өтеген хан түсін былай болжайды: «Аю асса қазақтың өз заманы, Аю аңқау болған барша жаны. Артынан ұзын тісті асса арыстан, Жаныңда мына отырған Абылай хан. Халыққа арыстандай ақырады, Көмекке сан билерді шақырады. Түлкі асса түлкі заман болады екен, Халықты зәлім түлкі сорады екен... Басқа билік, малыңа ерік болмай, Қаңғырып қазақ елі қалады екен. Төртіншіде кезеңнен қарсақ асқан, Жори алмай билерді қара басқан. Қарсақ аңның жуасы жанға тимес, Халықты бастайды екен бір данышпан. Қатар-қатар ақ шатыр көріпсің сен, Бұл түсіңді анықтап жоримын мен. Қазақ елі отырықшы, білімді боп, Басқалармен сол кезде болады тең», – деген болжамы бүгінгі ел тәуелсіздігін дәл айта білгені, Өтеген батырдың көріпкелдігі мен болжампаздық қасиетінің ұлылығын сипаттайды.
Құрметті форумға қатысушы мырзалар мен ханымдар! Қазақстан халық емшілері қауымдастығы өзінің он жеті жылдық тарихында талай қиын жолдардан өтуде, оның мүшелері адамгершіліктің жоғары сатысында тұрып, ұйымын қарсыластардан қорғай білді. Бүгінде қауымдастықты қазақ, орыс және ағылшын тілінде интернеттен әлем елі таныды, ізгі тілекті хаттар ілегі көбеюде. Қауымдастықтың төл газеті «Шипагерлік баян» мен «Шалкөде» баспасы оқырмандарына рухани тәрбиелік маңызы мол мақалалар мен кітаптарды шығарып таратуда. Қауымдастықтың мүшелері моралдық, психологиялық жақтан жетіле бастады. Білімдерін көтеріп тәжірибелерін байытуда. Емнің сапасы жақсарып, емдеу әдіс-тәсілдері жетілдірілуде. Мәдениетті, білімді, рухы жоғары емшілер мен филиал басшылары қатары көбеюде. Қасиетті мекен Түркістанда өтіп жатқан «Қазақтың көріпкел және болжампаз бабалары құпиялары» атты I-Республикалық форумның материалдары ылсым құпия сырлары тарихын ашуға, ғылыми көзқараспен талдау жасауға жақындатуға, шет ел ғалымдарымен бірлесіп зерттеуге бағыт беруге, емшілер мен халықтың білімін жетілдіруге тигізер пайдасы мол боларына сенім білдіремін. Қадірменді форумға қатысушы, мырзалар мен ханымдар! Шын пейілді ақындық сезіммен: «Рухты бабаларды сыйға тартқан, Кіндігін кескен менің ұлы далам. Біздің ел білгендерге алтын аймақ, Киелі асылдардың ізі қалған» - деген жырымды арнасам артық болмас. Сіздерге мүмкіндік жасап, құшағын ашқан, шөлдегенге сусын берген, шаршағанға қуат берген, қиналғанның жолын ашқан қасиетті мекен Түркістанға, Оңтүстік өңіріне, халқына, әруақты бабалар рухын сыйлаған азаматтарына және сіздерге киелі бабалар рухы риза болып, Алла тағаланың шапағатына бөленіңіздер! Сіздерге, сапарларыңызға сәттілік, жандарыңызға парасаттылық, дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге табыс тілеймін. Халықтан алғандарыңыз алғыс болсын. Тыңдағандарыңызға көп рахмет.
АРНАУ
Авторлары: Зядан Қожалымов және Сейітқұл Жұманов
Бисмиллә сөздің басын бастағаным, Шырқалсын шартарапқа асқақ әнім. Еленген ел ішінде еңбегімен, Армысыңдар ақ ниетті Емшілерім. Дертке дауа айтатын өсиетің. Шипаңа ел-жұртың бар бас иетін. Келуде ұрпағына қайта оралып. Сегіз қырлы, бір сырлы қасиетің. Еңсең биік Ел болып Егеменді. Дін-салтым кең төріме егеленді. Елімді өрге бастап келе жатқан, Нұрсұлтан елбасымыз көрегенді. Елбасының алғанда «Алғыс хатын», Қуанышқа біздерді бөлегенді. Жаратқан жалғыз Алла пендесіне, Бермеген байқасаңыз кем несібе. Зиядан қажы ағаның еңбегі көп, Жасырамын сіздерден мен несіне. Көзінен нұр, сөзінен жыр шашыраған, Түсінгенге Зиякең асыл адам. Ғарыштың құпиясынан ғылым іздеп, Қиындықтан қаншама жасымаған. Айтар болсақ бәрін де жасырмастан, Дегендей ақыл жастан, асыл тастан. Зиядан қажы ағаға мың рахмет, Ел-елдегі емшілер басын қосқан. Алматыда басталған жолын, бәрі, Емшілер Конгресс пен Форумдары. Бесінші рет бас қосқан бұл отырыс, Түркістанның төрінен орын алды. Басып өтіп өмірдің көп белдерін, Артқа тастап қиындық өткелдерін. Шаршамай шатты өмірді қуат етіп, Қуанышпен Түркістанға жеткендерің. Емшілерім ел жайын ескердіңіз, Бабаларым бастаған көшке ердіңіз. Болжампаз бабалар мен көріпкел деп, Аталатын форумға қош келдіңіз. Ал енді жыр маржанын теремін мен, Тарихтың алып жазып дерегінен. Бабалар өткен талай әруақты, Алдын ала өмірді көре білген. Таныс қой тарихымнан жалпы маған, Келмейді ғой өмірге қайтып адам. Төрт мың жылды болжаған бабаларым, Соның бірі білсеңіз Майқы бабам. Француздық Мишельдо Нострадамус, Жер әлемге болды ғой ол да таныс. Майқы би он төрт ғасыр ілгеріде, Көре білген 200 жыл одан алыс. Кереметіне Алланың таң қаласың, Әр адамнан, әр қасиет аңғарасың. Асан қайғы бабамыз жел маямен, Қазағымның болжаған бар даласын. Айтқан жақсы бәрін де біліп адам, Есімі де еліне жылы болған. Өмір сүрген Ақтөбе аймағында, Болжампаз Мөңке би Тілеуұлы бабам. Адалдықты мақсат етіп алдарына, Ақ жол бастап Алла деп арманына. Шопан ата есімін пір санаған, Бас иеміз пір Бекет әруағына. Түзей білдің қазағым жолыңды анық, Ел болдық егеменді, бағың жанып. Бес ғасырдан өткенде Өтейбойдақ, Бабалардың арманы орындалып. Шипагерлік баяны үнқағаз боп, Үн қатуда ел-жұртқа жалынданып. Ден қойып емші-бақсы сарынына, Іздеу салған қазақтың дарынына. Қорқыт пен Қойлыбайдай дарындының, Ілімін де шығарды-ау жарығына. Бүкіл әлем қазақты танып білді, Себепші рухты бабалар барлығына. Өкінгенмен не пайда өткеніңе, Шүкір дейміз бұл күнге жеткеніне. Шәкәрім “Үш анығын” жазып беріп. Еңбектері танылуда көпке міне. Машһүр Жүсіп тірісінде асын беріп, Көрегендігімен о дүниеге кетпеді ме. Қазақтың ақын-жырау, шешендері, Қол бастаған батыр мен көсемдері. Бұхар мен Қабан жырау, Шәкәрімнің, Жырлары болжампаздық көрсең тегі. Хандардың ішіндегі дара тұлға-ай, Қазақтың басын қосқан дара қылмай. Өтеген батыр еді Жетісуда, Жорығанда түсінде хан Абылай. Алла деген ақ жолды табады алдан, Жақсы ғой ұлы есімдер бағаланған. Кешегі өткен Мұқағали ақының да, Көріпкелдік қасиетімен дараланған. Жақсылығы емшілер таралуда, Жазғандары кәдеге жаралуда. Шипагерлік баяны ақылшы боп, Үнқағаздан барлығы нәр алуда. Бірлік бар да, қамал жоқ алынбас түк, Шүкір Алла, бабалар жолын бастық. Қазақ, Орыс, Ағылшын тілдерінде, Интернетте көрінуде қауымдастық. Талай ақын-даналар жыр ғып келген, Өмір бар да тоқтамас тірлік-деген. Жылдан-жылға көбейіп қатарымыз. Қандай жақсы бас қосқан, бірлікпенен. Жаратқан жалғыз Алла қолдағаны, Өнер берсе адамға ол да бағы. Зядан қажы мен Сейітқұлдай, Қара-көсе ақынның толғағаны. Ел тарихтың сақталса қойнауында. Бабалар жолын ол да жалғанғаны. Келген қазақ жақыннан, қанша алыстан, Басын қосқан бұл жерде бар танысқан. Бақтыбай, Талғат, Ұлболсын, Сансызбайға, Мың алғысты айтамыз барша атынан, Түркістанда форумның өтуін дайындаған, Бір Алла айырмасын мол табыстан. Қалаймыз мұндай жиын жиі өткенді, Жақсы көрген қазақпыз сый еткенді. Жыл сайын форумдарда кездесейік, Бір Алла қабыл етіп ниеттерді. Пайғамбарым Мұхаммед, Меккемізден қолдасын. Түркістанда Қожа Ахмет жүрегінде орнасын. Маңғыстауда пір Бекет әруағы болсын жолдасың. Барлығының тілеуін, қабыл алсын Алла шын. Түркістан қаласы, 25.07.2008. | |||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 | |||