орындалған Аманат | |||
Главная Вернуться Предыдущая Следующая | |||
IV Тарау ЖЕКЕ Әдеби мақалаларЫ
ЕМШІЛІК ХАЛЫҚТЫҚ ӨНЕР
Халық емшілерінің басын біріктірген Қазақстан халық емшілері қауымдастығы өзінің құрылғанына 15 жылдық торқалы тойын 2006 жылдың 22-желтоқсанында абыроймен атап өтіп, өзінің жанашырларының және мүшелерінің ықыласына бөленді. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде «Киелі шаңырақ» атты 26 баспа табақ көлеміндегі кітап шығарып қауымдастықтың 15 жылдық өткен тарихын баяндайтын еңбек бүгінде әлемдік интернет жүйесіне қосылып, қазақстаннның халық медицинасы мен оның емші-ғалымдары жөнінде хабардар болуда. Қазақ елінің тәуелсіздігінен кейін ерекше киелі қасиетке ие емші, бақсы, көріпкел, болжаушы, тамыршы, сынықшы, жұлдызшы, жауырыншы, балшы, рухани емші, т.б. дарындыларды бір қауымдастыққа біріктіріп, олардың қызметіне мүмкіндік жасап қана қоймастан, бойларындағы тылсым құпия сырлары мен емдік әдіс-тәсілдеріне ғылыми тұрғыдан тұжырым жасауға мүмкіндік туды. Бүгінде қазақ елінің көп ұлтты емшілерінің абыройлары, теориялық білімділігі, тәжірибелік талғамы, мәдениетінің жоғарылығы және шеберліктері әлемнің көптеген елдерінің ғалымдарын, зерттеушілерін, ерекше киелі қасиет иелерін мойындата әрі таныта білді. Бұрын емшілер басқа елдердің ғалым мамандары емшілік саласындағы өткізген конгресс және форумдарына қызығушылық білдірсе, кейінгі 2004-2006 жылдардағы Қазақстан халық емшілері қауымдастығы ұйымдастырған үш мәрте халық емшілігі саласының конгресі мен форумы (Алматы, 16-18.09.2004, 24-26. 09. 2005 және 22-24.07.2006) емшілердің мәртебесін асқақтатып ғана қоймастан, әлемнің бірнеше елінен келген қатысушылардың қазақ халық емшілігінің өткені, бүгіні, болашағы туралы толық мәлімет алуын қамтамасыз етті. Халық емшілігінің өзіндік жеке тарихын қалпына келтіруде қауымдастық өте күрделі ауыр жолдардан өтті. Шындық пен табандылықтың, адамгершілік пен имандылықтың, қайырымдылық пен кешірімділіктің, прициптілік пен сенімнің, талғам мен бағалаудың, білімділік пен шыдамдылықтың нәтижесі «Оты сөнген, жоғалған киелі өнерді» қалпына келтіруде өз жемісін берді. Әр емшінің тағдыры Алла Тағаланың тағдырламасында жазылғандығы бүгінде шындыққа айналды. Биыл шілденің 26-28-жұлдызында Шымкент қаласында «Қазақстан мен Орта Азиядағы халық медицинасының өркендеуі» атты I-Халықаралық конгресс өткізу жоспарының алғашқы қадамдары басталды. Қысқасы, Қазақстан мен Орта Азияда дүниеге келіп өмір сүрген және халық емшілігі саласында еңбектерін жазып қалдырған ұлы ғұламалар Әбу Насыр әл-Фараби, Ибн-Сина, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, Құртқа баб т.б. ғұламалардың еңбектерін насихаттау мен оқып үйренуге кең жол ашылмақ. Бүгінде конгресті өткізудің ұйымдастыру комитеті өз дайындығын толық аяқтады. Өзінің конгресіне қатысатын емшілерін күтуде. Киелі жер, қасиетті ел Оңтүстік халық емшілері және халық медицинасының жанашырлары «Оты өшкен, жоғалған мұралық өнерін» өркендетуге өз үлестерін қосатынына Қазақстан халық емшілері қауымдастығының Төралқасы өз сенімін білдіреді.
ЕМДІКТІҢ ХАЛЫҚТЫҚ СИПАТЫ ЖӘНЕ ТҮРЛЕРІ
Адамзат тарихының өркендеу кезендерінде әлемдегі кез-келген ұлттың өзіндік ерекшеліктеріне тән жеке емдік халықтық сипаттары мен әдіс-тәсілдері болды. Қазақ халқының шипагерлік емдік өнері де көне дәуірден ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып өркендеу мен даму кезеңдерінде де емдіктің халықтық сипаты сақталып келді. Қарапайым халық емі түрлері оның жеке ұлт болып бөлуінен де ілгері пайда болғандығына күмәнды қарауға болмайды. Алғашқы рулық үйсін, қаңлы, найман, скиф, қыпшақ, т.б. тайпалары дәуірінде-ақ адамдар ауру адамның сырқатын емдеуді қолға ала бастаған. Заманның өзгерісіне қарай атадан балаға сандаған ғасырлар бойы ашық та, жасырын да және құпия да жалғасын тапқан емдіктің қарапайым халықтық әдіс-тәсілдері туралы халық хабардар болған. Қазақ емшілерінің сонау VI ғасырда адамның бас сүйегіне операция жасағандығы, ал VII ғасырда аяқ-қолды келте кесу операциясын жасағандығы баяндалды /«Білім және еңбек» журналы, 1984-1985ж./. Бұдан қазақтың халық емшілігінің тарихи ұзақ, біздің дәуірімізден де арырақ басталатыны байқалады. Қазақтың емшілігінің емдік сипаттары жылдар ғасырлар бойы жылжыған сайын жаңа дәуірлік даму сипатына ие болды. Қазақ емшілігінде де адамның сырқатын анықтау, пайда болу себептерін білу, емдеп жазудың мәдени емдік жолы ілгерілей бастады. Қазақ емшілері табиғаттың ауа райының тұрақты қалыптылығы мен әртүрлі өзгерістерін адамның денсаулығының қалыпты әрі қалыпсыз болуына, жан-жануарлар мен өсімдік әлемнің тіршілігіне үлкен әсері бар деп қарады. Өйткені ұлттық емшілік ауа, су, топырақ және күн сәулесін табиғаттың негізгі тіршілік көзі деп есептейді. Халық емшілері науқас адамның ішкі және сыртқы ауруларын анықтаған соң, өзінің дайындаған дәрі-дәрмегін ішкізіп емдеу, қан алу, шертіп немесе шертпей денеге лоңқа қою, уқалау, құяң үзу, денеге ыстық суық өткізіп емдеу, арасанға /минералды суларға З.Қ. түсу, күн нұрына қақталу, бұлаулау/ қарағай, қайың жапырақтарына, ермен, жалбыз т.б. Қой терісі мен қой жынына түсу, қуатты ет, сүт, маңыз, ірімшік, құрт, айран, саумал, қымыз сияқты тағамдарды пайдалану т.б. әдістерін ішкі ауруларға қолданса, сыртқы ауруларға: сынған сүйекті орнына келтіріп тану мен қарапайым операция жасау сияқты оташылық тәсілін пайдаланған. Бұл қазақ емшілерінің өзіне тән ілімділігін, танымдылығын, ерекше жауапкершілігін білдіреді. Халық емшілері аурудың сырқаты белгілерін – тамыр ұстау, ауырған адамның өңін байқау, сөзіне, тұлғалық көрінісіне және жүрісіне қарап, денені сипау мен аурудың өзінен сұрау арқылы анықтады. Әр түрлі кезеңдерде емшіліктің халықтық сипаты неше түрлі кедергілерге ұшырап, өрісін кеңейте алмауынан кенжелеп қалды. Сонда да емшілер емдеу жүйесінде дәрісін негізгі және қосымша дәрілер деп бөліп, өзінің рецептерін пайдаланады. Сөйтіп қайнатпа дәрі, шар дәрі, ұнтақ дәрі, оқ дәрі, шекерлі-шәрбат дәрі, қоймалжың дәрі, шылатпа дәрі, сылама дәрі т.с.с. дәрі-дәрмектерді өсімдіктердің құрамынан /сабағы, тамыры, гүлі, жапырағы, қабығы, жемісі, шайыры, тұқымы/, хайуанаттар мен жәндіктердің мүшелерінен /сүйегі, еті, сүті, терісі, майы, жүні, шыбы т.б./ оның ішінде аю еті, бұғы мүйізі, жолбарыс сүйегі, құдыр кіндігі, құстардың еті, жұмыртқасы, бие сүті, сиыр сүті, түйе сүті, шаян, сүлік, т.б. және минералдардан /мыс, сынап, күкірт, ашудас, тотияын, тұз, алмас, т.б. /сол дәуірдегі өлшеу емдік жүйемен дайындаған/ кг., грамм, мио. Грамм өлшемі болмаған/. Қазақ емшілері өздері жасаған дәрілерін тұмаудың алдын алуға, бас ауруға, зиянды жәндіктердің шаққан уытын қайтаруға қолданған. Дегенмен, Орта Азия мен қазақ жерінен орта ғасырдан бастап шыққан ғұлама ғалымдар, есімдері бүгінде әлемге белгілі Әл-Бируни, Әл-Разани, Әбу Насыр әл-Фараби, Әли ибн Сина, т.б. ғұламалардың медицина саласындағы еңбектері емдіктің халықтық сипатын өркендетіп, ғылыми ілімге жақындауына зор ықпал етті. Әсіресе Отырардың түлегі ғылымда екінші Аристотель атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 жж.) «Адам ағзалары жайлы» т.б. медициналық еңбектерін жазып қалдырса, ал ғұлама ғалым әрі дәрігер Әбу Әли ибн Сина (980-1037 жж.) медицинаға арнап 16 кітап жазғандығы мәлім. Халық емшілігінің ізгілік мұраларын бір ілімдік арнаға келтіруде ғұлама ғалымдар жаңа ой, жаңа ғылыми тұжырым және білген теориялық тәжірибелерінің оң жетістіктерін халықтың денсаулығын сақтау мен қорғауға арнағандығын аңғартады. Медицина ғылымдарының кандидаты, халық емшілігінің тарихи жетістігін көптен зерттеп жүрген ғалым Бекен Тұрсын «Ислам және медицина» деген еңбегінде: «Халық емінің өрлеу кезеңдері жазба деректердің жоқтығынан әлі зерттеліп біткен жоқ. Қазақтың халық емінің де тамыры көне дәуірден ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан халық мұрасы. Халық емі жоқ ұлттың бүгінге дейінгі өмірі де, болашағы да болмас еді. Қазіргі медицинаның негізі мен ірге тасын қалаған да сол халық емі, яғни халықтық медицина екенін кім жоққа шығара алар» - дейді /39 бет. Алматы, «Шалкөде» 2006/. Халық емшілігінің емдік халықтық сипаттары оны өткені, бүгіні, және болашағы жөнінде кезеңдерге бөліп жеке-жеке анықтамалық сипаттамалар мен тұжырымдамалар жасау, бүгінде шипагерлік өнердің ұлттық рухын өркендетуге зор көмегі болары анық. Сондықтан да, халық шипагерлігіне ғылыми танымдық зерттеулерді жалғастыра беру, бұлақтың біткен көзін ашқандай әсері болары шындыққа айналмақ.
Өткен жыл берекелі, жаңа жыл мерекелі болғай!
Қауымдастықтың мүше-емшілері үшін өткен 2007 жыл жақсылықтың игілікті де берекелі жылы болды. Жыл өткен сайын қауымдастықтың қызметі тек өркендеуімен қатар қауымдастық мүшелерінің де мәртебесі артып жеке тұлғалық біліми және тәжірибелік мәдениеттілігі де жақсара бастады. Сондықтан да болар қауымдастықтың құрылғанына 16 жыл толған мерекелі күнін қауымдастықтың құрамындағы отыз беске жуық облыстық және қалалық филиалдарының мүше-емшілері өткен жылдың 22-желтоқсанында қуанышпен қарсы алып, болашағының жарқын болатындығына сенім білдірді. • Өткен жылы шілде айының 26-28 жұлдызында Қазақстан халық емшілер қауымдастығының Төралқасының ұйымдастыруымен, оның президенті Зядан қажы Қожалымовтың басшылығында Шымкент қаласында «Қазақстан мен Орталық Азиядағы халық медицинасының өркендеуі» атты I-Халықаралық конгресі өтті. Конгреске Ресей, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, т.б. шет елдерден және Қазақстанның халық емшілері мен осы саланы зерттеуші ғалымдар, журналистер, психологтар, медицина мамандары және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып, өз ойлары мен ұсыныстарын білдірді. Конгреске жалпы бес жүзден аса адам қатысты. Мұның өзі бұдан былай қазақтың халық емшілігінің даму сатыларын әлемдік деңгейде зерттеуге және насихаттауға ұйытқы болғандай; • Мәскеу қаласында орналасқан халықаралық дәстүрлі халық медицинасы мамандары, психологтары және емшілері қауымдастығын құқылық басқаруды және мекен-жайын Алматы қаласына көшірді (Президенті – З.Қожалымов); • Халық емшілерінің бойындағы тылсым құпия сырларын ғылыми тұрғыда зерттеу мақсатында өткен жылы «Халық медицинасы және ғарыштық қуат» академиясы құрылды (Президенті – З.Қожалымов); • Қауымдастық Төралқасының ұйымдастыруымен тұңғыш рет Халықаралық интернет жүйесіне қауымдастықтың тарихы және қызметі, Қазақстанның халық медицинасының өткені, бүгіні, болашағы, қауымдастық ұйымдастырған 2004-2007 жылдардағы Халықаралық конгрестердің материалдары, қауымдастықтың құрылтайларының шешімдері, халық медицинасы саласындағы ғалымдар, қауымдастық пен оның филиалдарының басшыларының жарғысы мен құжаттары, XV ғасырдың ғалым-шипагері – Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы және қауымдастықтың жүзден астам «жұлдызды емшілері» жөнінде тұрақты мәліметтер З.Қожалымовтың «Киелі шаңырақ – Святой шанырак – Sacred shanurac» атты үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған кітабы бойынша қосылды; • Қауымдастықтың жанындағы емшілердің білімін көтеру мен жетілдіру мектебінің «Халықтық және рухани емшілік» бағдарламасы бойынша Ақтөбе, Атырау, Шымкент, Астана қалаларында емшілер оқытылып, арнайы сертификаттар берілді; • Өткен жылы Астана, Қарағанды, Жезқазған, Шымкент, Жетісай, Түркістан, Атырау, Ақтөбе қалаларында арнайы қауымдастықтың басшылары және Төралқа мүшелерінің қатысуымен үлкен жиналыс өтіп, оның қызметін одан әрі жақсартудың жолдары мен мүше-емшілердің жеке жауапкершіліктеріндегі өрескел тәртіптеріне ескерту жасалды. Өз қызметтеріне жауапсыз қараған Шымкент қалалық (директоры – Құттықыз Манапова), Түркістан қалалық (директоры – Гауһар Каюмова), Астана қалалық (директоры – Раушан Қасымова) филиалдары басшылары қызметтерінен босатылып, жаңадан филиал директорлары болып Г.Ахметова, Ұ.Бәйділдаева және Қ.Құмаров сайланып, тағайындалды; • Жаңадан Ассоциацияның құрамына Қарағанды қалалық филиалы (директоры - Д.Шәкіржанов) және Есікті қалалық филиалы (директоры - Т.Нұржаубаев) енді және әділет басқармаларынан тіркеуден өтіп, куәліктерін алды; • Өткен жылы қауымдастықтың кезектен тыс XII Құрылтай шешімінің қаулысы бойынша қауымдастықтың қызметі мен филиалдардың қызметін басқаруды жақсарту мақсатында аймақтық Кеңестер құрылды. Оңтүстік аймақтық Кеңес құрамына – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстары кіреді. Аймақтық Кеңес Төрағалығына – Бақтыбай Төребеков мырза сайланды. Ал, Солтүстік аймақтық Кеңес құрамына – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павладар облыстарындағы облыстық филиалдар мен қалалық филиалдар енді. Кеңес Төрағалығына – Марат Калимуллин сайланды; • Қауымдастықтың бірінші вице-президенті Ермек Мырзагелдиев мырзаның жеке демеушілігімен биыл тағы да 2-рет Алматы облысы, Райымбек ауданының Шырғанақ ауылында 250 намазхандық мешіт салынып, тамыз айында пайдалануға берілді.
ҚАЗАҚТЫҢ БОЛЖАМПАЗЫ – МӨҢКЕ БИІ
Халқымыздың дана, кемеңгер, ғұлама, батыр бабаларының тарихта аттары аталған немесе аталмағандарының жүрекке ерекше тұлғалық қасиеттерін зерттеп, халыққа таныстыру бұл күндегі зерттеушілер мен ғалымдардың басты міндеті болып табылады. Өмірден ерте кеткен бабалардың бір бойында адамгершіліктің көптеген ұлы қасиеті болғаны тарихтан мәлім. Дегенмен, олардың ақындығы, шешендігі, көсемдігі, батылдығы жөнінде азды-көпті зерттеулер болғанымен, олардың кейбіреулерін тылсым құпия сырларының шеберлері екендігі жөнінде әлі зерделеп зерттеу болған емес. Егер қазақ халқының тарихына зер салсақ осы заманның басында өмір сүрген Майқы би болашақтың төрт мың жылын болжап, бүгінде аты әлемге әйгілі француздың дәрігер-болжаушысы М.Нострадамус болжауынан ары екі жүз қырық жылды болжап айтқан. Әйгілі Асан қайғы бабамыз өмірінің соңында Алтын орданың орнына пайда болған хандықтардың жойылатыны жөнінде айтқаны дәл келген. Ол қазақ даласын жел маямен желіп жүріп, айтқан көрегендігі мен болжампаздығы ерекше ғылыми зерттеулерге жол ашады. Қазақтың жырауларының да төкпе жырларында болжампаздықтың көрінісі баршылық. Бұқар жыраудың жырларындағы: «Қағазға жазар малыңды, Есепке салар барыңды, Еліңді алар қолыңнан, Әскер қылар ұлыңнан...» – деген шумақтарынан болжампаздықты аңғаруға болады. Ал, Өтеген Батыр Абылай ханның түсін дәл жорыса, Әлмерек абыз өзінің ұрпағының болашағы жөнінде болжағаны бүгінде шындыққа айналды. Осындай ұлы бабалардың қатарына өз заманында ел басқарған, кейін біртіндеп Алланың құдіретімен бойына болжампаздықтың қасиеті қонған XVII ғасырда Ақтөбе өңірінде дүниеге келген ойшыл Мөңке Тілеуұлы еді. Мөңке би баба өзінің болжауында: Құламалы, қорғанды үйің болады, Айнымалы, төкпелі биің болады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, Ай сайын бас қосқан жиын болады. Ішіне шынтақ айналмайтын Ежірей деген ұлың болады. Ақыл айтсаң ауырып қалатын, Бежірей деген қызың болады. Алдыңды кес-кестеп өтетін Кекірей деген келінің болады. Ішкенің сары су болады, Берсең итің ішпейді. Бірақ адам құмар болады. Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады, Жастарға билігі жүрмес кәрің болады. Ертеңіне сенбейтін күнің болады, Бетіңнен алып түсетін інің болады. Алашұбар тілің болады, Дүдамалдау інің болады. Бұл болжамдар жөнінде профессор Серік Негимов өзінің «Шешендік өнер» атты еңбегінде былай дейді: «Алдымен, Мөңке бидің бұл тақпақтап айтылған толғағы келер заманның кейпін кемел көрегендікпен сипаттаумен ерекшелінеді» (24-бет). Шешеннің айтқандары мен болжампаздығы бүкіл қазақ даласындағы ұлтының ауыз әдебиетінде жатталып келуі нәтижесінде XX ғасырдың басында баспа беттерінде оның ғұламалық пәлсафалық ой-толғамдары жарияланса, кейіннен ғалымдардың зерттеулерімен жалғасуы қазақ ұлтының ұрпақтарының тылсым құпия сырларының қасиеттеріне жол ашылғандығын көрсетеді. Мөңке бидің адалдығы, ел басқарудағы көсемдігі, шешендігі мен мейірмандылығы, тапқырлығымен қатар оның бойына құпиялы үлкен қасиеттің қонуын ақын-жазушы, ғалым және көріпкелдік қасиетке ие Мәшһүр Жүсіп Көпеевте өзінің қалдырған қолжазбаларында Мөңке бидің асқан көрегендігі мен болжампаздығына қайран қалып, ел арасында Мөңке би айтқан екен деген болжамдар мен шешендік сөздерді жазып қалдыруы ұлы тұлғаның рухының мәңгілік биіктігін аңғартқандай. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп қолжазбасында: “Ораздының баласы – Он бесінде бас болар... Кембағал байғұс баласы, Жиырма бесте жас болар...”, – деген болжамдарының бүгінгі өмірдегі болып жатқан жайларды дәлелдеген сияқты көрінеді. Мөңке бидің бұл болжауының әрбір сөзінен терең сипаттамалық, нақты тұжырым, парасатты толғам, терең болжампаздық пен ғарыштық жүйелік тылсым күштерімен байланысының жоғарылығын көрсетеді. Мөңке би бабадан XVI ғасыр бұрын өмір сүрген қазақтың тұңғыш болжампаз-көріпкелі Майқы би баба 73 жасында өзінің екі ұлы Ұзыны мен Қортығына қарап тұрып: “Жаманнан жақсы туар, адам айтса нанғысыз. Жақсыдан жаман туар, Бір жармаққа алғысыз” – деп тағы да: “Соқырдан көрмес туар, Сараңнан бермес туар, Ер арыса, әруақ болар, Ат арыса, тулақ болар. Баққаның өсек болар, Балаң саяқ болар. Сары судан ас шығар, Балаң өзіне қас шығар. Жер тақыр болар, Жұрт пақыр болар. Енді төрт мың жылда, Дүние тәмәм болар” – деген екен. Әлі де талай тылсым дүние сырларын білген аттары аталмаған бабалардың да тарихқа енуіне күмән жоқ. Ұлы бабалардың ерекше қасиеттерін халқына таныстырып тарихта қалдыру бүгінгі ұрпақтарының парызы мен қарызы болмақ.
ӨНЕГЕЛІ ІС - ОҢҒА БАСТАЙДЫ
Бәріміз пендеміз. Бір-бірімізден іс-әрекетімізбен, адамгершілігімізбен, білімділік пен имандылығымыз арқылы ғана ерекшеленеміз. Нағыз таланттарды күндегендер көп болады. Алланың берген артықшылығын қимайды. Дарынды адамды көрсең қолыңнан келгенше құрмет көрсет. Бірақ шекарадан асып кетпе. Орасан ойын әлі меңгере алмай жүрген жас дарын ұрыншақ болады. Өзіңе көлеңке түсіруі мүмкін. Май пілтені көмсе, шырақ өшеді. Халықтан асқан данышпан жоқ. Бірінің таппағанын екіншісі табады. Ең дұрысы, өз қоразыңды аяла, таудан қыран ұстаймын деме. Адам аяғының тұзағы – бала-шаға. Емізулі әйел төзімді болады. Әйел көркі – қылығында. Кісі айыбын ашқаннан жапқан жақсы. Тәрбиесіз өскен талантқа амал жоқ. Ол – барлық айтқаныңды толған Айға қолыңды шошайтқандай қабылдайды. Ағаштың көркі жеміс болса, адамның көркі – жақсы іс. Инабатты болса – әйел көрікті, өнегелі болса – бала көрікті. Темір де тозады, асыл да мүжіледі, тау да шөгеді. Ертең өкінбеуің үшін қасындағыларға оғаш қылық жасатпа. Жас бұтақ себілмей астық өнбейді. Тесік етік су кешкенде білінеді. Ыдыста не болса сол құйылады. Тұрған орныңа, жатқан жеріңе қара. Сөзіңді тыңдаған, сөзін тыңдаған жанға ой көзін жібер. Өзіңнің бағаңды біл. Ешкімді басынба, басындырма. Шалқайғанға шалқай, ол – құдайдың ұлы емес, еңкейгенге еңкей, ол – әкеңнің құлы емес. Аяқтың астында жатсаң, басың аман қалады. Бірақ, іске сыналған ерді тыңда. Ол опа береді. Еркін жеңе білген адам – нағыз ер. Жаннан кешпей жеңбек жоқ. Ашу қысса – аузыңды жап. Ашулы адамда ақылға орын жарамсақтанып көкірегін басқан қолдан, тезек илеген білек мың есе артық. Еңбекқордың ернінен май ақса, еріншектің көзінен қан ағады. Өмірде адам бойына енуге құмар жамандықтардың түрі көп. Соның бірі – нәпсіқұмарлық. Ол қиянатқа бастайды. Сабыр, қанағат, рахым, ар-ұят, опа – нәпсінді жеңер достарың. Нәпсі – жамандарға күйгізеді, жамандар – басты жерге игізеді. Алдамшы сезімдер құлдығына өзіңді душар етпе. Алдамшы сезімдерді қуу надандық. Оны тек өте ойы бұзылған адам қуады. Көңілшек кісілер тез қауышады. Мәуелі ағаштың басы төмен болады. Көзді ұялу үшін берген. Көңілің кімді қаласа – сол сұлу. Қайғылының көзінше қарқылдап күлме. Қуантар болсаң – асық, мұңайтар болсаң – сабыр тұт. Бірақ, түбінде, тарығып жүрген – сүйінер, қамығып жүрген қуанар. Қыстан соң көктем келеді. Бұлттанған аспан ашылады. Тіршіліктің жаңа өмірі басталады. Өмір де жаңару жолыңа түседі. Асылы, көктем мен күз күндері бұлтты болады. Рахат іздесең бейнетінен қорықпа, қуаныш іздесең қайғысынан қорықпа. Жылуы жоқ жүрек – қуыс кеуде. Тіршіліктің жарығы – махаббат, егер сүю болмаса өмірдің мәні жоғалар еді. Ғашықта шыдам болмайды. Қыз жігіт көзіне түсу үшін бой түзейді, жігіт қыз жүрегін жаулау үшін ой түзейді. Әкім әйелдің күйеуі – құл. Сұлу әйелдің күйеуі – қарауыл. Әйелдің жалғыз мақтанышы бар. Ол – дақ түспеген ары. Халық айтады: өлген адамды арулап көмер алдында ұлы денесін тазалап жуады. Осы жұмыс атқарылып жатқанда өлген адам бұл өмірде арын өте таза сақтаған болса, о дүниеде де таза орынға ие болады. Әйелі жаман еркектің жаман аты шығады. Ердің атын жақсы әйел шығарады. Жағымсыз қылық істеп, жасырамын деп ойлама. Айналаңның бәрі – көз. Қол – ауызға сүйікті. Пышақ қанша өткір болғанымен өз сабын жона алмайды. Ет тырнақтан ажырамайды. Сондықтан, ағайын-туыс, ерлі-зайыптылар арасына қазылық жасау өте қиын нәрсе. Жақын отырған сыйдың құрметтісін алады, ісіңнен нәтиже алғың келсе, алыстан арбалайтын емес, жақыннан дорбалайтын жерге жылыс. Жақын оттың жарығы күшті. Мінезіне қарап дос таңда, күшіне қарап жүк көтер. Тең теңімен, тезек қабымен жарасқан. Досыңның дұшпан болуынан сақтан. Үй сатып алсаң – көршісін сұра, жер сатып алсаң – суын сұра. Өзіңе сіңіп кетпеген сыр, басқа кісіге де сіңбейді. Сыйлағаңды – сыйла, илегенді – иле. Қолыңдағы нәрсеңді базарлай біл. Қиылып сұрағанға берсең – өзіңді сыйлағаның, әншейін сұрағанға берсең – өзіңді қорлағаның. Өш алғаннан гөрі кешірген – кісілік. Елдің қарғысынан сақтан. Ол қате кетпейді. Өйткені халық бір нәрсеге көзі жетіп, біліп қарғайды. Көп қорқытады, терең батырады. «Қара халықтың қарыны тойса, тілінен ерік кетеді» деген де сөз бар. Айналаң топас тобыр болса, өзің де мал болғаның. Қолыңнан келгенше еліңнің ой-өрісін кеңейт, ар-намысын оят. Қашанда қол бастайтын батырлар, ой бастайтын ақындар керек. Осындай перзентсіз жұрт – құнарсыз топырақ. Халықтық өнеге болашақ ұрпағының бақытын ашады. Өнегелі іс – әрқашанда оңға бастайтынын ұмытпайық ағайын!
ӘУЛИЕ АТА КҮТУДЕ ЕМШІЛЕРДІ
Бүгінгі Тараз қаласы бұрын Әулиеата атанған. Оның аталу себебі де Қарахан мемлекетін басқарушы, қарахандар әулиетінің ұрпақтарымен байланысты. Біздің дәуіріміздің VII-VIII ғасырларында оңтүстіктен арабтар қысып келе бастады. 705 жылы Күтейба Балхты, 706 жылы Пайкентті басып алды. Қысқасы Ислам дінін насихаттау мен мойындату жүйесін іске асырып келе жатқан арабтар сол ғасырда Шоуманды, Несефті, Телеканды, Шаш (Ташкент), Ферғананы т.б басып алып шығысқа бет алды. 715 жылы Күтейба Шығыс Түркістанға бағыт алып, жол бойындағы Тараз (Талас), Құлан, Меркеге жетті. Міне осындай ұрыс-таластың барысында ислам дінінің алғашқы іргетасы қаланды. Ал, қарахандықтар дәуірі кезінде X-XI ғасырда Тараз қаласының негізі қаланды. Тараз қаласында қарахандар, Дәуітбек, Тектұрмас, Айша бибі, Бабаджа Хатун, Бабажын Ана, Шамансұр, т.б. көптеген өз заманының ерлерінің, батырларының, елбасшыларының және иманжүзді әйел адамдардың ескерткіштері бой көтерген. Бұл қасиетті жерлерге күн сайын жүздеген адамдар келіп, әулиелерге арнап дұғаларын оқып, ишарат етумен Алла Тағаладан жақсылық сұрауда. Құран Кәрімде адамдарды Ислам дініне шақыру жолы: «Адамдарды Алланың жолына даналық пен жақсы үгіт арқылы шақыр, әрі олармен сыпайы сөйлес, ненің жақсы екенін білдіру үшін дауға да түс. Жолдан азғандарды да, тура жол тапқандарды да Алла өзі жақсы біледі», - деп белгіленген. Ислам діні әлеуметтік тұрғыдан берік болуы үшін адамдарды үнемі дұрыс жолға бастап, бұрыстықтан тыйып отыру шарт. Ислам дініндегі мұсылмандар тек қана ізгілікті, қайырымды істер атқаруы керек. Жаман, зиянды, пайдасыз іс-әрекеттерге табиғи түрде қарсы болу шарт. Адамдарды жамандықтан алдын ала сақтандырып отырғанда ғана жақсылық өздігінен қуаттанып, бекіп, адамдар арасында өріс табады. Сол үшін ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Сендерден кім де кім бір жамандықты көрсе, оны қолымен өзгертсін. Ал егер оған да шамасы келмесе, оны жүрегімен жаман көрсін», – деген. Алғашқы ислам діні келгелі бері он үш ғасырдан асса да оның тәрбиелік маңыздылығы адамзат баласы үшін, күн сайын артып барады. Сондықтан да осыны сезгендер сонау ерте заманнан бастап көптеген басқа ұлттардың жазушы, ғалым және өнер адамдарының ислам дінін қабылдауы күн санап артуда. Қысқасы, арабтардың Орта Азия мен қазақ жеріне енуі адамдық, тұлғалық қасиеттің таза өркендеуіне ықпалы мол болды. Мәдениетте, ғылымда, тұрмыста және адамгершілік қатынаста жаңа типтегі стильдік форма қалыптасып, ол сатылы өркендеу жолдарынан өтіп келеді. Орта ғасырдағы Орта Азия мен Шығыстың ғылымы мен мәдениетінің өркендеуі қазақ даласының оқымысты, зиялылыарының үлкен ғұламалық дәрежеге жетуіне ықпалы зор болды. Осы бір заманда қазақтың Жетісу өлкесінің ұрпағы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы білім жолындағы қайталанбас үздіксіз зерттеулерін жүргізе отырып, халықтық емшіліктің түрлерін дамытып оны ілімі ғылыми медициналық құралға жеткізді. Оның куәсі ғұламаның «Шипагерлік баян» атты кітабы. Бұл еңбек бірнеше ғылымдарды біріктіре отырып, медицина саласынан толық мәлімет беретін энциклопедиялық туынды екендігін ғалымдар да дәлелдеу үстінде. Осындай ұлы ғұламаның қазақ болуы үлкен мақтаныш. Ғұлама туралы Халықаралық конгрестің Әулиеатада (Тараз) өткізудің өзіндік сыры бар. Еңбек осы аймақта жазылған. Адамдардың өмір сүруінде сенімділік пен адалдық айрықша болып есептелінеді. Бұл екі мағана іс жүзіне асқанда, әрбір адам, қоғам, мемлекет баянды, берекелі өмір кеше алады. Дегенмен, бұндай жағдайға жетуде көп уақыттың қажеттілігін білу де артық емес. Әрбір табыс ол сананың жоғарлығы ойдың тереңділігі, жүректің тазалығы, ардың табандылығы және қайсарлықтың шешімі екендігі де заңды. Қаншама ғасырлар халқымыз басқа билеуші ұлттың боданында болып, көптеген мәдени мұралары мен жетістіктерінен айырылды, тіпті жойылуға дейін барды. Шектеудің салдары қазақтың мәдениеті мен ғылымының өркендеуіне зияны көп болды. Халқымыздың қанымен аралас киелі тектік қасиеттері туралы арнайы еңбектер мен зерттеулер жазылмауы, жасалмауы соның куәсі. Жарық жұлдыздай жарқырап шыққан қазақтың ұлы ғұламасы Ө. Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегін міне бес жарым ғасырдан кейін ғана біліп отырмыз. Емшілер қауымының ұлы ұстазы, ғұламасы және ғалымы Ө. Тілеуқабылұлының еңбегіне арналған конгреске емшілерде қатысуға асығуда. Қысқасы, Әулиеата күтуде емшілерді. АДАМГЕРШІЛІК ПЕН ИМАНДЫЛЫҚ
Бұл егіз ұғым адамзат тарихында қатар өмір сүріп келеді. Өйткені адамдардың өмір сүруінде сенімділік пен турашылдық айрықша маңызға ие. Осы екі ұғым арқылы адамның бойындағы адамгершілік пен имандылық қалыптасады. Ол жоғарғы сатыға көтеріледі. Пайдалы жақтары молайып, адамның рухани деңгейі артады. Егер бұл екі сөздің беретін мағынасы іс жүзіне асса әрбір адам, қоғам, мемлекет баянды, берекелі өмір кешкен болар еді. Мұндай сипатқа қоғамды, жалпы жұртшылықты ие қылу, әрине оңай шаруа емес. Дегенмен көп уақыт алса да, бұл сипаттарға қол жеткізуге болады. Біз, мұсылман халықтары, көбіне-көп Пайғамбарымыз өмір сүрген заманнан, сол бақыт ғасырынан үлгі аламыз. Мұсылманшылық келмей тұрып, Араб түбегіндегі бүкіл дүниеде бұл сөздердің мағынасына аса мән берілмейтін, тіпті қоғам бұл сөздердің беретін мағыналарына қарсы мағынадағы амал-әрекеттерге толы болатын. Сол кездің өзіңде, әлі Пайғамбарлық келмей тұрып-ақ Мұхаммед әрбір ісімен жұрттың назарын өзіне аударып, турашылдығы мен әділдігі және сенімділігі арқылы «тура, дұрыс, сенімді адам» деген бірнеше мағына беретін «мин» есімін алған болатын. Көпшілік оны «Мұхаммедуләмин» деп атайтын. Адамдар қай діннен, қай ұлттан, қандай тектен шықса да Ислам діні олардың бәріне бірдей қарайды және өмірлерін баянды өткеру үшін белгілі тәртіпке, қағидаларға сүйенеді. Исламдағы тәртіптің адамзат үшін еш зияны жоқ. Жоғарыда атап өткен сөздердің беретін мағыналарын адам саналы түрде ұғынып, көңіліне орнықтыру және өмірге енгізуі тиіс. Сенімділіктің беретін мағынасы аманатты, яғни адамға берілген материалдық және рухани игілікті қорғау, оларға игілік ете алу дегенді білдіреді. Әрине, бұл сипаттың адам бойында қалыптасуы адамға материалдық және рухани жағынан белгілі бір күштің, қуаттың әсер етуімен болады. Адам әрдайым бақылауда екеніне, әрбір жасаған ісі үшін жауап беретініне сенуі тиіс. Өз дүние-мүлкінің ұрланғанын қаламайтын адамға өзгенің малын ұрлаудың дұрыс еместігі түсіндірілуі керек. Біреудің өзіне жасаған жамандығына қиналатыны сияқты, өзінің біреуге қиянат жасамау керектігі ұғындырылуы қажет. Бірақ мұндай әдеп нормаларын зорлықпен қабылдату да мүмкін емес. Әрбір адамның басына бір күзетші қойсаң да, бар адамды тыныштық пен сенімділік ішінде ұстай алмайсың. Әркімнің жауапкершілігі өз ұжданында болуында. Осындай көзқарасты қалыптастырмайынша, ол халықта, ол қоғамда ешуақытта ілгерілеу болмайды. Адамгершілік – ол рухани жетістіктің жоғарғы сатысы әрі имандылықтың көрінісін білдіреді. Қайсібір ұлт оқу-тәрбиеде, ұрпақ өсіруде, әдет-ғұрпында дінін сақтайтын болса, сол ұлттың болашағы да зор болмақ. Ұрпақ өнегелі тәрбиеленетін болса ұлтына, мемлекетіне деген сенімі нығая түседі. Келешекте оған мемлекет басшылығы, бар қазына-дәулет сеніп тапсырылатын болады. Адамның іс-әрекетінің, сөзінің тура болуы тек тәрбие арқылы ғана санаға әсер етіп жүзеге асырылады. Сенім мен турашылдық егіз ұғым. Адамдардың бойында бұл сипаттарды қалыптастыру сенім, намыс пен иман арқылы жүзеге асады. Көңілінде иманы, сенімі бар адам жалған сөйлемейді, алдамайды, аманатқа қиянат жасамайды. Иман адамға өтірік айтқызбайды, өзгені алдап, мал табудан сақтандырады. Тәрбиелі, сенімі бар нәрсеге үкімін жүргізетін Алла тағала мені әруақытта көруде деп ойлайды. Сондықтан жамандық ойламайды, өзгенің мүлкіне қол сұқпайды, қиянат етпейді. Жұрттың өзін сыйлауы үшін алдымен өзі өзгеге құрмет етеді. Мұндай имандылықтың жолдары мұсылмандылықтың бес парызын толық орындау барысында жүзеге асатындығын бүгінде иманжүзді, мол адамгершілік сипатқа ие болғандар дәлелдеп келеді. Кемшіліксіз адам болмайды. Ауа райы сияқты адамның да мінез-құлқы өзгеріп тұрады. Бірақта мұсылмандықтың Рамазан айы мен мерекелі күндерінде таза мұсылман бірін-бірі кешіреді. Рухани жақтан толық тазаланады. Адамның нәпсісі – бойдағы пендеге тән құмарлық сезім. Жалпы адамның адамгершілік шыңына жетуінің негізгі көрсеткіші мен имандылығының қалыптасуы – өзінің нәпсісіне ие болуы. Жаратушымыз бәрімізге адамгершілік пен имандылықтың жолын нәсіп етсін.
ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ӨЛШЕМІ
Әрбір адамның жеке басының жауапкершілікті түсінуі оның адами тұлғасының танымының жоғарлығын білдіреді. Көбінесе немқұрайдылықтың салдарынан сәтсіздіктерге жол беруде осы жауапкершіліктің маңызына жете баға берместіктен болмақ. Жауапкершіліктің ең бастысы отбасылық жауапкершілік, ұрпақтық, туыстық, ағайындық, рулық, ұлттық, жолдастық, қауымдық және қоғамдық жауапкершіліктерді түсініп, оған толық баға бере отырып өзара қатынасты сапалы дамытуда және мәдениетті қатынас жасауда жеке тұлғаның өзіне деген жауапкершілігінің мәдениеттілігі мен сауаттылығын білдіреді. Осы қағидаларды біздің ата-бабаларымыз ерте заманнан-ақ білді, бірін-бірі сыйлады, қоғамдасты, ұлттық мемлекеттің ірге тасын қалап оның кең байтақ даласының аймағын бізге қалдырды. Бүгін ұлт ұрпақтары сол бабалар мекенінде қайғы-қасіретсіз өмір сүріп, елімізді әлем толық тану дәрежесіне жеткізу жолындағы еңбектеріміз де айқындала бастады. Мәдениеттілік – адами келбеттің өлшемі және танымдық тәрбиелік білімділіктің негізгі қайнар көзі екендігі анық. Біз газетіміздің өткен санында «Емшілік мәдениеті» жөнінде біраз нәрселердің кері әрекеттері жөнінде, оның қоғамға, ұлтқа және жеке емшілердің абыройына болашақта үлкен зияны барын атап өттік. Өйткені, біз емшілердің жеке психологиялары мен танымы жөнінде жиырма жылға жуық зерттеп, зерделеудегі ғылыми талғамдар арқылы білдік, бағаладық, жіктедік және арнайы тұжырым жасадық. Сондықтан да қоғамдық ұйым Қазақстан халық емшілері қауымдастығы және оның жауапты басшылары мен мамандары әрқашан да, емшілер тарапынан атқарылған игілікті істерді оқырмандарға тұрақты хабарлап тұруға және ыңғайсыз әрекеттерге қатал сындық көзқараспен қарауды, оларды әшкерлеуді өздерінің басты жауапкершілігі деп санайды. Емшілер арасында аттарын атамағанмен (тарихи еңбекте аталады) өзінің ұшқан ұясына, ауыр жағдайларында құлағандарға тіреу, қисайғанлдарға сүйеу тіпті, абыройларын республикалық және әлемдік дәрежеге көтергендер ішінен қауымдастықтың шаңырағына түкірушілер де барлығын жасыра алмаймыз. Бұндайлар сонау 1992-1994 жылдар аралығында да болған. Олардың бүгінде аттары да аталмайды, өз абыройларын өздері төгіп, өз отттарын өздері өшірді. Міне, осыдан-ақ емшінің жеке басының міндетті жауапкершілігіне мәдениетсіз жауапкершілік тұрғысынан қарағандығын аңғартады. Мәселен, қауымдастықтың Жарғысының баптарында оның мүшелерінің (емшілерінің) жеке міндеттері мен құқылары жөнінде айқын жазылған. Осы екі міндет пен құқыға жеке мүшелердің жауапкершілікпен қарауы бір қалыпты болмауы неден? Неге жеке емші өзінің құқын пайдалана отырып, басқа арам ниеттілердің қауымдастыққа қарсы әрекеттеріне қарсы пікір білдіру міндеті өзінің басты жауапкершілігі екенін неге түсінбейді? Сонда әрбір емшіге осыны түсіндіру үшін арнайы заңгер қажет пе? Әрине бүгінде қауымдастық емшілерінің барлығы мамандық саласы бойынша толық оқулықтармен қамтамассыз етілген. Жыл сайынғы ірі бас қосуда үлкен пайдасын тигізуде. Осындай бір игілікті жылына бір ғана рет өткізілетін қауымдастықтың Халықаралық шараларына себепсіз қатыспайтын мүшелерде баршылық. Біз бұлардың «Шортандарын» арнайы Құрылтай қаулысы бойынша құрамнан шығардық. Интернетке жібердік. Бұдан жауапкершілігі жоғары емшілер мен оның қауымдастығы ұтпаса, ұтылмасы анық. Жауапкершілік – ол кез келген ұйымның мүшесінің адамгершілігінің айнасы және тәрбиелік иманының мектебі. Жеке емшілер жауапкершілігі – оның адами келбетінің, иманының, парасаттылығының, білімділігінің, танымының, байсалдылығының, қайраттылығының және мәдениетінің өлшемі екенін білген жөн.
Шипагерлік те – мәдени мұраның бір саласы
Қазақтың халықтық шипагерлігі тарихының тамыры біздің жаңа дәуірімізден арырақ басталады. Оның өзіндік ерекшеліктері, ұлттық формасы қалыптасқан. Оның жинақталған жүйесі, тарихи анықтамалық еңбектер болмауынан ғылыми зерттеу мен талдауға енбеді. Сондықтан да, халықтық қарапайым шипагерлік өнерінің емдік халықтық сипаты мен оның түрлері алғаш рулық тайпалық сипатта дами бастады. Кейін бірыңғай ұлттық қалыптасу дәуірінен кейін бір ұлттық түрде дамып және өркендеп келеді. Халықтық шипагерлік дәстүрлері мен бақсылық өнері жөніндегі алғашқы анықтамаларды, қазақ даласын кезген басқа елдердің саяхатшылары мен зерттеушілері және қазақ ғалымы Ш.Уәлихановтің қолжазбаларынан байқауға болады. Бұл мәліметтер бүтіндей бір қазақ ұлтының шипагерлік дәстүрі туралы сұраныстарды толық қанағаттандыра алмайды. Қазақтың халықтық шипагерлерінің көрегендігі мен білімділігі, жинақтылығы мен ізденімпаздығы ұлттың көшпелі өмірімен де байланысты болды. Олар табиғаттың құбылыстық өзгерістерінің адам денсаулығына өзгеріс әкелетініне ерекше бақылау жасай білді. Жылдың төрт мезгілдік өзгерістерін, жыл он екі айдың құбылымдық әрекеттерін, аспан әлеміндегі жұлдыздық айналымды нақты болжай білуінің шеберлігінің нәтижесінде денсаулыққа зиянды жақтарын бақылады, халыққа ескертті, сырқатты емдеп жазу жолдарын қарастырды. Бұл жөніндегі нақты мәліметтерді анықтадық, зерттедік, ғылыми тұжырым жасадық. Қазақтың шипагерлері сырқат адамның ауруының пайда болу себептері мен сыртқы түрін анықтау, шипалық ем қолдану әдіс-тәсілдерінде ұлттық мәдени стилді сақтай отырып, психологиялық және философиялық ой-талғамдары арқылы жүзеге асыруға әрекет етті. Қазақтың шипагерлік емінің мәдениеті мен дәстүрлерін халқының ұрпағына жеткізу, оның азаматтарының дендері сау болуына, өсіп- өркендеуіне тигізер пайдасын зерттеу қажеттілігі, ғылымның жаңа бір қырынан танылғандығы – халық шипагерлігі болашағына жаңа жол ашады. Өміршең елдің ұрпағының намысшыл, еңбекқор болуы, оның ұлтының мәдени салаларының тарихының таза болуы мен дәстүрлерінің өркендеуіне демеу болады. Ал, тарихы жазылмаған халық шипагерлігі де күрделі зерделеу мен зерттеуді асыға күтуде. Халық емшілігінің өрлеу кезеңдері жазба деректердің жоқтығынан әлі зерттеліп біткен жоқ. Қазақтың халық емінің де тамыры көне дәуірден ғасырлар бойы жоғалмай келе жатқан халықтың мәдени мұрасының бір саласы. Халық емі жоқ ұлттың бүгінге дейінгі өмірі де, болашағы да болмасы анық. Қазіргі медицинаның негізі мен ірге тасын қалағанда сол халық емі, яғни халықтық шипагерлік дәстүрі екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Адамзат тарихының эволюциялық өзгерістері мен ғылымның дамуы, халықтық шипагерліктің емдік әдіс- тәсілдерінің ғылыми жолмен дамуына әсері күшті болды. Қазақтың шипагерлік өнерінің тез әрі ғылыми тұрғы да дамуына, Орта Азия мен қазақ жерінен шыққан ғұлама ғалымдар, есімдері бүгінде әлемге белгілі Әбунәсір әл-Фараби, әл-Бируни, әл-Разани, әл-Хорезми, Әбу Әли ибн Сина, Жүсіп Баласағұни тағы басқа да ғұламалардың медициналық еңбектері емдіктің халықтық шипагерлік сипатының өркендеуіне және ғылыми ілімдік маңызына жақындауына бағдармалық әсері зор болды. Халық шипагерлігінің өткен дәуірлік тарихындағы қарапайым емдік сипаттары азайып, біртіндеп дәстүрлі ілімдік ғылыми бағытта жұмыс істей бастаған кезеңі ХV ғасырда даланың ғұлама шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының жеке зертханалық ілімдік ғылыми тұжырымдамалары арқылы жүзеге асты. Академик Б. В. Петровскийдің: «Шығыс медицинасының тарихы Тибет, Монголия, Индия, Қытай, Жапония да осыдан мыңдаған жыл бұрын дамыды. Емдеу әдіс-тәсілдері болды. Бұл осы заманғы медицинаның дамуына өте қажет», – деген тұжырымы да, тарихы тереңнен басталатын шипагерліктің де тамыры тереңге жайылып, жапырағы жайқалып, шығыстық шипагерліктің өркендеу дәуірінен анықтама береді. Бүгінде ғылымда екінші Ибн Сина атанған, ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы жоғарыда аттары аталған Орта Азиялық және қазақ жерінің ғұламаларының емдеу тәсілі мен медицина саласы бойынша жазылған еңбектерін одан ары қарай жалғасырушы, дамытушы, халықтың игілігіне пайдалануда өзінің жеке талғамдық-танымдық қабілетін жүзеге асырушы болды. Ғұлама шипагердің «Шипагерлік баян» атты еңбегінің жүйелі жазылуы мен ұлттық тілдік таным бойынша баяндалатын, медицина тілімен нақты анықтама беретін “Кіріспе “ және «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдалғы» атты үш бөліміндегі дәлелдемелер осы заманғы медицинамен үндесіп, бірлесіп, араласып жатқан сипатта екенін медицина ғалымдары мен зерттеушілері бірауыздан растайды. Одан емделу дәстүріндегі медицина ғылымы тұрғысында да сабақтастық анықталды. Өзіндік терең психологиялық және философиялық танымы мол ғұлама шипагер Өтейбойдақ адам бойындағы қанды: «арам қан», «адал қан», «құтырған қан», «қанды ірің» – деп төрт топқа бөлген болжамдық ойының, грек ғұламасы Гиппократтың адамның организміндегі төрт шырын анықтамасы болжамымен сайкес, үндес келетінін аңғартады. Сондықтан да, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегі қазақ ғылымында энциклопедиялық медициналық жаңа жүйелік бағыттың ашылуына өте пайдалы ықпал ете алады. Бұл еңбектің ғылымдағы құндылығын бізден бұрын зерттеп, әділ ғылыми бағасын берген көрші Шығыс еліндегі қандастарымыздың еңбектері және «Шипагерлік баянның» Қытай мемлекетінің жоғары мемлекеттік сыйлығына ие болуы, қазақтың халықтық шипагерлік мәдени дәстүрінің осыдан бес жарым ғасыр бұрын, іліми негізі толық қалануын білдіреді. Бұл ұлттық шипагерліктің мәдени мұраның бір саласы әрі терең зерттеуді қажет ететіндігін ескерте алады.
Беймәлім әсерлердің сыры неде?
Бүгінде әлем елдері ғылымында әліде толық танымдық сипаты анықталмаған тылсым құпия сырларының да саның және өзіндік ерекшелігін ғылыми негізде талдау жасай алған жоқ. Тек жобалай ғана өзіндік жеке ұғымы мен танымы бойынша түсіндіріп келеді. Осы салада қазақ ғалымдары мен зерттеушілері де біраз тер төккенін жоққа шығара алмаймыз. Десе де әлемдік және отандық ғылымның бұл салаларға баға берерлік қауқары да және ғалымдар мен зерттеушілердің ынта жігері де толық тереңдей енуге әлі де әлсіздік көрсетуде. Қазақтың ақиық ақыны, зерттеуші-философ Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Үш анық» атты ғылыми монографиялық еңбегінде бүгінде енді ескере әрі зерттеле бастаған телепатия – белгілі аралықта екі жақты хабарласу, спиритизм – өлген адамдардың рухымен қатынасқа шығу және магнитизм – заттарды зарядтау сияқты үш түрлі құпиялы тылсымдар жөнінде өз тұжырымдамаларын негізгі әдебиеттерге сүйене отырып, бұлардың анық екендігіне баға берген-ді. Ал, қазақтың ерекше қасиетке ие ғұлама ақыны, болжампазы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тірлігінде көп нәрсені болжағаны жөнінде және өзінің о дүниеге қайтарынан бір жыл бұрын асын бергендігі нені білдіреді? Бұл мәселені ақын-болжампаз атамыз түс немесе аян арқылы алды ма? Ол өзімен бірге құпия болып кете берді. Тіпті осыдан үш ғасырға жуық өмір сүрген Шалқарлық Мөңке би мен ғасыр басында өмір сүрген Майқы би бабалардың болжампаздығының әйгілі ағылшын дәрігер-жұлдызшысы Мишель Нострадамустын болжамынан да кем еместігі бүгінде толық аңғарылуда. Осы күні кейбір баспа беттерінен «Ақырзаман» деген аты жаман кесепаттың таяп қалғандығы жөнінде халықты дүрліктіріп жаза беретініне біз таңқаламыз. Сонда жазғышбектердің әлі арнайы тексерілмеген, зерттелмеген қасиетке ие сауатсыз көріпкелсымақтарының айтқанына сендіру жазғышбектің діни сауатсыздығы мен мәдениетінің төмендігін аңғартады. Себебі, Майқы би бабамыз: «Төрт мың жылдан кейін дүние таман болады», – дейді. Міне бұл да шындыққа жанаса ма, жоқ па бір Алла Тағала ғана біледі. «Ақырзаманшылар» асықпаңыздар! Әлемде де және біздің елде де «Ақырзаманның» елесі әлі Майқы би бабамыз айтқан уақытқа дейін байқалмайды. Өйткені бізде осы саланы жиырма жылға дейін зерттеп, зерделеп бірнеше еңбектер жаздық. Өзінің оң бағасын алуда. Көптеген емшілер ертеде түсіме Қожа Ахмет Яссауи және т.б. батырлар, билер, хандар кірді, аян берді, бата берді деп өздерінің жарнамаларын белді газеттер беттерінде, телеарналар мен радио тораптарында хабарлағаның оқырмандар мен тыңдаушылар есіңе түсірсіңші, осылардың бүгінде жұрнағы да бітіп барады. Мен өзім түс пен аяңды жас кезімнен-ақ көріп келемін. Оның пайдалы жағы мен зиянды жақтары барында білген жөн. Кез келген адамның ұйықтаған кездегі түс арқылы алған хабарламасы бірдей болмайды. Себебі, ғарыштық жүйемен ақпараттық деңгейге жететіндер де, жетпейтіндер де болады. Осыған байланысты көптеген болжамдардың сәйкес келмеу себептері туындайды. Десе де, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) көбінесе аян немесе түстер арқылы алған хабарларын іс жүзінде қалдырғаны бәрімізге белгілі. Таза аяңдық хабарлардың шындыққа айналуына сенген де дұрыс. Десе де, мұндай аяндар Жаратушымыздың құлдарының ішінен өзі ғана таза сүйген миллиондарының ішінен біреуіне ғана берілуі мүмкін. Бұған дәлел Абылай ханның аңызға айналған түсі деуге болады. Оның шешімін түс жорушы Өтеген батыр дәл тапқаны жөніндегі тұжырымы, бүгінгі қоғамның өзгерістері мен ел тәуелсіздігін көрсетіп, халқымыздың өркендеу дәуірін сипаттағандай. Мен көбіне өзім көрген түстерім мен алған аяндарымның кейбірінің іс жүзінде нағыз шындыққа айналғандығына куә болған кездерім аз емес. Мәселен, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында журналистердің танымының нашарлығынан әлі де қасиеттері толық ашылмаған, танылмаған емшілерді пайғамбарларға дейін жеткізіп, Алла Тағалламен тікелей сөйлестіруші етіп көрсетіп, еңбектерін де баспадан шығаруға көмектесті. Мен осы мәселеге байланысты «Алматы Ақшамы» газетінде: «Жасанды ақылгөйліктен сақтасың» (31.07.1996) деген мақаламда өзімнің ашық пікірімді білдірдім. Бұл күнде о дүниелік болған емші тікелей Алла Тағаламен байланысушы, сөйлесуші болыпты. Соның бірі Ғабеңнің (Ғабит Мүсірепов) қайтыс болған қызы Райханды «Тозақтан – пейішке» шығарыпты. О, құдірет осыны да сынағанмын. Ғабең (Ғ. Мүсірепов) мақала шыққан күні түнде түсіме кіріп менің үйіме келіп: «Ей, З... мен саған рахметімді айтайын деп келдім. Рахмет саған. Рахмет.», – деп үйге кірмей ғайып болды. Үстіңде кигені тірлігіндегі қара костюмі, сол тірі кезіндегі тұлғасы сақталған. Сонда мен ойладым жер бетіндегі жақсылықтар мен жамандықтар жөніндегі немесе жеке өздері жөніндегі әрекеттерден о дүниелік рухтар да хабардар болғаны ма? Осы мақала газетке шыққан күнмен тура келген о дүниелік рухтардың ризалық хабарын қалай түсінуге болады? Бүгінде жер бетіндегі адамдар мен ғарыштық байланыс арасында түс пен аяннан басқа да түрлерімен телепатиялық жүйе бойынша іске асатындығы анықталуда. Ол белгілер: дыбыс арқылы, көз алдына көрінетін жазулар арқылы, денеге түскен таңбалар арқылы, әр түрлі бейнені сыздыру, белгісіз шытырман сызықтар, сөздер, әуендер, дыбыстық сезім, денені тітіркендіру әсері арқылы, әр түрлі жарықтық белгімен, денені зарядтау, адамның ойлау жүйесін төмендету немесе арттыру белгілері арқылы, көзге елес болып көріну, үйдегі заттарды қозғау әрі лақтыру, керегелерде адам қанына ұқсас дақтар пайда болу, қалтадағы немесе сейфтегі ақшаларды алып кету т.б. беймәлім құбылыстар әлі өз шешімін таппауда. XV ғасырдың ғұлама ғалым емшісі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы: «Ел айтса – қалт айтпайды», – дегендей әлі де халық ішінен талай ғарыштық жүйенің тылсым сырын зерттейтін ұрпақтары біртіндеп беймәлім құбылыстардың шешімін табатын уақыт та келер. Сабырлық, ізденімпаздық пен білімділік бүгінде әлемдік жүйедегі беймәлім құпиялардың сырларын ашудың жолы боларына сеніммен қараған жөн.
| |||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 | |||