орындалған Аманат
36
 Главная          Вернуться          Предыдущая          Следующая 

ҚАҚПАНҒА ТҮСКЕН ДИРЕКТОР

Алматының шығыс жағында бұрынғы Нарынқол ауданының шалкөдесінің тау бөктеріне орналасқан Тұзкөл деген жетпістей үйлері бар елді мекен орналасқан. Бұл ауыл қазір кішкентай ғана болғанымен, сонау жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жиырма-отызыншы жылдары аралығында Жаркент уезіне қарайтын «Құрман» болыстық немесе бүкіл Нарынқол аймағының орталығы болыпты. Ол кезде бұнда қандай мәдени құрылыстар болғаны да белгісіз. Әр заманның өзгерісі мен өркендеуіне қарай бұл жердегі елді мекен жойылу алдында қалыпты. Нарынқол өзінше аудан болып құрылғанда, бұл ауыл отызбес шақырымдай Сарыбастау ауылындағы Ленин атындағы колхоздың бөлімшесіне айнаған-ды. Орнында төрт бес үй қалған ауылға жиырмасыншы ғасырдың ортасында жан біте бастап, қоныстанушыларда көбейе бастаған. Сонымен Тұзкөл ауылы қайта гүлдене бастады. Алғаш жастар білім алатын бастауыш сынып ашылса кейін, ол сегіз жылдыққа айналғаны да өткен ғасырдың жетісінші жылдарының орта кезі болатын. Ауылды жерде атадан балаға жалғасқан «қалжың» дәстүрі бұл ауылда өте жақсы дамығанға ұқсаушы еді. Сол кездегі идеологияның қаталдығы ұлттық мұра мен дәстүрдің өркендеуіне қаншалықты тосқауыл болғанымен, мынандай таза қазақ ауылына онша әсері де болмаған. Аудан мен колхоз орталығынан шеткері орналасқан ауылға жол қатынасы да қиын болатын. Дегенмен, бұнда да қыруар жұмыстар тындырылып, жоғарыдан жақсы бағасын алып жатқанына талай куә да болғанбыз. Осындағы сегіз жылдық мектепте сол ауданның тумасы, мына кішкентай ауылға рулық жағынан алғанда «күйеу» жігіт саналатын адамгершілігі мол, білімді азамат директор болатын. Бұған дейінде талай мектептің басшысы болған тәжірибелі басшы оқушылардың тәртібіне мән беріп, олардың жат қылықтарға бармауын күндіз емес, түн жамылғанда бақылауды өз міндетіне алып жүргенін ауылдың қалжыңбастары да байқап жүреді. Жездесін бір сүріндіру үшін олар мектептің әртүрлі сыныптарының балаларының басын біріктіріп, бір үйге отырыстарын өткізетіндей әрекеттерге дайындайды. Оқушылар күндіз дүкеннен тіпті ішуге болмайтындарында сатып алып, отыратын үйлеріне таси бастайды. Кішкентай ауылдағы мына әрекет тұрғындардың көз алдында болып жатады. Бір тыңшы бұл әрекетті бұлжытпай мектеп директорына жеткізеді. Кеш болып, суық қыстың аязында дастархан басына жиналған оқушылар, өз отырыстарында  ағаларының оларға міндеттеген бағдарламаларын бұлжытпай орындай бастайды. Дастарханда әртүрлі қойылған ішімдікті де алдарындағы шыны румкаларына құйып, өзара сөз сөйлеп  румкаларын соғыстыра бастағандарын терезе сыртында қарап тұрған мектеп директоры сығалап көріп тұрғанды. Оқушылардың мына әрекеттеріне әбден ыза болған мектеп директоры ары-бері жүріп әбден тоңса керек. Ол не кете алмай немесе үйге батылы барып кіре де алмай әбден торығады. Терезеге бір жақындап сығалап қайта артқа шегініп, бұл әрекетін қайталап жүргенде аяғының астындағы бір қатты нәрсеге аяғы кіріп кеткенде, аяғын қысып қалған бұл зат қақпан екенін сезбей қалғанымен, шыңғырған даусының қалай шыққанында сезбей қалады. Бағанадан алыста сыртай аңдып тұрған ауыл азаматтары директор жезделерін қақпанның қаһарынан құтқарып алады. Осыдан кейін ұзақ уақыт аяғынан ақсаңдап жүрген директор бұдан былай, оқушыларды аңдығанын қояды. Шыныларға толтырылған суларды ішкен сол кездегі оқушыларда бұл күнде қырықтың қырқасынан асқан бір-бір үйдің отағасына айналып, ұрпақ сүйіп өз ортасының сыйлы азаматтарына айналған. Қалжыңбас ағалар мен «қақпанға түскен директорда» ортамыздан кеткелі де ондаған жылдар өткенімен, марқұмдардың арттарында қалдырған ұлттық қалжыңдары өз ғұмырын жалғастыра бермек.

 

БАСТЫҚ ПЕН МОЛДА ӨТІРІК АЙТПАЙДЫ

 

Бүгін аспан ерекше ашық, үп еткен желдің де дыбысы естілмейді. Лабасы тауының самалы баяу ғана денеңді аймалап өтеді. Жер бетінде жаз мезгілінің аяқталған кезі. Сарыжаз ауылының адамдары да қыс қамын ойлап жеке шаруаларына арнап шөбі мен жемін дайындауды аяқтайын деген уақыт болатын. Адамдар жаз бойы шабыстықтан шапқан шөптерін жинап, ауылдағы үйлеріне жеткізу үшін техника іздеп әрекет етуде. Үйге түскі асқа келгем. Үйде осы ауылдың бас имамы Бейсенбай аға отыр екен. Бұл кісі маған жақын туыс әрі апамның сіңлісімен отбасы құрған. Түскі астан кейін екеуміздің әңгімеміз жарасып біраз уақыт өткенінде сезбей қалыппын. Білдей мекеменің басшысы болған соң жұмыс орнына да соғу керек. Ол кезде заң қатал. Райком басшыларды бір қадам себепсіз сыртқа шығармайды. Алысқа ғана емес, аудан ішінде де жұмыспен кетсең міндетті түрде Райком мен ауаткомнің екінші басшыларына мен мына жерде болам деп хабарлау, барлық басшылардың міндетіне айналған. Менде үйден жұмысқа шығайын деп жатқанда, үйге аман саламы жоқ осы жердің жылқышысы әрі жезде болып келетін Қасабек кіріп келді. Ау, не болды саған асығып дедім. Молдакеңде өз қалжыңын аямады. Әншейінде тілі күрмеліп, аяғы шатасып жүретін жылқышы бірден, сенің сары машинаң менің шөбімді алып кетіпті дегені. Сонда номерін білесің бе машинаның немесе жүргізушісі кім десем, білмеймін дейді. Сонда қалайша машина өзі жүргізушісіз шөп басып алады, осы сен Қасабек жезде  саумысың, бұл ауылда сен айтқандай оннан аса сары машина бар десемде көнбейді. Молдакеңде сөзге араласып, сен барда машинаның номерін біл десе де көнбейді. Болмаған соң ойыма сап етіп Нүктебек жездем түсе кеткені. Ішімнен қатты қуандым. Мен Қасабекке сен айтшы, осы сенің шөмелелерің қай жерде еді дедім. Құдай оңдап Қалпенбұлақта дегені. Ана мал қорасына жақын үлкен жол жағындағы кішкене өзектеме еді дегенім сол екен, жылқышы дәл тапттың дегені. Онда сенің шөбіңді алған адам Нүктебек болатын. Ол мал қорасы жанынан силис жасайтын үлкен шұңқыр қаздырғалы үш жылдай болды. Мүмкін білетінде шығарсың дедім. Сол Нүктебек әнеу күні маған мынау Қасабектің шөбінің шөмелелері, маған машинаңды бер, ана шұңқырға төгейін ол қайдан біледі деген. Содан мен ана Мұсаның баласы Нұрбосынға айтқамын көмек ет деп. Нүктебек осылай ана шұңқырды шөппен толтырады. Мен кеше Ақбейіттен екі машина тұз жібердім. Оны шөпке себеді. Одан кейін отарындағы жеті жүз қойды күніне ертеліеш силис үстінен айдап өтеді таптатып, одан кейін менің тракторыммен таптатады әбден піссін деп дедім. Мен кеше ұсталарға силисті шауып кесетін бес-алты балтаны дайындатып, қайратып қойдым дегенім сол екен, Қасабек бастыққа сенуге болады деп жөніне келе бастады. Молдакеңде қоштай кетті. Қасабектің өңі реңденіп үйден шыға жөнелді. Даусы анық естіліп барады бастық пен молдаға сенуге болады деген. Бұл уақытта күн намаздыгерден ауған кез. Қасабек салып ұрып орталық жолмен Нүктебек қайдасың деп келе жатса, колхоз басқармасы ғимараты алдында құдайы оңдап Нүктебекті көріп жанына жетіп барады. Екеуі туыс, жастары да қарайлас болатын. Аман сәлем жоқ, кекеш жезде, ұры жезденің жағасынан ала түседі. Нүктебекте шошып қалады. Әншейінде қой аузынан шөп алмайтын Қасабекке не болғанын түсінбейді. Ей, не болды саған десе былдырықтаған Қасабек: «Бастық өтірік айтпайды, молда өтірік айтпайды, сен жеті жүз қойды былай айдап, былай айдап...» деп, тағы да Нүктебектің жағасынан алғанда Нүктебектің  жейдесінің түймелері быртылдап үзіле бастағанда, Нүктебекте Қасабекті қойып жібереді. Осы уақытта ол екеуінің ағалары, колхоздың төрағасының орынбасары Кәкен аға келіп қалып, екеуін екі жаққа ажыратып жібереді. Кәкең не болды сендерге десе, Қасабек баяғы «Бастық пен молда өтірік айтпайды, жеті жүз қойы...»деп, жоғарыдағыны қайталайды. Басын шайқаған Кәкен аға бастығың мен молдаң кім демейме Қасабекке. Молда – Бейсенбай, бастық З....... дейді. Сонда иманды болғыр Кәкен аға сықылықтап күліп, сен екеуіңе құрмандар жазаларыңды берген екен. Өздеріңде тыныш жүрмейсіңдер деп інілеріне ренжіп назын білдіріпті. Содан кейін жезделерімді көргенде ей, шөбіңді дауламайсың ба, деуші едім. Бізде өз уағында ашық ауыз, қалжыңбас  жезделеріміздің талайын «Шымкентше» қатырғанбыз. Әзіл айтатын жезделер қатары азайып барады. Шіркін ауылдың мәдениетті әзілдері-ай!

 

 

АУЫЛ ӘЗІЛДЕРІ

 

Ел іші қашанда болса думанды ғой, шіркін! Сондықтан да болар дуалы және әзіл сөздерімен аттары тірлігінде-ақ, халық арасында сақталған сөз шеберлері аз болмаған. Жасымыздан бірге өскен, бірге жүрген есейе келе жақын сырластар болған шешен сөзді, күлдіргі шумақты төгіп жіберетін өзім өскен ортадағы кейбір ағайындардың айтқан әңгімелерін бүгінде еске аламын. Мәдени астананың шығысында жатқан таулы Нарынқол өңірінің Сарыжаз елді мекенінде бүгінде Албанның Алжанынан тараған өткен ғасырдың басында еліне жылқылы бай атанған, сол сұрқия заманның әсерінен сексеннен асқанда  халық жауы атанған, қиыр шығысқа жер аударылған Өскенбай бабаның шөмшегіне дейінгі ұрпақтары тұрады. Өсіп-өркендеген ауыл. Біздің бабаларымыз ертеден Алжан ауылымен жайлауы бір, малы аралас және жүздеген жылдық құдалықтары жарасқан ел. Осы бабаның бел баласы Қуатбек құдамен көрші тұрдым. Бүгінде жасы сексеннің бел ортасынан асқан ауылдың құрметті ардагер ақсақалы. Ал Бегасіл Нұрпейісұлы Қуатбек құданың  үлкен ағасы Нұрпейістің тұңғышы. Бегасіл негізінен Қуатбек құданың қолында туған баласындай өскен азамат еді. Қуатбек құданың түкірігі ұлы саналған, Бегасілге  де шашыраған болуы мүмкін. Сондықтан да Бегасіл де кіші әкесі Қуатбектей шымшымалы күлдіргі сөздерге шебер болып өсті. Ал өз әкесі Нұрпейіс марқұм болса, қазақша айтқанда қой аузынан шөп алмайтын, өздігінен сөйлемейтін, өте байсалды жан еді. Ал Бегасілдің шешесі әпкеміз  Рабиға Әлдибекқызы болса сөзге шебер, ер азаматтың атқара алмаған жұмыстарын атқара алатын, туысқаншыл адамгершілігі мол адам болатын. Рабиға әпкемнің менімен аталас әкесі Әлдибек Беркінбайұлы жасы жүзге таяп, о дүниеге аттанғанша сөзінен жаңылмады, өте байсалды, кемеңгер, адамгершілігі мол, ауқатты, еліне сыйлы жан болатын. Ал Беркімбай бабамыз өз заманында Нарынқолдың орталығы атанған Тұзкөл аймақтық  Құрман руының биі болған. Бұл ата жөнінде Қазақстан Республикасының тарихи архивінде құжаттар сақталған. Бұл сонау 1841 жылдағы осы рудың Елікбайынан тарайтын, туыстарына ренжіп  көрші елге ауған 25 үйді бастап кеткен, бүгінде әлемнің атақты күйшісі дәрежесі атанған  Қожеке Назарұлы уақытымен дәлме-дәл келеді.  Жақсының жақсылығын айт дегендей би бабаның шөбересі Жапар Смайылұлы Әлдибеков бүгінде заң ғылымдарының докторы, Дінмұхаммед Қонаев атындағы Университеттің профессоры және бірнеше ғылыми монографиялық оқулықтың авторы, ірі ғалым. Қысқасы Өскенбай бабаның да ұрпақтары бәрі бізге аталас рудан  жиен болып келеді. Осыған қарағанда Қуатбек құдамен Бегасіл жиеннің де сөз шебері болуына ата жұрт пен нағашы жұрт қанынан тарады деуге толық негіз бар сияқты.

Енді әкелі баланың әзілдерінен қысқаша үзінді ұсынуды жөн көрдік.

 

ЖҮРГІЗУШІЛІК ҚҰЖАТЫН ӨЗІ ТЕСКЕН

       Шілде айының күні ашық, самалы жылылығымен адамдарды рахатқа бөлейтін кезі екен. Сарыжаз ауылының қоныстанған жері де тау бөктері болғандықтан да оның тау жағының табиғатының сұлулығы талайды тамсандырған. Алып қарағайдан бастап неше алуан ағаштар мен өсімдіктердің жайғасқан мекені деуге де болады. Жоғары жағында орманның үстін ала Лавасы тауы жатыр. Оның бас жағының арғы беті Қақпақ өзенімен түйіседі. Нарынқол өңірінің барлық аймағын келіп кетушілер әлемде ең сұлу жер, екінші Швейцария деп атап кеткен. Жаз айларында республиканың Алматы қаласы мен басқа аймақтарынан өңірдің сұлу табиғатынан нәр алып, демалу үшін халық көптеп келіп, қуанышпен қайтып жататын. Осындай табиғаты көз тартатын көркем жерде туып өскен және үйленіп ұрпақты болған Өскенбаев Бегасіл Нұрпейісұлы да кіші әкесі Қуатбек сияқты әзіл мен  суырып салмалы сөздің шебері болды. Мінезі былай қарағанда байсалды адамның психологисына ұқсайтын еді. Ол үлкендер алдында көп сөйлемейтін, сөзін байсалды бастайтын. Бегасіл біраз жыл менің басқарған мекемемде жүргізуші болып жұмыс атқарды және жеке қызмет машинемнің де жүргізушісі болды. Өте адал азамат екенін таныта білді. Еститінбіз, Бегасіл өз қатарының сөз шебері деп. Кеңес заманында Текес автобазасының кішкене самосвалын айдап Сарыжаздың орталық көшесімен келе жатқан Бегасіл бірден тоқтайды да, қалтасындағы ысқырығын алып ысқырып дауыстап өзіне-өзі «Түс жолдас Өскенбаев», – деп бұйрық береді де, жерге түседі. Тағы да «жолдас Өскенбаев, әкел жүргізушілік куәлігіңді, мен... автоинспектормын» – дейді де, қалтадағы жүргізуші куәлігін алып өзі ұстап тұрады да, «Мен сені бір кешірдім, екі кешірдім, үш кешірдім, сен ескертуімді орындамадың», – деп, қалтасынан қарындашты алып «Енді кешіруге болмайды» – деп, өзінің жүргізушілік құжатын қарындашпен тесіп тастайды да, қалтаға құжаттарын салып, «Кешір жолдас капитан» – деп Бегасіл самосвалының рөліне отырып оталдырып жүріп кетеді. Көшеде көріп тұрған оның замандастары мен басқа адамдар аң-таң болып орындарынан қозғалмай тұрып қалады. Осы оқиға бүгінде бақилық болған Бегасілдің өзі жоқ болса да, тірлігіндей болып ел арасына тарап кетті.

 

ПИВОНЫҢ КӨПІРГЕНІ, АҚШАНЫҢ ӨКІРГЕНІ

Сарыжаз ауылы сол кездегі Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданының екінші мәдениетті мекені саналатын. Ауыл болса да біраз ұлттардың да өкілдері тұратын. Халық саны жағынан ірі мекен болғандықтан «Сарыжаз Селпосы» сауда орталығы осында орналасқан. Ол уақытта қазіргідей емес, ештеңеден уайымы жоқ азаматтар кішігірім демалыс орындарына барып сусынын басып қайтатын. Осындай шөл басатын Селпоның пивоханасында Бегасілдің жары Зинахан сатушылық қызметіне тұрады. Жарына көмектесіп жүрген Бегасіл бір күні: «Құй Зинаш, құй, пиваның көпіргені, ақшаның өкіргені» –  деп, көңілін көтеріп сусынын қандырып жатқандарды ду күлкіге бөлейді. Осындай қанатты сөз сарыны бүгінде өз құнын өсіріп, ғұмырлы өмірге еніп бара жатқандай әсер қалдырады. Кім білсін, бүгінде ортамызда жоқ екеуі пәни дүниеде әзіл-ысқағын жалғастырып жатқан шығар. Артында ұлағатты сөз қалдырғандардың о дүниеде орындары жаннаттан болсын!

 

ӨЗІМНІҢ ҚАТҚАНЫМ ЕКЕН ҒОЙ

Жаз айы, күн ашық, адамдар көшеде сабылып ары-бері жүріп жатқан кез екен. Сарыжаз ауылының қақ ортасынан шығысқа қарай  өтетін Алматы – Нарынқол тасжолының жиегінде шығысқа қарай жаяу кетіп бара жатқан, шашы ұзын, көрікті денелі әйелге арт жағынан атымен келе жатқан Қуатбек құданың көзі түсіп, сол әйелдің бетін көргенше асығады. Құқаңның өзі де үйіне бара жатса керек. Атын қаттырақ жүргізейін десе, ана әйелдің жүрісі де, сыртқы пішіні де қатты ұнайды да, сабырлық сақтап аяңдап жүріп оның әрбір қадамын бақылайды. Сонымен тау жақтан басталатын Сарыжаздан өтетін кішкентай бұлақ суы ағыны үстінен салынған көпірге де жеткенін аңғармай қалады. Құқаң әйелге жақындай түседі. Біраз атын тоқтатып тұрып, әйел ұзағанда барып тақымын басып, атына қамшысын ұрып, желіп әйелдің алдынан өте беріп артына қараса, өзінің жан жары алтын алқа иесі Қатқанын көреді де таңқалып, атының үстінен ауып кетуге аз қалады. Содан бері  Құқаң о тоба бұл әйел өзімнің «Қатқаным» екен ғой деген сөзі ел арасына тарап кетті.

 

ӨЗ ТОЙЫН ӨЗІ БАСТАҒАН

Қуатбек құда қырықтың қырқасына шыққан кезі болса керек. Қадір деген баласы дүниеге келеді. Шілдехана тойы да өз үйінде  басталып кетеді. Дастархан басындағылар коммунистік идеологияның ықпалы заманында  дастархан басындағы меймандар да қыза-қыза той бастаудың уақытына да жетеді. Албан руында тойды Шоған ата ұрпағы бастайды немесе Алжан ата ұрпағы бастайды. Отырыста Шоған ата ұрпақтары да болған екен, осыған қарамастан қуанышының тойында қан қысымын көтеріп алған Қуатбек құда тұрып: «Бұл тойды мен бастаймын» – деп күш бермейді. Ой бұл сенің өз балаңның шілдеханасы ғой дегенге де көнбей, өз тойын – өзі бастап кеткені бүгінде ауыл әзілдерінің қатарынан орын алды.

 

Мүсірбай палуанның айтқандары

Албанның Аламан руының ұрпағы Мүсірбай палуан – табиғаты сондай көркем және халқының меймандостығы жағынан екінші Швейцария атанған Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Сарыжаз елдімекенінде мал шаруашылығы саласында атақты шопан болып еңбек еткен. Халқына сыйлы және шаруашылықтың еңбек ардагері еді. Мүсірбай палуанның маған құда және жезделігі де бар. Бірде көктем мезгілі аяқталып, жер көгерген көктемгі кезде төтенің жайылымында малын қоныстандырып отырған. Бие байлап және сарықымыздың рахатына сусынын қандырған алғашқы мезгіл еді. Ол кезде мен аудандық ірі бір мекеменің бастығы болатынмын. Мекеме Сарыжаз ауылында орналасқан. Аудан орталығы Нарынқолмен арасы алпыс шақырымдай аралықта болатын. Партияның қатал тапсырмалары мен міндеттерін орындамасаң, жағдайың жақсы болмайтын. Мені бір күні аудандағы бір ірі жиналысқа шақырған. Соған ерте тұрып шыққан бетім төтедегі Мүсірбай палуанның үйіне соға кеткенді жөн көрдім. Палуан үйінде жалғыз отыр екен. Қымыз іштік. Азды-көпті әңгімелер айтылды, мен асығыс екенімді және жиналысқа кетіп бара жатқанымды айтып орнымнан тұра бергенімде, Мүсірбай палуан, – Әй, тоқташы, –  деді де, әңгімесін жалғастырды. – Сен білесің бе, менің палуан екенімді, – деп өткен күндерінің белестерінен сыр шертті.

 

ҚАЛМАҚТЫҢ ПАЛУАНЫН ЖЫҚҚАН ЕКЕН

Жас кезім, жігіттік шағым еді. Қазақ-қалмақ болып екі төбеге бөлініп жиналды. Ортаға бірінші болып қалмақтың атақты қара палуаны Ноян шықты. Өте денелі, топырақты жерден алып тырмалап, бұқаша өкіріп жан-жағына шашады. Қалмақтарда атойлап "Қазақтар, шығар мықты  палуаныңды!" – деп айқайлауда. Қазақтар жағынан ешкім сытылып бірден шыға қоймады. Сірә, ана атағы жер жаратын қара дәуге батылдары бармай тұрғанын сезгендей болдым. Менің денемді бір құдіретті күш сығып барады. Жүректе соғуын жиілете бастады. Ол кезде денемде қазіргідей емес, кішілеу еді. Шыдамым таусылып, намысым билеп, – Мен шығамын, – деп айқай салдым. Қазақтар жағы маған қарап не дерін білмей қалыпты. Ал, қалмақтар болса мені келеке етіп айғайлап, "қабырғаң сынады, байғұс-ай, өлесің  ғой, күреспей-ақ жеңісімізді бере сал!" –  деп айғайлауда. "Иә, Алла Тағала, иә, ата-баба әруағы қолдай гөр" – деп қалмақтың палуанының қасына жетіп барғаным сол еді, қалмақ палуаны өте шапшаңдықпен жерден бір уыс топырақ алып, көзіме шашып жібергенін байқамай қалдым. Қараңғылық та көзім топыраққа толып ешнәрсе көрінбей кетті. Байқаймын қара дәудің жақын қалғанын сездім. Мені денесімен таптайтындай әсер берді. Мен де халқым үшін жаным пида деп, қалмақтың палуанының белінен ұстап тік көтеріп жерге ұрып жықтым да, басынан аттап кеттім. Қалмақтың қара дәуі жерде сұлап жатты. Қалмақтар өкіріп жылады. Қазақтар менің қара дәуді жыққаныма аттаңдап келіп, мені апарып өз тобына қосты. Міне, сен сенесің бе сенбейсің бе, мен қалмақтың қара дәуінің жамбасын жерге осылай тигізгенмін деп сөзін аяқтады Мүсірбай палуан. Мен де орнымнан тұрып қозғала бергенде, қолымнан ұстап екінші хикаясын бастады.

 

ҚАСҚЫРДЫ ҚЫЛҚЫНДЫРЫП ӨЛТІРГЕН

Қыс кезі болатын. Қызылбұлақта қыстауда едім.  Қасқырлардың да алды азық іздеп қойшылардың өрістегі малына шабуыл жасауын былай қойып, қорадағы қойларына да қараңғы түнде шабуыл жасайтын. Менің аяғым сынып үйде жатқанмын. Үлкен балам Молдақан көмекшім болатын. Бірде далада айқай-шу шықты. Қойлардың қатты шұрқырап маңыраған даусы естілді. Балдағыма сүйеніп, ақырын далаға шықтым. Қораның ішінде бір пәленің болып жатқанын байқадым. Қораға жақындап, ішіне кіргенімде бір қасқырдың апаны қорадан шыға алмай, қойларды үркітіп жатыр екен. Молдақаным қарап тұр. Қолындағы мылтығымен де қасқырды атуға батылы бармай тұрып қалыпты. Мен ызаланып кетіп, балдағымды лақтырып тастап, сынық аяғымды ұмытып кетіп екі аяғыммен қасқырдың жанына жетіп барғаным да, апан өзіме ұмтылды. Мен де тоқтамай оның кеңірдегінен ұстап екі қолыммен қылқындыра бердім. Қанша уақыт өткенін білмеймін, арлан қасқырдың өлі денесі  алдымда сұлап жатты деп, Мүсірбай палуан сөзін аяқтай бере, – Ей, тағы тоқта, –  деп тағы бір қысқа әңгіме айтты.

 

ШҰҢҚЫРДАН АТТЫ ЖАЛҒЫЗ ШЫҒАРҒАН

Жаздың жайлы мезгілінің бірі болатын. Мен жігіттік құмарыммен атқа мініп ауыл-ауылды аралап келе жатқанмын. Ауылға жақын қалғанымда ауыл шетінде біраз адамның әбігерге түсіп, арқанмен бірнәрсені тартқылап жатқанын көзім шалды. Барсам, төрт-бес жігіт және қатын-қалашы бар шұңқырға түсіп кеткен бір дәу қара атты шығара алмай жатыр екен. Намыстанып кетіп "Ей, маған кезек беріңдер, былай тұрыңдар!" – дедім де, атқа байланған арқанның бір ұшын беліме байлап, "Иә, әруақ" –  деп ырғап-ырғап, шірене тартып екі қолымдағы арқанды оңға солға бұрып, шіреніп тұрып атты көтеріп алып оң жағыма лақтырып жібергенімді де сезбей қалдым. Аналар, – Сен кімсің? – деді. Мен, –  Қалмақтың қара дәу палуанын жыққан Мүсірбай палуанмын, –  деп, атыма міндім де, тақымымды қысып, қамшымды атымның сауырына бір салдым да желдіре жүріп кеттім. Артыма бір қарағанымда олар маған қарап әлі тұр екен, –  деп Мүсірбай палуан әңгімесін аяқтаған еді. Бүгінде бақилық болған аламан Мүсірбай палуан өзінің көзі жоқ болғанымен, жасаған ерліктері ел аузында көптеп сақталған.

 

Ерліктері елге өнеге

 

Іскендір ағаның ерліктері

Менімен жақын аталас ағам марқұм Іскендір Тасбайұлы өте ақкөңіл, пейілі кең, ашық жарқын, адамгершілігі жоғары және шындықты нақ басып айтатын адал жүректі жан еді. Өте еркөкіректі, намысшыл және мәселені тез шешетін әрекеті басы қатал болғанмен аяғы татулықпен аяқталатын еді. Айтайын деген ойын бірден айтатын, үлкен-кіші және әйел деп бөлмейтін. Жасымыздан ағамыздың батыл мінезі таныс еді. Азда болса есте қалғандарын хатқа түсірдім.

 

БАҚСЫНЫ ҚУҒАН

Жас кезіміз болатын. Жаз айы. Жайлауда орналасқан әр шаңырақтың киіз үйлері даланың әсемдігін түрлендіре түсуде. Осындай кезде балалар далада ойнап жүрген болатынбыз. Киімінің сыртына әртүрлі маталар қиығын жапсырып алған Күпан бақсы деген біздің ауылға келіп, күнде өзінің бақсылық ойнағын салатын болды. Біз түсінбейміз, киіз үй керегесінің астыңғы жағынан сығалап қараймызда мәз боламыз. Бақсы кейбір әйелдерді сабайды, ақырады, ысқырады немесе таяқшаға мініп киіз үйдің ортасынан оның шаңырағына қарай шығуға ұмтылады. Балалар үшін бәрі қызық. Бұл көріністік бақсы ойыны біраз күнге созылды. Түстен кейін болатын. Бақсы әдеттегі ойынын жалғастырып жатқан. Іскендір ағам атымен келе қалды да, одан түсіп бақсы ойнап жатқан киіз үйдің ішіне кіріп бақсыны қамшымен бақыртып кеп сабады. Бақсы бірдемелерін айтып, үйдің ішінен таяққа сүйеніп үйдің шаңырағы арқылы сыртқа шығып кетті де, атына мініп қаша жөнелді. Іскендір ағамда өз атына мініп бақсыны қуа жөнелді. Бақсы жотаны айналып қашады. Ал Іскендір аға болса бақсының артынан да және алдына да шығып қамшының астына алып, быт-шытын шығарды. Бақсы өкіріп ылдиға қарай жаман торысымен қашып барады. Ағаның ерлігінен ауылымыз жынды бақсыдан толық азат етілген еді.

 

ЖАБЫҚБАЙДЫҢ ҚАБАҒЫ ЖАРЫЛДЫ

Бүгінде сексеннің ортасына жақындаған, бұрынғы Күрті ауданының Ақши елдімекенінде тұратын Жабықбай жездеміз өте қылжың және отырған ортаға мән бермей өзінің қайын жұртынан кездескендерге ер-әйел демей, ар-ұятына қарамай өрескел сөздерін айта салатын жан. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасынан ауған уақыт болатын.  Жабықбай жезденің үйіндегі әпкеміздің туған інісі Толықбай аға көрші елден ел жұртына жүздесіп амандасуға келген-ді. Алматыдағы ҚазҰУ де қызмет атқаратын Шаймұраттың үйіне жақын туыс, таныстар, жекжат-жұрат тағы басқа ағайындар келіп, Толықбай ағаға амандасуға жиналып, дастархан басында ұзақ әңгімелер тізбегі жалғасып жатқан-ды. Қызу у-дудың ортасында Іскендір ағамен бірге Жабықбай жездемізде отырады. Әдетінше Жабықбай жездеміз үлкен кісілердің алдында осында отырған біздің рудың жастарына баяғы ұятты қалжындарын бастап кетеді. Іскендір аға: «Тоқтат!» – деп, Жабықбайға бірнеше рет ескертеді. Жабықбай айтқанынан қайтпайды. Сонымен, ағаның шыдамы кетіп бір шыны стаканды лақтырып Жабықбайға бағыттайды. Стакан Жабықбайдың қабағына тиіп, қызыл ала қан жосаға айналады. Ағадан таяқ жеген Жабықбай жезденің үні осылай өшкен еді. Абайламай сөйлегеннен құдай сақтасын!

 

ӘЙЕЛДІҢ ҮЙІНЕ БАРМАЙМЫН

Коммунистік партияның билігі заманында өз республикаңда ауылдан қалаға келіп қоныстану деген өте қиын еді. Оның үстіне Алматы облыстық партия комитетінің арнайы құпия қаулысы бойынша Нарынқол, Кеген және Ұйғыр аудандарынан қазақтарды Алматы қаласына қоныстандырмау жөнінде арнайы қаулы бар екен. Сылтауы ауылдағы малды бағатын, техниканы басқаратын және ауылшаруашылық өнімдерін дайындайды деген себептермен он сыныпты бітіргендердің көбін ауылда комсомолдық бригада деген атпен елде қалдыратын. Менде осы бір қиын кезеңдерде арнайы шақырумен Алматы қаласына қызметім ауысқан-ды. Үй дегенің қымбат болатын. Қаражат табу да қиын. Ал, ұйымның беретін үйлері бітуі де ұзаққа созылатын. Осындайда жанұялық жарың мен бала-шағаннан алыстау болу кімге болса да ауыр еді. Мен үй сатып алуға белімді бекем буып кіріскенмен, алдымнан бір адамға тоғыз шаршы метрден алаң дегені маған қырсық болды. Мен тұруға таза тіркеу алаңы бар жетпіс екі шаршы метр үйді сатып алу үшін, ірі көлемді қаражатты өмірімде таба алмайтыныма көзім жетті. Сонымен амалсыздан бір айла ойлап табуға тура келді. Жұбайым Түймекүл ауылдан балалары жазылмаған, некелік тіркеуі көрсетілмеген тап-таза кеңестік жаңа паспортын алып келді. Алатын үйімізді жұбайым бойдақ қыз болып өз атына жаздырып алды да, біртіндеп балаларды үйдің кітапшасына тіркей бастады. Мен жарты жылдан кейін өз үйіме әрең үй кітапшасына тіркелу құқына ие болдым. Өтті дәурен осылай да – осылай. Елден туыстар мен інілеріміз де қалаға қарай ағыла бастады. Тағы да баяғы тоғыз шаршы метр қырсығынан үйді сатып алушылар өз аттарына жаздыру да қиын болды. Мен інім Қыдыралыға өз басымыздан өткен қиыншылықтардан құтылу жолдарын айтып, Әсет келінге таза паспорт алғызып үйді келіннің атына тіркетуді ұсындым. Айтылған орындалды. Қыдыралы інім Әсет келіннің арқасында үйлі болды. Бүгінде немере сүйген ынтымақты ата мен апаға айналды. Әсеттің атына алған үйді естіген ағайындар тыныш жүрмей арам ойларын атасы Іскендір ағаға жеткізеді. Іскендір аға бұған ыза болып, намыстанып баласы мен келініне қатыспай қояды. Біраз уақыт өткенде мен Қыдыралы ініміз екеуіміз Алматыдан жетпіс шақырымнан асық ауылда тұратын Іскендір ағаның үйіне келіп сәлем бердік. Аға ақжарқын көңілімен жеңгеміз Ырысқанға дастарханын дайындатып, біраз әңгімеден кейін дастарханға келіндер деді. Жақсы әңгімелер айтылды, алдыдағы астан да ауыз тидік. Ағаның қабағы ашылып, күлкісі де жарасып келеді. Мен де сөз кезегін алып: «Аға мына Қыдыралы жұбайы Әсеттің атына» – үй алғаны несі деп ақырын ғана ескерттім. Тағы да аға, – Келін мына ұлды тастап кетеді. Бітті енді дегені. Мен, –Аға сіз неге басқаның сөздеріне сенесіз, менде өзімнің жұбайым Түймекүлдің атына алғанмын дедім. Аға маған тіке қарап тұрып, Түймекүлге сенуге болады ғой ал, Әсетке сенуге болмайды дегені. Мен қалайша кішкентайынан бірге өскен, тәрбиелеген қазақи жолмен тойын жасап келін еткен өз келініңізге сенбейсіз? Ал менің жұбайымды үйленген соң ғана көрдіңіз, бұл дұрыс емес дедім. Ағамыз жымиып күліп, мұртын сипап Зияш айтқаның дұрыс, ана біреулердің айтқанына сеніп қалыппын, заң жолын қайдан білейін ертеңнен бастап қалаға балалардың үйіне барамын дегені. Біраз жылдан кейін ағамыз да Алматыға қоныс аударып, ортаншы баласы Бақытының қолында тұрды. Қаланың жағдайына риза болып, баяғыда келу керек екен ғой дегені бір күні маған. Бүгінде бақилық болған ағаның даналық сөздері мәңгілік есімізде сақталуда.  Дегенмен, жасымыз пайғамбар жасынан асқалы бері, ініміз екеуміз әйелдеріміз қай күні үйден қуар екен деп, жүріп жатқан жайымыз бар.

 

Сенбай құданың айтқандары

Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері, марқұм Әлібеков Сенбай Сарыжаз ауылының сыйлы және ардақты азаматы еді. Зейнеткерлікке дейін өз ауылының шаруашылығында агроном, басқарушы тағы басқа қызметтерді абыроймен атқарды. Өзінің салмақты сөзі мен ұнамды мінезі арқылы кез-келген адамды өзінің жанына жинай алатын. Сенбай құданың әңгімелерін тыңдаған адамдар ол кісіден жаңа әңгімелерді күтуші еді. Солардың бір-екеуіне тоқталайық.

 

ОРМАНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Сенбай құда айтатын екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде өте ауыр жолдардан өттік. Соғыстың аты соғыс –  ғой. Таңның атысымен кештің батысына дейін соғыс майданында жауға қарсы оқ атумен боласың. Кейде жаныңдағы жолдасыңнан да қалай айырылып қалғаныңды сезбейсің. Осындай қиын жағдайларда өзіңнің ауылыңнан бірге соғысқа барғандарды кездестіру деген ойыңа да келмейді. Арнайы пойыздың вагондарына солдаттарды отырғызып екінші бір бағытқа алып бара жатқан болатын. Кездейсоқ орман ішіндегі бір станцияға пойыз тоқтады. Далаға шықтық. Тәртіп қатал. Орманның ішінен сары ала сиырлар қаптап шығып келеді. Оны бағып жүрген солдаттың қазақша «Шо топалаң,шо», – деген даусы құлағыма сақ ете түсті. Мен де өз құрамымыздағы солдаттардың ішіндегі жалғыз қазақ едім. Жүрегім қобалжып, көңілім босаңқырап жалт етіп орман жаққа қарасам өңі орысқа ұқсас солдат екен. Бұл қалай қазақша біледі, әлде қазақ ауылынан ба екен деп ойланып қалдым. Ол да мені көріп маған қарап тұрып қалды да, маған қарай Сенбай, Сенбай деп жүгіріп келеді. Келді де, құшақтасып көрісті. Сөйтсем солдатым өзіміздің Көміршілік әрі құрдасым Тұрысбек екен. Ұзақ әңгімелесуге уақыт болмады. Тұрысбек маған қолындағы сағатын беріп тұрып қоштасты. Мен де ішім елжіреп әрең ажырастым. Екеуміз де соғыстан аман елге оралдық. Үйлендік, ұрпақ сүйдік. Мен шаруашылықта ал, Тұрысбек болса өзінің ауылындағы Көмірші орта мектебінде ұстаздығын жалғастыруда. Сенбай құда өз қалжыңына басып, марқұм Тұрысбекті көрсе, – Ей, сен баяғы неміс соғысы кезіндегі сиыр бағып жүргеніңдегі маған сыйлаған қолсағатың өлген қай немістікі? – деуші еді. Түкең де қарап тұрмайтын. Асыл азаматтардың өздері арамызда бүгінде болмағанымен олардың айтқан қалжыңдары мен асыл бейнелері ұрпақтар есінде қалары анық.

 

ТАС ҚҰЛАТҚАН ЕКЕУ

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында көктем кезінде Сарыжаздағы Калинин атындағы колхозының бас мал дәрігері Күзенбаев Алтынбек колхоздың төлдеп жатқан қой-қораларын аралауға шығады. Қарапайым жүк көлігіне дәрі-дәрмегін басып, Сарыжаздан Көмірші бағытына қарай ауылдың сыртына шыға бергенде ішінде жол-жөнекей мал отарларында қалатын малшылар мен Көміршіге баратын біраз адам қол көтереді. Алтынбек дәрігер машинасын тоқтатып, адамдардың бәрін жүк машинасының үстіне шығарады да, ал Көмірші ауылы ақсақалы еңбек ардагері Әуелді өзі отырған кабинесіне отырғызып, баратын бағытына жүріп кетеді. Жол жөнекей Жолдықалат, Кеген бойы және Көміршіге дейінгі тау етегіндегі малшыларға тоқтап, мал дәрігері өзінің тапсырмаларын беріп, дәрілерін таратып тау етегіндегі бөктер жолмен Көмірші бағытына бет алады. Машинаның үстінде отырған Тұрысбек мұғалім жүргізуші кабинесін қолымен ұрып дыбыс береді. Содан машина тоқтап не болды десе, Тұрысбек мұғалім бәрің жерге түсіңдер деп бұйрық береді. Бәрі жерге түседі. Тұрысбек бәрің тау жаққа қараңдар, сендер не көріп тұрсыңдар дейді. Әбден шаршаған аш құрсақ адамдар аң-таң болады. Нені айтамыз Тұрысбек дейді. Түкең айта алмасаңдар мен айтайын анау Қошқардан Ақтастыға дейінгі (арасы отыз шақырымнан асық) таудың барлық тастарын бала кезімізде Әлібеков Сенбай екеуміз құлатқанбыз деп өзінше шіреніп тұрады. Бұған ыза болған әкесі құрбылас Әуел қария ыза болып қатты ренжиді. Оған намыстанған Түкең болмайды. Адамдар аң-таң. Қалай бала кездерінде бұлар үйдей-үйдей тастарды домалатты деп аң-таң болады. Кейін бұл әңгіме ел арасына тарап кетеді. Менде естідім. Менде сол жылдары Сарыжазда үй салдым. Екі ағамызды көргенде рақметімді ең алдымен олар құлатқан тау-тастрынан бастаушы едім. Сіздер құлатқан тастарда менің үйімнің фундаментіне жарады-ау деп қалжыңдайтынмын. Бірін-бірі сыйласқан екі замандас бір-біріне осындай сүйкімді әңгіме қалжыңдарымен жарасымды көрінуші еді.

 

Қалқожа жездем

Біздің елдің ішінде де аузы дуалы, күлкілі сөз шеберлері де аз болмаған. Әрбір аймақта өзінің әзілқой адамдары болғаны анық. "Ажал келмесе қырық жыл қырғын болса да аман қаласың" деген аталық сөздердің өмірімізде шындыққа айналғанына да куәгерміз. Әрине бұл қысқа ғана баяндаулардың өзіндік тәрбиелік маңызы да болары шындық. Тоқсаннан аса жас жасаған артында өзіндік үлгісін қалдырған, бүгінде о дүниелік болған Қалқожа жездем жөнінде де естелік қалдыруды жөн көрдім.

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНА ҮШ РЕТ БАРҒАН

Албанның Биеке руынан тарайтын ұрпақтарының көбі Нарынқолдың Текес аймағына орналасқан. Биеке атамыздың ұрпағы Әбдікерімнен үш ұл Рақым, Қалқожа және Бексұлтан болып таралады. Үлкен ұлы Рақым өте байсалды, сабырлы және жатқа да туысқа да сыйлы жан болды. Бүгінде Рақым құданың шөбересі республикалық белгілі газеттің белді қызметкері болып қызмет атқарады. Қалқожа жездеміздің жұбайы да маған туыс жандардың қызы еді. Ал, Бексұлтан болса менің туған жездем, нақтылай айтқанда әкеміздің тұңғыш қызы Алтын әпкемнің жұбайы. Бүгінде Бексұлтан немерелері мен қыздары үйлі жайлы болып Алматы қаласында қоныстанған. Бексұлтан жездем жастайынан өз аймағында әртүрлі қызметтер атқарған, әрі пысықтығы мен шешендігі арқасында зейнеткерлікке шыққанша қызметін атқарды. Әбдікерім құданың ортаншы баласы Қалқожа шаруа адамы еді. Өзі көп сөйлемейтін, жуас жан болатын. Екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысында Қалқожа жездеміз туған ағасы мен інісінің және өзінің орнына үш рет барып аман-есен оралыпты. Кейін ағайындар,  ой, Қалқожа соғыс қалай екен? деп сұрамай ма, сонда е, немене, соғыс дегенің өте жақсы екен. Ат бағып, көмір қазып жүресің, тамағың тоқ, ұйқың тыныш деген екен. Енді сені шақырса барасың ба десе, бармағанда үйренген жерге деп жауап беріпті. Осындай жуас жан өзін де, ағасы мен інісін де сұрапыл соғыс кезінде құтқарғаны ел аузында аңыз болып келеді.

 

БЕРГЕН АҚШАҒА НЕ АЛДЫҢ?

Қалқожа жездеміздің үйіндегі марқұм әпкеміз пысықтау адам еді. Соғыстан аман оралған отағасына мынандай сұрау қойса керек. Қалқожа үш рет соғысқа барып аман келдің, енді мен сенен бір нәрсені сұрайын депті. Жездеміз е, сұрасаң сұра деген келісімін берсе керек. Әпкеміз мен саған берген ақшаға не алдың демей ма, Қалқожа жездем ойланбай тұрып екі бармағының ортасын кішкене қана ашып тұрып: «Сен маған кішкентай ақша берсең деп құшағын кең жайып,  мен көкбазардан үлкен дарбыз сатып алып жедім», – деген екен жарықтық.

 

ЖАҢА ЕТІГІНІҢ ҚОНЫШЫН КЕСКЕН

Қазақтар аттың ертоқымына адамның аяғы тиетін жеріне былғарыдан тыстап тігіп қоятын. Бұның себебі адам атпен жүргенде екі аяғы ұдайы қозғалыста болғандықтан, ертоқымның тез тозбауына істелген қорғанысы еді. Қалқожа жездемнің ертоқымы тозып, оның тозған былғарысы орнына ескі етігінің қонышын жамамақшы болады. Оның алдында әпкеміз жұбайына жаңа етік сатып алып береді. Қалқожа жездем оңаша орынға барып етікші бізімен өзінің тігіншілік кәсібіне кіріседі. Тоқымның былғарысын ауыстырып біткен жезде әпкемізге апарып міне, көрдің бе мен тоқымды жаңаладым деп көрсетеді. Сабырлы әпкеміз байқап қараса былғарысы жаңа сияқты, бірақ ескі етіктің қонышына ұқсамайды. Әпкеміз ей, Қалқожа мынау жаңа етіктің қонышы емес пе демей ме, шыныңда тексерсе Қалекең ескі етіктің қонышының орнына өзінің жаңа етігінің қонышын кесіп тоқымына жамап жіберген екен. Оны көрген Қалқожа әпкемізге ренжіп тұра ұмтылады, сен кінәлісің деп. Өзі істеген кемшілігін басқадан көру осы Қалқожа жездемнен басталса керек. Қалқожа жездеміздің ұрпақтары өте пысық, сөзге шебер болды. Бүгінде ел ішінде құрметпен өмір сүруде.

 

 

Халық, табиғат, аңқаулық

 

Халқы мен табиғатына ризалық

 

Өзінің табиғатының көркемдігі мен сұлулығы және халқының мейманқостығы жағынан ежелден екінші Швейцария атанып кеткен Нарынқол өңірінің кез келген аймағы әсемдікке толы келеді. Әлі есімде өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ішінде кезекті теледидар хабарынан атақты жазушы Ғабит Мүсіреповтың мына шығыс жақтағы Кеген және Нарынқол ауданында нағыз қазақ ұлтының тілін, салт-дәстүрін сақтаған Албан деген рудың ұрпақтары тұрады екен. Ана Мұхтар Әуезовтың "Қилы заман" романында сол аймақтағы халықтың қаһармандығы туралы жазылғанын білгенімізбен, сол халықтың жалпы мәдениетімен енді ғана танысу өкінішті-ақ, дегенін естіп едім. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасынан аса сол аймақтың тумасы, бүгінде қазақтың ғұлама ақыны Мұқағали Мақатаевтың 50 жылдық торқалы тойын Нарынқол ауданының барлық шаруашылықтарында аталып өтуіне байланысты Алматыдан да арнайы меймандармен тағы басқа қатысушылардың бес жүзге жуық адамы қатысқанды. Той Нарынқолдан басталып атақты Шалкөде, Көкбел т.б. аймақтарда өз жалғасын тауып жатты. Менде сол тойды өткізу комиссиясының құрамында болғандықтан тойға келген меймандарды Қақпақ ауылының жоғары жағында ал, Текес өзенінің басталар жағында орналасқан Көкбел жайлауында күттік. Той тамаша өтіп жатты. Меймандар да бірден қайтып кетпестен, сұлу табиғаттың таза ауасында демалып қонып шықты. Тау табиғаты қандай сұлу болса, оның  түні де күндізгіден де көркем әрі әсем болып көрінетін. Түндегі тау өзенінің сыбдырлап аққан сазды әуенді үні, соққан самал желінің аймалаған қоңыр салқын лебі, жабайы аңдардың әртүрлі дауысты дыбыстары бәрі де адамның табиғатқа деген ләззатын оятып қана қалмастан және еркін демалуына да күшті әсер ететін. Осындай неше түрлі гүлдермен бөленген әсем табиғаттың сұлулығына таңғалған сол кездегі той меймандары атақты ақын Әбділда Тәжібаев пен атақты жазушы, сыншы Мұхаметжан Қаратаев: "Мына адал ниетті осы жердің халқы бір Мұқағалиді емес әлі де, мың Мұқағалиевті береді екен ғой. Халқынан қалыспайтын мына көркем табиғат та мың Мұқағалиевті береді екен ғой. Осындай халық пен табиғатта туған адамдар қандай бақытты десеңші. Енді осындай мейірманды халық пен сұлу табиғатты көреміз бе, көрмейміз бе", –  деп көздеріне жас алғаны әлі есімде. Иа біздің елдің көркемдігі дәл осындай еді.

 

Айланың да пайдасы бар

 

Нарынқолдың Сарыбастау ауылындағы бұрынғы Ленин атындағы колхоздың Тұзкөл бөлімшесі орталықтан отыз бес шақырымдай Шалкөде аймағының бір шетіне орналасқан. Ол кезде колхоздың әрбір аймаққа бекіткен күзетшілерінің қызметі де өте жауапты болатын. Күзетшінің ішінде қаталы да, жуасы да және туысқаншылығы да барлары кездесетін. Ал маған өте жақын ағам Мұсахан Тәжікенұлы осы Тұзкөл аймағындағы егістік пен шабындықтарды жазда, ал жиналған шөп пен сабандарды қыста қарайтын. Өте адал адам болды. Таза атқарған қызметімен колхоз басқармасының алғысына бөленгені де әлі есімізде. Адамдардың арасында қыстық шөбін толық дайындай алмағандардың ішінен қыста даладағы шөп үймектеріне түнделетіп ұрлыққа атпен, шанамен және машинамен баратындар да кездесетін. Бұндай ұрлыққа баратындардың психологиясын ағамыз алдын ала сезеді екен. Түн қараңғысы. Дала тыныш. Алыста келе жатқанды сезген ағамыз өзі үймектен алысырақ жерге атымен барып тұрамын деуші еді. Ана шөп ұрлаушы қажетті шөбін теңдеп енді жүрейін дегенде, тұтқиылдан ағамыз түн қараңғысында  жақындап келіп, қолындағы жарық беретін фонарын тура шөп ұрлаушының бетіне қаратып жарық еткізіп ей, деп жағып қалғанда әлгі күнәлі адам шалқасынан түседі екен. Одан ұзағырақ жерге барып атымен тұрған ағамыз сен ұрысың, мен сені колхоз басқармасына айтамын деп қорқытқанда, әлгі шөп ұрлаушы жалынып барлық алған шөбін қайтадан үймекке жиып беріп әрең құтылады екен. Бұны естіген басқа шөп ұрлаушылар да ұрлығын бұдан кейін азайтса керек.

 

Аңқаулық

 

Мұсахан ағам өте адал әрі аңқау адам еді. Жамандықтан жаны аулақ болатын. Тек қана сес көрсететін мінезі болатын, ол да ұзаққа бармайтын. Ағамыз жұмысынан шаршап келіп жатып қалады. Ол кісінің үйіндегі жеңгеміз Сұлухан мен үлкен үйдегі жеңгеміз Қаныша екеуі бас қосып қызыл шайын бөрте ішіп отырып, сөз ортасында шөп әкелуді әңгіме етеді. Қаныша жеңгеміз қайнаға ұйықтап жатыр, ал ана жирен аты күйлі соны мына біздің үйдегі қайныңа алып кел деп Сұлухан жеңгемізді көндіреді. Тапсырма орындалады. Қаныша жеңгеміздің жігіті күзетші ағасының атымен бірнеше рет колхоздың престелген шөбінен жеткізіп алады. Ат қатты терлейді, атты қорасына қос жеңге апарып байлап қояды. Таң атады. Күзетші ағамыз ұрланған шөптің түсіп қалғандарын тауып ізімен тура інісінің үйіне келеді. Сен түнде не істедің деп інісіне шөптің түсіп қалғанын көрсетеді. Сонда тұрып ағамызға келіні Қаныша, қайнаға оны ініңізден сұрағанша өзіңіздің кемпіріңіз бен жирен атыңыздан сұраңыз дегенде, ах деп қайнағасы үн-түнсіз кері айналып бұрылып үйіне кетеді. Айлалы жеңгелердің қулығы да осылай жүзеге асқан екен.

 

Ағаның айласын өзім де пайдаландым

 

Бұл өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басы болатын. Үлкен бір энергетика саласындағы мекеменің бастығымын. Техника да жетерлік. Әртүрлі маркалы автокөліктер оның көбі судай жаңа болатын. Менен көлік сұраушылар да көп еді. Көмегімізді аямайтынбыз. Біздің мекемеде әскери ЗИЛ-157 маркалы автомашинаны Бегасіл иегерлік ететін. Өте сенімді, ниеті таза әрі маған жиен азамат еді. Кейде білдірмей тойлап та кететін кездері болатын. Онысын маған көрсетпейтін де және білдірмейтін де еді. Бір күні түн ауа автомагазині бар көршім келіп тұр. Жасы менен үлкен еді, не болды аға дедім. Ана сенің жүргізушің маған екінші рет келгенде сұрағанын бермеп едім, мінез көрсетті. Сенде оның кіші әкесі де менің көршім. Мен оның айтқанын кешіремін бірақ, ол ана көшеде бір нәрсеге ұрынбасын деп саған ескертуге келдім деді. Ол кісі үйіне қайтты. Мен ойланбастан үйдің қалқасында тұрған жеңіл машинаны оталдырып, баратын жолға қаратып қойдым да фарын өшірдім. Жаныма жұбайымды алып жоғарыдан төмен қарай жүрдік. Біздің үй ауылдың биік жерінде орналасқандықтан, төмендегі дауыстар толық естіліп тұр. Бізден алыс емес көршінің үйіне келіп Бегасілдің машинасы тоқтады. Ондағы әйелдердің де қойыңдар деген дауыстары да анық естіледі. Мен машинаның моторын өшіріп, педалын басып отырып жоғарыдан төмен қарай жылжып келемін. Ана шуылдаған топқа да отыз метрдей жақындадым да тоқтадым. Ойланып тұрып не істесем екен дегенімде, ойыма Мұсахан ағаның "Фонар" әдісі ойыма түсті. Бірден машинаның алыс бағытта жарық беретін фонарын жақтым да, ей, Бегасіл дегенімде, әлгі сөйлеп тұрған жүргізушім бірден есін жиып, қолындағысын лақтырып машинасын жүз сексен градусқа бұрды да өзінің үйіне қарай тайып тұрды. Түнгі жорықтың қатерлі бағыты ағаның "фонар" әдісімен осындай тыныштықта тоқтатылған еді. Аталған ағалар мен Бегасіл де ортамызда болмағандықтан, жандары жәннаттан болсын!

 

 

 

 

 

 

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14 15  16  17  18  19  20  21  22  23  24  25  26  27  28  29  30  31  32  33  34  35  36  37  38  39




вверх