орындалған Аманат | |||
Главная Вернуться Предыдущая Следующая | |||
V Тарау
Өзі және жанұясы туралы
ҚОЖАЛЫМОВТАР ОТБАСЫ
Олар Қожалымовтар отбасы. Отағасы Зядан аға, Түймекүл жеңгей, қызы – Ләззәт. Емделіп қайтып жатқандардың қай-қайсы болмасын, жүрекжарды бір ғана пікірде – емшілердің жан жылуы, көңіл шуағы, қарапайым ізет тілектері. Ал жанарға жас толтырған ақ ниеттен ақтарылған алғыстарды айтсаңызшы. Мұны жабырқап келіп, жадырап қайтқан жандардың жүздерінен айқын аңғарасыз. Астанадағы «Арман» автостанциясының маңындағы бір үй ауласы қашанда абыр-сабыр. Адамдар легі бір үзілмейді. Ұланғайыр қазақ даласын былай қойғанда, мұнда республикадан тыс жерлерден ат басын тірейтіндер аз емес. Осының бәрін де күнделікті қабылдаушылар саны жазылған журналдан бір байқасаңыз бір құштарлықпен қолға алатыныңыз – алғыстар жазылған қомақты журнал. Оқыған сайын Қожалымовтар емінің құдіреті ашыла түседі. Біз былтырғы жылғыны ысырып қойып, биылғы жазылған алғыстарға көз тастадық. Әлекперова Сарқыт – Павлодар облысы, Качир ауданынан. Қан қысымы жоғары болған. Бүйрегі ауырған. 27 жыл ауру азабын тартқан екен. Бармаған дәрігері қалмаған. Тіпті Новосибирдегі профессорға да қаралған. Теледидар хабарын көріп, іздеп келіпті. «Денсаулығым жақсарып, қуанышпен қайтып барамын», - дейді. Тұрғали Қалиақпаров – 1954 жылы туған. Семей облысы Жарма ауданынан 2-ші топтағы мүгедек. Екі рет инфаркт алған. Жүрегі ауырады. Бұрын үнемі дәрі ішіп жүрген. 3 сеанстан кейін жүрек ауруы басылған. Жұбайы Сандуғаш та асқазан, жүйке ауруынан жақсы болған. Ал Қызайбекова Эльмира екі жасынан бастап тұтығып, сөйлей алмаған екен. Дәрігерлерден еш нәтиже шықпаған. Бірінші сеанстан кейін дұрыс сөйлейтін дәрежеге жетіпті. Жұма Майлиеваның 9 жасынан бастап көзі ауырған. Бір көзі -5, бірі -8. Сонау Құлсарыдан келген қыздың көзінің көру дәрежесі бірнеше сеанстан соң жақсарған. Сол сияқты 1923 жылғы Қақан Оспанова басы, бүйрегі, асқазаны ауырып, демікпеге шалдыққан. Ауруханада көп жатыпты. Бірнеше сеанс қабылдағаннан кейін денсаулығы бұрынғыдан едәуір жақсарған. Мұндай мысалдарды одан әрі жалғастыруға болар еді. Жыл басынан бері екі айдың ішінде мұндай алғыс хаттың 200-ден асып кеткендігінен жұртшылыққа ерлі-зайыпты Қожалымовтар емінің қалай әсер етіп жатқандығын сезінесіз. Бұл жайдан-жай жазылған жақсы пікірлер емес, бұл – ауруынан айыққан жандардың, болмаса денсаулығында оң өзгеріс байқала бастаған адамдардың ішкі жан сыры. «Қожалымовтар кімдер? Олар қай уақыттан бері емшілікпен айналысқан?» Оқырмандардың көкейінде осы тақылеттес сұрақтардың ұялайтының ұғынамыз. Қожалымовтардың астанаға қоныс тепкеніне санаулы жылдар ғана. Бұрындары Алматы облысының Райымбек (Нарынқол) ауданында тұрып келген. Отағасы Зиядан ауылшаруашылық институтын бітірген, мамандығы инженер-электрик. 1986 жылдан бері астанада, мамандығына сай қызметтер атқарған. Зиядан аға нақты емдеумен 1989-жылдың маусымынан бастап айналысады. Халық емшілігімен айналысудағы ойым – ислам дінінің құдіретін дәлелдеу, – дейді ол. – Әрі мұндай қасиеттің халқыңа тигізер пайдасының мол екендігін айқындау. Біз ауру адамның ұлтына, атақ-дәрежесіне қарамаймыз, оның жан дүниесінің тазалығына, имандылығына көңіл аударамыз. Айығудың, сақаюдың негізі – сенімділікте. Кейде кейбір емшілер өзінше баға белгілеп жатады, бұл дұрыс емес, оны жағдайы көтеретіндер бар, көтермейтіндер бар, ал көтермейтіндер қайтеді? Біз емделушілердің жай-күйіне қараймыз. Балалар сеансын тегін жүргіземіз, - дейді. Түймекүл апайдың бойындағы емшілік қасиетінің қуаттылығын сеансқа қатысқандар ерекше сүйсініспен айтады. Сондықтан болар күнделікті үш рет өтетін емдеу кезендерінің алғашқысын өзі бастайды. Жайшылықта қарапайым, сабырлы, сынық сөйлеп отыратын Түймекүл апай емдеу жүргізер кезде бойға құдірет дарытқан қасиеттің әсерінен өзгеше күйге түсетіндей. Мамандығы дәрігер болғандықтан да, қалыптасқан дағдыға сай адамдардың жан-жүрегін көңілін жылы сөздермен аулауға бейім. Ауылда жүргенде, жылаған бала, ол жақындаса басыла қалатын. Көз тиген баланы қолына алғанда, әлгі сәби жайбарақат күйге түсетін. Бастапқы кезде ешкімді жақтырмай жүрді. Көп жағдайларда тұла бойы дел-сал күйде аялдамадан өтіп жеткен кездері аз емес. Кей кездегі ұйқысыздық, мазасыздықтан бойға осынау емдеу қасиетінің дарығандығын алғашында аңғармады да. Тіпті автобуста көшеде болсын ауру адамның ауырған жерін біліп сезіп, өзі жан күйзелісіне түсетін. Түймекүл апай емге су, бал, жұмыртқаны ерекше пайдаланады. Оған дұға оқу арқылы емдік мөлшерге жеткізеді. Суды ішіп, бал, жұмыртқаны дененің ауырған тұсына сылап қолданғандар оның қыздырып әсер еткендігін сезінеді. Ол сонымен қатар кез келген заттарды орамал, сабын, тіс ұнтағында емделушілердің қалауымен емге пайдаланып жүр. Кейбіреулер ауруы жанына батқан соң ғана сезінеді. Ал, енді біреулер қай жерінің ауырғанын біле алмай жүреді. Көзі ауырып келгендер біраз сеанстан кейін көзілдірігін тастап кетеді. Бүйрекке жиналған кішігірім тастардың біртіндеп жоғалатыны кездейсоқтық емес. Қандай ауруы болмаса да сеніммен келген дұрыс. Әйтпесе біреулер бар: «Жаза аласың ба?» - деп міндетсіне келеді. Не дейсің мұндайларға. Қабылдамауға тырысамыз, - дейді емші. Түймекүл апайдың ерекше бір қасиеті – тамыр ұстайтындығы. Асықпай, байыппен тамырды ұстап тұрып, жайлап аурудың сырларын аша бастайды. Алғаш қабылдағандарға осылайша ауру түрлерін аша бастайды. Кезекті сеанс біткеннен кейін де қарап қандай өзгеріс болғанын, қай аурудың қайтқанын аңдап байқайды. Операция жасалған адамдарды да сеанстарға қатыстырады. Қожалымовтар отбасының тағы бір келешегі – Ләззәт. Ана сүтімен дарыған емшілік қасиет балалық шағынан байқалған. Өткен жылдың сәуір айынан айналысып жүр. Одақтағы халық емшілерінің орталығына барып, бойындағы емдік қасиетінің қуатын анықтап қайтты. Таллинде өткен дүниежүзілік экстрасенстер форумына қатысқан. Сондағы көпшілік қарапайым қазақ қызының бойындағы ерекше емшілік қасиетті аңғарған. Қазір студент. Астанадағы темір жол институтында оқиды. Болашақта дәрігер мамандығын алсам деген ойы бар. «Сәбилер денсаулығы мықты болса екен» деймін әрдайым. Кейде мүмкіндікке қарай жас отбасыларын қарап, емімен көмектесіп тұрамын, – дейді. Ләззәт домбыра да тарта алады. Кейде өзі ән айтып, дауысымен емдейтін қасиеті бар. Ләззәттың шипалы емінен астанада тұратын Б. Төреханов, Талдықорғандық дәрігер Л. Маслова, Р. Қоңырқұлжанова, Н. Барысовалар денсаулықтарын жақсартқан. Ал республикалардан тыс жерлерден ауруына көмек сұрап хат жазғандар қаншама. Аурудан айыққандардың алғыс хаты аз емес. Қожалымовтар шаңырағынан халық нөпірі бір тыйылмайды. Бұл бойдағы емдік қабілеттің адамдар денсаулығына дарыған шипалық әсерінен болар. Ә.Тарақ СӨЗІ – ДӘРІ, ЕМІ – ДОМ
Тып-тыныш зал. Сахнадағы жалғыз адам күңірене сөйлеп тұр. Даусы бірде көтеріліп, ең жоғарғы нотаға жетсе, бірде жер бауырлай төмендеп сыбырға ұласады. Қатар-қатар қойылған орындықтарға жайғасқан әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған көпшілік қауым сөйлеушіге бар зейінімен қадалуда. Шешеннің айтары адамзат пен табиғаттың, рух пен болмыстың, жер мен кеңістіктің, өткен мен бүгіннің, имандылық пен саясаттың ортақ байланысы халықтың ұлылығы, діннің мәңгілігін, жанның тазалығы. Сөз соңының тазалығы... Сөз соның дұғамен қайырып болған шешен сахна бұрышындағы магнитафоннан сазды әуені төгіле бастағанда жиналған көпшіліктің ерік-жігерін бірден-ақ өз қолына алды. Бұл – қаламызға келіп, емдік сеанстар жүргізіп жатқан халық емшісі, халықаралық дәрежедегі парапсихолог-экстрасенс Зиядан Қожалымов еді. Музыкамен, сөзімен, демімен өзі ыңылдап салған әнімен жұртшылыққа дәру дарытуға тырысып жүрген емші, жағдайға қарай әр емделушіге жеке келіп жұмыстар жүргізуде. Кейбірін ортаға шығарып тұрғызып қойған. Олар көздері жұмулы қалпында әр түрлі қимылдар жасап, еріктерінен тыс бұлғандауда. Өксіп, солқылдап жылап жатқандар да баршылық. «Қолда, қолда, қорға, қорға. Бөгенбай атам аруағы!». Емші аузынан шыққан сөздер әр көкірекке нәр болып құйылуда. Арада тағы біршама уақыт өткенде сеанстың біткенін хабарлаған емші жиналғандарға емделудің қорытындысын айта бастады. Сеансы біткендерге «ем қонымды болсын» деген тілегін айтып, бірніші қатысқандарға бөгеле тұруды ескертті. «Жігіт сен, шет жақтағы», - деді сосын қызыл кеудешелі орта жастағы жігітке қарап, - «сенің әруағын бар екен, қатты қиналдың. Науқасынан айығысымен, дәреттеніп басыңды сәждеге қой, дін жолына түс. Қарағым сағанда айтарым сол, – деді енді орта қатардағы жас әйелге. – Қасыңа дәретсіз адам отырып қалған екен. Сен қатты қиналып өз-өзіңмен аласұрған соң оны шығарып жіберуге мәжбүр болдым. Бұдан былай айналайын ортаға отырма мүмкіндігінше шет жаққа жайғасуға тырыс. Жан-жағын таза кең болсын». Бұл сөз арналған жас келіншек орнынан күбіжіктей шетке ығысып бара жатты. – Мені аз мақтап жатқан жоқ. Мақтау жеткілікті-ақ. Сондықтан егер біз туралы жаза қалсаң, емшілер жөнінде жазып жүрген журналситердің таптаурын ізіне түсіп, тек таныстыру, жармалау сарыңды кетпей біздің өз проблемаларымыз шешілмеген түйінді мәселелеріміз жоспар-мақсаттарымыз жайында жазғайсың, - деп еді Зиядан аға әңгімеміздің басында-ақ. Емдеу-сауықтыру сеанстары мен жұртшылыққа биоэнерготерапевтік жәрдем көрсету мақсатындағы жұмыстарға құқық беретін Қазақстан республикасы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, профессор Б.Д. Тастанбековтың Ресей халық емшілері Ассоциациясының бас директоры А.И. Тимоновтың сондай-ақ табиғат пен адамзатты қорғау жөніндегі «Возрождение планеты» Халықаралық Ассоциациясының президенті –Спиридоновтың қолдары қойылған рұхсат қағаз бен Ассоциацияның Президенттік дүниежүзілік мандаты, Ассоциациялық мамандар даярлау жүйесінде арнайы курс бітіргендігі және «Возрождение планеты» Ассоциациясының мүшесі екендігі жөнідегі куәлігі. Осыларды қарай отырып-ақ Зиядан ағаның емшілік дәрежесін анықтай беруге болады. З. Қожалымов – қазір Қазақстан республикасындағы халық емшілері Ассоциациясын құру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы. Еліміздегі әр жерде бытырап, әлі де болса да бар болмысымен толық жарқырап көріне алмай жүрген халық емшілерінің ғылыми негізделген, ресми құжаттар мен мөрге ие бір ортаға топтауды ниет етеді. Жоғарыдағы құжаттардан байқағанымыздай, Зядан аға өз ісін де осы ғылыми-білімге бағыштай жүргізеді. – Емші ретіндегі де, адамзат ретіндегі ең басты мақсатым – қазақтың халық медицинасы саласында алға кеткен елдерді қуып жетіп, басып озу. Сөйтіп, қазақ емшілігін халықаралық дәрежеге шығару, басқа ұлт өкілдерін бірлесе жұмыс істетуге шақыру. Және ең басты ойым – егер жергілікті халық қолдаса – Ақмоладан, Қарағанды, Жезқазған, Қостанай, Петропавл, Торғай облыстары халық емшілерінің орталығын ашу. Мұның бәрі бір күннің жұмысы емес. Оған әрі жалғыз адамның шамасының келуі де қиын. Сондықтан, бірлесе көтерген жүк жеңіл дегендей, сіздердің жергілікті халықтың көмегі қажет. Зиядан ағаның тағы бір басты жаңалығы – былтыр күзде Мәскеуде Одақта бірінші рет режиссер Д.В. Назиннің басқаруымен түсірілейін деп жатқан халық емшілері жөніндегі деректі фильмнің бас рөліне түсуге конкурстан өтті. Қараша айының соңғы күндерінің бірінде байқау сынақ кадрларына түскен. Ал, бүкіл жанұя мүшелерін іс үстінде көрсететін «Қазақтелефильм» киностудиясы түсірген 2 сағаттық бейнефильм совет киносының алтын қорына алынған. Бұл да болса өмірін игілікті ісіне арнаған қазақ азаматына деген шын құрметтің бір түрі екендігі хақ. Зекең қаламызға жалғыз келмеген, қасында көмекші ассистенті Болат Кәдірқұлов пен қызы Гүлзәт бар. Болат – совет саудасы институтын бітірген сауда қызметкері, қазір енді бұрынғы деуге де болады. Үнемі ауыра берген ол, Зиядан ағайдың қолына тап болып, сырқатынан ғана айығып қоймай, өзінің ерекше қасиеттерін де ашып, бүгінде бүтіндей емшілік жолына бет бұрған шәкірт. Гүлзәт болса, Зиядан ағаның екінші қызы, анасы Түймекүлдің үйретуімен әпкесі Ләззәт екеуі кішкене күндерінен-ақ іні-сіңлілерінің тымау-сымауларын қағып тастауға машықтанған. – Ләззәттің биотогы маған қарағанда күштірек, – дейді Гүлзәт өз әңгімесінде. – Ол сәуегейлік жасап, жоғалған заттарды тауып, болашақты болжай алады. Көзге түскен ақты бір сеанста сылып тастаған кездері де бар. Ол туралы Орталық теледидар арнайы хабар да берді. Бірде мынандай оқиға болды: үйге он үш жасар қызын ерткен орыс әйелі келді. Қыз бала туа біткен зағип екен. Ләззәт қабылдап, бірнеше сеанс емдегеннен кейін көзі ашылып жарық дүниені көрді. Сондағы шешесінің қуанғаның көрсеңіз! Сөйтсек әңгіме былай болған екен. Ауру қызын сүйреп бармаған жері қалмаған ана әлде бір үміттің жетегінде болгориялық әйел Вангага жол тартады. Мен сендерді емдей алмаймын бірақ сендерді емдейтін адам бар. Ол жиырма жастағы азиялық қыз. Аты Лиза Лиза... жоқ, Лизат. Менің өзімнің ол қызбен ешқандай байланысым жоқ. Бірақ сендер табасыңдар. Ол туралы жақында теледидардан көрсетеді» - деп жөн сілтепті. Сөйтіп, Орталық теледидардан берілген хабар бойынша жолға шыққан әйел, шын мәнінде жолы болып, үйіне сап-сау қызың ертіп қайтты. Қазір Ләззәт соқыр ішегіне жасатқан операциядан соң емдеу жұмыстарынан шеттеп жүрген көрінеді. Ол – Алматы темір жол транспорты инженерлері институтының ал Гүлзәт экономика университетінің студенттері. Аудиторияда ұзақ уақыт сарылып отыра беруі өз денсаулығына кері әсер ететінін байқаған Гүлзәт сырттайғы бөлімге ауысып, тікелей энергия берумен яғни емшілікпен шұғылдануда. Бұрындары тек әке-шешесі мен әпкесінің жанында көмекші ретінде жүрген Гүлзәт өз бетімен жеке сеанс беруі аз болса да алғашқы табыстары айтарлықтай. Гүлзәт та Қожалымовтар әулетінің басқа мүшелері сияқты науқастарды тамыр ұстау, бетіне, сөйлеген сөзіне, фотосуретіне немесе ауызша суреттеп айтқан сырттай әңгімеге қарай тікелей де, сырттай да ауру түрін анықтап, емдеу жұмыстарын жүргізе алады екен. Алты ағайынды Қожалымовтардың кішілерінің де бойларында емшілік қасиететрі бар. 16 жастағы Мақсаттың Халықаралық дәрежедегі дипломы бар. Бірақ жастығына, албырттығына байланысты қатысып көрмеген. Үйрену жетілу үстінде. Одан кейінгі Аршат, Гүлшат, Нұршаттар әзір ата мен ананың ыстық құшағында, емшілік қасиеттері ананың сүтімен, атаның күшімен бойларына дарытуда. Осы бір өркені өсіп саялы бәйтерекке айналған, бір кездегі бар-жоғы, болашағы белгісіз жетім өскен ұлдың үлкен шаңырағының игі істерінен шипа алған тілеулес жандардың сөздеріне құлақ түріп көрейік: («Пікір және тілек» журналынан сөзбе сөз беріліп отыр) «Менің диагнозым нейродермит, неврастенический синдром. Ауырғаныма 10 жыл болды. Бүгінгі күні 6 сеанс алдым. Жағдайым жақсарды. Келген күні өте қатты ауырып келдім. Қазір өзімнің үстімнен бір жүк алып тастағандай сезінемін. Алла риза болсын. Қожалымовтар емшілігіне» (Целиноград ауданы, Боқырау ауылының мектеп директоры Шәйзада Жұмажановна). «С 1985 года жалуюсь на суставы колен, отложение солей. Здесь в Целинограде в данное время лечусь в хозрасчетно-диагностичесском поликлинике лазерем. Когда узнал ваши сеансы, я сразу за три дня прошел 7 сеансов чувствую себя хорошо и надеюсь улучшение. Большое вам спасибо, семье Кожалымовых! Желаю ваше семье здоровье, благополучия в вашей дальнейшей жизни, желаю вам чтобы открыть здесь центр народной медицины для благо наших людей. С искренним пожеланием Кулапов Дмитрий Тургайская область с/з «Ишимский». Тізе берсең мұндай ондаған тілектерді мысалға келтіруге болады. 65 жастағы Жұмабала Бейісова әжей 11 сеанстан кейін көрмейтін көзі ашылып, ақ түсті айыралатын халге жеткенін айтса, Күлшара Қыздарбекова апай қимылдауы қиынға түскен оң қолының жазылғанын айтады. Зиядан аға қазақ халқына мың емші де аз деп санайды. Ол халық арасынан сонша қасиет иесі шығатынына сенеді де. Өйткені, қазірдің өзінде екі мыңдай шәкірті бар. Ақмолаға осы келісінің өзінде отыз бес, қырық адамның қасиеттерін ашты. Әрине, олардың бәрі бірдей емшіліке бет бұрмас. Дегенмен өзінің кім екенін біліп, өз науқасынан өзі құтыла алатын дәрежеге жетеді. Әрі, З. Қожалымов аруақ қонған, арқасы бар адамның бәрі емші болуы шарт емес деп есептейді. Олар бақсы да, тәуіп те, көріпкел, жауырыншы да, әнші, күйші де болуы мүмкін. Сондықтан, біз емші еңбегін адамның ұйықтап жатқан талантын оятушы ретінде қабылдасақ та артық емес. Зиядан ағаның өзі ашып, емшілік жолға түсірген жандар ақмолада да баршылық, солардың бірі және бірегейі деуге болады – Астрахань ауданының Қалқұтан станциясынан шыққан ағайынды Зәуреш және Бақыт Қадірбаевалар. Зәуреш қалада тұрады, өз үйінде науқастарды қабылдап, түрлі дертке ем қолданады. Жалғыз жанына дәру іздегендер болса, артықтық етпес. Зәурештің мекен-жайы: 3-ші мөлтек ауданы, 1-үй, 114 – пәтер. Осы жылдың желтоқсан айының 20-шы жұлдызында халық емшілерінің құрылтай жиналысы өтпекші. Онда қазақстан халық емшілері ассоциациясын құрып, бір орталық жасау жоспарлануда. Ассоциация төрағалығына ұсынылған кандидаттың бірі – Зиядан Қожалымов екен. Халқы үшін, оның тілі, діні, мәдениеті үшін өзін де, өмірін де бойындағы күш қуатын да сарп етіп, сарқа беріп жүрген қазақ азаматына сәттілік тілейік, ағайын! Ақ жол болсын, Зия-аға! М.Ештанаева ЕМШІЛІКТІҢ ЕРТЕҢІНЕ БАҒДАР
Жақында Алматыда халық емшілерінің халықаралық форумы өтті. Емшілердің бұл бас қосуының «халықаралық» деген атына сай еместігін жарысөзге шығып сөйлеушілердің бірі, тәжікстандық Л.М. Изотова батыл айтып көрсетті. Өйткені, форумға шетелден ешқандай делегация келмеді. Десе де, еліміздің 62 қаласынан 1260 адамның қатысуы алғаш өтіп отырған бұл жиынның ауқымдылығының кеңдігін көрсеткендей. Алматыға халық емшілері, экстрасенстер, жәдігерлер, аспан әлемімен тілдесушілер, су астында емдік әдістер қолданушылар жиналды. Олар соңғы кездері адамдар назарын ерекше аудара бастаған халық емшілігін кеңінен насихаттауды мақсат етті. Емшілер қабілеттерін, бойдағы емдік қуаттарын көрсетті. Солардың ішінде алғашқылардың бірі болып Зиядан мен Түймекүл Қожалымовтардың шипалы еміне жұртшылық көп жиналды. Жақында ғана Москвада арнайы оқуда болып, өздерінің емшілік қасиеттерін айқын танытып, «халықаралық емші-нұсқаушы» куәлігін алған ерлі-зайыпты Қожалымовтар аят оқу, пышақ, қамшы қолдану арқылы қолданылатын қазақ емшілігінің сан қырлылығын көпшілікке дәлелдеп берді. Біз жалпы форум жұмысы жөнінде халықаралық үйлестіру кеңесінің президенті В.Ленскиймен қысқаша сұхбаттасқан едік. Форумның басты мақсаты – жаңа таланттарды анықтау. Халықаралық жоғары академия және «Грант клуб» халық емшілігінің бүгінгі таңдағы бет алысын қадағалап келеді. Бір байқағаным, республикада халық емшілігімен әуестенушілер аз емес екен. Олардың емдік әдістері де әртүрлі. Бұл дегеніміз – алдағы уақытта қазақ емшілігінің халықтық академиясын құру қажеттілігі туады деген сөз. Халық емшілігі, әдетте биоэнергетикаға яғни биоөрістің үштілігіне байланысты ерекшеленеді. Ал, медицина химияға сүйенеді. Сондықтан кейде түсінбеушіліктер де болып жатады. Мұның бәрін біртіндеп уақыт жолға салар деген ойдамыз, - дейді ол. Басқосудың үзіліс сәттерінде алдын-ала құлақтанған қала тұрғындары кейбір емшілерге жолығып, ауруларын анықтап, шағын сеанс алып аты. Кейбіреулері емшілердің қабілет-мүмкіндігіне көз жеткізсе, енді біреулері күмәнмен қарады. Мұның өзі ел арасында емші атын жамылып, пайда жолын іздеп жүргендер де аз емес екенін аңғартқандай. Ал, қазақ халық емшілігі орталығының құрылуы – емшілердің үйрену, тәжірибе алмасу орны ғана емес, олардың үлкен сынақтан өту мектебі болмақ. Келген қонақтардың қай-қайсысы өз пікірлерінде емшілік академиясының әр республикада құрылуының қажеттілігін атап өтті. Қазір мұндай академия Ресейде бар. Басқа да республикалар құру ісін қолға алып жатыр. Форумның соңғы күні Ғалымдар үйіндегі кездесудегі қазақ халық академиясын ұйымдастыру жайы кеңінен болады. Ә.Сауатұлы АРУАҚ ҚОНҒАН ӘУЛЕТ
Күн нұрынан дүркірей еріген ағынды судай, әр ауданнан жапа тармағай шығып жатқан халық емшілерін естігенде «Ой тәйірі жұрттың бәрі көріпкел болып кеткен бе?» деп пендеситініміз бар. Бәріне де уақыт куә, 75 жыл тұншыққан дін, халықтан алыстатылған әдет-ғұрып, шөптей қырқылған ата-салт, егемендіктің самал желімен көктей қаулап бас көтерсе заңды емес пе? «Орнында бар оңалар» дейді халық. Қазақ халқындай аруағы мен дарыны ұштасып жатқан, ақын да батыр, талантты да тәлімді халық жер бетінде кемде-кем шығар. Ал көріпкел, бақсы, аруақ қонған арқалы емшілер ата-дәстүрін жалғастырушы халық үшін тер төккен кішіпейіл ақ көңіл адамдар. Сондай жандардың бірі – Қазақстан халық емшілері ассоциациясының президенті Қожалымов Зиядан, оның әр сөзі адамдарды емдеу тәсілі өзін көрмеген, құлағы әзір естімеген тосын болса да, жаныңа соншалықты жақын, әрі нанымды. Ол мүмкін қанша діннен бездік десе те, тұла бойымызды қуалап өзімізге тірлік берген қанымызда кішкене болса да қазақтық қасиеттердің қалғанынан болар. Емші – халық қызметшісі. Әр адамның самарқау жатқан санасын ток соққандай діріл қаққызып, оны қызметке келтіру арқылы дарындылардың ғана несібіне жазылған бақыт. – Елдің осы бір марғау енжар қалпын Абай атамыз көрсе, «қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп күйзелер еді әлі де. «Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол, адам болам десеңіз» деп жалынар еді. «Оян, қазақ оян қазақ, оянбасаң еркіңнен айырылып құл боларсың, бірігіп елдігіңді танытып, жақсыңды дәріптеп жұмылмасаң, ұл-қызыңды күң етерсің» деп жар салар еді Міржақып... Алла, пайғамбар, аруақ, дана бабалар, ізгі ісімізді қолдап жебей гөр. Діннен безіп тығырыққа тірелген ұрпағына кешірім ет, қайырымыңды көрсет. Арқалы апа-ағалар, жаны жайсаң балалар, жомарт жүректі жайсаң адамдар, тіршілік таңын сөндірмей ұстау сендердің ғана қолдарыңда. Халықтың бақытта, байлыққа кенелуі әр адамның жан-дүниесінің жаңаруы, қара пиғылдан тазаруы арқылы ғана жүзеге аспақ. Өнер білім азығың болсын, ақыл қайрат қазығың болсын, ақын да бол, батыр да бол ақ ниетінмең топ бастасаң сара да айқын жол жатыр алдында. Ел үшін еткен еңбегіңді аруақтар қолдар әр кезде. Мен де өздеріңдей қазақпын. Ата-бабам арғы-тегім аруақты адамдар. Солардың маған дарыған зәредей болса да қасиеті Сіздермен кездесуге себеп етті. Мен сол үшін бақыттымын. – Зиядан әр сеанс алдында халықпен амандасуын осылай бастар еді. Мен де оның емдеу сеанстарына кіргендердің бірімін. Ауруымды сыпырып алып тастады десем, асырып айтып астамшылық қылармын. Бірақ қағілез келген қарашадай ғана осы адамның тылсым құдіретке өзі сеніп, оны өзгеге жеткізе білу адамды таң қалдырады. Бас-аяғы бір сағат уақытта залда отырған үш жүзге тарта адамның әр қайсысы мынау көл-көсір тірлікте өзін тамшыдай сезініп, табиғат атты тылсым алдында пенде ғана екенін анық ұғады. Ол ненің құдіреті? Бәлкім қоңыр дауыспен басталып, күңіренте оқылған аяттың әсері ме? Дауылпаз сұңқардың қанатындай сабалатып айқай сүргінге салғызған шаңқобыз сазының сарыны ма? Тіпті жар соққызған теңіздін толқынын тыңдап, қазақтың аруақты ата-тегіне, батыр дана бабаларына сиынып жазған Зяданның ойға толы өз өлеңдерінің қасиеті ме? Әйтеуір әп дегенде-ақ пенделіктің кірпияз пернесі бырт-бырт үзіліп. О, алла пеңдеңе өзің жар бола гөр, ақ ниетін қабыл ет, азғын ойдан арылта гөр деп үздіге оқыған аяттың алғашқы жолдарынан-ақ залдың әр жерінен жылаған, аһлап-уһлеп күрсінген, тіпті өлең айтып билей жөнелген жандарды көргенде бұларға не боп кетті деп жан-жағыңа қарайсың. Ондай танданған жандардың талайын көрген Зядан болса: бәрі де тамаша, бәріміз құдайдың құлы екенімізді мойындап тек инабаттлықты әдет етсеңдер, аз уақытта жандарың да, тәндерің де сауығады. Түр-түсіңе қарамайды, менің емім. Көрдіңіз бе, мына ақ-сары әйелдің де арқасы бар білем, - дейді орындықтар арасындағы ашық жерлерден «Қамажайды» билей жөнелген орта жастағы орыс әйеліне қарап. Емші қасиетіне баға беру менің тақияма сыймайтын дәреже. Бірақ құдірет пен дарынды басқа бір елден, басқа бір жерден іздеп тек соған сеніп, соған табынып келген біздер үшін өз бауырларымыздың елден ерек қасиеті мен дарыны қатты қуантып, өзіңді ризашылық сезім билеп, оны өзгемен бөліскің, біреуге айтып мақтанғың келеді екен. Әркімнің жұлдызды сәттері болады. Шіркін-ай қазақ емшісінің аруағының осындай бір қанатты шақтарын таспаға, бейне аппаратураға түсіріп алса ғой деп ойлайсың. Біресе егін, біресе шөп, енді бірде ұланғайыр кемшіліктерді көрсетсем деп жүгіріп жүрген телерадио газет журналистерінің қауырт тірлігін ойлап осындай кезеңге келе алмағанына өкінесің де. Тек бір таяныш әр күн сайын лек-легімен емдеу залына толып келіп жатқан адамдардың жақсыны жаттап алар жады ғана. Талантты адам сегіз қырлы бір сырлы дейді қазақта. Рас болар. Еліміз еңсесін көтеріп кету үшін етік тігіп, әншінің өлең айтуы жеткіліксіз. Ол үшін әр адамның инабаттылық, адалдық, ізгілік, адамдық, ұлттық салт-дәстүрге негізделген көзқарасы болуы шарт. Онсыз сенім мен наным азайып, кешегі керемет дегеннің кермек дәмі таңдайда тұрғанда, халық атты қалың елді өз еркіңе бағындырып дегенін істеу кез-келгеннің қолынан келмейтін қарекет. Ол үшін аруақ пен арқа аз, дарын мен талант жеткіліксіз, оған тек жаманды-жақсыны, үлкенді-кішіні, ауру мен сауды, тентек пен теліні салыстырып қарап, тек жақсылық тілеп сүйетін үлкен жүрек керек. Сөзің мен ісің атасып, барың мен жоғың көрініп тұрғанда ғана халық саған қалтықсыз сенеді, артынан ереді, айтқаныңа түсінеді. Ал сеанс сайын азаймай бірінен-бірі естіп келіп жатқан адамдар легін көріп емші Зиядан осындай сезімге ие ме деп қалдым. Келіп жатқан алғыс хаттар легі бір төбе. Осындай шіркін-ай анау түн жамылып қойма бұзып, қараңғы бұрышта кісі тонап, арақ ішіп төбелес ашып, бейкүнәні алдап пайда тауып еңбексіз жүрген имансыздар сеансқа келіп Алла өміріне мойын ұсынса жақсылыққа бір табан жақындар еді деп ойлайсың. Міне, емшінің өмір жолын білу үшін алдында отырмын. Алматының Нарынқол ауданынан. Жасы 48-де. Қазақстан халық емшілері ассоциациясының президенті, халықаралық «Возрождение планеты» ассоциациясының вице-президенті, Россияның және халықаралық ынтымақтастық ассоциациясының толық мүшесі, биоэнерготерапевт, парапсихолог, халықаралық дәрежедегі Россияның және Қазақстанның халық емшісі деген құжаттары бар. Қазір емшілер көбейіп кетті – дейді ол менің үніле қалғанымды байқап. Біреулер біліп емдейді, екіншілері де дәмал. Халық екі жүзді адамдардың ермегі болып кетпеуі үшін қазір он облыста халық емшілері ассоциациясының филиалы құрылды. Мынау кеше ғана Батыс Қазақстан облысында құрылған халық емшілері ассоциациясының филиалы. Оралға арнайы келіп, өзім бас болып апта бойы арқалы адамдардың арасында байқау сынақтарын жүргізіп, халық еміне ден қойғандарды намазға жүгіндірдік. Айжайық топырағында дарын көп қой. Қажір 32 адамға «Халық емшісі» деген куәлік берілді. Жұмыс істей берулеріне болады. Біз ауруларды емдейміз деп дәрігерлермен таласпаймыз. Бірақ, ниет қойып келгендерге көмектесу адамдық парызымыз. Ия, арғы ата-бабасы атақты Райымбек батырдан басталған Қожалымовтар әулеті қазір әлемге әйгілі. Жолдасы Түймекүл мен 20 жасар қызы Гүлзейнеп танымал халық емшілер болса, ал ванганың сынағынан өткен үлкен қызы Ләззәт болса, Одақ көлемінде орталық теледидар арқылы емдеу сеанстарын тұрақты жүргізуге қолы жеткен жан. Халық емшілері ассоциациясының бір топ емшілері Орал да болды. Дәрігер емшілері қарттар үйінде, бөбектер үйінде қайырымдылық сеанстарын беріп үлгерді. Халықтың өтініші мен кейбір аудан орталықтарында да болды. – Қызым – дейді Зиядан. Бір шетте журнал оқып отырған Ләззатқа қарап. Камен ауданы Аманкелді селолық Кеңесінің төрағасы келіп жүре алмайтын ауғандық мүгедек жігітке көмек беруімді сұрады. Совхоз еңбеккерлері ем алсақ деген ойлары бар екен. Менің қолым тиетін емес, сен бар. Бұл жер өзіңе қол соққан Москва мен Петербург, не Лондон мен Варшава емес, жүгіріп тұруға, демалуға қолайлы болмас. Бірақ елің, қазағың, бауырлас қандасың. – Жарайды әке, қызының ұяң жүзінен ата-салтының лебі еседі. Ал мен болсам, айқайлап айтып, әркімнен жалынып сұрап жүрген имандылық деген осы ма деп қалдым. Қожалымовтар әулеті имандылық жолында сапарда жүр. Б.Жасқалиева ХАЛЫҚ ЕМШІЛЕРІНІҢ ТАҒДЫРЫ
Медицина дегенді бүгінде кейбіреулер халықтық және жаңашыл ғылыми медицина, ал халық емі дәстүрлі немесе дәстүрден тыс медицина деп айтылып жүр. Халық емі мен дәстүрлі медицинаны бір-бірінен ажыратуға болмайды. Өйткені, бұлардың түп атасы біреу-ақ, әрі тамыры көне дәуірден. Мыңдаған ғасырлар бойы тарихи тәжірибе ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан халық мұрасы. Мұның өзі жалаңаш ғылыми техникалық өрлеу медицинасының дамуына өз ықпалын тигізеді. Халық емі өте күрделі, өйткені ол бізді қоршап тұрған табиғи орта мен аспандағы ай, күн, басқа да планеталардың құбылыстарына, әруақтардың, тағы басқа құпия әрі құдіреттің күшіне байланысты. Төрт түлік малдың ішкі мүшелері, сондай-ақ, мүйізі, тұяқ табандары, т.б. шипалысы қаншама. Сонау көне заманнан бүгінге дейін күш-көлік ретінде пайдаланып келген жылқының, қойдың еті, сүті, майы, қазы-қартасының емдік қасиеттері де мол. Соңғы 70-80 жылдардан бері халық емшілері көпе-көрнеу қудаланып, халық емінің көптеген түрлері екі-үш ұрпаққа жалғаспай, үзіліп қалғаны өкінішті-ақ. Халықтың арасынан шыққан емші, тәуіп, сынықшы, тамыршылар, емші-бақсы т.б. «білімсіз-дүмше адам, алдамшы зиянкес» деп көрсеткенмен олар адал, ақ ниетті емшілер болатын, әр адамның он екі мүшесін, алпыс алты тамырын, т.б. адам ағзаларының қызметін дөп басып анықтай білген. Адамдардың дертінің қайдан, неден болғанын айырып, емдеп, сауықтыруға көмегін аямаған. Осы тұрғыда өмірде кездескен бір мысалға тоқталайын. Осыдан елу жыл бұрын Ұлы Отан соғысының бас кезі болатын. Біздер Ақмола облысының Мәтен ауылында тұрған кезімізде Өсер деген інім бес жасында кенеттен ауырып, оң жақ тізесі бүгіліп, жүре алмай қалған. Ол кезде кішігірім ауылда дәрігер, емхана деген болмаған. Қанапия атайға көрсетткі. Ол кісі «Бір шұбар тауық әкеліңдер, ұшықтаймын. Кір төккен жерді басқан екен, содан дерт жабысыпты» деді де, ем-домын жасап үйіне кетті. Кешікпей інімнің аяғы жазылды. Тағы бірде аман деген інімді жылқы теуіп жағын сындырды. Қан судай ақты. Тағы да Қанапия бақсыға көрсеттік. Дереу жалпақтау қайыс белбеу мен аздаған киізді дайындатты. Киізді күйдіріп, ыстықтай күлін қан ағып жатқан жараға сеуіп, сынған төменгі жақ сүйекті қайыс белбеумен таңып тастап, «жеті күн шешпендер, тәуір болады» деді. Айтқанындай сауығып кетті. Мұны көріп отырып, халық емшілерінің ісін қалай жоққа шығарасыз. Бұрынғыдай емес, бүгінде жұртшылықтың халық еміне деген көзқарасы мүлдем басқаша. Оның үстіне қазір еліміздегі дәрі-дәрмектің тапшылығы, медициналық аппараттар мен құрал-жабдықтардың жетіспеуі, ауруханалар мен емханалардағы аянышты халдер де халықты шаршатып барады. Бұл жерде дәрігерлерді кінәлаудан аулақпыз. Ақ ееты абзал жандар қасиетті мамандық туын жоғары ұстап бағуда. Бірақ, жетіспеушілік, қымбатшылық көп қолбайлау болуда. Бұл тұрғыда әлемге әйгілі дәрігер-жазушы А.П.Чеховтың айтуынша: «Дәрігерлік мамандық – нағыз ерлік, жан аямайтын қайсарлықты әрі жаны мен ниетінің тазалығын талап етеді. Бұл әркімнің қолынан келе бермейді» – деген. Қандай көрегендік еді. Бұл тұжырым бүгінгі дәрігерлер мен емшілерге айтылып отырғандай. Қазан төңкерісі жеңісінің «жемісі» бүгінде баршамызға белгілі. Жыл өткен сайын адамдар арасында ауру-сырқау да көбеюде. Дәрі-дәрмек тапшы. Міне, осылардың салдарынан аурулар емші, тәуіп, сынықшы, т.б. іздеуге мәжбүр болады. Осы орайда ел арасында бытырап, шашылып жүрген емшілердің басын қосып, біріктіріп, дәстүрлі халық медицинасын түлетіп, ауруларға қайырымдылық көмек көрсетіп, дертінен жазылуға жәрдем етуге Республикалық емшілер ассоциациясы құрылып, табысты еңбек еткендеріне де бір жыл толды. Байтақ еліміздің халық емшілерінің қалауымен 1991 жылы желтоқсанның 20-22 күндері тұңғыш еет халық емшілерінің құрылтайы болып өтті. Сонда астанамыздаан, республикамызлдың 14 облысынан емшілер мен халық өкілдері және мемлекеттік, қоғамдық ұйымдардан жанашырлар, яғни 150-ден артық адамдар келді. Сонда бірауыздан республикалық халық емшілері ассоциациясы құрылып, оның жарғысы ережелері бекітілді. Ал өткен жылдың ақпан айынан бастап, ассоциацияның жанынан емшілердің білімін жетілдіретін мектеп ашылды. Осы 120 сағаттық емшілер мектебін бітірген түлектеріміздің саны бүгінде 540 болады. Бұлардың ішінде көршілес өзбек, қырғыз елдерінен де бар. Емшілердің шипагерлік дарынын анықтау анкетасын ғылыми практикалық анализ жасап көрсек, көптеген қызық, әрі құнды деректерге кездестік. Атап айтқанда, артық табиғи дарындық көріпкел, ғарышпен байланысатын, өмірдің құбылыс қасиеттерін болжай алатын, т.б. құпияны айқындап шешуге талаптанатындармен бірге адамдардың әр түрлі ауруларын анықтайтын, емдеп сауықтыратын 30-дан артық қасиетті тәсілдері ашылды. Ешқандай елдерде болмаған халық емшілерімен тәжірибе алмасу конференциясы екі еет өткізілді. Емшілер бір-бірінің емдік тәсілдерімен таныса отырып, тәжірибе алмасты. Республикалық халық емшілерінің ассоциациясында емші әйелдер 87 процент болғандықтан өткен жылдың қазан айында республикалық емші әйелдердің конференциясы өткізілді. Сонда ассоциацияның жанынан емші әйелдердің кеңесі құрылды. Осы кеңестің төрайымы халқымызға танымал емші Күлтай Әлиеваның басшылығымен соңғы бір айдың ішінде екі-үш облыстарда жергілікті емші әйелдердің кеңесі құрылып, бағдарламасы бойынша жұмыс істелінді. Өткен жылдың 7-8 айы ішінде 14 облыстан және астанамыз Алматыда республикалық халық емшілері ассоциациясының филиалдары құрылып, жергілікті Әділет басқармасының тіркеуінен де өтіп, халыққа еңбек етіп жүр. Мұндағы негізгі мақсат – науқастардың өздерінің тұрғылықты жерлерінде де халық емін алуға мүмкіншілігі болуы еді. Осы ретте және бір айта кетеін жайт – біздің ассоциацияның қайырымдылық жолында бірнеше мыңдаған қаржысын, жетім балалар үйіне, мешітке, т.б. жағдайы нашар адамдарға аударулары, халық арасында тегін емдеу-сауықтыру сеанстарын өткізуі. Сондай-ақ өткен жылы Алматыда қазан айында бүкіл дүниежүзілік рухани келісім конгресі болып өтті. Осы конгресс кешінде өткізілген сауықтыру сеансы З. Қожалымовтың «Құдірет» атты өлеңімен жүргізілді. Кеш соңында халқымыздың құрметіне бөленіп жүрген Сары әулие де өзіне тән дәстүрлі имандылық сабағы мен сауықтыру сеансын жемісті өткізді. Сөйтіп, республикалық халық емшілері ассоциациясының маңдай алды емшілері дүние жүзінің көптеген елдерінен келген делегаттарға халық емінің қыры мен сырын танытты. Осы тұста тағы бір жаңалық – осы рухани келісім конгресінің ашылған күні – 18 қазан Біріккен Ұлттар Ұйымының келісімі бойынша – «Дүниежүзілік келісім күні» деп аталатын болды. Десе де, әлі күнге дейін халық емшілеріне ойдағыдай қамқорлық жоқ. Қудалау басым. Халық емшілерінің құқын қорғауға республикалық ассоциация тарапынан Жоғары Кеңесте Президентімізге, өкімет басшыларына, Денсаулық сақтау министрлігіне бірнеше еет хат жолдап, халық емшілерінің үндеулерін табыс еттік. Бірақ, қуанарлық жауап жоқ. Тіпті, президент кеңесінің аппаратындағы, бұрынғы Денсаулық министрі Т. Ізмұхамбетов коллегияда халық еміне әрі халық емшілер арасында ұстаздық кеңесші болып жүрген медицина ғылымдарының докторы, профессордың ісін қаралап, оны қатты сынаққа алғаны өкінішті-ақ. Мұндай әкімнен не үміт, не қайыр? Шығыс елдеріндегідей көршілес мемлекеттерінде, Ресей мен Украинада халық медицинасының академиясы, ғылыми-зерттеу институттары, тіпті клиникалары бар. Халық емінің қасиеті мен маңызы туралы батыс пен шығыс елдерінің және ресейдің ірі ғалымдарының баянадамалары мен лекцияларын Алматыда өткен рухани келісім конгресінде естіп, жанымыз жадырады. Міне, осыдан байқағанымыздай көршілес елдерден үлгі алып, республикамыздағы медицина басшылары да, дәрігерлер қауымы да халық емшілерін ата жауындай сыртқа теппей, қайта олармен ынтымақтаса бірлесіп, жұмыс істегендері абзал. Т.Бекенов. ҰЛЫ ЕМШІНІҢ ЖОЛЫН ҚУҒАНДАР
Аты әлемге әйгілі, Орта Азиядан шыққан Ибн Сина жайлы көзіқарақты оқырмандарға түсіндіріп жату артығырақ болар. Оның бүкіл өмірін адам ағзасындағы ауру-кеселдердің пайда болу себептерін ашуға, жайлаған дертке дәру іздеуге, сөйтіп адамзат баласының мәңгілік өмір сүруіне қол жеткізуге арнағанын екінің бірі біледі. Ол жайында ел аузынан қалмай келе жатқан мынадай да аңыз бар: «Бірде ұлы емші көз жұмар сәті таянғанын сезіп, жанына таңдаулы деген шәкірттерінің бірін шақыртып алады. Жұмыс бөлмесінде екеуден-екеу оңаша қалғаннан кейін есікті іштен бекітіп, сенімді серігіне мән-жайды түсіндіре бастайды. – Шәкіртім, өзіңе бүгін үлкен үміт артып отырмын. Зейін сала тыңдап, ұғып алғайсың. Менің ақырғы сәттерім де таяп қалды. Бірақ оған өкіне қоймаймын. Өйткені, өмір бойғы тынымсыз ізденістерім нәтижесіз де болған жоқ. Соның айғағы, міне, алдыңда тұрған қырық бір құтыға дайындалып құйылған дәрілер. Бұл мәңгілік өмірдің дәрісі. Мен көп ұзамай көз жұмамын. Сол сәттен бастап мына құтыдағы дәрілерді рет-ретімен ерніме тамызып отырғайсың. Барлығын тамызып, тауысқан сәтте мен бұрынғы қалпыма келіп, қайта тірілетін боламын. Есте мықтап ұстар нәрсең – құтылардың ретін ауыстырып алмағайсың. Өзіңе сеніп аманаттадым,– дейді де ақырғы сапарға аттанып кетеді. Шәкірті ұстазының келмеске кеткенін көріп, көп қапаланады. Қайғырып отыра бергеннен қайыр жоқ. Оның үстіне сенім артылған тапсырма бар. Аманаттың аты – аманат. Уақытты өткізе бермей соны орындауға кіріседі. Алғашқы кезде айта қаларлықтай өзгерістердің барлығы байқалмайды. Сонда да болса рет-ретімен тізілген құтылардағы дәрілерді ұлы емшінің аузына тамызуды жалғастыра береді. Құтылар саны азайған сайын ағарған шаш, сақал-мұрттар бірте-бірте қарайып, жүзіне қан жүгіре бастайды. Қырқыншы құтыдағы дәріні тамызған сәтте өңі жасарып, қылшылдаған жігіт қалпына келеді. Көңіліне үміт оты ұялаған шәкірт: «Иә, сәт!» – деп соңғы құтыдағы дәріні тамызғалы жатқанда кірпігін қағып, көзін ашып алған ұстазын көреді де қорыққаннан қолындағы құтысын түсыіріп алады. Еденге түсіп, быт-шыты шыққан құтымен қоса дәрі де дерге сіңіп жүре береді. Сөйтіп, тамызылмай қалған соңғы дәрінің салдарынан ұстаз емші бірте-бірте бәз-баяғы қалпына түсіп, мәңгілікке кеткен екен», – деуші еді айтушылар. Бұның қаншалықты өтірік-шыны бір Аллаға белгілі. Әйтсе де Ибн Синаның өмірде болған адам екендігі ақиқат. Иә, одан бері де қаншама жылдар, ғасырлар өтті. Халқымыз небір аласапыран, үргін-сүргінді көрмеді десеңші. Сайын дала нешеме қанды жорықтарда ат тұяғына тапталып, ақтабан шұбырындыны да бастан өткерді. Алайда Ибн Синаның жолын қуып, халықтық емді жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырушылар қашанда табылып отырды. Олардың әрқайсысы әр түрлі ем қолдану тәсілдеріне байланысты бірі – бақсы, бірі – тәуіп болып, оташы аталса да атқарар міндеті, мақсаты бір болатын. Дегенмен еліміздегі большевиктік төңкерістен кейін коммунистік идеяның белең алуы және олардың біржақты көзқарасы халқымызға елеулі зиянын тигізді. Материалистік бағытты ұстанған олар ұлы ойшыл, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы сияқтылардың айтқан: «...адамды түпкілікті бақытқа жеткізбек болсақ, біліп жаратушы ие бар, өлген соң да бір түрлі өмір бар деген жолдың шын, өтірігін білуіміз керек. Егер шын болса соның да қамын ойлап, адамдарды түпкілікті бақытқа жеткізу үшін, егер өтірік болса, оған әуреленбей жалғыз ғана дүние қамын қылу үшін. ...Сол екі жолдағылардың жазған кітап, айтқан сөз, қылған істері һәм оларға қарсы айтқан сөздердің бәрін ноқтасыз, науқассыз сау ақылмен сынау керек. Әйтпесе, адам әдет, құмар нанымнан шыға алмай, арқандаулы ат сияқты болады», – деген сөздеріне құлақ аспай, тек қана өз дегендерімен жүрді. (Ш.Құдайбердіұлы. «Үш анық», Алматы, 1991 ж.). Сол себепті де дін жолын ұстаушылар қуғын-сүргінге ұшырап, олардың құйыршығы есебінде халық арасынан шыққан емшілердің де жолы кесілді. Содан бір кездері өз нәтижесін беріп, ірі табыстарға жеткен халықтық еміміз көштен кейін қалып, ақсай бастады. Дегенмен, «Жыртық үйдің құдайы бар» деген де бар емес пе. Кейінгі жылдардағы соны өзгерістер, еліміздің тәуелсіздік алуы емшілердің де даңғыл жолға шығуына, еркіндікке қол жеткізуіне мүмкіндік берді. 1991 жылы республика халық емшілерінің ұйымдастыруымен бірінші құрылтай өткізіліп, онда республика халық емшілерінің ассоциациясы құрылды. Қазірде бұл ассоциацияның 16 облыста бөлімшелері бар. Бес мыңнан астам адам мүше болып табылады. Ассоциацияның президенті – халықаралық «Возрождение планеты» ассоцияциясының вице-президенті, Ресей және халықаралық Братство (РОМБО) ассоциациясының толық мүшесі, биоэнерготерапевт, парапсихолог, Халықаралық дәрежедегі Ресейдің және Қазақстанның халық емшісі Зиядан Қожалымов. Оның тікелей басшылық етуімен аталмыш отаудың қол жеткізген табыстары, атқарып жатқан жұмыстары атап айтуға тұрарлықтай екен. Шымкент қаласында жастарды имандылыққа, инабаттылыққа баулитын, діни сауат беретін медресе де ашқан. Сонымен қатар Ассоциация жанынан тарихымызда тұңғыш рет қазақ тілінде оқытатын республикалық емшілердің білімін жетілдіру мектебі де жұмыс жасауда. Осы уақыт ішінде бұл мектепті бойында емшілік қабілет, қасиеті бар бір жарым мыңға жуық адам бітіріп, қырыққа жуық халықтың емдеу тәсілдерін үйреніп шыққан. Мұнда негізінен діни білім, ғылым мен халықтық медицинаның тарихы, адам анатомиясы және физиологиясы, биоқуаттерапиясы, астрологиялық және телепатиялық құбылыстар, табиғи дәрі-дәрмектің жасалу жолдары оқытылатын көрінеді. Емшілер мектебімен жақынырақ танысу мақсатында қыркүйектің ортасы ауа бастаған шақта барған едік. «құтты қонақ келсе қой егіз табады» – демекші, жан-жақтан білімін жетілдіруге келген емшілердің курсты аяқтап, куәлік алу салтанатының үстіне тап келдік. Әйтсе де жоғарыда аталған мектепке құдай берген қабілет-қасиеттерін онан әрі дамытуға, емшілік білімнің қыр-сырына қаныға түсуге құштарлық оларды жетелей түскен еді. Жағрапиялық картада өзен-көлдер, орман-таулар, сонымен қатар апатты экологиялық аймақтар қалай сайрап жататын болса, адамның да тұла бойы сол карта іспеттес. Ондағы әрбір сызықтар, дақтар, ақтаңдақтар, тағы басқа көптеген белгілер аңғара білген жанға кітапта жазылған хаттай. Сырына бойла да оқи біл. Бірі – сырқат сырын әйгілеп тұрса, бірі – қиыншылықты өмір сүру мүмкіндігі барын, тағы да сол сияқты ерекшеліктерінен сыр шертеді. Осындай алғырлыққа бойындағы биоқуаттың мол болуы қосылса емшілік әрекетіңнің заяға кетпесі анық. Ата-бабаларымызда ертеден-ақ әруақты жандардан, көпті көрген үлкен адамдардан бата алу деген болған. Мұндай жақсы дәстүр әлі де өз жалғасын тауып келеді. Дәріс алғандар ішінен бір шәкірті былай «Көрген қиыншылықтарым да аз емес. Әйтеуір іздене жүріп осы ассоциацияның президенті Зяданға жолықтым. Енді міне, бұл кісіден дәріс алып, кем-кетігімлі толтырып, бата алып кетіп бара жатқан жайым бар», – деп толқи сөйледі. Толқуының да жөні бар. Өйткені, полигонмен құрсалған еліміздің қай шетінің болмасын экологиялық жағдайы мәз емес. Апатты аймақтар болып саналатын жерлер қаншама. Сол жерлерді жайлаған тұрғындары көпшілігі өзіміздің қаракөздер. Әрине, зардап шегушілердің дені де солар екендігі даусыз. Сондай дертіне дәру іздегендерге қызмет көрсетіп, шипасын төгіп жүргендердің біршамасы халық емшілері болып табылады. Олардың әруақты жандардың алдынан өтіп, бата алуы арқасын асқар тауға тірегенмен тең. Сондықтан да куәлік алған емшілердің бүгінгідей қуаныштарына ортақтаса отырып, қолдары жеңіл, сырқатты сылып тастар шипалы жандар қатары молая берсін деп тіледік. К.Қошым Ноғайұлы
| |||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 | |||