орындалған Аманат | |||
Главная Вернуться Предыдущая Следующая | |||
I тарау
Сұхбаттар
ЕМШІЛЕР – ЕЛ КЕТІГІНЕ
Өткен, 1991 жылы желтоқсанның 20-23 жұлдыздарында Алматыда Қазақстан емшілерінің бас қосқан мәжілісі болды. Оған республикамыздың он үш облысынан және Алматы қаласынан жүзден аса емшілер қатысып, алғаш рет Халық емшілері ұжымы (ассоциациясы) құрылды. Үш күн халық емшілері өз тілек-талаптарын, ұсыныстарын білдіріп, тұңғыш рет құрылғалы отырған ұжымның міндеттерін белгіліп, қаулы, жарғыларын бекітті. Халық арасында адал қызмет көрсетуге Алла мен аруақтар атынан ант етті. Емшілер ұжымы көп ұлтты Қазақстан халқына үндеу қабылдап, тәуелсіз еліміздің Президенті Н. Ә. Назарбаевқа ашық хат жолдады. Мәжіліске қатысушылар бір ауыздан мақұлдап, ұжым президенттігіне бірнеше елдің халық емшілері ұжымының мүшесі, Халықаралық емшілер одағының вице-президенті Зядан Қожалымовты сайлады. З.Қожалымов қазақ емшілері ұжымының алда тұрған міндеттері, жеке өзінің бағдарламасы мен мақсаты жайында баяндап, халық арасында адал қызмет етуге Құран ұстап ант етті. Біз төменде қазақ топырағында алғаш құрылған ұжымның президенті Зядан Қожалымовпен арнаулы тілшіміз М.Есләмғалиевтың сұхбатын ұсынып отырмыз. ТІЛШІ: Зиеке, қой жылы той жылына айналып, тағы бір теңдессіз тарихи қуанышқа кенелдік. Қазақстан тәуелсіз ел болып, бір-бірімізді құттықтау үстіндеміз. Осы ақ түйенің қарны жарылған күнмен жаңа құрылған ұжым мүшелерін және Сізді құттықтауға ұлықсат етіңіз. ҚОЖАЛЫМОВ: Өлген тіріліп, өшкен жанған күнді ұзағынан сүйіндірсін! Әумин! ТІЛШІ: Әумин! Қазақ топырағында алғаш құрылған халық емшілері ұжымының мақсат-міндеттері туралы журнал оқырмандарын хабардар етіп өтуіңізді сұрар едік. ҚОЖАЛЫМОВ: Ұжымның мақсат-міндеті ауқымды. Мен ең басты дегендеріне ғана тоқталып өтейін. Атап айтқанда, ондаған жылдар бойы тізесін батырып, халық тынысын тарылтып келген үстемдік әкімшілдік, бұйрықшылдық дәуірі әлсіреп, адамдар діні мен ділі, тілі мен санасын қайта жаңғырта бастады. Ұмыт бола бастаған немесе мүлде адам жадынан өшкен қасиетті әдет-ғұрып, салт-дәстүр, бәтуалы сөз, киелі ұғым қайта жанданды. Соның бір айқын айғағы – халық емшілерінің адамға деген игі ниетінен туатын сөзі – дәру, емі – шипа жандардың өз құқығын иемденгендігі. Бірақ солардың қазір сайда саны, құмда ізі жоқ. Әркім әр жақта өзінше тырбанып жүр. Біздің мақсатымыз осылардың басын қосып, қазіргі экономикалық жағдайдың қиындығына байланысты халыққа жете қызмет көрсете алмай отырған дәрігерлерге қол ұшын беретін, бір орталықтан басқарылатын емшілер ұжымын ұйымдастыру. ТІЛШІ: Сіз халық емшілері қатысқан осы мәжілісте Қазақстанда алты мыңға жуық емші бар дедіңіз. Аз емес секілді... ҚОЖАЛЫМОВ: Мен онда емшімін деп халық арасында өз білгеніңше ем-дом көрсетіп жүргендерді қоса айтқанмын. Біздің ұжымның басты міндеті – емшімін деп ел аралап, халықтың қалтасын қағып жүрген дүмшелерден арылу. Ол үшін ұжым жанынан арнаулы комиссия құрылып, барлық емшілер аттестациядан өткізіледі. ТІЛШІ: Комиссия құрамына кімдер кірмекші? ҚОЖАЛЫМОВ: Бұрынғы Одақ көлемінде танылғандар мен халықаралық дәрежедегі емшілер, республикалық емшілер орталығының өкілдері және медицина мамандары кіреді. Емшілік талабы мен таланты барлар ең әуелі осылардың алдынан сынақтан өтеді. ТІЛШІ: Халық емшілер ұжымы өз алдына дербес, ешкімге бағынбайтын мекеме болуы керек деген сөздер айтылуда. Бұл не сөз? ҚОЖАЛЫМОВ: Иә, ондай пікірдің айтылғаны рас. Бірақ халық емшілер ұжымы ешкімге байланысы жоқ, айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау бола алмайды. Ол ғылыми медицинамен, денсаулық сақтау министрлігімен үнемі тығыз байланыста болады. Сонымен бірге, Қазақстан үкіметінің заңдары мен жарғыларын басшылыққа алады. Әлгідей ұшқары пікір айтушылар – ұжымның аяғынан шалушылар. ТІЛШІ: Кейбір дінбасылар халық емшілеріне тоңтеріс қарайды деген рас па? ҚОЖАЛЫМОВ: Дінбасылар арасында, өкінішке орай, ондайлар ұшырасады. Бірақ, біздер, халық емшілері дін жолынан қарға адым алшақ кете алмаймыз. Бес мезгіл дәрет алып, бес мезгіл намаз оқып, құдай жолын ұстанып, кіршіксіз таза жүру – әр емшінің басты парызы. ТІЛШІ: Емшілер ұжымының жанынан арнаулы курс ашамыз делінді. Курстың міндет-мақсаты не? ҚОЖАЛЫМОВ: Курс екі айлық мерзімге созылады. Талапкер емшілер әуелі халыққа танымал немесе халықаралық емшілер ұжымының мүшелерінен дәріс тыңдап, өзара тәжірибе алмасады. Содан кейін қала емханаларына жіберіліп, дәрігерлер жанында бір ай бойы іс-тәжірибесін пысықтайды. Әлгі мерзім өткен соң, дәрігерлер оларға қанша адамды емдеді, ем-домы ауруды айықтыруға себепші бола алды ма деген мәселелерді мәлімдеп, анықтама қағаз береді. Сондай жағымды қағаз әкелгендерді комиссия талқысына саламыз. ТІЛШІ: Содан кейін ғана халық емшісі деген куәлік бересіздер ғой, шамасы? ҚОЖАЛЫМОВ: Жоқ, біз бірден оларға емші деген куәлікті ұстата салмаймыз. Біз әуелі әр облыста болмағанмен, аймақтарда халық емшілері орталығын ұйымдастырамыз. Оған халыққа танымал емшілер басшылық етіп отырады. Әлгі курстан өткен талапкерлерді біз әуелі соларға көмекші – ассистент ретінде жібереміз. Талапкер бір не екі жыл өз қабілетін сол жерде танытуы қажет. Белгілі мерзім өткеннен кейін талапкер емші сол жерден лайықты деген анықтама қағаз әкелгеннен соң ғана комиссия «Халық емшісі» деген куәлік береді. ТІЛШІ: Талап орынды екен. Енді осы ұжымның алдында қандай қиындықтар тұр? ҚОЖАЛЫМОВ: Жаңа ашылған ұйым мен ұжымдарға қашанда күдікпен қарап, артық-кем сөздер айтылып жатады. Тіпті өздеріне мүлдем жат, қайшы мекеме деп санап, аяқтан шалатындар да табылады. Оны айтасыз, сол құрылған ұжымның әлдебір мүшелігіне енбей қалғандардың өзі алауыздық жасап, қарсы әрекет қылмасына кім кепіл? Ал дүмшелікпен ел қалтасын қағып жүргендер ертең біздің әлгідей қатал сынымыздан өте алмаған кезде ұжым атына небір сорақы сын кесегін алатыны тағы ақиқат. Сондықтан, сол қиындықтың бәрін жеңіп, халыққа мойындату үшін әлі талай күресу керектігіне көз жұмып қарауға, соқыр тәуекел етуге болмайды деп ойлаймыз. ТІЛШІ: Үкімет тарапынан қандай көмек күтесіздер? ҚОЖАЛЫМОВ: Егер бәрі ойлағанымыздай болса, біз өзімізді өзіміз қаржыландыратын мекеме болмақпыз. Бізге тек Алматыда және болашақта аймақтарда ашылатын ұжым филиалдарын мекен-жаймен қамтамасыз етсе және құқығымызды қорғайтын мемлекеттік заң бабы болса жетіп жатыр. Әйтпесе, мемлекет мойнына масыл болатын мекеменің біріне айналмақ емеспіз. Әрі алған жайымыздың құнын төлейтін салығымыздың өзі өтейді емес пе? ТІЛШІ: Енді жеке басыңызға байланысты бірер сұрақ. Сіз бұрынғы КССР Одағының бірнеше республикасы халық емшілерінің мүшесі ғана емес, халықаралық емшілер ұжымының вице-президентісіз. Ол аз десеңіз, зайыбыңыз Түймекүл, қыздарыңыз Ләззат, Гүлзат және балдызыңыз Қызтумас пен бажаңыз Сәттібек, бәріңіз бүгінде танымал емшісіздер. Сөйте тұра, осындай жауапты жұмысқа мойын бұруыңыздың себебі не? ҚОЖАЛЫМОВ: Иә, қара басымның қамын күйттесем, жанұяның қажетінен асып-төгілерлік табыс табуға болар еді. Барлық жағдайыңызды жасаймыз деп Ресей елі де қайта-қайта шақырды. Кез келген шет елге шығып, ем-дом жасауға тағы құқым жоқ. Әйтсе де, «ат айналып қазығын табады» демекші, мен өз халқымнан, қазақ жұртымнан жырақ кеткім келмеді. Әрі ел ішінде халықтың қалтасындағы барлы-жоғын сыпырып алушылар көбейіп барады. Ол аз десеңіз, шет жерлерден келген көзбояушы, сиқыршы, қараниетті келімсектер де бой көрсетуде. Оларға қарсы тұрып, күресе алатындар – нағыз аруақты емшілер. Мен солардың басын құрауды мұрат-мақсат тұттым. Менің игі ниетімді түсінгендіктері болар мәжіліске жиналған жүзден аса емшілер бір ауыздан ұжым басшылығына сайлады. Үміттерінен шығып, сенімдерін ақтауға Құран ұстап ант бергеніме өзіңіз куәсіз. ТІЛШІ: Жыл құсының басы секілденіп наурыз мейрамы келді. Бұл барлық мұсылман халқы үшін жаңа жылдың басы. Ендеше сіздің жаңа жылдық тілегіңіз қандай? ҚОЖАЛЫМОВ: Өткен қой жылы – нағыз той жылы болды. Сол той мешін жылы одан әрі жалғасып, еркін де, іргелі ел болып, Қазақстан әлемге әйгіленсін! Халқымыз аман болсын! Ел тізгінін ұстаған ерлеріміз мұрат-мақсатына жетіп, халқы үшін істеген игі істерін жүзеге асырсын! Халқымыз бірлікте болып, мұрат биігіне көтеріле берейік! Әумин! ТІЛШІ: Әумин! Жауаптарыңызға рахмет! Сұхбаттасқан: М.Есләмғалиев
АССОЦИАЦИЯ – ІЗГІЛІК ОТАУЫ
Республикамызда халық емшілерінің ассоциациясы өмірге келіп, өз қызметін бастап кеткеніне біраз уақыт болды. Халық емшілерінің бастарын қосып, қызметіне бағыт-бағдар жасайтын бұл орталықтың алдына қойған аса зор мақсаты бар. Біздің тілшімз республика халық емшілері ассоциациясының тұңғыш президенті Зядан Қожалымовпен әңгімелескен еді. – Зәке, республикамызда бұрын-соңды емшілер ассоциациясы түгілі халық емшілерінің ашық жұмыс жасауына да мүмкіндік болған жоқ қой. Сондықтан алғашқы әңгімені Республика Халық емшілері ассоциациясының тұңғыш президенті өзіңізді көпшілікке таныстырудан бастасақ. – Емші Қожалымовтар семьясы туралы соңғы жылдары республикалық басылымдарда азды-көпті жазылды емес пе. Семьямда өзім, жолдасым және 19 жасар қызым Ләззат 2-3 жылдан бері аруақ қуат беріп, емшілік жолға түскен жағдайымыз бар. Бәріміз де – Халықаралық дәрежелі емшіміз. Өткен жылдың желтоқсан айында болған Республикалық халық емшілерінің Құрылтайында әріптестерім сенім артып, ассоциация президенттігіне сайлады. Мақсатым – сол сенім биігінен көрініп, жұмыс жасау. – Ассоциацияның алғашқы қадамына елеңдей қараушыларға не айтасыз? Республика халық емшілерінің асоциациясы – емшілер отауы ғой. Отаудың керегесінің кең, уығының мықты, шаңырағының берік болуы оңай шаруа емес. Бұл орайда жоқтан бар жасап, тіршілік етіп отырған жұмыстарымызды айтуға болады. Осы күнге дейін арнайы мекен-жайымыз тұрақталып болмаса да, ассоциация Әділет министрлігінің тіркеуінен өтті. Мемлекеттен бір тиын жәрдем алмастан тарихта тұңғыш рет қазақ тілінде оқытатын, емшілердің республикалық білімін жетілдіру мектебін ашып, онда 300-ге жуық емші сабақ алды. Ассоциацияға 500-ден астам емші мүше болып тіркелді. Бұлардың арасында жоғары ғылыми атағы зор адамдар да бар. Алты облыста филиалдарымыз ашылды. Сегіз ай ішінде мамандарымыз 40-қа жуық халықтың емдеу тәсілдерін ашты. Емшілер қасиетін аша түсуде Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында өткізген емшілердің республикалық семинарлары жемісті нәтиже береді. Бұрын-соңды қудалаудан басқа мұндай бас қосуды көріп білмеген емшілер өздеріне жанашыр қоғамдық ұйымның нақтылы жұмыс істеп отырғанына көздері жеткен сияқты. Алда біздің қойған ұснысымызды қуаттап, жоғары үкімет орны келісім берсе, медицина институты жанына емшілік қабілеті бар жастар үшін екі жылдық халық емшілері оқу орнын ашу ниетіндеміз. Бұған қосымша қалған барлық облыс орталықтарында жыл аяғына дейін филиалдармыз ашылмақ. Мұның бәрі, сайып келгенде, жаңа құрылған ассоциацияның емшілерге деген нақтылы қамқорлығын көрсетсе керек. – Қадам жаман емес сияқты, дегенмен бізде мұндай жұмыстың кедергісіз өріс алуы қиын ғой. Оның үстіне қазанына қасық салдыра қоймас ғылыми медицина қызметкерлерінің өздерімен иықтас балама күштің жауыннан кейінгі жауқазындай ду етіп шыға келуіне тарылыс танытуы заңды құбылыс емес пе! – Несін жасырамыз, бәрі демейміз дегенмен, осы заманғы ғылыми медицинадан абырой таппаған кейбір маман дәрігерлер ешқандай ұлт дәстүрінен, тілінен, түрінен, дінінен және халықтық емдеу әдістерінен хабары болмаса да, кешегі ата-баба әруағының емшілерге жіберіп жатқан рухани көмегіне күмәнмен қарап, оны мұқатып бағуға тырысуда. Осы топтың ішінде халық емшілерінің жалған жанашыры Республика халықтық емдеу орталығының директоры Е.Әбілқасымовтың тобыр жетекші болып жүруі емшілердің ашу-ызасын тудыруда. Бұл мырза «Казахстанская правда» газетінің 11-сәуірдегі санында «Будет ли у Казахстана свой Федоров?» деген сұхбатында интервью авторы Куце деген журналистке былай деп жауап беріпті: «Республика халық емшілерінің ассоциациясын Әділет министрлігі заңсыз тіркеген. Ассоциация халық емшісінен ант алып, Құран ұстайды екен. Оқуы қазақ тілінде» дей келіп, біздің дінімізге, тілімізге Әділет министрлігіне тіл тигізген. Орталықты халық емшілерінің қаржысы есебінен күн көріп, солардың тапқан табысынан жүз мың сомдық медициналық апараттар сатып алып отырып, сөзінің соңында шаруашылық есепте жұмыс тәжірибесі бай, орыстың атақты көз дәрігері Федоровтан да асамын деп лепіреді келіп. Әрине мынадай бастық тұрғанда орталық жұмысы қалай онсын. Осы сияқты өзіміздің танымалы емшілеріміз де ұят тірліктер жасауда. Мысалы, жамбылдық В.Мыңбаевтың қысырақтың үйіріндей топ-тобымен жас қыз-келіншектерді және жігіттерді шәкіртім деп өз артынан байдың құлындай ертіп жүруін қалай түсінуге болады? Осы заманның аспандағы құдайы, Меккедегі Мұхаммеді, жердегі жалғыз әулиесі Виктор ғана ма? Мұндай мақтаныш таза емшінің кәсібі болмаса керек. – «Халық емі» газетінің ашылуына орай пікіріңіз? Бұл өзі қазіргідей өтпелі кезеңде толғағы пісіп жетілген мәселе. Халық емшілері мен қазіргі олардың проблемалары туралы басқа басылымдар мен радио, теледидарда аз жазылып, аз айтылып жүрген жоқ. Ол үшін рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Ал жүйелеп, нақтылап жазып көрсетуде, республикалқ халық емшілері өз құрылтайында құрған біздің ассоциациямен пікірлесе отырып жұмыс жасауда аздаған көңіл толмайтын жағдайлар бар. Журналист ағайындардың біреуді мақтаса, кейде жердегі адамды көктен бірақ шығаратындары бар. Таза халық емшілері туралы жазса мейлі. Кейде емші атын жамылып жүрген алаяқтарды жапа тармағай барлық басылымдардан жарыса мақтап жатқаның көргенде ішін ашиды. Мысалы, сондай алаяқтың бірі Ә.Талиповты қай газет қалай мақтамады? Сол мақтауды оқыған сырқат жандар сенімі алдында кім кінәлі? Алдымен толық зерттемей, дәріптеп жаза салатын сіздің әріптестеріңіз кінәлі. Сондықтан «Халық емі» газетін ашудағы үмітіміз бен ниетіміз – осы мәселелерге таразылық жасау. Емшілер тәжірибесін насихаттаумен бірге емші атағын жамылып, ел үстінен күн көріп жүрген алаяқтардың аяғына тұсау салу. Аруақ күшімен жұмыс жасайтындарды ынтымаққа шақырып, бойларындағы күштерін халық иглігіне жұмылдыру. Арнайы газетіміз болмаса, бұл мақсатқа жету оңай шаруа емес. Әңгіменің соңында республика халық емшілері атынан газет ұжымына шығармашылық табыс тілеймін. Сұхбаттасқан: Бақтыбай Айнабеков ШЫН ЕМШІ АУРУ ҚОСПАЙДЫ
Халық емшілерін бір орталыққа біріктіріп, олардың мүддесі мен құқын қорғау мақсатында былтыр желтоқсан айында республикалық халық емшілері ассоциациясы құрылды. Үстіміздегі жылдың 22-қаңтарында ол Әділет министрігіне тіркеліп, тиісті куәлігін алды. Осы ассоциацияның президенті, Халықаралық «Планетаның қайта дәуірлеуі» ассоциациясының вице-президенті, Халықаралық дәрежедегі халық емшісі Зядан Қожалымов Жамбыл қаласына іссапармен келді. Біздің тілшіміз оның жұмыс барасымен танысып, оқырман қауымды хабардар ету мақсатымен әңгіме-сұхбат жүргізген еді. – Зәке, ассоциацияның алға қойылған міндеті мен Жамбылға келгендегі мақсатыңыз жайлы айтсаңыз? – Халқымыздың қайырымдылығын халық емінің құдіретін танытып, оның ғылыми медицинамен байланысын нығайту – ассоциацияның басты міндеті болмақ. Сондай-ақ шетелдердегі түрлі қоғамдық ұйымдармен және жеке азаматтармен қоян-қолтық бірлесе жұмыс істеу көзделуде. Ассоциацияның құрылғанына аз уақыт өтсе де қазір оның 200-дей мүшесі бар. Олардың ішінде 400-дейі арнайы оқудан өтіп, дипломға ие болды. Жамбылға келгендегі мақсатым – ассоциация филиалын осы жерден ашу. Бұған дейін Шымкент, Қызылорда, Атырау, Жезқазған, Ақмоладан филиалдар аштық. Халық емшілері әсіресе, оңтүстік облыстардан көптеп шығып жатқаны даусыз. Сондықтан біз оларды бір орталыққа біріктіруіміз қажет. Шын емшілерді анықтап, ісінің алға басуына мүмкіндік ашып, жалған көріпкелдер, дуагерлер, көзбояшылар, сиқыршылар, жын шақыратын бақсылар, жалған құмалақшылардың жолын кесіп, тосқауыл қою жөн. Олай етпейінше халықты алдап-арбап, жеке бастарының қамын күйттеп кеткендер ел қалтасын тонауын тоқтатпайды. Халық медицинасымен емдейтін сіздердің облыстың орталығында «Исида» шағын кәсіпорындарында емшілер жиынын өткіздік. Республикалық халық емшілері ассоциациясының облыстық филиалын ашып, оның директорлығына «Исида» емдеу орнының тәуіп-емшісі Талғат Көмеков, орынбасралығына халық емшісі Гүлжамал Аюбаева сайланды. Облыстық филиалдың тиімділігіне де тоқтала кетейін. Халық емшілері негізінен Алматыда шоғырланған. Қымбатшылық қысып тұрған кезде ниеті ауған емшіні іздеп астанаға баруға көп адамның жағдайы бола бермейтіні белгілі. Ал, емшілердің ел аралап, жұмыс істеуі де оңай шаруа емес. Сондықтан да жаңадан ашылған облыстық филиал сол қиындықты болдырмайды деп ойлаймыз. Бойында дәру қасиеті бар емшілер шоғырланған отауымызда озық тәжірибелер ортаға салынып, білім деңгейі көтеріліп отырады. Мұның емдеу тәсілдерін терең меңгеруге үлкен септігін тигізері хақ. Табиғат апатынан зиян шеккен адамдарға жеңілдікпен шипагерлік көмек емін көрсету де ізгі мұратымыз. Жалпы әрбір облыста емшілік қасиеттер жайлы еңбектер жинақталып халық медицинасының мұражайы ашылуға тиіс. – Кейбір емшілеріміз адам тағдырына жеңіл-желпі қарайтын да секілді. Мысалы, жақында редакциямызға бір жас жігіт келіп басынан өткізген бір келеңсіз оқиғаны әңгімелеп берді. Жігіттің келіншегі ауырып жүрмін деп Сарысу ауданының «Түгіскен» совхозындағы бір жас тәуіпке барған екен. Тәуіп оған «Сен балаңды босанып перзентханаға жатқанында саған күйеуіңнің әпкесі дуалап шай апарыпты, сен содан соң ауру болғансың» деген екен. Міне, осыдан бастап ерлі-зайыптылардың арасы суып ақырында ажырасумен тыңған. – Иә, мұндай жайсыз істің көптеп орын алып жүргені жасырын емес. Олар адам өміріне қауіп те төндіреді. Емдеу тәсілін дөрекілікпен жүргізуге болмайды. Эстетикалық тәрбиесі кем емшілер жаңағыдай жайға душар етеді. Шын емші кейбір ауруды құпия түрде емдейді. Ал, андамай сөйлеп артын дау-дамай ету жараспайтын жағдай. Мен де бір осындай мысалды айта кетейін. Бірде жас жұбайлар халық емшісіне көрінуді жөн көреді. Ал емші келіншектің көп ауруын барын айтып, «оның бәрін мына күйеуіңнен тауып отырсың» демесі бар ма? Екі жас сол жерде-ақ бір-бірімен ұрсысады да қалады. Міне, осындайлардан сақтанған абзал. – Ассоциация қазір, қандай мәселелерге мән беруде және қандай мамандар жұмыс жүргізуде? – Біз ұлттық қолөнерді де қолға алып арнайы цех аштық. Онда ұлттық киімдер мен қатар намаз оқитындар үшін жайнамаз да тігілуде. Ассоциация жанынан қасиетті әйелдердің ұйымын құру үшін қазір комитет жұмыс жүргізуде. Тағы да айта кетерлік жәй – «Халық емі» атты газетіміз осы айдан бастап шыға бастайды. «Ғажайып Үндістан» газетінің тең жартысында біздің жұмыс жайлы мақалалар тұрақты түрде жарияланып жүр. Біз алдағы уақытта құмалақшылар, бақсылар, көріпкелдер жарысын да ұйымдастырмақшымыз. Халықаралық форум өткізу де ойда бар. Республикамыздан халық медицинасының академиясын, ғылыми институт ашу қажет. Мұндай жағдай Ресей мен Украинда бұрыннан жасалған. Бірақ, ол мемлекеттердің емшілерінің білімдері жоғары болғанымен біздерде қасиет басым. Сол үшін бізге білім, бірлік, сенім керек. Біздің вице-президентіміз – медициналық институттың кафедра меңгерушісі, медицина ғылымының докторы профессор Элихан Ризаұлы Шокин, ғылыми хатшымыз медицина ғылымының докторы Елтай Заркешов, бас директорымыз – медицина ғылымының кандидаты Тұрсын Бекенов және тағы басқалар өз мүмкіндіктерін емшілік қасиетті анықтауға жұмсауда. – Сіздердің жұмыстарыңызды құптамай, қолдамай жүргендер бар ма? Әрине бар. Ол – өзіміздің Денсаулық сақтау министрлігі. Біздің ойымызша, министрліктегі кейбір басшылар өмірдегі оң өзгерістерге әділ бағалай білмейді, әйтеуір өз дегенім болсын дейді. Мемлекеттік жүйе ретінде барлық нәрсені өз уысынан шығарғысы жоқ. Дәлірек айтқанда, ассоциацияның жарғысындағы тұжырымдар мен қағидалар оларға ұнамайды. Жарғымыздың мынадай екі бабын мысал үшін алайық. «ассоциация халық емшілерінің емдеу қасиеттерін тексеріп, оқытып, куәлік қағаздарын береді. Ассоциацияның рұқсатынсыз ешбір халық емшісіне өз еркімен жұмыс жүргізуге рұқсат етілмейді». Олардың пікірінше, емшілік куәлікті тек Денсаулық сақтау министрлігі жарлығына сай денсаулық сақтау бөлімдері беріп, емшілер солардың бағалауымен жұмыс істеулері керек. Екі жыл бойы жасалып та келді. Әйтсе де, ел ішінде емші атағын жамылған алаяқтар мен келімсек емшілері азайған жоқ. Өйткені, министрлікте олардың жұмысына тыйым саларлық құжат жоқ. Мұндай құжат қазір халық емшілері ассоциациясында ғана болып отыр. Кейбір жауапты қызметкерлер Республикалық Әділет министрлігі бекітіп, тіркеуден өткен жарғымызды жоққа шығарғысы келеді. Бұл мәселе Жоғарғы Кеңесте қайта қаралып, өз шешімін табады деп ойлаймыз. Оған дейін халық емшілері Әділет министрлігі бекіткен өз құжаттары бойынша жұмыс істей береді. – Енді отбасыңыз жайлы да бірер сөз айтсаңыз? – Республикалық басылымдарда емшілік қызметім жөнінде жазылған. Зайыбым, 4 қыз, 2 ұлым бар. Үлкен қызым – Ләззәт емшілікпен менен біраз бұрын шұғылданды, шипагерлігімен ерте танылды. Жоғарғы оқу орынын да бітірген. Ол халық емшілерінің халықаралық форумдарына төрт рет қатысып үлгерді. Мәскеуден берілген «129 минөт» хабарында да Ләззәт туралы лайықты лебіздер айтылғанын көпшілік біледі. Гүлзәт атты 19 жасар қызым да халықаралық дәрежедегі емші, зайыбым Түймекүл – медициналық институтты бітірген, көріпкелдік қасиет дарыған адам. Өзім 1989 жылдан бері емшілікпен айналысамын. Өлең, ән сазын шығарумен де шұғылданамын. Бұл туындыларым өзіммен бірге халық денсаулығына қызмет етіп келеді. Тараз, «Ақ жол» газеті
ИМАНДЫЛЫҚ – РУХАНИ БАЙЛЫҚ
Қазақстан Республикасы Халық емшілері ассоциациясының президенті, Халықаралық дәрежедегі Қазақстан халық емшісі, парапсихолог, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Зядан Қожалымов іс сапармен облысымызға келген еді. Біз онымен осы бір сәті түскен сұхбатымызда бүгінгі күнде халық емшілігінің мән-жайынан сөз қозғап, көңілде жүрген біраз мәселенің басын ашып алуды мақсат еткен едік. – Зеке, атбасын бұрып, облысымызға келгеніңізге қуаныштымыз. Мұның өзі халық емшілігінің дұрыс бағыт-бағдар жасауына ықпалыңыз тиіп, өзіңіз салған жолменен халқымыздың сау-саламатта болуы үшін сындарлы жұмыстар жүргізілуіне мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Өйткені, сіз Республикамызда бірінші рет Қазақстанның халық емшілері ассоциациясын құрып, ерекше қасиетке ие аруақты, емші, бақсы, балгер, тәуіптердің басын құрап ұйымдастырғаныңыз жұртшылыққа мәлім. Енді міне, Қазақстан халық емшілері ассоциацисының құрылғанына 6 жыл болыпты. Ассоциацияның осы уақыт ішіндегі атқарған біраз жұмыстарын білеміз. Ендеше әңгімеңізді де осы тұрғыдан бастаңыз. – Бісмілләһіррахманіррахим, Қазақстан халық емшілері ассоциациясы Республикалық дербес қоғамдық ұйым. Иншалла, әкімшілік, саналы азаматтар бұқаралық ақпарат құралдары мен заң орындары кезінде бізге көмекке келіп, қол ұшын бергені де себепкер болған шығар, алдымыздан жолымыз ашылды. Алғашқы құрылған күннен бастап кездескен кедергі қиындықтар артта қалды. Ісіміздің нәтижесінде қазақ емшілігінің құдіретін дүние жүзінің 60-тай елдеріне танытып қана қойғанымыз жоқ, мойындаттық та десек артық айтқандығымыз емес. Үш рет әлемдік халық емшілері форумдарына, 7 рет одақтық конгрестерге қатыстық. Сонда жоғары дәрежеде өткен емдік сеанстарымыз да өте жоғары бағаланды. Қазір көптеген емшілеріміз рухани, ағарту, денсаулықты жақсарту саласында өзінің жақсы істерімен жұртшылыққа танымал болып жүр. Біздің негізгі бағытымыз емдеу ғана емес адамның санасын оята отырып, рухани байлығын жетілдіру, имандылық жолына бағыттау. Сол арқылы халқымызды ізгілікке тәрбиелеуде бірлесіп жұмыс істейміз. Сонымен қатар ғарыштың, табиғат, жеке адамдардың құпияларын ғылыми тұрғыда зерттеп ашуда біраз еңбектеріміз жарыққа шығып та жатыр. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жазып, радио, теледидардан сөйлеп, айтып та жүрміз. Әлемдік дәрежедегі қазақ халқының емдік тәсілдерін ғылыми тұрғыда таныстырып отырмыз. Соның бір дәлелі, үлкен еңбегіміз деп те айтуға болады, автор Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы осыдан 550 жыл бұрын жазған өте құнды «Шипагерлік баян» деген кітапты тауып, ол туралы көлемді мақалаларымды жарияладым. Сіздердің облыстық «Сарыарқа» газетінде де шыққанын білесіздер. Фармацевтика, астрономия, экология, адам физиологиясы, философия және басқа да осындай көптеген танымдық мәселелерді зерттеп жазып кеткен екен. Сол кезде-ақ, ол Құранды аударған адам. Алланың жалғыздығын, Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың елшісі екенін қазақшалап жазғанын осы тозығы жетіп сарғайған қалың кітаптың беттерінен оқып білуге болады. Бұдан басқа да кезінде жарыққа шығармай, көміп тастаған құнды-құнды еңбектерді аршып алып, осылай жариялап жұртшылыққа таныстырып отырмыз. Қысқасы қазақ емі бұдан бес жарым ғасыр бұрын елімізде кең тарағаны белгілі болуда. Соның нәтижесінде бұл күнде жерімізде қазақ емі тез көтеріліп кетті. Енді тоқталуға болмайды. Таза аруақтылардың басын қосып, халық емін одан әрі жетілдіріп, дамыта беруіміз керек. – Сапарыңызға сәттілік тілей отырып, жұртшылық облысымызға келгендегі негізгі мақсатыңызды білгісі келеді. – Ассоциация құрылғалы бері үш рет қайта тіркеуден өттік. Осы соңғы тіркеуден өткендегі мақсат Ата Заң, азаматтық Заңдар өзгерді. Осыған орай біз де бағыт, бағдарымызды айқындап алуды ойластырдық. Енді емшілердің саны емес, сапасын жақсартуымыз керек. Осыған байланыстағы облыстағы емшілердің басын қосып, жиналыс өткіздік. Бұдан былай халық емшілігі қай бағытпен жүруі керек? Осының жолы көрсетілді. Әңгіменің басын ашып, мән-жайды түсіндірдік. Ұлытау тарихтан белгілі, қазақ халқының, хандардың орталығы болған жер. Бүкіл дүние жүзі қазақтары Қазақстан дегенде әуелі Ұлытауды, Түркістанды біледі. Ендеше осы қасиетті Ұлытаудың мәртебесі биіктеп өсе берсін! Соған сай оның болуын қалаймыз. Осы сапарымда басқа да бес-алты облысты аралап шықпақшымын. – Ендігі басын ашып, ара жігін айырып түсіндіре кететін бір жағдай, өзіңіздің ұсынысыңызбен екі-үш облыстан біріктірілген емшілердің аймақтық ассоциациясы деген бір құрылым өмірге енгізілді ғой. Содан бері Орталық Қазақстан бойынша, үш облыстан (Жезқазған, Қарағанды, Ақмола) құрылған емшілердің аймақтық ассоциациясына Қарағанды қаласында тұратын М.Тіленбекова жетекшілік етуде. Б.Өмірбекова жетекшілік ететін Сіз басқарып отырған Қазақстан Республикасы емшілері ассоциациясының Жезқазған облысындағы филиалымен қатар өмір сүруде. Яғни, бір облыстың өзінде емшілерінің біреулерінің оған, біреулерінің бұған бөлініп жатқанынан кім не ұтты? Жұртшылыққа, тіпті емшілердің өзіне қандай пайда беретінін ешкім түсініп отырған жоқ. Бір саладағы осы екі қоғамдық ұйымды бір орталыққа біріктіруге болмай ма? – Дұрыс айтасыз, менің ұсынысыммен 1994 жылы Орталық Қазақстан, Оңтүстік, Батыс Қазақстан, Жетісудан аймақтық ассоциация құрған болатынбыз. Ондағымыз өздерін өздері басқарсын, жұмыс істеп, халыққа пайдасын тигізуге қолайлы болсын, – деген едік. Өкінішке орай содан бері өткен екі жылда аймақтық ассоциациялар ешқандай пайдасын көрсете алмады. Сенімімізді ақтаған жоқ. Кейбіреулері бірте-бірте тарап та жатыр. Ал, емшілердің бірнеше ұйымға мүше болуына құқы бар. Олай болса осы екі ұйымның қайсысына мүше болуды таңдауға олар ерікті. Айталық, емшілердің жиырмасы бізге келсе, отызы оған барсын. Өйткені, бізге тағы да отызы келетінін білеміз. Әлі де болса екі ұйым да қатар жүре берсін. Өздерінің жұмыстарын халыққа жақсы жағынан көрсетсін. Оған ешқандай қарсылық жоқ. Құран ұстап Аллаға ант бергеннен кейін емшілер қашанда адал, өз міндетін дұрыс орындауға тиіс. Арамызда жүрген теріс пиғылдылар енді бізге кедергі жасай алмайды. Біз өзіміздің салған сара жолымызбен ілгері жүре береміз. – Қазіргі заман талабына сай емшілерді жекешелендіру туралы айтқаныңызды естідік. Сонда емшілерді жекешелендіру қалай ұйымдастырылмақшы? – Қазір ауа, су, ішкен тамағымыз, жеріміздің 97 проценті ластанды. Сырттан келіп жатқан киімдер де дұрыс емес. Бұрынғыдай таза жүннен тігілген киім қазір жоқ. Осыдан барып адамдардың психологиясы өзгерді. Емшімін деп жотасын бұлтыңдатып, көзін бадырайтқандардың бәрі шын мәнінде емші емес. Егер соның 100-ін алып қарайтын болсақ, соның ішінде 15-ғана таза аруақты емші де, 20-сы екеуінің ортасында жүргендер. Ал, қалған 70 проценті түкке жарамайтындар. Ғылым жүзінде зерттеуімнің қорытындысы осыны дәлелдеуде. Бұл санның өзінен 15-і ертең 10-ға, 20-сы 15-ке түсуі мүмкін. Емшімін деп жүргендердің көпшілігі білімі жоқ сауатсыз. Ол ол ма, тәртібі нашар емшілер арамызда аз емес. Олар әртүрлі келеңсіз жағдайларға барып, емшінің беделін түсіруде. Емші дін жолымен жүретін, әр саладан хабары мол, ғылымнан да ілімі бар, сауатты адамдар болуы керек. Халықтың рухани санасын ашып, имандылық жолына тәрбиелеулері қажет. Сондықтан осындайларды ескеріп, қазіргі өмір ағымына қарай көп жылғы жинақтаған тәжиірбеміз бойынша салыстыра келгенде емшілерді жекешелендіру керек деген қорытындыға келдім. Емшілер әкімдердің қарамағында болады. Ол жергілікті дәрігерлерге емшіні бекітіп беруі керек. Ауылдық жерде емші көп болмайды. Біреу-екеу болса, соның біреуі дәрігердің қарамағынан бөлінген арнаулы орында түске дейін істесе, екіншісі түстен кейін қабылдасын. Осылай емшілер дәрігерлердің қарамағында болса, бақылау болады. Бақылау болған жерде тәртіп те бұзылмайды. Емші дәрігердің қарамағында болмай, өз алдына жеке орын тауып, емшілігін жасауына да құқы бар. Бірақ, әкімшіліктің бақылауында болуы керек. – Бір орталыққа жиналып, бір жерден емдеуін сұрап жүрген емшілер бар. Ал, егер осылай ұйымдастырса ше? – Өмір тәжиірбесі көрсеткеніндей, бұлай ұйымдастыруға болмайтынына көзім жетті. Себебі емшілердің бәрі бірдей емес. Бір-бірімен сыйысып жұмыс істей алмайды. – Сапасын анықтап, сұрыптау үшін емшілерді аттестациядан өткізуге болмай ма? – Аттестациямен емшілердің Құдай берген қасиетін анықтап білу мүмкін емес. Емшілердің сапасы жергілікті жерде әкімдер, дәрігерлер арқылы анықталады. Бірте-бірте халық та қай емші қандай дәрежеде екенін айырып, білетін болады. Қажет болса, біз де осыған көмекке өзіміздің өкілдерімізді жіберіп алуымызға болады. – Демек, сөз соңында түйіндеп айтатыны... – Емшінің саны емес, сапасына көңіл бөліп, оны бақылауға алуға жергілікті әкімдердің айналысатын уақыты жетті. Емшілер өз алдына жеке жұмыс істейді, жекешелендіру дегеніміз осы. Сосын емші өзіне де, халыққа да жергілікті өкіметке де пайдасын тигізуі тиіс. Ал, өздерінің қарамағында болған соң жергілікті әкімдер дәрігердің қарамағынан емшілердің ем жасайтын орнын сайлап беруге, басқа да тиісті жағдай жасауға көмектесуге тиіс және жағдай жасай отырып, талап етуі керек. Емшілердің емшілік құқын жарғымыз бойынша ассоциация қорғайды. Енді емшімін деп жүргендер бұдан былай өз ойларына келгенін істеп, ауа жайылуына жол жоқ. Бұл заман талабы. Сұхбаттасқан: Қуаныш Сиқымбаев «АЛЛАНЫҢ ТУРА ЖОЛЫМЕН ЖҮРГЕН ЕШҚАШАН АДАСПАЙДЫ»
Үстіміздегі жылдың желтоқсан айының 22-23 күндері Алматы қаласындағы Ұстаздар үйінде Қазақстан халық емшілері қауымдастығының құрылғанына 10 жыл толуына байланысты кезекті VII-құрылтайы өтпек. Оған еліміздің барлық облыстарынан құрылатын үш жүзге тарта емші делегаттар қатысады. Мерейтойдың аталып өту қарсаңында біздің тілшіміз Жанболат Сәрсенбай – республикамызға белгілі, танымал, көп жылдан бері ғарыш, адам және жер бетіндегі бізге көрінбейтін белгісіз тылсым күштердің құпиясын зерттеп жүрген Қазақстан халық емшілері қауымдастығының Президенті, Қазақстан журналистер және психологтар Одағының мүшесі, халықаралық дәрежедегі рухани шипагер, биоэнерготерапевт, парапсихолог және халықаралық бес халық емі қауымдастықтарының толық мүшесі Зиядан Қожалымов мырзамен сұхбаттасқан еді. – Ассалаумағалейкум, Зәке! Тойларыңыз тойға ұлассын. Қуаныштарыңызға ортақпыз. Орта толсын! Әлейкумсалам. Рахмет. Бұл баршамыздың қуанышты тойымыз. – Зиядан мырза, алғашқы сауалымызды өзіңіз құрған, осы 10 жылдық төл мерекесін атап өткелі отырған Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығының құрылуының себеп-салдарынан бастасақ. Елімізде мұндай заңды ұйым құру мен үшін оңайға түскен жоқ. Мақсатым республикамыздағы тарыдай шашылған ата дәстүрімен, тылсым құдірет күшімен шыққан емшілерді бір арнаға топтастырып, бағыт-бағдар беруді жолға қою болды. Өйткені ол уақытта емшілердің хұқын қорғайтын ешбір заңды мекеме жоқ еді. Содан алғаш 1991 жылдың 30-қыркүйегінде Қазақсатан халық емшілерінің қауымдастығын құру жөніндегі ұйымдастыру комитеті жұмысы дұрыс басталғанымен, бұған еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің басшылары тарапынан көптеген тосқауылдар жасалды. Бізге сенімсіздік білдіріп, қоғамдық ұйымдар құру және олардың хұқы жөніндегі Республика заңдарын толықтай танығысы келмеді. Осындай ауыр тартыстардан кейін барып нәтижесінде 1991 жылы 20-23 желтоқсан аралығында Алматы қаласында Республикамыздың он бес облысынан келген емші өкілдер мен мемлекеттік қоғамдық ұйымдары өкілдерінің тұңғыш құрылтайы өтіп, халқымыздың тарихында тұңғыш киелі орда – Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығы құрылды. Қауымдастық Жарғысы қабылданып, басшылары сайланды. Басшылық құрамына медициналық саланың ғалымдары мен халық емшілері және журналистер енді. Бұдан кейін қауымдастықтың өзінің Жарғысын 1992 жылдың 22-қаңтарында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркеуден өткізіп, № 0080 куәлігін алды. Сөйтіп Жарғының мақсаттары мен міндеттеріне сай қауырт жұмыстары басталды. Қауымдастықтың жанынан тұңғыш халық емшілерінің білімін жетілдіру мектебі ашылып, мектеп бағдарламасына сай арнайы медицина, заң, дін, халық емі саласындағы ғалымдары мен мамандары емшілерге сабақ өткізді. Үш апталық курсты 1992 жылдың 1-сәуірінде 60 емші бітіріп, емшілік дипломдары мен мүшелік куәлік құжатын алды. Халыққа адал қызмет етемін деп, емшілер қасиетті Құранды (басқа ұлт өкілдері тауратты, інжілді) тәу етіп, ант берді. Сөйтіп, Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығының рухани емшілері еліміздің сауықтыру салаларын қолдау, көмек көрсету мақсатында өмір тіршілігіне осылайша енді. – Қазақта «Бір істі бастау қиын, бастаған соң тастау қиын» деген сөз бар. Солай айтпақшы қауымдастық құрылғаннан кейін қандай да бір жол байлау, қиындықтар болды ма? – Әрине, болмауы мүмкін емес. Біз қауымдастықты құрғаннан кейін облыс орталықтарынан бөлімшелер ашуды жоспарға қойдық. Сол кезде қауымдастықтың алғашқы облыстық бөлімшесі Оңтүстік Қазақстан облысында құрылды. Мұндай бөлімшелер ашуда әкімшілік қысым, облыстық денсаулық сақтау басқармаларының қарсылығы барлық облыстарда бір-бірінен қалыспады. Қауымдастық қызметкерлерін ата-бабасының қас жауындай қабылдаған олар қарапайым емшілерге адам айтқысыз қысымдар көрсетті. Сол кездегі Қызылорда, Атырау, Орал, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармаларының басшыларының қатыгездік қылықтарын бір Алла өзі кешірсін. Мінеки, осындай тосқауылдарға қарамай, Қауымдастықты қолдаған 300-ден аса мақала газет беттеріне жарияланыпты. 500-ден аса облыстық және республикалық телеарналар мен радио тораптарында сұхбат, емшілер семинары ақпараттық негізде танылып, қолдау тауыпты. Сондай-ақ қауымдастық мүшелері 3 рет Халықаралық форумдар мен конгрестерге қатысты (Алматы, 26-29.IX.1991 ж., Алматы, 18-21.X.1992 ж., Крым, Гурзув, 3-9.X.1993 ж.,). 1992 жылдың аяғына дейін қауымдастық 16 облыста және Алматы қаласында филиал ашты. Бұл күнде облыстардың қысқаруына байланысты 11 облыстық, 5 қалалық филиал жұмыс істейді. 1992 жылы Қауымдастықтың «Халық емі» атты газеті шығып тұрды (Бас редакторы Бақтыбай Айнабеков). Қысқасы қиын кезде қауымдастықты «құртамыз, жоямыз» дегендердің біразы өздері өмірден өтіп, талай «мықтысымақтар» қызметтерімен қош айтысып, бұл күнде жоқ болыпты. – Қиын күндер артта қалды. Бір күнгідей болмай өте шықты. Атыңыз да дүниежүзінің біршама еліңе жаңғырды. Осындай биікке шығуыңызда, беделіңіздің артуына Қауымдастық мүшелерінің де үлесі бар болар. Киелі ортаңыздың халық қолдауына ие болуына еңбек сіңіргендердің осындай төл мерекеде атап көрсеткен абзал болар? – Иә. Қауымдастық халықтың қалтасын қағып, ақша жинаудан өз мүшелерін азат етті. Рухани ағарту мен денсаулықты жақсарту саласындағы өз міндеттерін түсінген қауымдастық мүшелері халықының сүйікті рухани ұстазына айнала бастады. Олардың есімдерін бұл күнде республика халқы біледі, әрі құрмет тұтады. Атап көрсетсек: Сәуле қажы Бекенова, Мырзагельдиев Ермек, Шыныбекова Ғазиза, Қожалымова Түймекүл, Садықова Бибігүл, Бәйденқызы Өтегүл, Ахметов Нұрбақыт, Садбенбекова Захан (Алматы), Байжанова Зейникамал (Алматы облысы, Қарасай ауданы), Құттыбаева Қализа қажы (Ақтөбе), Байтабанова Айғаным (Семей), Бегалинов Хамит (Астана), Есенбаев Әмірбек қажы, Мұсатаева Мәриямқүл (Жамбыл), Исақан Біржан (Мойылды), Сиқымбаев Қуаныш (Жезқазған), Жалмақанова Сағира (Байқоңыр), Нұрғожин Жолтай (Арқалық), Бәйділдев Бәзен (Түркістан), Ермаханова Кәмила (Қызылорда) секілді қауымдастықтың құрметті мүшелері елі құрмет тұтып, өнеге алатын көпшіліктің сенімді діни ағартушылары, рухани тәрбиешілеріне айналды. Ал қауымдастықтың облыстардағы бөлім басшылары Мырзагельдиев Ермек (Алматы), Қорғанбаева Майра (Шығыс Қазақстан), Жолдасов Құдайберді (Жамбыл), Өмірбекова Бәтігүл (Жезқазған), Құттыбаева Қализа қажы (Ақтөбе), Такенов Серікбай (Солтүстік Қазақстан), Ермұханова Күлпара (Атырау), Серікбаева Айжамал (Қызылорда), Бақтыбаева Майдан қажы (Астана) қауымдастықтың белсенді ұйымдастырушылары ретінде жұмыстарын жалғастырды. – Ендігі сауалымзда 10 жылдық мерейтойларымыздың аталып өту барысына барсақ, дайындықтарыңыз қалай? – Қауымдастықтың 10 жылдығына орай «Мәңгілік құпия шежіресі» атты жазған ғылыми еңбегңм жарыққа шықты. Жуырда «Сөздік-словарь» баспасында 2000 данамен кітап болып басылды. Бұл еңбегім жалпы халық емінің методикалық анықтамалығы болып табылады. Ал екінші бір жаңалық Қауымдастықтың тарихында қалатын ең мықты беделді емшілері топтасқан «Шапағатты рұхты орда» атты кітап жарыққа шықпақ. Бұл кітаптан оқырман қауым елімізге танымал халық емшілерінің өмір деректерімен таныса алады. Сондай-ақ, мерейтойымызда Алматы қаласында «Ұстаздар үйінде» ғылыми мәслихат өткізудің артын той-думанға ұластыруды жоспарлап отырмыз. Бағдарламасы дайын. Енді тек бастау керек... – Алға қойған мақсаттарыңыз қандай? Құрылтайдан халық емшілері үшін қандай өзгерістер күтуге болады? – 10 жылдық мерейтой қарсаңында бүгінгі өмірдің жаңа талаптарына сай қауымдастықтың мүшелерінің жаңа құрамын іріктеуді жоспарға қойып отырмыз. Өйткені бұл күнде Қауымдастықтың қоғамдық ұйымдық белгісі, мөрі, құжаты, атқаратын міндеттері түгелдей өзгерді. Соған байланысты республикамыздағы қазақстан халық емшілерінің ассоциациясының емшілерін жүздесуге шақырамыз. (мына телефондарға (3272) 48-78-74, 25-38-41, ұялы телефондар: 83003376454, 83003303400 хабарласуын сұраймыз). Ал алға қойған мақсатымыз Қауымдастық мүшелерінің халыққа адал қызмет жасауына мүмкіндік тудыру. Бізде, Аллаға шүкірлік, барлық емшілеріміз Алланың ақ жолынан тайған емес. Алланың тура жолымен жүрген ешқашан адаспайды. Сондықтан тура жолмен жүруге міндеттіміз. Жалпы айтар болсақ, өзгеріс көп. – Зиядан мырза! Уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге үлкен рахмет! Алла тағала мерейтойларыңызға нұрын төгіп, әрбір істеріңіздің сәттілігін берсін! Алла бізді осындай қуаныштарда жүздесуге жазсын! Сөз соңында «Тамашаның» оқырмандарына айтар тілегіңіз болса... – Біз текті халықтың ұрпағымых. Сондықтан өмірдің қиындық сәттерінде көп жүретін журналистер қауымы біздің қауымдастықтың халық жүрегінен орын алуына алтын көпір салды. Солардың ішінде Бақыт Досымов (марқұм), Айнаш Мәукенқызы, Бақтыбай Айнабеков, Мұрат Күлімбет, Әділ Бек Қаба, Кенжеғали Ноғай сынды тағы басқа да қаламгерлерге рахмет айтамын. «Тамашаға» да ақпараттық қолдау көрсеткеніне алғысымды білдіре отырып, оқырмандары көп болсын! «Оқырмандарының денсаулықтары зор болсын!» – деген тілегімді білдіремін. «Тамашаға»: Тән тазалығы мен жан тазалығындағы қызметтеріңіз абыроймен асқақтай берсін! Сұхбаттасқан: Жанболат Сәрсенбай
| |||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 | |||
|