орындалған Аманат | |||
Главная Вернуться Предыдущая Следующая | |||
ҒАЛЫМ ШИПАГЕР ӨТЕЙБОЙДАҚ ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫНЫҢ «ШИПАГЕРЛІК БАЯН» АТТЫ ЕҢБЕГІ БОЙЫНША ШАҒЫН ТҰҢҒЫШ САХНАЛЫҚ КӨРІНІС
«Қазақтың ғалым шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы» атты сахналық көрініс Халықаралық конгресте көрсетілді ( Тараз қаласы. 24 шілде 2009 ж.).
Сценариін және «Шипагер баба» әні мен сөзін жазған: Зядан Қожалымов - Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, мәдениеттанушы, Өтейбойдақтанушы ғалым. Ақын, сазгер. Қоюшы режиссер: Қыпшақова Гүлшат Нүсіпжанқызы – Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері, Халықаралық фестивальдардың лауреаты, Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актеры. Шипагер ғалым Өтейбойдақ баба өмірінен шағын көрініс көрсеткен Жамбыл облыстық қазақ драма театрының майталман актерлері: Өтейбойдақ рөлінде – Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері, актер Жасұзақ Айтпенбетов. Әз Жәнібек хан рөлінде - Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері, актер Алтай Сәдібек. Жиренше рөлінде - Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері, актер Жүніс Әлімбек. «Шипагер баба» әнін орындаған: Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің білімгері, әнші – Сатыбалдиева Зәуре. Бейнелеу: Ғимараттың залындағы көрермендерге қарсы керегеге XV ғасырдың ғұлама ғалым шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1485) туған жері Жетісу өлкесінің, Шалкөдесі аңғары мен Айғайтасы, тау қыраттары, ну орманы мен дәрілік өсімдіктері, өзені мен қараршасы т.б көріністерін бейнелеген суретшінің декорациялық сызбасы ілінген. Сызбаның төменгі жағында сол замандағы Ұлы жүздің Албан елінің бір тайпалы руының киіз үй бейнесінде қоныстары сызылған. Осы бейненің оңтүстік жағының ортасында екі қоржынын иығына асқан, қолындағы аса таяғына сүйенген, мұңды, аспан әлеміне қарай көз тастаған бір қарт ғұлама адамның бейнесі кескінделген. Бұл адам сол заман оқымыстысы, осы заманның екінші Ибн Синасы атанған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы еді. Декоративті сызбаның ең жоғарғы жағында қазақ, орыс және ағылшын тілінде Ө.Тілеуқабылұлы атты Халықаралық конгрестің өтетін мерзімі көрсетілген және ортасында Ө.Тілеуқабылұлының суреті бейнеленген декоративті жазу ілінген. Басталар алдында: Сахнадан сонау XV-XVII ғасырлардағы қазақ даласының зарлы әуенді үні баяу ырғақпен естіледі. Сахна шымылдығы ашылып, сол қанатынан зор денелі, қаба сақалды, басында сәлдесі бар, ұзын шекпен киген, екі қоржынын оң иығына асқан және аса таяғына сүйенген бір ұлы адам тұрады. Ол іштей ұзақ ойға батып жан-жағына қарап өзінің өскен ортасын, туған жерін, замандастарын, аралаған елін, атқарған қызметтерін, көрген қиыншылықтары мен жетістіктерін және жеке басындағы ауыр тағдырын есіне алып ауыр күрсінгендей болады. Бұл ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы еді. Ол ойлы жанарын тіке қадап ақырын таяғына сүйенді. Дауысын көтере сөйлеп көк аспанға көз тастайды. Одан кейін жерге отырып, таяғына сүйеніп өз мұңын өзіне баяндағандай құс ұйқылы көзі жұмылып кеткендігін де байқамай қалды. Түсі ме, әлде өңі ме, елес пе, әлдене түсіне алмай аян алды. – Ей, «Бойдақ» уайымдама, арманың орындалады. Уайымдама, - деген үн құлағына нақ естілді де, көз алдынан сағым ішіне еніп бара жатқан ақбоз атты, ақ киімді, ақ сақалды қария бейнесі көрінді. Ол бір демде ғайып болды... – Өтекең бұл құс ұйқылы түсін жақсылыққа жорыды. Алладан үміт үзбеді. Өтейбойдақ: – Бисміллә, бисміллә, бисміллә. О-о. Он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла тағала. Сен осы әлемді алты-ақ күнде жараттың. Жұманы өзіңе құрмет көрсететін күн еттің. Біздің ғұмырымыз сенің қолыңда. Бірінші жұма күні көрген түсімді де, сенің жіберген аяның деп білемін. Сексеннің жиегіне іліне бастадым. Жинап-тергенімді, білгенімді, жазғанымды болашақ ұрпаққа несібе ете гөр. Алла тағалам, несібе ете гөр. Жаратқан ием, 8 жасымнан шипагер әкем Тілеуқабылдың қасында болып көп нәрсені үйрендім, білдім, көрдім. 70 жыл өмірім қазақ даласының Жетісу, Шалкөде, Жаркент, Нұра, Торғай, Сырдария, Омбы т.б. көптеген жерінде өтті. Ауырғандардың сырқатына Алланың әмірімен ем-дом жасадым. Өздігімнен оқып білім алдым. Фараби және Баласағұн сияқты, тағы басқа оқымыстылардың еңбектерімен танысып, өз білімімді өсірдім. Өлдіге саналған үсігендер мен күйікке ұшыраған және суға кеткендерді де ажалдан алып қалдым. Уа, Жасаған өзіңнің берген ырызғы мен несібеңнің арқасында өзім жасаған емдік дәрілерімді алғаш өзіме пайдаландым. Ажал ауызынан өзімді-өзім алып қалдым. Сөйтіп мың өліп, мың тірілдім. Уа, көк аспан, мына мен басып тұрған қара жер, мен аралап қойнауынан дәрілік шөптерді алған ну орман тоғайым, менің кіндік қаным төгілген Шалкөдемнің Айғайтасы мен Қарааршам куә бол! Куә бол! Жиренше: – Асса лаумағалейкүм шипагер! Өтейбойдақ: Уағалейкумассалам, Жиренше төрлетіңіз. Жиренше: – Шипагер, әулие десем де болады өзіңді. «Ей, Жиренше уайымдама, жазыласың» - деп жасаған ем-домынан міне, көріп тұрсың ауруымнан құлан таза айықтым. Алла разы болсын! Сені ел-жұрт Шашты Әзіз, білім ұрған, есі ауысқан дейді ғой. Бұл қалай? Өтейбойдақ: – Мүмкін, мүмкін. Адамның жаны мен басқару мүшесін білу үшін Омбыда жүргенімде тірі түлкінің терісін сыпырып алып далаға жібердім. Ол терісіз де зытты. Ақыры ұзап барып өлді. Шалкөдеде тірі қойды бауыздамай, жүрек жанына пышақ сұғып жіберіп, жүрегін суырып алдым. Өлді. Қойды бауыздамай басына таспен ұрдым. Өлді. Осылай ми мен жүректің қызметін анықтадым. Шалкөдеде тананың жұқа шабына баланың денесіне шыққан қызылшаны ектім. Сол екпемен қызылмен ауырғандарды емдеп жаздым. Кім білсін, атым да Бойдақ, жар да сүймедім. Жас сәбидің иісін иіскемедім. Өмір бойы білім қудым. Кезбе болдым. Елімде менің жайымды түсінер ілімді де жоқ. Бәрі сауатсыз. Өз әрекеттеріне өздері мәз. Ей, кім түсінер дейсің. Жазымышқа көнетін күн де жақын, ізімді басар, ілімім мен білімімді жалғастырып ие болар да ешкім жоқ. О, тағдыр-ай! Жиренше: – Иә, тағдыр. Әйтсе де соншама алыс жақтан өзіңді босқа іздеп келгенім жоқ. Әз Жәнібек ханымыз тек өзіңді күтіп отыр. Бұған не дейсің шипагер? Өтейбойдақ: – Оу. Бұған не дейін, тезірек атқа қонайық деймін. Жиренше: – Әп, бәрекелді. Өтейбойдақ: – Ассалаумағалейкум, хан ием. Жиренше: – Ассалаумағалейкум, алдияр тақсыр. Әз Жәнібек хан: – Уағалейкүмассалам! Жиренше: – Алдияр тақсыр, Сіздің бұйрығыңызбен келген өзі білгір шипагер алдыңызда. Әз Жәнібек хан: – Дұрыстап, толығырақ баянда. Жиренше: – Аты - Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Ата тегі Ұлы жүз. Зарман. Зарман ішінде Албан. Лұқман Хакімнен тәлім алған. Мекені - Жетісу. Жылы – иіртек (ұлу). Өзі бойдақ. Өмір бойы шипагерлікпен айналысқан. Кемсөзді жан. – Әз Жәнібек хан: Жарайсың, алтынбасым Жиренше. Әз Жәнібек хан: (Өтейбойдаққа) – Адам пендесін Алла жаратқанда, неден құралмағы шарт болған? Өтейбойдақ: – Алдияр тақсыр, адам баласы Алла өзі жаратқан 6 несібелік, адал пендесі өзі теретін 6 нәсіптік ризықтан құралмаққа шарт. Әз Жәнібек хан: – Соңы немен тынбақ? Өтейбойдақ: – Жылап туылып, жырғап өсіп, ажалдан өшіп, елді еңіретіп, жерді күңірентіп (жалғасы) жербесікке түспекке аттанбақ. Әз Жәнібек хан: – Ым-м. Сырқат деген не? Өтейбойдақ: – Адамзатына ғана Алла жазған 6 несібеге сан алуан сырқат себепкерлері жұғып, науқастандырып бүлдіру арқылы тұғырлық 6 несібе мен 6 несібелік ризықты дәнекерді бұзушы сырқат делінбек? Әз Жәнібек хан: – Сырқат қалай айықпақ, науқас қалай жазылмақ? Сырқат ішінде оңайшылықпен білінбейтін әрі жанға көп батпайтын бірақ айықпайтын сырқат қайсысы? Өтейбойдақ: – Әуелі сырқаттық сипат анықталмақ, соған сай шипа ем дарым заруаты дарымдалмақ. Дарымдалмағы табылса, айығымы алғысты болмақ. Шипа ем дарым заруатында һалал-һарамдық бөлініс жоқ. Олайы, Алла он сегіз мың ғаламды пенделік ризықққа жаратқаны рас. Науқасқа үйлесті күтінім шарты қажет. Бұлай болмағанда бейнетті көп тартпақ, алдашы ажал торымына жолықпақ. – Алдияр тақсыр, қандық уылмалық пенденің жанының бітістігі. Яғни, батымы аз болып көрінгенімен тұқым қуаламақ, әрді бұзбақ, ұрпақсыз қалдырмақ, ұрпағы болса да нақұрыстау болмақ, бұл еш емі жоқ айықпайтын дерт. Әз Жәнібек хан: – Ол қандай дерт, сырқаттар? Өтейбойдақ: – Қандық уылмалық, мерездік, құлғаналық миғұлалық аллалық шала жаралым болмақ. Емі, шипасы тек алдын ала сақтану ғана. Сақтандыру Алла жар тақсыр, сіздің қолыңыздан келмегі аллалық жазмыш. Әз Жәнібек хан: – Иә, одан қалай сақтанбақ шарты бар? Өтейбойдақ: – Ол оңай тақсыр, сіз тек көз мұрын шартын орындауыңыз уәжіп мұқтасары. Әз Жәнібек хан: – Ол шартта қайсылар болмақ? Өтейбойдақ: – Ауыз, яғни бірініші ретте, жат төсектілік, жаман нәпсіні, һарам ниетті тыю шарт. Егер бір адамның заңды некелі әйелінен туған ұлы өз әкесінің заңсыз әйелінен туған қызымен білместіктен үйлене қалса, қанның ірігіштігіне, шала жарымдылыққа әкеп соғады. Яғни, бала көтереді, өлі туады немесе түсік бола береді. Ақыры қызы да, ұлы да қандық уылмадан өліп өкінішке ұрынар. Бұны мен өз құлағыммен естіп, зарын айтқандарды көрдім. Орыны толар ма? Бірақ, Алла, сақтансаң, сақтаймын деген. Екінші, яғни көз ретте, жеті атаға жетпей рулар арасында қыз алысу қандық уылма дертіне шалдықтырады. Сондықтан жеті атадан аспайынша қыз алыспай құдаласпағаны шарт. Осы шартты қадағаласа, ұрпақ ақылды, зейінді, өнерлі, аңғарлы, көркем болмақ. Үшінші айтпағым, яғни көз, мұрын ретте қарашаларымыздың салтында өте-мөте бозбалалар қыз-келіншектерді беттен зорлықпен сүйетін әб қылықты тыю шарт. Олар мұрынға жел түсіргіш пұшық болу сырқатын тудырып, оны жұқтырып, науқасқа шалдықтырады. Қоса айтарым, сондай науқас пенделер ұсынған асты ішпеу шарт. Алла жар, хан тақсыр, ұлы даңқыңыз көкке көтеріліп, аспандай асуына қараша халқыңыздың амандығы үшін тақсыр, сіз өзіңізге Алла берген жеті қазына, 41 ырыстың иесі болғандығыңыздан қамқорлық жарлық түсіруіңізді ел көңіліне деген үмітпен ізгі тағзым жасаймын. Әз Жәнібек хан: – Жарайсың, жарайсың қараүзген шипагерім. Шипагерліктен қара үзіп шыққан Өтейбойдақ. Сыртыңнан бұрында көп естіп едім. Көзің тұр шоқша жайнап. Қандым. Ризамын. – Күллі Алаш ұранымның көркем болмағы үшін, ауыз, яғни біріншіден, жат төсектілік, жат ниет, бәт қылыққа бүгіннен бастап тыйым саламын. Әгәрәкім, кімде-кім күнәға батса, көзге ілінсе, жұрт алдында қара маңғазға артына қаратып мінгізіп, бетіне қалма жағып, масқаралап, өлімші еткіземін. – Көз, яғни екіншіден, жеті атаға толмай үйленгендерге екеуіне де өлім жазасы шарт. – Көз, мұрын яғни үшіншіден, жалпы сүйісу, жат қылыққа баруға бүгіннен бастап тыйым саламын. Жұқпалы науқас болған адам баласына тостағанның шетін тістетпеуі шарт. Жаза 50 қамшы, дүре. Қарсы болғандар жер үймекке көмілмек. Әз Жәнібек хан: – Жиренше, осылай деді, - деп шабармандар төрт тарапқа жар салсын. Жиренше: – Алла жар тақсыр, хан ием айтқаныңызды орындаймыз. Әз Жәнібек хан: –- Жарайсың Қараүзген шипагерім Өтейбойдақ. Мен саған ақ ордадан оңаша орын беремін. Өңгер, білгеніңді титтей қалдырмай, жасырып жаппай, еш бүкпесіз толық және ашық жаз. Қазынада сақтаймын. Ұрпаққа мирас болсын. Сыйыңды алып, мәртебеңді иелейсің. Халқымның дені сау, көркем ұрпақ таратуына тер төк. («Шипагер баба» әнінің әуені жайлап ойнай бастайды). Өтейбойдақ: – Е, Алла көрген түсімнің аян екеніне шүбәм болмап еді. Тәубе, тәубе, міне, міне, шипагерлік баянымды армансыз жазып қалдыруыма мүмкіндік туды. Иншалла, иншалла. Ісімді бастадым. – Өтіп бара жатқан өмір-ай. Хан иемнің тапсырмасы бойынша «Шипагерлік баянымды» жазғаныма да жеті-сегіз жыл өтіпті-ау. Қуанышым қойныма сыймай барады. Еңбегімді саралап, даралап, қайта мәндеп, сәндеп бітірдім. Енді Алла бұйырса ертең хан иеме апарып көрсетуге Алла нәсіп ет! (Өтейбойдақ өте қуанышты еді. Шаршағанын ұмытып, жаны бір рахат тапқандай күйге енді де, күнделікті төсегіне жатып дем алуға ыңғайланғанды. Құлағына жағымды ән үні естілгендей. Бірақ, шипагер Өтейбойдақ өз ұйқысынан шошып оянды. Құлағына жағымсыз айғай-шу үні естілгендей. Ол өз құлағына өзі сенбеді. Аттан! Аттан! Аттан! Жау шапты! Жау шапты! Деген айғай бүкіл даланы басына көтерді. Аңыраған аналар мен жас сәбилердің зарлы жылауы, мал жануардың шуылдауы, аспан әлемі астаң-кестең болды да кетті. Шипагер баба бір сұмдықтың болғанын сезді. Ол да өз қамын жасап, бұл арадан аманында тез шығып, еліне кетуге әрекет етеді) . Өтейбойдақ: («Шипагер баба» әні орындала бастағанда). – Хан ордасында көп тұрақтай алмадым. Сол түні ғақбытылы хан Темір ойда жоқта ордаға басып кіріп Жәнібек ханды өлтірді. Мен жан сауғалап босқындармен бірге Ақордадан әрең қашып шықтым. Күн демей, түн демей жүріп отырып туған жерім Шалкөдемнің Айғайтасына жеттім-ау! Жеттім-ау! Әйтеуір жеттім-ау саған! Са-а-ға-а-н! – Қуанышым ерте болған екен. Тіссіз шопандай жасым қалды. Енді «Шипагерлік баянымды» кіндіктес інім Топайға аманатқа тапсырамын. Босқа зарлағанша түзейтінін түзеп, күзейтінін күзеп, жазғандарымды жөндей берейін. Ұрпақтардың игілігі ғой. «Үмітсіз сайтан», ажалым жетсе, кеміс қалар. Өткен іс өтті, өлер шақ таяды. О, жалған дүние-ай! – Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ. Бұл соңғылықтар қадірін біліп ұстана білсе, қанғысыз бұлақ, қадірін білмесе, отбасы аяқпен тозатын тулақ. Алла, жар бола гөр!
– Ой дүние-ай. Іске аспады арманым қараң қалды, Шың басына шығарда арандалды. Өтейбойдақ қойыпты атымды әкем, Жаман ат, жаман ырым мазамды алды. Қалмады ұрпақ Өтейбойдақ аяңдалды, Мені өшірмес артымда шипалық баян қалды. – Ей жас ұрпақ сендерге аманат! Сендерге аманат! Аманат! Аман-а-а-а-т!... Сахналық көрініс соңы: «Шипагер баба» әнінің орындалуымен аяқталады.
ШИПАГЕР БАБА
Әні мен сөзі: Зядан Қожалымовтікі Орындаушы: Зауре Сатыбалдиева
Тәуелсіз ел еңсесі биік деген, Қазақ елі көрінуде биіктерден. Өтейбойдақ еңбегі дараланып, Қытай, қазақ ғылымы төрін берген.
Қайырмасы: Данашпан атам, Ғұлама бабам. Ақылы асқан заманнан, Әр сөзі дана. Ілімі дара, Өшпейтін мұра қалдырған.
Шежіресінде халқының жазылмаған, Тарихынан ғұламалар орын алған. Жаһангер асылдардың көшін бастап, Шипагар Өтейбойдақ дараланған.
Қайырмасы Қазақтың шашты әзизі сөзі қалды, Шипалық баяндай көзі қалды. Жарты ғасыр жат елде жатса-дағы, Туған елге дүние-ай қайта оралды.
Қайырмасы: Ел білімі дәулеттің қайнар көзі, Бабаның іске асты арманы енді. Ұстанып қадіріне жете білсек, «Шипа баян» – ұрпағына ғылым енді. Қайырмасы:
VIII – ТАРАУ
ЖАРЫҚ КӨРГЕН ЕҢБЕКТЕРІНЕ ҒЫЛЫМИ ТАЛДАУЛАР МЕН ПІКІРЛЕР
ҚАЖЫ ЗИЯДАН ҚОЖАЛЫМОВТЫҢ ХАЛЫҚ ЕМШІЛЕРІ БОЙЫНША ЖАЗҒАН ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМАЛ КІТАПТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ОЙ
Қазақ халқы егеменді ел болғаннан бері басқа халықтар сияқты өзінің тарихымен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің ерекшелігімен, өркениетті мәдениетімен рухани байлығымен көзге түскен ұлы халықтардың біріне айналды. Байырғы қалпына келді. Елбасы, Президентіміз, Нұрсұлтан Назарбаев тіл-көз, бәле-жаладан аулақ болсын! Жуырда, Дүниежүзінің алдыңғы қатарлы 50 елдердің қатарына енуді айтса, кеше ғана 8 алпауыт елдердің басшыларымен қол алысып отырды. Бұл елдің амандығына және келешегі барлығына сенім болып саналады. Сіздердің алтын уақыттарыңызды үнемдеу мақсатында, мынандай тұжырым, шындыққа көңілдеріңізді аудармақпын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – дегендей. XV-XXI-ғасыр немесе 6 ғасыр өткенде Өтейбойдақ бабамыздың еңбектерін мұра тұтқан, Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, академик, қажы Қожалымның Зияданына нәсіп болды. Оны Бұқара ақпарат бетінде де (газет, радио, теледидарда), Халықаралық деңгейде: Съездер, конгрестерде, Халық медицинасындағы «Бақсылық өнері» бойынша ғылыми-теориялық Форумға да куә болып отырмыз. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының Алматыда 22-желтоқсан 1991 жылы ұйымдастырылғанына 15 жыл толды. Өткен жылы (2006 жылдың желтоқсан айында) қауымдастықтың 15 жылдығы тойланды. Осы аралықта Қазақстан халық емшілері қауымдастығының 10 жылдығы қарсаңында Зиядан қажының «Шапағатты рух ордасы» (2001), және «Мәңгілік құпия шежіресі» (2001) ғылыми-танымды екі кітабы және қауымдастықтың 15 жылдығында: «Тылсым дүниенің құпия емдері» (2006) және «Халық медицинасындағы бақсылық өнері» (2006) деген кітаптары таралымы 500-1000 данамен жарық көрді. Ғылыми-танымал кітаптардың тұсау кесері өтті. Онда, XV-ғасырда өмір сүрген «Шипагерлік баян» еңбегінің авторы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлынан кейінгі қазақ елі тәуелсіздік алып жеке мемлекет болғанда ғана, ата-бабадан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан халқымызға түсініксіз болып келген, шипагерлік, ғарыштық, адам және жер бетіндегі көрінбейтін тылсым күштер жөнінде тағыда, адам бойындағы тектік киелі қасиеттер туралы мәліметтер ана тілімізде түсінікті, көрнекті, дәлелді етіп жазған, алғашқы кітаптар екені атап айтылды. Осыған орай, Ақпарат және Мәдениет министірлгі арқылы, «Ғылыми-танымды» адамның сырқатына ем, денсаулықты дәрі-дәрмексіз жақсартудың бірден-бір жолы – өзін-өзі тану (ақыл-ой, сана) ілімі екенін анықтайтын мұра кітаптар ретінде Қазақстандағы барлық көпшілік оқу орындары, ғылыми кітапханаларына жетерліктей етіп шығаруға арзиды (тұрады) демекпіз. Ал енді, мен бұл кісінің – Зиядан Қожалымовтың Қазақстан халық емшілері қауымдастығының беделін тікелей көтеретін, беделін көтеруде халық емшілерін, сала-салаға, жүйе-жүйеге бөліп жазған ғылыми-танымдық еңбектеріне, оң пікір беріп, жарық көруіне ықпалымды аямаған жан екеніме байланысты, тоқталуды жөн көріп отырмын. Бірінші кітабы – «Шапағатты рух ордасы» (Алматы, 2001 ж. көлемі 317 бет). Оның 1-бөлімі – Құдіретті құт орда, 2-бөлімі – Тылсым дүниенің құпия сырлары, ал 3- бөлімінде – Шапағат нұрын шашқандар – деп атап, адамдарды имандылыққа, парасаттылыққа, қайырымдылыққа шақырып, ұйымның рухани-ағарту мен денсаулықты сауықтыру шаралары туралы тоқталып, қауымдастықтың адал, инабатты, ақпейіл мүшелерінің суреті беріліп таныстырылған. Өтейбойдақ бабаның бір ауыз сөзімен – «Шипагерлікте өнердің бір түрі» екенін көрсетіп, бүтін емшілерге жол ашты. Екінші кітабы – «Мәңгілік құпия шежіресі» (Алматы, 2001. көлемі 447 бет). Бұл кітап ғарыш, адам, жер тылсым сырлары баяндалған ғылыми-танымдық еңбек. Олардың кейбіреулеріне назар аударалық. I-тарау – Қайта оралған киелі қасиет, киелі рухты-қайырымды орта егеменді ел болғанан кейін туды, емшілер ел кетігіне және имандылық-рухани байлығымызға енді келдік, әлемдік дәрежедегі қазақ халқының емдік тәсілдерін ғылыми тұрғыда таныстыру делінеді. II- тарау – жан, тән және рух; жан тіршілік иесі, өлгендердің рухы басқаға қона ма? Өлгендердің өмірге қайта келуі; өліп-тіріліп, қайта өлгендер; өлгендерді тірілтетіндер, ажалсыздар мен ұзақ өмір жасағандар; үрейлі әсерлер неден болады?; бізге көрінбейтін бейне; көрініп көзге, жоқ болды бейне; әруақтармен сөйлесу деген тақырыптары баяндалған. III-тарау – Ғарыштық беймәлім қонақтары деген тараудың соңында... Құранның мына тұжырымы бойынша Алланың: «Құранның ақиқат екені көкіректеріне жеткенге дейін, біз оларға жер-көкті, тіпті өз бастарындағы ғаламаттарды (белгілерді) көрсете береміз» – дегені осы дәуірімізге дәл келіп тұрғанын көргендейміз («Фуссилат» сүресі, 41-53 аяттар). IV- тарау – Тәндегі нүктелер мен белгілер құпиясы: алақан, саусақ сызықтары құпиясы, адамның қол басы мен табандағы нүктелер, қолдың (меннің) сырын білесіз бе? т.б. V-тарау – кері әсер күштері; дуалау, сиқыршылық, ғайыптың ғаламаттары, қарғыстың қасіреті. VI- тарау – Қоршаған ортаның дәрісіз табиғи емі; асыл тастардың емдік қасиеттері; ән-күйдің емдік қасиеттері және VII-тарау – Тылсым дүниенің жұмбақ сырлары: бақсылық, болжаушы, жауырыншы, жұлдызшы, құмалақшы, көріпкелдік, халық емшілігі және телепатия – деп талданады. Олар жеке адамның бойындағы бір беймәлім күштің әсерінен кенеттен пайда болатын, бізге көрінбейтін, сыртқы белгісіз «рухтармен» байланыс жасайтын құпиялы жұмбақ күш иелері дейді. Құнды кітаптың басқа, соңғы тарауларында адам өмірінде кездесетін: дуалау, сиқыршылық, қарғыстың қасіреті және адамдарды сақтандыру мақсатында, Алла тағаланы ойыншық еткісі келген оңбайды, жалған әулиелер жарға жықпасын және «құдайсызға-құдайдың жазасы бар» деп дәйекті тұжырым берсе, ал ақылдан кенде емеспіз, ешкімнен кем де емеспіз – деген мақаласында Зиядан қажы өз дәстүріміз, өз тілімізбен дініміз тұрғанда бөгде біреулердің ықпалына түспеудің, рухани кіріптар болмаудың қамын ойлайық» – дейді. Үшінші кітап – «Тылсым дүниенің құпия емдері» (Алматы, 2006, көлемі 209 бет). Бұл зерттеуші-парапсихолог, биоэнерготерапевт, тіршілік күш-қуат емшісі академик Зиядан Қожалымовтың, ғылыми-танымдық кітабының I-тарауы, жоғары ғарыштық сана мен ақыл-ой деп басталады. Жоғарғы ғарыштық санадағы хабарларды адам ойша қабылдай алатыны, оны санасында телепатиялық сезімі бар адам сөзбен не өрнек сызу белгісімен жеткізе алатыны, ғарышпен байланыс мейлінше ниеті таза болғаны дұрыс. Ақыл-ой сананы ғана өзгерте алады. Ми мен жүйке желісі-сананың басты бөлшегі болып саналады. Қан – нәзік күш-қуаттың жоспарын (хабарын) тасымалдауға өте шебер болады. Жүйке - өткізгіштік қызмет атқарады. Егер адамзат үйлесімді (гармониялық) заңы мен өмір сүрудің жеке ырғағын бұзбаған, кінәсінан денесін тазалап, жамандықтан аулақ болған да 300-800 жылға дейін өмір сүруіне болады. Арам ниеттілікпен ыңғайсыз жағдайлар жасап, пайда тауып, ойын іске асырғандар өз өмірлерін тез қысқартады. Сондықтан да, адамдар көбінесе өмірдің бір қалыпты жетекші қуаттылық қасиетін сезінбейді (11-бет). Зиядан қажы, қазақ халқының адам қайтыс болғанда жаназасын шығарып жерлегеннен бастап, 7 күн, 40 күн және жылдығын беру әдет-ғұрыптарының дұрыстығына мынадай ақыл-ой, саналық тұжырымын айтады. Адам қайтыс болғаннан соң, оның жақсылықтары сүзіліп, нақтыланады, ал теріс әрекеттерін кармаға жіберіледі. Жанына хабарлағыш өрісін береді. Бұл оның жекелігі мен мәңгілік өлместігін сақтайды. Өйткені биологиялық өлім болған мен бәрі бір энергетикалық ұрық тірі қалады. Жеке дененің астралды қоршауы өлгеннен кейін үшінші күні дене қыртыстанып кетеді. Тоғыз күнге дейін денеден бөлінген қабықша жан өзінің қайтыс болғаннан жермен байланысының биологиялық қатынасын тоқтатып, біздінше 7 күн жермен байланысын үзіп, одан ары жоғары жан (астралды) кеңістігіне қарай жылжи береді. Сөйтіп жан кеңістікте қайтыс болған күннен бастап 40 күндей болған соң қайтадан екінші биологиялық жоғары саналы өмір сатысына негіз қаланады. Олар өзінің жіберген қателігін ашады. Еске алу құрметін: үштігі, жетісі, қырқы және жылы т.б күтеді. Туыстарының, дос-жораларының тілегі аруақтың о дүниедегі жағдайына жақсылық қосады – деп дәстүрдің дұрыстығына дәйекті тұжырым айтып, елді имандылыққа тәрбиелейді. Адам баласы ғылымның күшімен табиғаттың заңын және өзінің кім екенін сезініп таныды. Уақыт, қуат және саналы сезім түсінігі – бұл үш тұлға әлемнің материалдық негізін қалайды. Ғарыштық сана – бұл әлемдік материя құрамының бағдарламасы мен тәжірибиесінің артуына қарай ауысып, өзгеріп тұратын әрі дамитын алғашқы сезім. Кітаптың 2-тарауы – Барлық сенімнің шындығы біреу – ол өзіңді өзің тани білу. Әлемде екі түрлі: дөрекі-материалды және нәзік рухани немесе жан қуат болады десек, әрбір көрінетін және көзге көрінбейтін нәзік рухани (жаны, сенімі, ақыл-ой, сана) биоөрісі оның денесіндегі барлық энергетикалық (қуат) өрісінің жиынтығы. Ол электр желілі жүйе мен магнитті өрістен, сондай-ақ, ғылымда әлі дәлелденбеген басқа да өрістерден құралады-деп автор өте тың пікір айтады. Осы пікірін жалғастыра, барлық теріс пиғылды ойлар және сезім жүйке жүйелерін бұзады, әрі ластап қана қоймастан, адам ағзасын өздігінен уландыра отырып, оның денесіндегі күш-қуатының құрылысына кері реакциялық құбылыс туғызады. Осыған байланысты жаны таза, жарық, көңілді, сезімді таза ой (ақыл парасат) ол әрқашанда емдік мақсаттар мен мейірбандылықтың қайнар көзі болып табылады. Олар адамның қанын тазалайды, күш-қуат (энергетикалық) потенциалын (салмағы, ауқымы) күшейтеді әрі оның рухани қабілетін арттырады. Сөйтіп, кімде-кім өзін тани білмесе, ол өмірден аларынан құр қалады, ал өзін-өзі таныған адам ғана нағыз шындықтың билігіне көтеріліп өзін міне «Мен» – деп көрсете алады. Өзінің ішкі дүниеңді таза қуатпен жүрек жылуымен және таза сүйіспеншілікпен толтыр. Себебі: барлық діндерде тек ғана қайырымды, сүйіспеншілік және адамгершілікті үгіттеуі кездейсоқ емес. Адамның биоөрісінің қуаттары – 3 тарауда, Биоөрістерді реттеу мен ауру түрін анықтау тәсілдері, 4-тарауда кең түрде берілген (43-105 бет). Ғұлама ғалым-шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының емдік әдіс-тәсілдері – 5 тарауда. Бұл тараудың 111-беттегі – «Шипагерлік баян» кітабындағы «терминдік» - дегенді «атау, атаулық» - деп Өтейбойдақ бабаның аталымымен оқуды қалар едік. 6-тарау – Сандар сыры және 7-тарау – Қарапайым халық емі, - 125 беттен 203-беттерді қамтиды. Бұл емдер тікелей қолданатын емдер, сондықтан да оларды кітаптың өзінен оқыған жөн. Төртінші жаңа кітап ҚР «Халық медицинасындағы Бақсылық өнері» (Алматы, 2006, көлемі 218 бет). Бұл ғылыми жинақта тылсым күшті зерттеушілердің ата-бабадан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан халқымыздың тектік киелі қасиеттерінің бірі Бақсылық өнерін, өз бойына жинап, халық денсаулығын жақсарту саласына жұмсап жүрген қасиетті күш иелерінің еңбектері мен баяндамалары енгізілген. Жинақ халық емшілерінің ілімін көтеруге және тәжірибе алмасуына үлкен септігін тигізері мол болмақ. Түрік тілдес халықтардың «Бақсылық өнерінің» құпия сырлары – осы кітапта жинақталып, әлемдік дәрежеге көтерілуіне ықпалын жасайды, әрі шығыс медицинасын жан-жақты дәріптейді – деп бағалаймыз. Қорытынды сөзімде әріптес Зиядан қажыға қаламың ұшқыр, ақыл-ойың зерек, мәртебең биік болсын, ал қазіргі емшілерге айтарым: аттары аңызға айналған ата-әжелеріміздің жазып көрсете алмай кеткен олқылықтарын толтыру үшін, кейінгі ұрпақтарымызға мұра ілім-тәлім боларлықтай, қазіргі ақпарат құралдарының жетістігін кеңінен пайдаланыңыздар демекпін. Біздерді Алла жарылқап, әруақ қолдасын, әумин! Жандар Керімбектің Ермаханы, биология-медицина салаларының профессоры
ТАБИҒАТ ЗАҢЫ – ТІРШІЛІК БАҒДАРЫ
«Бүгінгі имандылардың түсіндіруінше, адамзат 2000 жыл бойы өзі жазған заңмен өмір сүріп келді. Сондықтан да жер бетінде өмір сүріп жатқан адам баласы имансыздыққа айналды. Діннен безді. Бұл жағдай адамзаттың жер бетінен жойылып кету қаупін төндірді. Егер де адамзат табиғат заңымен өмір сүрер болса, дәл бүгінгідей табиғаттың апатына ұшырамаған болар еді» – деп түсіндіреді автор. Яғни, жаратушы күштің бар екенін мойындап, имандылықпен өмір сүру керектігің айтады. Бірақ кейбір адамның санасы оған жетпейді. Демек, адамзат қалай болған күнде де жаратушы күштің бар екенін және оның құдіретін мойындай бастады. Міне ештен де кеш болса да, қазақ ұлтының болашағын ойлаған адам халықаралық дәрежедегі рухани шипагер, Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, биоэнерготерапевт Қожалымов Зиядан «Мәңгілік құпия шежіресі» атты еңбегінде тұңғыш рет тәңірдің құдіретінен болып жатқан адамзатқа белгісіз қүпиялардың көзін ашып беріп отыр. Адам баласы қандай дәуірде өмір сүрсе де өзіндік діни нанымы, сенімі, танымы болды. Шамандық (бақсылық) күшті дамыған «тәңір дінінің» кезінде халық көктегі жаратушысына, күнге, айға табынғаны аруаққа сыйынғаны белгілі. Қазақ еліне VIII-IX ғасырда ислам діні жеткенімен, оны бірден қабылдау оңайға түспеді. Халық ислам діні қағидаларымен бірге тәңірлік діннің кейбір сенімдерін (аруаққа, киелі жерге, табиғат құбылысына т.б. табынуды) жалғастырып келеді. Бұл халыққа ислам дінінің қағидалары мен шариғаттың шарттары әлі толық үгіттеліп жетпегендігінен, әрі діни насихатшылардың сауатсыздығынан болып отыр. «Жасанды» құдай жасағандарға қарсы ақпарат құралдарында аз айтылады, – дейді автор. Бұдан шығатын қорытынды бүгінгі еркіндікте өмір сүріп жатқан қазақ халқы мен мұсылман боларын, не тәңіріне сыйынарын білмей, идеясын ажырата алмағандықтан темірді қыздырып, жалап бақсы болғысы келеді, болмаса дұға оқып дем салғысы келеді. Бірақ ара жігін аша алмай екі идеяны араластырып алып емші болып жүр. Міне, осыдан келіп Алланың елшісі мен пайғамбары да көбеюде. Оны айтпаған да, біз көрген кешегі арақкештер мен нашақорлар бүгінде иманды немесе ауыл имамы болып шыға келеді. Бұның барлығы қазақтың дінсіздігі. Бұдан не шығып, не тынады. Сайып келгенде дүмше молда ел бұзардан шығып отырған әңгіме. Осының салдарынан келіп бүгінгі жастарымыз, Батысқа еліктеп кім айтса, соның құрбаны болып кетіп барады. Бұл еңбекте автордың негізгі бір баса көңіл аударған қағидасы тылсым дүниенің жұмбақ сырларын ашып беруге ұмтылуы. Бұл сырлардың авторлары кімдер еді; бақсылар, болжаушылар, жұлдызшылар, жауырыншылар, құмалақшылар, көріпкелдер, телепаттар, биоэнергетиктер, халық емшілері деп санап келіп, әрқайсысына арнайы тоқтап, талдау жасап, түсініктеме береді. 445 беттік бұл көлемді еңбек жалпы 11 тараудан тұрады. Алғашқы «Қайта оралған киелі қасиет» пен «Тән және рух» атты бірінші және екінші тараулар арнайы талдауды керек етпейді деген пікірмен біздер атап қана өтіп отырмыз. Себебі бұл екі тараудың мазмұнынан азды-көпті болса да оқырман қауым хабардар болар деген ойдамыз. Үшініші тарауы «Ғарыштың беймәлім қонақтары» жөнінен көпшілікке белгілі алып қашпа пікірлер көп-ақ. Біреулер сол жерге ұшып барып келдім десе, енді біреулері ұшып жүрген тәрелке тәрізді ұшатын дененің ішіндегі адамдарды көргендігін баяндайды. Бұл тәрелке тәрізді аппараттың қалай ұшып-қонғаның көрдік деп тағы біреулер қолымен қойғандай етіп баяндайды. Осыған орай бұл еңбектен бір сілтеме келтіре кетейік. Бұл қандай құпия. Бұл құбылысты әскери бақылау орындарына радиолокациялық экраннан көрген, оның жылдамдығы – сағатына 10.630 шақырымдай болған. Алғашында 13 сағат 45 минөтте көрсе, 13 сағат 59 минөтте арнайы әскерилер басшыларының бұйрығы бойынша бұл ұшқыш денені атып түсіреді. Жерге атып түсірілген жат планеталықтардың бұл кемесінің ұзындығы Төртінші тарауда «Тәндегі нүктелер мен белгілер құпиясына байланысты не білеміз. Әрине арнайы белгіні мамандар биологтар білсе біле жатар. Ал халық бұқарасы не біледі. Бұл да біз үшін бір шеті ашылмаған құпия. Соның бірі, айталық алақан, саусақ сызықтарының да адам өмірі үшін қаншалықты дайын жазба екенін біле береміз бе? Әрине бұл алақан сызығын біліп, болмаса ой-жобамен біліп айтатындар да бар. Бірақ негізінде ғылыми тұрғыда көпшілігі ой-жобамен соғатынын қайтесіз. Егер алақан және саусақтардағы сызықтар толық анықтамасын білетін болса, онда болжамы анық болар еді. Өкінішке орай көбінше дұрыс болмайды. Бізге құпия болып тұрған негізгі үш сызықтан тұратыны анық болды: өмір сызығы, жүрек сызығы, ақыл-ой сызығы болады екен. Міне осы сызықтардың орналасуын да адам баласының өмір болмысын толық анықтап алуға болады екен. Адам қабілетіне толық талдау жасау үшін қолдағы сызықты оқу да тағыда үш сызық бар екен. Тағдыр сызығы, күн (аполлон), денсаулық (қарын немесе бауыр сызығы) деп атайды. Одан басқа да толып жатқан өмір тағдырын анықтайтын сызықтар да бар. Басқасын айтпағанда, алақан терісінің түсінің тым қызыл болуы жан-жағында болатын жағдайларға тез араласып, адамдарды бірден жақсы көруге ұмтылатындығын да білдіреді. Егерде алақанның терісі боп-боз болып көрінсе, ондай адам салқынқанды, өзімшіл келеді. Тері сарғыштау болса, ондай адам тоң мінез, ашушаң, сарыуайымшыл болады – деп дәлелдейді. Тіпті қолдың сыртқы формасының (кескінінің) жүз елуге жуық түрі бар екен. Ғылым оның екі-ақ түрін айырыпты. Мысалы шарпшы бітімді алақанды қоғамдық саяси өмірден аулақ жүреді. Махаббат пен достыққа берік, ғылымға бейім еңбекқор келеді. Үшбұрышты пішінді алақан иесінің саусақтары жіңішке және қозғалған кезде саусақтары дірілдеп тұрады. Толық еркіндігі жоқ махаббатқа тұрақсыз келеді. Ұзынша жіңішке алақанның ұшы ұзын әрі саусақтары жіңішке тырнақтары бадам дәнді тәрізді болып келеді. Мұндай адамдар сақтық пен тәжірибені аз меңгереді. Қолдағы жазуды оқу (хиромантия) – тұңғыш рет Үндістанда пайда болған. Одан кейін Қытайға, кіші Азия, Жерорта теңізінде пайда болады. Үнділер менің алақаныма жазылды десе, қазақтар менің маңдайыма жазылды дейді ұлттың тәжірибелерінде. Ал енді қазақтың маңдайына жазылғанын оқиық. Адамның бет әлпетіне қарап, мінез-құлқын, көңіл-күйін оқуға болады. Мысалы, беттегі әжім сызықтарына қарап, ол адамның қай жері сырқаттанатынын қандай ауруға бейім екендігін байқауға болады. Сондықтан мүмкіндік болғанша адам өз бойындағы аурулардың алдын алуға мүмкіншілігі бар ғой, егер де бетіндегі әжімдерінң сырын білсе. Маңдайдағы көлденең орналасқан сызықтар ой еңбегімен шұғылданатын адамдар. Екінші себебі қатты күйзелістен кейін оңала алмай жүрген, өзін-өзі жегідей-жеп жүрген адам. Кеңсіріктегі әжім ылғи қапаланып, өмірге риза болмай жүрген адамдарда кездеседі. Сондай-ақ қуық, зәр жолдарында да кеселі бар деген сөз. Әйелдерде бұл әжім жатырының, ал еркектерде бүйрегінің төмен түскендігін білдіреді. Сол жақ езудегі сызық – асқазан ауруларын білдіреді. Мойынға түскен әжім іштің қатуы (геморрой), бауырдың ауруынан хабар береді. Еріннің үстіндегі әжімдер мінезі ауыр, тұйық адамдарда, болмаса ашушаң, шорт мінезділерде кездеседі. Жалпы мұндай әжімдері бар адамдарда аш және тоқ ішектері жұмыс істемеуі мүмкін. Бүйрегінің ақауы бар адамдардың көзінің астында әжімдер болады. Көздің бұрышындағы әжімдер мейірімділіктің ғана белгісі емес, өт жолдарының да ауруы болуы мүмкін. Міне біз әлі біле бермейтін, әрі мән бермейтін беттегі әжімдердің де өз денсаулығымызға байланысты нақты анықтамалар бере алады. Егерде өзімізге өзіміз, тұрақты түрде бақылау жасау арқылы бақылап жүрсек, көп нәрсені ұтарымыз анық. Адам денесіндегі ғажайып суреттер де адамның ғажайып құпия сырларын білдіреді. Бүгінгі таңда халықтың ауызында жүрген «дуалау» - деген өте көп айтылып жүр. Әр нәрсенің себеп-салдары бар. Әрине ғылымда анықталмаса, біз дуа жөнінде айтпақ тұрмақ білмеген де болар едік. Ал құранды басқа діни кітаптарды оқитын болсақ, дуаның не екенін ғылыми тілде баяндап береді. Осы дуаға байланысты автордың бір сөзін келтіре кетейік. «Маған келген баланың ауруы – су ішпейді. Суға түспейді, арық суынан өзі өте алмайды. Туыстары оның көзін байлап қойып жуындырады. Бірақ, басқа сұйық ішкенімен, таза суды көріп тұрып ішпегеніне он бес жылдан асқан. Кезінде жас қыз бес жасында анасымен қонақта болғанда дастархан басындағы бір үлкен кісіге (ұлты өзбек көрінеді) қылығы ұнамаса керек. Әлгі шал жас нәрестеге су ішкізеді. Сол күні ертесіне қыз бала судан қорқу ауруына душар болады. Арада қанша жыл өтсе де ем қонбайды. Осы ауруды емдеген автор, суға дуа оқып, құдай сәтін салды ма деймін алғашында суы бар ыдысты қолына ұстаудан қорыққан студент қыз, бір сағаттан артық қарсылық білдіріп барып, денесі қалтырып, әрі үрейленіп, әйтеуір әрең дегенде бір стақан суды ішті. Суды ішіп болып: Аға су қандай тәтті, тағы бір стакан су беріңіз, – дегені. Ақыры жазылып еліне қайтты. Дуа қайтарылғанда жасаған кісінің өзіне кері қайтады. Егер дуа жасаған адам өліп кетсе, оның дуасының зардабын ұрпағы тартады. Жалпы дуашылық тұқым қуалайтын дерт. Олардың ішінде жасанды шәкірттік жолмен дуалық ететіндер де бар. Бұлардың көбі адамдарды жыланша арбап, алдап адам өзінің қастандық қуатын басқаға жіберу арқылы өзінің сенімін арттырып, басын айналдырып алады. Әсіресе, Оңтүстік, Қызылорда, Жамбыл облыстарында дуалаушылар ордасы күннен-күнге етек жайып кеңіп барады. Бұл облыстардағы емшісымақтар мен діндарлар кейіпіндегі дүмшемелер арасынан дуа етушілер көбеюде. Бұлар өз отбасы ішінде де, туыс-жақындарына да дуа жасай береді. Автор осы «жасанды» дуашылар республиканың басқа өңірлеріне де тарай бастағандығын аса бір өкінішпен ескертеді. Дегенмен де, болашақта кімде-кім емшіге барғанда, қандай емшіге барып отырғанын білсе, көп дүниеден біздер сақтанған болар едік. Енді бір кез сиқыршылықтың құдіретіне көз жіберейікші. Адамзат жаратылысынан бері өмір сүрудің тиімді жолдарын қарастыруда. Солай бола тұрса да сиқыршылық та адамзат тарихында көнедегі тамыр жайып келе жатқан «әдет-ғұрып» деуге болады. Ал сиыршылық Құран-Кәрімде ең үлкен күнәлардың қатарына жататындығы анық көрсетілген. Осыдан мыңдаған жылдар бұрын көне Үнді елінде, Мысыр, Греция, Рим, Австралия мен Африкада тарап, содан бүкіл әлемге тарай бастаған. Содан бұл «жат» өнер қазақ жерінен де аттап өте алмады. Жалпы барлық адамда бірдей сиқыршылық қасиет дамымайды. Табиғи немесе арнайы құпия сиқырлық мектебінен өткендер көбінесе ашық түрде көріне бермейді – деп дәлелдейді автор. Автордың бүгінгі сиқыршылардың не істейтіндігіні адамға қалай қастандық жасайтындығы жөнінде тағы бір мысал келтіре кетейік. «Шегіне жеткен сиқыршылар өздерінің құрбаны санайтын адамды емдеймін деп, денесінің әр мүшесінен бірнеше тырнақ, шаш және кірпік талшықтарын, сілекейін алады екен де, оны бал арасының балауызымен араластарып одан қуыршақ бейне жасайды екен. Осы бейнені жеті күн шам астына қойып, мен балауыз емеспін, мен жүрек пен бауырмын деп үнемі айта береді екен. Жеті күннен кейін балауыз шамның қызуымен еріп біткен құрбандық қуыршақ өлді деп есептейді екен. Осы кезде сиқыршы сиқырлаған адамда өледі. Ал егер өлтіргісі келмесе, қуыршақ бейненің көзін ойып, соқыр етіп отырғызып қояды. Ал тіпті өлтіргісі келсе, қуыршаққа пышақ тықса да, сиқырлаған адам өлді деп дәлелдейді. Бұл еңбектің келесі бір тарауы – «Қарғыстың қасіретіне» көңіл аударайық. Ата-бабамыздың ең соңғы теріс батасы «білгеннің тілің алма, күлің шашылмасын» – деген екен. Бұл не деген сөз. Білгеннің тілің алмаса өзің де бұл дүниеден ақымақ болып өтесің. Күліңді шашатын ұрпағың ғой. Бұдан артық қандай қарғыс болады. Сондықтан ата-бабамыздың «Қарғыс алмай, алғыс ал» – деп тілейтіні осыдан болса керек. Адам жан тәнімен берген қарғыс, теріс батасы міндетті түрде адамның алдынан шығады. Енді бір сәт қарғыс қайдан туады, себебі неде? Адамдар бірін-бірі жетіскендіктен қарғамайды. Оның себебін адамдар біріне-бірі моральдық, материалдық кемсіту, қорлау, зәбірлеу, келеке ету, алдап-арбау, ауыр жағдайға душар етеді. Міне, осыдан кейін зардап шегуші қарғыс айтуға мәжбүр болады. Бұл қарғыс сол қорлаған адамның өзіне тимесе де оның үрім-бұтағына теріс ықпалын тигізері ақиқат іс. Өзгесін айтпағанда, қазақта: «Әрбір басқан қадамыңды дұрыс баспасаң, қайда болса солай жүріп, Жер-ананы құрметтемесең – киелі Жер-ананың да қарғысына ұшырайсың» деген қағида тегін айтылған ба. Сап-сау адам, қара жерде тайып жығылып, мертігіп қалғандардың қаншасын көрдік. Сайып келгенде, күнделікті тіршілігімізде қателігіміз бен біліп істеген қиянатымыздың ара жігін ашып берген бұл еңбектің негізгі хикаясы – адам баласы соңғы екі мың жыл өз жасаған заңымен өмір сүріп келетіндігін түсіндіру. Егерде дейді автор тәңірдің бізге өмір сүрсін деп берген табиғаттың заңымен өмір сүрсек қой, адам баласы дәл бүгінгідей қайғы-қасіретке, табиғат апатына ұшырамаған болар еді – деп қорытады. Пендеге Алла жар болсын деген тілектеміз. Төтенайдың Базарбегі тарих ғылымдарын докторы, этнограф.
ЗЕРТТЕУШІ ҚОЖАЛЫМОВ ЗЯДАННЫҢ «ХАЛЫҚТЫҚ ШИПАГЕРЛІКТІҢ МӘДЕНИ БАСТАУЛАРЫ ЖӘНЕ ЕМДІК ДӘСТҮРЛЕРІ» (ШИПАГЕРЛІК ДӘСТҮРІ ЖӘНЕ ФИЛОСОФИЯСЫ) АТТЫ ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕГІНЕ
ПІКІР
Қожалымов Зядан бұл ғылыми зерттеулік тақырыпты қолға алардан бұрын ұзақ жылдар бойы өзі тікелей халық шипагерлігімен айналысқан, Қазақстандағы халық емшілерінің қауымдастығын құрып, оларға басшылық жасап келген, оның үстіне Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1483) мұрасын жан-жақты зерттеп келе жатқан өмірлік-кәсіби дайындығы бар зерттеуші екенін арнайы атап өткім келеді. Ойымыздың дәлелі ретінде, зерттеуші бірнеше кітаптың авторы, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» президенті лауазымында бірнеше халықаралық конгресті ұйымдастырушы екенін еске салсақ, онымыз орынды болар. Еліміздегі денсаулық мәдениетінің қалыптасуына Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының емшілік сауаттылығы мен шеберлігі үлкен орын алғанын, біз философтар соңғы кезде ғана, онда да шағын ортада біліп жатырмыз. Бірақ осы ғұлама ғалымның және емшінің еңбегі ғылыми тұрғыдан, мәдениет философиясының деңгейінде талданбай келді. Оның басты себебі ғұламаның «Шипагерлік баян» еңбегі энциклопедиялық жанрда, арнайы ұғымдық деңгейде, түрлі ғылым тоғысында, көне ұмытылған тіл желісінде жазылған. Сондықтан медицина мамандары, тіл мамандары, педагог-психологтар, философтар осы еңбектің кейбір тарауларымен және қағидаларымен шектелуде. Бұрынғы ізденулер мемлекеттік немесе методологиялық жалпы талдау деңгейінен асып кете алмады. Бұл зерттеу халықтың шипагерлік мәдениетін және Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянын» бірлестіре зерттеп отырған алғашқы философиялық зерттеу жұмысына жатады. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы емдеу мәдениетіндегі энциклопедист-ғалым, шығыс медицинасының ғылыми-ұлттық жүйесін қалыптастырушының бірегейі. Тұлғаны шығыс медицинасы мен емшілік дәстүріндегі «екінші ибн Сина» деуге тұрарлық. Осы бағытта насихат және ғылыми жұмыстар тіптен мардымсыз жүргізілуде. Зерттеудің бірінші тарауы «Шығыс және қазақ емшілігінің мәдени үйлестігі» деп аталынады. Онда емдіктің халықтық сипаты мен түрлері, шипагерліктің негізі мен емдік әдіс-амалдары қарастырылады. «Емдік мәдениетінің танымдық-тәрбиелік маңызы» деген екінші тарауда адам биоөрісінің қуаттары, рухани, медитациялық емнің шипасы, денсаулықты жақсарту жолдары арнайы талданылады. Зерттеудің идеялық-теориялық және қолданбалы бастаулары мыналар: шығыс-тибет медицина жаңалықтары, әл-Фараби, ибн Сина және т.б. Орта Азия ойшылдарының тақырыпқа қатысты қағидалары, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мұрасы, халық емшілерінің түрлері мен тәжірибелері, қазіргі медицина ғалымдардың тақырыпқа қатысты ой-тұжырымдары. Осы бағыттар мен деңгейлердің өзі зерттеушінің көп мәселені қамтығанын, шипагерлік мәдениетінің өзекті, тың мәселелерін көтергенін аңғартады. Адамның тазару мәдениетін қалыптастыру немесе соған ықпал ету мақсатында зерттеуші төрт қосымша кестені – Ө.Тілеуқабылұлының бейнелік нұсқасы, халықтық шипагерліктегі анықтамалар, шипагерлік терминдер сөздіктері тізімі және шипагерлікті оқыту бағдарламасы беріледі. Әр кесте ғылыми танымның өзіндік объектісі ретінде талдауға тұрарлық, тың мәселелер. Зерттеу тақырыбының түйінді мәселелері өзіндік танымдық-әдістемелік шешуін тапқан. Зерттеуші қойылған мақсат-міндеттері бойынша өз ойларын тиянақты жинақтай және жүйелі жеткізген деуге болады. Зерттеуші Қожалымов Зяданның «Халықтық шипагерліктің мәдени бастаулары және емдік дәстүрлері» атты зерттеуі өзінің құрылымы жағынан сабақтас, философиялық деңгейі жағынан ұғымды, тартымды және мазмұнды тың жұмыс. Бұл зерттеудің ізденісі де философиялық ой жүйесі бойынша қарастырылғандықтан да, еңбекті лайықты іргелі жұмыс деп есептеймін. Ғылыми жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, ҚазҰУ философия тарихы және мәдениеттану кафедрасының профессоры Молдабеков Ж.Ж.
| |||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 | |||