орындалған Аманат | |||
Главная Вернуться Предыдущая Следующая | |||
«ШИПАГЕРЛІК БАЯННЫҢ» РУХАНИ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ
XV-ғасырдың жаһангер данасы, ғұлама ғалым-шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» шығармасы, қазақ халқының ғылымы үшін теңдесі жоқ ырызғы мен несібесіне айналды. Ұлтымыз үшін басына қонған бақ болды. Қазақ даласы ғана емес, бүкіл әлем еліне нұры жететін жарық жұлдыздай болған «Шипагерлік баян» ұлттық ғылымымызды бірнеше ғасыр алға жылжытты. Өзінің бастапқы «Шипагерлік құлып» деген құпия атпен аталған бабаның қолжазбасының кейін «Шипагерлік баян» аталуында бір әдептілік пен құпиялық шешімнің сыры жатқандай. «Сауатсыз» деген ұлтымызды иманжүзді, сауатты етіп, білімсіз, ғылымсыз деген елімізді ғылымды ел етіп көрсетті. Бабамыз өзінің қолжазбасын жазарда б.э.д. көне ведалық діни ұғым, астрология, ведалық медицина, ведалық философия т.б. ғылымдардың ұйғарымына және шығыс әдеби философиясына, медицинасына сүйенген және әр сөйлемін қасиетті Құранның аяттарын басшылыққа алып бастап, әрі аятпен аяқтаған сияқты. Қысқасы, «Шипагерлік баянның» әр тарауының, әр бөлімінің өзіндік құпия құлыбы, оны ашатын кілті және кілтті табатын құпия аяты бары ғажап емес. Бұрынғы ғұламалар IX-XI ғасырда-ақ бүгінгі күні дәлелденіп жатқан Құран аяттарының кереметтерінің талайын анықтаған. Бұған Құранның «Ықылас» сүресінің 73 түрлі, «Фатиха» сүресінің 62 түрлі, «Қимани саадат» сүресінің 36 түрлі, т.б. аяттарының, дұғаларының кереметтік қасиеттері дәлел. XV ғасырдан бұрын да ата-бабаларымыз бұл құпиялықтың білімді үлкен маманы екенін мойындаған жөн. Халық шипагерлігі халықтың байлығы, оның қожасы да, иесі де халық екенін түсінген баба, халық емшілігіне халықтық тұрғыдан қарады. Ол өз халқының діни танымы мен рухани түсінігінің өлшемі негізін қатал сақтай білді. Сондықтан да болар өз ырзығы мен несібесін бес ғасыр өткенде алған «Шипагерлік баянның» мәңгілік рухани азығымызға айналуы. Шипагер баба ислам дінінің қасиетті «Құран Кәріміне» үлкен құрметпен қарады. Алла: «Сақтансаң сақтаймын» деп адамзатты жаманшылықтан қорғайтын, ал жақсылыққа бастайтын Құран Кәрімді өз елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға періштелері арқылы түсіргенін ескертеді. Алла Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға сахабалардың және күллі муһминдердің бітістік мінсіздігін сақтауды тапсырған деп, баба Құран кәрім Алланың өз сөзі екеніне жаратушы Аллаға елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға, алланың періштелеріне, жақсылық пен жамандыққа және өмір мен өлімге иман келтіруге халқын үгіттейді. Алла таға жақсылығын пендесінен аяған емес. Алла мың жасатқан шипагерлердің пірі Лұхман хакім болмағы белгілі. Біз «Бисмилла» деп тамыр ұстар алдында: «Менің қолым емес, Лұхман Хакімнің қолы», – деуіміз әне сондықтан деп баба ұрпағын имандылыққа, инабаттылыққа, кішіпейілділікке үйретеді. Діни танымдық жолдарды баба қуаттай келе, Алла Тағала он сегіз мың ғаламды алты-ақ күнде жаратқан. Жұма мереке /демалыс/. Баба: «Бір Алла алдымен нұр жаратқан: Нұр дәрия түбінде мың жыл жатты», – дей келе, су ішінде нұр болып жатқан күн мен айды Алла көкке шығарды, содан кейін әлемге тіршілік әкелді. Бұл құпия Алланың періштелері жазып, сонда құпиялы сақталған «Михраж» кітабында бар деуі, ғұламаның ғарыштық байланысы күшті әрі тіршілік иелерінен тыс ілімдерден де хабары барын дәлелдейді. Алланың құдіретінің күштілігін, ол билеуші әрі басқарып бақылаушы, әрі бұйырып орындатушы ең жоғарғы РУХ екенін баба былай түсіндіреді. «Жаратқан Алла адамды көріп тұру үшін, сол кезде айды жаратқан. Сондықтан тумақ айдың әр айда толысып, он бесіне толған күні адамзат ата-анасы Адам ата мен Хауа ана атын, жан енгізген мерейлі түн болып саналады» – дейді баба. Алла өзінің қаһарын Адам ата мен Хауа анаға таныту үшін жылдың төрт мезгілін «жаз, күз, қыс және көктемді жаратты». Тоңбау үшін ырызғы етіп Ылпа /киім-кешек/ және тамақтану үшін әртүрлі тағамдар, жеміс-жидектер мен жан-жануарларды Адам ата мен Хауа анаға және олардың ұрпағына нәсіп етті деуі, бабаның пенденің ырызғысы мен несібесі жаратылғанға /туғанға/ дейін, бір Алла тарапынан бөлініп, оның пешенесіне арнағанын дәледегендігі болмақ. Баба: «Дүние күндес қатын сияқты. Алла адамзаттың ақыл парасатының шынайы не шынайы еместігін сынамақ үшін, пендемен қоса қатар адам іспепті дию, ергежейлі, жезтырнақты жаратты», – деуі ақылы аз, күші мықты, жыртқыштығы басым осындай қара күштерді де ата-бабаларымыз жеңгеннің дәлелдеу екені рас. Баба не тәтті? Жан тәтті. Не мерей? Бала мерей. Не ләззәт? Құдай қосқан қосақ ләззәт деп, ата-бабаларымыз осы үшеуінің амандығы үшін Алла берген ақыл-парасаттылық арқасында мойымай, у ішсе де жасымай қарсыластарын женгенің дәлелдейді. Халқымыз «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», – дегендей, адам қаншалықты ақыл-парасат пен үлкен қасиетке ие болғанымен күнәға бата беретінін баба анық сипаттап берді. Сондай күнәһәрдің бірі – менмін деп өз күнәсін Алла алдында мойындайды баба. Келешек ұрпақты адалдыққа, отанын сүюге, туыс, дос-жаранмен сыйластыққа, қысқа ғұмырда дүниеқоңыздыққа бармауға, қасықтай қаны қалғанша дұшпанына берілмеуге, азаматтық таза ары, жанұя бүтіндігі және жақсылық жолы ғана мақсатқа жеткізетіні жөніндегі бабаның рухани тәрбиесі, халқымыздың ғасырларды жалғастыратын ұлттық рухани қазынасы болып жалғаса береді. Адамдардың бірін бірі әрқашанда «Әкем», «Көкем», «Інішек», «Бауырым» т.б. деп атауы сыйласымдық белгісі, бір-біріне құрметі, имандылығы деп баба ұрпағын кішіпейілділікке, бірлікке баулиды. Ғалым-шипагер Алланың құдіретімен адам баласының несібелік және несіптік ризғысы 7 әулие мен 41 ырысқа бөлінеді деп тұжырымдайды. Сондықтан адам /баласы/ пендесі 7 әулие 41 ырыспен төтелей немес жинаса жүріп адам баласына несіптік ризық тапқызып, несібелік өзекті қамтамасыз етеді, – дейді баба. Осылай даналықпен ғұлама Өтейбойдақ әрнәрсенің себеп-салдары болатыны, адам баласына істеген жақсылығын, білімділігін, әділдігін, сыйласымдылығын, ерлік пен батылдығын, байсалдылығын, ұстамдылығын, ақылдылығы мен көрегендігін, инабаттылығын т.б. жақсы қасиеттерін, өзіне абырой, баға жетпес құрмет, ырыс, береке, бақыт әкелетінін ұлттық рухани, психологиялық танымда дәледеп берді. «Шипагерлік баянда» басынан аяқталғанына дейін рухани тәрбиелік сипаты зор мақал-мәтелдер мен ғылыми тұжырымдамалардың 70-тен аса атаулары кездеседі. Мәселен, «Бейнет түбі алтын тақ», «Сынықтан басқаның бәрі жұғады», «Шипагерлік те өнердің бір түрі», «Жүйелі қарғыс, жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады», «Емшек сүті араласпаса болды» дегендерде ұрпағы, қаны таза болмайды. Жеті атаға толыспай қыз алыспа!, «Ми меңгеруші мүше», «Құдайдың басқа салғанына көндім», «Еркекті оң жағынан, әйелді сол жағынан бастап емде!», «Ызғар түбі-суықтық», «Итте ата жоқ, күйеуде бата жоқ», «Жол болсын! Әлей болсын!». Қазақ күнби т.с.с. даналық сөздер жетерлік. «Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ». XV ғасырдың үздік шығармасы – дала дарабозы, ғұлама ғалым-шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянын» тану, халқымыздың рухани-ғылыми салада одан бұрын жетістігі мол, мәдениеті дамымағандығын мойындатады. Жаһангер дарабоз, ғұлама Өтейбойдақтың білімділігі мен рухани иманының биіктігін бағалау, оның рухы мәңгілікке өшпес рух екенін халқына таныстырып ұлт тарихының мәңгілік мақтанышы етіп қалдыру халқымыздың ұлт өнеріне жанашыр ұрпақтарының иманжүзділігінің белгісі. Тума талант иесі, XV ғасырдың жарық жұлдызы Өтейбойдақ бабаның ғылыми және рухани тәрбиелік өсиеттері халқына ғұмырлық өшпес шашуын шашқан нұр болып қала береді.
«ШИПАГЕРЛІК БАЯНДАҒЫ» ИМАНДЫЛЫҚ ПЕН ДАНАЛЫҚ СӨЗДЕР
Әрбір адам Алланың бұйырған несібесі мен ырызғысына ие. Бірдей өмір кезеңі болу мүмкін емес. Қазақ халқының басына қандай ауыр кезең туса да өзінің ұлттық ерекшелігі мен мұсылмандық парызын ешқашан өзгерткен емес. Халық өз бойында имандылықты, адалдықты, инабаттылықты сақтап, шариғат үкімдерін бұлжытпай орындады. Бұл үкімдердің бұдан кейін де орындала беретінін "Шипагерлік баянда" ғұлама ғалым Өтейбойдақ баба жазды. Алла тағала ислам діні бойынша халал мен харамды толық ажыратып берді. Сондықтан Ислам діні һарам саналатын 91 түрліні жеуге және 85 түрліні ішуге тыйым салады. Мұндай тізімде көрсетілгендерді жеп әрі ішпек түгілі қолға ұстауға да болмайтынын қатал ескертеді. Сондықтан Ислам дінінде мұсылмандарға тыйым салынған нәрселерді сатып ақша жасау да, оны тамақ етіп жеу мен ішу де арам болмақ. Алладан қорқып арам істерді істемеу өте сауап іс, ал істемеушілер күнаһар болып есептеледі. Арамды адал деп айтқан адам имансыз болатыны анық айтылады. Арам деп тек ішіп-жейтін нәрселерді ғана емес, адамға қарсы жат әрекеттік істерді істемеу де (аманатқа қиянат жасау, өлшегенде таразыдан алдап жеу, қабірді тінтіп қазу, адам өлтіру, өсек айту, т.с.с.) айтылады. Оларға адал тәрбиелік бағыт береді. Сонымен жеуге тыйым салынған 91 түрлі жеуге мен 85 түрлі ішуге тыйым салынған қолжазба өртенгендіктен көрсете алмағанымызбен, бұл жөнінде һарамның қасиетті Құранның "Мәйда" сүресі. 3:90-93 аяттарында толық айтылады, әрі адамды харамдардан сақтандырады. Адам баласының 7-ге тиіспеуін және 41-ге жұғыспауын, бұл екі шартты бұзғандардың тағдыры ауыр болатынын баба қатал ескертеді. Басыңа қанша қиыншылық түссе де 12-ден айырылма - деп әрбір пенде істейтін пайдалы істі істе, пайдасызына жолама, "басыңа пәле болмақ" деп тыйым жасаған. "Басыңа күн туғанда он екіден айырылма", – деп ақыл айтуды ұмытпаған жөн деп баба өсиетін жазып қалдырды. Ұрпақты адалдыққа, туыс, дос-жаранын, жанұясын, елін, Отанын сүюге, қасықтай каны қалғанша дұшпанына берілмеуге үйрететін бүндай тәрбиелік сөздер кітапқа деген сүйіспеншілікті күшейтеді. Адам пендесі шыр етіп туылған соң оны Алла тағала 7 әулиенің қолдауына ие етеді. Жеті әулие қолдауында болу – парыз. Адам пендесінің несібелік және нәсіптік ырызғысы осы 7 әулие мен 41 ырысқа байланысты екен. Халқымыздың "Қырықтың бірі – қыдыр, жетінің бірі – әулие", – деген даналық сөзі осыған арналғандай. Ал ғұлама ғалым, қараүзген шипагер Өтейбойдақ баба осы 41 мен 7 санын пip тұтып, 41 өсімдіктің қоспасы мен 7 шөптің гүлі басынан дәрі-дәрмек жасапты. "Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер" – дегендей баба өз әкесі шипагер Тілеуқабылдың 8 жасынан бастап жанында жүріп, шипагерліктің сырын үйреніп, ержете өздігінен емдеу ісін айта келе әкені қадірлеу мен мақтан етуді де ескертеді. Осы 7 әулие мен 41 ырыстың қосындысы 48-ге тең. Бұл бір жылдағы демалыс күнімен бірдей. Осы есептік сандардың адам психологиясын, танымын, имандылығын, адалдығын, ынтымақтығын дамытуына зор маңызы барын білген (316-317-бб). Бұл тектіліктің сипатын білдіреді. "Шипагерлік баянда" даналық сөздер мен мақал-мәтелдер және ғылыми тұжырымдар да көп пайдаланылған. Әз Жәнібек хан өзінің уәзірлеріне сұрақ қояды. Сонда сұрағына оң қол уәзірі Жиренше шешен (Ж.Ш.) дұрыс толық жауап береді. 1. Хан сұрағы: Дүниеде не өлмейді? Жиренше шешен жауабы: Әділдіктің заты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді. (38-бет). 2. Хан сұрағы: Не арсыз? Жиренше шешен жауабы: Ұйқы арсыз, тамақ арсыз, күлкі арсыз, талақ арсыз (37-бет). 3. Хан сұрағы: Не ғайып? Жиренше шешен жауабы: Ажал ғайып, несіп ғайып, неке ғайып, толғақ ғайып, қонақ ғайып. 4. Хан сұрағы: Сорлы, бейшара канша (бейшара – жетім)? Жиренше шешен жауабы: Бастаушы серкесі жоқ қой отары бейшара, түйіні жоқ ой бейшара, қара үзген шипагері жоқ ел бейшара, толықсып малы, толықсып елі жатпаған бел (жота, жазық) бейшара, өнерін елі қадірлемеген ер бейшара (37-бет). Жиренше шешеннің жауабына риза болған Әз Жәнібек хан оған былай деп баға береді: "Жарайсың қарабас! "Басың нағыз алтын бас, тілің нағыз гауһар тас". Сол сөзді естіген Жиренше шешен бірден ханға карап: "Әкем менің атымды жағалап қойыпты, сіз бағалап қойдыңыз, жұрт ағалап айтатын шығар", – дейді. Тағы Жиренше шешен: тақсыр! Менің атым "Қарабас" емес, Жиренше. Азан айтып қойған аттан айырылып босқа күйгенше, басымды шауып тастаңыз, қара жерге кірейін, ғазиз басты игенше" дейді. 7. Не өлмейді дегенге екінші жауап: Жиренше шешен: "Қара жердің өлгені, үстін қардың басқаны, ағын судың өлгені, бетіне мұз қатқаны, күн көзінің өлгені, қызарып барып батқаны, аспанда бұлттың өлгені, көктің ашық болғаны" – деген екен. Ажал келіп тиген оқ – Алланың көздеп атқаны, Ж. Ш. (38-бет). "Сор түбі – бақ, бейнет түбі – алтын тақ". Өтейбойдақ (44-бет). 10. Не тәтті? Жан тәтті. Не бал? Бала бал. Не ләззат? Құдай қосқан сүйген жар (қосақ) ләззат. "Ш. Б". (47-бет). 11. "Желсіз ағаш басы қимылдамас". "Ш. Б". (47-бет). 12. "Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге жетеді, соңғысына "Тықырсыз дыбыс жоқ". (47-бет). "Менің қолым емес, Лұхман хакімнің қолы де". "Сынықтан басқаның бәрі жұғады". (64-бет). "Тіршілік көзі (ніл) – қан". (70-бет). "Киімің сәнді болса, сөзің де мәнді болмақ". (77-бет). "Шипагерлік те өнердің бір түрі". (80-бет). 19. "Емшімін деген ол ешкінің денесін көрмей, мүйізін көргенмен 20. "Қалауын тапса қар да жанады". (94-бет). "Көктем – жіңішкенің үзіліп, жуанның жіңішкерген кезі", Ұзын сары келгенде жеу несіп болады". (100-бет). "Сырқаттың негізгі себептері, науқастандырушы - құрт/микроб". (102-бет). 23."Қой үстінде бозторғай ұя салған". (113-бет). 24. Дүние бір қисық жол бұрандаған, "Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады". (121-бет). "Алла, ұшықтан, пәледен сақта". (122-бет). "Шипагерлік пірі – без". (126-бет). "Адамның аяғын жоғары көтергеннен өті аузына құйылмайды". (129-бет). "Құзғындай кім бар екен мың жасаған" (130-бет). "Алла маған жазбаған". Жалдаш шипагер (130-бет). "Теңін тапса тегін". "Шал қатын алмайды, мал алады". (38 бет). "Қабанбай ата – қасиетті адам". Қабанбай – әулие ата Торғайда "Торғай қаққан тарыдай" қырылған елден жалғыз өзі тірі қалды. (1062 - жылы әжриа. 139-бет). "Түйе берсе, түймек те қысқарады". (143-бет). "Біреуге шоқ, шоқ деме, басыңа келеді". (147-бет). "Табалама – жолы тар, жайдақ деме – алда жар" "Күлген күле жетпек, екі балағын түре жетпек". (147-бет) "Көз сұғы мен тіл сұғы өте қауіпті". (146-бет). "Емшек сүті араласпаса болды" дейтіндердің ұрпағының қаны "Семіздікті қой көтереді, басқа көтере алмайды". (169-бет). "Түйе бойына сеніп, жыл қайырудан қағылыпты". (171-бет). 40. "Қартайғанда бір балалық, туылғанда нақ балалық". "Арқа еті арса, борбай еті борша". (172-бет). "Ми – меңгеруші мүше". "Сенің миың жоқ па?". (182-бет). "Етбауыры елжіреп кетті". "Қайғысыз қара суға семіреді". "Жұмырға жұқ та болған жоқ". "Зәр құйылды, запыран құстым". (183-бет) "Жүрек қабы – меңгеруші мүше". (184-бет) "Алғаның ас болғыр". (185-бет) "Пенде көркі – киім жарастығы, ағаш көркі – жапырақтың тарамдығы", "Дос құласаң сүйейді, дұшпан аяқтан шалады", Жауын аяған жаралы, жалғыз қалып шеттелер". (217-бет). "Бас жарылса бөрік жауып білінбес, қол сынса жең ішінде оңай тілге ілінбес". (218-бет). "Жақсы сөз жанға шырай береді". (220-бет) "Қара кісі терлегенше, сары кісі терге малынады". (222-бет). "Өзіңнен жасы кіші шипагерді "Әкем", "Көкем", "Інішек", "Бауырым" – деп аялап ілтипат ет. Өзіңе жақын тарт. (226-бет). "Ел – қашан да ел, ел – қашан да көл, бірі білмегенді бірі біледі". "Тоқтай тұрыңыз, тамырыңды ұстағанымда көңілімді бөлме де". (229-бет). Шипагер әрқашанда пайдақорлықтан аулақ болған жөн". (230-бет). "Өзектік тіл – жалпы тілдің көрінісі". (254-бет). "Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл". (312-бет). "Әке көрген оқ жонбақ, шеше көрген тон пішпек", "Қырықтың бірі – қыдыр, жетінің бірі – әулие". (314-бет). "Құдайдың басқа салғанына көндім". "Ел айтса, екі айтпайды". Ауру ханды да, қараны да танымайды". (320-бет). 56. "Еркекті оң жағынан, әйелді сол жағынан емде". (326-бет). "Бабырдың бабын тапсаң жазылады, бабын таппасаң сағың сынады". (371-бет). "Мейлі Әбунасыр болсын, мейлі Жүсіп сақ Баласағүн болсын, мейлі мен болайын, бір із, бір тілектестерміз". (379-бет). 59 "Ызғар түбірі – суықтық". (382-бет). 60. "Созғақ күнбиді өлтірген Қазғақ күнби болды. Қазғақ елі кейін "Қазақ" атанды. Қырық арыс ұлы жиналысы "Алаш" делінді, той күнін ұлыстың ұлы күні деп атады. (405-бет). "Қыз қуар" ойыны Қазғақ күнби Хас қызды қуып жетіп, оны жары еткен соң аталды. Қазғақ күнби ел атын "Алаш" деуге жарлық түсірді. Содан кейін "Алаш" азаматы деу күллі қазаққа ортақ атау болды. (409-бет). Құзорда – "Алашорда" атанды. Қазғақ күнби болғанына 50 жыл толғанда алжуға айналды. Қазғақ күнби болған ергеу (наурыз) айының 13-15 жанасының үш күнін "Наурыс меремесі" (Наурыз мейрамы) деп атауға жарлық түсірді. Елі Қазғақ күнбиді сырмаққа отырғызды. "Тағзым" етіп төбеге көтерді. Мәртебесі асты. Үй тастамай елі мерекені тойлап аралады. Бата берілді. Жеті дәм қосылды. Төрде көңілді отырған Қазғақ күнбиді тұтқиылдан бір көкбөрі жеуге ұмтылды. Арыс біткен көкбөріні қолға түсірді. Бұл көкбөрі қайдан келді? Жаратқан ием жібергені ме? Арыстар көкбөріні быт-шыт етіп тартып өлтірді. Көкбөрі тартуды көрген күнби Қазғақ қуанды. Оны жалғастыруға жарлық түсірді. Содан бастап "Көкпар" тарту пайда болды. (411-бет). Қазғақ күнби жауы үстінен жеңіске жеткен арыс руларын Бас бармағын көрсетіп: "Нақ ұлы жүзсіздер", орта қол арыстарын жеңісімен құттықтап: "Орта жүзсіздер" - деп мақтаныш етті. Кіші қол арыстарын әспеттеп: "Кіші жүзсіздер" деп жарлық түсірді. Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз ошақтың үш бұтындай бірікті. Олар өз жауларын толық жеңіп, үстемдігін орнатты. Күнби Қазғақтың Хас жарынан туған Алаш деген ұлы 43 жасқа келді. Алаштан дұшпан шошыды. Қазғақ күнби орнына Алашты қойды. Бұны Алаша хан деңдер деді. Үш ай шелектеп жауған жаңбырдан жер әлемді су басты. Үш жүз арыстары быт-шыт болып, тау-тасты жағалап, мал соңынан кетті. Бұлар аман қалды. Дүние бұзылды. Тасқа ойылған жазу қалды. Қазғақ күнби ес-түссіз жатып, о дүниеге аттанды. Бұл жаратқан иенің қаһары шығар? (413-415-беттер). 64. Қазғақ күнби рулар шежіресін жазуға жарлық түсірді. "Итте ата жоқ, күйеуде бата жоқ". "Иттен туылып, іннен шықтық па"? Қазғақ күнби. (417-бет). Күнби: "Жол болсын!" - дегенде, шежіре жазушылар: "Әлей болсын!" - деп, 13 топ (екі мың адамдай) 13 жаққа шаба жөнелді. (417-бет). Екі жылда 1200 шежіре жазып ізденушілер күнби айтқан Шашыр сарайына келіп түсті. Қазғақ күнбиге үш жүзге ортақ 92 деректі ата шұбыртқысының тізімін ұсынды. Қазғақ күнби қайта қарауды тапсырды. Ізденушілер күнби айтқанын орындады. Бармақтарын тізімге басты. Тағзым етіп қайтадан Қазғақ күнбиге тізімді ұсынды. Қазғақ күнби шежірені көзімен көрді. "Жарайды" - деді. Жарлық түсірді. Оның жарлығы: "Ұрпақтарына ұмыт болған, дәлел болмаған межелі ата. Белгілі болған ата 92. Ал, Қазғақ күнбиге дейінгі ата – 60. (Созғақ күнбиден, Қазғақ күнбиге дейін). (419-421). "Шипагерлік баян" кітабын оқыған сайын жаңа атау, жаңа ғылыми шешім, жаңа тарих, шежіре, жаңа емдік анықтама, емдік әдіс-тәсіл, дәрі-дәрмек түрлері, табиғаттың ғажайып сырлары, Ислам дінінің керемет құпиялары, т.б. ашыла береді. Адамның тәні тазарып, жаны рахаттанып, бір ғаламат кеңістік үстінде қалқып ұшып жүргендей сезінеді. Құпия кітаптың ашылмаған құпия сырын ашуға асығу халқымыздың көне тарихи өнерін, мұрасын қайта тірілту болмақ. Осындай шоқтығы биік тұрған, ішкі дүниесінен нұрын шашқан "Шипагерлік баян" нағыз имандылық кітабы екеніне күмән жок. Ханның емес, халықтың байлығы – халық емшілігінің негізін қалаған жиһангер ғұлама ғалым, қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы "Шипагерлік баян" кітабы арқылы XV ғасырдағы халқымыздың жалпы мәдени, рухани, шипагерлік, ғылыми жақтарын көрсетіп қана қоймай, одан арғы бірнеше ғасырлық ұлт тарихын да хабар етті. "Өткенсіз бүгін жоқ", "Өшкенім жанды, өлгенім тірілді", "Артында бар оңалар" деген шындық екен ғой, ағайын.
ӨТЕЙБОЙДАҚҚА ОРНАТЫЛҒАН ҚҰЛПЫТАС
Қазақта да небір ғұлама емшілер болған. Және олардың табиғи жұмыс істегендерін енді анықтап біліп отырмыз. Қазіргі тілмен айтқанда сол бабалар білімді дәрігерлердің міндетін атқарған. Оның куәсі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының артында қалдырған «Шипагерлік баян» ғажайып мұра кітабы. «Шипагерлік баян» осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда қайтадан жарық көріп оқырмандардың қолына тиді. Онда ғылыми тұжырымдардың мол екенін айтулы мамандардың өздері де мойындап отыр. Қандай науқасқа қандай өсімдіктердің, қандай әрекеттердің ем болатынын ғұлама баба дәл тауып айта білген. Және соның бәрін тәптіштеп нұсқалап, болашақ ұрпақтарға мұра етіп қалдырған. Ғалымның хаты өлмейді дегендей, сауатты жазылған еңбек бүгінгі мамандардың кәдесіне жарайтыны ақиқат. Демек, шығыстағы Әбу Әли ибн Сина жалғыз болмаған. Оның бір сыңары, жолын жалғастырушысы қазақ даласында да өмір сүрген. Ең қызығы, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыздың туған жері Жетісу өңірі болып шықты. XV ғасырдың шипагер ғұламасының өмірін зерттеуде айтулы еңбек сіңіріп жүрген адамдардың бірі Қазақстан халық емшілері қауымдастығы президенті Зядан Қожалымов. Ол кісі мұрағаттарға сүйене отырып жұртшылық пікіріне ден қойып, ұзақ уақыт іздестірудің нәтижесінде Өтейбойдақтың жатқан жері Райымбек ауданының Шалкөде жайлауы деген тұжырымға келді. Жақында бір топ адам бас қосып, аспан таудың атақты жайлауына барып, бұл жерде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыз жатыр деген белгітасты орнатып қайтты. Белгі дегенде жас ұрпақ тәжірибесіне ықпал ететін шара. Қазақта да білгір ғұламалар XV ғасырда да өмір сүрген еді деген мақтаныштың өзі неге тұрады. Және бұл жай мақтан ғана емес. Өмір шындығы. Демек, дала мәдениетінің әріден өріс алғанына ешкімнің күмәні болмауға тиіс.
АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН ЖАҺАНГЕР ҒҰЛАМА
Еліміздегі «Мәдени мұраны» қалпына келтіру бағдарламасының негізінде Жетісу өлкесінің Шөлкөдесінің Айғайтасының ұрпағы жаһангер, ғұлама, ғалым шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының осыдан V ғасырдан аса бұрын жазып қалдырған «Шипагерлік баян» еңбегінің әлемдік дәрежеде бағаланып, оның ел ғылымының мақтанышына айналуы ғұлама арманының орындалуы еді. Ғұлама арманы іске асты. Осы шараны ұйымдастырушы Қазақстан халық емшілері қауымдастығы десек (президенті З. Қожалымов) артық болмас. Шипагер еңбегін он жылдан аса зерттеу өз нәтижесін берді. Таразда 475-тен аса шетел және Қазақстан ғалымдары мен емшілері және басқа саланың мамандары қатысқан (24-25.07.09 ж.) Халықаралық конгресі қазақ ғалымы Өтейбойдақтың қатардағы ғалым емес, екінші Ибн Сина атануы қазақ ғалымдары тарабынан айтылып қалмастан, Франция, Қытай, Ресей т.б. шетел ғалымдарының да ой пікірлері толық қуаттай түсті. Бұл жарты ғасырдан кейінгі өз еліне оралған, Қытай елінің мемлекеттік сыйлығын алған (1997 ж.) ғұлама Өтейбойдақтың «Шипагерлік баяны» желісі бойынша Тараздағы «Жастар сарайында» конгресс кезінде Жамбыл облыстық драматеатрының актерлерінің дайындауымен отыз минуттен аса саханалық көрінісі көрсетіліп, қатысушыларды терең толғандырды. Сценариясын жазған және музыкасы мен «Шипагер баба» әні авторы З. Қожалымов. Сахнаға дайындаған режиссері, Қазақстан еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Гүлшат Нүсіпжанқызы. Жаһангер еңбегіне арналған ғылыми зерттеу кітабының тұсауы кесілді. О дүниеліктер аманатын тірілер осылай орындады.
«ШИПАГЕРЛІК БАЯН» НЕГЕ БАҒАЛАНБАЙДЫ?
Осыдан 12 жыл уақыт бұрын 1997 жылдың маусымында Қытай Халық Республикасының мемлекеттік сыйлығын иеленген санаулы адамдардың қатарында Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы есімді қазақтың аты аталды. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы деген кім? Үлкен елдің мемлекеттік сыйлығын қалай иеленіп жүр? Бұл сұраққа толымды жауап беру мақсатында Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, «Шипагерлік баян» газетінің бас редакторы Зядан қажы Қожалымовтың мақаласын ұсынып отырмыз. 1997 жылы «Шипагерлік баян» атты ғылыми еңбек Аспан асты елінің мемлекеттік сыйлығына ие болды. Оның авторы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы есімді қазақ бұл ғылыми еңбегін 1466-1473 жылдары аралығында жазған. Яғни бүгінгі күннен 536 жыл бұрын таза қазақ тілінде дүниеге келген ұлы туынды. Бұл шығарма 13 жыл бұрын қазақ оқырмандарымен қайта қауышты. Халқымыз үшін бұл оқиға шынында да әлемдік дәрежедегі үлкен қуанышты жайт болды. Миллиардтан астам халқы бар, атам заманнан бері жазу-сызуы қалыптасқан, мәдениеті кемел үлкен мемлекеттің күні кешеге дейін есімі белгісіз қазақ шипагерінің іліміне зор ғылыми баға беріп құрметтеп, мемлекеттік сыйлық беруі халқымыздың ұлттық шипагерлік дәстүрінің теориялық, мәдени-тарихи тұрғыдағы биік мәртебесін айқындайды. Мынаны есте ұстаған жөн: ерте кезден-ақ ғылым-білімге ден қойған қытай халқы шипагер бабамыздың осыдан бес жарым ғасыр бұрын жазылған еңбегіне жайдан-жай мемлекеттік сыйлығын беріп отырған жоқ. Қатарынан қара үзіп, озып шыққаны үшін «Шипагерлік баянның» анау-мынау емес, асқар тау екендігін мойындатып, көздері жеткендіктен беріп отыр. Ал енді шипагердің өзі кім дегенге келсек, бабамыз «Шипагерлік баянында» өзі жайлы: – «Атым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлымын. Ата тегім – Ұлы жүз, Зарман. Зарман ішінде Албан. Мекенім – Жетісу. Айылымда құрбы-құрдас, таныс-білістерім аз емес. Жаһанда Жиренше шешен, Жәнібек ханның қарашасымын. Жылым – Иіртек (Ұлу). Сексен беске келдім. Бойым ұзын, қараторы, қонқақ мұрынды, кең иықты, қап сақалды, ұзын қасты, кем сөзді жанмын», – деп баяндайды. өзі айтқанынан ұққанымыз бабаның туған жері қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданының аймағындағы Шалкөде – айғайтас. Осы Айғайтаста 1388 жылы туып, 1485 жылы қайтыс болған бабамыз ұлттық шипагерліктің қыры мен сырының құпияларына жастайынан құмар әрі оған қанық болып ержетті. Оның емшілікті таңдауына әкесі Тілеуқабылдың емші болуының үлкен әсері болған сыңайлы. «Шипагерлік баянында» әкесі Тілеуқабылдың жанында сегіз жасынан бастап тәрбиеленгені, шипагерліктің алғашқы ілімдік әліппесін ашқаны туралы: «Әке көрген оқ жонбақ, шеше көрген тон пішпек» дей отырып «Қырықтың бірі – Қыдыр, Жетінің бірі – әулие» деген әке өсиетін бұзбай, қырық бір өскін қоспасы мен жеті шөптің басынан сырқатқа дәрімдік дәрісін жасағанын және емдік, дәрілік шөптерді қырық түрлі атаулы жер қыртысынан жинағанын жазған бабамыз кейіннен қатарынан қараүзіп, озып шыққандығы себепті «Қараүзген шипагер» аталды. Айта кетер жайт, Өтейбойдақ бабамыз «Қараүзген шипагер» атағын анау-мынау емес, қазақ хандығының туын тіктеген Әз Жәнібек ханның өзінен алған. Есімі тарихтан белгілі Жиренше шешенмен бірге хан алдына барғанда оның сынау үшін қойған сұрақтарына білімділігінің арқасында толымды жауап қайтарғандықтан: «жарайсың, Қарабас! Басың нағыз алтын бас, тілің нағыз кауһартас екен. Қараүзген шипагер екенсің» – деп бағасын алған бабамыз «Шипагерлік баянын» Қозыбастағы хан ордасында 78 жасында бастап, жазуға отырады. Әз Жәнібек ханмен тікелей жақын араласу жағдайында ұлы шипагер халқымыздың ұрпақ тазалығы мен денінің саулығы үшін: «Жеті атаға толмай үйленбеу, жөн-жөнсіз сүйіспеу және неке тазалығын сақтау» туралы өзін толғандырған ұсынысын айтып, осы ұсыныс негізінде ханның арнайы жарғысының шығуына ықпал етеді. Қазіргі күнгі тұқымымыздың таза, деніміздің сау, мінезіміздің қайсар, бауырмашыл, ойшыл және ірі тұлғалы болып жетілуімізге бұл жарғының пайдасы ұшан-теңіз болды деп сеніммен айта алмаыз. Жарғының заңдылығы бүгінге дейін жалғасуда. Бүгінгі күнгі өршіп тұрған құрт ауруына (туберкулез), т.б. жұқпалы жаман аурулардың таралмауына жоғарыдағы хан жарғысының игі әсерінің болғаны анық. Қазақтың жерінің кең, дастарханының мол, жатты бауыр санайтын ұлы қасиеті, тұқымымыздың тазалығы мен рухының биіктігі жарғы талаптарының орындалуынан. Бұл біздің Өтейбойдақ бабамыздың ұлттық заңнамаларымыздың пайда болуына ең алғашқылардың бірі болып үлес қосқандығын көрсетеді. Бұл жай ғалым шипагердің философиялық талғамдарының ауқымы кең. Мәні терең екенін аңғартады. Сонымен 7 жыл мерзім ішінде, яғни 1473 жылы 85 жасында 5000 беттік үлкен еңбегін жазып бітірген шипагер, хан ордасына тұтқиылдан жау шабуынан қоджазбасын ханға көрсетуге тағдыр бұйыртпайды. «Шипагерлік баянда» бұл жаудың есімі «Темір» деп аталады. Бұның қай Темір екенін тарихшыларымыз анықтай жатар деген ойдамыз. Жау шабу жағдайында Әз Хәнібек ханның тосыннан болған қазасынан кейін, шипагер жау қоршауынан шығып, атының қоржынына салынған қолжазбанығ яғни «Шипагерлік баянын» өзінің кіндік қаны тамған Шалкөдесіне аман-есен жеткізеді. Жасы қартайғанда сол кездегі өсиетке сай, қолжазбаны өзінің тете інісі Топайға аанат етіп табыстайды. Табыстай отырып: – О дүние-ай! Іске аспады арманым, қараң қалды, Шың басыңа шығарда арандалды. Өтейбойдақ қойыпты атымды әкем, Жаман ат, жаман ырым мазамды алды. Қалмады ұрпақ Өтейбойдақ аяндалды. Мені өшірмес «Шипагерлік баян» қалды. Бұ да менің ұрпағым жөн білгенге, Тілкімменен жалғасқан аян қалды – деп, ұлы емші ең ақырғы аманатын қалдырады. Бұдан кейін бұл ұлы қолжазба ұрпақтан-ұрпаққа қалдырылып, Топайдан соң оның ұрпақтары Райымбет, Шыбыл, Қоңырбөрік, Там, Бұршақ биге (1827-1828 жж.) өтеді. Бұлардың бәрі кезінде Ұлы жүзге белгілі болған үлкен тұлғалар. Қазан төңкерісінен кейінгі аласапыран кезінде қолжазба 1932 жылы Түменбай Ыстанбайұлы арқылы Қытайға өтіп, ондағы Іле аймағының, Текес ауданы, Шиліөзек ауылында сақталады. Ал 1952 жылдан бастап сонда мұғалім болған Кәтіптің қолымен қайта көшіріледі де ескі нұсқасы толық жойылып жіберіледі. Көшірілу нәтижесінде көптеген бәйіттер қалып кеткен. Марқұм Кәтіп ағартушы ғана емес, Албанға атағы шығып, қазаққа танымал болған Әсел ақынмен айтысқа түскен жан. Кітаптың ақырғы мұрагері Түменбайдың ұлы – Нұртай. Осы Нұртайдың қолынан қолжазбаны 1968 жылы Қытайдың «Қызылдары» тартып алып, өртеп жібереді. Өрт ішінен Нұртай жасырын түрде кітаптың 1095 беттік күйік шалған қалдығын, яғни бестен бір бөлігін ғана алып шығады. Арада 23 жыл өткенде, қытайда болған жылымықтың әсерін пайдаланып Нұртайдың алтыншы рет көшіріп, 1994 жылы Үрімжі қаласында араб әрпінде бір кітап етіп баспадан шығарады. Ғұлама ғалым бабамыздың «Шипагерлік баян» еңбегіне алғаш өз пікірін білдірген қытайлық зерттеуші ғалым Төлеуқан Ыбырайұлы: «ұлтымыз тарихында сирек кездесетін, медициналық еңбек әрі ғылымнама тек шипагерлік жағынан ғана емес, ол халқымыздың тіл, мәдениет, тарих, философия, психология, астрономия, этнография, метеорология, әскери ғылым, зтика, эстетика, тағы басқа жақтардан да қыруар білім, мәдениет береді. Өнер-білім тарихы ел тарихынан айырылмайды. Ұлтымыз тарихында сирек кездесетін ғылымнама «Шипагерлік баян» өз дәуірінің жемісі» – деп әділ бағасын берді. Бұл еңбекке онан кейінгі мезгілде де пікір жазған көптеген ғалымдарымыздың ойларының түйіні: «Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабы – шығыс медицинасының үлгісімен жазылған, бірнеше ғылымдардың басын біріктіретін, адам баласының ең басты байлығы – денсаулықты сақтап, сырқаттарды емдеудің негізін қалаған терең де тарихи ғылымнама» – дегенге саяды. Бабамыздың ғылыми еңбегін 10 жылдан астам уақыттан бері індете зерттеп жүргендіктен мен де осы пікірге толық қосыламын. Араға екі жыл салып 1996 жылы Алматыда «Жалын» баспасы Баспадан шығарды. Кітапты Қытайдан әкеліп баспаға тапсырған белгілі жазушы Нұрқасым Қазыбек баба еңбегінің аспан асты елінде баспадан шығуына және зерттеліп қытай мемлекеттік сыйлығын алуына сондағы қазақ ғалымдары: Ә.Тышанұлы, Жәнәбіл, Қ.Жәнәбілұлы, Қ.Ыбырайұлы, Х.Әкімжанұлы, Т.Ыбырайұлы, М.Сүлейменұлы, Д.Құрмашұлы, Ж.Мұсғұлұлы, Қ.Мұқанұлы, Ж.Мырзақанұлы, О.Асылұлы, Т.Қабаев, Ә.Қалиұлы, т.б. көп еңбек сіңірді. Бұл «Өлгені тірілді, өшкен оты жанды» деген ұлы даналық сөздің шындығы. Туған халқымен арада бес жарым ғасырдан кейін қайта қауышқан шипагер кітабы біріншіден, медициналық әрі көп салалы гуманитарлық ғылымдардың басын біріктіретін үлкен энциклопедиялық еңбек, екіншіден, философиялық көзқарас пен этнотаным негізінде жазылған ғылыми мұра екенін зор мақтанышпен айтуымызға болады. Қазіргі күнде шығарманың тарихи мазмұны да қазақ және шет ел ғалымдары тарапынан жоғары бағасын алуда. Қазіргі медицинада: «шешек ауруына қарсы егудің емін тапқан еуропалықтар. Оның авторы ағылшын шипагері Эдуард Женнер – ол 1796 жылы тұңғыш рет шешекке қарсы вакцина егіп, шешек еккен адамға шықпайтынын дәлелдеген», – дейді. Бізді таңғалдырған жай шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шешекке қарсы егу тәсілін Эдуард Женнерден 350 жыл бұрын тапқан. Шешек ауруының ел басына қырғын салған бір жылы шипагер бабамыз ел қамы үшін күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылып, тәжірибеден тәжірибе жасап жүріп, ақыры шешек ауруының емін табады. Табу жолы аса қарапайым «Шипагерлік баян» бұл тұрғыда: «Баланың шешек іріңін алып тананың шап терісін тіліп, қан шыққан соң жағады. Бір жұмадан соң тілінген жер жұдырықтай болып томпаяды. Томпақты жарып, қамсек қурай қуысымен бүйрек қабына құйып, ағашты қаламдай үшкірлеп, шешек ауруымен ауырған баланың білегіне жағып, жаққан жерді инемен сызып қойса болғаны» делінген. Ал енді мына жайтқа назар аударыңыз. Адамның биоқуатының ауытқуын теңшеу үшін, кейбір сырқат жандарды суық суға түсіріп емдеу тәсілін Ө.Тілеуқабылұлы бабамыз бүгінде кең өріс алған орыс ғалымы П.Ивановтың әдісінен бес ғасырдан аса уақыт бұрын емдік жүйеге енгізгені шипагердің еңбегінде жазылған. Бұл қазақтың шипагерлік мәдениеті мен оның ғылыми даму жолының тарихы тым ерте кезден бастау алғанын айқындайды. Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының медициналық «Шмпагерлік баяны» шипагерліктің үш шыңы: «Қанықталғы», «Нарықталғы», «Дарымдалғы» деген үш бөлімнен тұрады. Бұл ішінара «Түптеме», «Жіктеме», «Аңғарымдама», «Нақтама», «Дарым заруаты», «Айықтырым дарымдылығы» және соңғы «Тектелгі бөлімі» қоса жазылған үлкен энциклопедиялық, философиялық еңбек. Философиялық дейтініміз бұған шипагердің: «Шексіз әлем – мәңгілік». Дүние сан қайтара жаңаланып түрін қанша өзгертсе де, оның тегі өзгермейді, – деп материяның қарама-қарсылық заңыныңбірлігін айқындайды. Әрі бұл заңдылықты басшылыққа ала отырып: «Сырқаттың пайда болуы ыстықтық пен суықтықтың алмасымдық әсерінен болады», – деп түсіндіреді. Мәселен, шипагер: «Тәуліктің, айдың, жылдың жартысы «өзектік ыстықтың», ал жартысы «кезектік суықтық», күллі ғалам өзек пен кезекке жарылады, әрбір өзегі – тұғыр, олардың бір-біріне айналуы шарт болмағы көрілгі», – деп тұжырым жасайды. Ғұламаның «Шипагерлік баянында» ғылымға қажетті тұжырымдамалар өте көп. Шипагердің: «Дүниедегі тіршіліктің негізі – нұр, су, тпырақ, ауа – сынды төрт заттан құралатынын, ал адамзат баласы осы төрт затқа тікелей тәуелді болады», – деген өзінің философиялық көзқарасының да мәні зор. Ғұлама шипагер адамның дене қуаттарын бес түрге: жаншылық қуат, жаршылық қуат, ғаршылық қуат, таршылық қуат және баршылық қуат деп бөліп оларға жеке-жеке анықтама бере отырып философиялық талғам жасайды. Шипагердің терең ой-толғамының бүгінгі ғылымдағы анықтамалардан ешқандай алшақтығы жоқ. Мысалы шипагер: «Адамның өмір сүруіне ең қажетті баршылық қуатының өзі: қимыл қуаты, сезім қуаты, тежелім қуаты және қосалқы қуаттардан тұрады. Олардың бірқалыпты болуы адамның мінез-құлқына, имандылығы мен адамгершілігіне, қанның құрамына және пенденің тұлғалық бітіміне де тікелей әсер ететінін, қуаттардың жетісті болуы – тіршілік иелерінің өмірінің тыныш, бақытты, қуанышты, уайымсыз болуының негізіг сүйеніші» – деген ой айтады. Сондай-ақ, табиғаттағы жылдық, мерзімдік жағдайларға байланысты адамның денсаулығының бірқалыпты болмауының да себеп-салдары бар. Оның түрлерін қараүзген шипагер: «Жылда 12 райлық құбылым бар, оның 180 күні жарықтау – өзектік, ал 180 күні қарықтау – кезектік, сол сияқты тәуліктің 12 уақыты – жарықтаулық, ал 12-сі қарықтаулық. Жыл 12 ай – 12 мүшел, сырқаттың 12 себебі – мүшелердің 12 ұштасымы. Адам денесіндегі 12 мүшенің өзектік, кезектік ортақтығы, мүшелер мен алмасымдар ортақтығы, мүшелер мен жұлдыздар ортақтығы, мүшелер мен қуаттар ортақтығы деген бірліктердің бәрі де 12-ден құралады. Бұлардың бәрі ең соңында өзектік-кезектік, ыстықтық-суықтық болып тиянақ табуға ұласатыны» туралы айтқан ойлары, толғанысы бүгінгі ғылыми медицинаның заңдылығымен өте сәйкестігін көрсетеді. «Адам – табиғаттың төл перзенті» дейміз ғой. Тіпті көңіл-күйіміз де күн райына қарай өзнеріп отырады. Ұлы шипагер бабамыз бұл қағиданы да терең зерттеген шипагер кейбір аурулардың, мысалы қан қысымының көретілуі көктем мезгілінде жиі болатынын байқап: «Қан көтерілу ауруы көктемтегі су тасу райымен қатар болады. Оның негізгі емі – шеке тамырынан қан алу» деп көрсетуі бабамыздың философиялық ойлау дәрежесінің тым әріде жатқанын дәлелдейді. Сондай-ақ Өтекеңнің: «Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені йлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ. Бұл – соңғылықтар қадірін білсе, қанғысыз бұлақ, қадірін білмесе, отбасы аяқпен тозатын тулақ» – деген данышпандық болжамы «Шипагерлік баянының» – қанғысыз бұлақ екенің бүгінде анықталуы, шипагердің философиялық ой-толғамының тереңдігін айқындайды. «Адам баласының жасы – нәсіптік ризықтың қуатына сай әртүрлі өзек мүшелерге бөлінеді», – дей отырып оған: 25 жас, 37 жас, 49 жас, 61 жас, 73 жас сияқты бес мүшелді жатқызады. Шипагер: «Өзек мүшел делінбегі адам пендесінің өмірінің бұл кезеңінде қару-қайраты мол, ақыл-айласы толысқан, қандай харекетке де жеткілікті, сондықтан әр күні күнәға батуы ықтимал әрі қауіпті жас мөлшері, одан сақтану қажет» – дейді. Шипагер еркелік немесе сәбилік мүшелге 13 жас, 85 жас, 97 жас және 109 жастағыларды жатқызып, оларда күнәға бату болмайтынына тұжырым жасай отырып ислам қағидаларына байланысты заңдылықтарды шипагерлік, емдік дәстүрінде басшылыққа алады. Оның еңбегінде бұл ұстаным айқын аңғарылады. Мәмелен, «Әжрианың 1062 жылы Шалкөде мен жаркентте болған қырғын оба ауруынан бір тайпа елден мыңдаған адам қырылғанда, алды сексеннен асқан, арты жасқа толмаған еркегі бар, ұрғашысы бар отыз жеті адам ауырмай аман қалды. Мен «семізкөк» жеп жаным қалды... Бұл да Алланың құдіреті» – деп баяндай отырып, адам мүшелі жөнінде шипагер жыраулық жыр бойынша: «Мүшел тектен қашқан он екі жыл, Он үш жастық қосылғы мезеттік қыр. Мақұлұхат атауымен айтылғанмен, Түпкілігі пенделік мінездік сыр. Кейбіреулер шенеуді шелдей көріп, Елді арбап, кеудесін көрсетіп жүр. Миың болса басыңда, көзің жеткіз, Ата-баба атына келтірме кір» – деп толғайды. Енді бабамыздың ауруды анықтау сондай-ақ өзігдік емдеу тәсілі туралы баяндап өтейін. Осы жерде алдымен ұлы бабамыздың даналығы тұрғысында айта кетудің реті келіп тұр. Әркімнің сену, сенбеуі өз еркінде. Ғұлама шипагер: «Адамның денесіне сырқаттың, зақымдық науқас қондырым, құзғынтым, тудырым болатын құрттар бар» – деп, дерттің пайда болуын – денеге ауру тудыратын құрттардың енуімен түсіндіреді. Және ол құрттарды: көзге көрінетін және көзге көрінбейтін деп екіге ажыратқан. «Кез келген сырқат – көзге көрінбейтін құрт түріне байланысты әртүрлі болады. Себебі әр кеселдің белгісі әр түрлі. Құрт біреу болса, ауру түрі де біреу болып, емдеу әдісі де біреу болар еді», – дейді шипагер. Сену сенбеу өз еркіңізде дедім ғой, осыдан 550 жылдай бұрын ұлы шипагер бабамыз көзге көрінбейтін ауру тудырушы денелердің бар екенін көзбен көрмесе де сезіп білген. Бұл қазіргі тілмен айтсақ – «микроб». Бабаның бұл тұжырымы жөнінде медицина ғылымдарының кандидаты, туберкулез ауруы жөніндегі республикамыздағы ірі маман, ғалым Бекен Тұрсын: «Шипагер болжамындағы бүгінде микроскоптың көмегімен ғана көруге мүмкін болатын микробтар екенін қалай аңғарғаны таңғалдырады. Еуропа ғалымдары Р.Кох, Мендельштам тағы басқалары бабамыз ашқан бұл жаңалықты үш ғасырдан кейін жариялаған», – дейді. Шипагер аурудың пайда болуы денедегі сыртқы суықтық пен ішкі ыстықтықтан болады деп ұғындырады. Егер сырқатқа суық тигендігі анықталса ауруды жазудың негізі – оны терлету деп, шөп дәрілерін – апиынды, мияның тамырын және жабызды беріп терлеткен. Терлеген ауруды қатал бақылаумен жылы жерде ұстаған. Ал өкпе мен көкжөтел ауруларына ұшырағандарға жас малдың еті мен сорпасынан жасалған күшті, қуатты тағамдар беріп, қымыз ішкізіп және жылқы мен борсықтың майын ішкізіп емдеген. Ғалым бабамыздың ғылыми еңбегін оқыған көптеген адамдардан: ««Шипагерлік баянның» тілі керемет бай», – деген пікірлер естиміз. Меніңше, бұл пікір өте дұрыс айтылған. Бір ғана мысал айтайын, бабамыз «Шипагерлік баянында» шипалық ем, дарым зәруаты үшін пайдаланатын: металл-металоидтардың 62 түрінің, шөп, ағаш, тамыр өскіндерінің – 540-тан аса түрінің, сонымен қатар жан-жануарлар мүшелерінің – 260-тан аса түрінің аттарының тізбесін жасап, ғылыми анықтама береді және дәрі-дәрмек жасаудың рецептерін баяндай отырып, дәрінің науқасқа берілетін өлшемдерін: «қызтойғы, уыстаулық, қырмаулық, сықпалық, кәдімгі уыс, шеңгелдік уыс, қысқыма, сығымдық уыс, қос уыс, шымшым, елулеулік, саусақтық, буындамалық және титтей, тырнақтай, көбе буындай, сүйемдей, сынық сүйемдей, қарыс, жыртақарыс, кереқарыс» – деп атайды. Көрдіңіз бе, елеусіздеу ғана көрінетін өлшем бірлігі атауларының өз қаншама. Бұл кітап тілінің бай екенін дәлелдесе керек. Көпшілікке белгілі орта ғасырларда ғылым мен білім және мәдениет орталықтары болған Отырар, Түркістан, Сайрам, Жент, Сауран, Сығанақ, Тараз, Меркі, т.б. қалалар қазақ хандығы құрылғанға дейін біздің тайпалық руларымыздың ата қоныстары еді. Республикамыздың осы оңтүстік өңірлерінде дүниеге келіп, ұшан теңіз білімдерінің арқасында аттары Шығыс пен Орта Азияға және араб әлеміне әйгілі болған Қорқыт ата, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, ибн Сина, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Жүгінеки, т.б. ғұлама ойшылдардың ғылыми еңбектері араб, парсы және түркі тілдерінде жазылды. Осы жерде айта кетер жайт, Өтейбойдақ тілеуқабылұлы өзінен бұрынғы ғұламалардың еңбегіне аса құрметпен қараған, әрі олардың ілімін мойындаған. «Шипагерлік баянында» бұл тұрғыда; «Мейлі Әбунәсір болсын, Жүсіп Баласағұн болсын мейді мен болайын, бір із, бір тілектерміз. Ол екеуінің менен артығы жырлауыл, сөйлеуіл шижалама да ғана. Сонымен қоса үшеуіміздің орта теңдік «Шопан үсті бозторғай ұяламдықтап жұмыртқаламдықты» таппақ. Әбунасыр жеті тіл сөйлемелігі айқын ұсыныс», – деп өзінің де, өзгенің де білімділігіне артық та әрі кем де емес, әділ бағасын беруі айқын дәлел. Ал енді осы жерде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыздың жан дүниесі қандай адам болған екен деген сұраққа жауап берудің реті келіп тұр. Өзінің өсиетнамасында бабамыз: «Тапқысыз баға гауһардай асылдарға да, пысқақ, бықсыққан, жасықтарға да ем дарымдадым. Қол ласы дәулетке, лас нілі сәулетке де қызықпадым», – дейді. Бұдан шипагердің адал жүректі, қол кірі байлыққа қызықпайтын, өз көмегін адамның дәреже-мансабына, жасына, жынысына, байлығына қарамай көрсететін парасатты жан екені байқалады. Бабамыз нағыз шипагер ретінде адамды емдеп қана қоймай, сырқаттың пайда болуынан бастап, оның дамуын, өршуін, асқынуын, емдеу кезіндегі адамның сырқатынан жазылу әрекетін немесе кері әсерін бақылап, есепке алып, ауру жанға мейірмандықпен күтіп қараудың мәдениетін үйретеді. Өтейбойдақ бабамыз: «Шипагерлік – өнердің бір түрі. Ал емшілік – қақалақтың (ешкінің) өзін көрмей, мүйізін ғана көргендік. Шипагерлік атауы дұрыс. Өйткені, шипа жазады, қонады. Дарижы дәру болады», деп шипагерлікті ауруды тікелей емдейтін дарымдаулық шипагерлік және болашақты болжайтын болжамалы шипагерлік – деп екіге жіктейді де ары қарай оларды: «тендессіз шипагер, нағыз шипагер, қараүзген шипагер, шипагер, емші, емкөс, жарғышы, қара емші, қаншы, тамыршы, сынықшы, оташы, іш сипағыш, көзқарақшы, ішірткіші, бақсы, жауырыншы, балгер, құмалақшы, болжағыш, аяншы, құшнаш, әулие, әнбие» деп 24 түрге бөліп әрқайсысына жеке-жеке анықтама береді. Бұдан бабамыздың өз ісінің айтулы шебері екендігі байқалады. Біз, Кеңестік дәуірдің ұрпақтары бірыңғай атеистік тәрбие жағдайында өсіп ержеттік. Бітім болмысымызбен дінге қарсы ағымның ықпалында тәрбиелендік. Қазір басқаша заман. Осы тұрғыдан келгенде шипагер еңбегінің ең құндылығы – адам баласын имандылыққа, адамгершілікке, қайырымдылыққа, әдептілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеуі, он сегіз мың ғаламды жаратушы құдіретті Алланы, оның елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды тануды және ислам діні қағидаларын сақтауда адал болуға дұрыс әрі сауатты, нақты нұсқау беруі дей аламыз. Мәселен, шипагер бабамыз халал мен харамды ажыратып, тамақ ретінде пайдалануға болмайтын 91 түрлі заттың атын атап, түсін түстей отырып, 41-ге жұғыспауды, 12-ден айырылмау сынды бұлжытпай рындауға тиісті міндеттің шартты заңдарын ұсынады. Адамға өмір мен жан тәттілігін, Отаны мен халқы, отбасы қымбаттылығын айта отырып, бұл мақсаттың орындалуына бірлік тәттілігінің маңызы зор деп түйіндейді. Сонымен ұлы шипагер адам қалыпты өмір сүру үшін 12 нәрседен айырылмау керек екендігін айтады. Олар төмендегідей: 1. Жарғылыста жаныңнан айырылма. 2.Ақылыңнан айырылма. 3. Ел бастаушы көсеміңнен айырылма. 4.Шешеніңнен айырылма. 5. Көп¬пен көресің, еліңнен айырылма. 6.Жаныңды алса да, сырыңнан айырылма. 7.Жаман деп қатыныңнан, көшем деп отыныңнан айырылма. 8.Ризғысыз пенде болмас, даяр асың – малдан айырылма. 9. Ағайын, туыс, дос-жарансыз кім бар? Болмашқа өкпелеп, досыңнан айырылма. 10. Қырық найза қарғы деп, қарқудай баспанаң – қосыңнан айырылма. 11. Пенде қару санаты – бес қаруды тастама. Шыбын жаның шыққанша намысыңнан айырылма. 12. Өте шығар сұм жалған, боқшылыққа қайырылма». Шипагердің адамды адалдыққа, батылдыққа, парасаттылыққа, Отаны мен халқын сүюге, қорғауға тәрбиелейтін ақыл-кеңесмағынасындағы ой-толғамы әлі күнге дейін құнын жойған жоқ. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан – 2030» бағдарламасында еліміздегі азаматтардың денсаулығын сақтау проблемасы бағдарламаның ең басты жеті бағытының біріне айналғаны мәлім. Бұл Қазақстан Республикасында қабылданған «Мәдени мұраның» дамыту бағдарламасының шараларымен сәйкес келеді. Еліміздің тәуелсіздік алғаннан бері мемлекетіміздің даму үрдісін тұрақты ұстау мақсатында жүргізіліп жатқан рухани шараларға қатысты фиолософия мен мәдениетіміздің өркендеуіне кеңінен жол ашылды. Өткен тарихымыздың құндылықтарын жинап, зерттеуге, қалпына келтіру мен оны сақтауға, қорғауға, толықтыруға мән бере бастады. Үлкен тарихи және мәдени мәні бар «Шипагерлік баян» сынды баға жеткісіз құнды мұраларымызды зерделеп зерттеуде ғалым-профессорларымыз, медицина ғылымдарының докторлары: А.Алдашев, Ж.Әлімханов, А.Рақышев, Ш.Абдуллаев, Ә.есенқұлов, А.Жақанов, Ә.Нұрмұхамбетұлы, Т.Шорманов, Т.Момынов, Қ.Рахимов, Е.Әбілқасымов, Керімбектің Ермаханы, доценттер; Т.Бекенов, Т.Төлендиев, Т.Төреқұлов, Ә.Өмешұлы, Ө,Әбдірамандар көп еңбек сіңірді. Бірақ ұлы баба Ө.Тілеуқабылұлының қазақ халқы үшін жасаған үлкен еңбегі әлі де мемлекет тарапынан бағаланбай жатыр. Менің ойымша, ұлы бабаның есімі астана мен Алматы қалаларындағы көшелерге, мемлекеттік оқу орындарына берілуге тиіс. Бұл тарихи ақтаңдақты жоюға деген игі қадамымыздың бірі болар еді.
| |||
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 | |||