орындалған Аманат | |||
Главная Вернуться Предыдущая Следующая | |||
VI Тарау
Ғылыми танымдық және тәрбиелік мақалалары
ҚҰРАН АЯТТАРЫНЫҢ ЕМДІК ШИПАСЫ "Құранда Біз адамдарға көп нәрсені баян еттік, адамдар ол жайлы көп айтыс-тартыс жасайды". (Каһф сүресі, 54 аят). Бүгінде адамның рухани танымы мен сезімін оятуда, Жаратушыға деген иман келтіруін тұрақтандыру мен дене сырқатына шипалық ем жасауда рухани-дұғалық шипаның маңызы арта бастады. Атеистік сенімнің жойылуы әр түрлі діндегі адамдардың Құдайға сенімін арттырып, олардың сырқаттарын жоюға арналған діни дұғалық емге деген талаптары да артуына байланысты, рухани дұғалық шипа саласы қызметі де дамуда. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде сырқатқа шипа сенім арқылы Алладан болатынын айтқан. Бұл рухани шипагерліктің таза сенім, өзін-өзі иландыру арқылы жүзеге асатын шипалық ем екенін айқындайды. Адамның сенімі мен танымының жақсы нәтижелері оның санасына ғана әсер етіп қалмастан, ішкі рухани сезімінде де зор өзгерісті тудыра алады. Рухани шипагерліктің негізі де осы тану мен сену және сезу мен қабылдау жүйесі бойынша орындалатын, өзіңді-өзіңе иландыру арқылы ойша іске асырылатын, сананы дамыта отырып, денсаулықты жақсартудың шипалық жолы. Рухани шипагерлік жүйесіне Құран дұғаларымен емдеу, медитациялық әдіс-тәсілді пайдалану, өзін-өзі иландыру және жоғарғы Жаратушыдан көмек сұрау байланысы арқылы т.б. әдіс-тәсілдерін атауға болады. Маскеуде шыққан Халық медицинасының толық энциклопедиясында: «Дұғаның маңызы зор. Ол адамның рухын өмірдің ең биік қайнар көзімен байланыс жасауға әсер етеді. Дұғаның ең қажеттілігі сол, ол жоғарғы Жаратушымен оның арасын жақындатады. Дұға жолы өте жауапты да...», - деген анықтама беріледі. Бұл анықтама да сенім мен сендірудің немесе шипагер мен емделушінің ара қатынасындағы сенімділік ғана рухани емнің нәтижелілігін айқындап береді. Рухани шипагерлер өз өмірінде ойының шешімімен емдік жүйесін діни сенімді басшылыққа ала отырып, бір Жаратушыдан шипа сұрап, әрі сырқат адамды емге иландырумен, сырқаттың ішкі организміне қозғалыстық өзгеріс тудырады. Д.Шэйноу: «Әр адам өзіне көп сену керек. Бұл сенім оның сана, тән және рухының тазалығының жоғарылығына байланысты. Бұл ішкі дыбыс, сезім және ойға тәуелді. Сенім – ол жетістік», - деген пікірін ұсынады және әдебиетте де осы идеяға жақын пікірлер айтылады. Бұл да дұрыс идея сияқты. Қасиетті Құран дұғаларын оқып сырқат адамның денесіне дем салғанда немесе белгілі заттарды дұға күшімен магниттеп пайдалануда оң әсерлер байқалғаны сезіліп, дұғаның оң қуаттық әсерлік күшінің барлығы сезіледі де, дененің сырқат мүшесінің оңалуға қарай көрініс беретіндігі бүгінде халықтық және ғылыми шипагерлік саласында нақты нәтижесін беруде. Құран дұғаларын оқығанда оның үндік ырғағына, естілуінің жіңішке, жоғары немесе бір қалыптылығына қарай пайда болатын оң қуаттық өрістің аумақтық әсерлік күші де әр түрлі болады. Құран дұғаларын ритм ырғағымен дауыстап оқығанда дыбыс үнінің жоғары тондылығы мен жүйкеге жақсы жұғымды әсерінен, жүйке де тебіреністі ырғақты жүйкелік ауытқуларда қозғалыстық өзгерістер болатыны, денеде сергектік сезіліп, сырқаттың көңіл-күйі көтеріліп, ұйқысы жақсарып, асқа деген тәбеті артатыны анықталғандығы туралы тұжырымдамалар жасалуда. Шипагерлердің биоқуаттық өрісінің өлшемдері де әр түрлі болады. Шипагерлердің діни сенімдік сауаттылықтары мен шипалық емдік стилдерінің білімділігіне қарай, жеке шипагерлер емдерінің емдік әсері қысқа, орташа немесе ұзақтау болып сырқатқа әсер етеді. Діни жолмен дұғалық шипалықты тәжірибеден өткізген нәтижелерге сүйенсек, биоқуаттық өрісі өте күшті шипагерлердің алғашқы сеансында сырқаттың кері қайтуына әсері белгілі болды. Ал, көптеген шипагерлер емінің нәрсіз немесе ұзаққа созылуы олардың биоқуаттары өрісінің аумақтық әсерлері өте төмен және діни сауаттылығы мен емдеу мәдениеттілігінің нашар болғандығынан дерлік. Дұғаның емдік қасиетін алғаш пайғамбарымыз Мұхаммед /с.ғ.с/ періштелердің берген аяны арқылы дұғаларды оқып дем салумен сырқаттанған адамға және өзіне де көмек жасағаны діни еңбектерде айтылады. Дегенмен, пайғамбарымыз бастаған ұлы істі оның сахабалары мен діни оқымыстылар Құранның әр бір аяттық дұғаларының жеке-жеке қасиеттерін ұзақ жылдар бойы зерттеп, оның неше алуан құпияларын ашып бере алды. Құранның «Килшені саадат» дұғасының қасиеттері жөнінде дұғаны жазушы әрі зерттеуші Әбу һурайра р. Әнһу былай дейді: Әзіреті Жәбірейіл Алланың әмірімен Әзіреті Расулге келіп: Алла сізге сәлем айтты, періштелер көп-көп салауат айтты. Сосын Алла сізге былай деді: «Расул мен үмбеттері үшін сыйлық жібердім, бұл өзге пайғамбарлар алмаған сыйлық. Я, Мұхаммед, бұл дұға тілектің атын «Килшені саадат» деп атайды. Бұл дұға да елу түрлі қасиет бар. Ал оған сенбеген адам кәпір болады»,- деді. Осы Килшенін саадат дұғасы елу бөлек болғанымен бәрі де «Аллаһуммадан» басталып, «иа рабби» мен аяқталады. Бұл Алланың құдіретімен осы дұғаға енген құпиялы қасиет екенін білдіреді. Мәселен, Бұл дұғаның бірінші қасиеті: Біреудің басына қиын іс түссе, жұма күні түс ауа тұрып ғұсыл жасап, жуынсын. Дәрет алсын. Екі ракат намаз оқып, жүз бес рет төмендегі килшенін саадаттың бірінші бөлігін оқысын. Алланың әмірімен іс оңалады. Егер іс «оңғарылмаса»,- дейді Әзіреті Асан Басырй р. Әнһу ол кісі қиямет күні менен дауласын»,- депті. Дұға: «Аллаһумма антар раббу уа анал абду фаман надыуул абда иллар рәббу иа рабби». Екінші қасиеті жөнінде: ислам ілімін білу жөніндегі оқылатын дұғалықты Әзіреті Баязит Бастами р. әлейһі. Үшінші қасиеті туралы: дұшпанның қауіп-қатерінен сақтану дұғасын Әзіреті Қожа Ахмет сұлтан Арыфин, ал басқа да қасиеттері жөнінде Әзіреті Ысқақ Әбу Қадыри, Әзіреті Шайық Занжани р. әләиһ, Әзіреті Әбу Ханифа Имам Ағзам, Машайықтар Сұлтан Ғалижу, Бибі Раби ан Басри, Сұлтаны Шайх Бахауддин Құддиса тағы басқа ғұламалар да егер біздің айтқандарымыз бойынша тілек тілеген адамның тілегі орындалмаса: «Ол кісі қиямет күні маған даугер болсын»,- деп ант етеді. Қасиетті Құранның дұғаларының көмегі арқылы шипагер рухани шипагерлікті жүзеге асыруда, шипа алушының бір құдіретті күш барына сенімі оның сенімсіздік ойын ығыстырып денсаулығының жақсаруына және жаңа қуатқа ие болуына әсер етеді. Ауру адамның алдымен өзінің жеке шешімін нақтылап алуы оның дертінен арылудың уақытын қысқартып, тез арада жазылуына ықпалы зор болады. Бұнда сырқат адам өз ойы арқылы жазыламын деп ойлайды, қабылдайды, ішкі және сыртқы сенімін арттырады. Өзін-өзі иландыру жүйесіне көшеді. Осыған байланысты рухани шипагерліктің де жеке құпиясы да шипалық емге деген емделушінің таза ойы, сенімі, қабілеті мен жүйкесінің мықтылығына байланысты екені шипагерлердің шипалық емдік тәжірибелерінде анықталуда. Нақты сеніммен келген ауру адам тез оңалатыны, ал күмәнмен немесе байлығы мен мәнсабын міндетсіп келгендердің емі баяу немесе емі жүрмейтіні байқалуда. Әр адамның ойында сенім мен күмән ұдайы қатарласа өмір сүреді. Күмән қаншалықты күшті болса, ми жасушалары солғұрлым тезірек өзгеріске ұшырап, оның қызметі нашарлай бастағандықтан, адамның жалпы өміріне әсер етеді. Ал сенім әр қашанда күмән мен адасудан арылтады. Адам өзін-өзі еркін тәуелсіз басқару мен бақылау қабілетіне ие болады. Діни ғұлама Кхвадже Шамсуддин Азими рухани шипагерлік туралы: «Сенімділік – сенімсіздік сияқты адам тәрбиесінің негізгі бір бөлігі болып қызмет ететіні жәйлі ұмытпағанымыз жөн. Дін тілінде ол – күман мен сенім деп аталады. Алла сенімсіздікті жақтырмайды, керісінше мықты және орнықты сенімге ие болуға шақырады. Қасиетті Құранда «Шыныменен осы кітап Жаратушының бар екендігіне» сенетіндерге нұсқаушы да»- деп тұжырымдайды. Құран дұғасын біліп және оқи алатын барлық шипагерлердің шипалық емі бірдей болмайды. Кейбіреулерінің емі қонбай емдеу уақытын ұзарта береді. Ауруды зарықтырады. Мәселе, дұғаны оқығанда емес, оның емдік кілтінің пайдалану негізін білуде. Құран дұғаларының емдік шипалық қасиетін арнайы сандық құпиясы бойынша пайдаланатын рухани шипагерлік жүйесі де іске аса бастады. Барлық әліпбидің әріптері белгілі бір қуатты бойына жинақтаған. Бұл өте күрделі әрі жауапты емдік рухани шипалыққа жатады. Сандардың жұмбақ мағынасы да бір Аллаға ғана белгілі. Бұл жүйені «АБЖАД» немесе барлық ілім кілті жүйесі дейді. Қазақ елінде алғаш «Абжад» ілімін зерттеп арнайы «Абай және әл-Фараби» кітабын жазған шығыстанушы ғалым, профессор Ақжан Машанов болатын. А.Машанов өз уағында «Абжад» ілімін меңгерген діни маман жоқтығын да айтқан-ды. Ғалымның шәкірті тараздык Әл-Бестереки Есенбайұлы Әмірбек қажы ұстазының ілімін ары қарай жалғастырып, адамның сырқатын емдеу саласында пайдалануға ұсынып, «АБЖАД – барлық ілім кілті» - деген жүз беттік кітабын 2002-жылы баспадан шығарды. Діни ілімді зерттеуші Ә.Есенбайұлы әрбір Құран сүресінің емдік, қорғаныстық қасиетіне, бір сөзіне, жеке әрпіне сауатты ілімділік болмай, оның құпиясын шешу мен пайдаланудың да қиын екенін ескертеді. Құран аяттарының сандық «Абжадтық» белгісі оны құрайтын жеке әріптердің сандық бірліктерінің қосындысынан тұрады. Мәселен, А-1, б-2, д-4, х-8, н-30, ш-300 тағы осы сияқты жеке әріптердің сандық мәні болады. Дінтанушы Ә.Есенбайұлы бұл ілім жөнінде жеке анықтамасын: «Абжад» бүкіл Құран, Мұхтасар сияқты кітаптардың, Шариғат, Тариғат, Мағрифат ілімдерінің ақиқаты болатын ілімдерді құлыптап аша алатын, бекіте алатынын білген адам үшін үлкен бір кілт. Оны кілттеген адам аша алатын дәрежеге жетуі керек»,- деп түсіндіреді. «Абжад» ілімі жаңадан ене бастаған рухани ем жүйесі. Оның көмегімен сырқат түрін анықтауға, емдеуге және адамға қорғаныс қоюға болатынын рухани шипагерлерден емделген жандар анықтамаларын беруде. «Абжад» тәсілімен адамның ауруын анықтау үшін, егер ер адам болса-шешесінің, ал әйел болса-әкесінің атын өз атына қосып әріпке бекітілген сандармен есептеліп шығарылады да, оның қосындысын жетіге бөледі. Осы бөліндіден қалған қалдық саны оның туған күні болады. «Абжад» шешімі бойынша оның ауруы мен сәттілігі де сол күні пайда болған деген шешім қабылданады. Одан кейін дұғалық «Абжад» жүйесі емі жасалып, сырқат бақылауға алынады. Осы «Абжад» тәсілімен сиқырланған, дуаланған сияқты дейтін, сыры әлі ғылымда ашылмаған құпия аурулардың да шешімін табуға болатындығы туралы діни кітаптарда айтылады. Әрине «Абжад» ілімі өте күрделі, қиын және таза ілімділікті қажет еткенімен, бәрібір келешекте рухани сауықтыру саласының ең басты тәсілдеріне айналарына күман келтіруге болмайды. Шипагердің ары, тәні мен жан тазалығы оның шипалық емінің нақты көрсеткішін арттырады. Барлық діндердің өзіндік емдік шипалық дұғалары бар болғандықтан, рухани /діни / шипагерліктің жалпы дін саласына ортақ қатынасы бірдей екеніне күмән келтіруге болмайды. Барлық діндерге сенім білдіретін адамдардың бір Құдайға деген сенімдері де ортақ болғандықтан да, олардың ішіндегі ауру адамдардың сырқаттарын емдеуде немесе емделуінде олардың шипалық дұғаларын діни сеніміне қарай қасиетті кітаптарда бөліп көрсетілмеген. Әрбір сырқатты адам сенімді түрде өз еркімен әр түрлі діндегі шипагерден дұғалық рухани шипа алуына шектеу қойылмаған. Қысқасы шипаның қонуы – емделушінің жеке сенімі мен берік шешіміне тікелей байланысты болмақ. Пайғамбарымыз Мұхаммед /с.ғ.с/: «Дұға – ғибадаттың ең маңызды бөлігі» – деген. Өйткені дұға қысылғанда – қуат, қиналғанда – демеу, сырқаттанғанда – тілеу мен шипа болатын, өміріңді нұрландыратын құдіретті күш иесі сияқты қасиеттерге ие екенін діни сенімі мол адамдар сезіп мойындаса, ал ертедегі ғұлама діншілдер де Құранның әрбір дұғасының бірнеше ондаған қасиеттерін ашқан әсіресе, оның емдік ерекшеліктеріне арнайы тоқталған. Дінтанушы Түркістандық ғалым Құрбанқожа Сансызбай өз танымын былай тұжырымдайды: «Дұға сөзіде арабша болып «тілек» деген мағынаны білдіреді, яғни, бір кісі дұға оқу арқылы Алла Тағаладан өзі немесе басқалар үшін тілек тілейді» – деп түйіндейді. Сырқатқа дауа дұғаларды алғаш халыққа таныстырған ғалым Н.Өсерұлы «Дұғалар», дінтанушы-ғалым Құрбанқожа Сансызбай, дінтанушы Мұзапар Құттықожаұлы Қарашайық /«Шығыстың құпия ғылымы», «Нұрнама», «Дертке дауа дұғалар», «Исми Ағзами», Н.Айтжанов /«Дұғалар қасиеті»/ және Алматылық зерттеуші ғалым З.Қожалымовтің «Рухани емшілік ғаламаттары» /А: Шалкөде, 2006. - 189 б./ тағы басқа да авторлар еңбегінде шипалық дұғалардың ерекше емдік қасиеттерін таныстыра отырып, рухани шипагерліктің өркендеуіне үлестерін қосуда. Ең алғаш Құран дұғаларының ерекше шипалық қасиеттерін пайғамбарымыз Мұхаммед /с.ғ.с/ өзі науқастанғанда немесе жын-пері мен дұшпандарынан сақтануда Құран аяттарының дұғаларын оқитыны жөнінде Әзіреті Айша ана: «Пайғамбар әзіретіміз әр күні жатар алдында «Ықылас», «Фалақ», «Нас» сүрелерін оқып, екі қолына дем салып, кейін сол мұбарак қолдарымен үш рет мәсих тартып, басына бет-жүзіне тартар еді» десе, ал Имам әл-Бухариден: «Пайғамбарымыз бұйырыпты, жатар алдында «Аятіл Күрсіні» оқы. Сонда сені ұйқыдан тұрғаныңша Алла Тағала баяндайды «барша бәле жаладан, шайтаннан өзінің панасында сақтайды» -деп. Адамның ең басты бақыты мен байлығы – ол денінің саулығы екендігін ата-бабаларымыз ертеден-ақ білді, сақтанды, қорғанды, емделу жолдарын іздестіріп тапты, байытты оны ұрпақтан-ұрпаққа мұралыққа қалдырды. Сондықтан да халықтық шипагерлік өнері мәңгі халықпен бірге жасасып, өзінің істері мен шипалық емдік тәсілдері арқылы осы заманғы ғылыми медицинаның бір бөлімінің қалануына толық материалдық негізі болды. Осындай ірі идеялы қағидалардың шипалық емінің зоры да діни-рухани шипагерлік екені ертеде дәлелденсе, ал бүгін де бұл нағыз ұтымды әрі қарапайым психорухани мәдени емдік жүйеге айналды. Мұхаммед /с.ғ.с/ пайғамбарымыз өзінің «Өсиет Хадистерінде» денсаулық жөнінде былай өсиетнама ұсынады: ««Деніңіздің саулығы үшін әрдайым Аллаға жалбарыныңыз». «Сабырлық пен денсаулық – екі үлкен тарту, бірақ көп адам олардың қадірін білмейді». «Науқасты емдеу – Алла тағаланың әмірі. Емнің шипалы болуы – Алланың шапағатынан» және «О, Алланың пенделері! Емделіңдер, өйткені Алла Тағала кәріліктен басқа кеселдің бәріне де шипа ем жаратқан»» – деген өсиетнамасын білу өте қажет боларын ескертеді. Алладан адамның дұға жасау арқылы тілеу жасауы жеке басына, отбасына, ұжымына, еліне және тағы басқа мақсаттарға арналуынан оң нәтиженің болатынын тек ғана емшілер емес, ғалымдар да тәжірибе арқылы анықтауды әлемдік сипатта жалғастыруда. Қаншалықты асып тасыған пенде болса да, бір нәрсеге /денсаулыққа, нәрестеге т.б./ зару болуы мен дұшпаны табасынан құтылу жолын іздейді. Оған емдік шипалық дұғаларын жоғарыда аттары аталынған авторлардың еңбектерінен табуға болады. Шипалық емдік дұғаның күшінің артуы мен әсері оны оқып ұсынатын адамның діни танымының сауаттылық дәрежесіне, оқу мақамына, қайталау мәніне және ары мен жаны тазалығына тікелей байланысты болады. Рухани емнен кейін сырқат адамдардың биоөрістік қуатында оң өзгерістік болып тез артуына және жеке өмірде де әсері күшті болатынын АҚШ, Еуропа т.б. елдерде ғалымдар өз тұжырымдамаларын баспа беттерінде хабарлап келеді. Дінтанушы Оңғар Өмірбек дұғаның емдік қасиеті жөнінде былай дейді: «Жекелеген дұға мен оның қадір-қасиеті хақында бәрі де Құраннан алынған аяттар. Алланың сөзі жазылған қасиетті емдік дұғалардағы тылсым күш-қуаттар біз үшін сыры жұмбақ болып қала бермек. Бар сыры бір Аллаға ғана аян. Ал пенделер үшін жұмбақты ашар кілт қайда, оны қалай иемдену керек? Бұл енді сан қырлы күрделі дүние. Ол ешкімнің де қолынан терең білімсіз оңайлықпен түспек емес. Жұмбақ әлем сонысымен де қызық әрі ғажап» – деп тұжырымдайды. Адам өзінің ойлау қабілетін бақылай алатындықтан да жеке сенімі арқылы емдіктің шипалық нәтижесін сезіп, бір шешімге келу қабілетіне ие бола алады. Рухани шипагерлікте дұғалық қолданыстық тәсілі ем алушы сырқат адамның биоқуатын өзгертіп, оның мөлшерін арттырып, жағдайының жақсара бастауына күшті қуат беруші рөлін атқаратынын аңғартуда. Бұл құпиялық терең сыры ғылымда әлі толық шешімін тапқан емес. Себебі, шыбын жанды беретін де әрі алатын да – Алла. Алланың сөзімен жазылған Құран аяттарының дұғаларының емдік шипасы да бір Аллаға ғана тән тылсым құпиясы болмақ. Өйткені дұға ғана пендені Жаратушымен байланыстыра алады. Жаратушы тілек тілеушінің ниетін қабыл етіп, ізгі арманына жеткізе алады. Бұны сол Жаратушыға жалбарынушының белгілі уақыттан кейін жағдайының оңала бастағанынан аңғаруға болады. Бұл жөнінде Имам Әл-Ғазали: «Біреу, «Аллаһ тағаланың белгілеген тағдыры өзгермейтін болса, дұға етудің не пайдасы бар?», - делінсе, адамның басына туатын бәлені дұғамен қайтару тағдырда белгіленгенін білген жөн. Қалқан қаруды қайтарғанға, су өсімдіктің шығуына себеп болғанындай, дұға да бәлені қайтарғанға және рахметтің нәсіп болуына себеп бола алады. Аллаһ тағала «Ниса» сүресінің 102-аятында: «Олар сақтық шараларын қамтамасыз етіп, қарулансын», - деген. Осыған сай Ол бір істің болуы мен оның себептерін белгілейді», – деген. Әр бір науқас немесе жай адамда Алла тағаланың шексіз құдіретінің кереметін мойындап жақындаған сайын, оған зор сенімде болған сайын, адалдық пен арамдықтың арасын ажыратып шын мәнінде жүрегінің сезімінің адалдығымен берілгенде ғана, бақыттың шыңына жете алады. Бұл діни рухани шипагерліктің жеке жетістіктерінің нәтижесінің көрсеткіші болмақ. Шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы да рухани шипагерлік жөнінде де таза ойларын ұсына білгені аңғарылады. Ол арманы да орындалары анық. Ғалым шипагердің тағдырдың талкегіне түсіп, қартайғанында: «Іске аспады арманым, қараң қалды. Шың басына шыққанда арандалды...» - деген арманын орындап, баба рухын екінші рет тірілтіп ұлтының ұрпақтарымен қауышуын ғалымдар қамтамасыз ете білді. Жоғарыдағы ғалымдар еңбектенбеген де, Жетісулық Өтейбойдақ бабаның «Шипагерлік баяны да» жұмбақ болып қалар еді. Ғұламаның этникалық ұлттық мағынадағы ғылымнамасы «Шипагерлік баяны» терең философиялық-этникалық ой талғамынан туындаған, нағыз халықтық дәстүрлі шипагерлік мәдениетінің оқулық құралы ғана емес, рухани, тарихи-тәрбиелік бағдарламаға бай туынды деуге толық негіз барын білдіреді. Адамның тәнінің рухани тазалығы оның денсаулығының айнасының көрсеткіші екені туралы, ғалым М.Жармұхамедұлы да Қожа Ахмет Иассауи жөніндегі зерттеуінде арнайы тоқталады. Адамгершіліктің биік көрсеткіші мен мұсылманның таза парызы жөнінде, шипагер баба өзінің жетіге тиіспеу, қырық бірге жұғыспау, он екіден айырылмау, жеті әулие, қырық бір ырыс, халал мен харамды ажыратуда 91-ді жеуден тиым және 85-ді ішуден тиым және жеті атаға толмай үйленбеу сияқты тәрбиелік, ұлтжандылық, адамгершілік, ақ жүру, адал сөйлеу, абайлау, отан сүйгіштікке баулитын ескертпелері ұрпақтың денінің сау болуы туралы айтылғанымен, олардың да рухани шипалы тазалыққа тигізер пайдасының молдығын аңғартады. Осындай терең философиялық ой толғауларының бүгінгі және болашақ ұрпаққа таза рухани азық боларын оң қабылдаған жөн деп, тұжырым жасауға болады. Рухани шипагерліктің саласы мен түрі әр түрлілігіне қарамастан, оның адам денсаулығын қорғауға, сырқатын емдеп жазуға пайдасы зор екендігін және соның ішінде сөз терапиясының өте маңыздылығын білдіреді. Рухани шипагерлік енді ғана қанатын жая бастады, өрісі кеңеюде, алда берері де мол болары анық.
ШАПАҒАТЫН ШАШҚАН ИСЛАМ ДІНІ Ислам діні Алланың жан-жақты жетілдірілген ең соңғы діні екені қасиетті Құранда ашық та айқын айтылған. Алла тағала он сегіз мың ғаламды жаратып, жер бетінің бүкіл қазынасына иелік ету үшін адамды жаратты. Құдіретті Алла өзінің тура жолын түсіндіріп, дағуат жасау үшін адамдар арасына мыңдаған Пайғамбарлары мен бірнеше қасиетті кітаптарын түсірді. Бірақ басым бөлігі шайтанның азғыруына ерген адамзат жер бетінде бір қалыпты өмір салтын құра алмады. Адамдар алғаш түскен қасиетті кітаптарға сенбеді. Оларды өздеріне лайықтап өзгертіп ала берді. Құдайдың заңдылық жолы бұзылды. Ақырында Алла тағала жер бетіне азған жұртты тура жолға салу үшін Мұхаммедті (с.ғ.с.) Пайғамбар етіп жіберді. Жәбірейіл (ғ.с.) періште арқылы 23 жыл бойы Мұхаммедке (с.ғ.с.) қасиетті Құранның аяттарын түсірді. Алла тағала Пайғамбарды бұл қасиетті кітапты өзінің құдіретімен қорғайтынына сендірді. "Құранды шынында Біз түсірдік және оны корғайтынымыз да рас" (һижра:9). Құран Кәрім жер бетіне түскелі он төрт ғасырдан асса да бір нүктесі өзгермеді, оны жоям деушілер де жоя алмады. Бұл – Алланың шынында да қорғаушы екенін дәлелдеп тұр. Қасиетті Құранда өмірдегі және өмірден тыс барлық нәрселердің, сананың рухани дамуының және әлемдегі тіршілік иелері мен тіршілік иесі еместердің тарихының негізі – ғылымның кайнар көзі екенін дәлелдейтін аяттарының құпия құдіретін танып-білу жолы жазылған. Құранның осы құпиясына және оның аяттарының 23 жыл бойы бөлек-бөлек түсуіне (ретімен емес) таң қалған әлем ғалымдары көбейіп келеді. Алла тағаланың діні – Ислам адамды жаксылыққа, адамгершілікке, мейірбандыққа және қайырымдылыққа үгіттейді. Сондықтан адамды ерекше бағалаған Алла тағала оған дұрыс жолға жүруі үшін сезім, ойлау, ақыл, түйсік, парасаттылық, білім және ерекше дарын берді. Адамдар бұл дүниедегі өмірін ақыл таразысына салып тура жол таба білсе, өзінен кейінгілерге де жарқын жол салып береді. Алланың ақ жолын алға апаруда басқа діндерге қарағанда Ислам дінінің шоқтығы биік тұр. Ислам тәрбие құралы ғана емес, ол ғалымдар үшін ғылымның қайнар бұлағы. Ислам сөзі арабша, оның аудармасы – бір Алланы тану, илану және сену мағынасын береді. Аллаға сенген адам мұсылман болып есептеледі. Ислам Алланың алғашқы елшісі Адамға (ғ.с.) берілген және барлық Пайғамбарлар Ислам дінін насихаттаған. Бұл атау адамзатқа Алладан келген және ешкім оны өзгерткен емес. Құран аятында: "Бүгін мен сендердің діндеріңді жетілдірдім әрі игілігімді де аяқтадым. Сендердің тұтынуларыңа Ислам дінін қоштап ұнаттым" – деді. (Мәйда сүресі, 3 аят). Ислам діні өте таза, қарапайым, тұрмысқа және елдің өмір сүру кағидаларына ыңғайлы. Денсаулыққа пайдалы. Осыдан-ақ Ислам дінінің белгілі бір халықпен, территориямен немесе уақытпен шектелмейтіндігін білуге болады. Сондықтан Ислам діні бүкіл адамзатқа бағышталған болашағы көлемді әлемдік дін екенін мойындаймыз. Исламның басты ерекшеліктерінің бірі – халықты бай-қосшы, кедей, басшы-қосшы, үлкен-кіші немесе ұлтқа, нәсілге және басқа өзгешеліктеріне бөлмейді. Исламның басты қағидасы дүниенің кай түкпірінде болмасын кім де кім бір Алладан басқа Құдай жоқтығын мойындаса, ол адам мұсылман болып саналады. Осыны дәлелдеуде Алланың: "Құранның ақиқат екені көкіректеріне жеткенге дейін Біз оларға жер-көкті, тіпті өз бастарындағы ғаламаттарды, белгілерді көрсете береміз"- дегені шындық. (Фуссилат: 41-53). Ертедегі ата-бабаларымыз Қасиетті Құранның аяттарының құпиясына мән берді. Алланың бірлігіне, Алладан басқа Жаратушы жоқтығына сенді. Олар алғаш өздері Ислам діні жөнінде сауаттарын ашты. Құранның аяттарынан қуат алып, өз ұрпақтарын Ислам жолымен жүруге үйретті. Сөйтіп ұрпағын адалдыққа, инабаттылыққа, кішіпейілділікке, парасаттылыққа, ұлтжандылыққа, Отанын қорғауға және Ислам діні кағидаларына берік болуға үйретті. Сол дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Кез келген діни, тарихи, әдеби, ғылыми, т.б. кітаптардың Құранға тең келмейтініне олардың көздері анық жетсе, ал ғалымдарымыз бұл танымдық бағаның дәрежесін биіктетіп келеді. Ғарыш, адамзат пен тіршілік иелері және жер жөніндегі ғаламаттарды бір өзінің ішіне топтаған Қасиетті Құран Ислам дінінің мәртебесін асыра бермек. Қасиетті Құранда: "Көктің де, жердің де әміршісі Алла екеніне дау жок. Ол тірілтеді, өлтіреді" ("Тәубе" сүресі, 116 аят) деуі Жаратушы Алланың шексіз құдірет иесі екенін дәлелдейді. Сондықтан да Алла тағала пенделерінің (құлдарының) әрбір істеген ісі, қимылы, жақсы-жаман әрекеттері әрқашанда қатал бақылауда болатыны жөнінде Құран Кәрім аяттарында ашық айтылған. Адамзат жаралғалы бері коғам да, заман да өзгеріп келеді. Бір орында тұрақты қалған ешнәрсе жоқ. Алланың "Әр заманның өзінің ғылымы, әр заманның өзіндік құралы бар" деген Құрандағы аяты шындыққа айналды. Адам баласы алғашқы дәуірде тұрпайы көлік пен қарапайым құралдарды пайдаланса, ал қазір ғарыштық ұшу кемелеріне дейін меңгеріп, біз әлі көрмеген планеталар сырын зерттеп, үлкен жетістіктерге жетуде. Бұның бәрін адам ғана өзгертіп отыр деу қате болар еді. Адамның миына, ойлау жүйесіне әсер етуші Алланың құдіретті күш әсері. Бұл жөнінде Құранда: "Көк пен жерді Алла тағала шындықпен жаратты, мұнда мүминдер үшін ақиқат дәлел бар" ("Әнкабут" сүресі, 44 аят) дегені жоғарыда айтқанға дәлел. Алла тағала өзінің ілімін насихаттайтын мыңдаған Пайғамбарлары ішінен өзі қалаған Пайғамбарларына періштелері арқылы төрт қасиетті Кітапты – Таурат (Мұса. ғ.с.-ға), Забур (Дәуіт ғ.с.-ға), Інжіл (Иса. ғ.с.-ға) және Құранды (Мүхаммед с.ғ.-ға) түсірді. Алдыңғы үш қасиетті Кітап сөздерін оған қарсылар мен арамдар өзгертті. Соңғы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қабылдаған қасиетті Құран Кәрім ғана өзгеріссіз екенін зерттеуші әлем ғалымдары дәлелдеді. Қысқасы Құран Кәрімнің әр аятының "Кілті", бекітілген періштесі, шешімі, мақсаттық пайдалануы барын Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) пен сахабалары, ғалымдары, оқымыстылары өз уағында анықтады. Біздің заманымызда кеше ғана ортамызда болған арабтанушы академик марқұм Ақжан әл-Машани Құранның аяттарының құпиясы мен пайдасы туралы зерттеулер жүргізді. Ғалым артына Ислам дінінің ерекше құдіреті жөнінде жазылған еңбектерін мұра етіп калдырды. Ал академик А. әл-Машанидің пікір жазуымен Ислам дінін үгіттейтін алғашқы діни әліппеден бастап "Шығыстың таңғажайып ғаламаттары мен сырлары" (Жамбыл қаласы, 1994) және "Мекке-Мәдине сырлары" (Тараз, 1998) кітаптарын жазған Қауымдастықтың діни-рухани үгітшісі, жасы жетпісті алқымдаған ағамыз Әмірбек қажы Есенбайұлының еңбегін жоғары бағалаған жөн. Бір ғана мұсылмандардың дін басқармасына барлық жүкті артпай, көп болып, діни сауаты барлар Ислам дінін насихаттайтын еңбектерін жазып, баспадан шығарып, халыққа таратса Алланың шапағат нұрына бөленері анық. Мұндай жетістіктерімізге Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде: "Ғылым дамыған кезде, Ислам да дамиды" дегені дәлел. Қазақ даласында алғаш Ислам діні енген уақыттан бастап, ғұлама ғалымдар Құран аяттарына зер сала бастады. Қазақ топырағында өмір сүрген ғұлама ғалымдар Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласағүн, Өтейбойдақ, т.б. артына мол зерттеулер қалдырды. Құранның қасиетіне бас иген бабамыз Қожа Ахмет Иассауи еңбегіне баға жетпейді. Ал Құран аяттарының ғылыммен байланысын дамытуды ғұлама ғалым, қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы осыдан бес жарым ғасыр бұрын шебер меңгергенін оның "Шипагерлік баян" кітабынан табуға болады. Өтейбойдақ баба кітабының әр бетінің сөйлемдерінің бәрі Құран аяттары сөздері негізінде басталғанын, сөйлемдері құрылымы діни танымға жақындығын және аяқталғанда да аяттарға қатысты сөздермен корытындыланатынын байқаймыз. Қысқасы, Өтейбойдақ бабаның "Шипагерлік баян" кітабын алғаш "Құпия құлып" деп атауы осыған байланысты болса керек. Құранның жүздеген аяттарында ғылым, ақыл, ой және тәлімдік мәселелер туралы айтылуы тектен тек емес. Өкінішке орай, бүгінде дағуаттың нашарлығынан, сондай-ақ кейбір экономикалық-тұрмыстық қиыншылықтарды сылтауратып өз қандастарымыздың ішінен басқа христиан, бақай, кришна, будда, Ахмадия, т.б. діндерге кетіп жаткандардың күні ертең-ақ Ислам діні құдіретіне, касиетті Құран Кәрімнің қасиетіне бас иері анық. Құран Кәрімнің ерекше қасиетін ертеректе-ақ ұлы ақындар, басқа дін өкілдері Гете мен А.С.Пушкин, т.б. әлемнің Исламды зерттеуші ғалымдары тани және бағалай білді. Бұл жетістік жөнінде Құранда: "Біз адам баласына көптеген мысалдар келтіреміз, алайда оларды ғалымдар ғана түсінеді" делінсе, "пенделердің ішінен Алладан шын мәнінде ғалымдар ғана қорқады" – дегені ("Ганкебут" сүресі, 43, 28 аяттары). Исламды таныған ұлы ғалымдар мен зерттеушілерге арналғаны шындық. Діни сауатсыздық салдарынан баспасөз бен бұқаралық ақпаратта еліміздің дін басшысын түсінбей жазықсыз сынаушылар көбейіп барып, қазір бәсеңдегенімен, жұрт арасында олардың шала сауатты пікірлері үлкен толқу жасады. Тіпті касиетті Рамазан айында (Ораза кезінде) дін басшысы муфтиді сынауды жалғастырған белді халықаралық "Түркістан" газеті басшылары қолдан Пархат деген "емшісымақты" адамзаттың жаратушы "Құдайына" теңеді. Діни сауаты жок, бес уақыт намаз оқымайтын, әрі Құдайға сенімсіз, өзі басқарып отырған газетінде бірде-бір Ислам дінін үгіттейтін мақала жаздырмайтын, дін басшылары мен халық арасында даулы мақалаларды бірнеше жыл жариялап, еш нәтиже шығармағандардан дін жөнінде кеңес алу, телеэкран алдында сөйлету енді абырой әпермесін түсінетін кез жеткен сияқты. Халқымыздың сауатсыз кезінде жай қыр қазағының сонау 1912 жылы Қазан қаласынан "Мархаба иа Рамазан" кітабын өз атынан шығарғанын "Алматы Ақшамы" газетінен (27.01.1997) оқыдым. Оның авторы Мұхтар Әуезовтің "Қилы заман" повесіндегі Албан азаматтарының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің (Қарқара, Кеген, Алматы облысы) батырларының бірі Қарбоз Қаңтарұлы екен. Ол өзі таныстырғандай Нарынқолдың Тұзкөл ауылы Құрман руынан екен. Бүгінгідей мәдениеті де, сауаты да, жағдайы да болмаған марқұм Қарбоз Қаңтарұлы бұл діни кітапты жазғанына қарап, оның өз халқы сүйген Исламды таза мойындаған Алланың адал құлы екенін тани аламыз. Ал енді осы қыр қазағы, сауаты шамалы марқұм Қаңтарүлы Қарбоз бен жоғарыдағы оқымысты "Түркістан" газетінің "діншілерінің" сауатына, имандылығына, Ислам дініне "құрметіне" баға беріңіздер. Бұл баға ілгерідегі қазақ ұрпағы мен бүгінгі прогресшіл, мәдениетті қазақтардың діни-рухани танымына әділ өлшем болмақ. Кейбіреулердің тірі пендені жаратушы Алладан, оның Құран Кәрімінен және Пайғамбарларынан жоғары қойғанын Жаратушы Иеміз біледі әрі көреді. Қасиетті Құранның "Ахзап" сүресі, 57-аятында: "Расында Аллаға, Елшісіне реніш білдіргендер, соларға дүние ахиретте Алла қарғыс беріп, оларға қорлаушы азап дайындайды" – дегеніне сенуге болады. Ислам діні – ол "Ақыл-парасат діні". Ол Алланың ақ жолы. Оның дәлелі Алла тағаланың әркімді әртүрлі ғып жаратқанынан, әртүрлі қасиет пен кереметтер бергенінен айқын көрінеді. Алланың Пайғамбарлары ішінде Ибраһим (ғ.с.) отқа жанбаған, Мұсаның (ғ.с.) алақаны аппақ нұр шашқан, Иса (ғ.с.) өлген адамды тірілтсе, Жүсіп (ғ.с.) түсінде Алладан аян алу арқылы болашақты болжаған, бұл туралы қасиетті Құранда жазылған. Осы қасиеттерді өз пайдасына пайдаланып, атағын дүркіреткен "атаққұмар" емшісымақтар аз кездеспейді. Бірақ, әр адамның бойындағы әлі ашылмаған, дәлелденбеген құбылысты (шын-өтірігі аралас) апарып Пайғамбарлар қасиетімен теңестіру ол Ислам діні қағидаларына жат қылық. Алланың Құран Кәрімінің "Ахзап" сүресінің 54 аятында: "Бір нәрсені әшкерелесеңдер де, жасырсаңдар да әрине Алла тағала әр нәрсені толық біледі" – дегені, тағы да Алланың құдіреті күшті екеніне дәлел. Ислам діні адамдарды адамгершіліктің ең жоғарғы деңгейіне тәрбиелейді. Құран Кәрім Алланың тірілер үшін жіберген қасиетті кітабы. Құран Кәрімнің 114 сүресінің 6666 аятының толық құпия сырын білу мүмкін емес. Оның сыры бір Аллаға аян. Ертедегі ғалымдар тек қана жеке-жеке аяттарды ғана тексеріп, оның құпия сырын ашқан. Құранның "Әнбия" сүресі 30-аятында: "Әуелде көк пен жер тұтас еді ғой. Біз екеуінің арасын ажыраттық, жанды мақұлықтың барлығын судан жараттық", – деп адам дене құрылысының сексен пайызға жуығы, жердің жетпіс пайыздан артығы судан тұратынын ескертеді. Бұл пайыздық сан бүгінгі ғылымның дәлдік санымен тепе-тең келуі қасиетті Құран аяты құпиясының кереметтігін мойындату болмақ. Ислам діні – адамды алдампаздықтан, зұлымдықтан сақтандырады. Қасиетті Құранның "һүд" сүресі 101-аятында: "Біз оларға зұлымдық қылмадық. Олар өздеріне зұлымдық етті. Раббының әмірі келген сәтте, олардың Алладан өзгеге жалбарынғандары өздеріне ешбір пайда келтірмейді. Сондай-ақ, зияндарын арттырғаннан басқа түкке түрмайды" – деген Алланың қаһарлы сөзі куә. Енді қолдан жасаған "әулие", "ана", "төре", "Алланың елшісі", "Жаратушы" т.б.-ларға табынғандар алдында ауыр жазаның күтіп тұрғанын Ислам діні осылай ескертеді. Ислам діні – тірілер үшін түсірілген, бір Алланы мойындаушы адамзатқа арналған. Өйткені, адамзат тіршілік иелері ішіндегі ең саналысы. Осыны білген Алла тағала он сегіз мың әлемнің сырын білуге құштар адамдарға қасиетті Құранды жіберді. Құранның "Ахзап" сүресі 72 аятында: "Рас аманатты (дінді) көктер мен жерге және тауларға ұсындық, сонда олар оны жүктеуден бас тартып, одан қорықты. Ол адам баласына жүктелді. Өйткені ол өте зәлім, тым білімсіз..." деуі адамның білімі қаншалыкты дамыды, өсті, бәрін біледі дегенмен, Алланың білімімен салыстырғанда түкке тұрмайтынын білдірсе керек. Дегенмен мұсылман халықтар тіршілігінің қуаты, рухани байлығы Ислам дінінің мәртебесін жоғары ұстап келеді. Ислам діні – адамдардың денсаулығын қорғауына, қауіп-қатерден сақтауына ақ жол ашушы дін. Құран аяттары шын жүрегімен пайдаланған пендесіне қорған және рухани азық. Құран аяттарының мұндай ерекше қасиеттерін ертедегі ғалымдар мен дін мамандары айқын танып білген. Қазір адам денсаулығына шипалық емі бар "Исми Ағзам – тоқсан түрлі ауруға емдік дұғалар", "Шығыстың құпия ғылымы", "Нұрнама", "Дертке дауа дұғалар", "Пайғамбарлар дұғасы және "Ясин" сүресінің қасиеттері" т.б. (бәрі "Түркістан", "Мұра" баспасы шығарған. 1997.) кітапшалар мешіттердің жанында тұрақты сатылуда. Бұл кітапшаларды алып оқыған өте пайдалы. Бір күні Жәбірейіл (ғ.с.) періште мешітте отырған Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) келіп сәлем беріп, "Ей, Мұхаммед, мына Исми Ағзам" дұғасы 72 түрлі дертке дауа" депті. Сондықтан қасиетті дұғалардың жақсылығын пайдалануды Алла тағала бәріңізге нәсіп етсін. Алланың қасиетті Құранының сөз құрылысы мен мазмұнына тең келетін әлемде ешқандай шығарма жоқ. Бұнда адам өміріне байланысты барлық ережені, жол-жобаны рет-ретімен баяндайды. Бұл ерекше құбылысты әлемнің мұсылман дін мамандары және ғалымдар дәлелдеп отыр. Мұндай ғажайып Кітапқа бас иесің. Онда Алланың ақ жолының адамзатқа арнап өткен, бүгінгі және болашақ бағдарламасы жазылған. Ислам діні – оқып үйренуге, білімге, ұстаздыққа терең мән береді. Құранның көптеген сүрелерінде ғылым мен ғалымдарға деген үлкен сенім және құрмет айқын жазылған. Мәселен Мұхаммедке (с.ғ.с.) алғаш ізгі хабар әкелген Жәбірейіл періште "Оқы!" деген сөзден бастайды. Тәңіріміздің алғашқы сүресі былай дейді: "Оқы! Жаратқан Иеңнің атымен оқы! Адамды ол ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Тәңірің ең жомарт! Ол қаламмен жазу үйретті. Адамдарға білмегенін білдірді", – деді (Алақ сүресі: 1-5). Бұдан Алла тағала ниеті соңғы Пайғамбары арқылы ғылымды білуге, оқып-үйренуге және оқытып-үйретуге бағытталғанын көреміз. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің көптеген өсиетінде ғылымды насихаттауға, білім алудың өте маңыздылығына баға беріп әрі талап етеді. Құран мен хадистерде нағыз ғалымдардың Пайғамбарлардың мұрагерлері ретінде сипатталуы да сондықтан болар. Бұл оң нәтиже. Ислам әлемінде қуатты ғылым жаңалықтары алғаш ашылуы еді. Ислам діні – білім алу жолын кәпір-мүсылманға және аймаққа бөлмейді. Үйрен, оқы деген өсиетнамасын мәңгілік мұрасы ретінде адамзаттың миына, санасына қондырып келеді. Ислам дінінің жолының парасатты ақ жолы деп түсінеміз. Құран ұсынған қағидаларды өмірлік мұратымызға айналдыру, ел бірлігін дамыту, халықтар ынтымағын арттыру, жеке рухымызды жаңа деңгейге көтерумен моралдық-материалдық жетістікті дамытып, адалдықтың ақ жолын таба аламыз. Ислам Алланың ақырғы хақ діні екеніне сеніммен қарап, бақытымызды осы тура жолдан табарымыз анық. Шапағатын шашқан Ислам діні түбі әлем елдерінде берік орнығатыны анық. Басқа дінге кеткен мұсылмандардың әлі-ақ өкінетін күні алыс емес. Халық, кім Ислам дінінің адал қорғаушысы, үгітшісі, кім екі ортаға от салып бүлдіруші, кім Ислам діні сатқыны екенін ажырататын уақыт та жақындап келеді. Алла тағала бәрімізге ынтымақ, ынсап беріп, бір Ислам діні ошағы аумағына жиналып, парасатты өмір салты мен шапағатты қоғам құруға күш қуат берсін.
ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНТАНУ ҒЫЛЫМЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ БАР
Еліміздің Тәуелсіздігінен кейін ғана өз орнын ала бастаған ұлттық жантану ғылымы саласында біраз ғылыми еңбектер жазылып, әрі оқу орындарында арнайы мән берілуде. Дегенмен, кенжелеп қалған осы ғылым саласында республика бойынша бес қана ғылым докторы бары көңілге күдік тудырады. Ал үзеңгілес педагогика ғылымы саласында ғылым докторы жүзден асады. Ұлттық психологияны өзінің жеке ерекшелігі бойынша зерттеп, талдап, саралап, сатылап беруге аз ғана әрі орыс тілді осы саланың жантану ғылымынан сусындағандарға ауыр тиері анық. Осы бір қиын кезеңде өзінің ғылыми жасының ұлғайғанына қарамай қазақтың жантану ғылымына жарты ғасырға жуық өмірін арнаған, басқа ғылымдардан еңсесі биіктеу өз еңбегімен ғалымдар құрметіне бөленген ғалым, ҚазМҰУ-дің академигі Төлеген Тәжібаев атындағы этнопсихология мен этнопедагогиканы оқыту мен Зерттеу орталығының директоры және Алматы облыстық «Ұлттық тәлім-тәрбие» қауымдастығының төрағасы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Бозайұлы Жарықбаев. Профессор Қ. Бозайұлының орта, арнайы орта және жоғары оқу орындарына арнап жазған психологиялық оқу құралдарының алдын қырық жылдан бері пайдаланып келеді. Маусым айының алғашқы күні жоғарыдағы оқыту мен Зерттеу орталығымен бірлескен жалпы Алматы қалалық жоғары оқу мен зерттеу орындары ғылымдарының тұрақты әдіснамалық ғылыми семинарының кезекті отырысы болды. Семинарда педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ. Жарықбаевтың «Қазақстандағы ғылыми психологияның дамуы мен қалыптасуы (XX ғ.) атты психология ғылымдарының докторлық дәрежесін алу туралы жазылған диссертациялық ғылыми еңбегі талданды. Профессор Қ. Жарықбаев бұл зерттеуін тек қана қазақтың ұлттық психологиясына арнағанын, төрт ғылыми монография мен елуден астам мақалалар жариялағанын және негізгі идеясы ұлттық жантану ғылымына нақтылы ғылыми тұжырымдарды ұстанатын қатысушы ғалымдарға баяндап берді. Өздерінің көзқарастары мен ғылыми ұсыныстарын білдірген профессорлар мен ізденушілер профессор Қ. Жарықбаевтың ғылыми зерттеуінің ұлттық жантану ғылымына қосар үлесінің маңызын атап өтті. Еңбектің кейбір бөлімдеріне толықтырулар қажеттігі ұлттық психологияны XX ғасыр ауқымында емес, арырақ XV ғасырдағы ғұлама Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының өмір сүрген кезеніңен арғы дәуіріндегі әл-Фараби, Ж. Баласағұни, талдап диссертацияның тақырыбына енгізуді профессор Қ. Жарықбаевқа ескертті. Ғалымдар профессор Қ. Жарықбаевтың диссертациялық зерттеуі этникалық психологияның көзі жабылған бұлағының қайтадан көзі ашылғандығының қозғаушы күші екенін арнайы атап өтті. Бұл профессор ғалымның жеке еңбегінің ұлттық жантану ғылымын оятудағы негізгі алғашқы ғылыми зерттеуі екені, оны тездетіп толықтырулармен докторлық диссертацияны қорғататын ғылыми кеңеске ұсынуды ғалымдар құрамы, докторлық диссертацияны қорғаушы профессор Қ. Жарықбаевқа ескертті. Және диссертация қазақ тілінде қорғалсын деген ұсыныстар айтылды.
ХАЛЫҚ МЕДИЦИНАСЫНЫҢ ӨТКЕНІ, БҮГІНІ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ
Қилы-қилы замандарда оның заңдарының қаталдығына және ілімі мен ғылымының деңгейіне қарамастан, әр халықтың ұлттық халық емшілігі ел арасында ашық та, жасырын түрде де дамып отырады. Қазақ елі өзінің егемендігін алғалы емшілік өнерінің өзіндік құпия сырларын ашуға мүмкіндік туды. Қазақ даласында халық ішіндегі емшілік өнері жөнінде ұлы ғұламалар Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы т.б. өз еңбектерінде талдап жазып, жеке тұжырымдар жасап, мәңгілік құнды энциклопедиялық еңбектерін қалдырды. XV ғасырдың ойшыл ғұламасы, ұлы шипагер ғалымы Ө.Тілеуқабылұлы өзінің «Шипагерлік баян» атты энциклопедиялық еңбегінде бір ғана емшілік саласын болжамалы және емі дарымды деп екі салаға бөліп, отызға жуық атауға (болжаушы, емші, тамыршы, балшы, жұлдызшы т.б.) бөлген. Бүгінде бес ғасыр бұрын емшілердің қасиеттеріне қарай берілген анықтама дәрежесіне жеткен жоқ. Бір ғана емші деген атауымен барлық әр түрлі киелі тылсым күш аталып келеді. XV ғасырдағы деңгейінен әлдеқайда төмендігін көрсетеді. Бүгінде елімізде халық медицинасының ғылыми жағына зерттеулер, тұжырымдар, арнайы еңбектер жазу мен кітап шығарушылар саусақпен санарлық. Ал әлемдегі немесе кешегі Одақтағы Ресей, Украин, Беларусь т.б. республикаларда адамзатқа әлі құпияларын ашпаған табиғат, ғарыш және адамзаттың тылсым сырлары жөнінде арнайы зерттеу орталықтары, ғылыми зерттеу институттары жұмыс істеуде. Бұлардың қызметтерін бір қалыпты жүзега асыруына елдерінің үкіметтері, денсаулық сақтау, әділет т.б. министрліктері және мемлекеттік ғылыми зерттеу орындары мүмкіндік жасауда. Біздің елімізде 1990-1991 жылдан бері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің республикалқ ғылыми-практикалық халық медицинасы орталығы ЖАҚ мен Қазақстан халық емшілері қауымдастығы ғана халық медицинасы саласында азды-көпті үлестерін қосып келеді. Дегенмен, бұл екі ұйымның да мемлекетіміздің Үкіметі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан көмек алуының орнына, жұмыстарына тосқауыл қою азаяр емес. Бүгінде әлдебір жоғары шенділер түсінігінше арнайы медициналық білімі жоқтар халық емшісі бола алмайтын сияқты. Ел президенті бекіткен арнайы заңда мұндай өрескелдік көрсетілмеген. Анығын айтқанда, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған сауатсыз, ары төмен, өз бас пайдаларын ойлайтын, атаққұмар, дінитанымы нашар, алаяқ емшілердің көбейгенін жасыра алмаймыз. Бұларды есепке алу уақыты жеткелі қашан. Қауымдастықтың Төралқасы атынан облыс басшыларына, оның қарамағындағы денсаулық, салық және заң орындарына 2002 жылдан бері емшілердің қызметін реттеу жөніндегі хаттар жазылғанымен, оған қолданылған шаралар жоқтың қасы. Қазақ елінің көп ұлтты емшілерінің ерекше қасиеттері мен сауаттылықтары басқа елдің емшілерінен артық болмаса кем де емес. Сондықтан жоғарыдағы негізгі екі ұйымның іс-тәжірибелеріне, ғылыми зерттеулеріне және арнайы баспадан шығарған еңбектеріне ел үкіметі тарапынан дұрыс көзқараспен баға беретін әрі көмек көрсететін уақыт жеткен сияқты. Осы жылдың қыркүйек айының 16-19 жұлдызында Алматы қаласында ҚХЕҚ мен Республикалық халық медицинасы ЖАҚ-ы бірлесіп ұйымдастырған I-Халықаралық Қазақстан Республикасының халық медицинасының өткені, бүгіні, болашағы» деген конгресс өтеді. Бұған қатысуға 40-тай шет ел мемлекеттерінен, республиканың мемлекетік ғылыми-зерттеу, жоғарығ оқу орындарынан және қоғамдық ұйымдардан делегаттар қатысады. Қазақ елінің жерінде Алатаудың бөктеріндегі Алматы қаласында 1962 жылы сол кездегі Қаз ССР Денсаулық сақтау министрі, м.ғ.д. профессор С. Қарынбаев марқұм дүниежүзінде тұңғыш рет дәстүрлі емес (халық) медицинасының I Дүниежүзілік конгресін өткізген. Осы конгрестің қабылдаған қаулылары бүгінгі Әлем елінің дәстүрлі емес (халық) миедицинасының дамуына негізгі құжат болды. Қазақтың дәстүрлі халық медицинасының өткені XV ғасырдың ғұлама ғалымы Ө. Тілеуқабылұлы еңбегімен айқындалады. Бүгінгісі профессор С. Қарынбаев ұйымдастырған Халықаралық конгрестен басталса, болашағы алдағы Алматыда өтетін Халықаралық конгрестен басталатынына сеніміміз зор.
ӨТЕЙБОЙДАҚ ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫНЫҢ (1388-1483 жж.) “ШИПАГЕРЛІК БАЯН” КІТАБЫНДАҒЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТОЛҒАНЫСТАР
Бүгін де еліне дала ойшылы, ғұлама ғалым, ұлы шипагер-емші атанған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” атты энциклопедиялық еңбегінде қазақи психологиялық толғаныстар ғылыми жүйе бойынша беріледі. Бұл еңбек халқына V жарым ғасырдан кейін қайта оралды. Көрші елде өртенді (1968). Бес мың беттік қолжазбадан бізге жеткені көп сөздері жойылған, бары бір мың ғана беті. Бұл қазақ елінде баспадан шықты (“Жалын”, 1996). Өшкен киелі от қайтадан жанды, өлгеніміз тірілді. Ғұламаның қайдан білім алғаны белгісіз болғанымен, оның психологиялық толғаныстары, ой жүйесі, сөйлем байланысы, ойлауы, тұжырымы, еңбекқорлығы, төзімділігі, шешімі, батылдығы, ғылыми икемі әртүрлі ілім көздерінен білім алғандығын айқындайды. Сондықтан да осы заманғы ұлттық этнопсихология мен этнопедагогика ғылымын дамытуда әрі ертедегі ұлттық танымдық стилді үйлестіруде Ө. Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” еңбегінің берері мол. Ғұламаның Алланы тануы, діни танымы, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мен Қасиетті құран кәрім жөніндегі діни танымдық психологиясы адамзатқа берер тәрбиелік мәні зор. Тазалық, имандылық, сабырлық, жақсылық пен жамандық адам өміріндегі Жаратушының психологиялық тексеру, тергеу, толғандыру мен иландыру сынағы екендігі сенімге жетелейді. Дала ойшылы емшілік психологиясына ерекше тоқталып, емшінің инабаттылығы, кішіпейілдігі, сырқатты қабылдау ықыласы екі жаққа да жақсы нәтиже беретінін ескертеді. Мұсылмандықтың басты белгісі оның психологиялық ойлауында һарам мен халалды ажыратудың мәдениеттілік сенімін иеленуді және кері әсерлік күштері бар ұлттық салт-санаға жат әрекеттерден жетіге тиіспеуге, қырық бірге жұғыспауға, он екіден айырылмауға (кітапта талдап жазылған) сақтандырады. Ұлы шипагер жолсыздан жол тапты, білімсіз ортаны білімді етті, тілсізге тіл бітірді. Өз заманында нағыз батырларша қасқайып, өз ілімінің өзінен бұрынғы ғұламалар Әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұн, т.б. ұлылар еңбектері мен өз еңбегін салыстырып, ғылыми психологиялық талдау жасап, ізгі ниеттері бір халық игілігі үшін екендігіне тұжырымдама берді (“Шипагерлік баян” 379 бет). Ғұлама еңбегінде ғарыш, табиғат, адам, жер, жан-жануар және өсімдік пен металл-металоидтар жөніндегі құпиялар туралы көп мәліметтер беріледі. Адамның денсаулығына, ойлауына, сезіміне, түйсігіне, батылдығына т.б. қасиеттеріне ғарыштық әсердің, табиғаттық өзгерістің келтірер зияны мен пайдасының психологиялық жүйелік әрекетінің өзгерістеріне талдау жасайды. Әр адамның жеке жұлдызнамасы, күн нұрының әсері, орналасу ортасы және туған жеріне қарай оның мінез-құлқы, адамгершілігі қалыптасатындығын ғылыми дәлелдермен сипаттап, тұжырымдайды. Ғұлама өзінің дәрі-дәрмегін дайындауда, сақтауда, пайдалануда жеке-жеке сырқаттардың өзіндік ерекшеліктеріне мән береді. Табиғаттың қойнауында өсетін дәрілік өсімдіктерді бақылау, жердің қырық түрлі қыртысынан уақытын өткізбей жинауда, табиғат пен өсімдіктің өзіндік жеке мәні бар психологиясының құпиясын адами психологиялық таныммен қарап талдауды, зерттеуді, пайдалануды және іске асырудың жолдарын ұлттық психологиялық таныммен талдайды. Сондай-ақ, адам психологиясының өзгерісі, оның туған жылы, айы, күні уақыты және ай мен жылдың тақ немесе жұптығына тәуелді екендігіне тоқталады. Адамның мүшел жасының және емдік сеанстың санының мөлшері де ой мен сананың дамуына, мінездің қалыптасуына әсері барлығына сипаттама береді. Көне атаулардың “Қазақ”, “Ақ Орда”, “Алаш”, “Алашорда”, “Хан”, “Күнби”, “Жүз атауы”, “Наурыз”, “Көкбар” т.б. шығу тарихына ұлттық психологиялық танымдық ғылыми тұжырымдар береді. Ғалым шипагер Ө. Тілеуқабылұлының жазайын, айтайын деген пікірі, ойлағаны, талғамы, өлшемі бір-біріне жалғасып, бірін-бірі ұлттық психологиялық сипатта толықтырып отырады. Еңбекте жасампаздық, көшірімпаздық, артық кетушілік кездеспейді. Нағыз мәдениетті тұрғыда басталып, ғылыми тұжырымдармен аяқталатын өзіндік орны бар Ө.Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” еңбегі баға жетпес ұлттық психологиямыздың, оның ішінде медициналық психологияның дамуына бағыт беріп, байыта түсетін нағыз таптырмас энциклопедиялық еңбек екендігін анық дәлелдеп бере алады. | |||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 | |||