орындалған Аманат
26
 Главная          Вернуться          Предыдущая          Следующая 

БАҚСЫЛЫҚ ӨНЕРІ

 

Бүгінде адам баласының бойында кездесетін құпия сиқырлы қасиеттер әлі де түйіні табылмаған құбылыс екені белгілі. Әр ұлттың бойында өзіне тән ерекшелігі болатын осынау құбылыстың шешімін табу жолында қаншама еңбектеніп, жан-жақты зерттеу жасалғанмен, оның құпия сырына ешкім де жете алар емес. Қазақ халқы бақсылық өнері оның пірі Қорқыт атадан бастау алады, бұл өнердің негізін қалаушы да Қорқыт ата деп білген. Бақсы – бойында құдіреттің тылсым күші бар, ол ішкі дүниесімен сезіне отырып, сыртқы әлемнің “рухтарымен” байланысқа шығатын сиқырлы өнерінің иесі. Бақсыларда аралық телепатиялық байланыс жақсы дамыған. Дегенмен, бақсылардың бәрінің білімділігі, сезімталдығы, талғамы, көріпкелдігі, болжампаздылығы әрі бойындағы әдептілігі бірдей болмаған. Әр халықтың және аймақтың өздеріне тән бақсылық өнерінің ғажайып түрлері болған. Бақсының бойынан сазгерлік, ақындық, емшілік, көріпкелдік, болжампаздық, сәуегейлік, құмалақшылық қасиеттерімен қатар, сынық салу, тамыр ұстау, шөптен дәрі жасаумен бірге діни сенім жолдарымен (иландыру, көшіру, шақыру, ұшықтау, аралату, арбау т.б.) сияқты сан түрлі емдеудің әдіс-тәсілдерін меңгергендігін халық ежелден біліп, оларды ерте заманда жоғары бағалап зор құрметпен қараған. Бірақ, XIII ғасырда Өзбек хан бақсыларды тірідей азаптаса, одан кейінгі еліміз тәуелсіздік алғанға дейін олардың азаматтық құқылары шектеліп, өз қасиеттерін ашық көрсетуге тыйым салынды.

Бақсылық өнер – Қорқыт атадан бастау алса, ал бақсылардың бас бақсысы деп халық Қойлыбай бақсыны атаған. Бақсылардың күштісі мен нашары да болады. Бұрынғы бақсылар өте салауатты, білгір болса, бүгінгі бақсылар қалтаның қалыңдауын көбірек ойлайды. Сондықтан да олар өз қасиеттеріне сай шала, бала, жалған, жасанды, жынды және таза бақсы деген атақтарға ілігуде. Бақсылар аурудың иесі “зұлым рухтар” деп, олардың қатарына албасты, көңаяқ, жезтырнақ, сөрел, орман перісі, жын және шайтандарды жатқызған. Осыларға қарсы бақсылар өзінің перілері мен жындарынан құрылған әскерлері көмегі арқылы “зұлым рухтарды” ауру адамның денесінен қуып шығу үшін зікір салып, Алладан  көмек сұраған.  Бақсылар көбінесе қыл қобыз, домбыра, аса таяқ т.б. сазды аспаптардың және әртүрлі қару-жарақтардың (қамшы, пышақ, темір, қанжар) көмегімен дыбысты күшейтіп шығару үшін темірден жасалған сылдырмақтарды пайдаланған. Бақсының өзіндік әуені, үндік ырғағы мен сазы болады. Олар кейде түсініксіз сарындар арқылы әндете кетеді. Қазақтың бақсылық өнерін зерделеу XVII ғасырдан басталады. Қазақтың ғалым-жазушылары Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Диваев, Қ.Жұбанов, С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамбетұлы, Ә.Қоңыратбаев және орыс ғалымдары А.Янушкевич, Б.Зелинский, И.Кастанье, А.Левшин, В.Карамзин, Г.Потанин, Н.Пантусов, В.Васильев зерттеулері бақсылық өнерінің жазбалық негізін қалады. Музыка зерттеушісі Б.Г.Ерзакович бақсы әні сарынын нотаға түсірді. Тарихта аттары аталған “Ұлы бақсы” – қара бақсы (VI-VII), Тіней бақсы, Асфандияр бақсы, Ізтілеу бақсы, Дархан бақсы, Әбу бақсы, Әжібай бақсы, Кенжебай бақсы, Дәулет бақсы, Омар бақсы, Ноғайбай бақсы, Сыламбек бақсы, Шақар бақсы, Әукен бақсы, Бекберген бақсы, Малбике бақсы, Салтық бақсы, Қара қыпшақ Қобыланды бақсы (батыр емес), Ырғызбай бақсы, Жамансарт бақсы, Берікбол бақсы, Арғын Досмырза бақсы және “Бақсылардың бақсысы” Қойлыбай бақсы бақсы өнерінің қайта келмес зор тұлғаларына айналды. Бүгінде, қауымдастықпен тікелей байланыста болған Нарынқолдықтар Тілеген бақсы, Қырғызбай бақсы, Қали молда бақсы (марқұмдар) және Саржаздық Машуровтар - Оразақын бақсы, Сатқынбай бақсы, Алматылық Сембаев Айтқұрман бақсы, Келдібеков Мұрат бақсы, Астаналық Әбуова Қантай бақсы, Талдықорғандық Бекқожаев Құмар бақсы, Тараздық Мыңбаев Бектұр бақсы, т.б. бақсылардың бойындағы қасиеттерінің таза әрі жоғары екендігі анықталды. Бақсылардың бойындағы ғажайып ерекшеліктердің кейбір дін өкілдеріне ұнамауына қарамастан, осы бір құпия құбылысты  зерттеп, ғылыми тұжырым жасайтын уақыт жеткен сияқты.

 

 

РУХАНИ ШИПАГЕРЛІК

 

Бүгінде адамның рухани танымы мен сезімін оятуда, Жаратушыға деген иман келтіруін тұрақтандыру мен дене сырқатына шипалық ем жасауда рухани – дұғалық шипаның маңызы арта бастады. Атеистік сенімнің жойылуы әр түрлі діндегі адамдардың Құдайға сенімін арттырып, олардың сырқаттарын жоюға арналған діни дұғалық емге деген талаптары да артуына байланысты, рухани дұғалық шипа саласы қызметі де дамуда. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде сырқатқа шипа сенім арқылы Алладан болатынын айтқан. Бұл рухани шипагерліктің таза сенім, өзін-өзі иландыру арқылы жүзеге асатын шипалық ем екенін айқындайды.

Адамның сенімі мен танымының жақсы нәтижелері оның санасына ғана әсер етіп қалмастан, ішкі рухани сезімінде де зор өзгерісті тудыра алады. Рухани шипагерліктің негізі де осы тану мен сену және сезу мен қабылдау жүйесі бойынша орындалатын, өзіңді-өзіңе иландыру арқылы ойша іске асырылатын, сананы дамыта отырып, денсаулықты жақсартудың шипалық жолы. Рухани шипагерлік жүйесіне Құран дұғаларымен емдеу, медитациялық әдіс-тәсілді пайдалану, өзін-өзі иландыру және жоғарғы Жаратушыдан көмек сұрау байланысы арқылы т.б. әдіс-тәсілдерін атауға болады. Мәскеуде шыққан Халық медицинасының толық энциклопедиясында: «Дұғаның маңызы зор. Ол адамның рухын өмірдің ең биік қайнар көзімен байланыс жасауға әсер етеді. Дұғаның ең қажеттілігі сол, ол Жоғарғы Жаратушымен оның арасын жақындатады. Дұға жолы өте жауапты да...», - деген анықтама беріледі. Бұл анықтама да сенім мен сендірудің немесе шипагер мен емделушінің ара қатынасындағы сенімділік ғана рухани емнің нәтижелілігін айқындап береді.

Рухани шипагерлер өз өмірінде ойының шешімімен емдік жүйесін діни сенімді басшылыққа ала отырып, бір Жаратушыдан шипа сұрап, әрі сырқат адамды емге иландырумен, сырқаттың ішкі организміне қозғалыстық өзгеріс тудырады. Д.Шэйноу: «Әр адам өзіне көп сену керек. Бұл сенім оның сана, тән және рухының тазалығының жоғарылығына байланысты. Бұл ішкі дыбыс, сезім және ойға тәуелді. Сенім – ол жетістік», - деген пікірін ұсынады және әдебиетте де осы идеяға жақын пікірлер айтылады. Бұл да дұрыс идея сияқты. Қасиетті Құран дұғаларын оқып сырқат адамның денесіне дем салғанда немесе белгілі заттарды дұға күшімен магниттеп пайдалануда оң әсерлер байқалғаны сезіліп, дұғаның оң қуаттық әсерлік күшінің барлығы сезіледі де, дененің сырқат мүшесінің оңалуға қарай көрініс беретіндігі бүгінде халықтық және ғылыми шипагерлік саласында нақты нәтижесін беруде. Құран дұғаларын оқығанда оның үндік ырғағына, естілуінің жіңішке, жоғары немесе бір қалыптылығына қарай пайда болатын оң қуаттық өрістің аумақтық әсерлік күші де әр түрлі болады. Құран дұғаларын ритм ырғағымен дауыстап оқығанда дыбыс үнінің жоғары тондылығы мен жүйкеге жақсы жұғымды әсерінен, жүйке де тебіреністі ырғақты жүйкелік ауытқуларда қозғалыстық өзгерістер болатыны, денеде сергектік сезіліп, сырқаттың көңіл-күйі көтеріліп, ұйқысы жақсарып, асқа деген тәбеті артатыны анықталып, тұжырымдамалар жасалуда. Шипагерлердің биоқуаттық өрісінің өлшемдері де әр түрлі болады.

Шипагерлердің діни сенімдік сауаттылықтары мен шипалық емдік стилдерінің білімділігіне қарай, жеке шипагерлер емдерінің емдік әсері қысқа, орташа немесе ұзақтау болып сырқатқа әсер етеді. Діни жолмен дұғалық шипалықты тәжірибеден өткізген нәтижелерге сүйенсек, биоқуаттық өрісі өте күшті шипагерлердің алғашқы сеансында сырқаттың кері қайтуына әсері белгілі болды.

Ал, көптеген шипагерлер емінің нәрсіз немесе ұзаққа созылуы олардың биоқуаттары өрісінің аумақтық әсерлері өте төмен және діни сауаттылығы мен емдеу мәдениеттілігінің нашар болғандығынан дерлік. Дұғаның емдік қасиетін алғаш пайғамбарымыз Мұхаммед /с.ғ.с/  періштелердің берген аяны арқылы дұғаларды оқып дем салумен сырқаттанған адамға және өзіне де көмек жасағаны діни еңбектерде айтылады.

Дегенмен, пайғамбарымыз бастаған ұлы істі оның сахабалары мен діни оқымыстылар  Құранның әрбір аяттық дұғаларының жеке-жеке қасиеттерін ұзақ жылдар бойы зерттеп, оның неше алуан құпияларын ашып бере алды. Құранның «Килшені саадат» дұғасының қасиеттері жөнінде дұғаны жазушы әрі зерттеуші Әбу Үһайра р. Әнһу былай дейді: Әзіреті Жәбірейіл Алланың әмірімен Әзіреті Расулге келіп: Алла сізге сәлем айтты, періштелер көп-көп салауат айтты. Сосын Алла сізге былай деді: «Расул мен үмбеттері үшін сыйлық жібердім, бұл өзге пайғамбарлар алмаған сыйлық. Я, Мұхаммед, бұл дұға тілектің атын «Килшені саадат» деп атайды.

Бұл дұға да елу түрлі қасиет бар. Ал оған сенбеген адам кәпір болады»,- деді. Осы Килшенін саадат дұғасы елу бөлек болғанымен бәрі де «Аллаһуммадан» басталып, «иа рабби» мен аяқталады. Бұл Алланың құдіретімен осы дұғаға  енген  құпиялы қасиет екенін білдіреді.  Мәселен, Бұл дұғаның бірінші қасиеті:  Біреудің басына қиын іс түссе, жұма күні түс ауа тұрып  ғұсыл жасап, жуынсын. Дәрет алсын. Екі ракат намаз оқып, жүз бес рет төмендегі килшенін саадаттың бірінші бөлігін оқысын. Алланың әмірімен іс оңалады. Егер іс «оңғарылмаса»,- дейді Әзіреті Асан Басырй р. Әнһу ол кісі қиямет күні менен дауласын»,- депті. Дұға:«Аллаһумма антар раббу уа анал абду фаман надыуул абда иллар рәббу иа рабби».

Екінші қасиеті жөнінде: ислам ілімін білу жөніндегі оқылатын дұғалықты Әзіреті Баязит Бастами р. әлейһі, Үшінші қасиеті туралы: дұшпанның қауіп-қатерінен сақтану дұғасын Әзіреті Қожа Ахмет сұлтан Арыфин, ал басқа да қасиеттері жөнінде Әзіреті Ысқақ Әбу Қадыри, Әзіреті Шайық Занжани р. әләиһ, Әзіреті Әбу Ханифа Имам Ағзам, Машайықтар Сұлтан Ғалижу, Бибі Раби ан Басри, Сұлтан Шайх Бахауддин Құддиса тағы басқа ғұламалар да егер біздің айтқандарымыз бойынша тілек тілеген адамның тілегі орындалмаса: «Ол кісі  қиямет күні маған даугер болсын»,- деп ант етеді. Қасиетті Құранның дұғаларының көмегі арқылы шипагер рухани шипагерлікті жүзеге асыруда, шипа алушының бір құдіретті күш барына сенімі оның сенімсіздік ойын ығыстырып денсаулығының жақсаруына және жаңа қуатқа ие болуына әсер етеді. Ауру адамның алдымен өзінің жеке шешімін нақтылап алуы оның дертінен арылудың уақытын қысқартып, тез арада жазылуына ықпалы зор болады. Бұнда сырқат адам өз ойы арқылы  жазыламын деп ойлайды, қабылдайды, ішкі және сыртқы сенімін арттырады. Өзін-өзі иландыру  жүйесіне көшеді.

Осыған байланысты рухани шипагерліктің де жеке құпиясы да шипалық емге деген емделушінің таза ойы, сенімі, қабілеті мен жүйкесінің мықтылығына байланысты екені шипагерлердің шипалық емдік тәжірибелерінде анықталуда. Нақты сеніммен келген ауру адам тез оңалатыны, ал күмәнмен немесе байлығы мен мәнсабын міндетсіп келгендердің емі баяу немесе емі жүрмейтіні байқалуда. Әр адамның ойында сенім мен күмән ұдайы қатарласа өмір сүреді. Күмән қаншалықты күшті болса, ми жасушалары солғұрлым тезірек өзгеріске ұшырап, оның қызметі нашарлай бастағандықтан, адамның жалпы өміріне әсер етеді. Ал сенім әр қашанда  күмән мен адасудан арылтады. Адам өзін-өзі еркін тәуелсіз басқару мен бақылау қабілетіне ие болады.           Діни ғұлама Кхвадже Шамсуддин Азими рухани шипагерлік туралы: «Сенімділік –  сенімсіздік сияқты адам тәрбиесінің негізгі бір бөлігі болып қызмет ететіні жәйлі  ұмытпағанымыз жөн. Дін тілінде ол – күман мен сенім деп аталады. Алла сенімсіздікті жақтырмайды, керісінше мықты және орнықты сенімге ие болуға шақырады. Қасиетті Құранда «Шыныменен осы кітап Жаратушының бар екендігіне» сенетіндерге нұсқаушы да» - деп тұжырымдайды. Құран дұғасын біліп және оқи алатын барлық шипагерлердің шипалық емі бірдей болмайды. Кейбіреулерінің емі қонбай емдеу уақытын ұзарта береді. Ауруды зарықтырады.

Мәселе, дұғаны оқығанда емес, оның емдік кілтінің пайдалану негізін білуде. Құран дұғаларының емдік шипалық қасиетін арнайы сандық құпиясы бойынша пайдаланатын рухани шипагерлік жүйесі де іске аса бастады. Барлық әліпбидің әріптері белгілі бір қуатты бойына жинақтаған. Бұл өте күрделі әрі жауапты емдік рухани шипалыққа жатады. Сандардың жұмбақ мағынасы да бір Аллаға ғана белгілі.

Бұл жүйені «АБЖАД» немесе барлық ілім кілті жүйесі дейді. Қазақ елінде алғаш «Абжад» ілімін зерттеп арнайы «Абай және әл-Фараби» кітабын жазған шығыстанушы ғалым, профессор Ақжан Машанов болатын. А.Машанов өз уағында «Абжад» ілімін меңгерген діни маман жоқтығын да айтқан-ды.

Ғалымның шәкірті тараздык Әл-Бестереки Есенбайұлы Әмірбек қажы ұстазының ілімін ары қарай жалғастырып, адамның сырқатын емдеу саласында пайдалануға ұсынып, «АБЖАД – барлық ілім кілті» - деген жүз беттік кітабын 2002-жылы баспадан шығарды. Діни ілімді зерттеуші Ә.Есенбайұлы әрбір Құран сүресінің емдік, қорғаныстық қасиетіне, бір сөзіне, жеке әрпіне сауатты ілімділік болмай, оның құпиясын шешу мен пайдаланудың да қиын екенін ескертеді. Құран аяттарының сандық «Абжадтық» белгісі оны құрайтын жеке әріптердің сандық бірліктерінің қосындысынан тұрады. Мәселен, А-1, б-2, д-4, х-8, н-30, ш-300  тағы осы сияқты жеке әріптердің сандық мәні болады. Дінтанушы Ә.Есенбайұлы бұл ілім жөнінде жеке анықтамасын: ««Абжад» бүкіл Құран, Мұхтасар сияқты кітаптардың, Шариғат, Тариғат, Мағрифат ілімдерінің ақиқаты болатын ілімдерді құлыптап аша алатын, бекіте алатынын білген адам үшін үлкен бір кілт. Оны кілттеген адам аша алатын дәрежеге жетуі керек»,- деп түсіндіреді.

 «Абжад» ілімі жаңадан ене бастаған рухани ем жүйесі. Оның көмегімен сырқат түрін анықтауға, емдеуге және адамға қорғаныс қоюға болатынын рухани шипагерлерден емделген жандар анықтамаларын беруде. «Абжад» тәсілімен адамның ауруын анықтау үшін, егер ер адам болса-шешесінің, ал әйел болса-әкесінің атын өз атына қосып әріпке бекітілген сандармен есептеліп шығарылады да, оның қосындысын жетіге бөледі. Осы бөліндіден қалған қалдық саны оның туған күні болады. «Абжад» шешімі бойынша оның ауруы мен сәттілігіде сол күні пайда болған деген шешім қабылданады. Одан кейін дұғалық «Абжад» жүйесі емі жасалып, сырқат бақылауға алынады.

Осы «Абжад» тәсілімен сиқырланған, дуаланған сияқты дейтін, сыры әлі ғылымда ашылмаған құпия аурулардың да шешімін табуға болатындығы туралы діни кітаптарда айтылады. Әрине «Абжад» ілімі өте күрделі, қиын және таза ілімділікті қажет еткенімен, бәрібір келешекте рухани сауықтыру саласының ең басты тәсілдеріне айналарына күман келтіруге болмайды.

Шипагердің ары, тәні мен жан тазалығы оның шипалық емінің нақты көрсеткішін арттырады. Барлық діндерде өзіндік емдік шипалық дұғалары  бар болғандықтан, рухани /діни /  шипагерліктің жалпы дін саласына ортақ қатынасы бірдей екеніне күмән келтіруге болмайды. Барлық діндерге сенім білдіретін адамдардың бір Құдайға деген сенімдері де ортақ болғандықтан да, олардың ішіндегі ауру адамдардың сырқаттарын емдеуде немесе емделуінде олардың шипалық дұғаларын діни сеніміне қарай қасиетті кітаптарда бөліп көрсетілмеген. Әрбір сырқатты адам  сенімді түрде өз еркімен әр түрлі діндегі шипагерден дұғалық рухани шипа алуына шектеу қойылмаған. Қысқасы шипаның қонуы – емделушінің жеке сенімі мен берік шешіміне тікелей байланысты болмақ.

Пайғамбарымыз Мұхаммед /с.ғ.с/: «Дұға – ғибадаттың ең маңызды бөлігі» – деген. Өйткені дұға қысылғанда – қуат, қиналғанда – демеу, сырқаттанғанда –  тілеу мен шипа болатын, өміріңді нұрландыратын құдіретті күш иесі сияқты қасиеттерге ие екенін діни сенімі мол адамдар сезіп мойындаса, ал ертедегі ғұлама діншілдер де Құранның әрбір дұғасының бірнеше ондаған қасиеттерін ашқан әсіресе, оның емдік ерекшеліктеріне арнайы тоқталған.

Дінтанушы Түркістандық ғалым Құрбанқожа Сансызбай өз танымын былай тұжырымдайды: «Дұға сөзіде арабша болып «тілек» деген мағынаны білдіреді, яғни, бір кісі  дұға оқу арқылы Алла тағаладан өзі немесе басқалар үшін тілек тілейді» - деп түйіндейді. Сырқатқа дауа дұғаларды алғаш халыққа таныстырған ғалым Н.Өсерұлы «Дұғалар», дінтанушы-ғалым Құрбанқожа Сансызбай, дінтанушы Мұзапар Құттықожаұлы Қарашайық /«Шығыстың құпия ғылымы», «Нұрнама», «Дертке дауа дұғалар», «Исми Ағзами», Н.Айтжанов /«Дұғалар қасиеті»/ және Алматылық зерттеуші  ғалым  З.Қожалымовтің «Рухани емшілік ғаламаттары» /А: Шалкөде, 2006. - 189 б./ тағы басқа да авторлар еңбегінде шипалық дұғалардың ерекше емдік қасиеттерін таныстыра отырып, рухани шипагерліктің өркендеуіне үлестерін қосуда. Ең алғаш Құран дұғаларының ерекше шипалық қасиеттерін пайғамбарымыз Мұхаммед /с.ғ.с/ өзі науқастанғанда немесе жын-пері мен дұшпандарынан сақтануда Құран аяттарының дұғаларын оқитыны жөнінде Әзіреті Айша ана: «Пайғамбар әзіретіміз әр күні жатар алдында «Ықылас», «Фалақ», «Нас»  сүрелерін оқып, екі қолына дем салып, кейін сол мұбарак қолдарымен үш рет мәсих тартып, басына бет-жүзіне тартар еді» десе, ал Имам әл-Бухариден: «Пайғамбарымыз бұйырыпты, жатар алдында «Аятіл Күрсіні» оқы. Сонда сені ұйқыдан тұрғаныңша Алла тағала баяндайды [барша бәле жаладан, шайтаннан өзінің панасында сақтайды» -деп .

Адамның ең басты бақыты мен мен байлығы – ол денінің саулығы екендігін ата-бабаларымыз ертеден-ақ білді, сақтанды, қорғанды, емделу жолдарын іздестіріп тапты, байытты оны ұрпақтан-ұрпаққа мұралыққа қалдырды. Содықтан да халықтық шипагерлік өнері мәңгі халықпен бірге жасасып, өзінің істілі мен  шипалық емдік тәсілдері арқылы осы заманғы ғылыми медицинананың бір бөлімінің қалануына толық материалдық негізі болды.

Осындай ірі идеялы қағидалардың шипалық  емі зоры да діни-рухани шипагерлік екені ертеде дәлелденсе, ал бүгінде бұл нағыз ұтымды әрі қарапайым психорухани мәдени емдік  жүйеге айналды. Мұхаммед /с.ғ.с/ пайғамбарымыз өзінің «Өсиет Хадистерінде» денсаулық жөнінде  былай өсиетнеме ұсынады: «Деніңіздің саулығы үшін әрдайым Аллаға жалбарыныңыз». «Сабырлық пен денсаулық – екі үлкен тарту, бірақ көп адам олардың қадырын білмейді».  «Науқасты емдеу –  Алла тағаланың әмірі. Емнің шипалы болуы –  Алланың шапағатынан» және « О, Алланың пенделері! Емделіңдер, өйткені Алла Тағала  кәрліктен басқа кеселдің бәріне де шипа ем жаратқан»» - деген өсиетнамасын білу өте қажет боларын ескертеді [78, 49 б.].

Алладан адамның дұға жасау арқылы тілеу жасауы жеке басына, отбасына, ұжымына, еліне  және тағы басқа мақсаттарға арналуынан оң нәтиженің болатынын тек ғана емшілер емес, ғалымдар да тәжірибе арқылы анықтауды әлемдік сипатта жалғастыруда. Қаншалықты асып тасыған пенде болса да,  бір нәрсеге /денсаулыққа,  нәрестеге т.б./ зару болуы мен дұшпаны табасынан құтылу жолын іздейді.

Оған емдік шипалық дұғаларын жоғарыда аттары аталынған авторлардың еңбектерінен табуға болады. Шипалық емдік дұғаның күшінің артуы мен әсері оны оқып ұсынатын адамның діни танымының сауаттылық дәрежесіне, оқу мақамына, қайталау мәніне және ары мен жаны тазалығына тікелей байланысты болады. Рухани емнен кейін сырқат адамдардың биоөрістік  қуатында оң өзгерістік болып тез артуына және жеке өмірде де әсері күшті болатынын АҚШ, Еуропа т.б. елдерде ғалымдар өз тұжырымдамаларын баспа беттерінде хабарлап келеді.

Дінтанушы Оңғар Өмірбек дұғаның емдік қасиеті жөнінде былай дейді: «Жекелеген дұға мен оның қадір-қасиеті хақында бәрі де Құраннан алынған аяттар. Алланың сөзі жазылған қасиетті емдік дұғалардағы тылсым күш-қуаттар біз үшін сырлы жұмбақ болып қала бермек. Бар сыры бір Аллаға ғана аян. Ал пенделер үшін жұмбақты ашар кілт қайда, оны қалай иемдену керек?Бұл енді сан қырлы күрделі дүние. Ол ешкімнің де қолынан терең білімсіз оңайлықпен түспек емес. Жұмбақ әлем сонысымен де қызық әрі ғажап» - деп тұжырымдайды.

 Адам өзінің ойлау қабілетін бақылай алатындықтан да жеке сенімі арқылы емдіктің шипалық нәтижесін сезіп, бір шешімге келу қабілетіне ие бола алады. Рухани шипагерлікте дұғалық қолданыстық тәсілі ем алушы сырқат адамның биоқуатын өзгертіп, оның мөлшерін арттырып, жағдайының жақсара бастауына күшті қуат беруші рөлін атқаратынын аңғартуда. Бұл құпиялықтың терең сыры ғылымда әлі толық шешімін тапқан  емес.

Себебі,  шыбын жанды беретін де әрі алатын да – Алла. Алланың сөзімен жазылған Құран аяттарының дұғаларының емдік шипасы да бір Аллаға ғана тән тылсым құпиясы болмақ. Өйткені дұға ғана пендені Жаратушымен байланыстыра алады. Жаратушы тілек тілеушінің ниетін қабыл етіп, ізгі арманына жеткізе алады. Бұны сол Жаратушыға жалбарынушының белгілі уақыттан кейін жағдайының оңала бастағанынан  аңғаруға болады. Бұл жөнінде Имам Әл-Ғазали: « Біреу, «Аллаһ тағаланың белгілеген тағдыры өзгермейтін болса, дұға етудің не пайдасы ба ?», - делінсе, адамның басына туатын бәлені дұғамен қайтару тағдырда белгіленгенін білген жөн. Қалқан қаруды қайтарғанға, су өсімдіктің шығуына себеп болғанындай, дұға да бәлені қайтарғанға және рахметтің нәсіп болуына себеп бола алады... Аллаһ тағала «Ниса» сүресінің 102-аятында:  «Олар сақтық шараларын қамтамасыз етіп, қарулансын», - деген. Осыған сай Ол бір істің болуы мен оның себептерін  белгілейді», – деген. Әрбір науқас немесе жай адамда Алла тағаланың шексіз құдіретінің кереметін мойындап жақындаған сайын, оған зор сенімде болған сайын, адалдық пен арамдықтың арасын ажыратып шын мәнінде жүрегінің сезімінің адалдығымен берілгенде ғана, бақыттың шыңына жете алады. Бұл діни рухани шипагерліктің  жеке жетістіктерінің  нәтижесінің көрсеткіші болмақ. Шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы да рухани шипагерлік жөнінде де таза ойларын ұсына білгені аңғарылады.

Ол арманы да орындалары анық. Ғалым шипагердің тағдырдың талкегіне түсіп, қартайғанында: «Іске аспады арманым, қараң қалды. Шың басына шыққанда арандалды ...» - деген арманын орындап, баба рухын екінші рет тірілтіп ұлтының ұрпақтарымен қауышуын ғалымдар қамтамасыз ете білді. Жоғарыдағы ғалымдар еңбектенбегенде, Жетісулық Өтейбойдақ бабаның «Шипагерлік баяны да» жұмбақ болып қалар еді. Ғұламаның этникалық ұлттық мағынадағы ғылымнамасы «Шипагерлік баяны» терең философиялық-этникалық ой талғамынан туындаған, нағыз халықтық дәстүрлі шипагерлік мәдениетінің оқулық құралы ғана емес, рухани, тарихи-тәрбиелік бағдарламаға бай туынды деуге толық негіз барын білдіреді.

Адамның тәнінің рухани тазалығы оның денсаулығының айнасының көрсеткіші екені туралы, ғалым М.Жармұхамедұлы да Қожа Ахмет Иасауи жөніндегі зерттеуінде арнайы тоқталады. Адамгершіліктің биік көрсеткіші мен мұсылманның таза парызы жөнінде, шипагер баба өзінің жетіге тиіспеу, қырық бірге жұғыспау, он екіден айырылмау, жеті әулие, қырық бір ырыс, халал мен харамды ажыратуда 91-ді жеуден тиым және 85- ді  ішуден  тиым және жеті атаға толмай үйленбеу сияқты тәрбиелік, ұлтжандылық, адамгершілік, ақ жүру, адал сөйлеу, абайлау, отан сүйгіштікке баулитын ескертпелері ұрпақтың денінің сау болуы туралы айтылғанымен, олардың да рухани шипалы тазалыққа тигізер пайдасының молдығын аңғартады.

Осындай терең философиялық ой толғауларының бүгінгі және болашақ ұрпаққа таза рухани азық боларын оң қабылдаған жөн деп, тұжырым жасауға болады. Рухани шипагерліктің саласы мен түрі әртүрлілігіне қарамастан, оның адам денсаулығын қорғауға, сырқатын емдеп жазуға пайдасы зор екендігін және соның ішінде сөз терапиясының өте маңыздылығын білдіреді. Рухани шипагерлік енді ғана қанатын жая бастады, өрісі кеңеюде, алда берері де мол болары анық.

 

МЕДИТАЦИЯЛЫҚ ШИПАГЕРЛІК

 Жер, адам, ғарыш бір-бірімен тұрақты байланыста болғандықтан да, тіршіліктің жалғасуы да осы үш тұлғаның өзара тәуелділік байланысы арқылы жүзеге асырылады. Бұнда барлық жүйелік қызметі ой мен сананың басқаруында болады да, сезім арқылы реттеліп отырылады. Мұндай үш жақтылы байланыс пен реттеу тәсілін ғылыми түрде медитациялық жүйеге жатқызады. Осы заманғы салауатты өмір сүруде дәрісіз емдік шипаның жаңа түрі медитациялық емдік тәсілі де, әлемнің көптеген елдерінде де дами бастады. Оның ерекшелігі бұл көне шығыстық психотехникалық әрі шаршағандықтың әсерін жоюдың әдіс-тәсілі болғандықтан, ауру адам бір уақыт дене ағзаларын ішкі және сыртқы күштерден босатып, өзін-өзі  иландырып жеке сырқатын емдеуді жүзеге асыра бастады.

 Медитациялық емнің негізін Индиялық ғалым Махариши Махеш Йоги 1958 жылы  «Адамзаттың рухани өрлеуі үшін» ұранымен, алғаш Америкаға одан кейін басқа  елдерге таратып, оның әр түрлі ауруларды емдеуге болатынын анықтап, емдік жүйеге ұсынды. Сонымен,  медитациялық  емдік  әдісі  «екінші дем алу» - деп психотерапиялық емдеу әдісіне жатқызылды. Бүгінде медитациялық әдіс әлем елінің көбінде пайдалана бастады. Қазақ елінде де кең өріс алуда.  Оның денсаулыққа зияны жоқ. Кез-келген жерде орындауға болатын қарапайым емдік тәсілге айналды. Ең пайдалысы мидың қызметі жақсарып, жүйкенің қалыпты жұмысы басталатынын ғылыми зерттеулер бойынша анықтала бастауы, бұл емдеу әдісінің болашағының ұзақ екенін  баяндайды. Адамның бойында пайда болатын әр түрлі ауруларды емдеудің дәстүрлі халық шипагерлігі саласында әдіс-тәсілдері де көбеюде. Сырқат адамды психологиялық әсермен иландыру, көндіру арқылы ауруың өзін-өзі емдеу тәсілін пайдалануды ұсыну да, медитациялық емдік тәсілдің пайдалылығы арта түсуде. Адамдар сырқатына дауа болатын емдік тәсілдерді іздей бастады. Әрбір адам өзіне лайықты әрі пайдалы шипалық тәсілді меңгеруге талпынуда. Медитациялық ем – бұл көне шығыстық психотехника немесе шаршағандықтың алдын алудың әдіс-тәсілі.

Бүгінде әлем елдері мен Қазақстанға кең тарай бастаған қарапайым бұл емдік тәсілді «трансценденталдық медитация» әдісі деп аталады. Бұның ерекшелігі ауру адам өзін-өзі емдейді.  Ғалым О.А.Красавин мынадай анықтамасын ұсынады: «Адамның денесі – бүтін бір микрокосмос. Ол макрокосмостың немесе Жаратушының қуатымен толтырылып қуаттандырылған...» - дейді. Бұл адамның өз қуатын өзі де реттей алатындығын білдіреді.

Медитациямен шұғылданған адам дәріге құмартпайды. Бұл тәсілмен шаршағанды басу мен кейбір аурулардан айырылу үшін, адам өзін оңаша бөлмеде отырып көзін жұмып, денесін босатып, ешнәрсеге көңіл бөлмей тыныштықпен еркін демалып өзінің денеден кір қуаттары денеден кетіп, жаңадан қуат жинаудамын дегендей сезімде өзін сезінсе, шынында да дененің жеңілдеп, көңіл-күйі  жақсарып сырқатынан жазыла бастағанын аңғара бастайды. Күніне он бес-жиырма минуттай ертелі кеш қайталап, біраз күн шұғылданса нәтижесін көрері анық.

Белгілі дәстүрлі халық емдерінің авторы Г.П.Малахов: «Медитация ол адамның табиғи қабілетінің ашылуы, сол арқылы кеміген «Өмірлік қуатты» қалпына келтіре алады», - дейді. Бұл тәсіл әр адамның жеке шұғылданатын ісі болғандықтан, ұдайы шұғыланудың да пайдасы зор екенін сырқат жандар дәлелдей бастады. Медитация кезінде іштен жақсы сөздерді немесе Құран дұғаларынан білетінін ұдайы іштей қайталап отыру, өзін-өзі иландыру арқылы дене қуатының тазаруына, толуына жақсы әсері болатынына бұл әдісті басты принцип етіп қояды. Медитацияның теориясы – мен  дем алып отырмын. Менің денемнен лас қуаттар сыртқа төгілуде. Мен бақытты адаммын. Менің қан қысымым төмендеді немесе жоғарылады т.с.с. психологиялық әсерлі  сөздерді қайталау да, адамның жүйке жүйесі қалпына келіп, қабілеті артып, денсаулығы  жақсарғаны, тіпті қатерлі ісік ауруларына да ұшырағандардың жақсы нәтижеге жеткені анықталуда.

Ресейлік биоэнерготерапевт Ю.Хван: «дұрыс демалу денсаулықтың сатылы жақсаруына ықпал етеді», - дейді. Бұл өте ұтымды, тәжірибе мен ой талғамынан өткен тұжырым.

 Медитацияны көп уақыт діни ұғымдармен байланысты, ол Құдаймен байланысқа шығарушы әрі жоғары Тәңірден рахым алу жолы деген ұғымда болды. Бір-ақ, бұл адамның ғарыштық жүйемен байланыстамын деген ойы арқылы тыныштық сезімде жүзеге асатын  құпиялы тынығу тәсілі. Ғалым А.Разумов: «Медитация ол бір жағдайдан екінші жағдайға өтудің жүйелік өзгерісі», деп анықтама береді. Сонымен, медитация әдісі «екінші дем алу» - деп психотерапиялық емдеу әдісіне қабылданды. Барлық нәрсе адамның ішкі дүниесіне байланысты. Адамның ішкі құпиялық жүйелері ашылып оның ішкі әлемі дамыған сайын оның танымы мен ойлау санасы артады.

Ресейлік ғалым К.С.Азими: «Медитация – ол ойдың қызметі. Ішкі жан дүниең мен Жаратушға берілу. Рух денені тастап шыққанда барлық сезім, ой, идея және сана оған бағынады...»деген анықтама береді. Бұдан медитациялық емдік тәсіл санадан тыс ой арқылы жүзеге асатын рухтың жоғарғы Жаратушымен телепатиялық жұмбақ байланысы арқылы орындалатын, жүрек сенімінің және жүйке жүйесінің сезімдік жетістігі екенін аңғартады. Медитация тәсіліне арабтың дін зерттеушілері Шах Валиулла, шах Гус Али, Суфизм ілімі негізін қалаушылардың өкілі Ибн-э-Мубарак, Имам Газали т.б. ғұламалар оң бағаларын берген. Медитациялық әсер төрт сатыдан тұрады: 1.Бұлшық еттерді босату. Жүйке бұлшық еттің өзгерісін реттеу. 2.Қандайда бір затқа ыңғайлану обьекті, дауысқа, дыбысқа, картинаға, шырақ, жарық, мантра, жеке тыныс алуға т.с. - көңіл бөліп елестету. Бұл уақытта ойда басқа хабарлар болмауы керек. 3.Пайда болатын ой – ол медитациялық құбылыстың бөлігі. Бұнда жамандыққа ойламай, бәрі жақсы болады деу негізгі шарты. 4.Жеке медитациялық жағдай – оның медитацияны  орындаудағы тәжірибесіне байланысты болмақ. Медитация арқылы адам бір уақыт дене ағзаларын ішкі және сыртқы байланыс күштерден босатып, тыныштандыруы арқылы жүзеге асады.

Медитация әдісі денсаулыққа зияны жоқ құпия тәсіл. Әрі қарапайым, табиғи күшті көп қажет етпейтін ой арқылы жүзеге асырылатын емдік тәсіл. Медитациялық емдік тәсіл орын талғамайды, кез-келген жерде қабылдай беруге болады. Зерттеулер бойынша медитациялық әдісті  пайдалану кезінде мидің оң жағының қызметі артатыны әрі жүйкенің бейнелік тұлғаға айналатыны анықталған. Осыдан кейін сырқат адам жағдайы жақсарып таза ойға ие болып жалғандығынан арыла бастайды. Ішкі толқудан, неше түрлі ғаламатты өзгерісті сезе бастайды. Имам Газали өзінің «Кимаии Саадат» еңбегінде  медитация жөнінде былай анықтама берген дейді К.С.Азими: «Егер адам шын ішкі сенімімен Құдайға бас исе, ол жасаңғырайды, өзін рухани азғындықтан құтқарады. Ондай адамның Құдайға жүрек сезімі оянады, қөзі ашылады. Ол Құдайдың көмегімен көкте де, жерде де періштелерді көретін болады..» деп ойын тұжырымдайды. Бұл ұлы дін ғұламалары да тыныштықта сенім арқылы орындалатын медитациялық рухани емдік әдістің маңызын тәжірибелерінен өткізгені, оның адам денсаулығын жақсартудағы пайдалылығына әділ философикалық тұжырымдары болғанын аңғартады.

  Мәселен, медитация әдісімен шұғылданып жүрген АҚШ-тың екі мың тұрғынын бес жыл бойы бақылағанда, басқаларға қарағанда олардың емханаға 56 пайызы аз түсетіні анықталып, оның ішінде қатерлі ісік /рак/ 55 пайыз, ал жүйке аурулары 87 пайыз емханға аз түскен. Психологиялық тәсілмен өзін-өзі иландыру арқылы медитациямен бес жыл ұдайы шұғылданғандардың өңі әрленіп, өзінен он екі жас кіші адамдай түрге еніп жасаратыны байқалған. Медитациялық тәсілдің әсері адамның ұлтына, жасына, жынысына, біліміне және дініне ешқандай қатысы жоқ болғандықтан, оның нәтижесі әр адамның әрекетіне тікелей байланысты емдік  шипасы болады.

Медитация техникасының басты ерекшелігі әсіресе, жүрек қан тамырлары ауруларының, тыныс алу мүшелерінің, ас қорыту органдарының, созылмалы бас ауруларының, ұйқы қашудың, буынға тұз байланудың тағы басқа да ауруларға емдік пайдасы барын дәлелденуде. Медитация кезінде адам санасы, яғни миы өте терең тынығу жағдайында болады. Осының нәтижесінде денедегі барлық сезу мүшелері рахаттанып тынышталады. Ой мен сананы тазалайды. Адамның денесінде жаңа күш қуат пайда болады. Сергектік сезіліп, жұмысқа ынта артып оның жетістігі молаяды.

Медитациямен тұрақты шұғылдану тән мен жан тазалығын арттырады. Медитацияның жасару жолына ықпалы туралы Академик Р.Оразалиев: «Адам өзі үш болмыстан тұрады. Олар: рухани, нәзік материалдық және тән. Адамның нәзік тәнінің болмысы өте күрделі болғандықтан, ол әлі толық зерттелмеген. Ал, адамның рухани болмысына да осы уақыттағы деңгейде ғана болжам бар...», деген философиялық болжамы тән мен жан тазалығы үйлестігін жасартуға ықпалы барын аңғартады.

Мұсылмандардың бес уақыт намазы кезіндегі тыныштықты сақтап, ешнәрсеге көңіл бөлмей міндетін орындап, Жаратушыға мінәжат етуі мен таспих тартудағы ізгілік әрекеттері,  медитациялық  әдістің жоғары сатысына  жатады. Тек бір Аллаға сену ғана мұсылман адамның дұғалық тілегінің орындалуына пайдасы зор екені туралы қасиетті Құран сүрелері мен пайғамбарымыз Мұхаммед /с.ғ.с./ хадистерінде арнайы айтылған.

 Бұнда адамның ойы тек қана бір Аллаға сиыну мен тілеуден басқаға бөлінбейді, ізгі тілектің орындалуының да құпиясы осында жатқандай. Өз тәжірибемізге сүйенсек, өз ұсынысым бойынша намазға ұйығандардың ішінен көп жылғы сырқатынан жазылғандары да көп болды. Медитацияның маңызы ол жалғандықты, қайғы мен қасіретті, жылпоздықты, бос сезімдікті  жоюға әсер етіп, адамның санасында таза ой өрісі пайда болып оның жаңаруына және Аллаға сенімін  арттырады. Адам өз денесіндегі жақсы өзгерістерді медитация кезінде сезіне келе, нағыз шындық медитациясы барына психологиялық жақтан түсіністікпен қарайды. Әлемдік өзгерістерге жоғары рухани танымдық көзқараспен баға беретіндей саналы тұлғасын қалыптастырады.

Салауатты өмір сүрудің дәрісіз тәсілін ұсынушы ресейлік ғалым М.Норбеков адамның тәні мен рухын тазалауда медитациялық емдеу тәсілінің маңыздылығын жоғары бағалайды. Егер сана медитация әсерінен өзінің өсу дәрежесін қалыптастырса, онда саналық шексіздік пайда болумен  қуанышты сезіну түйсігі, гормониялық көтерілу және таза сезімдік жүйе орнап, өзіне-өзі нақ  сеніммен қарайтын қайсарлықтың белгісі: «Мен өзім» деген мәнді ұғымға тоқтам жасау дәрежесіне жетеді.

Осындай дәрежеге жеткен адамның әлемдік көзқарасы да өзгеріп, өз мәселесін еркін шеше алады. Өмірге деген таза ерекше ұғымы мен танымы артады. Ауырмашылық азайып, денсаулығы түзеле бастағаны сезіледі. Ішкі дүниесінде тыныштық орнап, адами мінез-құлқы жақсаруға ұмтылады. Адамның өнерге деген қосымша қасиеті ашылады. Осындай медитациялық емнен кейінгі ірі өзгерістерден соң сырқат адамдар өздерін ұсақ-түйек нәрселерден, ренжуден, өтірік айтудан, арам ойдан, қайғырудан аулақ ұстау жағдайына жетеді. Медитацияның маңызын  бағалап оны ұдайы қайталау жүйесіне көшеді. Бұл емдік тәсіл адамды өте жоғары саналық сатыға жеткізеді.

Адамның денінің саулығы мен көңіл күйінің бір қалыптылығы жөнінде медик ғалым Ш.Шынтаев: «Адамның денсаулығына әсер ететін факторлардың ең бастысы – қоршаған ортасы, отбасы, дос-жарандары, еңбек ететін ұжымы арқылы айқындалады. Рухани таза болу өте маңызды», - деген тұжырымын ұсынады.

Адамның энергетикалық потенциялы артып, ізгіліктің ақ жолына түсуге, жақсы өмір жолын таңдауға ұмтылады. Ислам діні бойынша медитациялық емдеу тәсілін сопылыққа жатқызуға болады. Орта Азия мен Қазақстанда  сопылық дамығаны белгілі.  Қожа Ахмет Иассауи  сопылықтың негізін қалаушы әрі дамытушысы болды. Сопылықта медитациялық йога іліміне  ұқсас, ішкі сезім тыныштығы арқылы ғарыштық жүйемен байланысқа шығып, адамның санасын дамытумен ішкі дүниесінің құпиясын ашу болып табылады. Философия ғылымдарының докторы Б.Абирова: «Суфизмнің мақсаты, адамды өте лас және кір ойларынан тазалау, рухани тазарту, Жаратушыға жақындату мен рахат алу», деп қорытынды жасайды. Осындай ұқсастық идеяларды ғалымдар М.Валиддин мен Е.Қартабаевта білдіреді. Рухани ішкі дүниенің құпиясын ашу жаңа өмір жолына қадам басып, ізгі ниетті таза ой талғамына жеткендік белгісі.

 Барлық нәрсе адамның ішкі дүниесіне, танымдық талғамына байланысты. Философия ғылымдарының докторы, профессор Т.Ғабитов: «Жалпы рухани жетістік пен ішкі еркіндікке ие болу, сыртқы әлем мен рух арасындағы үйлестікке жету идеялары өзге де әрекеттерге тән. Бұл бағытта батыл қадамды Йога философиясы жасайды», деп, медитациялық емінің йогалық түрінің ішкі әсерлік сезіміне тоқталады. Адамның ішкі дүниесінің жақсылық жақтарының құпиялары  әлемі ашылған сайын, оның танымы мен ойлау санасы артады.  Жаратушының  рухы ең жоғарғы  билеуші    РУХ.

Ал адамның рухы оның бір қөзге көрінбес нұры ғана. Таза дене мен таза жан жүйесін қалыптастыруда салауатты өмір салтының дәрісіз емін дененің сырқатын емдеуге пайдалануда оң нәтижелерін беруде. Ғылымның осы саласын зерттеуші ғалым Д.Өтеков: «Венгрияның көрнекті ғалымы Альберт Сант-Деер өмір дегеніміз энергияның әртүрлі түрін сіңіру, өзгерту және ауыстыру процесі деген екен. Қуат организмге өзін жаңарту үшін ғана керек емес, одан маңызы кем соқпайтын басқадай мақсаттарға да керек», деп жан мен тән қатынасының таза байланысына тұжырым береді.

Медитациялық ем – ол адамның денсаулығының жақсаруына жол ашатын қарапайым шипалық  өнер. Тек ғана адамзатқа жақсылық сыйлайтын әлем елдерін қамтыған рухани шипагерлік жолы. Ресейде жақсы дамыған, арнайы орталықтар ғылыми бақылаумен ауру адамдарға өз қызметтерін жалғастыруда.

Қазақ еліне де медитациялық емнің қанатын жайғалы оншақты жылдай мезгіл болды. Бұл ем түрі мемлекет пен ғылым саласында әлі қамқорлыққа, зерттеп зерделеуге алынбағанымен, қоғамдық, жеке ұйымдар мен маман адамдар арқылы тәжірибеден өткізіліп, өзінің оң нәтижесін дәлелдеуде. Сондықтан да ешқандай зиянсыз медитациялық емді дамыту, адамды сырқатына пайдаланатын улы химиялық дәрі-дәрмектен азда болса құтқарудың жаңа емдік тәсілі екені бүгінде айқындала түсуде. Ол бұл емнің болашағы барын айқындайды.

 

МУЗЫКАЛЫҚ ЕМНІҢ ШИПАСЫ

 Адам тәні биоөрісі тепе-теңдігі өзгеріске ұшырағанда, оның денсаулығының күйін ыңғайсыз жағдайларға душар ететіні ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Мұндай жағайлар адамның көңіл- күйінің бір қалыптылығына кері әсер етіп, ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Адамның ой-жүйесінің  психологиялық теңдігінің өзгерісі артады. Адамның көңіл-күйінің өзгеріске ұшырауынан оның тәндік биоқуатының тұрақтылығы ауытқып, дененің кейбір мүшелерінде сырқат белгісі сезіле  бастайды. Осы жағдайдан адамды шығаруда әсерлі емдік шипалық құпиясы бар ерекше музыка,  ән-күй және дыбыстар бүгінде әлемдік халық шипагерлігі саласында ғана емес, осы заманғы медицина жүйесінде де арнайы ғылыми анықтамаларға негізделіп пайдаланылуда. Музыка, ән-күй  мен дыбыстың да шипалы, шипасыз және кері әсерлісі де бары анықталған. Адамның жан дүниесі тәтті бір ұйыған, тыныштықта болу үшін жайлы, нәзік музыканы тыңдау пайдалылығы анықталуда.

Халық шипагерлігінде сырқатты түріне қарай анықтаған соң оны емдеп жазуда музыка мен ән-күйдің де көмегін пайдалану тәсілдері де ертеден қалыптасқаны белгілі. Ата-бабаларымыз ертеден-ақ музыка өнерінің тозған, шаршаған жүйке талшықтарына қозғау салып, жан бітіретін күшке ие екендігін білген. Бұл әдісті одан ары дамыту жолдары да бүгінде көптеген елдер мен қазақ елінде де ғалым дәрігерлер мен шипагерлер тарапынан қолдау тауып, оң нәтижесін беруде.  Кез-келген адамның көңіл-күйін бір қалыпты ұстауына дыбыстық үн әсері зор болып қалмастан, оның психологиялық жақтан ауытқуға ұшырай бастаған жүйке – жұлындарының бір қалыпқа келуіне, тербелістік үндік толқындардың тигізер емдік шипасы да осы заманғы медицинада да пайдалануда.

Адамның психологиясы мен биоқуатының бір қалыптылығы барлық уақытта бір деңгейде бола бермейді. Қаншалықты өнерден хабарсыз, оны онша ынталы түрде жаны сүйіп тыңдай қоймайтын адамның өзіне де ең алдымен ұлттық музыка, күй, ән бір әсер ететіні анық байқалуда.  Музыкатерапевт – емші Рушель Блаво осы музыканың көмегімен сырқаттарды емдеудегі алғашқы кітаптың авторы. Ол өзінің көп жылғы тәжірибесіне сүйеніп, музыканың емдік пайдасы туралы былай дейді: «Музыкамен емдеу жолы жылдар бойы адамның өмірін қинаған, жүйке-жүйелерін  тоздырған және өте қауіпті асқынған сырқаттарын емдеуде зор көмегін тигізеді» - деп жүйелейді. Музыкалық емдік шипаның жүйкенің ауытқуына, гормондық тепе-теңдіктің  бұзылуына, шаршап әлсіреуге емдік әсері жоғары екені дәрігерлік-емшілік саласында  да нәтижелі   болуда.

Музыка мен ән-күй құрамында химиялық уы болмайтын, адамның тәнін уламайтын, жанына рахат сезімін тудыратын, психологиялық әсері күшті таза мөлдір дәрі деуге болатынын, мен өзімнің жиырма жылға жуық шипагерлік қызметімде тәжірибеден өткізіп, оң әсерін анықтай алдым. Мұндай анықтамаларды шипагерге емделушілердің өздері бере отырып, шипагердің пікір мен ұсыныс журналдарына қалдырған ықыласты пікірлерінен байқауға болады. Көптеген сырқат адамдар өздерінің сырқаттарынан музыка мен ән-күйдің әсерінен кейін оңала бастағанын және көңіл-күйлерінің жақсара бастағанын сезген.  Ресейлік дәрігер-хилер А. Затеев музыканың емдік сипаты жөнінде: «Музыка бізді қоршаған адамдармен өзара қатынасымызға және байланысымызға жақсы әсер етеді. Тыңдаған музыканың бәрі жағымды бола алмайды. Әр музыканың өз тыңдаушысы болады. Сондықтан да музыканың түрі денсаулыққа емдік пайдасымен ерекшеленеді », – деген ұғымын білдіреді.

Бірақ, әр адамның өзіндік жеке психологиясына, сырқатына, әлеуметтік жағдайына және қоғамдық ортасы орнына қарай әр түрлі музыканың әсері де өзгеше болатыны анықталуда. Мәселен: біреулердің жүйкесін күй, ән немесе эстрада әндері қозғаса, ал симфония мен баяу әндер  көңілді жайландырады немесе, керісінше, әсер ететінін науқастардың өздері байқаған. Жан – дүниені тербейтін өте әсерлі тербелістік ұнамды музыка ғарыштық жүйемен үндесе отырып, адамның және жануарлар мен тірі организмдердің де жүйелі дамуына молдығы барын халықта және ғалымдарда ертеден бақылап  біліп отырған.

Қытай, Үнді, Египет, Греция, Франци, т.б. елдердің дәрігерлері мен емшілері, философтар мен музыканттары музыка мен биді сырқатты емдеуге пайдаланған. Сиқырлы қобыз сарыны, күмбірлеген домбыра үні, сызыла шыққан сыбызғы үні т.б. аспаптарда ойналатын музыкалық  туындылардың адам организміне әсер етуі де әр түрлі болғанымен, жалпы психологиялық емдік сипаттарында ұқсастықтың емдік шипалық қасиеттері барын аңғаруға болады. Мәселен, Ежелгі грек философы Пифагор музыканың адам ағзасына, көңіл-күйіне қалай әсер ететіні туралы  ғылыми  анықтама берген. Адам мұңайғанда, қайғырғанда, қажығанда ән мен күй оның ауыр жағдайынан шығуына немесе ауытқыған қуатын бір қалыпты жағдайға келуіне көмектесетінін тәжірибелік ізденістер көрсетуде.

 Әлемдік кейбір білімді адамдар мен дәрігерлер де музыканың үнімен көп нәрселердің шешімін тапқаны жөнінде баспасөзде жазылып келеді. Пифагор, Гомер мен Госиоданың жырларын адамның жан – дүниесін емдеуге қолданған.

Әлемге әйгілі Гай Гракх халық алдына шыққанда сөзі өтімді болуы үшін, өзінің жанындағы музыкантына музыка құралын ойнатып қойған. Кейбір әншілер жағымды әндерді орындағанда  адамдардың жан дүниесіне, тіпті жабайы аңдар мен құстарға да жағымды әсер ететіні байқалған.  Кейбір жерде дәрігерлер музыканың ерекше ырғақтық дыбыстық көмегімен саңыраудың құлағының есту қабілетінде ашып, қалпына келтірген. Баяу ырғақты музыканың адам денсаулығына пайдасын көне дәуір дәрігерлерінің бірі – Асклептиидің баяндауынша емдеуге музыка мен ән әуендерін пайдаланған. Аса дыбысы жоғары, шулы сүйкімсіз музыка мен әндер  адамның қан қысымын көтеріп, ауыр жағдайға душар етуі де мүмкін. Көбінесе рок музыканың қаупі басым екені, адам психикасын теріс бағытқа өзгертетіні ертеден анықталған. Рим дәрігері Гален жылан, қарақұрт шаққан адамды музыканың көмегімен емдей алған. Адамның нерв жүйесіне байланысты ауруларға музыканың да пайдасы анықталған. Немістің музыка зерттеушісі Маттесон: «Адамның жан – дүниесі тәтті бір ұйыған, тыныштықта болу үшін жайлы, нәзік музыканы тыңдау керек», – дейді.

Дегенмен, сырқаттардың біреуінің жүйкесін күй, ән немесе эстрада әндері қозғаса, ал симпония мен баяу әндер көңілді жайландырады немесе керісінше әсері сезілген. Мінезі жеңіл, көп шаршағыш, ашушаң және уайымшыл адамдарға музыканың көмегі зор болады. 1913 жылы Парижде композитор Игоръ Стравинскийдің бір қойылымында залдағы көрермендердің ішінен айғайлаған, төбелескен, билеген және қызықты күлкіге бөленгендер болған. Олар не болғанын білмеген. Басты себеп музыка адамдардің жүйкесінің қозуына, ауытқуына адамның тұлғалық психологиясына қарай әр түрлі әсер еткен. Бұл жағдайдың кілтін Берлиндегі музыка зерттеуші Кристоф Рюгер таптым деген тұжырымын жасаған. Гармония мен ырғақ адамдардың сана-сезіміне тікелей әсер етеді. Кейде оның кері әсері немесе емдік қасиеті бары да анықталуда. Профессор Рюгер «Үйдегі музыкалық дәріхана» деген анықтамалық кітапта жазып ұсынған екен.

Бұл ғалым өзінің көп жылғы тәжірибесі негізінде, ауыра қалған жағдайда емделу үшін музыкалық рецепті ұсынады. Ал бізде көп жылғы тәжірибемізде емге музыканы, ән мен күйді пайдалана отырып ұлттық музыканың өзіндік шипалық қасиеттерін ашып, жалпы халықтық пайдалануға ұсындық. Оң нәтижесі барын пайдаланушылар дәлелдеп беріп келеді. Менің өзімнің сөзін жазып, әрі әнін шығарған оннан асық әндерімді халық шипалық емге пайдаланғалы көп жыл болды. Бұл әндердің шипалық қасиеті барын алғаш нотаға түсірген композиторлар Ә.Телғозиев пен Т.Тайбеков байқаса, одан кейін «Жас Алаш» /21.2.1995/, «Шымкент келбеті» /1997/ т.б.  газеттерде жариялады. Әсіресе «Құдірет» әнім психикалық ауруларға тез әсер ететінін, шипалық емге пайдаланушы емшілер дәлелдеп келеді.

Кез келген ән мен күйдің өзіндік ерекше мәні бар ырғағы мен ритмі болғандықтан, оның  мәнділігін орындап халыққа жеткізуде әнші мен күйшінің орындау қабілетіне байланысты  болады да,  әсері де әр түрлі болады.

 Ертеде қазақтар ән мен қиссаларды таңға ұйықтамай тыңдағанда, демалып қалдық деп тарқасуы да бұл өнердің шипалық қасиетінен деуге болады. Қазіргі уақытта дыбыстың да емдік шипалық қасиеті зерттеліп, денсаулықты жақсарту саласында пайдалана бастады. Музыка зерттеуші Х.И.Хан: «Музыка адамның өнері мен поэзиясын дамытып қалмастан, ол адамның рухын көтереді және емдейді де. Музыка өнер, әрі ғылым», дей келе, музыканың таза үндік, ырғақтық және дыбыстық әсерінен түрлі толқынды емдік қуаттар пайда болатынына көңіл бөледі. Кейінгі кезде шипагерлік саласының емдік жүйесіне дыбыстың да пайдасы молдығы анықталуда. Мәселен, азан шақырғандағы жоғары тонды дыбыстар мен шіркеудегі қоңыраудың қатты дыбысы аралықтан әсер ететін, тез тарайтын тұмау т.б. аурулардың микробтарын жойып жіберетіні анықталған.

       Жеке қарыптарды да мәнерлеп оқығанда әртүрлі ауруларға шипасы бары іс жүзінде тәжірибеден өткізіліп келеді. Бұл тәсіл жеке адамның өзін-өзі емдеуіне өте қолайлы әдіс түрі екенін шипагерлер мен емделушілер де дәлелдеуде. Бұндай қарапайым емдеу тәсілі шипагерлік   емнің жаңа шипалық жүйесіне жол ашып ғана қалмастан, ұлттық шипагерлікті байыта түседі.

Дыбыстың шипалық емдік әсері оның негізгі принциптері резонансына, ритміне, үндік мелодиясына, гармониясына,  дыбыстың  ауқымдығына,  тембріне, ағыны мен толқынды тиянақтылығына және дыбыстың қуаттылығына байланысты екені зерттеушілер тарапынан ғылыми түрде зерттеліп, тұжырымдамалар жасалуда. Тэд Эндрюс дыбыспен емдеудің негізгі принциптерінің құпияларын зерттеп, оның емдік ерекшелігі туралы: «Жоғары тонды дыбысол өте қуатты күш.  Дыбыстың әсері де дұға, музыка, ән және мантраға ұқсас келеді. Дыбыс адамдар мен дыбыс Басқарушының ортасындағы байланыс құралы ролін атқарады. Дыбыс ол біздің денсаулығымыздың жағдайы мен сананың нақтылы уақыттағы жағдайын  анықтайды... Емдік шипалық дыбыс адамның физикалық денесіндегі чакраларға бағытталып, өзінің шипалық қасиетін жалғастырады», деп тұжырымдайды.

Дегенмен, адамдардың есту, қабылдау және сезім қабілеттері бірдей болмағандықтан,  олардың түпкілікті әсер алып қабылдауы да әр түрлі болады. Музыка мен ән-күй адамның миінің клеткаларына әсер ете отырып, оның импульсті ырғағын қозғап, теңшеп, қызметін жақсартып, шаршағанын басуға көмектеседі. Адамның ағзаларында жаңадан күш қуат пайда болып, ағзалар ескі қуаттарынан тазарып, жаңа қуатпен қоректенеді. Адамның сенімі оянып, жаңа іске талпынады. Музыка ұлт таңдамайды. Музыканың үні, ырғағы мен әсер ету күші барлық адамзат баласына да әсер ете алады.

Бұған дәлел ретінде мен өзім 1991 жылы Мәскеу қаласында «Турист» қонақ үйінде бұрынғы Одақтық емші-ғалымдары алдында жүргізген емдік сеансымда тек қана қазақтың күйлері мен әндерін пайдаландым. Осы сеанс кезінде қазақтың күйінің әсерінен өмірі қазақты білмейтіндер ішінен билегендер де, жылағандар да, өзінше сөйлеп кеткендер де және қолдарын ербеңдетіп домбыра тартқандай қимыл жасағандары да болды. Бұндай жағдай әлемдік емдік сеанстарымда да қайталанды. Бұдан, қазақ музыкасы мен  ән-күйі өте жоғары толқынды резонанс тудыратын, өрісі кең, қуаттылығы мол, әсері күшті адам бойындағы лас қуаттарды ығыстырып шығаратын ерекше емдік шипасы барын аңғаруға болады.

Емдік шипалық сипатқа ие «Елім-ай» әні жан дүниені оята алады, ұлттық патриотизмге рухыңды көтереді. Күңіренген қобыздағы Қорқыт, Ықылас күйлері мен Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Сүгір, Т.Момбеков пен бүгінгі С.Тұрысбеков т.б. домбырадағы әсем үнді, жүректі тебірентетін күйлерінің емдік шипасын көптен анықтап келеміз. Музыкалық шипа емі бүгінде арнайы бір орталыққа топтастырылмағанмен, көптеген дәрігерлер мен емшілер жеке емдік сеанстарында жиырма жылға жуық тұрақты пайдаланып, оның оң нәтижесін анықтап келеді. Әлемдік шипагерлердің көбі сеанс кезінде емделушілердің психологиясына әсері мол «Ғарыштық» музыкаларды пайдалану арқылы, емін бастап әрі аяқтайды.

Ресейде арнайы музыканың емдік әсерін зерттейтін орталықтар мен қоғамдық ғылыми зерттеу институттары және Санкт-Петербург қаласында арнайы «Музыкатерапия» мектебі  жұмыс істеуде. Бұдан музыканың емдік шипасының болашағы барын аңғаруға болады. Батыс елдерінде классикалық Шопен, В.Моцарт, Ф.Лист және Бетховеннің шығармаларын жүйке ауруларының түріне қарай пайдаланса, қазақ елінде де емдік қолданысқа емдеушілерде пайдаланып келеді.  Музыка мен ән-күй адам ағзасына ғана әсер етіп қалмастан, жан-жануарларға, аң-құстар мен өсімдіктерге де оң немесе теріс әсері ететіні анықталуда. Музыка дыбысы электромагнитті толқын тудырып ірі қуаттық өріске айналатындықтан, ол жер бетіндегі тірі организмдерге әсері тез болады. Мешіттерде азан шақырғанда және шіркеулерде қатты қоңырау дыбысы шыққанда эпидемиялық жұқпалы аурулардың таяқшалары мен сары аурудың вирустарын өлтіретін «улътурадыбыстық шағылу тербелісі» болатынын ғалымдар анықтауда. Жапониялық ғалымдар музыканы жемістер мен көкөністерде жақсы көретінін анықтаған. Олардың пікірлері бойынша музыкалық аспаптар сазы өсімдік жапырақтарының араларын кеңейтуі нәтижесінде оттегі, қоректік заттар көбірек сіңіріліп, фотосинтез процесін күшейтетінін анықтаған.

Музыка дыбысы арқылы жемістердің, көкөністердің тез өскені, пісу уақыты қысқарып, өнімі отыз пайызға артқаны әсіресе классикалық әуендердің жағымды әсерінің күштілігі байқалынған.   Музыкалық дыбыстың кері әсерінен жаңбыр жауатынын Қытайдың бір таулы аймағында  анықтаған. Қазақ елінде алғаш өлеңмен емдеу ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылының басында басталды. Денсаулық журналы насихаттап, халық емделе бастады. Бұның ғылыми қорытындысы әлі белгісіз.

Адамның психологиясына тербелістік жүйе бойынша өте нәзіктікпен әсер етіп, тұйықтықтан еркін шығаратын музыкалық толқынның үндік емдік сипаты өркендей бастады. Исламда да музыканың өте жағымды, адамға қуат беріп көңілін көтеретіндей әсерлі, үні нәзік әндеріне пайғамбарымыз Мұхаммед /с.ғ.с/ тиым салмағаны, қайта қуаттағаны айтылады. Осыған байланысты әр отбасында жеке жинақтағы музыкалық шипалық ән мен күйлердің болу қажеттігі, дамып келе жатуы, қоғамның талабы мен жетістіктеріндегі адамның салауатты өмір сүрудегі басты қағидаларының бір саласының өркендей бастағанын аңғартады.

БАБАМНЫҢ АСЫЛ ҚАЗЫНАСЫ

 

Ой, дүние-ай!

Іске аспады арманым, қараң қалды,

Шың басына шығарда арандалды.

Өтейбойдақ қойыпты атымды әкем,

Жаман ат, жаман ырым мазамды алды.

Өтейбойдақ бабаның «Шипагерлік баян» кітабынан

 

Алла тағаланың жазымышы ма, әлде басына келген тағдыр қасіреті ме, кім білсін, қазақ ұрпағының үштен бір бөлігінен астамы әлемнің қырықтан артық еліне тарап, өздерімен бірге талай асыл ұлттық мұраларды ала кеткенін азат ел атанғанымыздың арқасында біліп, танысып, қуанышқа бөленудеміз.

Сондай құнды еңбектердің бірі – қазақ даласы Жетісудің Шалкөдесінің жиһангер ғұлама, қараүзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегі бүгінде ұлтымыздың рухани алтын қазынасына айналды. Амал қанша, бес мың бетке жуық қолжазбадан бізге жеткені өртенген қолжазбаның аңдыз-аңдыз болған мың беттен сәл артығы ғана. Кітап сол XV ғасырдағы шағатай тілінде жазылғандықтан оның қазақша аудармасында кейде сол заманғы, көне түркі тіліндегі атаулары жиі кездеседі. Әрине, бұндай тіл ерекшелігі кітаптың зерттеуші мен оқушыға қиын екені заңды. Дегенмен бүгінде «Шипагерлік баянды» арнайы зерттеушілер өте аз болғанымен, оны қызығып оқушылар, шын пейілмен сол замандағы және онан арғы уақыттағы халқымыздың ғылыми тіліне, халық емі шипагерлігіне қызығушылар саны көбейіп келеді. Бүгінгідей арнайы мектебі, арнайы орта және жоғары оқу орны жоқ замандағы қарапайым дала қазағы Өтейбойдақтай білімдінің бір халық емі шипагерлігі айналасына бірнеше ғылымды топтастырып, оны халық игілігі үшін көп салада пайдаланып еңбек жазуы таң қалдырады.

Өзінің ізгі арманы жартылай орындалған Өтейбойдақ баба қолжазбасының баспадан шықпай қалуына қатты қайғырғанымен, ол ғарыштық байланысы бар ғалым, түбі бір ұрпағымен қауышатынына толық сенеді. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы: «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде, мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ. Бұл – соңғылар қадірін біліп, ұстай білсе, қанғысыз бұлақ, қадірін білмесе, отбасында аяқпен тозатын тулақ» – дегені шындыққа айналды.

Кітапты баба ұрпағы бес жарым ғасыр өткенде жылы қабылдады. Оның қадірін білді. Оны нағыз үлкен шипагерлік еңбек қана емес, шоқтығы биік әлемдік деңгейдегі энциклопедиялық ұлттық ғылыми еңбек деп бағалады. «Шипагерлік баян» кітабы шынында да қанғысыз бұлақ, асыл қазына екеніне күмән жоқ. Кітапты адам қайтадан қайталап оқыған сайын оның құпия сырына қанық болады. Осыдан кейін-ақ «Шипагерлік баянның» алғашқы атының не үшін «Шипагерлік құлып» болғанына көзі жеткендей болады. Осыған қарап кітапта бірнеше маңызды ғылыми тұрғыдағы ерекшеліктері барын атап қойған жөн сияқты. Кітаптың бұл ерекшелікке ие болуы қараүзген шипагердің ғылымдағы теориялық, тәжірибелік әдістер және халық ішіндегі халық есімі саласындағы жинаған мәліметтерін бір жүйеге топтастыра білуінде.

 

Халық емшілігіне ғылыми көзқарас

 

Халық емшілігінің дами бастағанына әрі емшілердің теориялық және тәжірибелік ілімдерінің өркендеуіне Қазақстан халық емшілері қауымдастығының көмегі ұдайы жалғасып келеді. Бұрын білімі жоқ, танымы нашар, діни сауаты таяз әрі психологиялық таным бойынша тұлғалық дәрежесі төменгі сатыдағылар есептелініп келген еліміздегі емшілердің алды ғылыммен де, арнайы еңбектер жазумен де және емдік жақсы көрсеткіштермен де емделуші науқастардың алғыстары мен ризалығына бөленгендер саны да көбеюде. Дегенмен, республикадағы емші қауымның барлығы есепте болмауына әрі осы саланы республика бойынша бақылау жасайтын екі-үш ұйымның өзара бақталастығының нәтижесінде емшілердің мәдениеті төмендеп, алаяқтыққа бару және жалған сөйлеп ұжымдар арасына өсек тасушылар да баршылық. Емделуші қарапайым халық кімнен шипа аларын білмей алдампаздардың торына түсуде. Кейбір телеарналар («31», «Рахат», «Алматы») т.б. ешқандай есепте де және лицензиясы да жоқ емшілерді өздерінің табыс табу көзіне айналдырып, көп жылдан бері сырқат жандарды республиканың түпкір-түпкірінен Алматыға сандалтып соның салдарынан пайдакүнем және алаяқ емшілерден алданғандар да және ыңғайсыз сөздер естіп жүрегі ауырып қайтатындар да бүгінде көбеюде. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының ұйымдастыруымен халық медицинасының жетістіктерін және жеке емшілердің іс-тәжірибелерін ғылыми тұрғыда таныстыру мақсатында Алматы қаласында 2004 /16-18.09./, 2005 /24-26. 09./ және 2006 /22-24.07./ халықаралық конгрестер өткізіліп, шетел ғалымдары мен емшілерін таныстырып және бұдан былай өзара ынтымақта бірлесіп жұмыстар атқаруға мүмкіндік туғызды. Биыл тамыздың 17-19 жұлдызында Шымкент қаласында «Қазақстан мен Орта Азиядағы халық медицинасының өркендеуі» атты I-Халықаралық конгрес өткізу жоспарының алғашқы қадамдары басталды. Қысқасы, Қазақстан мен Орта Азияда дүниеге келіп өмір сүрген және халық емшілігі саласында еңбектерін жазып қалдырған ұлы ғұламалар Әбу Насыр әл-Фараби, Ибн-Сина, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, Құртқа баб т.б. ғұламалардың еңбектерін насихаттау мен оқып үйренуге кең жол ашылмақ.

Осы игілікті іске халық медицинасын зерттеуші ғалымдар, мемлекеттік және қоғамдық ғылыми зерттеу мекемелері, жоғары оқу орындары ғалымдарының қатынасуын және ғылыми мақалаларын ұйымдастыру комитетіне жолдауын қуаттаймыз. Киелі қасиеттің құпия тылсым сырларын сыйлаған әрі қорғап келе жатқан халық емшілері де адал еңбегімен көрінетіне сенім мол.

 

ДЕНЕДЕГІ ҒАЖАЙЫП СЫЗБАЛАРДЫҢ

СЫРЫН ДА БІЛГЕН ДҰРЫС

 

Бүгінде адамзаттың басты міндеттерінің бірі – ғарыштың, табиғаттың және адамның жеке құпияларын оқып, әрі үйреніп зерттеу болып табылады. Біз сыртқы қоршаған ортаның құпиялы сырын білуді былай қойғанда өзіміздің бойымыздағы қасиеттерді, тәндегі құпияларды және т.б. толып жатқан тылсым сырларын толық білгеніміз жоқ. Осыдан жиырма жылдай бұрын жалаңаш денесіне пышақ, қасық т.б. заттар жабысатындар жауыннан кейінгі  саңырауқұлақтай қаптаған-ды. Қазір бәрінің денелеріндегі биотогы өшкен бе, әлде имандылықтың жолына түсіп Жаратушы Алла тағаланың құдіретіне иман келтіргендіктен бе, олар өзін ашық түрде жарнама жасаудан қойды. Алғашқы көп сортты «әулиелерді», «аналарды», «Алланың елшісін» былай қойғанда 1998 жылы Халықаралық «Түркістан» газеті (№3, қаңтар айы) басшылары өз қолдарынан тірі адамнан «Фархат ата» деген «Құдайын» жасады. «Адам Құдайы» алғаш газет редакциясының компьютерлерін өшіріп, шәкірттеріне миллиондаған микроэлементтерін жібереді де аспаннан екі аяғы салбырап түскендей жер бетіндегі жаратушы «Мен» деп жариялағаны көпшілік оқырманның есінде болар. Оның да жасампаз алдампаздық әрекеттерін арнайы мемлекеттік тексеруші органдар анықтап, оның өзі о дүниелік болғанымен оның артында қалған мұрагерлерін бүгінде жауапқа тартуда. Ойланбай жазылған газет мақаласы ұзаққа бармай, үні өшті. Кім ұтты, кім ұтылды оған оқырман баға берері анық. Мұндайлар жыл өткен сайын ескерусіз қалып барады. Алыс елдерді былай қойғанда, өз елімізде (бұрынғы Талдықорған, Семей облыстары) денелерінен от шығып, жан-жағындағы заттарды өртейтіндер де және Оңтүстік Қазақстан облысында бір азамат (бәрі қазақ) қолын бір бөшке суға  салса қайнатып жіберетінін, соның арқасында қыста бір шаруашылық техникасына қажетті жылы су дайын болатынын да жазды. Бірақ бәрі де жұмбақ болып келді. Айтылды, жазылды, халық естіді, сонымен хабарландыру аяқталды. Дегенмен, мұндай құбылыстар кездейсоқтық емесі рас. Бұл да адамның бойындағы  бір құпия екеніне күмән жоқ. Оны жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен адамгершілік пен имандылықтың тепе-теңдігін сақтаған да дұрыс шығар. Бұндай құбылыстардың басқа түрлері де шет елдерде де болатыны жөнінде баспасөз беттерінде көп жазылды. Соның бірі егер хабарламаға сенсек («Комсомольская правда» газеті, 1998 жыл) Тбилиси қаласының бір мектебінде оқыған 14 жасар Татия Элердашвили деген қыздың денесіне аяқ астынан әр түрлі суреттер шыға келеді екен. Қыз арықша келген, ақжарқын мінезді дені сау,  сабақты жақсы оқитын сияқты. Әкесі газет қызметкері. Ал атасы болса бала кезінде орманда адасып жүріп тосын оқиғаға тап болады. Бір жарқыраған шар кезігіп, оны қажетті жеріне жеткізіп салған көрінеді. Ол немересінің денесіне пайда болып жүрген суреттерге сол көне құбылыстың да әсері бар деп жорамалдайды екен. Бірақ әлі шешім табылмаған. Бір қызығы, әлгі суреттер Татияның тұла бойына билеген кезде бадырайып шыға келетін болған. Бұл ғажап оқиға алғаш католиктердің Рождествосы қарсаңында болыпты. Татия кенет бір денесінің күйіп-жанып бара жатқанын сезініп, ата-анасына ұмтылады. Олар алдымен қызының мойнынан крестің бадырайып шыға келген суретін көреді.

Одан кейін Татияның көкірегінде сәуле шашқан күн сияқты дөңгелек пайда болыпты. Ал маңдайында көрінген сызық иегіне жетіп, мойнындағы крестке қосылған. Екінші сызық маңдайын басып өтіп, екі самайына жеткен. Арқасында омыртқаларынан басталған қиғаш паралель сызықтар жаңа жылдық шыршаға ұқсас болады. Қызының бүкіл денесі лапылдап тұрған соң шешесі жанұшырып, суық компресс басады. Ал бұдан бұрын Татия өз денесіндегі осы жұмбақ құбылысты бірнеше ай бұрын билеп жүргенін байқайды. Кешкісін Татия ескі айнаның алдында айналып жүреді. Бір мезет  бетіне көзі түсіп, қатты шошып кетеді.

Бұны көрген әке-шешесі зәресі кетіп, қызын шіркеуге әкеліп шоқындырады. Осы дәстүрдің алдында да оның денесіне тағы да үш крестің, кеудесіне, шеңберлер, кішкене крестер және қолдарына «көздер» шығады.

Қыз шоқындырылғаннан кейін де бұл ғажап құбылыс жалғаса береді. Осы сәттерде қыздың денесі күйіп-жанып, шөл қысып, көп су ішеді, таза ауаға ұмтылады.

Бұл сызықтар теріде алдымен майда, тырнап кеткендей болып білініп, сосын ісініп барып, бадырайып көрінеді екен. Бұл әлі құпия күйінде қалуда. Биоқуаттар проблемаларымен шұғылданатын мамандардың айтуларына қарағанда, денедегі артық биоқуат сыртқа лықсығанда теріде іздерін қалдыратын көрінеді.

Кім біледі, бұл адасып жүріп жарқыраған шарға кезіккен атасынан немересіне қалған генетикалық «мұра» болар, әлде денедегі биоқуаттың әлегі ме, алда оны дәлелдеу күтіп тұр.

Адам тәніндегі табиғи бет әжімі, тері сызықтары ол жас ұлғайып денедегі судың мөлшерінің азаюынан болатынын еске алсақ, ал мына құбылыс әлі шешілмеген жұмбақ екені шындық.

Ғарыштық беймәлім құбылыс иелері жөнінде шындық әрі шыңына шыққан жоқ. Жаратушының жарлығы бойынша оның орындаушылары өз міндеттерін орындауда. Ғарыштық құбыжықтардың ұрпағы да пайда болғанын хабарлағалы да талай уақыт өтті. Енді адам денесіне артық  жоғары мөлшерлі қуаттар жіберу арқылы, оның денесін қыздырып, терісін ыдыратып, ешқандай білдірместен құдіретті күш иесі өз дегенін істеп бағуда.

Мен де 1992-1993 жылдары Тараз, Алматы және Орал қалаларында өзімнің емдік сеанстарымда емделгендердің кейбіреуінен аяқ астынан денесіне сызба суреттер пайда болып, артынан жоқ болғанын көргенмін. Бұл біреудің өз шығарған фантастикалық әңгімесі емес, адамзаттың даму дәуірінің эволюциялық даму заңының бір саласы екенін білсек артықтық етпейді. Адамдарға ғарыштық таным, ғарыштық түйсік және сана осылай кездейсоқтықтарға душар болып дами беретінінен енді сезіктенудің қажеті жоқ.

 

КӨРІПКЕЛДІК СЫРЛАРЫ

 

Ертеден бері адамзаттың пайда болуы тарихынан зерделесек, ғасырлар бойы өздерінен тыс бір тылсым күштің табиғатқа қайшы келмейтін құпия заңдылығы барына зор сеніммен қарады. Ғылым болса, осы құбылысты анықтауға ұмтылды. Адамның бойындағы ерекше бір қасиет көріпкелдіктің нақты нәтижелерінің қорытындысы, ғылымда жаңаша көзқарастық өзгеріс туғызады. Дегенмен, нақты теориялық заңдылығы жоқ бұл құбылыс әлі ғылыми және тәжірибелік нақты шешімін таппағанмен әр елде ғалым-зерттеушілері ұлттық ерекшеліктердің үндестігіне қарай зерттеу тұжырымдамаларын жалғастыруда. 

Көріпкелдік қасиет қайдан пайда болады, ол мәңгілік пе, жоқ уақытша бір алданышты сиқыр ма, әйтеуір, әлі белгісіз дүние сияқты көрінеді де тұрады. Дегенмен, атақты Болгариялық көріпкел Ванганы 12 жасында құйын аспанға көтеріп әкетіп екі көзінен айырылған соң көріпкелдіктің пайда болғандығына анализ жасасақ, ғарыштық жүйе мен адамзат арасында өте күшті толқынды бір құпиялы байланыстың барлығын білдіретін сияқты. Сондықтан да жаны таза көріпкелдер тек қана ғаламдағы таза рухтар көмегімен нәтижеге жетіп отыратындай.

 Көріпкелдік – адамның ой арқылы белгісіз ішкі және сыртқы күштердің әсерімен ғарыштық жүйемен байланысқа шығып хабар алатын, алған хабарды жерге жеткізуші жоғары жиілікті сезімтал қасиеті. Көріпкелдік адамның ойы арқылы жүзеге асатындықтан, ой ғарыштық жүйемен телепатиялық байланыста болады да, өз хабарын жеткізеді әрі жауап алады.

Көріпкелдік – телепатия. Көріпкелдік пен телепатия бір-біріне тәуелді келеді. Телепатиясыз – көріпкелдік, ал көріпкелдіксіз – телепатия өз сырын аша алмайды. Телепатия көріпкелдікке жол ашады. Ол көріпкелдікті ашудағы ғарыш пен адамзат арасындағы тікелей байланыстырушы рөл атқарады.

 Телепатия – жер мен ғарыш арасындағы байланыс жүйесін жүзеге асырады. Адамның ойын ғарыштық жүйеге қосып, өңдеп қайтадан хабарды жерге жеткізуге әсер етеді. Адам ғарышпен телепатиялық байланысқа шығады да, одан белгісіз күш әсерінен көріпкелдік жүйесіне көшеді. Ойсыз телепатиялық байланысқа, ал телепатиялық байланыссыз  көріпкелдік жүйе орындалмайды. Барлық адам да бірдей көріпкелдік немесе телепатиялық байланыс бірдей болмайды. Белгілі ғана адамдар тобы бұл екі қасиетке ие болуы мүмкін. Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Үш анық» деген еңбегінде телепатия, спиритизм /рухпен байланысқа шығу – З.Қ/, магнитизм деген ғылыми атауларға тоқталып, бұл шындық деп, бұл саланы отыз жылдай оқыған, көңіліне тоқыған көптеген тілдерде жазылған кітаптарға сүйеніп тұжырымнамасын ұсынады /Ш. Құдайбердіұлы. «Үш анық». Алматы. Қазақстан. 1991./. М.Нострадамус пен болгариялық Ванга  әжей  телепатиялық – көріпкелдік  байланыстың таза дәлдіктік шындығы арқылы әлемге даңқын шығарды. Ғалым, жазушы, ақын, өнер адамы, суретші, емшілердің белгілі тобы өзінің телепатиялық байланыста болатындарын біле бермейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ұдайы ғарышпен, періштелермен телепатиялық байланыста болды. Қасиетті Құранды да өзінің періштелер мен көріпкелдік-телепатиялық байланысы арқылы қабылдаған. Хан Абылайханның түсін жорыған Майқы би, Асан қайғы, Өтеген батыр, Бекет әулие, Мөңке би, Бұхар жырау тағы сол сияқты сұлтандар, билер, батырлар да ғарышпен телепатиялық байланыста болғандарын, олардан қалған жазба деректер арқылы білуге болады. Көріпкелдер көбінесе ғарышпен жеке телепатиялық байланыстарды сөз, дыбыс, сурет, сызба, бейне, бағыт, әріп, жазу, ән, саз, діни оқылым, дыбыстық белгі, жарық белгі, денені тітіркендіру, белгісіз рух атынан деп, басқа белгісіз күш әсерімен трансқа түсіп сызу және жазу тағы басқа тәсілдер арқылы алатыны жеке адамдардың мәліметтері бойынша анықталуда. Генералиссимус Суворовтың бұрын ажырасқан әйелі адамның өңіне, түсіне, жүрісіне қарап, ол адамға қауіп /өлім/ төніп тұрғанын нақ айтатын көріпкел болыпты. Әйел кімді іздеп келсе, ол адам өзіне қауіп келгенін сезіп, жақындарымен қоштасатын болған. Суворов та кеткен әйелі ұзақ жылдан соң оралғанда сезіктеніп, дайындалып ана дүниеге аттаныпты. Бүгінде әлемнің көп елдерінде М.Нострадамус пен Ванга әжейдің жеке болжамдарын оқу, үйрену, шешу ғылыми орындары жұмыс істегенмен әлі құпияның сырын толық ашқан жоқ. XV ғасырдың ғалым-шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы айтқандай: «Ел айтса-қалт айтпайды»,- дегендей халықтың арасында көріпкелдердің ұрпақтарының барлығына күмән келтіруге болмайды. Дегенмен, ел арасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 210-хадисінде: «Мен үмбетімде отыз өтірікші болады. Олардың әрқайсысы өзін Алланың елшісімін деп жариялайды. Бірақ, мен соңғы Пайғамбармын. Менен кейін Пайғамбар болмайды.», – десе де өмірде жалғандықпен өзін пайғамбарлық дәрежеге дейін насихаттағандар да барын жасыруға болмайды. Көріпкелдік – ол киелі таза рухтардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын тектік қасиеті әрі әр ұлттың өзіндік ерекше тылсым құпия сырлары болғандықтан, бұған таза танымдық пен ғылыми көзқараста талдау жасап оның болашағының пайдалылығына баға беру қажет етеді.

 

ДҰҒАНЫҢ ПАЙДАСЫ

 

Егер біз өз танымымыз бойынша жекелей саралап баға берсек, ақиқатында ең шыншыл сөз – Аллаһ Тағаланың сөзі Қасиетті Құран Кәрім екендігіне бүкіл мұсылман және әлем ғалымдары сенім білдіргендігі осы шындықтың дәлелі болмақ. Ең дұрыс жол – ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ұстанған Ислам жолы.

Сондықтан да, әрекеттің ең жаманы – дінге жат нәрселерді қосарлата ұсынудың барлығы – дінбұзарлық әрекетке жатады. Бұл дінбұзар істің барлығы – адасу, ал адасушылардың барар жері – тозақ екендігі жөнінде қасиетті Құран Кәрімнің аятында анық айтылған.

Діни тұрғыдан алғанда Аллаһ Тағалаға дұға ету: Аллаһ Тағаладан жақсылық, медет, шарапаттылық тілеу арқылы әр мұсылман өзінің қиын жолдарынан шығуға, ақ жолының ашылуына, имандылыққа жетуге тілеген тілегі болып табылады.

Аллаһ Тағалаға дұға етудің мәнісі: пенденің Раббысына деген мұқтаждығын білдіру, қажеті өтелу мақсатында Жаратушысына мінәжат ету болмақ.

Дұға пендені Жаратушысымен байланыстырады. Дұға етіп, Хақ Тағаладан қажетімізді тілеу біздің ежелден қалыптасқан ата-бабаларымыздың тілектерінің табиғатына тән нәрсе. Бұған дәлел кейде кез-келген пенде, оны үйретпесе де, тосын қауіпті және ыңғайсыз жағдайға ұшырағанда шыбын жаны шырқырап Аллаһ Тағалаға жалбарынады. Өйткені қандай бір қиыншылық болмасын пенденің Аллаһ Тағаладан басқа жарылқаушысы да, қорғаушысы да жоқ екеніне пенде еріксіз сенімге енеді.

Ислам талап ететін дұға – адам баласының көкейінде әрдайым Аллаһ Тағалаға деген тілек. Аллаһ Тағалаға дұға ету үшін жақсылық немесе қиыншылық болуы шарт емес. Дегенмен кейде адамдардың басым көпшілігі өз тілектерінен кейін, көбінесе уайым-қайғысынан арылған соң  Жаратушысын естен шығарады. Ал, ақиқатында адам баласы Аллаһ Тағаланың жасаған қамқорлығына астамшылық етпей, қашанда Тәңірі оған жасаған жақсылығын есінен шығармағаны жөн. Бұл үлкен әдеп пен саналыққа жатады әрі имандылықтың жоғары сенімдік парасаттылығының белгісін білдіреді.

Имам Ибн Әл-Қайим дұға етумен Аллаһ Тағаланы еске алудың жүзге жуық пайдасы бар деген. Олардың кейбірі төмендегіше: Аллаһ Тағаланың разылығына себепкер болады. Шайтанды қуады. Жүректегі уайым-қайғыны жойып, онда қуаныш пен рахат сезімін орнықтырады. Жүрек, рух және денені қуаттандырады. Адамның жүзі мен жүрегін нұрландырады. Ризықты молайтады. Аллаһ Тағалаға жақындатып, оның сүйіспеншілігіне лайық етеді. Адасудан сақтайды. Аллаһ Тағала көп дұға етушіні Өз панасына алады. Дұғаның себебінен Аллаһ Тағала мағрифат, яғни кешірімесіктерін ашады. Дұға күпірлік басқан өлі жүректі тірілтеді. Күнә мен қатерді жойып, тозақ азабынан құтқарады. Әрдайым Аллаһ Тағаланы еске алып, оған дұға ету, яғни зікір, тілді жаман, боссөзден қайтарады. Жамағатпен отырып, Аллаһ Тағаланы зікір етуді періштелердің отырысымен салыстырса болады. Жамағатпен отырып дұға ету амалы Қиямет күні қайғы-қасіреттен пана болады. Оңаша отырып, шын ықыласпен жылап тілеген дұға Қямет күні Аллаһ Тағаланың таңдаулы пенделеріне орнаған саябақтың көлеңкесіне паналауына себепші болады. Көп дұға етуші ғибадатқа қиналмайды. Дұға – жаннат егістігі. Аллаһ Тағаланың пенделеріне әзірлеген нығметтерінің ең абзалы – Аллаһ Тағаланы есіне алып, дұға еткендердің несібесі. Үнемі дұғада болғандардың тіршілігі әрқашан қауіпсіз және тыныш болады. Зікір – осы дүние мен Ақыреттің нұры.Көп зікір жүректі сергітеді, яғни, иесін күнәдан сақтайды. Шын жүректен жасалған зікір құлды азат ету, Аллаһ Тағала жолына садақа шығару және дін жолындағы күреспен тең. Дұға қатыгез жүректі жібітіп, жүректің індетіне шипа болады. Көп дұға етушіге періштелер игілік тілейді. Дұға етушіге Аллаһ Тағаланың рахметі жауады. Жамағат болып дұға етушілердің отырысы бұл дүниедегі жаннаттың бау-бақшасы. Көп дұға етушілерге періштелер истиғфар айтады, яғни, Аллаһ Тағаладан күнәларын кешіруін тілейді. Әрі көп дұға етумен Аллаһ Тағаланы еске алу екі жүзділікті жояды. Адамды арам ойларынан арылтып таза имандылық жолына түсуіне ықпал етеді.

Сонымен қатар Имам Әл-Ғазали: «Біреу Аллаһ Тағаланың белгілеген тағдыры өзгермейтін болса, дұға етудің не пайдасы бар?», – делінсе, адамның басына туатын бәлені дұғамен қайтару тағдырда белгіленгенін білгенің жөн. Қалқан қаруды  қайтарғанға, су өсімдіктің шығуына себеп болғанындай, дұға да бәлені қайтарғанға және рахметтің нәсіп болуына себеп бола алады... Аллаһ Тағала «Ниса» сүресінің 102-ші аятында: «Олар сақтық шараларын қамтамасыз етіп, қарулансын», – деген. Осыған сай Ол бір істің болуы мен оның себептерін белгіле», - деген.

Дұғаның әдептері жөнінде Имам Әбу Хамид Әл-Ғазали өзінің «Әл-Ихяу ъулүмид-дин» кітабында дұға етуге қатысты он түрлі әдеп талаптары жайында айтқан. Дегенмен, біз Имам Әл-Ғазали айтқан әдеп талаптарын басқа да ғалымдардың еңбектерінде айтылған дұға етудің әдеп түрлерімен толықтыруды жөн көріп тұрмыз. Ол:

1. Дәретті болу.

2. Таза орында дұға ету.

3. Дұғаны Аллаһ Тағалаға мақтау, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтумен бастау.

4. Дұғаны Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтумен аяқтау.

5. Тілекті  үш қайтара айту.

6. Құбылаға бет қарату.

7. Екі қолды иық тұсына көтеріп, алақанын жаю.

8. Дұғадан кейін екі алақанымен бетті сипау.

9. Орташа дауыспен дұға ету.

10. Дұғада Аллаһ Тағаланың есімдері мен сипаттарын тілге алу.

11. Алдымен өзі үшін тілек ету.

12. Тілекте ықыласта болып, табандылық білдіру.

13. Дұғада әдептілік шегінен шықпау.

14. Тек басына күн туғанда ғана емес, жай уақытта да Аллаһ Тағаланы есінен шығармай дұға етіп жүру.

15. Дұғаның қабыл болуына себеп болатын жақсы амал істеу.

Біз бәріміз де Аллаһ Тағаланың ана құрсағындағы тамшылық өмірден ақырғы тынысымыз таусылғанға дейінгі өмірімізге дейін сынағында болғандықтан да, жақсылық пен жамандықтың әрі қиыншылықтың сынақтарынан өтіп отырамыз. Тек қана жақсылыққа жету Аллаһ Тағаланы ұдайы еске алып дұға етіп, тілек арқылы ғана болатындығын білгеніміз имандылығымыздың жоғарғы парасаттылығының көрсеткіші болмақ. Дұғаларыңыз қабыл болсын!

 

Зомбилаудың қауіптілігі

Бүгінде зомбилау атауының халық арасында тарала бастағанына біраз жылдар өтсе де, нақты оның зияндылығы жөнінде толық анықтамалар өте аз. Негізінде омбилықтың ғылыми бағыты 30-жылдардан бері қарай келе жатыр деп негіздеуге болады. АҚШ, Франция, Израиль, Жапония, Қытай және Ресей елдерінде жеке адамдарды да, тұтас ұжымдарды да зомбилау жұмыстары жүргізілгені туралы тікелей және жанама деректер баршылық. Егер бұрындары қатал программалау нәтижесінде биороботтар пайда болса, қазір зомбиді тек маман ғана анықтай алады, өйткені олардың әрекеттері ешқандай күдік тудырмайды. Адамның ойлау жүйесін жаулап алып, оны өзінің мақсаттарына пайдаланушылар көріне бастады.

Жасанды әдістермен электромагниттік, магнитті акустикалық, плазмалық және психотропты генераторлардың көмегімен түрлері ерекше құрылған өрістерді жасап шығарады, олар ми мен жүйке жүйесінің жұмыс істеу процестерін өзгертіп кері  қайшылыққа ұшыратады. Бұл өрістерді «тәжірибе жүргізілетін» нысандарға бағыттай отырып, оператор олардың санасына арнайы қызметтерге қажетті ақпаратты жіберіп, қандай да бір тапсырмаларды орындауға дайын тұратындай етіп қалыптастыра алады.

Сонымен зомбилық дегеніміз – осы заманғы арнайы препараттар мен ерекше техникалық құрылғылардың (соның ішінде аса жоғары жиіліктегі генераторлар) көмегімен адамды қатал программалау, сондай-ақ адам психикасын басқару шарасы болып табылады.

Зерттеушілер Игорь Винокуров пен Георгий Гуртовой өздерінің «Психотропная война. От мифов – к реалиям» атты кітаптарын осы мәселені түсіндіруге арнаған. Осы кітаптың «Зомби выходит на связь» деген тарауында: «Күн тәртібінде үшінші ұрпақ зомбиін жасау мәселесі тұрды. Бұл жерде құпия, тылсым немесе эзотериялық білімді мамандардың қатысуынсыз болмағаны белгілі. Экстрасенсорлық әсер етудің ықтимал мүмкіндіктеріне назар аударылды. Сонымен бірге осындай әсерлерді техникалық құралдардың әсерімен күшейту әдістерін іздей бастады. Бұндай әсер адамның санасы мен психикасына енген кезде, адам оны өз санасынан тыс нәрсе деп емес, қайта өзінікі, өзінің ішінен, болмысынан туған нәрсе деп қабылдайды. Осылайша сырттан еріксіз таңылған осындай қылмыстық немесе басқа да күштің әсерінен адам қылмыс немесе қоғамдық адамгершілік қағидасына қайшы келетін іс-әрекеттер жасағанда, ол адам бұған тек өзін ғана кінәлайтын болады. Тіпті ол өзін қылмысқа итерген күштің сырттан келгенін сезсе де, оған ешкім сене қоймайды, керісінше оны есі ауысқан деп таниды» деп жазып түсініктемелер береді.

Біздің қоғамда мүндай әрекеттің өріс алуын да білу, ол әр адамның жеке басының амандығын қорғау болып есептеледі. Сондықтан осы заманғы ғылыми техниканың даму жүйесінің де неше алуан әрекеттерді жасауда оның зомбилық бағдарламалары адам өміріне өте қауіпті болмақ. Белгілі топтар әр түрлі жастағы азаматтар мен азаматшаларды тек қана өз мақсаттары үшін мақұлық ретінде пайдаланатынын ескерсек, бұл да дуалау мен сиқырлаудан кем түспейтін өте қауіпті бағдарлама екенін білген артықтық етпейді.

 

ВАМПИРЛЕРДЕН ҚОРҒАНУ

 

Жоғарыда айтылғандардың бәрі өз ішіңіздегі вампирлікті жеңуге бағытталған, ал сыртқы вампирден қалай қорғануға болады. Вампирдің басқа адамдарға әсері – теріс энергетикалық әсер. Бұл, әрине, көз тию, дуалау емес. Дегенмен бұл сіздің ағзаңызға бөгде биоөрістің еніп, денсаулыққа зиян энергетикалық залал келтіреді. Егер біз өз еркімізбен донор болмасақ, онда вампир біз үшін шақырылмаған қонақ болып табылады. Сондықтан ертеден қорғаныс әдістері бар. Солардың бірнешеуін келтірейік.

1. Кез келген адамдармен (әсіресе вампирлермен) қарым-қатынас жасаудың бірінші және ең басты ережесі – ешқандай жағдайда да ашуланып-күйгелектенбеу, өйткені ашу шақырған себептің (басқа адамдардың сөзі немесе әрекеті) мәні ғана емес, сонымен бірге оған деген біздің көзқарасымыз да маңызды. Вампирдің саналы түрде де, санадан тыс түрде де басқалардың энергиясын ұрлау жолындағы жұмысы тек оның құрбаны ашуланғанда ғана жүзеге асады.

Ашудан қорғанудың басты құралы күшті биоөріс болып табылады. Сондықтан өз биоөрісіңізді бақылап отырыңыз, бұдан бұрын баяндалған биоэнергетикалық жаттығуларды жасаңыз. Күшті биоөріс дегеніміз бұл – күшті биоэнергетикалық қорғаныс. Бұл орайда биоөрісі күшті адамдардың донор бола алатынын да ескеру қажет, олармен қарым-қатынас жасауға вампирлер де құштар болады. Сондай-ақ адамның биоэнергетикалық әлеуеті жоғары болған сайын, оның кез келген әсерлерді қабылдайтын экстрасенсорлық (жоғары сезімталдық) қабілеті де жоғары болатынын есте сақтау керек. Осы қабілеттің екінші жағын бейтараптандыру үшін басты, миды, ойлау жұмысын іске қосу керек. Осыдан келесі қорғаныс тәсілі шығады.

2. Оймен қорғану. Ойлау жұмысын екі бағытта қарастыруға болады: адамның өз әрекетін басқаратын ой және басқа адамдарға бағытталған ой.

Ой жұмысының вампирлерге қатысты бірінші бағытында «біз қасқырдан қорықпаймыз» ұстанымында болуымыз керек, яғни қасқыр – вампир, бірақ біз оны жыртқыш аң ретінде емес, үй жануары ит ретінде қарастыруымыз керек. Бұндай «ит» сіздің «оңай шағылмас жаңғақ» екеніңізді түсінгеннен кейін, сізге қайта келмейтін болады.

3. Вампирден аулақ кету, онымен қарым-қатынас жасамау. Өзіңізге жағымсыз адаммен ешқашан араласпаңыз. Бұндай кездесулерден қашу қиын болса немесе мүлдем мүмкін болмаса, онда екінші тәсілді қолдану керек.

4. Келесі тәсіл – «аспанда қалықтап жүру». Егер сізге қандай да бір себептермен вампирден қашу мүмкін болмаса, онда одан ақша бұлттарға немесе көгілдір аспанға ойша қашыңыз. Бұл мүмкін нәрсе, тек тырысып көру керек.

5. Өзіңізге, әсіресе, қызықсыз және керексіз адамдардың назарын аударта бермеңіз.

6. Өзіңізге жағымсыз адаммен сөз таластырмаңыз.

7. Өзіңіздің биоөрісіңіздің аясын жабық ұстаңыз:

Жамандық күтетін адамдарыңызбен сөйлескен кезіңізде қолыңыз бен аяғыңызды айқастырып отырыңыз;

Бір қолыңыздың бас бармағы мен сұқ саусағын екінші қолыңыздың бас бармағы мен сұқ саусағын біріктіріп, шеңбер жасаңыз, қалған саусақтарыңызды бір-біріне қойыңыз.

8. Айна. Жағымсыз адаммен кездескен немесе араласқан кезде осы адаммен сіздің араңызда шағылысқан айна бар деп ойша елестетіңіз.

9. Прожектор. Сіздің «үшінші көзіңіздің» тұсынан прожектордың күшті ашық сәуле шашып тұрғанын елестетіңіз, бұл сәулені сізге жағымсыз адамның «үшінші көзіне» және көздеріне қарай бағыттаңыз.

Басқа да көптеген тәсілдер бар, бірақ келтірілген тәсілдер вампирлерден ғана емес, басқа да теріс энергетикалық әсерлерден, соның ішінде көз тию мен дуадан қорғауда қарапайым әрі тиімді болып табылады. Егер сіз оларды орындап үйренсеңіз, көп ұзамай-ақ вампирлік проблемаларының сіз үшін жоғалатынын аңғарасыз. Сонымен бірге сіз бұл жаттығуларды өзіңіздің биоөрісіңізді дамыту үшін де жасасаңыз, онда өміріңіздегі көптеген басқа да қиындықтарды жеңе алатын боласыз.

Барлық жаттығуларды айналаңызға білдіртпей, ешкімнің назарын аудармай жасауға тырысыңыз.

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14 15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32  33  34  35  36  37  38  39




вверх