орындалған Аманат
23
 Главная          Вернуться          Предыдущая          Следующая 

КӨПТІҢ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН

 

Редакцияда әдеттегідей жұмыс күні болатын. Кеңсе қызметінде де қарбалас үнемі болып жатады. Сырттан қарағанда кез-келген мекеме, ұйым немесе кәсіпорынның кеңсе үйі түнеріп, үнсіз мүлгіп тұрғандай көрінгенімен, оның ішінде де өмірдің қым-қуыт оқиғалар қайнап жатады. Сондай бір қарбалас шақ еді. Бас редактордың бөлмесінен шығып келе жатыр едім, дәлізде сыртқы есіктен кіре берген екі жігіттің бірі: - Тоқтай тұрмас па екенсіз?  - деді. Мен оларға қарсы жүрдім. Жақындай келе тани кеттім: кеше кешкісін телевизордан бұл кісі туралы шағын сұхбат берілген. – Қош келіпсіз, оң сапар болсын! – деп қолымды ұсындым. Ол ежелгі қазақ салтымен «Ассалаумағалейкум!» – деп қос қолымен қаусыра амандасты.

– Сіздер теңіз ортасындағы шағын арал сияқты еліміздің қиыр шетіндегі бір пұшпағысыздар ғой, - деп жымия күлді.

– Қаптаған басқа тілді халықтың арасында ұлтымыздың тілін, дінін, салт-санасын жоғалтпай ұстап келесіздер. Сондықтан облыс өмірінің айнасы, осындағы қазақтардың қара шаңырағы болып отырған газет редакциясына кіріп, ондағы ел азаматтармен танысып, сәлем бере кетуді жөн көрдім.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Иманжүзді, кішіпейіл азаматтың мына өзіне баурай сөйлеген жылы сөзі жүрегімді жібітіп жіберді. Тура бас редакторға бастап жүрдім. Онда біраз әңгімелесіп отырдық. Мейман облысымызға келген іс сапарының жайынан хабардар етті. Ел-жұрттың амандығын сұрап, қазіргі күзгі жиын-терімнің қиын жағдайда жүріп жатқанын естіп, бізбен бірге қиналыс білдіреді. Ел қамын, ұлт тағдырын ойлап сапар үстінде жүрген мұндай атпал азаматты жай амандық-саулық білумен жібере салуға болмайтын еді. Мен ол кісімен кеңірек отырып сөйлесу үшін өз бөлмеме алып келдім.

Қызығы мен шыжығы қатар жүретін, шынтуайтында қуанышынан көңілге кірбің, жүрекке қаяу түсіретін сәттері көп мынау аласапыран алдамшы заманның әлі адамзат ұғып-түсініп болмаған құпия сырлары мен заңдылықтары көп-ақ. Соның бірі – соңғы бес-алты жылдың көлемінде көбейіп кеткен халық емшілері. Рас, олардың  ішінде жасаған емдері шипалы болып, сырқаттардың кейбіреулерін тән саулығына бөлеп жүргендері де жоқ емес. Бір қызығы, солардың бәрінің дерлік «халық емшісі» деген куәліктері бар. Осы тұрғыдан алып қарағанда да бұл кісімен сұхбаттасу аса қажет еді.

Зядан Қожалымов 1944 жылы Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Тұзкөл ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Алматының ауыл шаруашылығы иенститутының электротехника факультетін тәмамдағаннан кейін әуелі ауылда одан кейін ауданда әртүрлі басшы қызметтер атқарған. 1986 жылы республиканың энергетика және электрлендіру министрлігіне жауапты қызметке ауысып, онда 1990 жылға дейін қызмет істеген. 1990 жылдан бастап таза емшілікпен, оны ұйымдастыру, өрістету, дамыту және арна-бағыттарын кеңейту мәселелерімен шұғылданып келеді.

Шынында да, қызмет бабында тасы өрге домалай бастаған азаматтың өзі мүлдем танып білмеген салаға ауысуы қызық емес пе. Осы жайды білмек ниетімді айттым.

– Бұл ниетіңізді мен манадан бері біліп отырмын, - деп күлді ол. Кез келген мамандыққа орта немесе жоғары оқу орнын бітіріп барып ие болуға болады. Ал, халық емшісі болу үшін бойыңда құдай берген қуат (биоөріс), қасиет болуы керек. Жалпы біз бүкіл отбасымызбен емшіміз. Жұбайым Түймекүл медицина институтын тәмамдаған жоғары білімді дәрігер бола тұра халық емшісі. Екі қызымыз. Ләззат пен Гүлзәт те солай. Ләззәт кезінде Москваның Орталық телевизасынан берілетін таңертеңгілік «120 минут» атты хабарда көп уақыт ем сеанстарын беріп келеді. Ал, атақты Ванга оған «Шығыстың жұлдызы» деген баға берді.

Отбасыңда емшілік қасиетке әуелі Түймекүл ие болған екен. Оған бұл қасиет қайын енесі Өзипадан дарыған. Ол кісіні ел-жұрты «Ақ апа» деп атапты. Қария өле-өлгенше намазын тастамаған, көріпкел, құмалақшы, балгер, емші оның үстіне ақындығы да болған. Сол кісі өзінің осынау қасиеттерін келініне дарытып, тәрбиелеп келіпті. Жан кешерде келінін қасына шақырып алып:

– Жалғызым (Зекең ата-анадан жалғыз екен) ешкімге күш бермейді, саған аманат, – депті. Ал ұлына: – әкеңнің ұлы болдың, енді адамның ұлы бол, – деген.

Бір күні кешке үй-ішімен телевизор көріп отырғанда жұбайы: – Әне, қарашы, телевизордың артында бірдеңе тұр, - депті. Зекең қараса, ештеңе де көрінбейді. Біраздан соң жұбайы осы сөзді тағы бірнеше қайталапты. Болмаған соң Зекең әйеліне ұрсып тастапты. Бірақ көресіні түнде ұйқыға жатқанда көріпті. Бір белгісіз күш денесін зарядтап, күйіп-жаныпты. Біресе іші-тартқандай болып, бірде жүрегі қысып алқынады. Осылайша бұл көрініс үш түн бойы қайталана берген соң ақыры емшілікті мойындап, соған ден қойған. Алғашқы кезде жора-жолдастарына қолымен биоток беріп көрсе, біреулері жылайды, біреулері күледі, енді біреулері мүлгіп ұйқыға кетді. Сонда барып өзіне емшілік қасиет қонғанын анық сезінген.

Әрине, күшті биоөріске ие болу жұртты емдеу үшін жетімсіз. Мұндай қасиетке ие болу үшін адам анатомиясын, оның ағзаларының сыр-сипатын толық білу қажет. Осы мақсатпен ол 1991 жылы Москваға барып, сол кездегі СССР Денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы халықаралық халық емшілерінің парапсихология мектебіне оқуға түседі.

– Бір күні әдеттегідей сабақ жүріп жатқан, – деп сол бір өткен күнді еске алды Зекең. -  Кенеттен сабақ беріп жатқан оқытушының қасына бізбен бірге сабақ оқып жүрген бір жігіт пен әйел шықты да, - Біз екеуімізде сиқыршымыз (колдун). Қажет болса сендерді бір түрден екінші түрге ауыстырып, аң, құс, жәндік етіп жібере аламыз, - деді. Кенеттен менің арқам қысып кетті. Сахнаға атып шықтым да, беттеріне бір үшкіріп жіберіп едім, екеуі де сәкіге сылқ ете түсті. Содан сахнадан түспестен залда отырғандарға қазақша сеанс жүргіздім. Залда керемет құбылыс пайда болды. Біреу жылайды, біреулер күледі, біреулер мүлгиді, теңселеді. Сол күннен бастап экстрасенсорлық күш-қуатым арта түсті.

– Иә, айта берсе Зекеңнің жұртты таң қалдырған емдік қасиеттері толып жатыр. Сол қасиетін мойындағанда болар, ол 1991 жылы «Жаңа өрлеу» атты халық емшілері ассоциациясының вице-президенті болып сайланды. Сол жылы жоғарыда айтылған мектепте оқитындардың алдына «деректі фильм шығарылды, ол үшін қазірінде еш елге  таным емес әдіспен кісі емдеу керек» шарт қойылады. Сонда сахнаға Зекең шығып, отырғандарды ұлттық үлгіде  қазақ әні негізінде өлеңмен емдеу сеансын жүргізіпті. Сол жөнінде екі жарым сағаттық кинофильм түсірілген екен. Одақтың тарап кетуіне байланысты Зекең қазір сол киноның тағдырынан бейхабар.

1991 жылдың 26-29 қыркүйегінде Алматыда халықаралық емшілердің форумы болып өтті. Оған Москвадан арнайы келіп, Зекең де қатысты. Форумға 2 мыңдай адам қатысса, соның бір жарым мыңы бойларына биоөріс дарыған қасиетті адамдар еді. Осынау үлкен жиын Алматыда өтіп жатқандықтан; алғашқы емдеу сеансын да  қазақстандық жүргізуі керек еді. Бұл кезек те Зекеңе тиді. Өйткені, Қазақстаннан жиналған халық емшілерінің арасында биоөрісінің қуаты жағынан оған тең келетін адам болмай шықты. Ал, 30-қыркүйекте Қазақстан халық емшілерінің ассоциациясын құру жөнінде комиссия құрылып, оған төрағалыққа Зекеңнің есімі ұсынылды.

Сол 1991 жылдың 20-21 желтоқсанында республиканың халық емшілерінің I-Съезі болып, сонда республика  халық емшілері ассоциациясының президенті болып сайланды. Содан бері бес рет съезд өткізілген екен. Соның екеуінде ассоциацияны жойып жіберуге әрекет жасалған. Атап айтқанда халық емшілері де, оның ассоциациясының да қажеті жоқ деген пікірге 9 министр ден қойып, ақыры республика денсаулық сақтау министрінің ұсынысымен әділет министрі 1992 жылдың 15 желтоқсанында ассоциацияны жабу жөнінде қаулы шығарды. Бірақ Зекеңнің көп күш-жігер жұмсауының арқасында бір айдан соң-ақ ол қайта ашылып, жұмысқа кіріседі.

Қазіргі уақытта халық емшілері ассоциациясының барлық облыстарда өз ұйымдары бар. Олардың 6 мыңнан астамы осы ассоциацияның жанындағы мектепті бітірген. Зекеңнің ұйымдастыруымен 1992 жылдың тамыз айынан бері ассоциацияның жанынан «Халық емі» атты газет шығып келеді. 1993 жылы Шымкент қаласында халық емшілерінің облыстық ұйымының жанынан 2 жылдық діни медресе ашқан. Оған қаржылай көмек көрсету үшін шет елден іздестіріп демеуші де тапқан. Өзі төрт рет халық емшілерінің әлемдік форумдары мен конгрестеріне қатысып, 1993 жылдың 2-9 қазанында Ялтада өткен үлкен жиында баяндама жасаған. Үстіміздегі жылдың шілде айында халық емшілері ассоциациясының одағы болып қайта құрылды. Оның президенті де Зәкең. Осыған орай республикада халық емшілерінің бес аймақтық ассоциациясы құрылмақ. Зекеңнің бұл сапары соның солтүстік аймағын құру екен. Тәлімді тәлімгер бұл жұмысын да жүзеге асырып, енді Алматыға оралғалы жүр екен. Көкшетау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары халық емшілерінен солтүстік аймақтық ассоциация құрылған. Вице-президенті – біздің облыстың азаматы Серікбай Тәкенов.

Зекеңнің айтуынша, аймақтық ассоциация құрудағы негізгі мақсат – жергілікті жерлердегі халық емшілеріне арнайы курстар мен мектептерде оқып, біліктілігін арттыруына неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау. Қазіргі уақытта емшілік жолын жаңа бастаған адамдардың көбінің Алматыға барып жүруіне мүмкіндіктері бола бермейді. Ал, аймақтық ассоциация сондай адамдарды жинастырып барып Алматыдан білікті мамандарды өздеріне шақыртып алып, біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруларына әбден болады. Бұл ең алдымен ел ішіндегі емшілерге тиімді. Ассоциацияның Жарғысында да негізгі міндеттер ретінде халықтық медицинаның күші мен құралдарын нығайту, рухани-ағартушылық, оқу, емдік және сауықтыру орталықтарын ұйымдастыруға ықпал ету, халық емшілерінің республикалық рухани-ағартушылық сауықтыру орталығын құру, материалдық-техникалық, ғылыми-методикалық емдік шикізат базасын құру және дамыту сияқты баптар бар. Екіншіден, әр жердің өз ерекшелігі, өздерінің табынатын ұлы адамдары, аруағы, тауап ететін қасиетті жерлері бар. Емдеу барысында осындай адамдардың зираты мен жергілікті қасиетті жерлер де пайдаланылады.

Әзірге емдеудің осы жаңа бағытына қадам басқан адамдар Алматыда, республика халық емшілері ассоциациясының одағы жанындағы курста оқытылмақ. Курс 120 сағатқа лайықталған. Оның 20 сағаты дінге арналған да, қалған сағаттарында адам анатомиясы, физиология, осы заманғы медицина, халық емі, көріпкелдік, астрология, телепатия сияқты пәндер оқытылады. Осында адам өзін-өзі емдеуді де үйренеді.

– Филиппинде жергілікті тәуіптер пышақсыз операция жасайды, - дейді Зәкең әңгіме арасында. Бірақ оның сыры-қыры бізге әлі беймәлім. Ал, көрші Ресей болса бұл мәселемен 1970 жылдан бері айналысып келеді. Олар бұл бағытта біраз нәрсені меңгеріп те алды. Біз алдымызға емшілерімізді сондай дәрежеге жеткізу міндетін қойып отырымз. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін үлкен емдеу ғылыми орталығы керек. Ол үшін Алматыдан бір гектарға жуық жер алдық. Болашақ ғимараттың жобасы жасалып бітуге жақын. Оның құны қазіргі бағамен 500 миллион тенге. Онда діни медресе, газет редакциясы, баспахана, жергілікті телерадио, асхана, сырттан келетіндер үшін мейманхана болмақ. Бұл бір жағынан қайырымдылық, имандылық орталығы да болар еді. Сондықтан да оның құрылысын тездету үшін жекелей адамдардан, кәсіпорындар мен бизнесмендерден қаржылай қамқорлық көмек күтеміз.

Имандылық орталығы болады дейтінім, қазіргі уақытта адамдардың психологиясы өзгерген. Жаны мен тәні, рухы да таза емес. Ал сол орталық адамдарды имандылыққа тәрбиелеу, адамгершілігін қалпына келтіру орталығы болмақ.

Ең соңында Зекеңнен өзінің қандай ауруларды емдей алатынын сұрадық. Бұл сұраққа жауап бермес бұрын алдымен аурудың өзіне анықтама берді. Ол кісінің айтуынша, аурудың иесі болады. Ол – жын-шайтан. Олар адамның ішіне еніп алады. Ауру ағзасының дұрыс жұмыс істемеуі. Тамыр тарылып, тканьдар тартылады, тартылған жерлердің көзін ашу керек. Ал, жалпы ауру қорқудан, қайғы-қасіреттен, табиғаттың қолайсыздығынан, тұқымқуалаудан, сапасыз тамақтан, дуалаудан, тіл, көз тиюден т.б. пайда болатын көрінеді.

Емдеудің 70 түрлі әдісі болады екен. Ал оның ішінде Зекеңнің өзі емдеудің халыққа қолайлы 12 түрін қолданып жүр. Ол аралықтан (көз алдында отырып емдеу), сөз арқылы, ән арқылы, ақ қағазды зарядтау, ақ қағазға қол қою, визитка (мекен-жайы жазылған кішкентай анықтама қағаз) сурет, жарнамалар, хат, радиосеанс, телесеанс, арқылы және әр адамның жеке қасиеттеріне түсініктеме беру. Соңғысында аурудан жазылу және оны болдырмау, сақтану жолдары түсіндіріледі.

Зекең рак, өкпе туберкулезі, терінің жұқпалы ауруларын, асқынған жүрек ауруларын, қан қысымы, қотыр, есі ауысқандарды, нашақорларды, сал ауруларын қабылдамайды екен. Бұдан басқа аурулардың бәрін – көз, тіл тиген, дуаланған адамдарды, маскүнемдерді, бала көтермеген әйелдерді, көз ауруларын, іш құрылысын т.б. емдейді. Өзі емшілікпен айналысқан жылдар ішінде мыңдаған адамдарды емдеп шығарып, өмір шаттығына бөлеген. Тек өз облысымыздың өзінде ғана емделіп тәуір болған адамдар қатары жүздеп саналады. Мәселен, Дәми Туғанбаева – бүйрек, Ажар Жұмағұлова – зоб, Жұмағалиевтер отбасы – бірнеше аурудан, Ақжігіт Жылқыбаев – жүйке,  Әубәкіровтер отбасы – асқазан,  көз ауруларынан құлантаза жазылып шыққан. Бір ескерте кететін жайт мына жарияланып отырған өлең мен суреттің де емдік қасиеті бар.  Оларды топ болып жиналып та жекелей де пайдалануға болады. Топтап пайдаланғанда жиналған адамдар таза болуы (дәрет алуы) тиіс. Жиналғандар жалаң бас отырмауы шарт. Сонсоң бір адам ортаға шығады да өлеңді асықпай, баппен, мақамына келтіріп дауыстап оқиды. Бұл кезде жұрт көздерін жұмып, терең дем алып, еркін отырып, іштей: - Осы кісіні қолдап жүрген Алланың шапағаты маған да (атын атау керек) тисін. – деп ойлап отыру керек. Өлеңді кіңдіктен жоғары ауырған жерге 5-10 минут жақындатып ұстауға да болады. Жеке адам пайдаланғанда өлеңді қиып алып целлофанмен қаптап қалтаға салып жүруге де болады. Өлең сөзін жаттап алып, өзі жеке отырып (көз жұму, тазалық, бас киімін киіп отыру шарттары сақталу керек) айтуы керек.

Суретпен жеке адамды емдейді. Оны ауру адамның төбесінен сағат тілі бағытымен 7 рет шеңбер жасап айналдырады. Осыны арасына аз үзіліс жасап 3 рет қайталау керек. Немесе, суретті қолға ұстап ауру адамға ілгері кейінді серпіп емдейді. Шошыма, несебі тоқтамайтын баланың төсегінің басына целлофанмен қаптап іліп қоюға  да болады. Облыстық радиодан жазылып алынған ән сеансымен де емделуге болады. Тағы бір айта кетер жай сол – егер осы кісіге емделуге ниет білдіретін адамдар болса шаруашылықтар, мекемелер, ауылдар, тұтастай ауадан болып заявка беруге болады.

 

 

Халық емшілігінің қара нары

 

Мына жарық дүниені білгірлер сынақ өмір деп жатады. Сол тегі рас-ау. Кез-келген адамның ғұмыры ұзақ жол десек, кімнің дәм-тұзы қалай болып, қай жерде таусылатыны тағы бір тылсым. Ертедегі естілер мұны бір-ақ ауыз қара өлеңмен былайша түйіндеген.

«Дүние – бір қисық жол бұрандаған»,

Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған.

Күнінде тоқсан түрлі пәле көрсең,

Сонда да күдер үзбе бір алладан!...

Мен зиялы Зекеңді, бір бойында атақ-даңқын атан түйе тарта алмастай абыройы бар Зиядан қажы Қожалымовты көрсем болды осындай ойға қаламын.

Өзінің айтуынша «патшаның тағы – балалық шағы» өте ауыр болыпты. Отан соғысының отты күндерінде туған ол екі жасында әкеден жетім қалып, бүтіндей бір әулеттің жалқы шырағы ана тәрбиесінде өседі. «Аналы баланың өзі тоқ, анасыз баланың көзі тоқ» дегендей марқұм анасы Өзипа Сыбанбекқызы еліне сыйлы, ақылды, сабырлы, әр нәрсені байыппен шешетін бір рулы елдің  үлкен кішісі ақыл сұрар «Ақ апасы» атанған қасиетті жан еді. Сондай асыл адамның тәрбиесі болар, Зәкең де жастай талапты болды. «Жаста оқыған оқуын – тасқа жазғанмен тең, егде тартқанда оқыған оқуың мұзға жазғанмен бірдей» - деп анасы да білікті болуды құлағына құйып отырды.  Сөйтіп ол мұның орта білім алып, Алматыдағы Ауыл шаруашылық институтының электірлендіру факультетін  ойдағыдай  бітіруін өз бақылауында ұстады. Қиналғанда жол көрсетіп, адалдық, ар тазалығы, кішіпейілділік, имандылық сақтап, әр нәрсені ақылмен шешуді ұдайы ескертіп отырды. Маңдайдағы жалғыз ұлының оқу бітіріп, адал жар құшуын, сәбилі болуын армандаған ана тілегі көзі тірісінде орындалады. Келіні Түймекүлді көргенде «Арманым орындалды, енді мен Аллаға ризамын» – деді. Тұңғыш немересі Ләззәтын иіскелеп рақаттанатын... Одан кейінгі немере-шөберелерін көре алмағаны өкінішті.

Апасы көзі тірісінде о дүниеге аттанарында сүйікті келіні Түймекүлге «Жалғызымның арқасы бар, сен ие бол!» – деп аманат етіпті. Кейін де өзі қасиеті бар келінінің түсіне еніп: «Баламның басына көп қиыншылық келеді, көре алмастық болады. Алған бетінен таймасын. Қайда барса да өзі жалғыз барсын. Оны халқы қорғайды» – деп аян береді. Бұл сәл кейінірек.

Сол екі орталықта жас инженер-энергетик өзі туып-өскен аспан таулар аясында – Нарынқол ауданының Карл Маркс және Калинин ұжымшарында бас инженер-электрик, аудандық электрлендіру жүйесінің бастығы «Сельхозэнерго» кәсіпорнының директоры, т.б. қызмет баспалдақтарынан өтіп үлгерген.

Кәсіби мамандығы бойынша қаншалықты жұмыс атқарғандығынан бір ғана мысал. Оқу бітіріп келген бетте  жастық жігермен Кеген аймағына теледидар тарту үшін Байланыс министрлігіне  келіп, оның телемұнараның орынын анықтап дайын ғылыми ұсынысты сол кездегі аудан басшыларына ұсынады.  Бірінші хатшы Серікбаев мырзаның басында менсінбей қарап, кейіннен ұсынысты қолдап рахмет айтқаны бар. Сөйтіп таулы  өңірге теледидар тамашалау мүмкіндігі осылай туған. Нарынқол ауданының  энергетикалық  қуатының артуына да Зекеңнің сүбелі үлесі сар екендігін ұмытпағанымыз абзал.

Зекеңнің бойындағы бір жақсы қасиет – талапшылдығы мен талмайтындығы. Кемеңгер қаламгеріміз Мұхтар Әуезов: «Қай міңезің қасиет болса, сол міңезің - қасірет» демеп пе еді? Сонау 1989 жылдан  өз бойынан емшілік  жолға біржола өмірін бағыттаушы бел байлайды.

Көп ұзамай туған еліміз де өз тәуелсіздігін алады. Барлық бұрынғы «жабулы қазан» тақырыптардың қақапағы ашылғанда құпияланып келген халық емшілігін де жарыққа шығару қажеттілігі пісіп-жетіледі. Міне, Зиядан аға сол уақыт жалына жармасып, 1991 жылдың желтоқсан айында-ақ яғни қазіргі Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялағаннан соң-ақ дереу ерлік қадамға барып, өзі бас болып, «Қазақстан халық емшілері қауымдастығын» құрды. Әр адамның жеке тағдыры болады, - дейді өзі. Менің де тағдырымның ирек-ирек қисық жолдары болғаны өзіме аян. Бұл – тағдыр сынағы. Одан сүрінбей өту барлық пендеде бола бермесі анық. Өндірістік жұмыспен бүгінгі киелі  орданың жұмысын салыстыруға болмайды. Кейінгісі күрделінің күрделісі. Бұрын айқын бағдарламасы мен жолы да болмаған тыңның тың құбылысы. Қысқасы психологиялық жақтан әртүлі естік ауытқуға ұшыраған  көп ұлттың жасы да, жынысы да, ұқсамайтын тылсым құпиялы азаматтарын бір ортаға жиып, оларға  тәрбие беріп, нақты істі жүзеге асыру оңай болмайды. Бұндай жақсылықтарыма ала көзімен қарап, мен басқарған ұйымды түп-тамырымен жою үшін бұйрық шығарған, шешім қабылдаған жоғары шенді көп салалы ұйымдар шайқасы он жылға жалғасты. Шындық жолындағы  еңбегі қарсыластарды мойындата білді. Олар да ымыраға келді. Ескі көзқарас жаңаны қабылдамай  қиналған сәттерінде анасының аянына сүйеніп:

Күндемегін, ей, досым, күндемегін,

Күндесең де іштен тын, үндемегін.

Іште сақта сырыңды аша берме,

Жүрген жоқсың қасымда күнде менің,– деп жыр жазып, ән шығарып Мұқағали ағасы сияқты Музаға мұның шақты. Бір алланың құдіретімен ақын, сазгер атанып, жазған жиырмадан аса әндері, ондаған терме, толғаулары бұл күнде Қазақ радиосы мен облыстық радиолардың «Алтын қорында». Сөйтіп, бір қиындыққа адалдықтан ауытқымай білім – білігін қарсы қойды. Көп ізденіп, оқуы мен жазуын ешқашан тоқтатқан емес. Қажылық парызын да өтеп келді. Емшілік жолында халықаралық бірнеше форумдар мен конгрестерде көрнекті нәтижелерге қол жеткізіп, бірнеше халықаралық ұйымдардың толық мүшесі болып, тиісті атақ-дәржесін алды. Тіпті 1991 Мәскеуде түсірілген шығыс халық медицинасы туралы кинофильмде басты рөльге түсті. Бүгінде ол қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық ғылыми-практикалық «Халық медицинасы орталығы» бас директорының орынбасары, Қоғамдық «Экология» академиясының академигі, «Үшінші мың жылдықтың үздік емшісі», халықаралық зерттеуші психолог-ғалым атануы ол басқарған Қауымдастықтың әлемдік деңгейде  беделін де танытады. Зекеңнің талмай ізденісінің нәтижесінде 45 басылымды 150-ден аса танымдық мақалалары жарияланды. Ғылыми тақырыпта конфернцияларда сөйлеген сөздері 10-нан аса жинақта жарық көрсе, «Қазақ энциклопедиясында» да ғылыми мақалалары шықты. Әсіресе, өзі он төртінші атадан қосылатын XV ғасырдың ғұлама ғалымы, дала ойшылы, қара үзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ұлы мұраларын халыққа таныстыруда, ғылыми негіздеуде айрықша құлшыныспен еңбек етіп жүр. Бұл бабамыздың мұраларын  насихаттауда  бірнеше ғылыми конференция өткізуге мұрындық болып, туған жері – Шалкөденің Айғайтасының Қарааршасына ескерткіш құлыптасын Қауымдастық атынан қойып, әруағына  бағыштап дұға оқытып, ас беруі де елдік, ерлік шаруа. Тоғызыншы атадан қосылатын  болжаушы, әулие Әлмерек абыздың есімін, ісін қайта тірілтуде қолға алған жұмыстары да қыруар.  Бұл орайда Зекеңнің қаламы да, қарымы да тынбай «Көк тәңірі тұр жебеп» (2000 жыл) әндер мен толғаулар, «Мәңгілік құпия шежіресі» (2001 ж.) ғылыми-танымдық және тарихи-танымдық «Шапағатты рух ордасы» атты кітабының жарық көруі де қауымдастықтың жұмысын жұртшылыққа танытып, шын емші мен жалған емшнің  ара-жігін ажыратуға үлкен септігін тигізуде. Ортақ іске Қауымдастықтың төл газеті «Шипагерлік баян» (2002 жылдан бері шығады) мен осы аттас баспаның да тигізері мол.

Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпіріндегі Алладан қасиет қонған шапағат иелерінің саны ресми тіркелім бойынша 2500-ден асады. Дәстүрлі медицинамен қатар дамып келе жатқан халық емшілігінің атына емделуші жұртшылықтан ағылған алғыста сан жоқ. Осынау «Қабілетті қара нар керек, біздің бұл іске!» – деп Махамбет ақын айтқандай ауыр да абыройлы жұмыстың өрге басады деп сенеміз. Ендеше өмірдегі ақ жолын ертерек адаспай тауып, «Ерте шықсаң алдыңнан күн шығады. Кеш шықсаң алдыңнан түн шығады» дегендей жарық күннін уақытылы тауып, бүгін ел ағасы жас 60-тың асуына шыққан Зекеңнің өзін мерейтойымен құттықтап, алдағы атқарар игі істеріне  толайым табыс тілейміз. «Жақсы жолдың ұзыны жақсы». Сапарыңыз сәтті де ұзақ болғай, – Зеке дейміз біз де оған.

 

ШАРАПАТ ШУАҒЫ

 

Атақты неміс композиторы Л.В.Бетховеннің «Адамның аса зор ерекшелігі – ең қиын кедергілерді жеңудегі табандылығы» деген даналық ойы Қазақстан халық емшілері қауымдастығының негізін қалаған әрі президенті, республика денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ғылыми-тәжірибелік «Халық медицина орталығы» бас директорының орынбасары Зиядан қажы Қожалымұлы сияқты азаматтарға бағытталып айтылғандай.

Хан Тәңірі баурайындағы әсем Текес өңірінде дүниеге келген Зиядан ағаға тағдыр жасынан тауқымет тартқызды. Екі жасында әкесінен жетім қалды, анасы емі шипалы, дұғасы дуалы «Ақ апа» атанған Өзипа Сыбанқызы жалғыз ұлының орта мектепті бітіріп, Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығ институтына оқуға түсіп, қанатының қатаюына қамқор болды. Алматы облысы Райымбек ауданы шаруашылықтарында бас маман ретінде еңбек жолын бастаған табанды жас білімі мен біліктілігін, ізденісі мен қажыр-қуатын туған ауданының экономикасының өрлеуіне аянбай арнады. 1977-1980 жылдары Нарынқол аудандық электр жүйесі мекемесі мен «Сельхозэнерго» кәсіпорнын басқарды, кейінгі он жылда «Алматыэнерго» мекемесінің энергиялық қадағалау инспекторы, материалдық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы, «Қазэлектромонтаж» тресінде аға прораб қызметтерін абыроймен атқарды. Шалға Нарынқол ауданының барлық елді мекендерін электр жарығымен, радиоторабымен қамтамасыз етуде, теледидар бағдарламасын тарту ісінде айшықты қолтаңбасын қалдырды. Әсіресе Нарынқол, Кеген аудандарында теледидар бағдарламаларын тарату үшін Тасашыда, Есекартқанда телемұнара әрі станция салу мәселесін сол кездегі байланыс министрлігіне тікелей қойып, қаншама әкімшілдік-әміршілдік кедергілерге қарамастан оны жүзеге асыруда танытқан табандылығ ұмытылар ма?! Үлкенді-кішілі ауылдарды электр жарығымен қамтамасыз етуден бөлек, мал қыстауларында электр желілерін жүргізіп, малшы қауымының ризашылығын алғандардың қатарында игілікті істің ұйытқысы Зиядан аға да бар.

Киелі Түркістан жерінде туып-өсіп, медициналық жоғары білім алған құдай қосқан қосағы Түймекүл босағасын аттағанда анасы «Жалғызымның жотасы бар, сен ие бол!» деп келініне аманаттаған еді. Өзипа ананың осы батасы қабыл болып, халық емшілерінің ізгі дәстүрін жан жары Түймекүлмен жалғастырды. Талай жандарға шипа шуағын шашып, халқының ізгілікке, қасиетті дінге бет бұруына атсалысты. Республикада құрылған халық емшілері қауымдастығына қиын-қыстау кезеңде басшылық жасады, құрылтай өткізді. Мәскеудегі, Қырымдағы, Гурзувтағы емшілердің халықаралық білімін жетілдіру курстарында оқып, бірнеше халықаралық жиындарда баяндама жасады. 2002 жылы Меккеге барып, қажылық парызын өтеп келді. З.Қожалымұлының тағы бір келбеті – жазу өнерімен айналысуы, ғылыммен шұғылдануы. 150-дей ғылыми-зерттеу, діни-рухани, танымдық мақалалары республикалық, облыстық басылым беттерінде жарияланды. Бір кездері халықты алдап-арбаған «жалған емшілерге» қарсы өзекті өткір мақалаларымен республикалық БАҚ-та батыл тойтарыс берген де өзі. Ең елеулі, есте қалар еңбегі – XV ғасырдағы Қазақ медицинасының үлкен білгірі, қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабының жарық көруіне әрі оның ғылыми зерттеу нысанына айналуына айрықша үлес қосуы. Қазіргі күнде Өтейбойдақ ілімдері мен емшінің қасиеттілігін дәлелдеген бірнеше ғылыми диссертациялар қорғалды. Зиядан қажы бүгінгі таңда «Шипагерлік баян» атты «Қазақстан халық емшілері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің рухани-танымдық газетін ашып, оған құрылтайшылық жасауда. Табандылық пен еңбекқорлық, мақсат жолындағы жігерлілік оның атқарған істерінен байқалады. Соның игілікті нәтижесі – «Көк тәңірі жүр жебеп» атты әндер мен толғаулар жинағы (2000 ж.), «Шапағатты рух ордасы», кітаптарының шығуы. Ал, 2001 жылы «Сөздік-словарь» баспасынан жарық көрген «Мәңгілік құпия шежіресі» кітабы – халық медицинасының қыр-сырына, ғаламның ғаламат жұмбақтарына, ұлттық шипагерлік-емшілік ерекшеліктеріне ғылыми-тәжірибелік тұрғыдан жасалған кең көлемді талдау еңбек. Бұл кітап қазір көпшіліктің ықыласына бөленуде.

Зиядан Қожалымұлы – халықаралық дәрежедегі халық емшісі, халықаралық «Жаңа өрлеу», «бейбітшілікке мәдениетпен», «Парапсихология» және Ресей қауымдастықтарының, Қазақсатан журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан «Экология» академиясы медицина экология ғылымдарының академигі. Жақында халықаралық «III мыңжылдықтың үздік емшісі» алтын меделі мен құрметті дипломын иеленді. Өмірлік серігі Түймекүлмен бірге ұлдары мен қыздарын өсіріп, есейтіп, отау құрғызып, немерелер қызығын көруде. Ізгілік жолында, ұлт рухын көтеріп жүрген қажы, қадірлі азамат, шипагер, жанашыр жан Зиядан Қожалымұлы алпыстың асуына абыроймен шығып отыр. Ұрпақты адамгершілік пен иандылық өнегесіне баулуға бағытталған ізгілікті істеріңіз лайым жалғаса берсін дейміз!

 

ҚҰДІРЕТ КҮШІН ҚҰРМЕТТЕГЕН

 

Халық емшісі, жерлесіміз Зядан Қожалымов туралы сыр Ж. Бікебаев

Дүниеге келген әр адам бала жасынан-ақ айналасында болып жатқан өзгерістерге, аспан әлемінің құпияларына, тылсым дүниенің таңғажайыптарын білуге құштар. Осынау дөңгеленген дүниедегі адамның еркінен тыс ерекшеліктерге, оны танып білуге, болмайтын құпияларын шешіп білуге ұмтылады. Тылсым тіршіліктің терең тұңғиықтарына ой жібереді. Айналадағы айрықша өзгерістердің қалай, қайдан пайда болғанына, түрлі өзгерістерге ұшырауына қызықтайтындығы да шындық.

Зядан да осындай шексіз, шетсіз ойлардың мазалайтындығын ертеден білді. Мектеп қабырғасында оқып жүргеннің өзінде биологиялық, химиялық, физикалық құбылыстар туралы көбіне-көп ойланатын еді. Жұлдыздар әлемі, тартылыс күші, галактикалық таңғажайыптар туралы терең тебіренді де. Сондықтан болса керек, мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының электрлендіру факультетіне оқуға түседі. Ондағы ойы-магнит, электр өрісі, оның пайда болуы, қуаттардың бір түрінен екінші түріне ауысу жағдайын шешуге құмарлығы итермелесе керек.

Жоғары оқу орнын Зядан ойдағыдай бітіріп, еңбек жолын өзінің Нарынқол ауданында 1969 жылы бастады. Жас маманның өз ісіне деген ынта-ықыласы шаруашылық басшыларының назарына ілігеді. Карл Маркс, Калинин колхоздарында бас инженер-электрик болып жұмыс істеді. Одан кейін аудандық электрлендіру жүйесінің бастығы, «Сельхозэнерго» кәсіпорнының директоры қызметтерін атқарды. Тәжірибелі маман атанған Зядан Қожалымов 1986 жылы Алматы қаласына қызметке ауысып, облыстық энергонадзорда, «Спецэнергоремонт» мекемелерінде жауапты қызметтерде болады.

90-жылдардың басында қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістер адамдардың санасына да, дүние танымына да әсер етті емес пе. Осы жылдары ерекше бір сезімталдық күш оның өміріне жаңа бір бетбұрыс әкеліп, жарқын болашаққа жол ашқандай. Өзінің бала жасынан әлем, тіршілік, адам, оны танып-біле алмайтын құдірет күш туралы тебіреніске бастайды. Еркінен тыс бір күш жүрегін тербеп, адамға деген құштарлығын, сүйіспеншілігін, өмірге деген қызығушылығын оята бастады. Адамдар жақсылыққа қол созады. Неге оған жете алмайды? Бақытсыздықтың аяғынан шалып, биікке көтеріле алмай қалатын себебі неде? Әр адамның бойындағы қасиетті кім берді? Оны адамдар неге түсінбейді? Шалыс басқандарға кім көмектеседі? Осындай ойлар жатса да, тұрса да оның санасын жайлап, көз алдынан көгілдір бейне сағымдай елестеді. Адамның адам болуы, дүниеден орнын табуы, бақытқа жетуі Құдірет иесінің қолында. Алланың әмірімен, жаратқанның жақсылығымен болады. Жарқын өмір жалғасады деген сенімге берілгендігі осы жылдар еншісінде. Тәуелсіздік алған кездері дүниеге, қоғамға деген түрлі көзқарастардың, діни ағымдардың, сенімдердің кеңінен өріс алғаны белгілі. Жұртшылық арасында «Мен халық емшісімін», «Көріпкелмін», «Әруақпен тілдесемін», «Келешегіңді болжаймын», «Тәуіппін», «Алланың сенген адамымын», «Құмалақшымын» дегендер бой көтерді емес пе?!. Әрине, олардың айтқанына жүректерімен берілгені де, сенгені де, уағыздарына ұйығандары да кездесті. Сол бір жылдары емшілердің осындай асыра айтып, асығыс жасаған болжамдарына нақты дәлелдермен тойтарыс беру, халықтың ондай әрекеттерге бой алдырмау қажеттігі туындады. Міне, сондай халықтық сенімді жалған жанашырлардан сақтап қалудың жолдарын іздестірген Зядан Қожалымов болды. Емшілік қабілетті сезіну, оны құрметтеу, байыппен қарап, бойыңды таза ұстау әркімнің қолынан келе бермейді. Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерінде айтылған ақиқатты өзінің үмбеттеріне жеткізуді өзіне парыз санаған, Алланың ақ жолын әспеттеген, ақ жолды бәрінен де жоғары ұстаған адамдардың қолынан келетін іс. Мұндай адалдықты, адамға деген игілікті, Аллаға деген құрметті терең түсінетін ойлы, танымдық дәрежесі жоғары адамдар ғана бұл сенімнен шығады. Біздің жерлесіміз әулие-абыз Әлмеректің тоғызыншы ұрпағы. Құрман атадан тараған Зядан аға әрқашан бұл Алланың ақ жолына адалдығын серік ете білді. Қазір оның республикамызда жүргізген халық емшілігіне деген құрметін бойларына ұялатқан адамдарды Атыраудан Алтайға дейін ұшырата аласыз. Біздің бұл шағын мақаламызда оның барлығын айтып, кереметін кеңінен жүрекке жеткізу мүмкін емес. Қысқаша айтатын болсақ, халық емшісі, адамдардың құрметіне бөленген, Алланың ақ жолын үлкен азаматтық санаған Зәкеңді қалай мақтасақ та болады. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының тұңғыш президенті, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Халық медицинасы орталығы бас директорының орынбасары. Ол қоғамдық экология академиясының академигі. Республиканың құрметті халық емшісі. Халықаралық халық емшілерінің толық мүшесі. Осындай биікке өрлеген Зәкең қарапайымдылығын, айрықша адамгершілігін, азаматтығын танытып жүр.

Зядан ағамыздың салауатты өмір салтын, адамгершілік пен имандылықтың, діни танымның, тылсым дүние тынысын танудың, адамның санасынан тыс билік жүргізетін күштің әсер-құпияларын, оның сырларын таныту жолында жүргізіп келе жатқан жұмыстарын әлі көпшілікке жеткізу, насихаттау қажет. Республикамыз ғана емес, барлық мұсылман елдеріне таныла бастаған халық Зейнел-Камал Байжанова, Ермек Мырзагелдиев бастаған олардың шәкірттерін, шапағат шаттықты, салауатты өмірді, баянды бақытты ту етіп көтерген халық емшілерін жұртшылық жүрекпен сезінеді, құрметтейді.

Әрине, имандылық қашан да шапағатқа бөлейді, Алланың рақымына жеткізеді. Осындай азаматтарымыздың арамызда болғанына біз де әрқашан қуанамыз.

 

ХАЛЫҚ ЕМІНІҢ ЖАҢА ҚЫРЫ

           

Халық емінің жаңа қыры адамзатпен бірге жасасып келе жатқан халық медицинасы қазіргі дәстүрлі медицина деп аталып жүрген денсаулық сақтау саласының түп атасы екендігі анық. Алайда, бұл өзі «Тауық бірінші пайда болды ма, әлде жұмыртқа бұрын пайда болды ма?» деген қызық сұрақ тәріздес жұмбақ мәселеге айналып тұр. Неге десеңіз, о баста негізі бір шаруа заман ағымына сәйкес дами келе, екеуі екі арнаға бұрылып кеткен тәрізді. Оны бұрған да кешегі кеңестік идея, оның ішінде атеистік бағыты. Әйтсе де атамзаманнан халық емшілерін құрметтеп келген қазақ халқы алаш көсемі Әлихан айтты деген әзілгі әңгімедегідей – «Маркс айтты екен деп тоқтап қалмады». Жаңа заман жарығы мен техникасының тұяғы жетпеген алыс түкпірдегі ауылдарда қазақтың қара емі, оның дәстүрі үзіліп қалған жоқ. «Басы ауырған бақсыға барды, даулы кісі жақсыға барды». «Тамыр ұстаған дәтке қуат» деп емшілер де қаншама қудаланғанымен, төл жұмысын жалғастыра береді. Десе де халық медицинасы тақырыбы сол күрмеуі күрделі кезеңде өкімет тарапынан мүлдем ескерусіз қалмаған екен. Оған дәлелге – «жылымық» уақытында Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі С. Қарынбаев бас болып, Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көшпелі мәжілісі өтіп, онда халық медицинасын дамыту мәселесі қаралып, тиісті құжаттың қабылдануы. Бірақ сол игі іс КСРО империясында аяқсыз қалып, керісінше, Үндістанда, Қытайда жаңа серпінмен дамыды. Міне, осы ізгі шара еліміз өз дербестігін алған соң қайта жанданады. Біздің елде Қазақстан халық емшілері (ҚХЕҚ), Халық медицинасы Орталығы құрылды. Мұның бірінші қоғамдық ұйым болса, екіншісі Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан құрылған құзырлы мекеме. Осы ел қалаған іске Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та жете мән беріп, өзі қол қойған «ҚР Халық денсаулығын сақтау туралы» заңның 64-бабында Алла тағала берген қасиетті адамдардың медициналық білімінсіз де емшілікпен айналысуына құқық берілді. Бірақ халық емшілері арнайы құзырлы мекемеден лицензия алуы тиіс. «Емшінің ең жақсысы – ауруға ауру қоспаған» десек, бұл талап та орынды. Өйткені, «емші» атанып жүргендердің бәрі бірдей атауына лайық жандар емес. Жеке басын күйттеп, алаяқтыққа салынып жатқандары да жеткілікті. Жуырда Алматыда өткен «Қазақстан Республикасындағы халық медицинасының өткені, бүгіні, болашағы» атты I Халықарлық Конгресте алыс-жақын шет елдік қонақтар да, емшілердің өздері де осы мәселені қадап айтты. Алайда, таңғаларлығы да сол, денсаулық сақтау министрлігінен бірде-бір өкіл қатыспады. Қалалық департаменттен келген өкіл он бес-ақ минут отырды да шығып кетті. Екі күндік конгрестен байқағанымыз, біздің елдің халық медицинасының даму деңгейі жоғары, тіпті құқықтық жағынан қорғалуына Ресей Федерациясындағылар ризашылық айтты. Ең бастысы – халықтың қызығушылығы мол. ҚХЕҚ президенті Зядан қажы Қожалымовқа жуырда Райымбек ауданының «Құрметті азаматы» атағының берілуі де тегін емес. Басқа да емшілер марапаттан құралақан қалмады. Солай бола тұра емшілердің жағдайы әлі де жақсартуды керек етеді. Мәселен, ҚХЕҚ әлі баспанасыз, емшілер де бөлме жалдап емдеуге мәжбүр, салық мөлшерін де қайта қарауы керек тәрізді. Халық медицинасы Орталығы мен Қауымдастықтың жұмысын үйлестіруде де, емшілерге лицензия беру де, емшілердің жұмысын реттеуде де атқаратын жұмыс көп. Бұған құқық қорғау саласының қырағылығы да қажет. Өйткені, лицензиясыз емшілер ештеңеге қарар емес. Олар ешкімді мойындамай, өздерімен өздері жүр. Бәлкім, халық тарапынан өкпе-реңіштің болуы да осындай қадағалаулардың әлсіздігінен болар. Ендеше, тиісті орындар дәстүрлі халық емшілігін кездейсоқ алаяқтардан тазартып, қалыпты арнаға салып, дәстүрлі медицинамен егіз-қатар алып жүруі абзал.

 

ЕҢБЕГІ ЕРЕН ЕМШІ

 

Әлімсақтан келе жатқан халық емшілігінің базбір кезеңдерде саясат салқынынан қағажу көріп, ел жадынан ұмытыла бастағаны да шындық. Ғарыштық қуат, көріпкелдік, болжампаздық, жұлдызнамалық, құмалақшылық, жауырыншылық қияли тірлікке баланып, ем түрінен мансұқталуға дейін жетті. Қағажу көрген бұл салалар қазір де толық мәніне ие емес. Ғасырлар бойы халық емшілігінің әуезбен, балмен емдеу, мануальды терапия, фитотерапия, биоэнергетика сынды шипалық емдерді әлі жетілдіре түсуді қажет етеді.

Негізгі себеп, емшіліктің тарихи бастауы – халық емшілігін тереңдей зерттеудің кемшіндігі деп ойлаймын. Рас, бұл тақырып кейбір емші мамандардың, халықтық шипагерлердің тарапынан зерттеу, ұсыныс, ем ретінде баспасөз бетінде аракідік жарияланады. Бірақ, олар түбегейлі толғамды ем ретінде қолданылып, насихаттала бермейді.

Халық емшілігі жайлы көріпкел, болжампаз бабалардан, шипагер даналардан қалған жазбаша, ауызша тарихи деректер, мол мұралар бар. Олар өркениетті ел мұражайларында, ел есінде сақтаулы. Тек жетпей тұрғаны – соларды мейлінше жинақтап жүйелеу, мәні мен маңызын елге түсіндіру, емдік игілікке пайдалану. Бұл тақырыпқа түрен салып орамды ойларын, пісіп жетілген пікірлерін қалың қазағына мұра етіп қалдырған Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Ақжан Машани сынды, тағы басқа да тұлғаларымыздың қадау-қадау жазбалары бар. Оларда Қойлыбай бақсы, Абылай ханның жұлдызшысы Байыс, Мөңке би, Бекет әулие, Бұқар жырау сынды, өзге де халыққа аты кең жайылған қыдыр дарып, бақ қонған көріпкелдер мен данагөйлердің өрнекті өсиеттері мен сөздері, істері сөз етіледі. Қазақ ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлер тарапынан айтылған болжампаздық, көріпкелдік, жұлдызнамалық, құмалақшылық тағы басқа да қасиетті емдік бастаулар қаншама. Шығыс медицинасынаң аталары саналатын екінші Аристотель атанған жерлесіміз Әбу Нәсір Әл-Фараби, Бұқара, Самарқанд, Хорезм тағы басқа шаһарларда атақ-даңқы жер жарған Ибн Сина, туған жеріміздің төл перзенті Өтейбойдақ Тілеуқабылұлын, XV ғасырда өмір сүрген француздың жұлдызшы сәуегейі Нострадаумсты, болгарлық Ванга әжейді халық емшілігі жолындағы көріпкелдер, болжампаздар, керемет иесі деуге болмай ма?!

Иә, қиын қыстауы бар халық емшілігі жайлы, тарих қойнауына сіңген атақтары аңызға айналған емшілер жайлы мысалдарды ұзақ жыр сонар етіп айтуға болады. Ендігі мәселеміз – бедерлі тарихы мен қасиетті емі бар дәстүрлі халық медицинасын жандандыра түсу. Оның оңтайлы жолдарын қарастыру мен жетілдіру. Осы мәселенің қанат жаюына билік пен медицина саласындағы басшылардың, көпшіліктің мейлінше назарын аудару.

Сөз реті келген соң өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Қазақстан халық емшілерінің ассоцациясын құрған, қазір сол құрылымның президенті, халық медицинасы жайлы жазған 10 кітаптың авторы Зядан қажы Қожалымовты айрықша сөз ету жөн сияқты.

Алла, дін жолы, Құран-Кәрім, емшілік туралы жазылған әркездегі Батыс, Шығыс әдебиеттерін терең зерттеп, өз дүниетанымын биік қалыптастырған ғылымгер азамат қазақи халық медицинасының кенжелеп қалғанын аңғарады. Оны көтерудің сара жолдарын іздестіреді. Көне жазбалардан, мұражайлардан, ел аузынан, білікті ғалымдар мен ғұламалар шығармашылықтарынан деректер жинайды. Оларын салыстырмалы тәжиірбелік әдістермен зерттейді, нәтижесінде көптеген құнды қорытындылар, түйіндер жасайды. Мысалы, оташылық пен құмалақшылықтың тұқым қуалайтын құпиялы қасиет екенін, тамыршылықтың тұқым қуалып, әрі оқып-үйренетін ілім екенін, көріпкелдік пен телепатияның бір-біріне тәуелділігін айғақтайды. Көріпкелдік, болжампаздық, жұлдызнамалық, жауырыншылық, әуез терапиясы, балмен емдеу, мануальды терапия, биоэнергетикалық, фитотерапиялық емдер жайлы да жүйелі түйіндердің жүлгелерін айшықтай түседі.

Ауруды берген Алла оның емін де берген. Тек жөнін, жолын таба білу керек. Осы қағиданы бағдар тұтқан Зядан қажы Қожалымов ғылыми медицинамен салыстыра отырып, халық емшілігін зерттеуге, елімізде оның емшілік құрылымын жасақтауға айрықша ізгі ниетпен кіріседі.

Халық шипагерлігі халықтың қанымен аралас, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін тектік қасиет, қазақ халқының шипагерлік ілімін дамытуда XV ғасырда өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының да орны бөлек. «Менен  ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ» деп өсиет ретінде қалдырған бес мың беттік қолжазбасында ол дала тәжірибесі арқылы көптеген емдердің түсін түстеген. 1108 түрлі дәрі-дәрмек түрін, 858 түрлі дәрілік өсімдік пен базбір жан-жануарлар мүшелерінің емдік қасиеттерін анықтаған. 1050 түрлі шипа ем атын, 4577 шипалық дәрілік рецепт әзірлеген. Адамның сыртқы және ішкі ағзаларының анатомиялық тұлғалық атауын жазып қалдырған.

97 жыл ғұмыр кешіп, 1485 жылы дүние салған, әз-Жәнібек хан тарапынан «Қараүзген шипагер» атанған Өтейбойдақ Тілекқабылұлының ізденісті еңбегі терең білімді Зядан қажыға айрықша шабыт бергені даусыз. Халық емшілігінің тынысын ашып, өшкенін жағып, ел игілігіне ұсынуды мақұл көруі – қалың көпшілік тарапынан асқан алғыс сезімімен қолдау табуда. Арғы жылы Шымкент, ал былтыр Түркістан қалаларында өткен форумға 500-ден астам халық емшілері қатысты. Тәжірибе алмасты, ой-пікір бөлісті. Ел ішіндегі дуалы ауыз емшілерді іздестіру, оларды біліктілігіне қарай санатқа бөлу, марапаттап отыру, білімін жетілдіру, тәжірибелерін кітапша етіп насихаттау сияқты іргелі істер де қолға алынған. Бұл қадамдарға жұмсалар қаржы көздерін табу жайы да қарастырылған. «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» өсіп-өркендеу жолдарының түбегейлі даму жоба-жоспарын жасап, бірнеше жүздеп саналатын халық емшілері сарбаздарын бір ұяға ұйымдастырып, терең де мәнді тәрбиеге бағыт беріп отырған Зядан қажы Қожалымовқа, оның көмекші әріптестеріне, халық емшілеріне ел, қоғам тарапынан жемісті жетістіктер тілеу жөн. Бұл бірліктің және түсіністіктің нәтижесіне баланары даусыз. Болашағы бар деп есептелетін халық емшілігі қолдаушысы нәтижесінде өркениетті болмақ.

Қазақстан халық емшілері ассоциациясы тарапынан ұйымдастырылып, үстіміздегі жылдың 24-26 шілдесі аралығында Тараз қаласында өтетін «Қазақтың ғалым-шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (XV ғ.)» атты VI-халықаралық конгресінде де ұлтымыздың мақтанышына айналған төл перзентіміздің іргелі ізденістері мен оның қазіргі кезеңге дейін жеткен жемісті арналы ағыстары, болашағы жан-жақты сөз болары даусыз.

Мейірбек Ақынбеков, Қазақтанның құрметті журналисті.

 

 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14 15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32  33  34  35  36  37  38  39




вверх